БІР АКТІЛІ ДРАМА
(Герольд Бельгердің рухына арнаймыз)
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Ауылбасы – 60 жас шамасында
Ауылбасының әйелі – 50-60 шамасында
Жасұлан – Ауылбасының ұлы 15-16 жас шамасында
Люба – украин қыз, 15-16 жас шамасында
Неміс шал – 55-60 шамасындағы кісі.
Түрік кемпір – 70-75 шамасында.
Зуһра – 15-16 жас
Жәмила – 45 тегі әйел, Ақеділ мен Жайықтың анасы
Ақеділ – 15-16 жас
Жайық – Ақеділдің ағасы
Диуана шал – иен далада аң аулайтын шал
Сәлім – шалға ілесіп жүретін бала
Айжамал
Гүлжамал – апалы-сіңілілі келіншектер 30-35 шамасында
Гүлжан – ауылдағы әйелдер
Ағира – кемпір
Кәріс шал
Шешен әйел
Бригадир
Ауыл адамдары
Әскерилер
Бірінші көрініс
Қазақ ауылы. Сырттан адамдар жер аударылып келген. Украиндықтар, кәрістер, шешендер бар. Аралас. Олар түйіншек-түйіншек заттарын қорып, үрпиіп тұр. Жүздерінде үрей, шарасыздық. Әскерилер жекіріп, ит абалап үріп жатыр. Жер ауғандарды ауыл адамдары қабылдауда. Араларында ораулы нәрестені көтеріп, ешкімге жуымай үрке қашып жүрген бала ерекше бөлек көрінеді.
Ауылбасы. Үсті-үстіне үйіп жатырсыңдар. Бұлардың саны ауылдағы адам санынан асты. Қайда жатқызамын, немен тамақтандырамын, қайдан жұмыс тауып беремін?
Әскери. Бұйрық солай, ата. Қабылдайсыз, енді қайтесіз. Бұлардың сұрауы жоқ. Онша басыңыз қатпасын.
Ауылбасы. Сұрауы жоғы несі?
Әскери. Сұрауы жоқ деген – өлсе, жауап бермейсіз. Саспаңыз.
Ауылбасының әйелі. Ең болмаса не қылған адамдар соны айтсаңшы. Бұл тағы не нәубет, елім-ау, халқым-ау! Тағы не бәлеге тап болдық?
Әскери. Айқайламаңыз. Сөз тыңдаңыз. Білуімше, бұлардың барлығы жау жақтың жансызы. Әйтпесе тек жатқан елді айдап айдалаға апара ма? Соғыс жағдайында елдің ішіне іріткі салып, етектен тартып болмаған соң өкімет осылай шешті.
Ауылбасының әйелі. Ойбай, жау болса, біздің ауылға неге әкелесіңдер?
Әскери. Бұйрық солай. Сөйлесіп тұруға уақыт аз. Есіңізде болсын, араласпаңдар, жақындатпаңдар, басқаларға осыны жеткізіңіз. Бұлар адам етін жейді.
Бригадир. Оқ жаудыруға бұйрық бересіз бе, командир?
Әскери /ауылбасына/. Мынау кім?
Ауылбасы. Бұл контужный.
Әскери. Давай, ие бол адамдарыңа!
Жүріп кетеді.
Бригадир. Совет өкіметінің жаулары, өңшең сұм залымдар! Капиталистік империализмнің жансыздары! Оқ жаудырыңдар, батальон!
Ауылбасының әйелі. Ойбай! Енді қайттік?
Ауылбасы. Қайдағы жансыз, өңшең бала-шаға, шал-шауқан. Ең болмаса қара жұмыс істеп, қиыншылықты көтерісетін еркек жібермеген екен.
Ауылбасының әйелі. Өкіметті ақымақ көресің ба? Сенің осы мінезіңді-ай. Елдің бәрі ақымақ та, ақылды жалғыз сен. Ананың айтқанын естідің бе, өлсе өле берсін деді. Әй! /ауыл адамдарына айқайлайды/. Ана нашалнік бала жоламаңдар, аулақ жүріңдер деді, бұлар кісі етін жейді дейді. Жоламаңдар! Кетіңдер! Балаларды тығыңдар!
Ауылбасы. Оттама! Әй, қашпаңдар!
Жұрт ақырындап жылыстап тарап, қатарлары сирей бастайды.
Ауылбасының әйелі /келгендерге қарап/. Әй, шо смотришь, әй! Қарамаңдар бізге!
Бригадир. Атамын, тоқта!
Ауылбасы аулақтау тұрған әскериге жақындайды.
Әскери. Тоқтаңдар! /ауылбасының әйеліне/ Сіз тұра тұрыңыз! Қабылдап алыңыздар. Мен сіздерге өткізіп, тапсырып кетуім керек. Мыналар қызық қой. Тұра қашқандары несі. Содан кейін, қабылдап алған соң, жоламаңдар. Әзір тұра тұрыңдар. Түсінесіз бе?
Ауылбасы. Жолдас командир, бұларды мен қайда жатқызамын. Немен асыраймын. Онсыз да азық-түлік біткенді майданға жіберіп отырмыз, өз жұртым аш-жалаңаш. Қыс болса мынау қаһарын төккен. Мынауыңыз екі ауылды құрайтын халық қой. Бұлай болмайды.
Командир. Қазақтың көрпесі кең. Барлығы сыяды.
Ауылбасы. Өзің ғой, адам етін жейді деп жерітіп отырсың. Біресе қабылдап ал дейсің. Қай сөзің дұрыс.
Әскери. Әйтеуір тіл мен жақтарыңа сүйенген елсің. Мә, мында қол қой.
Ауылбасы. Қайдам... Қырып аламын ба деп қорқамын. Көздері жәудіреп, ауылыңды пана тұтып келгесін... кішкене жағдай жасап, солдаттарыңа айтсаңшы, ең болмаса жертам қазысып кетсін, нашалнік. Ауыл толы қатын-бала, мыналар да қалт-құлт етіп тұрған шал-кемпір, бала-шаға. Қалай болар екенбіз. Кішкене қол көмек беріп кетіңдер.
Командир. Уақыт жоқ оған. Басымды қатырма, кет. Ана тізімге қолыңды қой, қабылдап алдым де. Әрі қарай білгеніңді істе.
Ауылбасы. Енді қайтсеңдер де кішкене ауылдың шама-шарқына қарау керек қой. Бұл не қылғандарың?
Командир. Сіз көп сөйлейді екенсіз. Өте көп сөйлейді екенсіз.
Ауылбасы /шошынып/. Жоға. Кілең жансыз деп төгіп жатырсыңдар. Бұларды қайда жатқызамын дегенім ғой?
Командир. Бұл енді сенің жұмысың, ауылдың басшысы сенсің. Өзің тап шешімді. Бірақ есіңде болсын, сәл сезіктенсең, кілт еткен күдік туса, жас деп, кәрі деп, көзі әдемі деп аяма. Дереу, естіп тұрсың ба дереу келіп, баянда.
Ауылбасы. Білемін, кеше туған жоқпын.
Командир. Білсең – сол. Ақсақал, онда тізіммен өткіземін, тізіммен қабылдап ал жұртыңды.
Түрлі ұлттардың фамилиясы оқылады.
Зайнап Юнусова (шешен әйел шығады)
Куйра Джамалдинов
Ахмат Якубов
Ребиат Юсапов
Усман Ибрагимов
Вальтер Лехнер
Астрид Ципсер
Ида Юнгханс
Герольд Краузе (неміс шал шығады)
Марта Краузе
Неміс шал /жылап жібереді/. Жолда өлді-і-і-і-і....
Зельда Шефер
Эльма Шефер
Отто Шефер
Анна Югай
Августин Хван
Людмила Тен
Кан Гамчхан (корей шал шығады)
Ли Гюбо
Ли Сын Ман
Ким Дэ Чжун
Олар мен деп алдыға өтеді. Кейбірін «жолда өлді» деп жатыр. Ондайда кей әйелдер талықсып құлап, дауыс салып жылайды. Анда-санда әскерилер қамшымен дүрелеп, тыныштық орнатады. Ауыл адамдары үрпиісіп қалған. Оларды түгендеп болған соң әскерилер кетеді. Екі жақ бір-біріне үрпие қарап әлі тұр.
Бригадир. Жоқ, кіргізбеймін, кіргізбеймін советтік Жаңатұрмыс ауылына!
Оған келгендер ерекше үркіп қарайды.
Диуана шал. Ал енді қарап тұрмайық. Кәне, бөпеңді бере ғой, құлыным.
Кішкентай баланың қолындағы орауды алмақ болады. Бала ышқынып бермейді.
Ауыл әйелі. Ойбай, қолындағысы рас бала ма?
2-әйел. Дымы шықпайтын бұл не қылған бала?
1-әйел. Құдай-ай, өліп қалған ғой. Шақалақ сәби ғой. Балам, жібере ғой.
Бала шырылдап бермейді. Жабысып алған. Диуана шал барып әлгі баланы қолындағы орауымен қосып құшағына қысып тербетіп, «Бесік жырын» (соғыс жылдарындағы) әндетеді. Біреу шапан әкеліп, үстеріне жабады. Бала жылап жатып, ұйықтап кетеді. Шал шақалақты алып әйелдерге береді. Екі жақ та жылап жатыр. Біртіндеп, халық тарай бастайды. Келгендерді қазақтар үйді-үйге бөліп әкетеді. Сахнада диуана шал ғана баланы тербетіп қалады.
Бір үй тұр. Ағира кемпір терезенің арғы жағында жылтыңдап сығалайды. Қолында майшам, үрейлі картина. Қолын сермеп сөйлеп жатыр. Тарай бастаған ел кідіріп қарап қалады.
Ағира. Тағы соғыс басталды ма? Солдаттар жүр ғой. Әбенім, Жармұхамедім бар ма екен арасында? Жұртым-ау, менің құлыншақтарымды көргенің бар ма? Ауылға соғыс келді! Соғыс келді! Жоқ! Жоқ! Жолатпаңдар, кетіңдер! Кетіңдер!
Неміс шал көптен бөлініп, осы үйге барып кіреді.
Екінші көрініс
Көне құдықтың басы. Сахнада Диуана шал ау құрып, қақпанын сайлап отыр. Алыста состиып бірінші көріністегі бала тұр.
Диуана шал. Әй, бала, ауылға қайт!
Бала қозғалмайды.
Диуна шал. Әй, бейшара, өзіңде тіл-ауыз бар ма... Қайтейін. Олай болса бері кел. Кел, келе ғой. Ең болмаса су іш. Мә, су алып берейін.
Бала состиып қозғалмайды.
Диуана шал. Өзің нені қорек етіп жүрсің. Өлесің ғой аштан. Еее, сен бір жолаушы сапарға бекем бел буған... Сарала болып атқан бір таңда үйренген бойың ортаңды, табиғатыңды, жан жарыңды қалдырып, суыт шығып жүре бердің қайырылмай... Кәрі әкең қалды кемсеңдеп, ол бәрін сезіп жүрген, кәрі көкжал түйсігі бәрін пайымдап қойған. Бірақ сол бір сары таң, уылжыған пәк көрініс уата алмады оны. Шоқша сақалы секеңдеп, сары тістері бір-біріне қақтығысты. Ал сен шығып жүре бердің, құлыным. Жүрісің суыт, жүзің мәрт, шаһид тағдыр иесі. Жаратқан сені осылай мына менмін, құлыным. Кімге өкпелеймін, кімге барып шағынам?
Ақан серінің Құлагерін айтады. Бала әлі тұр, кетпейді.
Диуана шал. «Жел соқса, қамыс басы майда деймін, Атыңды, ат айдаушы, айда деймін. Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды, Жығылмаса Құлагер, қайда деймін?!» Әлде жүйрік біткеннің тағдыры осы ма? Міне, мына сен... Қай елдің азаматысың? Орыс емес, не ноғай, не түрікмен емес. Кімсің сен?
Бала үндемейді. Сол қалпы тыңдап тұр.
Диуана шал. Мен аң аулаймын. Аң дейтін аң қалды ма, кейде суыр ілінеді қақпанға, кейде түлкі, қарсақ. Қасқыр жоқ. Аяқ жетпейтін қиырға ауып кетсе керек. Бері кел.
Орнынан тұрып, балаға қарай жүреді, бала қаша жөнеледі.
Арғы жақтан неміс шал келеді.
Неміс шал. Немене желігіп, кішкентай баланы қуып жүрсің?
Диуана. Бейшара қыр соңымнан қалмайды, не жақындамайды. Енді қайда кетті?
Неміс шал. Үркіп қалған. Адамнан қорқады. Құдықта су бар ма?
Диуана. Өзің қай үйге қоныстандың?
Неміс шал. Ағира деген кемпір қабылдады.
Диуана. А, Ағира ма?
Неміс шал. Шерменде екен. Үйде отыра алмаймын. Қақ төрге шығып алып, орамалын шешіп, аппақ шашын жайып жібереді де зарлайды да жатады.
Диуана. Қайтсін енді. Төрт ұлдан бір-ақ айырылды.
Неміс шал. Үйге сыймаймын.
Диуана. Шайын қойып беруге жарасаң, ол да несібе.
Неміс шал. Әлі орныға алмай жатырмын. Темір жол бойын жағалап, халім жеткенше жүріп қайтамын. Жолда кемпірімді лақтырып жіберіп еді жауыздар. Соның мәйітін табамын ба деп.
Диуана. Таба алмассың...
Неміс шал. Бәрібір іздеймін.
Диуана. Ізде, ізде...
Неміс шал. Өзің осы ауылда тұрасың ба?
Диуана. Осы ауылда, осы ауылда.
Неміс шал. Бұлай өмір сүре алмаймын... Шыдамым қаншаға жетеді білмеймін...
Кенет ол Диуана шал құрып отырған торға малтығып қалады. Босана берем дегенде жерге жығылады. Диуана шал қалбалақтап, оны тұрғызып, тұзақтан шығарып жүр.
Неміс шал. Әй, құдай-ай! Сталиндік конституция – зұлмат, Кеңес өкіметі – зымиян, қарғыс атсын сені, мұртты тажал! Қарғыс атсын сені!
Диуана. Жалғыз анық – бұйрық қана.
Неміс шал. Бірақ... сүру керек, көну керек... Осы ғой айтпағың. Жарайды, аман бол.
Диуана. Аман бол, аман бол...
Қолында шыбығы, шашы дода-дода болып орамалынан шығып кеткен Ағира келеді.
Ағира /өзімен-өзі сөйлеседі/. Қара қағаз жібереді де жатады, жібереді де жатады. Төрт балам бар еді, төрт қара қағаз жіберіпті. Қағаз бала бола ма? Сталинді айтамын да, жынды ма өзі? Соғыс біткен соң қайтара ма әлде. Осы қағазды ала тұрсын дей ме? Әйтпесе немене? Қағазға қатын әперем бе? Қатын қағазды не қылады? Миым жетпейді. Жынды ма немене?
Диуана шалды байқайды. Ағира кенет есін жиып, қысылып қалады. Қолындағы шыбықты лақтырып жібереді.
Ағира. Ұят-ай........... /сәлем салады/.
Диуана шал басын изеп, қабағын түйген қалпы өтіп кетеді. Артынан кішкентай бала өтеді. Ағира оған да сәлем салады. Бала да мән бермейді.
Үшінші көрініс
Ауыл әйелдері жиналған масақты бидайдан ажыратып, отыр. Біреу ән салады. Олардың арасында қазақтардан бөлек, ауылға келіп қоныстанған басқа қатындар да бар. Оларды үстілеріндегі өз ұлтына тән элементтері бар киімдерінен танимыз. Кейбірі ортақ әңгімеге араласып, етене жақын отырса, біреулер бөлек қалпынан жаңылмаған. Әсіресе бір шешен әйел ерекшеленеді. Ұзын, тым ұзын. Жас мөлшерін түріне қарап ажырата алмайсың. Басқа жұрт бір төбе болса, ол бір төбе. Бет-жүзінде қасірет таңбасы соғылып, сол қалпында сіресіп қатып қалған. Эмоциясыз. Көздері де қозғалмайды, өлі. Бригадир келіп кіреді.
Бригадир. Әй, бидай ұрламаңдар, сотталып кетесіңдер. Шығарда барлығыңды тінтемін.
Гүлжамал. Әй, қайнаға, мені қазір тінтші.
Әйелдер күледі.
Жәмила. Тек, нең бар есерсоққа соқтығып.
Гүлжамал. Ақыры тінтитін болса, менен бастасыншы.
Бригадир. Әй, Гүлжамал, үкіметпен ойнама сен! Мен осы тұрған жеріңде атып кетемін. Қақым бар, рұқсатым бар!
Гүлжамал. Ойбай, ойнап айтам. Қалжың түсінбейсің бе?
Бригадир. Қалжыңдама! Аяғыңды аспаннан келтіремін!
Айжамал. Не деген теңеу!
Әйелдер күледі. Бригадир ашуланып, қамшысын алып тұра ұмтылады. Әйелдер қаумалап арашалап алып қалады. Бригадир әйелдердің қолы тигеннен кейін кенет өзгереді. Күліп, бір жастау келіншекке тұра ұмтылады. Әйелдер басында күлгенмен, артынан істің насырға шапқанын сезіп, оны жабылып жатып қуып шығады.
Айжамал. Ұялмайсыз ба?
Бригадир әлі келмейтінін біліп ыржалақтап шығып кетеді.
Гүлжамал. Жоға деймін-ау, мынау қызық қой.
Түрік кемпір. Ынсап жоқ бұларда. Құдайын танымай кеткен өңшең құзғын.
Жәмила. Соғыстан қаны бұзылып келді, әйтпесе қандай азамат еді. Туған шешесін танымай қалды ғой.
Әйелдер жұмысқа қайта отырады. Шынар /жаңағы бригадир қуған келіншек) «Жатыр едім жайлауда» деген әнді айтып жылап айтады. Бәрі жылайды.
Шешен әйел /қобалжып/. Отқа оранды. Ауыл отқа оранды. Жалын жұтты бәрін!
Жәмила. Мына кісі қайта көтеріліп кетпесін. Абайлаңдаршы. Болды, тыйыңдар көз жастарыңды. Әй, Гүлжамал, айраныңнан қалса, құйып берші.
Гүлжамал торсықтағы айраннан құйып береді. Әйел кесені қолына ұстап, бір нүктеге қадалып қалған.
Жәмила. Ішіңіз, ішіңіз. Іш десеңші, кішкене өзегін жалғасын.
Гүлжамал кесені қолымен демеп, ауызына апарады, әйел бір-екі ұрттайды. Рахметін ишарамен білдіріп, қайта жұмысына кіріседі. Әйелдер күрсінеді.
Түрік кемпір. Е, не қасіретті бастан кешіп келгенін кім біледі. Өрт жалмады дейді де отырады.
Зуһра. Әлде келе жатқан пойыздары өртеніп кетті ме екен.
Түрік кемпір. Кім біледі...
Зуһра. Апа, мен шаршадым. Қарным ашты.
Гүлжамал. Мә, сен де іш айраннан. Іше ғой.
Айжамал. Болды, дарақылана берме, өзімізге де қалсын.
Гүлжамал /қысылып/. Жетеді, жетеді ғой.
Зуһра. Жоқ, рахмет.
Түрік кемпір. Айналайын, рахмет. Қазір сәл шыдасақ, үйге қайтамыз. Өздерің ішіңдер, өздерің ішіңдер.
Жәмила дорбасын қопарып-қопарып, түбінен ірімшік шығарып, ақырын Зуһраға береді. Әйелдер әрі қарай ыңылдап әндетіп, жұмыстарын жалғастырады. Терезеден Ағира сығалап жүр. Ол әйнекті қағады. Әйелдер оны байқап, күрсініп қояды.
Ағира. Қыздар-ау, беу қыздар! Төрт ұлым төрт жағымнан алып, аяғымды жерге тигізбей көтергенде көрермін сендерді. Сол кезде бәрің жыпырлап, апа-апа деп асты-үстіме түсерсіңдер әлі. Ана жақта туады менің дәуренім, сонда көресіңдер...
Төртінші көрініс
Қоңырқай шаңырақ. Ортада дөңгелек аласа үстел. Майшам сығырайып жанып тұр. Жасұлан мен Ақеділ кітапқа шұқшиып бір нәрсе жазып отыр. Украин қыз Люба оларға қарап отыр. Жәмила кіреді. Ол келгенде балалар бәрі жапырлап, тамақ күтіп қарайды. Жәмила орамалын шешіп, шашын жайып жіберіп, арасын қағып-қағып, бидай түсіреді. Оны қолдиірменге тартып, бір уыстай ұн жасап, быламық пісіреді. Төмендегі әңгіме Жәмиланың осы ісі барысында жүреді.
Жәмила. Балалар, жұмыстарыңды аяқтаңдар. Кешкі шайымызды ішіп жатайық.
Ақеділ. Жайық келмеді ғой.
Жәмила. Бүгін келмейтін сияқты. Жұмысы барған сайын ауырлап барады.
Жасұлан. Онда мен үйге қайттым. Айтпақшы, апа, Ақеділдің өлеңін тыңдаңызшы. Бір керемет өлең жазыпты. Оқышы.
Ақеділ. Қойшы...
Жәмила. Оқи ғой, қысылма.
Ақеділ. Құтырынып, қарақшылар,
Фашист деген өңшең сұмдар.
Жаймақ бізге улы торын.
Қорықпаймыз олардан біз.
Оларды біз жеңеміз! (Г.Бельгер. «Бремя будней» кітабынан)
Жәмила. Жақсы, жақсы...
Жасұлан /күліп/. Жарайды, кеттім.
Люба /орнынан тұрып/. Иттен шығарып жіберейін.
Жәмила. Өй, қой, быламық дайын. Дастарханнан үлкен емессің.
Ақеділ. Иә, шайға қалсаңшы.
Жасұлан. Жарайды.
Олар қағаздарын жинастырады. Жәмила мен Люба дастархан қамына кіріседі.
Люба. Менің анам тура сіз сияқты еді.
Жасұлан /күліп/. Сенің мамаң украинка, ол қалай Жәмила апай сияқты болады.
Люба /мұңайып/. Мінезін айтамын. Біз інім екеуміз анам нан ашыта бастағаннан үйді төңіректеп, аңдып жүретінбіз. Бауырым ашқарақ болатын. Өзі кіп-кішкентай. Ал қарны деген... Қабақтай! Сендер ондай қарын көрген жоқсыңдар. Есіл-дерті тамақ... сосын оның ол мінезі маған да жұғып, екеуміз бірігіп, қазан төңіректейтін де жүретінбіз. Ал анам деген... керемет аспазшы еді. Борщ жасағанда..... Ішіне шошқаның майын салып, қызанақты турап, ащы бұрыш араластырып, қып-қызыл етіп алдыңа қойғанда... іші бауырыңды шоқша қаритын. Ал менің інішегім, өзі үш-ақ жаста, қалай асаушы еді, қалай асаушы еді... Сосын аштық басталды. Жейтін тамақ жоқ, бір асам май, бір уыс бидайға зар заман туды. Бұратылып жатамыз... Әкем азық іздеп басы ауған жаққа кетті. Оралмады. Анам тұрмай қалды... Сонда інім... інішегім «Әке, әкем келді» дейді. "Көп тамақ әкелді, нан әкелді, қараңдар" дейді. Сөйтіп күлімсіреп, былдырлап жатып үзіліп кетті...
Ол жылап жүгіріп шығып кетеді.
Жәмила. Алда байқұс-ай. Қайда барасың, жаным, тоқта.
Артынан жүгіреді.
Ақеділ. Түу, құдай-ай.
Жасұлан /көзінің жасын көлегейлеп/. Жарайды, дос, мен кеттім. Ренжімеші. Жәмила апайға рахмет дей салшы.
Ол шығып кетеді. Дастархан басында Ақеділ жалғыз қалады.
Бесінші көрініс
Ақеділ, Жасұлан, Зуһра, Люба төртеуі қыдырып жүр. Оларға Диуана шал мен бала кезігеді.
Диуана шал /Ақеділге/. Әй, балам, мынаны Жәмилаға апарып бер.
Ақеділ. Бұл не?
Диуана шал. Суыр. Екі суыр ұстадым бүгін. Пісіріп жеңдер.
Ақеділ. Рахмет, ата. Жарайды.
Диуана. Айдалада неғып жүрсіңдер?
Ақеділ. Мектептің тапсырмасымен, далада өсетін шөп түрлерін жинап келіңдер деген.
Диуана шал. Е, жарайды, абай болыңдар.
Кетіп қалады.
Жасұлан. Суыры несі? Немене сендер суыр жейсіңдер ме?
Ақеділ (қызарақтап). Үйге апарамын ғой не болса да.
Люба. Қызық адам екен.
Ақеділ. Ашаршылық кезінде бүкіл ауылды асыраған. Аң аулаған. Тышқан, жылан, кесіртке – бәрін. Ауыл осы кісінің арқасында шығынсыз шықты.
Жасұлан. Қазір аздап былай, кіресілі-шығасылы сияқты иә?
Ақеділ /жаратпай/. Білмеймін.
Жасұлан. Ана жолы түсімде қып-қызыл түлкі жотадан жотаға жөңкіп зымырап бара жатыр екен, оның соңынан самғай көтерілген бір бүркіт шүйлігіп барып түйреп іліп әкетеді. Мен оларға сырттан тамашалап қарап тұр екен. Көктем, сай-саланың бәрі көкпеңбек жасыл майса. Күн болса шақырайып шығып тұр, айнала тып-тыныш. Жұмақ тәрізді сурет.
Ақеділ. Соғыс аяқталатын шығар. Түлкі деген - зымиян Гитлер болар.
Зуһра. Иә, аумин, солай болса екен.
Люба. Айтқаның келсін.
Жасұлан. Ал мен басқаша жорыдым.
Люба. Қалайша?
Жасұлан. Үйленгім келіп жүр.
Барлығы күліп жіберді.
Ақеділ. Анда қан майдан, жұрт қырылып жатыр, ал сенікі не желік?
Люба. Желік демеші, жаман естіледі екен. Үйленсе несі бар. Көркем, сымбатты жігіт.
Зуһра. Люба, сен оған ғашық болып жүрме.
Люба. Енді сен оттап кеттің!
Ақеділ. Ғашық болса несі бар, көркем, сымбатты жігіт.
Барлығы күледі.
Люба. Қойыңдаршы, сендерді де дос деп жүрмін ғой.
Жүгіріп кетіп қалады. Зуһра оның соңынан жүгіреді.
Ақеділ. Бекер болды, ренжітіп алдық.
Жасұлан. Алдық демеші, сен ғой бастаған.
Ақеділ. Зуһра екеумізді айтамын.
Жасұлан. Зуһра екеуміз деп оны неменеге меншіктей қалдың.
Ақеділ. Люба екеуіңе не болған, шыбық тигізбейсіңдер ғой тегі. Не айттым сонша?
Жасұлан. Люба екеуің деп бізді бөлектеп тұрсың. Бәріміз бірге жүргенде, біртүрлі естіледі екен. Доспыз дейсің де, қит етсе бөлектейсің.
Ақеділ. Жасұлан, болды қойшы. Ондай ойым болған жоқ. Зуһра екеуміз дегенде... Енді... мен оған сөз айттым ғой, білесің бе.
Жасұлан. Қашан?
Ақеділ. Біраз болды.
Жасұлан. Ол не дейді?
Ақеділ. Келісті. Алматыға бірге кететін болдық. Тек көктем шықсын.
Жасұлан. Қойшы, сенбеймін.
Ақеділ. Рас.
Жасұлан. Шешең біле ме?
Ақеділ. Сол шешемнің жайы қиын болып тұр. Жайық болса күні-түні жұмыста, әскери адам. Анамды жалғыз қалдырғым келмейді. Әйтпесе білесің ғой, оқығым, ғалым болғым келеді.
Жасұлан. Зуһра ше?
Ақеділ. Ол да оқиды.
Жасұлан. Мен сенбеймін.
Зуһра қайтып келеді.
Зуһра. Жоқ, қайырылмады. Қатты ренжіпті. Соған қарағанда, айтпады деме ол саған ғашық.
Жасұлан. Маған бәрібір. Ақеділ, Зуһраға өлеңіңді оқыдың ба?
Ақеділ. Қойшы деймін, болды.
Жасұлан. Жоқ, тыңдашы, бір керемет өлең жазыпты.
Зуһра. Ақеділ, өтінемін...
Ақеділ. Жарайды...
Егер де біреу сұраса менен:
«Қай ақынды сүйесің сен?»
Көп ойланбай, мақтан етіп,
«Маяковский!» дер едім мен (Г.Бельгер. «Бремя будней» кітабынан).
Зуһра. Күшті...
Жасұлан ішін басып күліп жатыр.
Ақеділ. Жасұлан, кімге үйленетініңді айтпадың ғой.
Жасұлан. Мен бе... Мен Зуһраға үйленемін.
Енді Ақеділ мен Зуһра күледі. Жасұлан ашуланады.
Жасұлан. Күлкілі бір нәрсе айттым ба?
Зуһра. Қалай үйленесің? Жасұлан, ұят болады, олай айтпа.
Жасұлан. Сенің Ақеділмен сөз байласқаныңды мен қазір естіп тұрмын. Бірақ жаңа үйленем дегенде, сені ойлап тұрғанмын. Сондықтан қалай десең де, мен бірінші болып айттым.
Ақеділ. Жасұлан, болды, қойшы енді. Екеуміз дос емеспіз бе...
Жасұлан. Егер шын дос болсаң, менің сыртымнан Зуһраға сөз айтпайтын едің.
Ақеділ. Енді сенен бата сұраймыз ба?
Жасұлан. Ешқандай да бата жоқ. Зуһра, ойлан. Мен айттым. Қаласаң, ертең таңертең әке-шешемді жіберейін үйіңе.
Зуһра. Жоқ, олай болмайды.
Ақеділ. Болды, кетші. Көзіме көрінбеші енді.
Жасұлан. Жоқ, мына сен - бұдан былай көзіме көрінбейтін бол.
Зуһра. Балалар, болды деймін!
Жасұлан. Зуһра... /қолынан ұстайды/.
Ақеділ. Ей, кет дедім ғой!
Жасұланды жағасынан ала кетеді. Апыр-топыр төбелес. Ақеділ басында күліп қашқақтағанмен, бір-екі ауыр соққы алғаннан кейін ашуланып, аянбай жұдырықтасады. Істің насырға шапқанын түсінген Зуһра шырылдап арашаламақ. Ақыры Жасұлан Ақділді ұрып тастайды, Ақеділ қимылсыз қалады. Зуһра оны құшақтап зар илеп жылайды.
Зуһра. Ақеділ, тұр, тұршы. /Жасұланға/ Сен оны өлтірдің, қанішер, фашист. Оңбаған!
Жасұлан аңтарылып тұр.
Зуһра. Ақеділ, тұршы, көзіңді ашшы. Ол саған не істеді?
Неміс шал пайда болады. Ол Ақеділдің тамырын ұстап көреді.
Неміс шал. Әй, қыз, айқайлама. Талып қалған ғой, қазір есін жияды. Не болды?
Зуһра. Мынау, мынау ұрып тастады?
Неміс шал. Не жетпеді соншама?
Зуһра ыңғайсызданып, көзін төмен салады.
Неміс шал. Түсінікті... Міне, көзін ашты қыраның. Жүр, тұр, батыр. Тұр. Өзің жүре аласың ба? Ах, Ромео, Ромео...
Жасұлан. Ромео? Онысы кім тағы?
Неміс шал. Кейіпкер. Мәңгі жас, мәңгі ғашық. Ромео мен Джульетта деген ғажап туынды бар.
Зуһра. Ромео мен Джульетта...
Жасұлан. Қайдағы Ромео, Қайдағы Джульетта! Әкеңнің ауызын...
Жасұлан жерге бір түкіріп кетіп қалады.
Неміс шал. Мына жігіт адуынды ғой.
Зуһра. Адуынды. Көрдіңіз бе, не істегенін...
Неміс шал. Жылама, Ромеоң есін жияды қазір, әне қимылдай бастады. Бұл деген не, ер жігіттің басына не келіп не кетпейді... Тұр, тұра ғой, жүр.
Зуһра мен неміс шал Ақеділді екі жағынан сүймелдеп, алып кетеді.
Алтыншы көрініс
Зуһраның үйі. Дастархан басында Зуһраның әжесі түрік кемпір мен ауылбасы қария отыр.
Түрік кемпір. Үйіміз де, күйіміз де болған. Үйім сенің мына тоқал тамыңның қасында хан сарайындай еді. Мұны мақтанып, асылық жасап айтып отырған жоқпын. Шыққан жеріміз жақсы, текті жердің ұрпағымыз. Қызымды балаңа әперетін болсаң, қорламай әпер. Бидайдың баратын жері диірмен болса, қыздың баратын жері және белгілі. Үйде ұстап абырой таппаспын. Бірақ сыйлап ал.
Ауылбасы. Біреуді кем санайтын, қор санайтын кісі емеспін. Қу заман не істемейді, зобалаң келсе, бұдан да зоры болады. Сонда қалыңына қанша мал сұрайсыз?
Түрік кемпір. Қызым барамын десе, сүйемін десе, тегін-ақ берер едім. Бірақ Зуһрадан ондай ешнәрсе естімедім. Мал екеш малды да бауыздарда ырымын жасайды. Өзің де жөн-жоралғысынан жаңылмасаң, ертең қызым шаңырағыңа құт әкеледі.
Ауылбасы. Енді не сұрайсыз, айтсаңызшы.
Түрік кемпір. Екі сиырың бар екен, соның бірін берсең болады. Сосын бір қой, ұзату тойына.
Ауылбасы. Келістік. Ұлым Зуһраны әпермесең өлемін деп домалап жатыр, иттің баласы. Әйтеуір қыз тіл алады ғой? Ертең тимеймін деп шалқасынан түспесін.
Түрік кемпір. Жоқ, айналайын, ондайымыз жоқ. Айтқанымды істейді қызым.
Жетінші көрініс
Зуһра. Апа, біреу біздің қораға сиыр әкеліп байлап жатыр.
Кемпір. Не дейді!
Жүгіріп барып терезеге қарайды.
Кемпір. Ойбай, жаным, бар екен ғой.
Зуһра. Ол не сиыр? Қайдан келді?
Кемпір. Саған біреу өз-өзінен сиыр әкеп байласа да жақпайды. Жай сиыр да... Колхоздан көмек біздің отбасына.
Зуһра. Керемет болды ғой, алақай!
Кемпір. Иә, енді аузымыз аққа тиетін болды, бұйыртса, өле қоймаспыз енді. Бері келші, шошаңдамай бері кел деймін. Түрің не болып кеткен өзі. Шашың қобырап, бетің кір ме немене. Албасты неме, бойжеткен қызсың ғой, өзіңе өзің дұрыстап қарамайсың ба, айнаға бар! Саған ғашық болып жүрген ана балада да ес жоқ!
Зуһра. Қай бала? Ақеділді айтасыз ба? Ой, оған бәрібір. Кітабын құшақтап жүреді де қояды, менің бетіме қарайды дейсіз бе сол.
Кемпір. Ақеділі кім тағы?
Зуһра. Ақеділ, кәдімгі Ақеділ, Жәмила апайдың ұлы. Ағасы соғысқа аттанбақ. /күрсініп/ Енді бар ауыртпалық Ақеділге түсетін болды.
Кемпір. Оның саған қандай қатысы бар?
Зуһра /шошып/. Ешқандай!
Кемпір. Ойбай!
Зуһра. Апа, не болды, түсің бұзылып кетті ғой.
Кемпір. Бұдан былай Ақеділ деген сөзді естімейтін болайын сенен!
Зуһра. Неге?!
Кемпір. Болмайды!
Зуһра. Апа, мен Ақеділді жақсы көремін.
Кемпір. Астапыралла!
Зуһра. Ол да мені жақсы көреді.
Кемпір. Ақеділ деген әлгі сымтемірше оратылған ұзын қара бала ма? Жасы қаншада?
Зуһра. Екеуміз жастымыз.
Кемпір. Оны қайдан тауып ала қойдың?
Зуһра. Күзде бірге масақ тердік емес пе.
Кемпір. Мәссаған, кәпір болғыр, мен бұны кішкентай сәби көріп жүрсем, мынаның айтып тұрған әңгімесін қара, масақ тердік дейді, зымиян мыстан!
Зуһра. Апатай, не болды саған? Түсіңіз бұзылып кетті ғой. Қойыңызшы. Түк те болған жоқ, жай масақ тердік.
Түрік кемпір. Жай масақ тердік дей ме... ух, жаным ай. Әлгі, әлгі сиыр... Жүрші далаға шығып қарайықшы өзі кәрі мал емес пе екен?
Зуһра. Қандай мал болса да тегін келді ғой.
Түрік кемпір. Әй, қызым бері кел. Әңгіме бар. Бұл сиыр, бұл бұзаулы сиыр тегін келіп отырған жоқ. Осы ауылдың старшыны, ауылбасы бар емес пе, сол түнеу күні келіп, сені айттырып кеткен, қызым. Мен келісімімді бердім.
Зуһра. Жасұлан ба?
Түрік кемпір. Жоқ, аты Амангелді ғой деймін.
Зуһра. Жоқ, ұлы, Жасұланға ма? Кімге айттырды деймін!
Түрік кемпір. Шәңкілдеме. Дұрыстап, жай сөйле.
Зуһра. Кешіріңіз.
Түрік кемпір. Иә, Жасұланға болар. Ұлының атын сұрамадым. Бірақ әкесі ауылды басқарып отырса, текті жердің баласы ғой. Мен келістім.
Түрік кемпір. Жақсы жердің баласы, сен де жаман болмайсың. Осы, балам.
Зуһра. Апа, кешіріңіз, бірақ Жасұланға тие алмайды екенмін. Қазір орта ғасыр емес, совет заманы. Адамды сиырға сатты деген не сұмдық, мен КГБ-ға жазамын.
Түрік кемпір. Пыссымылда. Жаз, жаз да Сібірге айдатып жібер мені! Кешегі күніңді ұмытқан екенсің. Барлығы жадыңнан шығып қалатын кішкентай бала емессің ғой. Жарымағыр отарбаны, отарба ішінде отынша қатталған адамдарды, жан-жақтан арпылдаған иттер мен иттен жаман азғын жендеттерді ұмыттың ба? Сені еркек балаша киіндіріп, ішерге су болмағанда өзімнің зәрімді аузыңа тамызып, жаныңды әрең алып қалып едім ғой. Енді мында келіп есіргенің қай сасқаның? Ауылбасына келін болсаң, жаман боласың ба? Өзіңді ойламасаң, кәрі шешең мені ойласаңшы. Жат жерде, жат жұртта осындай тірегіміз болса, осындай құда-жекжатымыз болса, қалай? Мұртымызды балта шаппайды ғой онда. Қызым, қызым, ақымақ болма. Тыңда шешеңді. Айтқанын істе.
Зуһра. Апатай, мен оны сүймеймін ғой.
Түрік кемпір /оны құшақтап, басын алдына салып отырып/.Қызым, кімді кім сүйіпті, кім кімге сүйіп қосылыпты. Сенің әкең де анаңды осылай сыртынан атастырып, құда түсіп алды. Үйлену тойына дейін бірін-бірі көрген жоқ. Екеуінің соңынан, міне, алтын асықтай екеуің қалдыңдар. Жаман ба не? Сандалған мына тірлікте Алланың жалғыз аманаты тіршілігімізді сақтап қалайық. Содан басқа не арман, не тілек қалды қазір. Жеткіншек інің өсіп келеді. Ол деген ұрпақ, ол деген біздің тұқымның жалғыз ұрығы. Сол сәулені сөндіріп алмайық. Сол үшін бәріміз қызмет етейік.
Зуһра /басын көтеріп/. Апатай, Маһмұдтың қол-аяғы балғадай, оған не болушы еді, ертең-ақ ер жетіп, адам болып кетеді.
Түрік кемпір. Тәйт! Тіл-көзім тасқа деп айт! Өзінің жалғыз бауырын, өзінің әулетін ойламайтын қатын – шіріген жұмыртқа! Жыныма тиме!
Зуһра. Апатай!
Түрік кемпір. Тиесің деген соң тиесің! Жасұлан ба аты кім еді, соған тиесің. Болды!
Сегізінші көрініс
Ауыл сырты. Жасұлан тұр. Түрік кемпір Зуһраны жетектеп, Жасұланның жанына әкеледі.
Түрік кемпір. Ал, сөйлесіңдер. Мен ана жақта тұрамын.
Зуһра. Неменеге тұрасыз? Мені үйді таба алмай қалады дейсіз бе?
Түрік кемпір. Сөйлесіңдер, дұрыстап сөйлесіңдер.
Аулаққа барып тұрады.
Зуһра. Жасұлан, бұның не?
Жасұлан. Сені аламын деп айттым ғой.
Зуһра. Сүймейтініме қарамайсың ба?
Жасұлан. Қарамаймын.
Зуһра. Мен саған өлсем де тимеймін.
Жасұлан. Олай айтпа.
Зуһра. Қазір мұнда Ақеділ келеді.
Жасұлан. Ол маған не істейді?
Зуһра. Досыңның бетіне қалай қарайсың?
Жасұлан. Біз бекер кездесіп тұрмыз, одан да бірден үйіңе барып алып кету керек еді сені.
Неміс шал мен Ақеділ келеді.
Түрік кемпір. Әй, шал, сен мұнда неғып жүрсің?
Неміс шал. Қызын сиырға сатқан сен кемпір ма?
Түрік кемпір. Өзімнің қызым, не істесем де өзім білемін. Не керек саған?
Неміс шал. Мына бассыздықты тоқтат, балаларға еркіндік бер деуге келдім.
Түрік кемпір. Сен айтпасаң не істерімізді білмей отыр едік. Жоғалт көзіңді. Алып кет андағы күшігіңді.
Неміс шал. Бұл бала Зуһра екеуі бірін-бірі сүйеді. Жасұлан, сен совет мектебінде оқыған, көзі ашық баласың. Осындай озбырлыққа барған жараса ма? Аздан кейін бұл істеп жатқандарың барып тұрған қылмыс. Тоқтатыңдар!
Жасұлан. Аға, сіз араласпаңыз, өз мойныңызда қыл арқан тұрғанын сезбейді екенсіз. Сәл ғана қаттырақ тартса, не болатыныңызды білесіз бе.
Неміс шал. Менен соншама не кінә көріп тұрсың? Жазығым – мына бейкүнә сәбиді, бала махаббатты қорғағаным ба? Озбырлыққа қарсы тұрғаным ба? Талай зобалаңды бастан кешкен жанмын. Енді ешкімді жылатқызбаймын.
Түрік кемпір. Әй, қызды байға бермегенде не істейміз? Не сандалып тұрсың.
Неміс шал. Оқысын. Әне, Ақеділ екеуі қалаға кетеміз деп отыр. Барсын.
Түрік кемпір. Мына шалдың есі дұрыс па? Менің қызымда сенің не шатағың бар деймін? Байға беремін бе, жайға беремін бе жоқ әлде өлтіріп тастаймын ба өзім білемін.
Неміс шал. Болды, сөз осымен тоқтасын, салғыласып тұратын уақыт жоқ. Жүр, Зуһра, кеттік. Бүгінше менің тамымда боласыңдар, ертең таң ата қалаға өзім салып жіберемін, жүр.
Түрік кемпір. Ойбай, Зуһра, өлтіремін тоқта!
Зуһраны әрі тартады, неміс шал бері тартады. Қырғын төбелес басталады.
Неміс шал. Әй, кемпір, тоқта болды, тұра тұршы. Тоқта. Масқара боламыз. Бұл елге екеуміз де келімсекпіз. Есіңді жи.
Түрік кемпір /басылып/. Енді өзің ғой, қақпас!
Неміс шал. Екеумізді де ұстап әкетеді. Тоқта. Жүр, Зуһра. Жүр, кеттік.
Жасұлан. Ах, атаңа нәлет фашист! Осыдан көр де тұр, қалай болар екенсің! Осыдан көр де тұр!
Зуһра, Ақеділ, неміс шал (шарасыздықтан қолын бір сілтеп) кетіп қалады. Жасұлан мен түрік кемпір олардың артынан кетеді.
Тоғызыншы көрініс
Ұлы Отан соғысының уағындағы шағын кеңсе, үстел басында жас сарбаз жазу жазып отыр. Егде неміс келіп кіреді.
Неміс. Сәлем бердік.
Жайық. Амансыз ба, қалыңыз қалай?
Неміс. Жақсы...
Жайық. Сіздің нендей жағдай болса да жақсы дейтініңіз жақсы.
Неміс /күліп/. Жақсы болса енді басқаша қалай айтамын.
Жайық. Дұрыс. Мында қолыңызды қойыңыз. Болды, енді тура екі аптадан кейін келіп, бой көрсетесіз.
Неміс. Бір жаққа қашады дейсің бе.
Жайық. Бірақ мен болмаймын. Майданға аттанып барамын.
Неміс. Е де... Олай болса көріскенше, балам. Қайда жүрсең де аман-есен бол.
Жайық. Қызық, сіз де неміссіз, майдандасқалы бара жатқан дұшпаным да неміс. Бірақ сіз мында маған амандық тілеп тұрсыз.
Неміс. Неміс пен фашистің айырмасы жер мен көктей. Бұны сен білмей айтып тұрсың, бірақ осыны білетіннің өзі білмегенсіп мына сойқанды салып отыр емес пе. Сол қинайды.
Жайық. Кішкене ақырын-ақырын сөйлеңізші. Онсыз да үстіңізден домалақ арыз бар.
Неміс. Ол қандай арыз тағы?
Жайық. Өзім көрген жоқпын, бірақ сізді жіті бақылауға алу туралы жарлық бар.
Неміс. Міне, қызық! Мен не бүлдіріппін?
Жайық. Ел арасында соғысқа бармаңдар деп үгіт жүргізіп жүр, шпион дейді.
Неміс. Мені өле алмай жүр деп ойлай ма? Кімді үгіттеппін? Кім жазыпты?
Жайық. Аты-жөні белгісіз.
Неміс. Осы халық қарап жүрмейді. Менде несі бар, кімді үгіттеппін. Менің де өзіңдей ұлым бар, ол да соғысқа өз еркімен сұранған, неміс деп сенбеді, алмай қойды, үйге келіп, жер тепкілеп жылады. Барлығымыз қатты қорланып едік, тағы қандай заман күтіп тұр екен алда.
Жайық. Хатты өзім көрген жоқпын, бірақ орысша өте сауатты жазылған деседі. Бұл төңіректе орысшаны жақсы білетін адам некен-саяқ.
Неміс. Құртам десе, қытайша жазатын адамды да табады ғой олар. Жарайды, Жайық, аман бол, бар бол.
Жайық. Рахмет сізге. Зуһраны Жасұланнан арашалап қалыпсыз. Естіп жатырмын.
Неміс шал. Қайдағы арашалаған! Ана жынды кемпір уақытша тоқтады. Ауылбасы ақылды адам ғой, сөз түсінді. Қайдам бірақ... Жасұлан шақар екен. Күтпеп едім.
Жайық қолын шекесіне апарып, әскери құрмет лебізін жасайды. Неміс шығып кетеді.
Оныншы көрініс
Ауылбасының үйі
Жасұланнның анасы. Амангелді, баладан бір қателік кетті. Өзі де түсініп жылап жатыр. Жар дегенде жалғыз ұл. Қайт райыңнан.
Ауылбасы. Қайта алмаспын.
Жасұланның анасы. Қабырғасы қатқан жоқ, бұғанасы бекіген жоқ. Ол кетсе, мен де кетемін. Тұрмаймын сенімен, қалмаймын қасыңда.
Ауылбасы. Кетсең бар.
Жасұланның анасы. Жалғыз қаласың.
Ауылбасы. Бұйыртқаны болар. Бірақ мына ұлды... мына ұлды... Иттік жасаған екен, майданға барып, есін жинасын.
Жасұланның анасы. Ол есін жинамайды. Ол... ол... /айта алмай кібіртіктеп, ақыры аңырап жылап жібереді/ өліп қалады ғой! Ол оққа ұшып өліп қалады ғой...
Ауылбасы. Ауылыма пана іздеп келген бейшара жетім шалдың үстінен арыз жазған адам – маған ұл емес. Ондай ұрпақтың барынан жоғы. Қазақ біткеннің атына кір келтірді.
Ауылбасы қиналып, аяғын сипайды. Протез бен аяқ тірескен жерден шып-шып қан шығып тұр. Ол оны байқап отырған жоқ.
Жасұланның анасы. Қай қазақтың жоғын түгендейсің, қай тесікке барып жамау боласың... Ана бала... обал-ай, құдай-ай, қайтейін енді...
Он бірінші көрініс
Жәмиланың шаңырағы. Дастархан басына бүкіл ауыл жиналған. Ортада – көмбе нан. Жайықты майданға шығарып салуға жиналған жұрт. Домбыра күмбірі.
Диуана шал. Әй, Сәлім, орныңнан тұршы, балам. Міне, қараңдар! Бүгіннен бастап мына батыр Елубаев болды. Кеше райкомға барып, өз атыма аударып алдым. Енді бұл қырандарыңды Сейітқожаның ұлы деп қабылдаңдар. Аты – Сәлім. Айдауда өлген құлыным Сәлімнің аруағы риза болсын.
Неміс шал. Аумин, аумин!
Айжамал. Ой, ата, құтты болсын!
Гүлжамал. Бауы берік болсын!
Жәмила. Мынау бір керемет қуаныш болды ғой. Ата, құтты болсын. Әй, Айжамал, Гүлжамал, ән шырқаңдар ендеше.
Олар ән салады. Бәлкім «Елім-айды»... Әрі қарайғы әңгімеге арқау болатын тақырыпта болса жақсы болар еді..
Неміс. Бізді мәжбүрлеп көшірді ғой. Туған жеріміз Еділ бойы. Ата-бабам сол жерді екі ғасыр мекендеді. Өзіміздің Автономия, кәдімгідей еліміз, отанымыз болды.
Люба. Тек немістер тұрды ма?
Неміс шал. Негізі неміс... Сол жылы егін қалай бітік шықты. Ондай өнім бес жылда бір болады. Поселкімізде сиыр фермасы бар еді. Ауыл сол сиырларды сауып сүтін, бордақылап етін өткізетін. Сөйтіп жоспарды асыра орындап отырған үлгілі ауыл едік. Бізді тайлы тұяғымызбен, тауар таситын вагондарға тыққанда, сол қазынаға ие болатын адам да жібермеді-ау иттер. Ауыл қаңырап бос қалды. Үйді-үйді аралап ұлыған ит, сиыр біткен егіндікке түсіп, қарындары жарылып, теңкиіп-теңкиіп жатты. Күзгі жауынға ұрынған астық шіріп кетті. Осылай айналдырған екі-үш аптада түгіміз қалған жоқ.
Люба. Тура біздің оқиға...
Кәріс шал. Иә, біздің оқиға... Бізде де күріш қалды. Есіл егін ысырап болды.
Ақеділ. Сонда неге өйтті? Не үшін көшірді?
Неміс. Соғыс келсе, фашистерге өтіп кетеді деп сақтанғандары да.
Жайық. Ал сіз өтіп кетер ме едіңіз?
Кәріс шал. Әй, балам-ай, балалықпен сұрап тұрсың-ау, көңіліне келеді демейсің. Кеңес жері – бәріміздің отанымыз. Отанын кім сатушы еді. Германияның өзінде де Гитлерге көпшілік ергенмен, қарсы тұрған, сол қарсылығы үшін жазаға тартылған немістер аз емес.
Жайық. Сіз оны қайдан білесіз?
Кәріс шал. Көңілім сезеді.
Жәмила. Ренжімеңіздер. Балалықпен сұрайды ғой.
Неміс шал.
Неміс дейді –
Неміс болса несі бар?
Төрт құбыласы тегіс болса несі бар,
Гитлердің жендеті емес бар неміс,
Болса, аяма – қылша мойнын кесіп ал.
Ұйқы-тұйқы, тірлігінің жолдары,
Болар түсті болдырмады, болмады...
Сондай кезде пана тапты қазақтан
Қорлатпады, қорламады – қорғады... (Еслям Зікібаев «Гер-ағаға»)
Осындай өлең бар, қарағым.
Жәмила дастархан басына көмбе нан әкеледі.
Жәмила. Міне, ып-ыстық, қазір пісті.
Неміс шал. Шіркін-ай, иісін-ай!
Жәмила (ауылбасына). Амангелді аға, рахмет сізге, жақсылығыңыз құдайдан қайтсын.
Люба. Иісінен басым айналып кетті.
Бәрі үнсіз қалады. Диуана шал бата жасайды, ақырындап бәрі шетінен үзіп, ауыз тиеді. Әйелдер жылап жатыр.
Ауылбасы. Бейбіт өмір тезірек қайта оралсын, аумин!
Ауылбасының әйелі (күрісініп, өз-өзінен). Жалғыз ұл да кетті... Кетті ғой...
Амангелді. Балалар аман-есен елге оралсын.
Айжамал. Жасұлан өзі сұранды дей ме?
Ауылбасының әйелі. Қайдағы, (Амангелдіні нұсқап) мына қақпас қойды ма жанын. Бала болған соң, балалық жасайды ғой. Соғысқа жіберіп жазалайтындай не болды деймін сонша! (жылайды).
Ауылбасы. Болды-болды, қай-қайдағыны айтпа.
Ауылбасының әйелі (жылайды). Қатігезсің. Оңбайсың!
Кенет қолында түйіншегі бар шешен әйел келіп кіреді. Түйіншекті Жәмилаға береді.
Жәмила. Төрлет, Зейнеп, отыра қал. Рахмет.
Неміс шал. Баладан бір қателік кетті. Амангелді, тым қатал үкім шығардың. Олай болмайды.
Ауылбасы. Солай шештім. Кінәсін құдай кешсін.
Неміс шал. Ол жазған арыздан мені ешкім келіп тұтқындаған жоқ, аман-есен отырмын, міне. Ол болса, от кешіп жүр. Болмайды-болмайды. Байқұс бала...
Ауылбасының әйелі. Соны ұқпай қойды ғой мына қақпас.
Диуана шал. Жарайды, не болса да, талайына жазылғанды көрер... Айтып айтпай не керек... Амандығын тілейік.
Бригадир (өз-өзінен жылайды). Айналайындар-ай, Жайық-оу! Сен де соғысты көретін болдың-ау! Ешкім көрмесе деп едім... (үрейленіп) Соғысқа бармаңдар, майданға жоламаңдар! Онда арақ ішкізеді де, айда, алға деп окоптан шығарып жібереді. Мылтық жоқ, мылтық бермейді!!! Өліп қаласыңдар-ау, балалар! Қашсаң, атады. Қызылдар атады! Өздері-ақ атады...
Ауылбасының әйелі. Ойбай-ай! Жасұланым-ай! Құлыным-ай!
Ауылбасы (дауыс көтеріп). Ей, болды! Болды деймін!
Бригадир қорқып, бетін басын жылап қалады. Ауылбасының әйелі үнсіз егіледі. Кенет шешен әйел орнынан тұрады.
Шешен әйел. Ауылдағы он шақты әйел таудағы фермада жұмыс істедік. Таудың қойнауында ферма болды. Ешкі сауатынбыз. Сонда істедім. Үйде кішкентай қызымды бағып анам қалған. Қызымның жасы үште ғана, екі көзі жұлдыздай жанады, екі беті болса, балдай, сондай тәтті. Өскенде Айға ұшамын дейді. Білмеймін қайдан шығарғанын. Кешке таудан түстік. Үйге ерекше асықтым. Өз-өзінен екі емшегім сыздап, тастай болып қатты да қалды. Клуб жанып жатыр екен. Қараған да жоқпын, үйге жүгірдім. Ауыл тым-тырыс, тіршілік белгісі білінсеші. Клуб болса, жанып жатыр. Үй қаңырап бос тұр. Анам да, күйеуім де, қызым да жоқ. Тек шүберек қуыршағы домалап бұрышта қалған... қызым қолынан тастамаушы еді... Шыңғырып жібердім. Ал клуб болса, маздап жанып жатр. Жанұшыра жүгірдім. Төңіректі күйген еттің жүрек айнытар тәтті иісі алып кетіпті, жарандар!!!! Азғындар, хайуандар, сендерге кішкентай періште, бейкүнә сәби не істеді? Бүкіл ауылды клубқа жинап, от қойған екен... Бірге кетейін деп ұмтылып едім, жібермеді. Пойызға салып алды да кетті. Ал клуб болса жанып жатыр, жанып жатыр...
Айжамал. Алда байқұс-ай.
Гүлжамал. Сұм заман-ай! Қарғыс атқыр Гитлер-ай!
Жәмила. Жарайды, жарайды, құдай-ай.
Барлығы шешен әйелді құшақтап, дауыс салып еңірейді.
Диуана шал. Жаман ырым бастамаңдар. Жайықжанды, үлкен сапарға, қанды қырғынға шығарып салғанда не болды? Дауыс шығарғандарың қай сасқандарың. Тоқтатыңдар, түге!
Неміс. Иә, менің Мартам да о дүниелік болды. Умаждалған қағаз сияқты жүріп бара жатқан пойыздан лақтырғанда... жаным қалай шықпады, мына жүрек шіркін қалай тоқтап қалмады мен білмеймін.
Ақеділ. Біздің ауылда екі ата бар, олар темір жол бойын жағалап жүріп мәйіттерді жинайды, содан кейін арулап көмеді. Уайымдамаңыз. Заман түзелгесін ақырындап жүріп Мартаңыздың зиратын тауып аласыз.
Неміс. Қайдағы тапқан. Іш киімшең, жанында бір жапырақ қағазы жоқ кім екенін анықтайтын. Көмілсе, соған тәуба.
Диуана шал. Көміледі, көміледі.
Неміс. Жарайды, мен қайтайын. Жайық, аман бол. Осы дастархан басында тек жақсылықта жүздесейік. Жәмила, сенің көмбе наныңның дәмі таңдайымнан ешқашан кетпейді енді.
Жәмила. Әлі талайын жабамын бұл нанның. Тек заман тыныш болсын. Соғыс аяқталып, бейбітшілік орнаса екен тезірек.
Ауылбасының әйелі. Иә, айтқаның келсін...
Әйелдер барлығы тұрып, беттерін сыпайды.
Жайық. Отан үшін, мына жатқан ауылдың тыныштығы, ертеңгі азат өмір үшін қан майданға аттанып барамын. Тілегім – соғысты артымнан ерген қарашығым, інішегім Ақеділ көрмесін. Анашым, сен аман бол! Амандықта жүздесуді жазсын! Ауыл-аймақ, жандарым, көрші-туыс, ағайыным! Аман болыңдар! Мына шаңырақ - сіздерге аманат! Жеңіспен оралуды мақсат тұтып барамын! Батыр болып ораламын!
«Идет война народная» деген ән орындалады.
Эпилог
Майданнан оралған Жасұлан арбада отыр. Аяқтары көрпемен жабылған. Мүгедек екені сезіледі. Бөлмеге Зуһра келіп кіреді.
Зуһра. Амансың ба, Жасұлан. Аман-есен оралуыңмен.
Жасұлан. Рахмет. Кел, төрлет.
Зуһра. Осы жерде тұра берейінші.
Жасұлан /күліп/. Тұра беремін десең, тұра бер. Не жаңалық? Ақеділ қалай?
Зуһра. Барлығы жақсы. Жасұлан, мен саған... Біздің үй мен сендердің үй арасында келісім бар еді ғой...
Жасұлан. Иә?
Зуһра. Енді, міне... Мен дайынмын. Үйленуге... Жоқ, саған тиюге...
Жасұлан. Маған тиемін деп келіп тұрсың ба?
Зуһра. Иә...
Жасұлан. Ммм... Қызық екен.
Зуһра. Жасұлан, бұл шешім маған оңай түскен жоқ. Сен қан майданнан келіп отырсың, батыр болып оралдың. Бірақ, бірақ...
Жасұлан. Аяқтарың жоқ дейсің ғой.
Зуһра. Жоқ, олай демеймін. Шыбын жаныңның үзілмегеніне, аман қайтқаныңа тәуба деймін. Сен мені кешір. Бәріміз бала болдық, ненің мәнісін білдік ол кезде?
Жасұлан. Қазір не өзгерді?
Зуһра. Апам... апам ұрсып жатыр...
Жасұлан /аң-таң болып/. Апам ұрсып жатыр? Ақеділ ше?
Зуһра. Ақеділ... Ол... Ол түсініп отыр. Бірақ майданға сұранып кеткелі жатыр...
Жасұлан. Құдайым-ай... не деген баласыңдар... Сұранбасын майданға, менен сендерге рұқсат. Қосылыңдар, үй болыңдар, бақытты болыңдар.
Зуһра. Қалайша? Бұл қалай болғаны?
Жасұлан. Не керек саған? Сені қалағанымда, сүйгенімде, іздегенімде қайда едің? Мені жау көрдің емес пе? Мені жек көріп, жиіркендің емес пе? Енді неменеге келдің?
Зуһра /кібіртіктеп/. Апам ұрысқасын... Сендердің сиырларың қазір көбейіп, екі сиыр үш бұзауға айналды ғой. Қалың малды қайтармаймын деп, басының сақинасы ұстап тұрмай қалды. Сосын келдім...
Жасұлан. Сиырларды сендерге сыйладым. Оны қалың мал емес, сыйлық деп қабылдасын апаң. Тойларыңа сыйлық. Сөйтіп сәлем айт!
Зуһра. Шын ба?
Жасұлан. Шын.
Зуһра. Ой, Жасұлан, рахмет саған! Рахмет!
Үйге Люба келіп кіреді.
Зуһра. Сен мұнда неғып жүрсің. Неге орамал тағып алғансың. Кешір, неге деппін ғой.
Люба Жасұланның көрпесін түзейді.
Люба. Иә, солай.
Зуһра. Керемет қой бұл деген. Керемет! Алақай!
Музыка ойнайды. Сахнаға актерлар шығады.
Соңы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі