Мен бұлбұлдың сайрағанын ешқашан естіген емеспін. Естіген күннің өзінде қасымда оның басқа емес бұлбұл екенін түсіндіретін адам болмаса, танымасым анық. Бірақ маған бәрібір бұлбұл ұнайды. Әбден жауыр болған, ғасырлар бойы айтыла-айтыла ескірген атағымен, әсіресе мен үшін беймәлімділігімен.
Қазір де үйдің алдындағы ашық дәлізде отырып, тың тыңдаймын. Ауыл кеші. Айтып жеткізу мүмкін емес бейқам ауыл кеші. Тұнық ауа ұйыған сүттей қою, таза. Шетінен қасықтап алып, жей бастағың келеді, тәбетіңді ашады. Әлде жота жақтан самал жел әкеліп, шашып тастаған жусанның қышқылтым иісі араласқаннан кейін бе. Түсініксіз.
Кеш батып бара жатыр. Көрші үйдің шатырына қонақтаған қараторғайлардың үні тіпті құйқылжый түсті. Бірінен бірі асырғысы келетіндей. Табиғаттың ән сайысы өтіп жатқан тәрізді.
Мен осылай өмір бойы отыра алатын сияқтымын. Егер кеш бітпей, мәңгілікке созылса, мен отыра берер едім. Кенет қақпаның сыртынан аяқ тықыры естілді де:
— Жанар!, — деген дауыс шықты.
— Кіре бер, Балнұр, кіре бер.
— Ақтабан жоқ па?
— Жоқ, байлаулы. Кел.
Қақпаның есігі ашылып, артынша Балнұрдың өзі де көрінді. Ол шапшаң жүреді. Біршама қашықтықтағы менің қасыма лезде жетті.
— Қараңғыда не істеп отырсың. Шам жақпайсың ба?
— Шам жоқ. Электрик келіп өшіріп кетті.
— Ақшасын төлемеп пе едіңдер?
— Төлемеппіз.
Ол тағы шапшаң сөйлейді. Сөйлегенде ерні-ерніне жұқпайды, сондықтан оның аузынан шыққан сөздер, тіпті сөйлемдер тұтас, өте ұзақ бір сөзге айналады. Балнұрдың не деп тұрғанын түсіну үшін оны білу керек. Жай білу аз, оның миын, ойлау жүйесін, басынан бастап, жеткен жеріне дейін толық меңгеру қажет. Мен оны сөзсіз білемін. Сондықтан енжар, еріншек күйімнен ажырамай-ақ сөйлесуге қабілеттімін.
— Ақмарал бір жарты қоямын дейді.
— Ненің құрметіне?
— Сен келді деп айттым. Өзінің де ішкісі келіп жүр ғой деймін. Жанар екеуіңе бір жарты қойып беремін дейді.
— Қайда?
— Өзінікіне. Ет асып жатыр. Кеттік.
Ойланып қалдым. Әрине, кеш керемет болып тұр. Ішсең сөзсіз сиқы кетеді. Ауылдан, сонша уақыттан бері бір келген ауылдан ләззат алу былай тұрсын, ертеңгі күн өмір үшін жанталас күреске айналады. Мына кеш пен қараторғайларды қиып кету де оңай емес. Екінші жағынан, мен ауылға күнде келмеймін. Балнұр мен Ақмаралды, бала кезімнің, жасөспірім кезімнің естеліктерін енді бес жылдан кейін бір-ақ кездестіруім мүмкін. Әрине, бұл соншалықты қайғылы жағдай емес, бірақ, дегенмен...
— Дәл қазір баруымыз керек пе?
— Енді қашан барайын деп едің?
“Бәрі дұрыс” деп ойладым. “Бас істеп тұр, тек ми жоқ” дер еді менің бір танысым бұл жағдайда.
— Онда, кеттік, — дедім, — тек есікті жабуға мұрсат бер, Балнұржан, есікті жабуға.
Ақмарал қазан жақта жүр екен. Ебдейсіз денесі, икемге оңай көнбейтін тарбиған саусақтары, қара қошқыл сипаты — барлығы сол қалпы. Өзгермеген. Тек ересек тартып қалыпты. Кекеселеніп.
— Сәлем, Ақмарал.
— Сәлем!
Екеуміз құшақтасып, сүйістік.
— Отыра беріндер. Мен қазір.
— Тамақ қашан піседі?
— Қазір қайнады.
— Әкең қайда?
— Бүгін болмайды. Ақмырзанікіне кеткен.
Ақмырза - Ақмаралдың ағасы. Көрші ауылда тұрады. Қып-қызыл маскүнем. Ертерек кезде ішіп келіп мені айналдырмақ болғаны бар. Бірақ, менің қазына-байлықтан кенде емес сөздік қорыммен танысқаннан кейін, есін жинап, ұзақ отырьп қалды да, айуандықпен адам өлтірген азаматтың Қылмыстық Кодекс бойынша бас бостандығынан айырылатыны туралы ойлады білем, енді өз тарапынан өзінің сөздік қорымен егжей-тегжейлі таныстырып жайына кетті. Монша деген сөз балалық шағының еміс-еміс естелігіне айналған, өзінің саналы өмірінің жартысынан көбін араққа құрбан қылған жанның жайына жоғалғанынан мойнымның ауыр жүк түскендей жеңілдегенім рас, бірақ мені жай кетпей, біршама уақыт көңілсіз ойға батырып кетті. Жаныма батқан нәрсе — еркек пен әйел арасындағы әділетсіз айырмашылық болған еді. Не себепті ең соңғы ақымақ еркектің мәртебесі өзіңнің жылдар бойы жинап, шашау шығармай күтіп пайдаланатын сүйікті сөздік қорыңның ең жауhарларын бетпе-бет пайдалануға келгенде үстем болады. Не себепті мен белгілі бір сөз тіркестерін дәл сол екпінмен, дәл сол мағынада қолдансам, күлкілі де, Мұхит қолданса, орынды ақылға сыйымды көрінеді? Сол жолғы жүрегіме түскен жара қайтадан сыр беріп, біршама жабырқап қалдым.
— Қыздар, арақ ішпейміз бе?
— Иә, бастай берейік, — деді Балнұр мені қостап, — Ет піскенше қай заман.
— Столдың астында тұр. Алып аша беріндер.
Ақмарал дастархан басына қайнаған шәугім мен шәйнекті әкеліп қойды. Барлығы заңды. Қонақ келсе, шай ішу керек. Және арақ ішу керек. Екеуі қатар, бір-біріне бөгет жасамай жүре береді. Біздің ауылда.
— Күйеуден хабар бар ма? — деп сұрадым Балнұрдан.
— Иә, өткен аптада балаларға келіп кеткен.
— Сенікі ше?
Енді Ақмаралға бұрылдым.
— Менікінен хабар жоқ.
— Бекершілік істедің, кетпей қою керек еді.
— Ұрды ғой ол мені.
— Шыдау керек еді.. Кімді кім ұрмайды, — деді Балнұр босап қалған стаканын дастархан үстіне қойып жатып.
— Иә, — дедім мен де, — Сені балаларыңмен қосып үйге қамап, сыртыңнан от қойған жоқ қой.
— Менің балаларым жоқ, — деді Ақмарал қарсы дау айтып.
— Жаратқан Иеңе мың да бір рақмет айт.
— Бекер олай дейсің, — деді Балнұр, — балалардың болғаны жақсы. Ал Жақсылық ішпесе, жақсы адам. Балаларды жақсы көреді..
— Үшеуін бірдей жинап-тернеп сенімен қосып өртеп жібермек болғаны үлкен махаббаттан екен ғой. Кешір. Қайдан білейін.
— Қатты бала туғым келеді, — деді Ақмарал алысқа қарап, — енді менің балаларымның болуы үшін ішейікші.
— Қанша балам болса екен дейсің, — деді Балнұр.
Бірақ бұл оның аузынан төрт-бес әріптен тұратын ел естіп, көз көрмеген сөз болып шықты. Әлдебір жеңілтек сезім жетегінде үйге кіріп кетіп, сыртқа қарай ұмтылған сайын әйнекке соғылатын шыбынның ызалы, күйінішке толы ызылындай әлдене.
Бірақ Ақмарал екеуіміз тосылған жоқпыз. Ол тіпті:
— Үшеу, — деп жауап берді.
— Мәссаған, — дедім мен. Таң қалғаным сонша ернеуіне жетіп шүпілдеген арақты қалай түбіне дейін ішіп жібергенімді сезбей қалдым. Есімді жинағаннан кейін Ақмаралға белгіл бір мағынаға толы көзбен қарап ұялтуға тырысып көрдім.
— Олардың барлығын қалай асырайсың? Зейнетақыңмен бе?
Ақмарал екінші топтағы мүгедек болатын. Тұрақты зейнетақысы бар. Ақыл-есімен байланысы. Бірақ, шындап келгенде, ол соншалықты дәрежеде есуас емес. Тіпті кейде маған мүлде есуас емес болып көрінеді. Кейде. Ал қазір сол “кейденің” елес, түс болмағанына күмәнданып отырмын.
— Серіктің де зейнетақысы бар ғой.
Серік оның күйеуі. Болған. Ол да Ақмаралдікі тектес зейнетақы алады. Бірақ, кезекті қан төгіс майданнан кейін әкесінің үйіне кетіп қалған Ақмаралдың артынан “жаздым, жаңылдым, ит болыппын” деп келмеді. Ал Ақмарал сол жолғы өзінің қызбалығы үшін өкінеді. Білемін. Өкінеді.
— Ажырасқандарыңа екі жыл болды ғой. Егер сен үш бала тусаң, оның өз қатыстылығын мойындайтынына сенімдісің бе?
Мен тілімнің күрмеле бастағанын сездім. Сондықтан Ақмаралдың түкке түсінбегендігіне таң қалмадым.
— Мен онымен ажырасқан жоқпын.
— Олай болса, сендердің балаларың үшін ішсек ішейік.
Қайта құйып оның болашақ балалары үшін іштік.
— Қыздар, маған сендер алқаш болып кеткен сияқтысыңдар.
— Тағы бір бөтелке бар, — деді Ақмарал.
— Балнұр, сенің бала-шағаң кіммен қалды?
— Өздері. Үлкенім жетіде ғой. Өзі қарай береді.
— Екіншің ше?
— Үште.
— Үшіншің ше?
— Екіде.
— Аттары кім?
Кенет Ақмарал жылай бастады. Серікке деген сағынышы, бала, үш бала туу туралы арманы көзінен жас болып шыққан.
— Ақмарал, жыламай тұра тұр. Сен әлі бізге тамақ беруге тиіссің.
— Мен Жолдыбайды жек көремін, — деді ол өксіп.
Жолдыбай оның әкесі. Өмір бойы қой баққан, ауданға белгілі құрметті адам. Бірақ шынымен де Ақмаралға нашар қарайды. Киімі тоз-тоз, үнемі осы үйдің басыбайлы күңі сияқты, отымен кіріп, күлімен шығып жүреді. Адам екен демейді. Әкесі де, бауырлары да. Ешкім. Шешесі қайтыс болғалы ешкім.
— Мен Жолдыбайды жек көремін, — деді ол енді дауысын қатты шығарып жылап, — мен оны өлтіремін.
Балнұр екеуіміз үнсіз қалдық.
— Мені күйеуіммен ажырастырған сол. Мен оны жек көремін.
Ақмарал ұзақ жылады. Балнұр қазан-ошақ жаққа өзі барып, етті түсіріп, нанымен алып келген соң ғана тоқтап, екінші шөлмекті аша бастаған. Барлығымызға қайта құйып шықты.
Мен ішімдегі әлдененің мұңлы күйге еніп, еңсесі түсіп кеткенін сездім. Домбырадан төгілген қоңыр әуен сияқты. Енді менің жылағым келе бастады.
— Қыздар, барлығымыздың бақытты болуымыз ішейікші..
Ақмарал стақанын сүлесоқ созды, ал Балнұр керісінше ширақ соғыстырған. Ол жалпы шапшаң адам. Көзіңді ашып-жұмып үлгере алмайсың, Тез. Іштік.
— Қайтайық, — деп орнымнан тұра бастадым.
— Қона салсаңдаршы.
— Мен балаларыма барайын. Аяжанның түнде оянатыны бар еді.
— Ал мен өзімнің үйіме барайын. Ертең апамдар келеді, — дедім мен Балнұрдың сөйлеу мәнеріне салып.
— Мейлілерің.
Далаға үшеуіміз бірге шықтық. Түн. Ауыл жым-жырт. Сағат төрт-бестер шамасы болар. Осы кезде бұлбұл сайрауға тиіс деп ойладым.
— Қыздар, ауылда бұлбұл бар ма осы?
Олар жауап берген жоқ. Әлде мен дауыстап сұрамадым ба екен. Білмеймін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі