Өлең, жыр, ақындар

Қадір түні

/Бір актілі пьеса/

Ас үй. Үстел, төрт орындық, шетте диван, оның жанында жорнал үстелі. Әдеттегі ортанқол ас үй. Диванда бойжеткен қыз шалқалап отыр. Екі көзі жұмулы. Тыныштық. Кенет есік қоңырауы шырылдайды. Қыз селк етіп, оянып, орнынан тұрады. Есікке барып, сәл кідіреді де, сұрамай аша салады. Табалдырақтан қаңғыбас шал аттайды. Тоз-тозы шыққан шал. Жасқаншақтай кіреді. Қыз кейін шегініп бөлмеге өткізеді. Екеуі де қорқып тұр. Бұл жағдай әсіресе сезіледі.

Шал. Құдайы қонақпын.

Қыз. Келіңіз.

Шалдың өзіне-өзі сенбей тұрғаны байқалады.

Шал. Кірейін бе?

Қыз. Кіріңіз.

Қолымен ишара жасайды.

Шал. Балам, бір жұтым шай, бір тілім нан берші. Қаным қарайып, аштан бұратылып өліп барамын.

Қыз. Кіріңіз деп тұрмын ғой, кіріңіз.

Қыз тағатсыздық танытады, бұрылып кетіп дастархан әзірлеуге кіріседі.

Шал. Шам жанып тұрғанын көріп, кірдім. Бүгін Қадір түні ғой. Мұсылман баласы болса, кіргізер деп үміттеніп келдім. Айып етпе, қарағым.

Қыз. Жо-жоқ. Отырыңыз, өтіңіз бері.

Шал үстел басына отырып, алдына қойылған табақтағы асты қомағайланып жей бастайды. Қыз кесеге шай құяды. Шал тамағын тастай салып шайдан жұтады.

Шал. Алла разы болсын, қарағым. Бүгін Қадір түні ғой. Далада қалсам, үсіп өлем бе дедім. Кішкене бой жылытып отыра тұрсам.

Кенет шал жылап жібереді. Оған қосылып қыз да жылайды. Қыздың жылағанын көріп, шал өз-өзіне келе бастайды.

Шал. Айналайын, қорқып отырған жоқсың ба. Қорықпа. Менің зияндығым жоқ. Жылан екеш жылан да шақпайды басына ақ құйған кісіні. Менің өзіңдей қызым бар. Анадан өстіп, бомж болып туған жоқпын. Өзіңдей әдемі, ақылды екі қызым бар менің. Қорықпа. Кішкене отыра тұрайын деп едім. Әлде кетейін бе? Кет десең кетейін.

Орнынан тұра бастайды. Қыз басын шайқап, ыммен отырыңыз деген ишара білдіреді.

Қыз. Жоқ, ата, отыра беріңіз. Мен бәрібір ұйықтамаймын. Қыдыр атаны күтіп отырмын. Өзімше ниеттеніп.

Шал. Дұрыс-дұрыс, біз де бала кезімізде күтуші едік. Бірақ, менің басыма қонбады Қыдыр. Бәлкім, саған қонар. Мына үй өзіңдікі ме?

Қыз. Жоқ. Бөлме жалдаймын. Үйдің иесі үлкен кісі, бүгін бір туыстарына кетті. Шай құяйын, кесеңізді беріңіз.

Шал кесесін береді.

Шал. Тұрлауы жоқ дүние. Қара басымда барлығы да болып еді. Басымда – үйім, қызметім, екі қызым, қатыным. Оның алдында бір әйелім болды. Керемет еді жарықтық. Қазір о дүниелік болып кетті. Иманды болсын, аумин. Тамақ істегенде, барлығын майда-майда етіп турағанда. Сондай сүйкімді, жұғымды етіп істегенде... Тап сен ондай тамақ жеп көрген жоқсың. Ал, мен жедім. Айткүлдің жасаған тамағын.

Қыз. Неден қайтты?

Шал. Е-е, білмеймін. Ана жылдары елге барғанда Марғасқа айтты. Марғасқа деген құрдасым менің. Қайтыс болды деп. Ал, өзі менің көзіме қарайды қалт жібермей, қайтер екен дегені. Жылай алмадым. Не бетіммен жылаймын? Неден кетті, қайтып кетті деп сұраған жоқпын. Нем бар?

Қыз. А-а-а, сіздер ажырасып кеткен екенсіздер ғой.

Шал. Ажырастық қой. Ажырастық. Осыдан қырық жыл бұрын болған оқиғаны несіне қазбалайын. Темекі бар ма сенде қыз.

Қыз. Жоқ.

Шал. Бар, дүкеннен алып келші онда.

Қыз. Әкеле алмаймын. Қызықсыз ғой өзіңіз.

Шал. Темекі тартқым келіп өліп барамын. Қазір шығып, темекі алып келсем, сен қайта кіргізесің бе үйіңе?

Қызға сынап қараған болады.

Қыз /ойланып барып/ Жарайды, әкеліп берейін. Қазір.

Шығып кетеді.

Шал. Қай-қайдағыны қозғап. Айткүл де. Кейде қасымдағы алқаштар қатын жайлы неше түрлі әңгіме айтады. Бірінен бірі өтіп мақтанып... Қарқ-қарқ күліп отырып есіме Айткүл түседі. Жүрегім қан жылайды. Әлдене жезтырнақтарымен осқылап, іші бауырымды езеді-ай дейсің келіп. Шешем тастатқызды ғой Айткүлді. Сегіз жыл тұрдық, бала таппады. Бедеу еді. Қара жер хабар бермесін. Шешем бір сөзді, қатал кісі. «Таста» деді. Қарсы сөз айтуға қауқар болмай тастадым. Ол қайтып тұрмыс құрған жоқ.

Қыз кіріп, шалдың алдына бір қорап темекі тастайды. Шал бас салып, тұтатып, тарта бастайды.

Шал. Әй, сен қыздың түйсігі бар екен. Қазір бір жасық түтін әкеп, қарық қыла ма деп отыр едім.

Қыз. Ең арзанын, ең уыттысын әкелдім. Әкем осыны тартатын содан соң.

Шал. Менің де екі қызым бар. Алты жиенім бар екі қыздан.

Қыз. Соларға бармайсыз ба енді?

Шал. Немене деп барамын. Не қадір қалды ғой дейсің. Олар да аттай тулап жолатпайды. Әбден зәрезап болыпты. Әй, мен жетіскен адам емеспін. Несін сұрайсың?

Үнсіздік орнайды.

Шал. Сен шынымен Қыдырды күтіп отырсың ба?

Қыз. Күтіп отырмын.

Шал. Қалай ойлайсың келе ме ол.

Қыз. Келуі керек. Әйтпесе қалай болғаны.

Тағы үнсіздік орнайды.

Қыз. Ата, шай демдейін бе?

Шал. Сен шипр дегенді естуің бар ма?

Қыз. Ол қалай?

Шал. Жарайды, қой. Қызылынан ғана құйып бере бер.

Қыз шай демдеп, Шалға, өзіне құяды. Кенет есікті қаққан дауыс естіледі. Шал да, қыз да селт ете қалады.

Шал. Қой, қалқам, рақмет саған, бақытты бол, мен кетейін. Пәтер иесі келді ме деймін.

Қыз есікті ашады. Үйге әдемі келген, жақсы киінген келіншек кіреді. Шал сытылып шығып кетеді. Келіншек шалға қарап, тіксініп қалады.

Қыз. Сізге кім керек?

Келіншек. Сен Айданасың ба?

Қыз. Ия.

Келіншек. Мен – Еркебайдың келіншегі боламын.

Қыз аңырып тұрып қалады. Келіншек төрге рұқсатсыз өтіп, диванға барып отырады. Қыздың бетіне тесіліп қарайды. Қыз ары-бері жүріп, содан соң дастархан басына, өзінің бұрынғы орнына отырады.

Келіншек. Айдана, міне, сен қандайсың?

Қыз. Сіз бекер келіп отырсыз. Барлығы баяғыда біткен. Сіздің күйеуіңіздің маңына енді жоламаймын. Біздің арамызда барлығы шешілген. Бекер келіп отырсыз. Кетіңіз.

Келіншек. Қадір түні қонақты осылай қабылдаушы ма еді...

Қыз. Сіз маған келу үшін бұл түнді бекер таңдадыңыз.

Келіншек. Жоқ, мен сенімен ұрсысу үшін, айыптау, балағаттау үшін келіп отырған жоқпын. Осыдан аз уақыт бұрын, бұның барлығы мүмкін болар еді. Ал, қазір... Қазір жай, сөйлесу үшін. Егер сенсең маған.

Қыз. Жанымды жегідей жеу үшін келдім десеңізші...

Жылайды.

Келіншек. Сен жылама. Ішіңдегі бала менің заңды күйеуімдікі, баламның бауыры, кішкене қақым бар ма деймін.

Қыз. Сіз қайдан білесіз? Айтқан екен ғой...

Келіншек. Айтты...

Кенет кідіреді.

Келіншек. Міне, шыдамай келіп отырмын.

Қыз. Әпкетай, бәрі бітті деп тұрмын ғой. Мен, мінеки, сағат онда, бүгін дәрігердің қабылдауына барамын. Бұл баланы дүниеге әкелуге мүмкіндігім жоқ. Не далада, не қалада жанашыр панам жоқ. Бекер келген екенсіз. Сіз алаңдайтын, алдын алатын еш нәрсе қалған жоқ бұл жерде.

Келіншек. Сен мені түсінбедің... Әке-шешең бар ма?

Қыз. Әкем өлген. Міне, алты жыл болды. Шешем басқа үйдің түтінін түтетіп кетті. Ол кісінің де аяғы ауыр деп естиміз.

Бетін басып отырады.

Қыз. Шаңырақта шынашақтай ғана інім отыр. Шынашақтай әйелі, ұлы бар. Олардың үстеріне баратын жайым жоқ менің.

Келіншек. Ұяттан өлгенше, ішімдегі баланы өлтірейін деп шешкен екенсің ғой.

Қыз. Бұл - менің ұятым. Оны бауырымның мойнына апарып не бетіммен артамын.

Келіншек. Жарайды. Бар болсын. Менің мұнда келу себебім басқа еді. Қай жағынан шығарымды білмей отырмын. Жалпы сен маған ұнадың. Бет-әлпетің, мінезің...

Қыз. Айттырып келгендей болдыңыз ғой.

Келіншек. Жоқ, олай емес. Мен айтайын. Сен білесің, Еркебай екеуміздің арамызда бір бала бар. Бір бала. Мен енді қайтып көтере алмаймын. Бір дерт жабысты маған. Енді қайтып туа алмаймын.

Қыз. Оны маған неменеге айтып отырсыз? Ішіңдегі баланы туып бер дейсіз бе? Балаға жаның ашыса, алғызба, өмірін үзбе дейсіз бе? Япырай, а.

Толқып әрі-бері жүреді.

Қыз. Мен көнер едім. Мен көнер едім.

Келіншек бетін басып жылайды.

Қыз. Бойыма біткен түйіршік тіршілік иесін, алқызыл қан, бүлкілдеген жүректі дүниеге әкелуге септессеңіздер, одан кейін басы бүтін бер десеңіздер. Мен көнер едім. Көнер едім.

Келіншек. Жоқ-жоқ, олай емес. Мен саған Еркебайға ти деп келіп отырмын. Үйге кіріп отыр, балаңды ту, менің баламды бауырың бас деп келіп отырмын. Менің дәм-тұзым таусылып бара жатыр. Көзім тіріде отбасымды тапсырып кетейін деп отырмын. Ана жаққа тыныш кету үшін.

Қыз. Қалай? Қалайша?

Келіншек. Бұның барлығы маған оңай емес. Кеше Еркебай екеуміздің арамызда ауыр әңгіме болды. Мен өзім көп балалы отбасынан шыққан адаммын. Менен үлкені де, кішісі де бар баланың. Бірақ, әрқайсысының өз өмірі бар. Қайсысына барып салмағыңды саласың. Содан Еркебай сен туралы айтты. Сен оған ренжіме. Көзіңнен көріп тұрмын, сүйесің сен оны.

Қыз. Олай демеңізші...

Келіншек. Сені ол да қалап отыр. Әйтпесе айтпас еді. Асығыс, ағат әрекет жасама. Өмір – таңғажайып. Өмір – сыйлық. Алла қалап алмаса, өз қолыңмен қылмыс жасама. Маған жауабыңды бер.

Қыз. Әпкетай, мен ойланайын. Мен жауабымды ойланып айтайын.

Келіншек орнынан тұрып есікке беттейді.

Келіншек. Ойлан. Тек ұзаққа созылып кетпесін /шығып бара жатып/. Айтпақшы, мен кіргенде шыққан шал кім, туысың ба?

Қыз. Жоқ, ол Қыдыр ата ғой. Қыдыр ата...

Соңы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз