Сөйтіп, Шаһкәрім ел басқару ісіне еріксіз араласқанын өмірінің өкінішті бір кезеңі деп біледі. «Жиырма мен қырықтың арасы: жас өмірдің сарасы, бос өткенін қарашы», — деп налиды.
Әдебиетіміздің тарихында ұзақ жыл орны ойсырап келген, елге ежелден белгілі болған ақын-жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шаһкәрімді атауымыз орынды деп білемін. Өйткені, ол — Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, болғанда — бірегейі.
Олай дейтініміз, Абай шәкірттерінің ішінде көп жасағаны да, көп жазғаны да — Шаһкәрім. Ол — әрі лирик, әрі ақын және прозаик, ол — композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол — терең ойшыл, әрі бармағынан бал тамған сегіз қырлы өнерпаз — үлкен мәдениет қайраткері.
Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында «Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен» ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын — төртеу, — дейді. — Оның екеуі — Ақылбай, Мағауия — Абайдың балалары... Қалған екеуі — Көкбай, Шаһкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері, Абайдан аталық, ағалық, ұстаздың тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін оқушы әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған... Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушының мектебі сияқты болады» (М.О.Әуезов. — «Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер». Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1967 ж., 244-бет.).
XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ең ірі ақынымыз — Шаһкәрім.
Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң, халың Шаһкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген.
Өзінің ұлы ұстазы — Абай ағасының «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсақ, Алланың сүйген құлының бірі боласың», — деген өсиетін берік ұстаған Шаһкәрім, өзінің өмірдегі мұрат -мақсатын айқындап, ашып айтып, халқының алдында серт беріп:
Адамдық борышың, ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін,
Серт қылғам еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін, —
дейді. Ақын осы айтқан сертінен өле-өлгенше танған емес. Ақынның бір айтқан сертінен айнымайтын адалдығына, оның адамгершілік қасиетіне көзі жетіп, көңілі сенген туған халқы ардагер азамат ақынын ардақтаған. «Әкесінің баласы — адамның дұшпаны. Адамның баласы — бауырың», — деген Абай қағидасын Шаһкәрім бүкіл өмір бойы берік ұстап өткен адам. Ақын:
Адамның маған бәрі бір,
Не мұсылман, не кәпір.
Тамам адам бір бауыр,
Бөлінбесе өлген соң, —
десе, Шаһкәрім туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді:
Бұл қазақтан мақсұты биік - алыс,
Таппаса да сөзіне құлақ салыс.
«Қазақ» деп жекелеме, «адамзат» де,
Ол кісінің пікірімен болсақ таныс.
Демеңіз тымақ киген бір жай қазақ,
Киген киім, жүрісі, түріне қарап.
Надандар, оны өлшейтін өлшеуің жоқ
Аулаң жүр, біле алмайсың жай шамалап!
Белгілі журналист, жазушы әрі тарихшы
Сабыржан Ғаббасов 1915 жылы «Айқап» журналында жарияланған «Тарих қазақ жайынан» деп аталатын еңбегінде Абай мен Шаһкәрім туралы да жазған:
«Ибраһим мырза, яғни Абайды білмеген жұрт жоқ. Абай мырза өте дана, өте шайыр (ақын — Қ.М.), философ бір адам.
Бірақ жұрт қадірін тірі шағында білмесе де, осы күні әркім оны сағынады. Өлгеніне бірнеше жыл болған Құнанбай мырза менен Абай марқұмды жұрттың жадына қадірлі ақсақал Шаһкәрім Құдайберді баласы да түсіреді. Бұл адамның жазған кітаптарын қолға алып қарай бастағанда, бұл кітап жазушы ақсақалдың үлкен әкесі марқұм қажы Құнанбай болғанда, ағасы Абай қандай болған деп ойға алынады...
Бұл күнде милләтіне (ұлтына — Қ.М.) қаламымен қызмет қылып жатқан құрметті, аса қадірлі Шаһкәрім күміс ер-тоқым, күміс белдік, жуан бос құрсаққа мас болып, қажы деген сөзге төбесі көкке жеткендей болып жүрген қажыларымызға үлкен-ақ үлгі боларлық зат... Шаһкәрім сияқты ақсақалдарымыздың ғұмырына берекет беріп, оқыған жастарымызға Шаһкәрімдей болуға нәсіп етсін», — дейді («Айқап», N 6, 1915 жыл, 95-бет.).
Сабыржан Ғаббасов Шаһкәрімді жақсы білетін адам. Сабыржанның туып өскен жері — Аягөз, Шыңғыстаумен көршілес. «Айқап» журналы шыға бастағаннан бері Сабыржан сол журналдың тұрақты жазушыларының бірі болған. Шаһкәрім де «Айқапқа» жазып тұрған. Шаһкәрімің басылып шыққан еңбектерінен Сабыржанның, оқыған кітаптары: «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1911), «Қазақ айнасы» (Өлеңдер жинағы, 1912), «Қалқаман-Мамыр» (1912), «Еңлік-Кебек» (1912) поэмалары т.б.
Шаһкәрімнің қалдырған мұрасы сан салалы, сан алуан, ешқашан маңызын жоймайтын мол қазына.
Шаһкәрімнің аты, еңбегі елге ерте әйгілі болғанымен, оның өмірбаяны зерттеліп жазылған емес. Өмірбаянынан мағлұматымыз болмай тұрып, жалаң, оймен ақын туралы айтқан пікір ешкімді де иландыра алмайды. Ақын өзі туралы былай дейді:
Кетермін, артта жазған сөзім қалар,
Кейінгі талапты жас қолына алар.
Бірі жөн, бірі теріс айтыпты деп,
Таласып өздерінше сынға салар.
Табиғи жол өткенді жаңа сынау,
Жаманнан жиіркеніп, жақсыны ұнау.
Дәлелдеуге өлген соң, келмес тілім,
Тіршілікте айтатын сөзім мынау:
Сынау қиын біреудің сырын білмей
Кетпе өмірін, ортасын көзіңе ілмей.
Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,
Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.
Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,
Қанды оқпын, қатты толқын, қара түнде.
Заманым заманыңа сәйкес келмес,
Сынап көр сол қайыққа сен де мін де.
Иесіз өзім кестім кіндігімді,
Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.
Өткен өмір жайымды түгел ұсақ,
Сонда анық білерсің кімдігімді.
Енді қолда бар мағлұмат, деректер бойынша, ақынның өмір тарихына шолу жасап көрейік.
Құнанбайдың Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы Құдайберді. Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен төрт ұлы болған: Омар, Мұртаза, Шаймардан (Шәке), кенжесі — Шаһкәрім.
Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туған балаларының бірі — Абай. Сөйтіп, Құдайберді Абайдың ағасы болады. Құдайбердінің баласы Шаһкәрім — Абайдың немере інісі.
Шаһкәрім 1858 жылы, ескіше 11 шілдеде дүниеге келген. Бес жасында оқуға беріліп, жеті жасына шейін оқу оқиды. Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өтіп, Шаһкәрім жеті жасында жетім қалды.
Шаһкәрім жеті жасында өлең шығарып жаза бастаған. Ол өзінің бір әңгімесінде былай дейді:
— Жазғытұрым әкем өліп, ауылға ат қойып келіп жатқан адам көп болды. Мен осы кезде есік алдындағы төбешікте отыр едім, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты көріп, оны езіп өлтірдім. Әлден соң, өлген құртқа жаным ашып, аядым. Сонда жылап отырып, құрт болып өлең айтқаным бар. Содан ойымда қалғаны:
Өлтірдің, не таптың сен онан пайда,
Өмір сүріп жүруші ем жазда, сайда.
Өлімнің қандайлығын көзің көрді,
Кешегі тірі жүрген әкең қайда?
Менің де жетім қалды балаларым,
Олар да жылайды іздеп аналарын.
Өзің жетім, жетімді аясаңшы,
Жоқ екен басыңда ми, саналарың...
Сонда жазған өлеңімді шешелеріме оқып беріп, олар жылап, өлең жазба дегені есімде, — дейді.
Шаһкәрім әкеден жетім қалды деген аты болмаса, жетімдік көрмеген, Құнанбайдың ерке немересі болып өскен. «Қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан махрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім», — дейді (Шаһкәрім Құдайбердіұлы. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». 1911 ж., 72-бет).
«Ойыма не келсе, соны істеп» дегенде, ерке жетім, жас бала Шаһкәрім не істеген? Оны өзінің өлеңімен жазған өмірбаянынан көреміз:
...Он жасыма келген соң,
Домбыра, гармон білген соң,
Мылтық атып жүрген соң,
Аңшы боп түстім азапқа.
Өзгеше болмақ сүйгенім,
Осыған басты игенім,
Киімді бөтен кигенім,
Ұқсатпай орыс, қазаққа.
Сағат пен орган жүргенін,
Таңырқап ашып көргемін.
Оның да сырын білгемін,
Ұзатпай біраз заматқа.
Телеграмма жайын білуге,
Оны да сынай жүруге,
Бір үйден тарттым бір үйге,
Ішекті керіп қадаққа.
Телеграмма олай емес қой,
Ұқсатар ма екем деген ой,
Құлақпен естіп, жетпей бой,
Тым жас едім ол уақытта.
Шеберлікке де бет қойдым,
Сурет салып, түр ойдым.
Ұқсамақ емес бұл ойдың
Түбі олақ намартқа.
Он бесіме келгенде,
Қаршыға, бүркіт көргенде,
Құс салып жүрдім серуенде,
Еркіндеп шығып азатқа.
Ойым бар өлең айтқандай,
Ғылымға таман қайтқандай,
Жыбырлатып тартқандай,
Қармақ салып шабаққа.
Бұл, әрине, ойына не келсе соны істейтін, жеңіл мінезді, ақылдан ада, ойсыз ерке, шолжың баланың істейтін ісі емес. Туысынан талантты, табиғи дарынды, әр нәрсенің сырын білуге құштар, зерделі, зерек, қабілетті, талапты жасқа ғана тән ерекше мінез. Жас шағынан бастап, құштар болған жан-жақты өнерін Шаһкәрім өмір бойы шыңдап, өркендетіп, өсіріп отырған. Абайдың: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», — дейтіні осы болады.
Жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастаған Шаһкәрім ғылым жолына ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.
Жиырмадан өткенде,
Азғана ғылым оқыдым.
Алғызып кітап шеттен де,
Көңілге біраз тоқыдым.
Білмегенді сұрадым,
Жиыстырдым, құрадым.
Оқыған сайын ұнадым,
Жолына түстім осының.
Білімге салып тілекті,
Сыбанып едім білекті,
Ағартуға жүректі,
Арғымақ болып қоқымын.
Өлең мен сөзді шеберлеп,
Айтқаным мақұл болар деп,
Ындын қойып ентелеп,
Жарайды деп осыным.
Ондағы өлең, жырларым,
Ұнадым жастар тыңдарын,
Ескермей елдің мұңдарын,
Қаси алмадым қотырын.
Ұлы ұстазы Абай ағасының: «Ғылым таппай мақтанба, — пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артың білуге, Артың ғылым кітапта, ерінбей өріп көруге», — деген ақылын алған саналы інісі Шаһкәрім ғылым-білім ізденуге білек сыбанып, құлшына кірісіп, тіпті «шеттен де кітап алғызып», құныға оқуға салынады.
«Білмегенді сұрап» білетін ақылшысы қасында болады. «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, — дейді ол шежіре кітабында. — Қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген аңылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім», — дейді («Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». Орынбор, 1911, 72-6. Шаһкәрім ауылдан ұзап шығып, ешбір оқу орнында оқымаған адам. Оның мектебі де, университеті де — Абай.
«Өлеңмен сөзді шеберлеп, айтқаным мақұл болар деп», анық ақындық өнер жолына түскенде, он тоғыз жасында жазған өлеңін өзі құрбылас талапты жастарға арнап, оларды Абайдан үлгі-өнеге үйреніп, тәлім алуға шақырады.
Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өтпес өмір, таусылмас мал берерлік,
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал, енді олай болса кімді алалық,
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық...
...Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр баралық.
Білімді сол кісіден ізденелік,
Әдейі іздеп біз келдік, сізге делік.
Өмір зая болмастың өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге делік.
Көп қуға көзіңізді сүзбе делік,
Ұқпас деп бізден үміт үзбе делік.
Залымдар заң үйретіп адастырды,
Бізді сәл жөнделерлік ізге делік...
...Мынау Абай — бір ғалым жол шығарлық
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық...
Ақынның жиырма жастарында жазғандары, көбінше, жастың, махаббат өлеңдері болады. Мысалы:
Гауһардай көзі,
Бұлбұлдай сөзі,
Жаннан асқан бір пері.
Жүзі бар айдай,
Мінезі майдай,
Өзгеден артық сол жері.
Дариядай ақыл мол еді,
Жан ғашығым сол еді...
— деп басталатын өлеңін 21 жасында жазған. Енді бір өлеңі: Жиырма үш жасымда бұл өлең жазылған, Табылмай басында өзіне лайықты ән... — деп басталады. Бұндай өлеңдері көп және өлеңдерінің бәрі де Абай үлгісімен жазылған. Әрбір өлеңіне арнап әнін де қоса шығарған.
Ақынның 21 жасында жазған және Абай сын айтатын кәрілік туралы ұзақ өлеңі былай аяқталады:
Қызусыз тәнің,
Сезімсіз жаның,
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан ары бармаңдар,
Байқамай шал боп қалмаңдар!
Бұл арада Мұхтар Әуезовті сөйлетудің реті келіп тұр. Мұхтардың сөзінен үзінді келтірейік: «Ақын болмақ болып, талаптанып өлең шығарып көруге Абайдың іні, балаларының барлығы да ұмтылған. Бұл жағына келгенде Абайдың алды бір жағынан «әдебиет мектебі» сияқты да болады. Сол ретпен өлең шығаратын Көкбай, Шаһкәрім, Абайдың өз балаларынан Ақылбай, Мағауия болады. Бұлардың бәрі де қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жол, дағдысы болғандықтан, өздеріне бөлен бет іздеген сияқты. Сондықтан төртеуі де ұзақ әңгімелі өлең жазады. Сонда Көкбай, Шаһкәрім қазақ елінің ескі өмірінен тарихи оқиғаларды жазса, Ақылбай, Мағауия Европа ақындарының салтымен Кавказды, Зұлысты, Африканы өлең қылып, махаббатты жырлайтын сезімді поэманың (романтическая поэма) үлгісін ұстағысы келеді.
Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отыратын жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді.
Абай бұл жастардың өлең жазуын қабылдаған. Кейбіріне өзі тақырып та беріп отырған. Бірақ бұлардың өлеңдеріне де жалпы өлеңге қоятын қатты сынын түгел қояды. Сондықтан сөздері ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен, Көкбай, Әріп, Шаһкәрім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:
Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз,
Мұнда жоқ алтын иек сарала қыз.
Кәрілікті жамандап өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, —
дейді. «Әзірет Әлі, айдаһарды» Көкбайдың қисса жазғыш» болғандығынан айтты, «Алтын иек сарала қыз» деп Сыбан Әріп деген ақын «Зияда» деген қиссасында сұлу қызды сипаттаймын деп, иегі алтын, көзі гауһар деп мақтауын асырып, түсіне қарамай, асыл тастарды санай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандап айтқан Шаһкәрім өлеңіне арналған (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ, 1933 ж., 382-383 беттер).
Енді Шаһкәрімнің өмір кезеңдерін шолуымызға келейік. Шаһкәрімнің өзінің жазған өмірбаянынан: «Жиырмадан өткенде, аз ғана ғылым оқыдым...» — деген сөзін жоғарыда келтірдік. Енді Шаһкәрім өмірінің осы бір кезеңі туралы Мұхтар Әуезовтің жазғанын келтірейік: «Ысқақты ұдайы үш сайлау 9 жыл болыс болған соң, төртінші сайлауда: «Енді болыстықты Бәкемнің орнына беремін» деп, жасы 20-ға әрең толған Шаһкәрімді болыс сайлатады. Бәкем деп өзінің үлкен шешесі Күңкеден туған Құдайберді деген ағасын айтады. Ол кісі ертерек өліп, артында екі - үш баласы жетім қалған. Сол ағасының, аруағын сыйлағандықтан, жасы жетер - жетпесте, Ысқақты өкпелетіп, Шаһкәрімді сайлайды. Шаһкәрім бір сайлау болыс болып, 84-жылдың сайлауына келгенде, Абай ендігі болыстықты өзімен бірге туған кенже інісі Оспанға бермек болады», — дейді (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ 1933 ж., 365-бет).
Бұл жөнінде Шаһкәрім өзінің өмірбаянында былай деп айтады:
Өнерлі шебер тіл - жақты,
Алады деп бұл бақты,
Еріксіз маған ел жапты,
Болыстықтың тоқымын.
Болыстың салды жаман ой,
Ғылымды әзір қума, қой,
Ұлықтық деген үлкен той,
Деп, осыған лоқыдым.
Ашылмас кесел болды бұл,
Іздеген ғылым қалды тұл,
Азат басым болды құл,
Еріксіз жемтік шоқыдым.
Сөйтіп, Шаһкәрім ел басқару ісіне еріксіз араласқанын өмірінің өкінішті бір кезеңі деп біледі. «Жиырма мен қырықтың арасы: жас өмірдің сарасы, бос өткенін қарашы», — деп налиды. «Туған елім надан ел» деп қапалана отырып, өз мінін де ашың айтып, аяусыз сынайды.
Туған елім надан жұрт,
Жуандық тағы бір қылқұрт,
Жетім ерке болып қырт,
Мансапқа мінген мен бір мас.
Осы айтылған төрт кесел,
Жасымда болды көзге шел,
Қырыққа келіп астым бел,
Деді бір ой: көзіңді аш!
Көзін ашып, өсіп өзгерген санамен, жаңарып жаңғырған ұғыммен ғылым дүниесіне терең бойлауға берік бекінеді. Шығыс тілдерін, орыс тілін емін-еркін меңгеруге бой ұрады. «Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз», — деген Абай қағидасын берік ұстаған Шаһкәрім шала молдалардың соқыр сенімін мансұқ етіп, олардың азғындығын әшкерелейді. Ғалым, ойшылдардың жазғандарына да талғаусыз табына бермейді, өз ақылына жүгініп, сыншыл ой көзімен қарап оқиды.
Адасып дінші азғанын,
Пәншілер ғылым қазғанын,
Философ ойшыл жазғанын,
Сынауға енді бұрдым бас, —
дейді. Өзінің зерлеп іздену жолы осындай болса, сол кезде өз халқының күйінішті тағдырына дерттеніп, терең тебіреніп, көп өлең жазады. Ол өлеңдері туралы айта келіп, былай дейді:
Тағы да талай сөз жаздым,
Елім тәлім алсын деп.
Қазақтың мінін көп қаздым,
Адам емес, аңсың деп.
Өнер-білім білмеген,
Біріңді-бірің күндеген,
Тура жолмен жүрмеген,
Төрт аяқты малсың деп,
Сөзіме құлақ қоймады,
Партияға тоймады.
Кім өз елін ойлады,
Надандықта қалсын деп?!
Шаһкәрім өзінің жазған өмірбаянын сырын, наным - танымын, істеген ісін, — жасырмай да асырмай, қалтқысыз көңілмен айтады.
Қырықтан аса бергенде,
Ақылым қылды шерменде.
Дінім қалай, жаным не?
Жоғалам ба өлгенде?
Әлемді кім жаратқан,
Осынша түрлеп таратқан.
Көрінген сансыз планета,
Бірінен бірі бөлек пе?
Ахирет деген немене?
Шыққан жан қайта келе ме?
Кіре ме осы денеге,
Дәлелі қайсы сенгенде?
Осы оймен Мекке барғамын,
Әр түрлі кітап алғамын,
Ақылға сыймас жалғанын
Алмадым сынай келгенде.
Ноқтасыз оймен тексердім,
Бояулы діннен сескендім,
Дін шатағын көп көрдім,
Қатесін сынап тергенде,
Іздедім, таптым анығын,
Тастадым ескі танығын.
Хақиқат нұрдың жарығын,
Жарылды жүрек көргенде.
Шаһкәрім Меккеге барғанда, шариғаттың мұсылмандарға міндет еткен бес парызының бірі — қажылық борышын өтеу үшін ғана бармаған. Тағы не үшін барғанын өзі де ашық айтып отыр. Шаһкәрім бұл сапарында басқа үлкен қалаларда — Стамбулда, Парижде болған.
Бұл сапарға шығу мақсатын тағы бір ұзақ өлеңінде толығырақ айтады. Сол өлеңінен үзінді келтірейік:
...Алақтап іздедім қару,
Бекілген артыма бару,
Жан беріп жарық жылы нұрдан,
Күн — атам жерді буаз қылған,
Өсімдік туған осыдан.
Жетіліп, өсіп толғанда тән,
Құрт болған дәнде неше мың сан,
Жаралып шықтық біз сонан
Ұсақ құрт дәннен жарып шыққан,
Жасаған құрттар әр түрлі тән.
Құс, балық, шаян, көп айуан,
Айуаннан өсіп болдық адам,
Кейіміз есті, кейіміз надан.
Жанымыз — күннен келген нұрдан,
Тәніміз топырақ пен судан,
Күн-атам, анық жер-анам,-
деп қорытады. Шаһкәрімнің философиялық ой жүйесін терең зерттеп, ғылыми талдау жасау, әділ айту философ ғалымдарымызға тиісті. Оны Шаһкәрімнің өзі де өсиет етіп айтыпты:
Кім айтса да, сынамай қойма, жаным,
Ақылыңа сынатып, ойла, жаным.
Пәленше екем айтқан сөз дұрыс қой деп,
Жүректің таразысын жойма жаным, —
деген және «Көп білім жоқ бойымда, шын мақтан жоқ ойымда, кеш сөзімнің кемдігін», — деп, қате айтқаны болса, оған кешірім сұрайды.
«Көп білімім жоқ» дегені — білген білім көлеміне көңілі толмай, қанағаттанбай, місе тұтпаудан барып айтқаны болар деп ойлаймыз. Әйтпесе, ол кісінің өз бетімен ізденіп, қолы жеткен білімі аз болмаған. Әдебиет, өнер жағын былай қойғанда, дүние жүзіне аты әйгілі философтардың біразын оқып білгені анық байқалады. Мысалы, XIX ғасырдың екінші жартысында пессимистік философиясы бүкіл Европаға кен, тарап, етек алған, неміс философы Шопенгауэрді (1788-1860) Шаһкәрімнің оқығанын көреміз. Оқып қоймаған, оның пессимистік философиясын сынап, өзінің батыл ой-пікірін айтқан.
— Шопенгауэрдің дүние — дозаң, дүниеде тыныш өмір сүруге болмайды дегені дұрыс емес, — дей келіп: дүние — дозаң емес, бейіс, бейісті дозақ етіп отырған адам баласының, үстем таптық зорлығы, өзімшілдік күш қаруы, қасқырлығы. Егер адам бір-біріне зорлық -зомбылық, қиянат жасамай, барлың адам бір-біріне бір бауырдай болып, өнер білімімен, таза еңбекпен табиғаттың байлығынан пайдаланып отырса, дүние бейіс болуында сөз жоқ. Мұны сезбей, Шопенгауэр адасқан, — дейді. Шаһкәрім философиясы өз алдына арнайы зерттелетін мәселе.
Енді ақынның өмірбаянына қайта оралайық.
Сыр айтайын мен сізге,
Әр түрлі жай бар басымда.
Елімнен кеттім елсізге,
Елуден асқан жасымда.
Қора салған жеріме,
Кіргендей боп көріме,
Өкпеледім еліме,
Отырма деп қасыңда.
Қылық ескі салтым деп,
Көрермін ақыр артын деп,
Партия қылдың халқым деп,
Кәріңіз бен жасың да.
Қауымнан қатты қағылып,
Оңаша өмір сағынып,
Жасымда біткен тағылық,
Осы екен ғой асылда.
Ойға оңаша жер керек,
Ойыңды ұғар ел керек,
Партия қуған ебелек,
Ел өзіңе масыл да.
Сөйтіп, Шаһкәрім 1909-1910 жылдар ел ортасын тастап, оңаша елсізге кетіп, оқу, ойлау, жазумен болған. Жеті жасынан өлең жаза бастаған ақынның өмір бойы қаламы қолынан түспеген.
Тыныштың жоқ тыным жоқ
Ойсыз менің күнім жоқ.
Қайғырамын қан жұтып,
Көзімді ілер түнім жоқ.
Ойлаумен күнді батырам,
Жазумен таңды атырам,
Тесіле қарап кітапқа,
Сілемді сүйтіп қатырам, —
дейді. Ақынның барлық жазғандарын бұл арада атап айтып жеткізу мүмкін емес. Жазғандары өте көп болған. Шаһкәрім бір әңгімесінде: Отыз жас шамасында бір айдай тілім байланып, сөйлей алмай ата - бабаларымыздың атын атаудан қорықтық. «Түрік» деген соя аузыңнан шықса, «пантюркизм» дейтін пәлеге қалдық, «ұлт» десек, ұлтшыл атандық, «хан», «би» дейтін сөздердің өзі құбыжық, көрінетін болды. Сондықтан Шаһкәрім шежіресі 1911 жылдан кейін жарық көруден қалды.
Тіпті, жариялылық заманы туған күннің өзінде де Шаһкәрім шежіресіне үрке қарап, күдік - күмәннан арыла алмай жүрдік. Енді бүгін Шаһкәрімнің тарихи еңбегін оның мұрагер халқына жеткізу кезі келді деп білеміз.
Шаһкәрім орыс ғалымдарының, Шығыстың оқымысты тарихшыларының еңбектерін зерттеп оқый, оларға тарихи шолу жасайды. Ел аузында ежелден сақталып келе жатқан тарихи аңыз - әңгімелерге де көңіл бөліп, онда айтылатын уақиғаларды тарих кітаптарындағы мағлұматтармен салыстырып барып, өз еңбегінде пайдаланып отырады.
Шаһкәрімнің шежіре кітабында жалпы тарих, әдебиет, тіл, этнография жайында, тарихи тұлғалар жөнінде, тағы басқа тарихи-әлеуметтік мәселелерге байланысты мағлұмат -деректер мол екенін көреміз. Шежіредегі мұндай мағлұмат - деректер қазақ халқы тарихының, әдебиетінің кейбір жеке мәселелерін айқындап, анығырақ түсінуге бағдарлайды.
Абай жинақтаған мағлұматтардың да шежіреде пайдаланылғаны туралы Шаһкәрімнің сөзін жоғарыда айтқан едім. Енді сол мағлұматтарды шежіреде қай түрде, қалай пайдаланғанын көрсетіп, салыстыру ретінде бірер мысал келтірейік. Ол Абайдың жазғандарын сол қалпында көшіре салмайды.
Шаһкәрім қазақтың тарихи аңыз әңгімесін пайдаланып және Әбілғазы Баһадүр мен Аристов кітаптарындағы мағлұматтарға сүйеніп, қазақ шежіресінде бір мәселе туралы былай деп жазады: «Біздің қазақтың үш жүзге бөлінгенін қазақтар былайша айтады: Әз Жәнібек қазақты Қашғардағы Шағатай нәсіліне қаратқан соң, кешікпей, сол кезде қазақты һәм көшпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмед деген баласы билеп, оның ағасы Жәніке (шын аты Махмұд) деген Ташкенде үлкен хан болыпты», — дей келіп, Ахмед ханның қазақтан әскер жасақтап, қалмақты шапқанын баяндайды.
«...Қалмақты шаба берген соң, — дейді шежіреде, — қалмақтар Ахмед, ханды «алашы» қойыпты, мағынасы жан алғыш дегені. Оны естіген Ахмед хан, қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар деген соң, қазақтар «алашы» деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты.
«Алаш - алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмадың» деп қазақтың мақтанатұғыны сол», — дейді. Одан әрі нәсілінен шыққан Шайбақ ханның Әмір Темір нәсіліне соғысын баяндай келіп: «Шайбаң Ташкенді алмақ болғанда, қазақты билеген Ахмед-Алаша мен ағасы Жәніке-Махмұд Ұратөбеде Шайбақпен соғысқанда, қазақтар: «Шыңғыс тірі күнінде бізді Жошы ұлысына беріп еді. Шағатай біздің ханымыз емес тәжік-сарт туысқанымыз да емес, «Өзбек — өз ағам, сарт садағам», — деп, Шайбақ ханға қосылды. Сол соғыста Шайбақ жеңіп Жәніке-Махмұд пен Ахмед-Алашты өлтірген соң, ондағы Шағатай нәсіліне қарап жүрген қазақпен жақын елдер және қазаққа қосылды. Бұл сөздің анықтығы Әбілғазы Баһадүр, Аристов екеуінің кітабында да бар. Сол себептен қазақтың ауыз сөзі де рас шықты.
Ол уақытта Әз Жәнібектің баласы Қасым хан еді. Қол астындағы халқы бір миллиондай» болды («Қазақ шежіресі», 32-33 беттер).
Осы тарихты Абай былайша баяндап жазған: «...Әмір Темір нәсілінен Құмаршаих баласы, белгілі Бабыр ханның шешесімен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентке хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар Шағатай нәсілінен Юнус ханның балалары болған. Сол қазақты билегенінің аты Ахмет екен... Сол өз уақытында аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскер шығарып, үш жүзбасыға билетіпті. Әр жүздің халқы өз ынтымағымен бір туысқанға есеп болыпты. Қазақтың «Үш жүздің баласы» дейтұғыны сол. Ахмед хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарай: «Мынау бір алашы болды ғой» дейді, жан алушы болды дегеннің орнына. Сондықтан ол кісі Алаша хан атаныпты. «Бабыр намада» солай жазылған. Сонан соң хан, бұл қалмақ қорыққаннан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта «алашы — алашы» деп ұран - сүрен салыңыздар деп бұйырып, бұлар айғай салғанда, көп жанның айғайымен «алаш - алаш» деп кетіпті. Сондықтан: «алаш - алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік» деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен», — дейді. Одан әрі Шайбаң ханның соғысын Абай былай баяндайды: «Бұлар Шағатай нәсіліне қарап жүргенде, Жошы нәсілі өзбек халқын билеп жүрген екен. Сол Жошының Сибан яки Шибан деген баласының тұқымынан бір белгілі Шайбан деген хан шығып, Әмір Темір тұқымынан һират (Ғират.
Қ.М.) Бұхар, Самарқан шаһарларын тартып алып жүргенде, ақырында мұның алдынан Алаша хан Ташкенттегі Жәніке хан деген ағасымен қосылып, қалың әскермен шығып, Ұратөбеде жеңіліп, ағайынды екеуін де, бала-шағаларына дейін Шайбақ өлтіргенде, біздің қазақ: біз әуелден өзбек жұртымен аталас едік
Сарыға қосқан...» («Жарқын жұлдыздар», 1964 жыл, 163-бп), — деп тарихи шындықтан шығыңқырап, бұрмалана баяндалған.
Әлі алып келетін Тұрсын ханның үш қызы: Айбике, Нұрбиіке , Қоңырбике деген едік. Қоңырбикенің тарихын айттық. Енді Айбике мен Нұрбикенің тарихына қысқаша тоқтайық.
Айбикені де, Нұрбикені де Шаншар деген кісі алған Шаншардың арғы аталарын Шаһкәрім былай таратады: Арғын ағаның нәсілінен — Қодан, Қоданнан — Дайырқожа (Ақжол), Дайырқожаның бәйбішесінен — Қарақожа, Қарақожаның бәйбішесінен — Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік. Кіші әйелінен — Болат (Болатқожа), лақап аты — Қаракесек. Болатқожаның нағыз екі баласы: Майқы, Бошан, асыранды екі баласы: Жалықпас, Қамбар. Осы төртеуінің нәсілі Қаракесек атанады.
Бошанның бес баласының бірі — Шаншар, Тұрсын ханның Айбике, Нұрбике дейтін қыздарын алатын Шаншар осы.
Шаншар мен Айбикеден туған төрт баласының бірі - Келдібек, Келдібектің алты баласының бірі — Қазыбек (қаз дауысты Қазыбек).
Қазыбектің баласы — Бекболат, одан — Тіленші, одан Алшынбай. Алшынбайдың Жүсіп деген баласының қызы Ділда — Абайдың бәйбішесі болады.
Шаншар мен Нұрбикеден туған үш баласынын, бірі — Бертіс, оның үш баласының бірі — Бектемір, Бектемірдің баласы — Мешеке, Мешекенің балалары: Қазанқап, Битен, Шитен. Қазанқаптың баласы атақты күйші, домбырашы — Тәттімбет (1815-1862). Битеннің балалары: Тонтай, Қонтай. Тонтайдан - Тұрпан. Тұрпанның қызы Ұлжан — Құнанбайдың әйелі, Абайдың шешесі болады.
Революциядан бұрын Қарқаралы уезінің екі болыс елі Айбике - Шаншар, Нұрбике-Шаншар деп аталатыны тарихта белгілі.
Қазақ Совет энциклопедиясында «Айбике» деген мақалада: «Айбике — Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек руының бір атасы. Революциядан бұрын «екі мың үй Айбике» аталған (санына қарай). Атақты Қазыбек би осы Айбикеден шыққан. Бұлардың енді бір атасы — Нұрбике. Кейде екеуін қосып, Айбике-Нұрбике деп те атайды. Атақты күйші Тәттімбет Қазанқапұлы, оның әкесі Мүшке (дұрысы Мошеке. — Қ.М.) күйші осы Нұрбикеден шыққан... Ойын-сауыққа, мысқыл - мазаққа құмар ел болған. Сондықтан олар «шаншар», «шаншардың қулары» аталған», — деп түсіндіреді
Мақала жалпы үстірттеу жазылған және «Шаншар» деген атаудың түп төркінін түсінбей, Шаншар дегені кісінің есімі, содан тараған рудың аты екені аңғармай баяндалған.
Энциклопедияның 12-томындағы мақалада: «Шаншар 18 және 19 ғ-да өз бойындағы табиғи қызғылықты іс — әрекеттерімен, өткір сықақ келемеждерімен және шанышпа әжуа – қалжыңдарымен арасына кең, танылған — Қаракесек руынан шыққан күлдіргі өнершілер әулеті...» - делінген. Бұл мақалада да «Шаншар» тарихи адам есімі, сол есімнен туған ру аты деп білмейді, «шанышпа», «әжуа - қалжыңнан» туындаған сөз деп, яғни «күлдіргі» юморист ұғымында түсіндіреді.
Мұхтар Әуезов: «Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс бидің тұқымы болады. Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай — Орта жүзге қалжыңымен тегіс аты жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш, күлдіргі болған. Бұл әдет Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез», — деп. Шаншар — кісінің есімі, ру аты екенін анық ашық жазған. (Абай. Толың жинақ. ИЖ. (43-бет).
Жанушы, әдебиетші, тарихшы ғалымдар Шаһкәрім ми шежіресіне әр кезде көңіл бөліп, өздерінің зерттеу еңбектерінде пайдаланып отырған. Мысалы, Сәкен Сейфуллин «Қазақ әдебиеті» (Бірінші кітап. «Билер дәуірінің әдебиеті», 1932 ж.) кітабында Ахмед-Алаша хан туралы айта келіп, Шаһкәрім шежіресіне сілтеме жасайды. Және «Қобыланды батыр» жырына талдау жасай отырып, Сәкен былай дейді: «Белгілі қазақ шежірешісі, ақын Шаһкәрімнің шежіресінде Қобыланды батыр болған адам. Мұны Шаһкәрім шежіресі толық айтады. Оның айтуына қарағанда, Қобыланды батыр — қазақ атаулы елдің ноғайлы атымен жүрген заманының адамы. Шаһкәрім шежіресі Қобыланды батыр Арғын Дайырқожа биді өлтіргенде, әкесі Қодан деген ақын жылап, баласына мына бір жырды айтқан екен дейді:
...Қара қыпшақ Қобыландыда
Нең бар еді құлыным!
Сексен асып, таяғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным.
Адасқанын жолға салдың
Бұл ноғайлы елінің.
Аққан бұлақ, жанған шыраң,
Жалғыз күнде құрыдың!
Қара Қыпшақ Қобыландыда
Нең бар еді, құлыным!»
Міне, мұнда қазақ атаулы рулардың ол кезде ноғайлы болып жүргенін айқын айтады.
Бұл уақиға Шаһкәрім шежіресінің 31-бетінде айтылады. Шаһкәрім одан кейін былай дейді: Қодан тайшы деген өлеңші, ақын дегені. Біздің қазақтың Арғын атасы Қотан ақын дейтіні осы. Және бұл сөзге бір дәлел Арғын Жанақ ақынның Уақ Жарқын биге айтқан өлеңі. Жарқын би: — Атаңда ақындық бар ма еді, — дегенде, Жанақ айтыпты:
«Алашта Арғын аға болған зерек,
Өзгеден ол кісінің жөні бөлек.
Арғынның түп атасы ақын Қотан
Өлеңге бізден ұста болса керек...»
(шежіре 31-32 бет).
Шежіредегі осы мағлұматты Әлкей Марғұлан өзінің «О носителях древней поэтической культуры казахского народа» атты мақаласында келтіреді. Бірақ Әлкей Марғұлан Шаһкәрім шежіресіне сілтеме жасамаған және Жарқын биді қазіргі Абай ауданының адамы деген. Дұрысы Жарқын қазіргі Жаңасемей ауданының адамы. Өлеңдегі: «Алашта Арғын аға болған зерек» деген жолдағы екі сөзді өзгертіп: «Ертеде Арғын ата болған зерек» деп берген.
Сәбит Мұқанов та шежірені атамай және ешбір сілтеме жасамай, былай деп жазады: «Қазақ арасында «Арғын атасы Қотан ақын» дейтін мәтел бар, сол «Қотан» дегені осы Қодан. Қоданның ақын болғандығы туралы X I X ғасырдың ортасында жасаған, Арғын руынан шыққан Жанақ ақынның бір ауыз өлеңі бар. Уақ руынан Жарқын деген би Жанақ ақынға «Атаңда ақын болған кім бар?» деп сұрау қойғанда, Жанақ:
Алашта Арғын ата туған зерек,
Өзгеден сол кісінің жөні бөлек.
Арғынның түп атасы ақын Қотан
Өлеңге бізден ұста болса керек...»
(«Жарқын жұлдыздар» 1964 жыл., 161-162 беттер).
Жоғарыда айтылған С.Сейфулиннің Шаһкәрім шежіресінің келтірген Дайырқожа, Қобыланды батыр жайындағы мағлұматын және Ә.Марғұлан мен С.Мұқановтың шежіреден алған деректерін М.Мағауин «Қобыз сарыны» (1968 ж.) монографиясында, Шаһкәрімге сілтеме жасай отырып, дұрыс берген («Қобыз сарыны», 12-13 бет). Тек өлеңіндегі: «Арғын аға» деген сөзді «Арғын ата» депті.
Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» (1964 ж.) атты монографиясында Абайға арналған бөлімінде Шаһкәрім шежіресіндегі мағлұматтарды мол пайдаланған. Бірақ ешбір жерде Шаһкәрім шежіресі аталмайды, шежіреге сілтеме жасалмайды. Бірнеше ғана мысал келтірейік. «Абайдың ата тегі» деген тарауында С.Мұқанов былай деп жазады: «Арғын» деген аттың қайдан шыққаны туралы ғылымда мынандай жорамалдар бар: ескі қытай тарихында, моңғолдардың батысында (?) көшіп жүретін, түрік тұқымдас «Бай-Егу» дейтін ел бар. Қытайлар «р» дыбысын айтпайды және сөздің аяққы дыбысын тастап сөйлейді. Егер «Бай-Егудің» ортасына «р» әрпін қойса, аяғына «н» қосса «Бай-Ергун» болып шығады. Бай — қытайда «зор», «ұлы» (түрікше «улуг» деген сөз) деген мағынада. Олай болса — Бай-Ергун» — «Ұлы-Ергун», яғни «Улуг-Ергун» болады...».(«Жарқын жұлдыздар», 159-бет).
«Арғын» деп не себептен аталғаны туралы орыс жазушылары әр түрлі сөз айтады. Соныц ішіндегі қисындысы түрік Орхонский надписьтағы «Улуг-Ергин» деген сөз сықылды көрінеді. Бұрынғы заманда осы «Улуг-Ергин» деген тап монғол жұртының күншығысында жүрген. Оны қытайлар «Бойе-гу» дейді. Себебі, қытайда «р» харпі жоқ және сөздің аяғындағы харіпті тастап айтатұғын әдеттері бар. «Байе-гудің» ортасына «ра» қосып, ақырына «нон» харпін қосса, «Бай-ергун» болады. «Бай-ергун» һәм «Улуг аргу» — екеуі де «Улуг аргун» дегенге келеді (Шежіре, 61-бет).
Және Сәбит Мұқанов былай дейді:
«Тарихта Арғын-аға деген кісі болған. 1262 жылы Шыңғысханның кенже баласы Толы Харасан деген елге Ойрат атанған елден Арғын-аға деген кісіні хан сайлаған...» («Жарқын жұлдыздар», 159-бет). Бұл да Шаһкәрім шежіресінен алынған дерек.
Шаһкәрім былай дейді: «...Менің өз ойымша, біздің осы Орта жүздегі Арғынның атасы Әбілғазы ханның шежіресінде айтылатұғын Ойрат Арғын аға деген кісінің нәсілі болса керек. Оның мәнісі мынау: «Шыңғысханның кенже баласы Толы үлкен хақан болған кезде, Ойрат атанған елден Арғын аға деген кісіні Харасан деген жерге хан қойған. Сол мұсылманша 440 жылы, орысша 1262 жылы еді...» (Шежіре, 62-бет).
Сәбит Мұқанов тағы да былай деп жазады:
«1822 жылы жоғарыда аталған «Сібір қазақтарын басқарудың уақытша ережелерін» шығарады. Бұл ережеге наразы болғандар, Россияға бағынбаған жаққа көшуге қобалжып кейбір елдер көшіп жатқанда, Балқаш көліне құятын Тоқырауын өзенінің бойында отырған Тобықтының Дадан дейтін руының биі Қараменде Шыңғыс тауында отырған Мұсабай руының биі Кеңгірбайға өлеңмен былай сәлем айтады:
Басында Сырдан шығып Орға келдік,
Табан тиіп жүре алмай зорға келдік.
«Қол алдынан құрулы талқы» деген,
Бұл жаққа баққа келмей, сорға келдік?
Сәлем де, Кеңгірбайға, кел кетелік.
Мықты сабаз атанды терлетелік.
Мұсылманның жұртына маңдай қойып,
Аты жақсы дариядан әрі өтелік.
Кеңгірбай бастаған Шыңғыс тауындағы Тобықты Қараменденің, ол сәлеміне қызбайды». («Жарқын жұлдыздар», 166-1676.).
Сәбит Мұқанов бұл мағлұматты Шаһкәрім шежіресінен алса да, анахронизмге ұрынып қалған. ХҮШ ғасырда болған уақиғаны XIX ғасырдағы мәселемен шатастырып алған. Шаһкәрім былай дейді:
«1723 жылы қалмақтан жеңіліп, «Ақтабан шұбырынды» көріп, Орта жүз Ешім (Есіл), Нұра, Сарысуға барғанда, біздің Тобықты Орынбордың бергі жағында Ордың Қарағашына барған. Онан да әрі барған Кіші жүз қазағы орысқа қарамақ болыпты деген соң, сонан қорқып Тобықты көшіп, Ырғыз, Торғай өзендеріне келген. Сонда біздің төртінші атамыз Ырғызбай менен інісі Торғайда туып, аттарын сол өзен атымен қойыпты. Онан және бері қарай көшіп, Мамай батыр бастап, осы Көкен, Орда, Доғалан, тауларының ортасына келіпті. Сол кезде орта жүз де орысқа қарамақ болды дегенде, Дадан Тобықты Қараменде бидің біздің Кеңгірбай биге сәлем айтқан өлеңі мынау:
Басында Сырдан шығып, Орға келдік,
Табан тиіп жүре алмай зорға келдік.
«Құл алдынан құрулы талқы» деген,
Бұл жаққа баққа келмей сорға келдік.
Сәлем де Кеңгірбайға кел кетелік,
Мықты сабаз атанды терлетелік.
Мұсылманның жұртына маңдай қойып,
Аты жақсы дариядан әрі өтелік»
(Шежіре, 44-бет).
Мұхтар Әуезов те Абайға арнаған әдеби және ғылыми зерттеу жұмыстарында Шаһкәрім шежіресін және басқа еңбектерін де орынды пайдаланып отырған. Шаһкәрім мен Мұхтардың жалпы қарым-қатынасы, творчестволық байланысы өз алдына бір әңгіме.
Шаһкәрімнің «Құр шежіре демеңіз мұның өзін, ойлаңыз ғибрат алып әрбір сөзін», — дегенін өнегелі өсиет деп біліп, Шаһкәрім шежіресін ғылым тұрғысынан қарап, терең зерттеп оқып, ғибрат алуымыз керек.
Шаһкәрім шежіресінің құрылысы. Кіріспесі «Шежіреден бұрын» деп аталған. Кіріспеден кейін «Шежіре басы» деп тақырып қойып, мұнда ол түрік тарихшысы Нәжіп Ғасамбектің, Әбілғазы Баһадүр ханның т.б. шығыс тарихшыларының еңбектеріне шолу жасап, талдайды (4-27-бет). «Қазақтың қайдан шыққаны» деген тарауында «түрік» сөзінің төркінін баяндаудан бастап, қазақтың шыққан тегінің тарихын, басынан кешкен дәуірін баяндап, 19 ғасырға дейін әкеліп: «Ақырында 1868-інші жылы жаңа закон шыққан соң, қазақ біржолата орыс законына қарады», — дейді (28-48-беттер).
Шежіре кітабының 49-бетінен үш жүздің және негізгі - негізгі рулардың (қаңлы, қыпшақ, керей, найман, уақ, төлеңгіт, тарақты, арғын) шежіресін қысқаша баяндай келіп, «Орта жүздегі арғынның рулары» деп аталған тақырып кеңірек баяндалады (63-75-беттер).
«Хан шежіресі» (73-80-бет), «Шыңғысхан шежіресі» (80-91-бет) баян етіліп, «Стамболдағы ғұсманлы түрік һәм сұлтандары», «Фарсыдағы һәм Закавказдағы түрік нәсілі» туралы жазылады. «Сарт», «Өзбек» атаулары жайын сөз ете келіп, «Ноғай» шежіресін кеңірек баяндайды. «Башқұрт», «Қалмақ һәм тілеуіт», «Түрікмен», «Якут», «Ұранқай» шежіресін сөз етеді. «Енисейдегі түрік», «Күншығыстағы түріктер» тарихын баяндап барып, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» аяқталады. Шежіренің соңында: «Мақсұд», «Қазақ», «Насихат», «Тағы сорлы қазақ» және «Қош» деп аталатын бес өлеңі жарияланған.
Шаһкәрімнің әлі жарияланбаған «Қазақтың түп атасы» деген өлеңмен жазылған шежіресі де бар.
Шаһкәрімнің 1878 жылдан бастап, 1904 жылға дейінгі жазған өлеңдері «Қазақ айнасы» (бірінші бөлім) деп аталып, 1912 жылы жеке кітап болып Семейде басылып шықты. «Қазақ айнасының» қара сөзбен жазылған екінші бөлімінің қолжазбасын Шаһкәрімнің баласы Ахатты 1937 жылы НКВД тұтқындаған кезде алып кеткен.
1888 жылы жазылған «Қалқаман - Мамыр», 1891 жылы жазылған «Еңлік - Кебек» атты тарихи дастандары да 1912 жылы Семейде басылып шығады. 1911 жылы Орынборда басылып шыққан шежіресі және «Мұсылмандық шарты» кітаптары — екі жылдың ішінде жарық көрген бес кітабы арқылы бұрын да елге әйгілі Шаһкәрімнің даңқы халық арасында кең жайылды.
Шаһкәрім 1907 жылы Азербайжанның ұлы ақыны Мухаммед Сүлейменұлы Физулидың (1494-1563) бүкіл әлемге әйгілі «Ләйлі - Мәжнүн» (1537) поэмасын еркін аударған. Поэманың кіріспесінде:
Біле ме біздің қазақ ғашық жайын,
Ұқсаңыз білгенімше сипаттайын.
Ғашықтық махаббаттың ең күштісі,
Жүрекке қатты орнығар басқан сайын.
Әркімде ондай ғашық жаралмайды,
Шын асыл көп халыққа таралмайды.
Мәжнүннің Ләйліменен сыры қиын,
Еш адам байыбына бара алмайды.
Талай жан оның сырын ұға алмаған,
Ойсыздың жүрегіне жұға алмаған.
«Тез оңар әсіре қызыл» болмаған соң,
Әр елге өлең болып шыға алмаған.
Бұрынғы бәйітшіні білемісің,
Мен айтсам, оның кім деп күлемісің.
Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбай деп,
Түк білмей онан өзге жүремісің.
Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар,
Сайқали, Қожа Хафиз, Фердаусилар...
Бәйітші елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар.
Мәжнүннің Ләйліменен жоқ жұмысы,
Әне сол шын ғашықтық қылған ісі.
Бұлардың әфсәнәсін жазған адам
Фзули Бағдади деген кісі.
Ондай ғып еш бәйітші жаза алмаған,
Нақысын шын келтіріп қаза алмаған.
Кітабын Фзулидың іздеп тауып,
Мен оның келтіре алман мыңнан бірін,
Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын.
Мәжнүннің атын білер, жайын білмес,
Қазаққа ұқтырайын біраз сырын,
— дейді Шаһкәрім ақын.
Шаһкәрімнің «Ләйлі - Мәжнүн» поэмасы тұңғыш рет «Шолпан» (Ташкент) журналының 1922-1923 жылғы сандарында жарияланды. Поэманың Шаһкәрім берген қолжазбасын «Шолпан» журналына Мұхтар Әуезов апарып (1922) тапсырған.
«Шолпан» журналында басылған «Ләйлі - Мәжнүн» поэмасының шырқы бұзылып, сапасыз болып шыққанына қатты ренжіген Шаһкәрім Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетіне хат жазып жариялаған:
«Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш.
Төменгі сөзіме газетіңізден орын берсеңіз екен. Баяғы түріктің атақты ақыны (поэт) Фзули өлеңінің басында айтқан: «А, Құдай! Менің өлеңімді үш түрлі антұрғаннан сақта. Бірінші, әннің ретін білмейтін кісіден сақта, себебі: ондай кісіге айтқан жақсы өлең де жаман көрініп, байыбына бара алмайды. Екінші, күншілден сақта, оның себебі: жақсы өлеңімді жамандап, теріс мағыналап, халықтың жүрегіне азғыру салады. Үшінші, қате жазушыдан сақта, оның себебі: менің «көз» деп жазғанымды «көр» деп жазып, ашық көзімді соқыр көрсетеді», — деген.
Сол айтқандайын, Ташкенттегі «Шолпан» журналы менің өлең қылған «Ләйлі - Мәжнүн» әңгімесін соншалық көп қате қылып басыпты. Оны түзету қайтадан бір кітап жазғаннан қиын.
Кей өлең мүлде жоқ, кейінің жартысы жоқ, әріп қатесі есепсіз көп. Өлеңімді: соқыр, ақсақ, шолақ қол қылыпты. Өлеңнен хабары бар кісі оқыса, ол менің кемшілігім емес екенін білер. Шаһкәрім («Қазақ тілі», 1924 жыл, N 13 (412). «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын Сәкен Сейфуллин 1935 жылы жеке кітап етіп бастырып шығарды. А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін Шаһкәрім «Дубровский әңгімесі» деп атап, 1908 жылдары өлеңмен аударған. Бұл шығармасы 1924 жылы жеке кітап болып, араб әрпімен басылып шықты. «Дубровский әңгімесін» аударған жылдары Пушкиниің «Метель» деген әңгімесін «Боран» деп атап, оны да өлеңмен аударған. «Боран» «Әдебиет майданы» журналының екінші санында, 1936 жылы жарияланған. «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» дейтін Шаһкәрім кейін араб, парсы және орыс тілін меңгеріп алған. Сөйтіп төрт халықтың тілін жетік білген ақын, шығыс және орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне емін-еркін аударған.
Әлемге әйгілі, «Шираз бұлбұлы» атанған Қожа Хафиздің (1325-1389) терең сырлы лирикасын (газелдер) парсы тілінен аударған (көлемі 300 жолдай өлең). Америкадағы құл иелену озбырлығы туралы жазған «Хижина дяди Тома» романын «Том ағайдың балағаны»деп атап, көркем қара сөзбен аударған.
Шаһкәрім көркем шығарманы басқа тілден аудару мәселесіне аса жауапты қараған жазушы. Аударма туралы пікірі:
— Ақын, жазушы өзінің жазған тума шығармасына жауаптылықпен қарау қажеттілігі сөзсіз. Ал өте жауапты нәрсе — біреудің шығармасын аудару. Бұған өте шеберлік керек. Шығарманы аударушы адам, сол шығарманың барлық мазмұнын түсінумен қатар, жазушының нәзік сезімін, шеберлігін, шығарманың қандай күйде, қандай рухта жазылғанын жақсы білу керек. Демек: аудармашы сол аударманың авторынан ой-санасы, сезімі төмен болса, онда аударма дәл болып шықпайды. Шығарма аударылғанда рухынан айырылып қалса, онда аудармашының жазушыға қиянат істегені болады, — дейді
Шаһкәрім аударма жұмысынан өмірінің ақырғы кезеңіне дейін қол үзбеген.
Лев Толстойдан: «Асархидон-Лаэли» (қара сөзбен), «Үш сауал» (қара сөзбен), «Крез патша» (өлеңінен) әңгімелерін аударған. Күншығыс әңгімесінен: «Ұждан» (қара сөзбен), «Пан-Жи-Зан-хан» (өлеңмен), «Қолшатыр бұйрығы» (өлеңмен) әңгімелерін аударған. Бұл әңгімелер 1924 жылы аударылған.
Осы алты әңгімені аударғандағы мақсатын ақын ашып айтып, былай дейді:
Алты әңгіме оқуға жайың бар ма?
Ұсындым жаңа өспірім ғалымдарға.
Әншейін бос сөз демей ғибрат ал,
Ой жібер ішкі сырын пайымдарға.
Алдыңғы біз ел жедік обал демей,
Зарлады талай момын, талай кедей.
Нәпсі, мақтанға алданба, қарақтарым,
Үміті кім бұл елдің, сендер емей.
Орыс, қазақ адамның бәрі бірдей
Ешкімді алалама оны білмей.
Кем-кетікке қарасу ар міндеті,
Халқына пайда тигіз босқа жүрмей.
Жаныңды аяй көрме жәрдамынан,
Сөйткенде арың шығар арманынан,
Әйтпесе бұл өмірің артық емес,
Тәніңді топырақ басып қалғанынан.
Шаһкәрім Лев Толстойды нағыз әділеттің, анық ардың иесі деп танып, оның данышпандығын, ұлы адамгершілік қасиетін адал жүрек, ақ көңілімен ардақтап, өзін Толстойдың шәкіртімін деп білген. Абай өлгеннен кейін Толстойды ұстаз тұтып, одан ақыл сұрап хат жазған. Толстойға хат жазып, одан хатына жауап алғаны туралы Шаһкәрім былай деген:
— Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Толстой сұрақтарыма өте қымбатты жауап қайырды. Әсіресе, сол жауаптары мені толғандырып, ғибрат алатын сабақ болып, көңілімде орнап қалды.
Бірінші сұрағым: Адамның арына тиетін, өзім білетін жағымсыз қылықтардың бәрін тізіп жаздым да, осылардың ішінде және Сіз білетін, арға ең ауыр тиетін не? — дедім. Толстой бұған:
— Осы тізіп жазғаныңыздың бәрі де адамшылық арға тиетін нәрселер. Менше, арға ең ауыр тиетін бір іс бар. Ол: егер адам көпшілікке не жалпы қоғамға зиян келтіретін істі хақиқат біліп, соны үш нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші, сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсақ, малыңа, байлығына зиян тиетін болса, екінші, сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші, сол хақиқатты айтсақ, басың жазаға тартылатын болса. Міне, осы үш түрлі зардаптан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетіні осы, — деп жауап берді.
Екінші сұрағым: ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз? — деп, көлемді шығарма жазу жайында ақыл сұрадым. Толстой бұған:
— Көп адамдар қатысқан шығарма болсын не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның ізі, сыры қоғамға байланысты әрекетіне, жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезіліп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде, әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді», — деген мақалды жазушы ойдан шығармауға керек. Ішіне араласпай, сырттай ой-жотамен жазған шығарма шындыққа жанаспайды, қызықты болып шықпайды, — деп жауап жазды.
Үшінші сұрағым: жазушы, оның ішінде мен, өз жазғанымның дұрыс, терісін сынай алмаймын. Өз шығармасының қатесін қандай әдіспен көріп, сынап, түзетуге болады?
Үшінші сұрағыма Толстой:
— Жазушының артық қасиеті — өз қатесін көріп, оны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген бар. Бәрінен де адам өз қатесін өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол — адамға біткен ақ жүрек. Егер адам өзі істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ықпалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, біреудің мінін де көре алады. Сондықтан, әділ сыншыл — ақ жүрегің, — деп жауап берді. Осындай ақыл, кеңес берген Толстойды мен ұстазым деп бағалап, ардақтаймын, — дейді Шаһкәрім. Сондықтан Толстойға арнаған өлеңінде:
Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың.
Толстой кәпір емес, кәпір өзің,
Дін емес, бәрі алдау айтқан сөзің.
Көңілің соқыр надансың, бейілің қара,
Нұр жарығын қалайша көрсін көзің.
Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,
Сопының бара қойман құрбанына,
Хақиқат сырымды айтсам, Толстойдың
Алмаймын мың сопыны тырнағына.
Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең,
Жолай көрме, жылмайы сопы көрсең.
Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың,
Алданбайсың артынан ере берсең.
Жазушылық қызметінде Абай мен Толстойдың дәстүрін берік ұстаған Шаһкәрім ешкімнің де беті - жүзіне қарамай, шындықты жазудан, анық ақиқатты ашық айтудан тайсалмаған, мал-басыма зардабы тиер деп, қобалжымаған да қорықпаған. Ақынның бұл қасиетін оның шығармаларынан айнытпай танимыз. Шаһкәрім, Толстой айтқандай, «өзі істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білген» адам. Ертеде жазған, жарияланған еңбектерін қайта қарап, қатесі болса мойындап, кемшілігін түзетуге батыл барған. Шаһкәрім өмірінің ақырына дейін, өзі жазған шығармаларын қайта қарап, қатесін өзі тауып мойындап, кемшілігін толықтырып түзеумен болған. Мысалы, өлер алдындағы жазған бір хатында: «...Шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғандарында қате һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан, көшіріп, түзеп жатырмын», — дейді. Ақын өзінің бір өлеңінде:
Дұрыс деме, құр ойлап,
Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бір езу болма өзімшіл.
Мініңді тапса, кім сынап,
Аяғына, бар, жығыл.
Қап, бәлем деп, кекті ұлап
Сақтай көрме ойға зіл.
Тікенің болса бойыңда,
Ауырса да өзің жұл, — деді
Енді ақынның өмірбаянына қайта оралайық. 1917 жылы Февраль революциясы жеңіп, патша өкіметі құлағаннан кейін тамыз (август) айында Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі өткізіліп, съезде қабылданған қарар бойынша, «Қазақстанда Алаш партиясы құрылып және губернияларда, уездерде партияның облыстық Комиттеттері ашылады. «Қазақ» газетінің 1917 жылы 2 желтоқсандағы санында Семейде Алаш партиясының облыстық Комитеті ашылғанын хабарлап, Комитетке кірген кісілерді атайды. Олар: «Әлімқан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Имам Әлімбекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Тұрағұл Абайұлы, Халел Ғаббасұлы, Сыдық Дүйсембіұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Анияр Молдабайұлы, Биахмет Сәрсенұлы». Бұлардың ішінде төртеуі: Ақыметжан, Тұрағұл Абайұлы, Халел, Аниярлар Абай елінің адамдары, ұлы ақынның шәкірттері. Абайдың ақын шәкірттері түгелдей Алаш партиясын қолдаған. Мысалы, Семей уездік земствосының мүшелері 1917 жылы «Сарыарқа» (Семей) газетінің 26-санында халыққа үндеу жариялаған. Үндеуге қол қойғандардың ішінде Абайдың ақын шәкірттері Көкбай Жанатайұлы мен Имамбазар Қазанғапұлы да бар. Үндеудің қорытындысында:
«Біз Алаш партиясының соңынан ереміз, анық көшбасшыларымыз сонда», — деген. Сөйтіп, Шаһкәрім бастатқан Абай шәкірттері Алаш партиясын, оның басшыларын қазақ халқының нағыз жанашыр қамқоры деп таныған, шексіз сенген. 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өткізілген Екінші жалпықазақ съезіне Шаһкәрім айрықша арналып шақырылады.
«Сарыарқа» газетінің 1918 жыл, 25 қаңтардағы санында съездің үлкен қаулысы жарияланған. Сол қаулыдан үзінді келтірейік: «...бүкіл қазақ-қырғызды билейтін өкімет керектігін ескеріп съез бірауыздан қаулы қылды:
I. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губернасындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі. Халқы қазақ, қырғыз. Хәлі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық жерлі автономия құруға.
II. Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын. ...ҮІ. Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша ұлт Кеңесін құруға. Мұның аты Алаш Орда болсын.
...Алаш Ордасының уақытша тұратын орны Семей қаласы. Алаш Орда бұл күннен бастап, қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады.
...Осы күнде мемлекет ішінде бассыздың, талан-тараж, қырылыс - талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін съез төмендегі қаулыны қабыл етеді:
Ешбір тоқтаусыз милиция түзеуге кірісуі тиіс...» Шаһкәрім Алаш Орданың қазысы яғни биі болады.
Түзелер деп қазағым,
Николай құлап, өлген соң,
Тағы да тартып азабын
Алпысқа жасым келген соң.
Құлдықтан қазақ босады,
Білмеймін қайдан тосады,
Күн шыққанға ұқсады,
Бостандық сәуле берген соң.
Оқыған жастың етегін,
Қабыл алдым жетегін.
Босқа жатып нетемін
Бостандық туын көрген соң.
— дейді ақын. Семейде милиция құрылуына байланысты болған бір қайғылы уақиға туралы Бейімбет Майлиннің «Сарыарқа» газетінің 1918 жылы 18 наурызда жарияланған үлкен мақаласының Шаһкәрімге де тікелей қатысы болғандықтан, сол мақаладан үзінділер келтіреміз. Мақала «Тұңғыш құрбан» деп аталған.
«Соңғы жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша, Семейде атты - жаяу милиция құрылған еді. Мұны соңғы кезде болшебектер ұнатпай, «Ойыныңды тоқтат, мылтықты бер» деп, мінез көрсетіп жүрді. Оған біздің милиционерлер - қорғаушылар өз жүректерінде ұлт сақтаудан басқа ешкімге қастың қылатын ниеті болмаған соң, қарсы да келмеді, ойынын да тоқтатпады.
6 мартта, таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында (қазіргі Жаңасемей. — Қ.М.) мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң, бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда, милиция бастығы, учительский семинария шәкірті Қазы Нұрмұқамбетұлы айғайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек илейік, бәрімізді қырмас» деп, тоқтау айтып, өзі орнында тұрды. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, Қазының өзіне де, атына да оқ тиді. Оқ жүректен тиген. Есіл жас сол арада жан тапсырды. Марқұмның жолдастары ботадай боздап, басын құшақтап, шуласты. Көрген, естіген жан қайғырды... ертеңінде халық көп жиналып, жаназасы шығарылды...
Қабірге қойып, құран оқылып болғаннан кейін, Шаһкәрім ақсақал халыққа қарай, сөз сөйледі:
«Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл өлген жоқ. Бұл күнгі және мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар, мына мен сияқты болып, «ұлтым» деңдер деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті.
Марқұмның аты да Қазы еді. Қазы — би деген сөз. Қазы билігін айтып кетті.
Қарағым, Қазы, өліміне өкінбе! Арманың жоқ. Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек.
Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй-ішінің міндеті сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы, бір жасар ұл баласы қалыпты. Соны тәрбиелеп адам қылу бәріңнің — барлық Алаштың мойнына парыз. Және өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлты үшін жанын қиып, құрбан болатын азаматты көрермін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өлсем де, арманым жоқ.
Қарағым, Қазыжан! Қадіріңді біліп, құрметтей алмасаң кешу қыл, қош. Қабірің нұрлы болсын!» — деді.
Жиылған әлеумет жылап-еңіреп жіберді.
Сонан кейін Міржақып тұрып, мынаны айтты:
Мынау кім жатқан, әлеумет,
Жас қабірді жамылып?
Мұнша ардақты кім еді,
Тұрсыңдар бәрің жабығып.
Жалғызы ма еді біреудің,
Тілеп алған зарығып.
Байы ма еді бұл елдің,
Құрметтейтін жабылып?
Би мен бектің бірі ме ед,
Жылардай жұрты сағынып? ..
Ханзада яки Сейіт пе,
Қарашы шулар қамығып?
Жоқ әлеумет, бұл жатқан:
Жалғыз да емес.
Бай да емес,
Биі де емес,
Бек те емес,
Сейіт те емес
Хан да емес,
Бусанып жатқан жас қабір,
Иесін мұның айтайын:
Мақсұты ұлттың жолына,
Туын ұстап қолына,
Жас өмірін пида еткен,
Жар - жолдасын күйзелткен,
Алаштың адал баласы,
Армансыз өлген данасы.
Жүректен жалғыз оқ тиген,
Жаза баспай, дөп тиген.
Алаштың бұл құрбаны
Аяулы жолдас, Қазы жас.
Қош бауырым, жолдасым!
Армансыз сенің өз басың.
Қабыл болып құрбаны,
Алашты Құдай оңдасын!
Жиылған халық қамығып, көңілі босап, көзіне жас алды. Бұлардан кейін Райымжан, Жанғали қажы, Мұстақым сөз сөйледі. Ақырында Қазының бірге оқып жүрген жолдасы Жүсіпбек (Аймауытұлы. — Қ.М.) еңіреп тұрып: «Жан бауырым, жолдасым! Қош бол, жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің. Бұл күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың. Өкінбе, ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бір-ақ арманың кетті, ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштық. Тым болмаса ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің. Қош бауырым, жолдасым, қош», — деп, көзінің жасын тыя алмай, сөзін әзер тоқтатты.
Сөйтіп 7 мартта бейсенбі күні Алаштың тұңғыш құрбанын баянды сапарына жөнелтіп, жұрты тарқасты.
...Қазы марқұм жасы 22-де, Семей уезі, Еңірекей болысында, Сыбан деген рудан еді. ...1915 жылы Семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде, ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген жолдастарымен мелициеге жазылды. Қыс ортасынан бері атты милициені басқарып тұрушы еді.
...Жастар ұйымы марқұмның жетісі толған күні жұртты шақырып, құран оқытты, дұға қылдырды. Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалар. Бірақ, біздің бұдан үлгі алып, жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек. Рухың шат болсын, шейіт болған Алаштың шын баласы! Біз де сенің ізіңдеміз, қош, жолдасым!»
Осы оқиғадан кейін Алаш Орда көп өмір сүре алмады.
1919 жылы 1 желтоқсанда Семей облысында да Кеңес үкіметі орнады.
Кеңес дәуірінде де Шаһкәрімнің қаламы қолынан түскен емес. Ол көп жазды. Оның жазған шығармаларының тақырыбының өзін атап, тізіп шығу бұл мақалада мүмкін емес. Ақын ертеректе жазған, қолжазба қалпында халыққа тарап кеткен шығармаларын жинақтап, баспаға әзірледі. 1907 жылы жазған «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының қолжазбасын 1921 жылы Мұхтар Әуезовке тапсырады. Поэма сол жылы «Шолпан» журналында (Ташкент) басылып шықты. 1908 жылы Пушкиннен аударған «Дубровский әңгімесі» атты поэмасын Семейдің губерниялық қазақ баспа жұмыстарын қарайтын комиссия 1924 жылы бастырып шығарды.
Шаһкәрім баспасөз жұмысына да ат салысып, жазып тұрған. Мысалы, «Қазақ тілі» (Семей) газетінде 1924 жылы әдебиет сыны туралы жазған екі мақаласы жарияланыпты. Ол мақалалары: «Сын һәм сынауды сынау», «Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш» деп аталған. Бұл мақалалары қазір де маңызын жойған жоқ. 1925 жылы Семейде «Таң» журналы шыға бастағанда өз әнімен қоса екі өлең шығарып, жариялайды. «Таң» журналында ертедегі шешендердің сөздерін жариялайды. Мысалы, «Қазыбек би сөзі», «Ескі билік» («Мөшеке би мен Бекболат»), «Қараменде мен Кеңгірбай», «Шаһкәрім ақсақалдың айтуынша» деп журналдың үшінші санында жарияланған. Көптеген өлең, әңгімелер және пьеса жазады. Ақан сері туралы шығарма және «Шыныбақ» атты поэма жазады. «Әділ-Мария» атты романын 1925 жылы аяқтады. Романның, қолжазбасы сақтаулы. Орыс, шығыс ақындарының шығармаларын аудару жұмысымен шұғылданады. Әзірге бізге мәлім емес еңбектері де көп.
Шаһкәрімнің музыка саласындағы еңбегі өз алдына бір төбе. Ол жиырмадан астам ән шығарған. Музыка өнері туралы бірнеше өлең жазған. Бір өлеңі былай аяқталады:
Гомер ән сиқырын аңғартқан Сиреннен,
Қиялдаған оймен тереңнен.
Ол әннің жайын айтып берумен,
Күткен сондай әнді ереннен.
Шығардым әндер жаңалап,
Саларсың сынға саралап,
Ұнаса, ойладым, әншілер салсын деп,
Белгі болып бір мұра кейінгіге
Әнімнен де қалсын деп.
(Арнаулы әні бар).
Ақынның сан салалы мол еңбегін біз бұл мақалада айтып жеткізе алмаймыз. Өзі еңбек сүйгіш ақын адал еңбек адамын шығармаларында мадақтаған, мақтаған. Арамтамақ, екі жүзді, арсыз атқамінер қуларды өткір тілмен түйреп, әшкерелеген. Сондықтан олар ақынға іштерінен қас болған, көре алмаған, сыртынан өсек-аяң жүргізген надан молдалар оны «кәпір» деген. Ақынның өзі: «найзаны тура саламын, аямай мінін аламын. Ащы тілмен у тегіс — бәрін қылған маған қас», — дейді.
Шаһкәрімді бұқара халық ерекше құрметтеп, адамгершілігі зор, адал жүрек ақынын ардақтаған.
1930 жылдан бастап, ақынның ақырғы кезеңі аса бір ауыр халде, қайғы-қасіретпен өтті. 1930 жылы 1 ақпанда ең алдымен Шаһкәрімнің үлкен баласы Ғафурды (Ғабдулғафур) конфискелеп, Баязит деген баласымен бірге айдап апарып, Семей түрмесіне жабады. Ақпанның 7-і күні Шаһкәрімнің өзін конфискелеп, қамауға алады. Түрмеде тергеусіз жатқан Ғафур ақырында өзін-өзі бауыздап өледі. Қайғы-қасіретке толы осы оқиғаны Шаһкәрім өзі жеріне жеткізе, толық жазыпты. Бұл қайғылы өлеңі еш жерде жарияланбағандықтан және ақынның ауыр хал үстіндегі көңіл-күйін, сезім - сырын терең сипаттайтын болғандықтан, өлеңнің толық нұсқасын қалың оқырман қауымға жеткізуді мақұл көрдік.
Мың тоғыз жүз отызыншы,
Февральдың бір жетісі —
Жүрекке салған от сөнбей.
Алтыншы июль тым ауыр күн,
Болып маған қараңғы түн,
Бұларды ұмытпаймын өлмей.
Бірінде кеп Ғафурды алды,
Баласы да қосақталды,
Сен қалма деп көгенделмей!
Мүлік-малын түгел алып,
Екеуін түрмеге салып,
Біраз ғана аял бермей.
Жетісінде өзімді алды.
Сыпырып үй, жасау, малды,
Кетер ме ойдан өлім келмей.
Онында мені шығарды,
Үй тұтқын қып, қағаз алды,
Жатасың деп, іс жөнделмей.
Ғафурды алып Семей барды,
Екеуін түрмеге салды,
«Под судом» деп бір тексермей.
Абақтыда бес ай өтіп,
Июльдің алтысы жетіп,
Ғафур өлді атақты ердей.
— Жазасызға жаным құрбан
Деп, осы оймен бауыздалған,
Кетем деп қорлыққа көнбей.
Әдейі Аллаға кеткен,
Шаһиттікке қолы жеткен,
Бұл жалғанға көңіл бөлмей.
Сездірмеген еш жолдасқа,
Не баласы, не достасқа,
Мұны қалған адам көрмей.
Алдына қойған леген,
Сол қолын жерге тіреген,
Оң қолымен бәкі сермей.
Бір тартқанын біреу көріп,
Күре қиған тағы орып,
Ағызып қан қызыл селдей.
Бұл не? — деп, жолдасы жеткен,
Өзім деп, ишарат еткен,
Алыс жолға жөнелгендей.
Әділетсіз баламды алды,
Бір ұл мен төрт қызы қалды,
Енесі өлген жетім төлдей.
Ата-ана мен бауырлары,
Балалар мен қосақ жары,
Ағызды көз жасын көлдей!
Ағайын, көрші, дос, құда,
Ғафур деп, зарлады бұ да.
Жиылып көп, ошар елдей.
Әкеткенге міне бүгін
Толып бір жыл, жетінші күн
Өте шықты өмір желдей.
Сен өткенге жеті ай болды,
Соны ойлап, сабырым өлді,
Жаман тамым болып көрдей.
Білмедім қайғы ма, шын ба?
Бүгін бар деді осында,
Сиқыршы үшкірген желдей.
Шыдап, ішке толып жалын,
Міне, шықты болып сарын,
Аулақта зарлап именбей.
Ана күні түсіме ендің,
Ақ күмбезден тура келдің,
Таяу тұрдың есік пен төрдей.
Өткенің тұр көңілімде,
Бізге ермес өлік деп мүлде,
Жүзің тұр бейне күлгендей.
Халыққа бірдеме дедің,
Қуанып, ұмытқаным менің,
Түсімді өңім деп сенбей.
Шешілді сол түсім енді,
Депсің сен: февраль келді,
Ұмытыппын мен есіме енбей.
Осы февраль, осы түсім,
Қабат келіп жарылды ішім,
Жүрекке қанжар ілгендей.
Осыны ойлап, ағып жасым,
Су боп қағаз, қарындашым,
Неше бұзылып, неше жөндей
Иесіз тамым болып мола,
Сабырым кетті біржола,
Отырмын жазуым өнбей.
Қарағым, момыным Ғафур!
Бүгін болып жөн пақыр,
Қоя алмадым бір күңіренбей.
Құлыным қош! Бақытты бол!
Жаңа февраль, алтыншы июль,
Ұмытылмайды мені көмбей!
Ол ай келсе, осы жырым,
Түсірер ойға әрбірін,
Құсайын, Кербала шөлдей
Шаһкәрімнің басына төнген қайғы-қасірет бұлты онан сайын қалыңдай түседі. Ғафурдан кейінгі баласы Ахат та сол жылы (1930) сотталып, Семей түрмесіне жабылады.
1931 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров Шыңғыстауға (қазіргі Абай ауданы) келгенде, Шаһкәрімнің Елтайға әдейі барып жолығып, сөйлесіп шыққанын көрген Аюбай Кенесарин (1906 жылы туған) былай дейді: «Осы ауданға Қазақ үкіметінің бастығы Елтай Ерназаров келгенде (1931) Шаһкәрім сол кісіге кіріп, ұзақ әңгімелесіп шығып тұрғанда көрдім. Жаздыкүні болатын. Елтайға арналып Қарауыл өзенінің жағасына бірнеше қазақ үй тігілген-ді. Елтай отырған үйді милиция адамдары күзетіп тұрды. Арыз айта келгендер өте көп еді. Бірқатары кіруге рұқсат ала алмай күнұзақ тосумен болды. Сол күні атақты өнер иесі, әнші Ағашаяқ ретін тауып кіріп, сиырымды қайтарып беретін болды деп қуанып шықты. Басқалары арызымыз шешілмеді деп ренжіп шығып жатты.
Бір кезде Елтай отырған үйден Шаһкәрім де шығып келіп, тұрған халыққа:
— «Малдан айырылған елдің ашыға бастағанын айтып тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Мәселе шешетін басшыға ұқсамайды. Босқа әуре боп кірмей-ақ қойыңдар», — деп атына мініп, жүріп кетті. Елтай сияқты басшыдан әбден көңілі қалып, күдер үзген қаралы қарт ақын «Өтініш зарым» деген өлеңін жазыпты. Бұл өлеңі әлі жарияланбағандықтан, сәл қысқартылған нұсқасын келтірейік:
Отырмын таудың басында,
Жетпістен асқан жасымда.
Жапанды жалғыз күзетіп,
Жолдасым жоқ қасымда,
Елсізде қалған мен бір шал.
Даланы басқан қалың қар,
Ойымда қайғы, зарым бар,
Артым — тұман, алдым — көр,
Көз жетпес бұлдыр, жолым тар,
Ұққаның зарға құлақ сал.
— ...Бостандыққа елім қана алмай,
Әділет жолын таба алмай.
Басшыға айтқан мұңдары
Есепке жатыр саналмай,
Кеп арыз жолда қалатын.
Түзелмей отыр басшылар,
Қойылса екен жақсылар,
Елменен еркін санасар
Саналы, ойлы сақшылар,
Әділет жолға салатын.
...Қазақтың басшы баласын
Сөйлестім, көріп шамасын.
Қалайша қалап қойған ел
Сезімсіз, ойсыз шаласын,
Түк келмейтін қолынан?!
Ел мұңын ондай ұға алмас,
Бастық та болып тұра алмас.
Мансапқа өзің мақтансаң,
Еліңнің басы құралмас,
Адасар айқын жолынан...
Шектен шыққан орасан озбырлықтан, зорлық-зомбылықтан еңіреген елін құтқарып алу қолынан келмейтініне әбден көзі жеткен Шаһкәрім:
Қанды қанау айналам,
Соларды көріп ойланам.
Құтқарып алар қуат жоқ,
Құр саламын байбалам, — деп зарланады.
Ақырында елден аулақтағы өзінің саят қорасына кетеді. Елден оңашаға кетудегі ендігі мақсатын ашық айтып:
Мен кеттім, сендер елде қойдық қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ, малый алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды,
Оңашада қорытам ойға салып,- дейді.
Ол елсіздегі қорада жалғыз жатады. Бар шаруасын өзі істейді. Қасында ешкім болмайды. «Жұмысты әлім келген біреуге артып, құлданбақ азаттарды жөн демеймін», — дейді. Әрбір басынан кешкен өмірін күнделік ретінде өлеңмен жазып отырады.
Ақынның басынан кешкен бір ғана уақиғаны келтірейік:
...Қалса да халқым білмей өлгенімді,
Тағдырға байқадың ба көнгенімді.
Кез келген кезіп жүріп өз басыма,
Айтайын бір азғана көргенімді, —
дей келіп, ылғи жалғыз жаттым, ит жүгіртіп, бүркіт салып жүргенім жоқ. Аулақта жатып, ойға келген өлеңімді жазам, еріксем, елге барып қайтам, кетерде есігіме құлып салып кетем, қайтарда отын алып келем, дейді. Бір күні қайтып келсе, өзі жоқта белгісіз екі адам есігін ашып кіріп, тамағын жеп кеткенін кереді. Келіп жүрген аңшылар ма екен, кімдер екен деп, білгісі келеді:
Жүр едім сол екеудің ізін шалып,
ГПУ-дің солдаттары келіп қалып:
— Қашқынмен хабарласып жүрсің ғой деп,
Әкетті Бақанасқа ұстап алып.
Мені олар Бақанасқа алып барды,
Жайымды айтып бастыққа хабар салды, —
дейді. Бастық ертеңінде Шаһкәрімнен жауап алады. Жауап алған кісі — қаладан келген ГПУ қызметкері, ақ пен қараны ажырата алатын, адамды тани білетін, шын мен жалғанды айыра білетін байыпты адам болған. Шаһкәрім оған өзінің кім екенін жеріне жеткізе айтқан. Ол 73 жастағы қазақтың ақ жүрек ақсақалын атақты ақынын таныған, ұққан. Жамандыққа баспайтын, зиянсыз адам екеніне әбден көзі жеткен соң, Шаһкәрімді тұтқыннан босатқан.
Қайтер ем сонда мені қойса жауып,
Құтылғам жоқ жалғанмен, айла тауып,
Шынды айттым, шынға сенді, шын — сүйенішім,
Аққа бәле жұғар деп қылман қауіп, — дейді ақын.
Ал, жергілікті ГПУ бастығы шаш ал десе, бас алатын, таяз ақыл, тасырдың нақ өзі болады. Ол — Шаһкәрімді: бай, жуан, қажы яғни жау деп қана білген. Және Шаһкәрімнің елден аулақта жападан жалғыз жүруі аудандық ГПУ-дағылардың күдігін күшейте түскен. Оның үстіне 1931 жылы елді зорлықпен күнелткен, қорқыту, үркіту арқылы жаппай коллективтендіру нәтижесінде мал-мүлкінен айырылып, аштыққа ұшырап қырыла бастаған шаруалар бас көтеріп, көтеріліске шығып, қыркүйек айында ауданға шабуыл жасайды. Аудан басшылары, әсіресе ГПУ бастығы, көтерілісті ұйымдастырушы басшысы Шаһкәрім деп білген.
Ауданға шабуыл жасаған көтерілісшілерді қырып-жойып, олардың Пас сауғалап, қашып кеткендерін қуып ұстап, жазалауға ГПУ бастығы Қарасартов бастаған отряд шығады. Сол күні ауданға бет алып келе жатқан Шаһкәрім Қарасартовтарға кездеседі. Олар анадайдан көре сала, сөзге келместен, Шаһкәрімді атады. Оқ тиіп, жараланып жатқан ақын тілге келіп: — Мені ауданға апарыңдар... — дегенше болмай, екінші біреуі тағы атады. Ақын өледі. Бұл сұмдық оқиға 1931 жылы 2 қазан күні болған. Сөйтіп, Шаһкәрім ақын 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қызыл империяның қара жүрек, қанды қол жендеттерінің қолынан қаза табады. Жендеттер ақынды атып өлтіргеннен кейін, оның сүйегін иесіз даладағы ескі бір құр құдыққа апарып тастап, кете барады.
Шаһкәрімнің сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат (1900-1985) әкесінің сүйегін құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі. Бұл туралы Ахат былайша баяндайды: «1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. Әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, ол күні метрден аз-ақ артық қаза алдым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді. 28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бір оқ оң жақтағы тоқпан жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оқ жақ омыртқаның қанатын сындырған.
Кейбір сүйектерін өлшеп алдым... Әкей өте ұзын бойлы адам болатын. Сүйегін ауданға алып келдік. 7 август қабыры қазылды, 8 август күні Абай зиратының қасына жерленді. Жүздеген адам қойысты. Сүйек келгенде жыламаған жан болмады. Көздерінің жасымен бірге қуаныштары да байқалды...»
Қысқаша айтқанда, Шаһкәрімнің өмірі мен тағдыры жайындағы шындық осындай.
БЕЙБІТ САПАРАЛЫ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі