Біз Советтік Шығыстың шынарларының бірі Шәкәрім өмірі мен өліміне қатысты аңыз бен ақиқатты, шынайы Шәкәрімтану мен шалағай Шәкәрімтану ара салмағын осылай жүлгелеп, зерде-танымы енді қалыптаса бастаған жас өскелең ұрпақ үшін жарты ғасырға созылған ұлттық трагедияның барша болмысын танытатын, алыстан мен мұндалап тұрар белгі-сынатас қойғымыз келді!
Абайдың әдеби мектебі. Қалыптасу жолдары. Оның аса көрнекті өкілдері творчествосындағы саяси-әлеуметтік сарындар.
Жарты ғасырға созылған ұлттық трагедия.
...1904 жылы қазақ сахарасын дүр сілкінткен оқиға болды. Шыңғыстау өлкесінде айықпас құсаға, қапаға бой алдырған ұлы Абай жарық дүниемен бақұлдасты. Қалың елі енді қайталанбас біртуар перзентімен қабырғасы қайыса қош айтысты. Абайдың әдеби мектебінің төл шәкірттері Мағауия, Ақылбай сынды асылдың сынықтарынан да айырылып қалған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы қалың қайғыға батты. Абай мектебінің тікелей төрт шәкірті қатарына қосылмағанымен (М.Әуезовтың көрсетуінше олар — Шәкәрім, Көкбай, Мағауия, Ақылбай), осы әдеби мектептің айрықша тұлғалы өкілдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов ұлы ақын өлеңдерін ел ішінен тірнектеп жинап Абайдың өзіне жолығып, келісімін алып кітап етіп бастырсам ба деп ниеттеніп жүргенде, тауы шағылып, назары қайтты. «...Ибрагим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, данышпандығы — ғұлама философ еді.
Қор елде туды да, қорлықпен өтті», — деп Шәкәрім толғаныспен жазғанындай, ендігі жерде Абайды ғұлама-ұстаз тұтқан зерделі қауым ұлы ақын мұрасын жалпақ жұртшылыққа тарату, үлгі-өсиет етіп шашу жолын ұстанады.
Абай ағаның көзі тірісіндегі: «Сен қырық жасқа толғанда, бар жол қаражатыңды өзім беріп, білім іздетем... Ертедегі грек ғалымдарының білімін Стамбулдан табасың, ежелгі араб білімін Мекке, Мәдинадан табасың, Мысырдағы Александр салдырған кітапханадан кей ғалымдардың шығармаларымен танысасың, осы төрт жерге жіберемін», — деген аманатын арқаланып, жақын ағайындардың «жақсы көретін ағасының үш жылын күтпеді» деген күңкіл-шүңкіліне құлақ асудан гөрі, ұлы адамға берген сертін орындауды асқақ мұрат тұтынып, Шәкәрім араға жыл салып алыс сапарға аттанып кетеді. Стамбулда, Меккеде, Парижде болып қайтқан кезеңнен соң да, Абай өсиетімен шежіре жазып тәмамдағаннан кейін де, ақын өлең-жырларында алып тұлғаны жоқтау сарыны өсіп тұрады. «Қазақтың бас ақыны — Абай. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», — деп ақиқат ойын төгілдірген, Абай үлгісімен қазақ өмірінен алып «Қырық мысалды» жазған Ахаң да Абайтану қаз тұруына қатты қайрат көрсетеді (Қараңыз: А. Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны, «Қазақ» газеті. 1913 жыл. 34939, 41,43).
XX ғасырдың бастапқы шеніндегі көшпелі қазақ жұртының қоғамдық құрылысына сыни ой-зердемен назар тастап, отар елдің ерғашты хал-күйіне, Абай үлгі нұсқаған тереңдіктерге құлаш ұра отырып ден қойған Ахмет Байтұрсынов «Маса» болып «ызыңдай шағып», ел санасын оятып, саяси-әлеуметтік сарыны сан тарам «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ»... өлеңдерін дүниеге әкелді. Абайдың әдеби мектебінің белді өкілдерінің бірі, қазақ қыздарының ортасынан зиялылығымен жарқырай шығып, жалпақ елге кеңінен танымал болған, публицист әрі педагог Нәзипа Құлжанова, Шоқанның ең жақын достарының бірі, қазақ халқын риясыз жүрегімен сүйе білген әйгілі ориенталист әрі этнограф Г.Н.Потанинге арнаған арнау өлеңдерінде де Ахаңның қоғамдық қалыпқа айқын көзқарасы, өмірлік ұстанған жол-мұраты жарқын танылып жатады. Дей тұрсақ та, «Қазақ салты», «Қазақ қалпы» өлеңдері ұлы ұстаз Абай шығармаларындағы қоғамдық айрықша дерттерді танудың одан айығып арылу жолын талмай ізденудің сондай сыншыл ой-сана тәрбиелеп-шынықтырудың заңды жалғасқан үлгілі жолы болып табылады демекпіз.
Публицист, әдебиеттанушы, тарихшы Әлихан Бөкейханұлы да Абай мұрасына қатысты 1905, 1907 жылдары «Семипалатинский листок» газетінде және Ресей Географиялық қоғамы бөлімшесі жазбаларында ілтипатты пікір білдіреді. Бүгінгідей жан-жақты жаңғыру, түлей даму кезеңінде Ә.Бөкейхановтың өмір жолын тек теріс тұрғыдан ғана алып бағаласаң, бір жақтылыққа ұрынар едік. Онда оның Абай мұраларын тиянақтай жинап, кітап етіп бастырмаққа әрекеттенгенін, алайда бұл арман-мұраты жүзеге аспай қалған соң, Кәкітай, Тұрағұлға қолқа сап, тікелей өзі араласа жүріп, 1909 жылы Петербургте Бораганскийдің баспасынан Абайдың тұңғыш кітабын басып шығартқан ерен еңбегін бәз-баяғыша, сталиндік зұлмат кезеңіндегідей көмескі қалдырған болар ек. Қазақстандағы Алаш буржуазиялық-ұлтшылдық партиясы мен Алашорда үкіметінің, басшыларына кешірім жасау туралы Бүкіл россиялық Орталық Атқару Комитетінің 1919 жылғы 4 апрельдегі шешімін социалистік заңдылық тым өрескел бұзылған кезеңдегідей тағы да санаттан шығарып тастармыз. 1910 жылдың өзінде О.И.Костелянскийдің редакциясымен жарық көрген «Қазіргі державадағы ұлттық қозғалыстың формалары» атты жинақта Ә. Бөкейханов қызметіне, қайраткерлігіне оңды баға берілуі, оны белгілі украин ғалымы, шығыстанушы А.Крымскийдің «Түркі әдебиеті» атты іргелі зерттеу еңбегінде келтіруі, сонымен қатар А. Крымский Бөкейхановтың «Қазақтар» деп аталатын мақаласын іздеп табуы, онда «Халық еркі» атты орыс партиясының «Катехезисін» өңдеп, 1905 жылдары қазақтың халық жаршылары айтқандығы туралы қызықты деректер келтірілуі (Қараңыз: «Литературная Украина», 8 сентябрь, 1988 ж.; М. Веркалец. Бастаулар, «Қазақ әдебиеті», 20 январь, 1989 ж.), мұның бәрі, әрине, Ә. Бөкейхановтың қиын-қыстаулы, қарама-қайшылықты, ілгерілеулі, адасулы ғұмыр жолын диалектикалық таныммен, сыни көзқараспен байыптап қарауды қажетсінсе керек. Осындай сәтте еске түседі, академик Әлкей Марғұлан дүние саларынан бір жылдай бұрын, бір әңгімелесе қалған шақта, бұйығы, томаға-тұйық қалпынан бір мезет серпіле қалып, «Әлихан, Ахмет, Міржақыптай бозымдар қашан халыққа қайта оралар екен?!» — дегені бар еді. Сонда ғұлама Әлекең айтқан Міржақып Дулатов та Абай ұлылығынан серпін алған тас-түлек болатын.
М. Дулатов Абайдың көзі тірісінде кітабы жарық көрмегенін, 60 жыл Шыңғыста өмір сүргенде, халқы толық танымағанын, 1909 жылы кітабы басылғаннан кейінде де ел арасына соншалықты тарай қоймағанын ашыныспен жазады («Қазақ» газеті, 1914, № 51). Сөйте тұрып ұлы адамның дүниеден өткеніне он жыл болса-дағы, «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қаншалықты алыстасақ, рухына соншалықты жақындармыз», «Абайдың асқақтығын айдай әлем таныған... күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», — деп нық сенімді, шат көңілді білдіреді. Міржақып өз шығармаларының денінде Абайдан үзік ой келтіріп отырады. Абай әсерімен жазылып, 1911 жылы патша өкіметі наразылығына ілігіп, бар данасы дерлік жойылып жіберілген М. Дулатовтың «Оян, қазақ!», «Азамат» деп аталатын алғашқы жинақтары да белгілі украин әдебиеттанушы-ориенталисі А. Крымскийдің түйіндеуінше алдыңғы қатарлы идея рухында хатқа түскен...
Абайдың әдеби мектебінің өкілі дегенге Абай үлгісімен алғаш өлең жазуды бастаған, төмендегідей жыр жолдарын құйылтқан Мағжан Жұмабаевты да жатқызар едік:
Шын хәкім сөзі асыл, баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хәкім болған сендей жанды,
Дүние қолын жайып енді күтпес.
...Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайрап сөзім босқа!» — деме.
Артыңда қазақтың жас балалары,
Сөзіңді көсем қылып жүрер жеке!
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Дөнентаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мәжит Дәулетбаев, әйгілі Әсет, Уәйіс, Әріп, Шашубай, Әмірелер де Абай мектебі әуелей көкке өрлеткен жарқын тұлғалар санатына жатады. Тұрағұл, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Шәкер Әбенов, Қайым Мұқаметханов, Мұхтар Мағауин, Жекен Жұмаханов, Кәмен Оразалин, Рымғали Нұрғалиев деп тізіп кеп берсек, бітімі бөлек және бір салқар көш шыға келмек алдымыздан.
Біз Абайдың елі-жері, топырағын исініп өскен перзенттерді ғана тізіп көрсеттік. Ал Абайдың әдеби мектебін Қазақстан көлемінде алып қарасақ айтулы тұлғалардың жуық арада таусылып бітпестігіне бәс қоялық.
Абайдың әдеби мектебі, өнегелі ортасы, шәкірттері... Біз мұның бәрін нендей мақсатта тарата-тәптіштеді деп ойлайсыз?
Біріншіден, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылығы нағыз әділетті бағасына ие болып, өздерін туғызған халқына қайта оралуына байланысты «Абайдың әдеби мектебі» деп аталатын тақырып та әдебиеттанушыларға айқара ашылды, оны тереңдей зерттеп-тануға мүмкіндік туды. Ендеше, осы қабырғалы мәселенің танымдық жүйесін жүлгелей отырып таразылап өтсек дедік. Жас ұрпақ сабақтастығымен көкейіне қондырып, «ақталып» жатқан кесек тұлғаларға орай, ұшқары пікір-байлам білдіріп қалмасын деген үлкен мән-мұратты ұстандың. Екіншіден, төл әдебиеттануымызда басы біріктіріліп, тиянақтап тексеріле қоймаған өзекті өріс, яғни әдеби мектеп өкілдері творчествосындағы саяси-әлеуметтік сарындар жаңаша ойлау мәдениетіндегі маман-ғалымдар назарына іліге ме деп үміттендік. Үшіншіден, «Әшкереленбеген жауыздықты» бұлтартпас дәлелдермен әммеге жария етіп, ашып көрсету тұрғысында, жарты ғасыр бойына ұласқан ұлттық трагедия — әйгілі арыстардың халыққа қайта оралмай келуінің негізгі себептері, оның «қозғаушы күші болған жауыз тұлғалар» әрекетінің басты тетігін ашу мақсатында әлгіндей тарихи -танымдық шолу жасап өту ауадай қажетті болды. «Абайдың ақындық дәстүрі», «Абайдың ақындық айналасы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың ақын шәкірттері»... мұның ішінде көкейге қонымдысы да, ғылыми-әдебиеттанушылық орнықты атау-сөзі де, Мұхтар Әуезов алғаш қалыптастырып, уақыт сынынан өте келе өз алдына бөлек зерттеу арнасына айналған жеке тақырып өзегі — «Абайдың әдебиеттік (әдеби) мектебі» болып табылады. Бұл орайда біз оқырманның таным-түсінігіне бағдаршы бола түссін деген мақсатпен, Мұхтар Әуезовтың осы тақырыпта отызыншы, қырқыншы жылдары жазып қалдырған ой-нұсқаларынан, тезистік қолжазбаларынан үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі