Өлең, жыр, ақындар

Коньяк қосылған кофе

/екі актілі драма/

/Хичкокшалағанда/

Қатысушылар:

Кейуана
Отағасы
Әйел /отанасы/
Бойжеткен (Шәмен) — 25-30 жаста.
Жігіт (Батыр) — 35-40 жаста

1-АКТ.

1-көрініс.

Қонақ бөлме. Ортада мерекелік дастархан жайылған. Төрде ақ орамал тартқан кейуана отыр. Орта жастағы әйел дастархан маңында күйбеңдейді. Тыныштықты ара-тұра ауыр күрсінген әженің демі ғана бұзады. Орта жастағы ер адам келіп кіреді. Қолында кітап.

Отағасы. Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма,- депті ғұлама Абай. Бұл жердегі «ғадауат» сөзі дұшпандық деген мағынаны білдіреді екен. Махаббат, ғадауатпен майдандасқан... Қандай керемет, ә.

Әйел. Не болса соны айтып мазаны алмай, бар, демала тұршы. Сенсіз де миым айналып тұр.

Бетін басып дастархан шетіне отыра кетеді. Еркек те келіп жайғасып, кітапқа үңіледі.

Кейуана. Жастар кешігіп жатыр ғой. Батыр айтқан уақытында жетуші еді.

Әйел. Бойжеткен жиналып бітпей жатқан шығар.

Кейуана. Келеді ғой, келеді. Тек Алла амандығын берсін.

Әйел. Білмеймін, тым жақсы болып өсіп еді ботам. Қандай қыздың тұзағына ілінді. Үйленбесе - бір уайым, үйленсе - тағы уайым.

Кейуана. Құм жиналып тас болмас,

Құл жиылып бас болмас.

Екі жақсы қас болмас,

Екі жаман дос болмас,- деген екен бұрынғының адамдары. «Құда — мың жылдық, күйеу — жүз жылдық». Қыздың ата-анасы қандай адамдар екен. Әлгі біздің бала үй-ішімен танысып па. Көріп пе қандай жердің баласы екенін. Соны білгенің бар ма, келін.

Әйел. Апа, оның әке-шешесін не қыласыз? Өзі қандай десеңші. Әке-шешесі келін болмайды ғой бізге келіп. Сіз де айтасыз.

Кейуана. Әй, балам-ай, қазақ «аяғын көр, асын іш. Шешесін көр, қызын ал» деп бекер айтты дейсің бе. Текті жердің адамы — оқымаса да, шоқымаса да басқаша болады. Қоңыз теріп жанын бағып жүрсе де басқаша болады.

Әйел. Сіз балаң екеуің тақпақтап менің түбіме жететін болдыңдар. /күбірлеп/ Жүйкем жұқарып бітті. Көр ғана құтқарады мені сендерден.

Кенет есік қоңырауы басылып, артынша Батыр мен Шәмен келіп кіреді. Әйел барып алдымен баласының, содан кейін Шәменнің бетінен сүйеді. Олар отағасымен, кейуанамен амандасып, дастархан басына жайғасады. Әйел күйбеңдеп шай қамына кіріседі.

Кейуана. Сонымен, қызым, жөніңді айта отыр. Әке-шешең бар ма? Қай жердікі боласыңдар?

Шәмен. Шешем ауылда тұрады. Негізі осы Алматынікі. Әкем жоқ.

Кейуана. Әкең қайтып кеткен болды ғой.

Шәмен. Иә...

Кейуана. Иманды болсын, жарықтық. Қай елден боласыңдар.

Шәмен. Осы Алматыданбыз.

Кейуана. Сүйегіңді сұрап отырмын, жарқыным. Сүйегіңді.

Шәмен. /қысылып қалып, Батырға қарап/. Мен түсінбеймін.

Батыр. Әже, оны не қыласыз, мәселе онда емес қой. Танысыңыздар, әңгімелесіңіздер.

Әйел. Иә, апа, қазіргі жастар ондай нәрселерді білмейді. Одан да, Шәменжан, қай институтты бітірдің, қайда жұмыс істейсің соны айта отыр. Енді таныса келген соң бұндай сұрақтарсыз болмайды. Ренжіме.

Шәмен. Иә, әрине... бірақ мен оқымағанмын. Еш жерде оқымағанмын. Дүкенде сатушы болып істеймін /қатты қысылып, Батырға сүйенеді./

Жағымсыз тыныштық орнайды.

Еркек /кенет тамағын кенеп/. Балтық жағалауында қарайлар деген халық бар. Еуропаланып кеткен ел. Солардың тілінде біздің кәдімгі желтоқсан айы «соғымай» деп аталады екен. Қаңтарды «қышай», ал ақпанды «қарақышай» дейді. Таң қаларлық жағдай. Сонда түркі халықтары Балтық жағалауына дейінгі аумақты алып жатқан болды ғой. «Соғым ай» деген түсінігі бар халық дегеніңіз кезінде мал шаруашылығымен айналысқан, көшпелі ел болған дегенді білдірмей ме.

Әйел. /күбірлеп/ Жарайды, оқыған-оқымағандықта тұрған ешнәрсе жоқ қой. Оқыса да түк бітіре алмай жүргендер көп.

Батыр. Әйелге жұмыс істеп, оқып түк қажеті жоқ. Үйдің берекесін келтіріп, балаларға дұрыс қарап отырса, басқа не сұрайсың әйел затынан.

Кейуана. Балам-ау, үй болғаннан кейін ұрпақ өрбиді. Алғаныңның тегі, тектілігі сол ұрпақ үшін керек. Өзің қазақсың ба, қызым?

Шәмен. /естілер-естілмес/. Иә, қазақпын.

Кейуана. Қазақ болсаң өзіңнің тегіңді неге білмейсің?

Шәмен. Маған шешем ешнәрсе айтқан емес.

Кейуана. Балам-ау, енді білмеймін не дерімді. Біз өзі өскен-өнген атаның ұрпағы едік. Бабамыз қол бастаған батыр болған, арғы атамыз сөз бастаған шешен, аузы дуалы би болған. Есімдері осы өздерің оқып жүрген тарих кітаптарына түскен еді. Мен не дерімді білмей отырмын, балам. Сен де біреудің әлпештеген қызы шығарсың. Батыр да кіндіктен жалғыз, бетіне қарап отырған ұлымыз. Менен келісім керек болса, бере алмаспын, айып етпе, жаным.

Еркек. Менің сөзім керек болса, өздерің білетін де шығарсыңдар, Галлей атты құйрықты жұлдыз 80 жылда бір Жерге жақын ұшып өтеді. Ғалымдардың айтуынша, ғасырда бір болатын бұл құбылыс дүниеге түрлі апаттар, соғыстар, жаман аурулар алып келеді екен.

Үнсіздік. Дастархан басындағылардың әрқайсысы өз ойымен өзі.

Еркек. Ғалымдар сонымен қатар құрлықтардың үнемі қозғалыста болатынын анықтаған. Ауқымы геологиялық дәуірлермен өлшенгенмен, миллиондаған жылдардан кейін Америка континентінің Азияға келіп соғылу қауіпі бар. Мен есептеп көрсем, Калифорния штаты Қытайдың Ляодун провинциясын сүзеді екен. Елестетіңдерші. Ғажап емес пе. Менің айтайын дегенім, осындай ғарыштық өлшемдермен қараған кезде, біздің Батырдың қандай қызға, қашан үйленетінінде тұрған еш мағына, мән жоқ. Сондықтан, апа, сен бекер уайымдайсың.

Тағы да ауыр үнсіздік жайлайды.

Батыр. Рақмет, әке.

2-көрініс

Сахнада қала көшесі. Түнгі мезгіл. Фонарь. Бәйтерек. Скамейка. Онда Батыр мен Шәмен біріне-бірі тақалып отыр. Шәменнің үстінде Батырдың күртешесі.

Шәмен. Сонымен анаң мені ұнатпады.

Батыр /күліп/. Мен сенің орныңа басқа қандай қыз әкелсем де ұнатпас еді. Ол мені қимайды. Әлі бала көреді. Осылай мәңгі қасымда жүре берсе дейді. Егер еркек әйел үшін жанын пида етуге дайын болса, демек ол оны сүйеді, ал әйел еркек үшін жанын пида етуге дайын болса, демек, ол оны туған дейді. Ананың аты — ана.

Шәмен. Білмеймін. Ол кісіні ренжітіп бақыт таба аламыз ба. Әжең де өзін біртүрлі суық ұстады.

Батыр /ойланып/. Осыны өзім де түсіне алмадым. Қалыптасқан әдет бойынша, анам ұнатпағанды әжем ұнатуға тиіс еді. Ол екеуі өмір бойы осылай бірінікін бірі жоққа шығарып келеді. Жас балалар секілді тайталасады. Бірақ, бұл жолы басқаша болды.

Шәмен. Екеуі бірін-бірі жек көре ме?

Батыр. Жоқ. Олай деуге болмайды. Енді... Ене мен келінді құдай әу бастан біріне бірін қарсы етіп жаратқан дейді ғой. Тек парасаты басқадан асып туған әйел заты, төмен етектінің сырттандары ғана тіл табысып, тату-тәтті ғұмыр кешеді екен. Ал, менің әжем мен анам... сырттандыққа кішкене, бір елі ғана жетпей туды ма деймін.

Шәмен. Сонда қалай?

Батыр /күліп/. Енді... бірін-бірі жұлып, ауыр сөз айтуға бармаса да, өзара кішкене бәсекелесіп жүретіндері бар. Мына тамақты мен сенен жақсы істеймін, бала тәрбиесін мен сенен артық білемін, сенен мен пысықпын, сенің тапқан балаңнан менің тапқан балам ақылды деген сияқты әңгімелер ғой.

Шәмен. Бірақ екеуі де мені ұнатпады...

Батыр. Олар сені мүлдем білмейді емес пе. Бірінші рет көріп отыр. Содан кейін мен олардан рұқсат сұрап келген жоқпын, таныстыруға апардым сені. Жасым отыздың ортасына келгенде әжем мен шешем жақтырмады деп сүйіктіме үйленбей қалсам, менің кім болғаным?

Шәмен /күліп/. Мені әйтеуір олардан бөлек тұратынымыз қуантады. Күнде бетпе-бет келіп, кездесе бермейміз дегенім ғой.

Батыр. Ол жағынан саспа. Мен сені ешкімге ренжіттірмеймін.

Шәмен. Оларға менің жетімдігім ұнамаған секілді, содан соң сенің теңің емеспін. Оқымағанмын, дүкенде сатушы болып істеймін. Күйеуде болғанмын.

Батыр. Сенің шешең бар емес пе. Жетімсің деп отырған ешкім жоқ. Күйеуде болсаң... Күйеуден шығып келген жоқсың, Құдайдың өз ажыратты сендерді. Ол қайтыс болғалы бері қанша уақыт өтті?

Шәмен /мұңайып/. Төрт жыл болды ғой, міне.

Батыр. Неден қайтып еді?

Шәмен. Жүрек талмасынан...

Батыр /Шәменді құшақтап/. Жарайды, тұнжырама. Жақында кішкентай бөпе келеді өмірге. Содан соң менің ата-анам, әжем барлығы сені менен де қатты жақсы көретін болады. Көресің. Барлығы тамаша болады.

Шәмен. Білмеймін, жүрегім қобалжи береді. Мені қойшы, қасымда сен барсың, туыстарың анамды ренжіте ме деп қорқамын. Білесің ғой, бұндай кезде қандай әңгімелердің болатынын. Ал шешем болса, мені жалғыз өзі тістелеп жүріп өсірді. Көп қиындық көрдік. Енді қазір өсіп-жетілген соң оған ауыр сөз естірткім келмейді. Түсінесің ба?

Батыр. Ол жағынан саспа. Ондай кезде артық сөзге баруға тек менің шешем ғана қабілетті. Ал, ол кісі менің айтқанымнан шықпайды. Өзім қатты-қатты айтып, тапсырып қоямын. Ешкім сенің мамаңа тік қарап сөйлемейді. Сөз берем саған.

Шәмен. Әкең ше?

Батыр. Ол кісінің қақ-соқпен ісі жоқ. Өзің де байқаған шығарсың. Отағасы болып, сыртқа жалын күдірейткенімен, біздің үйдің бастығы — шешем. Бірақ, ол - ашсам алақанымда, жапсам жұдырығымда. Демек, бастық — мен. Қалай айтсам, барлығы солай болады.

Құшақтасады. Сахна жабылады.

2-АКТ.

1-көрініс.

Сахна ортасында модерн стиліндегі үлкен көк диван тұр. Шетте бір сары кресло және әйнектен жасалған журнал столы. Столда графинде су тұр және стакан. Ақ шаңқы қабырға. Ауруханада болатын мәмілесіз, жағымсыз тазалық атмосферасы. Диванда Шәмен журнал парақтап отыр. Батыр кіреді.

Батыр. Есікті неге ашпайсың? Үйде екенсің ғой.

Шәмен. Кілтің бар ғой.

Батыр мырс етіп, галстугын ағыта бастайды.

Батыр. Шаршап келдім. Бастық миды жеп жіберді. Қан сорғыш. Нағыз қан сорғыш. Әйтеуір ретін тауып, амалын келтіріп, қаныңды ұрттап-ұрттап алады. Шаршадым. Егер сен екеуің болмасаңдар, барлығын тастап қаңғып кетер едім. Шын айтамын. Әбден саудам бітті.

Шәмен. Басымды қатырмашы. Әлде сен менің қанымды ішейін дедің бе?

Еркек /кенет селт етіп/. Әйгерім қайда?

Шәмен. Әйгерімді не қыласың?

Батыр. Не қылғаны қалай? Қайда жібердің Әйгерімді? Айт жаныңның барында.

Әйел /журналдан көзін алмаған күйі/. Айқайлама. Басымды ауыртып жібердің.

Еркек сахна сыртына жүгіріп кетеді. «Әйгерім, Әйгерім» деген дауысы алыстан талып жетеді.Әйел журналдан басын көтеріп алыстағы нүктеге жанарын қадайды.

Шәмен /өзімен-өзі күбірлеп, күңгірт дауыспен/ Сен адам өлтіріп көріп пе едің? Алқызыл ыстық қан алақаныңды жуып, жүрегіңде мұз боп қатып жатқан кесек кекке нұрша құйылған сәтті бастан кешіп пе едің. Қан, тек қан ғана жуа алатын, тазарта алатын кек болады өмірде...

Еркек қайта кіреді.

Батыр /дауысына жалыныш араласқан/. Шәмен, Әйгерімді қайда жібердің?

Шәмен. Апасына, ауылға апарып тастадым.

Батыр. Неге? Неге менімен келіспей білгеніңді істегенсің? Ол менің де қызым ғой.

Шәмен. Дем алайын дедім. Балаға қараған оңай ғой дейсің бе. Сен күні бойы жұмыстасың. Азабын мен тартамын. Содан соң келіп алып, «балам, балам» деп өбектейсің. Жыныма тиме.

Батыр /естілер-естілмес/. Мен ақша тауып жатырмын ғой.

Шәмен қолын сілтейді де, журналға қайта үңіледі.

Батыр. Сенің шешең қайсыбір қарайды дейсің. Барғанда бір кесе шайды дұрыс бере алмайды.

Шәмен. Өлтіріп тастамас.

Батыр. Қазір күн суық. Ауыртып ала ма деймін. Бекер болды. Кішкентай баланы. Обал болар ма екен.

Шәмен. Бірақ сен оны кішкентай деп, обал деп қабылдамаған сияқтысың ғой.

Батыр. Немене айтып тұрсың.

Шәмен. Ішің сезіп тұрған шығар менің немене айтып тұрғанымды.

Батыр. Жоқ, еш нәрсе сезіп тұрған жоқпын. Айт, жаныңның барында айт. Жұмбақтама.

Шәмен қолымен басын қысып, бетін басады.

Шәмен. Батыр, мен бәрін білемін. Алдында да сезіп жүргенмін. Бірақ кеше Әйгерімнің өзі білдірді. Қуыршағына сенің жасап жүрген істеріңді істеп ойнап отырғанының үстінен түстім. Бұрын да сезіп жүргенмін. Бірақ мұншама сұмдықты күтпеп едім. Қайдан, кімнен үйрендің дегенімде, әкем осылай істейді деді. Өзі айтты.

Батыр сахнаны әрі-бері кезіп жүре бастайды. Түрі әлемтапырық. Адами кейпінен айырылып, әлдебір жартқышқа айналған тәрізді.

Батыр. Өтірік, өтірік. Сен, сен әдейі істеп отырсың мұның бәрін. Неге? Не үшін? Мен саған соншама не істедім, Шәмен. Жазығым қаңғып жүрген жеріңнен жуындырып, киіндіріп, үйленгенім, үйіме кіргізіп, жар еткенім бе? Оқытқаным ба кінәм? Менен не жамандық көрдің?

Шәмен. Сен де, мен де, екеуміз де білеміз бұның шындық екенін. Мені алдағаныңмен Алланы қайда жібересің. Ол барлығын көріп тұр. Ертең Құдайдың алдына барамын деп қорықпайсың ба? Не бетіңді айтасың сонда? Ол сенің өз перзентің ғой. Мұнша неге тексіз болдың? Өз құлыныңа шауып не болды соншама?

Батыр. Жап ауызыңды.

Ұшып барып Шәменді мыжғылай бастайды. Диванға езіп, енгізіп жіберердей болып, тұншықтырады. Әйел басында тырбыңдап, қарсылық көрсеткенімен, көп ұзамай қимылсыз қалады. Батыр сонда барып тоқтап, орнынан көтеріледі.

Батыр. Өлді ме? Қимылсыз. Не дейді? Не дейді мынау? Масқара. Әйгерім, Әйгерім... Қайда? Қызым қайда? Шәмен, Шәмен. Әйгерім қайда?

Әйелді жұлқылайды, Журнал столында стаканда тұрған суды әкеліп бетіне шашады. Шапалақтап, оята бастайды, әлден кейін Шәмен ыңырсып, жан кіреді. Басын көтеріп отырады, бірақ мең-зең.

Шәмен /өзіне-өзі/. Бекер болды. Бекер болды. Бұлай болмау керек еді. Өзім кінәлімін.

Батыр. Шәмен, Әйгерім қайда? Шынымен шешеңе апарып тастадың ба?

Шәмен /бір езулеп жымияды/. Әйгерімді қайтесің. Әйтеуір бір қауіпсіз жерде.

Батыр. Қайда? Қайда?!!!!

Шәмен. Батыр, байқайсың ба, Әйгерімді баласын іздеген әке сияқты емес, нақсүйерін жоғалтқан бозбалаша аласұрып іздейсің, сен ауруға шалдыққансың. Сен аурусың. Ең болмаса, өзің үшін, өзіңе-өзің мойындашы. Бір сәтке болса да, мойындашы.

Батыр /әйелдің қасына келіп, бетіне бетін тақап сөйлейді/. Шәмен, Шәмен, Алланың атымен ант етемін, өтірік айтсам, Тозақта өртенейін, Әйгерімге саусағымның ұшы тиген емес. Не болған саған? Есіңді жи. Не болды саған? Қалай дәтің барып, ауызың барып, осындай нәрсені айтасың. Сен өзің неге Құдайдан қорықпайсың?

Шәмен. Әйгерімнің өзі айтты, өзі көрсетті деп тұрмын ғой. Төрт жасар сәби ондай нәрселерді қайдан біледі?

Батыр. Сен күні бойы телевизордан еркек пен қатын арасындағы махаббатты көресің. Ол да қарап жүреді ғой. Бала болған соң санасына сіңе берген шығар. Мен қайдан білемін оның қайдан білетінін, қайдан көргенін. Күні бойы сенімен қалады ғой ол. Жай айта салған шығар әкем көрсетті деп. Бала болған соң өтірік айтады ғой. Қиялданып, көп өтірік айтады ғой бала болған соң. Шәмен, сен не айтып тұрсың?

Шәмен. Ақталма. Мен егер сенімсіз болсам, егер тырнақтай күмәнім болса, бұл әңгіменің шетін де шығармас едім. Мен осы күнге дейін сені бақылап жүрдім. Күдігім баяғыда оянған. Бірақ күнәға бармайын, қателесіп, обалыңа қалмайын дедім, тек бақылаумен болдым. Сенің әрбір қимылыңа, әрбір көзқарасыңа қалт жібермей қараумен болдым. Басқа қыз балалармен қарым-қатынасың, кішкентай қыздарды көргенде саусақтарыңның ұштары дірілдеп, ерніңнің кезеретіні, өз-өзіңді ұстай алмай әбес жағдайларға тап болатының — барлығы менің назарымнан бір сәтке де тыс қалған емес. Мен әбден көз жеткізген соң айтып тұрмын мұны. Сондықтан сен дәл менің алдымда ақталмай-ақ қой. Босқа арамтер болма. Одан да отыр. Әрі-бері жүрме, басым айналып кетті. Отыр.

Батыр барып креслоға отырады. Екі көзі еденде.

Шәмен. Шыныңды айтшы, Құндыздың өлімі сенің мойныңда ғой.

Батыр /басын көтеріп/. Қай Құндыз?

Шәмен. Сен білесің менің қай Құндызды айтып тұрғанымды.

Батыр. Құндыз. Көршінің қызын айтасың ба? Иә, білемін.

Шәмен. Перденің артына жасырынып сол қыздың ауладағы жүріс-тұрысын аңдитыныңды байқағанмын. Сөйтіп жүргенде әйтеуір із-түзсіз жоғалды ғой ол қыз. Шешесі әлі қала кезіп іздеп жүр. Үміті үзілген жоқ. Бір жыл өтсе де үміті үзілмеді.

Батыр. Есімде. Ол өзгеше болатын. Селтиіп тұрысында, жалт-жұлт еткен тынымсыз жанарында қалыпқа сыймай өтетін жанның белгісін көруші ем. Сондай бір адамдар болады. Өмірдің өзіне бөтен.

Шәмен /күбірлеп, бірақ Батыр оны естиді/. Азғын.

Батыр. Сен байқайсың ба, тіпті жезөкшеліктің, қарақшылықтың өзіндік реті, үйлесімі бар. Ондағы адамдар сол ортаға тастай батып, жарасыммен сіңіп жатады. Олардың тірлігі ешкімге оғаш көрінбейді. Байқадың ба? Дегенмен, адамзаттың бір ерекше жаратылған тобы қайда жүрсе де, не істесе де бөтендігі сезіліп, бөтендігін сезіп жүреді. Олар алдымен өз жанұясында, мейлі ол айрандай ұйып отырған үлгілі отбасы болсын, өз жанұясында бақытсыз. Бақсының моласындай одағай. Мектепте де, жұмыс орнында да жат. Состиып еш жерге сіңе алмайтын жаратылысы бөлек жандар. Олар жүрген жерлеріне беймазалық, әлдебір рухани ызғар ала келетін сияқты. Ешкім олардың өзгешелігін көзге түртіп, айтып бере алмаса да, сезім деңгейінде бойларын қашық ұстайды. Мен ол жасөспірім қыздың бойынан осындай мінезді сезініп, ұзақ бақылайтын болдым. Рас, мен оны сыртынан бақылап жүрдім. Ауладағы сайғақ жүрісін, басқаларға ұқсағысы келіп, жұғысқысы келіп тырысқан әрекеттерін перденің тасасында тұрып көз алмай бақылайтын болдым.

Шәмен. Мейлі, солай-ақ болсын, бірақ неге өлтірдің? Алдымен қорлаған шығарсың, азғын. Денесін қайда жасырдың?!

Батыр /таң қала қарайды/. Мен оған тиіскен емеспін. Мен тек сыртынан қарап жүретінмін. Не болғанын білмеймін. Не айтып тұрсың? Қайта бастадың ба?

Шәмен. Бұндай сұмдықты жасаған азғынның оны мойындамауға бетпақтығы жетеді. Сенен бұдан артық еш нәрсені күткен жоқпын. Жарайды, осымен доғар. Алла біледі, мен білемін, сен өзің білесің. Осы да жетеді.

Батыр. Мен ол қызды, Құндызды өзіме ұқсатамын. Мен де өмір бойы сенделумен келемін. Жасым қырыққа таяп қалды. Өмірден бар көрген қызығым Әйгерім ғана сияқты. Басқа бақыт сезбеппін. Шәмен, мен саған қызығамын. Сенің анаң бар. Ана жолы ауылға барғанда анаңмен екеуіңнің араңдағы әңгімені құлағым шалып қалды. Сендер анаңның көңілдестерін естеріңе түсіріп, оларды санап, түстерін-түстеп ішек-сілелерің қатып жаттыңдар. Мен сол кезде тұңғыш рет сенің бақытты екеніңді түсіндім. Көре алмай, қызғанышқа тұншықтым. Далаға шығып кетіп, жылап алдым. Сен мені білемін дейсің. Бірақ, сол жолы еш нәрсені сезген жоқсың.

Шәмен /таң қала қарайды/. Менің неменемді қызғанасың? Сенің әкең де, шешең де бар. Өмір бойы екеуі қол ұстасып жүрді, қызмет істеді. Сендердің үшеуіңе де жоғары білім берді, үй әперді. Не ішемін, не киемін деген жоқсыңдар. Ал мен... Мен әкемнің кім екенін де білмеймін, шешемнің өзі де білмейді. Сұрай қалсам, шатасып екі-үш кісінің атын айтады /жымиып/. Үйсіз-күйсіз, қол ұстасып қаңғырып жүрдік. Шешем еті қоңдылау, мырзалау көңілдес кездестірсе, үсті-басымызды жамап-жасқап, жылы үйге кіріп, жетісіп қаламыз. Әйтпесе... Әйтеуір Кеңес кезі болып өлген жоқпыз. Әйтпесе қазір, мына заманда адам болмас едік.

Батыр. Бұндай нәрсені бұрын айтпаушы едің.

Шәмен. Ауылдағы үйді кейін алдық қой. Менің шешем балалар үйінде тәрбиеленген, туыстары жоқ. Қиындықты көп көрдік. Рас, арамызда жасырын сыр жоқ. Екеуміз де тұлмыз ғой. Әйтеуір Әйгерім келді дүниеге. Өмір жалғасып жатыр.

Батыр /мысқылдап/. «Анасын көріп қызын ал» деуші ме еді. Иә...

Шәмен. Бірақ мен анамнан бір нәрсені жасырып қалдым. Әлі де жасырамын. Өлгенде өзіммен кететін құпиям бар. Менің сол әлгі Құндыздай кезім. Он үш-он төрт жастамын. Бәлкім, он екіде ме екенмін. Әйтеуір ешқашан өспейтіндей, бойжетпейтіндей көрінетінмін өзіме. Уақыт сағызша созылып өтпейді. Тезірек есейгім келеді. Содан соң оқуға түссем деп армандайтынмын. Адамша өмір сүргім келетін. Өзімнің үйім болса дейтінмін. Анама дүниенің бар қызығын көрсетсем деуші едім.

Батыр. Біз бүгін тамақ ішеміз бе, жоқ па? Басым сынып бара жатыр.

Шәмен. Қазір мен кофе жасап әкелейін. Әлде шай ішесің бе?

Батыр. Қою кофе болса. Бүгін бәрібір жатпайтын сияқтымыз ғой.

Шәмен Қазір /шығып кетеді/.

Батыр /өзімен-өзі/. Шәменнің анасы балалар үйінде тәрбиеленген екен ғой. Кезінде жақсы жүргенін білуші едім... Ол кісі өзінің барлық болмысымен, мінез-құлқы, қылықтарымен шексіз жиіркеніш-ызамды оятады. Тамақ аңдып, ас үй жақты айналсоқтайтыны, дастархан жайылған соң тез шақыра қоймасаң - шақ-шәлекейі шығып жұлынатыны, дұға кітаптарын әлдебір өшпенділікпен парақтап, төсегінің үстінде зығырданы қайнап отырып алатыны — айта берсе сөз жетпес, осындай мінездері жынымды қоздырады. Тамақты ішіп-жегенінің өзі бір хикая. Жапырайып, алдына қойылған асты терлеп тепшіп, рахаттанып апандай үлкен, тіссіз қызыл иек ауызына тыққыштайды. Не тамақ берсең де қолымен жейді, сорпасын тәрелкеге басын салып жіберіп, сылқылдатып жұтады. Содан кейін екі қолын кезек-кезек жалап, әр саусағын жеке-жеке сорып, тағы біраз рахаттанады. «Тәтетай, жүрегім айнып бара жатыр, қойыңызшы» десең, «Онда өле қалайын, ешкімге керегім жоқ болса, арақты ішіп-ішіп өле қалайын» деп аттай тулап шыға келеді. «Сөйлесем де жақпаймын. Тамақ ішсем де жақпаймын. Бүйткен өмірі құрысын. Бұлай азаптағанша бұл құдай мені неге алмайды» деп, әлдебір аза бойыңды қаза қылатын ызың дауыспен миыңды шағып жібереді. Адам кейпіндегі мақұлық сияқты. Жас кезінде қандай болды екен.

Шәмен жылжымалы ас столын сүйретіп кіреді. Дастарханда екі кофе шынысы, кофе шәйнегі, және жеңіл-желпі, тіске басар тамақ. Диванға отырып, кофе құйып Батырға ұсынады.

Батыр /ұрттап/. Не қосқансың? Ненің дәмі?

Шәмен. Коньяк қаттым. Өзіме коньяк құйып әкелдім. Бір ауыр әңгіме айтқалы отырмын. Мен үшін ауыр. Бұрын-соңды тісімнен шықпаған еді. Саған айтайын. Мен он екі-он үшке келген кезімде шешем екеуіміз бір еркектің үйінде тұрдық. Елуден асқан, қара сақал, үлкен кісі. Әйелі өлген екен. Балалары жан-жаққа тарап, жалғыз қалған-ау деймін түсінгенім. Кәдімгідей үйлі-баранды жандай арқа-жарқа болып қалдық. Шешем сол жердегі тәтті жасайтын фабрикаға жұмысқа кірді, ал мен мектепке баратын болдым. Бірақ, әлгі еркек шешемнің көзін ала бере маған қол жүгіртетін. Жыланға арбалаған бозторғайша шырылдатып, қуып, неше түрлі сұмдықты көрсетті ғой, қысқасы.

Батыр. Неге айтпадың? Неге айтпадың шешеңе?

Шәмен. Аядым. Шешемді аядым. Бірақ бірде әлгі құбыжық ішіп келіп, шешемді сабады. Оңдырмай сабады. Содан кейін маған көшіп, жағымнан періп жіберді. Сол кезде менің арық, әлжуаз шешемнің жолбарысша ширығып барып, анаған атылғанын көрсең. Өзінен екі есе үлкен еркекті ұрып жығып, алқымын сығымдағанын көрсең. Мен өлтіріп, сотталып кетеді екен деп анамды кері тартамын. Әрең ажырады. Аяғы ауыр еді. Баласы түсті бірақ. Ұл бала екен. Қазір інім болар еді.

Батыр. Сұмдық, сұмдық. Бірақ, мен сені түсінбеймін. Мен сені түсінуден баяғыда қалдым. Қалайша ауызың барып осындай нәрселерді айтып отырсың. Бала түсіп қалса қуанбайсың ба. Ондай адамнан туған бала қандай болады? Сенің есіңе сол кезді мәңгі түсіріп өтпеуші ме еді. Інім болар еді дейді ғой...

Шәмен. Баланың қандай кінәсы бар. Бұның бәрін айтып отырғаным, мен бұл тектес нәрселерді қатты сеземін. Орыстар «алтыншы түйсік» деп жатады ғой. Мен бұны саған және Әйгерімге... Құндызға қатыстырып айтып отырмын.

Батыр. Ой, Алла-ай, қайта бастадың ба. Шаршаған жоқсың ба. Мен саған түсіндіріп айттым емес пе. Қойшы. Тағы бір кесе құйып жіберші одан да. Содан, әлгі еркек қайда қазір?

Шәмен /кофе құйып беріп жатып/. Кім біледі. Сол оқиғадан кейін анам екеуіміз жиналып, тағы кеттік басымыз ауған жаққа. Қайтып кездестірген емеспін. Жаңа сен шешең екеуің бірігіп көңілдестерін санамаладыңдар дедің ғой. Бірақ, ол кісінің аты ешқашан содан кейін аталған емес екеуміздің арамызда. Аталмайды да.

Батыр. Сен Бәтесті жақсы көресің ба?

Шәмен /таң қалып/. Ол менің шешем ғой. Қалай жақсы көрмейін. Ол менің жүрегім.

Батыр. Білмеймін, ондай шешені қалай жақсы көруге болатынын. Бірге отырып тамақ ішу мүмкін емес. Нас. Басына зақым келген сияқты. Бұрын да осындай ма еді?

Шәмен. Бұрын жас болды ғой. Оның үстіне өмірі былай өтті. Бәрі әсерін тигізді. Мен оны ақтамаймын. Сен кішкене үстірт ойлайсың, үстірт қабылдайсың. Бәтестің көкірегі тұнған қазына. Оны тек көре алатын көреді.

Батыр. Жаңағы сен айтқан оқиғаға анаңды кінәлі деп есептемейсің бе? Егер ол ондай жолға түспесе, дұрыс тұрып, дұрыс жүрсе, бәлкім тағдырларың мүлде басқаша болар еді деп ойламайсың ба.

Шәмен. Менің тағдырға еш ренішім жоқ. Анамның да өмірге өкпе-назы бар деп ойламаймын. Неғайбыл. Дұрыс өмір ол сеніңше қалай?

Батыр. Білмеймін. Менің ата-анам... Сен білесің ғой, олар өмір бойы жақсы тұрды, қалған халық кезекте тұрып, нан мен шайға, майға жете алмай жүргенде, біздің үйде барлығы болды. Таршылық көрген жеріміз жоқ. Екі қарындасым да, мен де - өзгеде жоқты кидік, іштік-жедік. Ата-анам өзгенің әке-шешесі секілді ажырасқан жоқ, тіпті өлген де жоқ. Барлығым аман-есенбіз. Бәлкім, осы шығар дұрыс өмір деген. Мен білмеймін, Шәмен.

Шәмен. Қайдам. Сенің қарындастарыңа қарап, дұрыс еш нәрсе көрмеймін. Күйеулерімен ажырасқан, бала-шағаларының көзінше ішіп те жатады, құсып та жатады.

Батыр /естімегендей/. Бірақ мен бақытты болдым, алаңсыз өстім деп айта алмаймын. Әке-шешем екеуі де жақсы қызметте болды, үйдің бетін көрмейтін. Күтуші қыздар келеді, тамақты бөтен біреу жасайды, тағы біреуі келіп кірімізді жуады. Ананың жылы алақанын сезінген кезім, ана әлдиіне маужырап ұйықтаған кезім есімде жоқ. Қарындастарым да солай, жабайы мысықша өсті. Бәлкім, сондықтан да шығар... Сенбі-жексенбіде бізге қонақ келеді немесе олар қонаққа кетеді. Содан соң қызып алған әкемнің дауысы... Анамның саңғырлаған мас күлкісі... Миымды күйдіреді, әлі күнге дейін басымда жаңғырып, миымды күйдіреді.

Шәмен. Тірі жетіммін десеңші...

Батыр. Сондықтан, Шәмен... Мен жаңа айттым ғой, сенің Бәтес екеуіңнің араңдағы әңгімені естіп, қызықтым, ішім күйіп, жыладым деп. Мен сендердің араларыңдағы жақындықты сездім. Екеуіңнің күлкілерің, сенің оны құшақтағаның... Сондағы айтып отырғандарың - анаңның көңілдестері... Менің әке-шешем естісе, беттерін басып, беттерін шымшылап бастары ауған жаққа безіп кетер еді. Ал мен жыладым. Қызғаныштан жыладым. Мен де өзімнің әке-шешемді жақсы көремін ғой, Шәмен. Бірақ кешіре алмаймын. Білмеймін. Ішімде, жүрегімде әлдебір ыза, өкпе бар. Кеше алмаймын.

Шәмен. Саған қарағанда, менің балалағым бақытты екен. Дүние төңкеріліп түскен тәрізді. Енді түсінікті неге мұндай болғаның.

Батыр /естімегендей/. Олар менен бір ғана нәрсені талап етті. Ешкімнен кем болмауды. Жоқ, барлығынан артық болуды. Сабақты тек беске оқуым керек, институтты тек қызылға бітіруім керек. Ананың баласынан да, мынаның баласынан да артық болуым керек. Артық, артық, тек бес, бес, бес... Ақша, ақша, ақша... Ал, менің жүрегімде не болып жатыр. Мен нені қалаймын — қызықтырмайды.

Шәмен. Батыр, мен саған у бердім.

Батыр /басын шалт көтеріп алады/. А?

Шәмен. Мен саған кофеге у қатып бердім. Қазір өлесің. Жүрек талмасынан өлгендей боласың.

Батыр. Немене?

Шәмен. Бұл әңгімеден кейін біз бәрібір бірге тұра алмас едік. Ал, мен кете алмаймын. Әйгерім мен көрген қорлық-зорлықты көрмесе деймін. Сен мені түсін, Батыр.

Батыр. Не үшін? Мен саған не істедім?

Шәмен. Сен Құндызды өлтірдің, сен Әйгерімді қорладың. Тағы қандай себеп керек саған?

Батыр. Шәмен, есің дұрыс па? Қайдағы Құндыз? Әйгерім. Әйгерімді қайда жібердің? Жедел жәрдем шақыр жаныңның барыңда.

Жүгіре беремін деп құлайды, жүрек тұсын басады.

Батыр. Шәмен, мен кінәсызбын. Бекер болды бұның, бекер. Жедел жәрдем шақыр, жалынамын. Мен сені кешіремін. Мен сені сүйемін ғой, Шәмен. Маған сенші. Әйгерім мен сенен басқа ешкімнің керегі жоқ. Маған сенші, жаным.

Шәмен /қасына келіп жұлқылайды/. Батыр, Батыр, сен өліп бара жатырсың. Мен саған у бердім. Естисің ба? У бердім. Енді айтшы, кетіп бара жатып шындықты айтшы, мен қателескен жоқпын ғой, иә? Мен қателескен жоқпын ғой?

Батыр /бүк түсіп/. Қателестің. Сен қателестің. Шәмен.

Батыр өледі.

Шәмен /аз үнсіздіктен соң/. Жоқ, қателескен жоқпын.

Сахнада шам сөнеді. Шәменнің сұлбасы ғана қарайып қалған. Өлең.

— Хақ — думаным үшін
О баста дәл сен сынды пәк туғаным үшін,
Ал одан кейін өлеңімді өлтіріп,
Өзімді лайға лақтырғаным үшін
Кешір мені, жаңбыр!
Батпақ өмір, сатпақ тірлік, лай күн
Бірде — Нұрмын!
Ал біресе... былаймын...
Сонау көктен құлдырап кеп құлаймын.
Арман қуып Алматының көшесіне тарс еткен
Маңдайымның сорын кімнен сұраймын?
Жалған күліп... Көз ұшында жалт еткен,
Содан кейін сары лайға жалп еткен,
Сезімімнің құнын кімнен сұраймын, Жауын?..
Ертелеу келген көктемнің еркесі ме едің?
Ғашықтың дауын қай кезде тең шешіп еді тағдыр?
Алладан, Одан, Өзімнен өтіне алмадым,
Тым болмаса сен кешір мені, Жаңбыр!
Сен кешір мені...
Сахна жабылады.

Соңы.

*Өлең — Нәзира Бердалынікі


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар