БІР АКТІЛІ МИСТИКАЛЫҚ ДРАМА
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Берік
Айдос
Гүлсара
Ажар
Алпамыс
Алпамыстан басқасы 36-38 жас шамасында, кластастар.
Сахнада жақсы ағаштан соғылған тау-ормандарда болатын демалыс үйі. Камин. Каминнің алдында аюдың терісі жатыр. От маздап жанып тұр. Мамыражай, жайлы көрініс. Кенет сахнаға ербиіп-ербиіп, үріккен төрт адам шығады.
Гүлсара. /Берікке/. Айтқан жерің осы ма?
Берік. Жоқ, әрине.
Айдос. Ертегі сияқты. Қазір хор қызы шыға келетіндей.
Гүлсара. Бұл болмаса, кеттік онда.
Берік. Қайда?
Гүлсара. Сыртқа шығайық.
Берік. Содан соң?
Гүлсара. Телефон шал ауылға.
Берік. Таудың арасында телефон ұстамайды.
Ажар. Иесі келсе, бәле қылар. Далада күтейік шынында.
Берік. Тұра тұрыңдаршы.
Айдос. Бәлі, дастархан жаюлы, ішімдік, қазы-қарта. Мынау бір керемет жер болды ғой!
Гүлсара. Қонақ күтіп отырған шығар.
Берік. Ау, қожайын! Қожайын!
Ажар. Жігіттер, кетейікші. Не деген қорқынышты үй. Суық, қалтырап барамын.
Берік /ашуланып/. Тұра тұрыңдаршы. Кім бар мұнда!
Гүлсара. Ешкім жоқ.
Ажар. Болды деймін, сыртта күтейік, ұят болады.
Гүлсара. Бір нәрсесі жоғалса, бізден көрер.
Айдос. Қатындар, қақылдамаңдаршы.
Гүлсара. Сайланып шықпайсыңдар ма. Сендерді де еркек дейді-ау.
Айдос. Осындай да еркекке жете алмай жүрген жоқсың ба.
Гүлсара. Пішту! Сен сияқты еркек керек болса, он байға тиер ем.
Айдос. Алмай кеттің деп жылаған кім еді сонда? Не деген памятың қысқа? Қарғап-сілеп, есігімнің алдына көкбеттеніп отырып алған жоқсың ба. Бүкіл ауыл бетін шымшыды.
Гүлсара. Сонда құдай сақтады мені! Саған тисем жетісер ем. Жақсы еркекті қатын тастай ма, бір емес үш қатын бірінен соң бірі тастады!
Айдос. Сенің қарғысың тиді. Ақыры алмайтынымды көрдің, бақыт тілеп қала берсең, сен де жақсы, мен де жақсы, тымпиып отырар едік.
Гүлсара /қолын шығарады/. Міне, бақыт емес! Міне не тілмеймін мен саған!
Айдос. Ойдойт! Маған ғой үш қатын тиді, ал сені бірде бір еркек алған жоқ!
Ажар. Болды қойыңдаршы, не болды сендерге?
Гүлсара. Иә, отырайын содан соң шапылдасып сен сияқты біреумен. Аллаға тәуба, тәуба, тәуба, тәуба!!! Ешкім алмаса да, арым таза!
Берік мырс етіп күліп жібереді.
Гүлсара. Сен неменеге жетісіп күлесің?
Берік. Жай... Ешкім жоқ деймін... мында.
Ажар. Иесіз үй емес екені және анық.
Айдос. Мыстан кемпірдің үйі болып шықса...
Гүлсара. Қияли, придурак!
Ажар. Қойыңдаршы, басым ауырып кетті.
Берік. Қожайын!
Ешкім жауап бермейді.
Гүлсара. Не істейміз.
Берік. Күте тұрайық. Басқа не амал бар?
Ажар. Жаяулатып болса да кете берейікші. Мына жер біртүрлі.
Айдос. Не болды көлеңкеңнен шошып. Төрт баланы қалай тапқансың.
Берік /өз-өзімен сөйлескендей ойлы/. Қорқа-қорқа тапқан болып тұр ғой.
Ажар. Кетші!
Күледі. Алпамыс шығады. Ол бозбала, оныншы кластың оқушысы бейнесінде қалған.
Алпамыс. Ассаламағалейкүм! Төрлетіңіздер! Сендерді күтіп отырмын.
Берік пен Айдос қол беріп амандасады.
Берік. Сіз бізді біреумен шатастырдыңыз.
Айдос. Мында машинамыз өшіп қалды. Жанармай таусылды.
Ажар. Үй тұрған соң кіре салдық. Айып етпеңіз.
Гүлсара. Түрің сондай таныс. Кімнің баласысың?
Алпамыс. Сендер мені танисыңдар. Мен тап сендерді күтіп отырмын. Асықпай жайғаса беріңдер. Дәм алыңдар. Асықпаңдар. Қазір бәрін шешеміз. Мен қазір.
Берік. Әй, інішек!
Алпамыс. Қазір, қазір...
Шығып кетеді. Қалғандары аң-таң.
Ажар. Байқұс бала біреумен шатастырды-ау бізді.
Гүлсара. Жүзі таныс. Өлгенше таныс.
Айдос. Мен білдім кімге ұқсайтынын.
Берік. Тек айтпашы. Айтпашы...
Ажар. Кімге?
Айдос /Берікке жалтақтап/. Неге айтпаймын? Сен де байқадың ба?
Гүлсара. Иә, есіме түсті. Жүріңдер, кеттік құрысын.
Айдос. Тұра қашқанымыз біртүрлі болмай ма?
Берік. Түк те етпейді.
Олар есікке жүгіреді. Есік жабық. Ары-бері әрекеттеніп, аша алмай қайта оралады.
Ажар. Түсінбедім. Айтсаңдаршы, не бұл?
Гүлсара. Ана бала, шынымен байқамадың ба? Тұп-тура Алпамыс?
Ажар. Қай... Ал-па-мыс...
Гүлсара. Сол. Тұп-тура сол.
Ажар. Мүмкін емес...
Айдос. Әлде баласы ма? Жап-жас. Алпамыс біздің құрдас қой. Бұл жай, кездейсоқ біреу...
Гүлсара. Қайдағы баласы? Ол кімге бала жасап үлгерді? Ботагөзді сен алдың. Ол тіпті сенен де көтерген жоқ.
Берік. Иә, бірақ. Түу! Жүрегім ұшып кетті ғой. Алпамыс болса, қартаяр еді ғой...
Күледі.
Берік. Дегенмен, жындымыз! Жоқ жерден шошып.
Ажар. Онда неге есік жабық?
Гүлсара. Әй, бала! Бала қайдасың?!
Алпамыс келіп кіреді.
Айдос. Әй, көкем, бізді қамап кеткенің не?
Алпамыс. А, есік пе? Сондайы бар. Іштен ашылмай қалады.
Берік /өзімен-өзі сөйлеп/. Жоқ, дегенмен, аумайды. Беті, шашы... Бұл мүмкін бе? Әй, бала, аты-жөнің кім?
Алпамыс /күліп/. Алпамыс.
Бәрі өре түрегеледі.
Ажар. Қай Алпамыс?
Алпамыс. Алпамыс. Алпамыс.
Берік. Дұрыс-дұрыс.
Айдос. Жай, біздің бір танысымызға ұқсайды екенсің.
Алпамыс. Мен сол Алпамыспын.
Гүлсара. Қай сол?
Алпамыс. Гүлсара, Ажар, Берік, Айдос! Бұл менмін. Алпамыспын!
Ажар шыңғырып жібереді. Гүлсара есікке ұмтылады. Есік жабық.
Берік. Бала, қалжыңды қой. Алпамыс... біздің Алпамыс сонау бала кезде, мектеп кезінде үшті-күйлі жоғалып кеткен. Тауға шығып адасып кеткен... Сенің ол болуың мүмкін емес.
Алпамыс. Неге мүмкін емес?
Берік. Онда неге қартаймағансың?
Алпамыс /мұңайып/. Білмеймін. Жарайды, сендер әзір отыра тұрыңдар. Дәмнен ауыз тиіңдер. Барлығы сендер үшін жасалған. Сендер келеді деген соң бәрін өзім әзірледім. Қорықпаңдар. Қазір бәрін түсіндіремін. Сәл шыдаңдар.
Алпамыс шығып кетед. Гүлсара дастарханға барып, жүзімнен алып жей бастайды. Берік арақ құйып алып қағып салады, оны көріп Айдос та ішеді.
Ажар. Бізге де құйсаңдаршы.
Гүлсара. Берік сен рөлдесің ғой. Ішпе.
Айдос. Кішкене ешнәрсе етпейді. Асудан өтіп алдық қой.
Берік. Қиыспайды. Не десеңдер де қиыспайды... Біріншіден, сол қалпы, жап-жас... Екіншіден... екіншіден... ұмытып қалдым... не айтайын деп едім...
Айдос. Егер ол табылса, ауылға оралса, біз естір едік қой. Әке-шешесі айтар еді... білмеймін... Мүмкін емес!
Гүлсара. Бірақ Алпамыс. Алпамыстың нақ өзі!
Ажар. Әлде оны сол жолы басқа планеталықтар алып кетті ме екен...
Айдос. Иә, қисынға келеді...
Берік. Бізді күтіп отырдым дейді... Машинаның тура осында бұзылатынын қайдан білді сонда?
Гүлсара. Демек, Алпамыс өлмеген болды ғой?
Ажар. Ол тауда адасып кетпеп пе еді? Өлі-тірісін ешкім білмейді емес пе?
Берік. Бізден басқа...
Гүлсара. Айтпа!
Берік. Неге? Неге айтпаймыз? Енді мына психты Алпамыс деп қабылдаймыз ба? Кімді алдаймыз? Өзімізді қосып алдаймыз ба? Мынау, кім екені белгісіз біреу Алпамыспын десе, соған сенеміз бе? Алпамыс өлген! Не болды сендерге? Өзіміз, мына төртеуіміз емес пе оны көмген!
Ажар /бетін басып/. Және... өлтірген...
Гүлсара мен Ажар бірін-бірі құшақтап, теңселіп жылайды.
Ажар. Мені неге алып шықтыңдар үйден. Бармаймын десем қойдыңдар ма. Не іздеп келдім мұнда. Құдай-ай, тып-тыныш үйде отыра бермей нем бар еді...
Гүлсара. Берік, сен ғой шығарған. Тауға барайық, демалайық деп...
Айдос. Содан бері, сол жаздан бері тауға шықпап едім... Неменем бар еді... Берік сен, сен кінәлі...
Берік. Мен? Алпамысқа пышақ сұққан мен бе сонда?
Айдос /бірден жуасып/. Өзі келіп пышаққа ұрынды ғой. Маған неғыл дейсіңдер. Бәрің сонда болдыңдар ғой.
Гүлсара /үзіп-үзіп/. Иә-иә. Жүгіріп келіп екпінмен, сенің қолыңдағы пышаққа құлады. Есімде. Не болғанын түсініп үлгердік пе? Шошып кеттік. Ал ол жатты, аппақ болып кеткен. Содан соң қан. Жердің бәрі қан болды ғой.
Айдос. Менде кінә жоқ.
Берік. Сенің жалғыз кінәң содан кейін Ботагөзге үйленгенің болды.
Гүлсара. Иә, содан кейін Ботагөзге үйлендің...Сен маған... екеуміз... Ал сен Ботагөзге.
Ажар. Ол кездікке құлаған жоқ. Сен кезеніп тұрған пышаққа ұрынды. Мен қарап тұрдым.
Гүлсара. Жоқ!
Берік. Ажар, абайла.Қорқынышты нәрсе айтып тұрсың.
Айдос. Ажар, білмесең, көрмесең, адамды бекер қаралама.
Ажар. Иә-иә. Сол бір сурет көз алдымнан кетер емес. Алпамыс жүгіріп келеді, айтпақшы, ол кімнен қашты сол түні? Біз жөндеп сөйлескен де жоқпыз ғой. Асығыс қоштастық, бұл тақырыпқа қайтып оралған емеспіз, енді міне, жиырма жылдықта кездескенде, Алпамыс та келді. Бұл қалай болды?
Берік. Ажар, сандырақтама. Бұл Алпамыс емес.
Айдос. Алпамысқа ұқсайтын басқа бозбала. Не болды сендерге? Бекер, бекер бас қостық. Неменеге желіктік? Бекер болды бәрі.
Гүлсара. Сен неге Ботагөзге үйлендің? Екеуміз сөз байласып жүрдік те, кенет бір күнде Ботагөзді апарып түсірдің. Неге?
Айдос. Жиырма жыл бұрын болған нәрсені қазбаламашы.
Берік /кекетіп/. Әйелдің өтінішін жерге тастамасаңшы, Айдос. Түсіндірсеңші.
Айдос. Ботагөзден кейін мен тағы екі қатын алдым. Соларды неге сұрамайсың?
Гүлсара. Себебі Ботагөз Алпамыстың қызы болатын. Олар үшінші кластан жұптары жазылмайтын. Егер... Егер Алпамыс үшті-күйлі жоғалмағанда үйленетін еді. Алпамыс жоғала салысымен, сен оның қызына үйленесің. Ал Ажар сені Алпамысқа пышақты әдейі сұқты деп тұр. Міне, менің айтпағым! Бәлкім сен Алпамысты әдейі өлтірген шығарсың! Ботагөз үшін.
Берік. Ойбай! Ойбай! Алпамысты ешкім өлтірген жоқ, не айтып кеттің, Гүлсара!
Ажар. Біз құдайдың қаһарына іліктік, достар.
Айдос. Ботагөз үшін... Ботагөз үшін... Ботагөз үшін мен он Алпамысты өлтірер едім.
Гүлсара /жылайды/. Міне, міне...
Берік. Айдос, не болды саған? Сен үшін бәріміз кетеміз. Өзіңе өзің ие бол. Сабыр сақта. Иесіз тауда жүрсек те артық нәрсе айтпа. Мына бала Алпамысқа ұқсайды екен, бір жерде жасырын камера тұрмағанына кім кепіл. Топырлап тобымызбен сотталып кетпейік.
Айдос. Сол жолы бәрін мойындап түрмеге отырғанда ендігі шығатын едік.
Берік. Не айтып тұрсың? Онда мына өмірді кім сүрер еді?
Айдос. Осы өмір деп өкінсең сен өкінетін шығарсың, менің өмірімді итке бермесін.
Ажар. Біз құдайдың қаһарына ұшыраған жандармыз.
Гүлсара. Жарайды, мені қойшы, міне қырыққа келдім, не бай жоқ, не бала жоқ. Қара басым саусылдап әлі жүрмін. Сен неменеге өкпелісің Ажар. Алтын асықтай төрт балаң бар. Үлкен қызыңды ұзаттың. Ұлың – студент. Байың қасыңда.
Ажар. Бала өскен соң өз қызығы өзінде, ұшқан ұясына бұрынғыдай қайырылмайды екен. Байың бар дейсің, оның да өз қызығы өзінде. Қырыққа енді шығып қылшылдаған дер шағы.
Гүлсара. Жарайды, ертең немере сүйесің, барлығы ұмытылып кетеді.
Ажар. Қайдам...
Айдос. Қыздар, қыздар, не будем о грустном. Мен тамадамын ба, жоқ әлде тамада емеспін бе. Жаңағы бала дәм-тұздан ауыз тиіп отырыңдар деді. Көңіл көтерейік. Сендердің әйел екендерің рас болса, бізге шай беріңдер. Ал біз арақ құяйық. Бәрін ұмытайық, күлейік. Тек жақсы нәрселерді еске алайық.
Алпамыс келіп кіреді. Барлығы үрпиіп тым-тырыс болып қалады.
Алпамыс. Дұрыс, дастарханға келіңдер.
Берік. Балақай, менің ұлымдай екенсің, сен дегенің түрпідей тиіп тұр.
Алпамыс. Кешіріңдер...
Берік. Есімің кім болады өзіңнің? Жөндеп жөніңді айтшы.
Алпамыс. Мен Алпамыспын ғой.
Барлығы қайта шошып кетеді.
Берік. Сен Алпамысты қайдан білесің?
Алпамыс. Қайдан білгені қалай? Мен Алпамыспын.
Гүлсара. Берік, қоя тұр, аттас біреу шығар.
Айдос. Аттас, түрлес, бет-әлпеттес.
Ажар. Балақай, олай қалжыңдама үлкендермен.
Алпамыс. Мен кәдімгі Көкпарбаев Алпамыспын. Өздеріңнің кластастарың.
Ажар есінен танып құлайды. Оған Гүлсара жүгіріп барып медициналық манипуляциялар жасап жатыр.
Берік. Мүмкін емес.
Айдос. Онда неге қартаймағансың?
Алпамыс. Енді қартаймайтын жерге аттандырдыңдар ғой.
Гүлсара /айғайлап/. Жігіттер, сенбеңдер, бұл подстава. Еш нәрсе айтпаңдар!
Берік. Бала, шыныңды айт, сен Алпамыстың бауырысың ба? Ұлысың ба әлде? Бізді қайдан білесің?
Айдос. Бәлкім актер... Біреу жалдап әдейі камераға түсіріп жатқан болар. Берік, сен депутат боламын деп жүрсің ғой, сен үшін осының бәрі.
Берік. Иә, жауларым жетеді.
Гүлсара Ажарды орнынан тұрғызып орындыққа отырғызады.
Ажар. Бұл әруақ. Қалай түсінбейсіңдер. Бұл Алпамыстың аруағы келіп тұрған. Ах, Айдос, Айдос, сен оны неге өлтірдің... Өлдің бе сол Ботагөзді алмасаң... Ол саған қатын болып та жарытқан жоқ қой... Үш ай тұрды ма? Қанша тұрдыңдар? Сол үшін енді міне өмір бойы азап шегудеміз. Өлдің бе сол қатын үшін адам өлтіріп? Жауыз, жауыз...
Алпамыс. Мені Айдос өлтірген жоқ.
Гүлсара. Енді кім?
Алпамыс. Өлтіген адамның өзі біледі.
Айдос. Онда сол адамды алып қал да қалғанымызды босат.
Ажар. Босата гөр бізді, о, аруақ!
Берік. Әй, жынды болдыңдар ма? Немене қуып кеттіңдер бәрің?
Ажар. Әлде Берік сен бе? Сен бе өлтірген мына күнәсіз бейшара Алпамысты?
Берік. Мыналар қиын болды ғой. /Алпамысқа/ Ақша ма саған керегі? Қанша? Айтшы, тауып беремін. Қанша сұрасаң сонша тауып беремін. Миллионер емеспін, бірақ мына тозақтан шығу үшін бәріне дайынмын.
Алпамыс. Жоқ, маған ақша керек емес.
Берік. Енді не?
Ажар. Оған біздің қанымызды ішу керек. Кек! Кек оның көксегені.
Айдос. Сонымен сені кім өлтірді?
Берік. Дәл қазір бұл соншалықты маңызды ма?
Айдос. Мен үшін маңызды. Осы күнге дейін ит азапта өмір кештім. Пышақ менің қолымда болды. Алаудың басында ет турап отырғанмын. Қыздар ет аспаймыз, кәуап жасаңдар деді ғой. Ойымда ешнәрсе жоқ. Кенет апыр-топыр қарбалас болды да кетті, қараңғыда біреу қорбаңдап маған жүгірді, орнымнан тұрдым. Көзді ашып жұмғанша біреу келіп мойныма асылды, қолымдағы пышақ жып-жылы болып кетті. Қою, жабысқақ сұйықтық құйылып жатыр, құйылып жатыр. Ол сенің қаның екен, Алпамыс. Сосын, сосын өздерің білесіңдер...
Берік /басын шайқап/. И ты Бруд туда же. Бұл – Алпамыс емес!
Ажар. Арулап көмілмеді, жаназасы да шықпады.
Берік /кекетіп/. Әке-шешесі ас берді ғой.
Ажар. Үш жылдан кейін...
Гүлсара. Берік, демек сен өлтірген. Басқа ешкім болған жоқ ол жерде. Бесеуміз ғана болдық. Айдос емес, Ажар емес, мен емес, демек сен. Болды. Точка.
Берік. Гүлсара, бұл енді дәл сен айтатын сөз емес.
Гүлсара. Неге?
Берік. Неге екенін мына бұрынғы жігітіңнің көзінше айта берейін бе?
Гүлсара. Екеуміздің оңашаланған сәтіміз бе меңзеп тұрғаның?
Берік. Иә, оңашаланған сәтіміздің бірі.
Айдос. Ах, жезөкше!
Гүлсара. Сөйтсе не болыпты. Сен бұрын кетіп қалдың. Мен келгенде Алпамыс... Алпамыс жерде жатты... жансыз... Ал сен кетіп қалғансың...
Айдос. Ах, жезөкше, сайқал! Ботагөзге үйленгенімде немене оттап мені қарғап-сілеп жүрсің? Өзіңнің істегенің мынау... Онда неге үйленбедің Гүлсараға, Берік?
Берік. Қайтып үйленем, ол сенің қызың еді ғой.
Айдос. Мені құдай сақтапты. Мынаны алсам, қас масқара болғалы тұр екенмін ғой.
Гүлсара. Әйтпесе бұлай керемет жетісіп кетпес пе едің?
Айдос. Үш қатын шығарсам да, сен сияқты опасызы болған жоқ.
Гүлсара. Қайдан білесің?
Айдос. Ах, ты кәзззап!
Тұра кеп қуады, Гүлсара тұра кеп қашады. Жете алмай қайтып келеді.
Айдос. Берік, сен ше? Жігіт емес екенсің. Сендерді де дос деп жүрмін-ау, ақымақ басым.
Айдос бетін басып отырып қалады. Ажар оны ақырын барып, арқасынан сипап жұбатады.
Гүлсара /аңтарылып қайтып келеді/. Дала тас қараңғы.
Айдос. Көр соқыр болып қалған шығарсың, көр соқыр болып қалғыр.
Ажар. Болды, қой, қой. Ашуланба. Барлығы өтті, кетті...
Берік. Немене қараңғы, тапа тал түсте.
Шығып кетеді де, қайта кіреді.
Берік. Көзге түртсе көргісіз.
Барлығы сыртқа қарады. Меңірейген қараңғылық.
Ажар. Қашан түн болып үлгерді...
Айдос. Уақыт қалай тез өтті...
Берік. Сенің истерикаларыңды қызықтаймыз деп, күннің батқанын байқамай қалыппыз. Алпамыс, бауырым, кім болсаң да, біз қайтайық. Көлік қайда?
Ажар. Сонымен сені кім өлтірді?
Берік. Нең бар, ойбай!
Айдос. Мен де шаршадым, осы тойғанымызбен қайтайық...
Алпамыс. Мен қалай айтарымды білмей тұрмын...
Гүлсара. Тағы не қалды айтылмаған?
Алпамыс. Әкесі өлгенді де естіртеді дейді ғой...
Берік /Гүлсараға/. Валидол бар ма?
Гүлсара басын шайқап, Алпамысқа қарайды.
Алпамыс. Сендер бұл жерден шыға алмайсыңдар.
Берік. Неге?
Алпамыс. Себебі дәл осы жерден басқа орын жоқ.
Ажар. Қандай орын?
Алпамыс. Сендер үшін.
Гүлсара. Түсінікті. Орын жоқ.
Гүлсара ымдап, таласпаңдар, келісе беріңдер дегенді жеткізеді.
Ажар. Гүлсара, сен неге ұқпайсың? Бұл есі ауысқан адам емес, бұл аруақ.
Гүлсара. Иә, әрине, аруақ. Аруақ, біліп тұрмын ғой.
Берік пен Айдосқа ымдап, мына екеуінің де есі ауысқан дегенді білдіреді. Таласпаңдар деп өтінеді.
Ажар. Алпамыс, сені кім өлтірді? Айтшы.
Алпамыс. Ол адам араларыңда жоқ.
Берік. Ух.........
Айдос. Біз бесеуміз ғана болдық қой.
Алпамыс. Ботагөз келді артымыздан...
Айдос. Ботагөз???
Алпамыс. Мен Алматыға оқуға кетемін дедім. Ол жібермеймін деді. Содан кейін бұрылып кете бергенімде арқамнан кездік сұқты, содан кейін тағы, мен қаша жөнелдім. Әрі қарай білмеймін. Есімді осы жерде жидым.
Айдос. Не айтып тұрсың?
Алпамыс. Ал сендер... Сендер мені өлтірдік деп ойладыңдар... Әрі қарай өздерің білесіңдер...
Гүлсара. Масқара...
Ажар. Қазір Ботагөз қайда?
Алпамыс. Білмеймін. Бірақ әлі тірі...
Берік. Тірісі қалай?
Айдос. Біз сонда не өліміз бе?
Алпамыс. Иә...
Гүлсара. Қалайша?
Алпамыс. Көлік апаты.
Берік. Мынау шын жынданған жынды екен.
Алпамыс. Далаға шыға алмайсыңдар.
Гүлсара шыңғырып далаға қарай жүгіреді де, қараңғылыққа шарға соғылғандай соғылып, кері серпіледі. Ажардан басқасы шығуға әрекет жасайды. Шыға алмайды.
Берік. Сонда бұл қалай болды?
Алпамыс. Солай...
Ажар. Алпамыс. Бізді кешірші. Жүзіңді жасырмадық. Таспен бастыра салдық. Бірақ ол кезде біз бала едік. Бүкіл өміріміз алдымызда болатын. Болашағымыз үшін қорықтық.
Айдос. Ботагөздің арбауына түстім... Кеш мені де...
Алпамыс /салқын/. Кешіретін құдай емеспін.
Айдос. Берік, рөлде сен болдың. Демек біздің өлімімізге кінәлі сенсің.
Гүлсара. Жігіттер, кінәлі деген сөзді айтпайықшы. Кінәлі деген сөз өте ауыр, жүрегіңді езетін жаман сөз. Ешкім кінәлі емес. Берік әдейі жасады ғой дейсің бе?
Берік. Сонда қай жерде болды?
Алпамыс. Асудан өте алмадыңдар. Құздан ұштыңдар.
Айдос. Тіл тартпай кеткен шығармыз.
Алпамыс. Солай... Жігіттер, қыздар, өте өкінішті. Жүрегім қарс айырылады сендер үшін.
Ажар. Сонда осы тұрғанда бәріміз аруақпыз ба?
Алпамыс. Иә...
Гүлсара. Мына қол-аяғымыз ше, бет-әлпетіміз?
Алпамыс. Естелік, жады. Қазір сендерге осылай ыңғайлы. Содан кейін бірте-бірте өздеріңнің Құдай жаратқан қалыптарыңа түсесіңдер.
Ажар. Ол қандай қалып?
Алпамыс. Нұрлы...
Гүлсара. Қорқынышты емес пе?
Алпамыс. Жоқ.
Айдос. Білмеймін неге екені, өкініш жоқ.
Алпамыс. Ақ өлімде солай болады...
Барлығы әлдебір әдемі күйде үнсіз қалады.
Берік. Олай болса, жігіттер, қыздар, өміріміз оқыстан үзіліпті. Әзірше адами кейіптеміз. Әзірше бәрі жақсы, инстинкт біткен ұрып тұр. Төрт көзіміз түгел. Тіпті міне Алпамыс та қатарымызға қосылды.
Айдос /кекетіп/. Кім кімнің қатарына қосылыпты.
Берік. Сайқымазақ кекесінді осымен доғарайық. Өзімізді өлген адамдар сияқты салмақты ұстайық.
Айдос. Сен мұнда әкім емессің, қалай ұстасақ та өзіміз білеміз.
Берік Алпамысқа сұраулы жүзбен қарайды. Ол басын изейді.
Берік. Онда жігіттерше шешеміз. Шық, былай!
Гүлсара. Әй, қойыңдар, идиоттар!
Айдос. Мен сенімен төбелеспеймін.
Берік. Неге?
Айдос. Бәрібір жеңіп кетесің.
Берік. Вооот! Міне, шындық қайда. Сонымен мына ақ дастарханнан алып жеп отырайық. Бокалдарыңды сусыннан босатыңдар. Менің қуанып отырғаным, Алпамысты біз өлтірген жоқпыз!
Гүлсара. Алақай! Алақай!
Кенет бәрі көңілденіп кетеді.
Айдос. Ал, алаулап жанайық, до конца алайық!
Гүлсара. Урра! Алпамыс, би бола ма?
Берік. Ішпегеннің іші өтсін!
Ажар /көпшілікке қосылмайды, ойлы/. Мен бәрібір сенбеймін.
Берік. Неге?
Ажар. Біз өлген болсақ, неге осыншама көңілді жүрміз?
Айдос. Енді не істейміз?
Ажар. Білмеймін. Кішкене қорқып... былай. Жылау керек сияқты.
Берік. Біз жылаймыз ба? Тірілер жыласын.
Гүлсара. Бар ғой жылайтындар.
Ажар. Енді ең болмаса бір-бірімізді неужели не жалко...
Айдос. Жалко... шыны керек.
Берік. Жарайды, қойыңдаршы. Болары болса, амал қайсы?
И если мой огонь погас
Жалейте не меня.
А тех, сидевших столько раз
У моего огня...
Айдос. Берік, ағатай, мойындашы, сен әкім болып жетістірген жоқсың ғой. Не істедің айтшы? Ауыл үшін не істедің? Қоқыстан тазаладың ба, жаңа үйлер салдың ба, өзіңе салған үйден басқа? Енді немене оттап отырсың, жалейте не меня деп? Тебя жалеем и все! Қалғандары қуанады! Ду қол шапалақ! Шымылдық жабылды!
Берік. Ал сен не тындырдың, сайқымазақ, черт! Өзіңе қарап ал! Өмір бойғы арманың бір ду қол шапалақ еді, оған да жетпей кеттің. Бездарный актер, бездарная жизнь!
Айдос. Солай-ақ болсын, бірақ мен ешкімнің ақысын жеген жоқпын.
Берік. Мен кімнің ақысын жеппін? Дәлелің бар ма?
Айдос. Вот, қазір Құдайдың алдына барғанда дәлел сұрайсың. Қазір көресің, әкеңді танытады сенің!
Берік /шошып/. Алпамыс, бауырым, мынау не дейді?
Алпамыс /күледі/. Меніңше, түк те болмайды. Бәрі жақсы, қойыңдар, жігіттер.
Гүлсара. Иә, ұрсысуға болмайды, кішкене тәубаларыңа келсеңдерші. Ауылдың сыртында маевкада жүргендей болмай. Имандарыңды үйіріп дегендей.
Айдос. Иә, құрысын, Берік, кешір.
Берік. Иә, сен де... Тіршілікте артық кетіп, көңіліңе қаяу түсіріп, жүрегіңді жараласам кешір, бауырым. Бәрің кешіріңдер мені...
Айдос. Мені де кешіріңдер.
Гүлсара. Мені де...
Ажар /сол ойлы қалпы, басқаларға қосылмайды, Алпамысқа/. Әбеке, қайта оралуға тіпті мүмкіндік жоқ па?
Алпамыс. Көліктеріңмен құздан ұшып кеттіңдер ғой. Денелеріңнің мылжа-мылжасы шықты. Орала алмайсың.
Ажар. Ал егер, егер мылжа-мылжасы шықпаса оралу мүмкін бе еді?
Алпамыс. Жол жоқ. Қалай ораласың?
Ажар. Бір амал-айласы болмай ма?
Алпамыс /күледі/. Құдайдың құдіреті күшті. Мен білмеймін.
Ажар. Сонда бұл не?
Алпамыс. Не?
Ажар. Осының бәрі?
Алпамыс. Жүздесусіз жібермейді. Бұл - жүздесу. Жүздесу.
Берік. Немене жүздесу?
Алпамыс. Бақылдасу де. Білмеймін.
Берік. Жарайды, солай-ақ болсын. Сен... сен ше? Өлгенде сен де жүздестің бе?
Алпамыс. Иә...
Берік. Кіммен?
Алпамыс. Әкеммен...
Айдос. И?
Алпамыс. Жүздестік.
Гүлсара. Сосын?
Алпамыс. Сосын әрі өттім. Бұл - табалдырық. Қазіргі.
Ажар. Ана жақта не бар?
Алпамыс. Өмір.
Берік. Енді неге қайта мына жақта жүрсің?
Алпамыс. Әкелді ғой. Сендерді қарсы алу үшін.
Гүлсара. Басқа адам табылмай қалды ма? Менің әкем қайда, мысалы?
Ажар. Иә... менің анам... ол неге қарсы алмады мені?
Алпамыс. Себебі сендер мені сұрадыңдар.
Айдос. Мен сені ойлаған жоқпын.
Ажар. Мен де.
Берік. Менің де сені қалауым мүмкін емес.
Гүлсара. Өтірік!
Алпамыс /жайлап, еппен/. Мені өмір бойы ойлаумен келесіңдер. Мені ойға алмаған бірде бір күндерің болған емес.
Берік. Иә...
Гүлсара. Рас...
Алпамыс. Олай болса, достар, жүріңдер.
Айдос. Алпамыс, қолыңнан ұстап алсам бола ма?
Алпамыс. Кел.
Олар қол ұстасып, аппақ арайлы әлемге кіріп кетеді.
Соңы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі