АУДАРМА
Рэй Куни
Екі көріністі ағылшын комедиясы
Орысшаға аударған: Мих. Мишин
Қатысушылар:
Джейн Перкинс
Генри Перкинс
Бетти Джонсон
Виктор Джонсон
Билл
Дэвенпорт
Слейтон
Бірінші көрініс
Перкинстер үйіндегі өте жайлы етіп жасақталған қонақ бөлме. Қыстың ұзақ кештерінің бірі. Шам жанып тұр. Сахна бос. Ас үйден Джейн шығады. Алжапқыш таққан ол аса сәнді көйлек киген. Ас үйге өтіп, бір секундтан соң қайта оралып сағатқа қарайды, содан соң жылдам кері кетіп қалады. Ыдыс-аяқ ұстап қайта кіреді. Дастархан қамдап жүргені байқалады. Тағы сағатқа қарайды.
ДЖЕЙН. Шошқа, нағыз шошқаның өзі екен (көзден қайта таса болады).
Сыртқы есік ашылып, Генри көрінеді. Үстіне плащ киген, қолында «дипломат». Ол ауыр дем алады, аса мазасыз. Отырып, дипломатын еденге қояды. Ыдыс-аяқ ұстаған Джейн қайта кіреді. Қайта сағатқа қарайды.
ДЖЕЙН. Шошқа!
Генри оған мән бермейді. Өзімен-өзі. Джейн оны байқап қалады.
ДЖЕЙН. Генри! Келдің бе!
Генри оған үнсіз қарайды.
ДЖЕЙН. Қайда жоқ боп кеттің?
Генри түк естімегендей өзімен-өзі айналасына үрпиіп, үркіп қарайды.
ДЖЕЙН. Бетти мен Виктор келіп қалатын шығар...
Генри үнсіз қарайды.
ДЖЕЙН. Бүгін сенің туған күнің емес пе!
Генри үнсіз қарап қалған.
ДЖЕЙН. Тіл-ауызың байланып қалды ма әлде... жұмыста бір нәрсе болды ма?
ГЕНРИ. Телефон анықтамасы.
ДЖЕЙН. Немене?!
ГЕНРИ. Анықтама қайда?
ДЖЕЙН. Оны неғыласың? (анықтаманы береді)
ГЕНРИ. (парақтап) Әуекомпаниялар… Әуекомпаниялар…
ДЖЕЙН. Генри, не болды?
ГЕНРИ. Британ әуе желілері...
ДЖЕЙН. Британ әуе желілерін қайтесің?
Генри нөмірді тереді.
ДЖЕЙН. Қазір қонақтар келеді!
ГЕНРИ. (телефон тұтқасына) Британ әуе желілері ме? Екі билетке тапсырыс қабылдаңыз.
ДЖЕЙН. Генри, тоқта, қайдағы билет?!
ГЕНРИ. (телефон тұтқасына) Иә-иә! Бүгін ұшамыз!
ДЖЕЙН. Не деп кеттің?!
ГЕНРИ.Қайда деймісіз? Бәрібір.
ДЖЕЙН. Генри!
ГЕНРИ. Бәрібір деп тұрмын ғой. Виза талап етпейтін кез келген елге. Дания. Голландия, Испания… Бәрібір. Уақыт дейсіз бе? Джейн, әуежайға таксимен жету үшін қанша уақыт керек?
ДЖЕЙН. Бір сағат…
ГЕНРИ. Бір сағат…тіркеуі бар…(тұтқаға) Уақытты оннан кейін деңіз. Иә, екі билет. Күтем. (Джейнге) Бар, жинал.
ДЖЕЙН. Генри, сен не, массың ба?
ГЕНРИ. Өте қажет нәрселерді ғана ал. Құжаттарды ұмытпа.
ДЖЕЙН. Мен қазір жылаймын.
ГЕНРИ. Артық зат алма, барған соң барлығы болады.
ДЖЕЙН. Қайда барған соң?!
ГЕНРИ. (Тұтқаға) Иә, иә! Барселона? Өте жақсы! Дұрыс болды.
ДЖЕЙН. Құдайым-ау, Генри!
ГЕНРИ. Билетті әуежайда қолма қол ақшаға сатып алсам бола ма? Өте жақсы! Сонымен бірінші класпен Барселонаға екі билет. Мистер және миссис Перкинс. Жоқ, кері қажет емес. Сонда қаламыз.
Джейн бар дауысымен айқайлап жылайды.
Тіркеуге жарты сағат ерте келу керек дейсіз бе. Түсіндім. Рахмет.
ДЖЕЙН. Генри!..
ГЕНРИ. (тұтқаны көтеріп, қайта нөмір тереді) Тұра тұр…
ДЖЕЙН. Енді қайда шалып жатырсың?
ГЕНРИ. Менің тіс щеткам мен сақал қырғышымды ғана ал. (Тұтқаға) Алло, такси? Маған көлік керек. Тура қазір. Әуежайға. Екі адам. Мистер Перкинс. Элгар Авеню 42. Үй тура бұрышта. Он бес минутта келесіз бе, өте жақсы! Рахмет. Фу-у-х. Барселона! Барселона!
ДЖЕЙН. Генри, қайдағы Барселона? Қазір Виктор мен Бетти келеді ғой.
Генри еденнен «дипломатты» алып, бетін ашып Джейнге көрсетеді. Дипломат толы ақша.
ДЖЕЙН. Бұл не?
ГЕНРИ. Ақша. Бір миллион жеті жүз елу мың.
ДЖЕЙН. (Топастанып) Бір миллион…жеті жүз елу…
ГЕНРИ. ...мың фунт стерлинг. Отыз бес мың қағаз. Әрқайсысы елу фунттан.
ДЖЕЙН. Қайдан алдың?
ГЕНРИ. Құдай сәтін салды. Болды. Құжаттарды ұмытпа.
ДЖЕЙН. Бұл ақша сенің дипломатыңның ішінде...қалай пайда болды?
ГЕНРИ. Мәселе сонда ғой, бұл менің дипломатым емес.
ДЖЕЙН. Менікі емесі қалай?
ГЕНРИ. Солай. Жұмыстан шығып әдеттегідей метроға отырдым, дипломатымды жаныма былай қойдым. Жеткен соң дипломатты алып сыртқа шықтым... Құжаттар қайда кеткен?
ДЖЕЙН. Сосын?
ГЕНРИ. Дала суық болған соң, қолғабым мен шалмамды алмақ болып дипломатымды ашсам, іші толы ақша... болды.
ДЖЕЙН. Сұмдық-ай!
ГЕНРИ. Таптым. (Құжаттарды қалтасына салады). Басқа біреудікін алып, өзімдікін метрода қалдырыппын.
ДЖЕЙН. Неге сол мезетте қайтарып бермедің?
ГЕНРИ. Қайда? Метроға ма?! Оның үстіне, шошып кеттім. Өзіңді көрер едім, сөмкеңнен опа-далаптың орнына бір миллион жеті жүз елу мың фунт стерллинг шықса!
ДЖЕЙН. Қанша екенін қайдан білесің?
ГЕНРИ. Санадым.
ДЖЕЙН. Көшеде тұрып па?!
ГЕНРИ. Жоқ, сыраханада.
ДЖЕЙН. Айттым ғой, ішіп алғансың деп.
ГЕНРИ. Әрине! Өз-өзіме келіп, әрі қарай не істейтінімді ойладым. Виски ішіп алып, дәретханаға кірдім.
ДЖЕЙН. Неменеге?
ГЕНРИ. Елес емес екеніне көз жеткізу үшін, сонда отырып, санап шықтым.
ДЖЕЙН. Сосын?
ГЕНРИ. Сосын дәретханадан шығып, тағы виски алып іштім, сосын қайта дәретханаға кірдім...
ДЖЕЙН. Не үшін?
ГЕНРИ. Қайта санадым.
ДЖЕЙН. Неге сонша кешіккеніңді енді түсіндім.
ГЕНРИ. Шынымды айтсам, үшінші рет тағы санадым. Түсім емес, өңім екеніне әзер сендім.
ДЖЕЙН. Генри, бұл біздің ақша емес! Ұрлық қой бұл!
ГЕНРИ. Жоқ, қателесесің! Мен дәретханада отырып, мықтап ойландым. Бұл қылмыстық жолмен келген ақша. Бір алаяқ заңсыз жолмен қолға түсірген. Демек бұл ақша еш жерде тіркелмеген, еш жерде есепке алынбаған. Жоқ ақшаны қалай ұрлауға болады? Ойласай дұрыстап!
ДЖЕЙН. Генри, қорқам…
ГЕНРИ. Бопты. Бұны сыйлық деп есепте. Қаншама жыл тиын-тебенге бола арқам бүгіліп қызмет еттім, ақыр аяғында, міне.
ДЖЕЙН. Ал полиция іздей бастаса ше…
ГЕНРИ. Полиция түк те істемейді. Бұл ақшаны іздеп ешкім полицияға шағымданбайды. Бар, заттарыңды жина.
ДЖЕЙН. Генри, біз бәрін бір сәтте тастап, басымыз ауған жаққа кете алмаймыз ғой!
ГЕНРИ. Түк түсінбей отырған сияқтысың? Біз енді мұнда қала алмаймыз. Мен жұмысқа да орала алмаймын.
ДЖЕЙН. Неге?
ГЕНРИ. Алаяқтың дипломаты менде болса, менің дипломатым онда қалды. Ал оның ішінде менің барлық қызметтік құжаттарым кетті. Ертең таңертең Алаяқ кеңсеге телефон шалып, мен жайлы барлық мәліметті алады. Бірақ таңертең біз бұл жерден мыңдаған шақырым қашықта, испаниялық отельде мистер және миссис Рокфеллер болып жатамыз. Мистер Алаяқ, Генри Перкинстен жалынды сәлем!
ДЖЕЙН (таң-тамаша қалып). Генри, мен сені бұндай деп ойламаппын!
ГЕНРИ. Себебі мен қазір мүлде басқа адаммын, қымбаттым! (әндетіп) Барселона, Барселона!
ДЖЕЙН. Генри, менің Барселонаға барғым келмесе ше.
ГЕНРИ. Қой, болды! Саған Испания ұнайды ғой. Өзің ана жолы осында қайта оралғым келеді демеп пе едің?
ДЖЕЙН. Мәңгіге емес, демалысқа ғана барғым келген!
ГЕНРИ. Жарайды. Барселонаға барғың келмесе, бармай-ақ қой, бір түнді сонда өткіземіз де, әрі қарай қайда барғың келсе, сонда кетеміз. Австралия, Грекия, Бермуд дейсің бе, өзің таңдайсың. Қаласаң, Бермудты сатып әперемін! Бар, жинал.
Есіктің қоңырауы қағылады.
ДЖЕЙН. Ойбай!
ГЕНРИ. Виктор мен Бетт шығар. Сөмкені өзім жинаймын, ал сен олардан тезірек құтыл.
ДЖЕЙН. Не деймін? Шақырған өзіміз ғой!
ГЕНРИ. Мейрамханаға барсын (Дипломаттан бірнеше купюр шығарып, Джейнге береді де, өзі жүгіріп кетіп қалады).
ДЖЕЙН (артынан жыларман болып). Бүгін сенің туған күнің ғой!
Есіктің қоңырауы соғылады. Джейн ашады.
ДЭВЕН. Полиция, мадам.
ДЖЕЙН. Полиция?!
ДЭВЕН. Инспектор Дэвенпорт. Орталық округ. Мен осында тұратын джентльменмен тілдессем деп едім.
ДЖЕЙН. Джентльменмен дейсіз бе?…
ДЭВЕНПОРТ. Иә. Ол сіздің күйеуіңіз болар?
ДЖЕЙН. Не болды… Алдымен не болғанын айтсаңызшы?
ДЭВЕНПОРТ. Күйеуіңізді көрсем деп едім, миссис…
ДЖЕЙН. Ол киімін ауыстырып жатыр… Генри! Оның аты – Генри…
Дэвенпорт жымиып, басын изейді. Есіктің қоңырауы соғылады.
ДЖЕЙН. Ой! Кешіріңіз. Есікті ашуға бола ма?
ДЭВЕНПОРТ. Әрине.
ДЖЕЙН. Отырыңыз, отырсаңызшы…(өтірік күліп) Генри!
Дэвенпорт отырады. Джейн есікті ашады. Билл кіреді.
БИЛЛ. Мен де келдім!
ДЖЕЙН. Сіз кімсіз?
БИЛЛ. Олар он бес минут деді, ал мен он минутта жеттім.
ДЖЕЙН. Кешіріңіз... түсінбедім?
БИЛЛ. Таксистпін.
ДЖЕЙН. (мазасызданып). А, иә-иә!
БИЛЛ. Есімім - Билл. Әуежайға кеттік пе? Заттарыңыз бар ма?
ДЖЕЙН. Қандай заттар?
БИЛЛ. Жүк дегенім ғой!
ДЖЕЙН. А, жүк!.. (Дэвенпортке) Біреу жолға шығып барады. Менің... сіңілім… Ол біздің үйде тұрады… Енді тұрған десе де болар… Бүгін ұшып барады... Генри!
БИЛЛ. Жоқ, өтініште: «Мистер Перкинс» деп тұр.
ДЖЕЙН. Жоқ-жоқ, мистер Перкинстің өзі ешқайда кетпейді. Ол тек тапсырыс берді, сіңлім кетеді, менің... сіңлім... (айғайлап) Генри!
ДЭВЕН. Қайда жол жүріп барады?
ДЖЕЙН. Түсінбедім?..
ДЭВЕН. Сіңіліңіз қайда барады?
ДЖЕЙН. А-а… Сиднейге… Австралияға.
БИЛЛ. А, Австралия! Онда елдің барлығы төбесімен жүреді!
ДЖЕЙН. Иә, ол сонда тұрады…
БИЛЛ. Жарайды. Машинада күтемін. Мында бұрышта тұрмын. Олар дайын болғанда терезеден айқайлай салсаңыздар болады.
ДЖЕЙН. Оларыңыз не? Қайдағы олар?
БИЛЛ Өтініште екі адам деп жазылып тұр. Екі адамды, мадам, олар деп айтамыз.
ДЖЕЙН. А, иә! Әрине… Сіңлімнің күйеуі бар екен ғой, ол да Австралиядан.
БИЛЛ. Тезірек шықсын. (Дэвенпортке) Танысқаныма қуаныштымын.
ДЖЕЙН. Генри, қайдасың? Үйде адамдар бар!
ДЭВЕН. Өте мазасыз кеш болғалы тұр екен. Сіңіліңіз кетіп барады, қонақ шақырып қойыпсыздар.
ДЖЕЙН. Иә, дұрыс айтасыз.
ДЭВЕН. Сондықтан қобалжып тұрған шығарсыз.
ДЖЕЙН. Жоқ-жоқ, барлығы жақсы. Тауығым да дайын болып қалды…
ДЭВЕН. Сіңіліңіз күйеуі екеуі дәм татпайтыны өкінішіті.
ДЖЕЙН. Сіңілім? А, Аделаида мен Перси…оның есімі - Перси… Әрине, өкінішті. Бірақ ұшақ күтпейді ғой.
ДЭВЕН. Иә, Сиднейге жеткенше бес мәрте тамақтанады әлі.
ДЖЕЙН. Иә, өте алыс…
Жылдам басып Генри кіреді. Жұқа шалбар мен жеңсіз жейде киіп алған. Қолында плащ, сөмке және дипломат бар.
ГЕНРИ. Сонымен жиналдық. Виктор мен Беттиден құтылдың ба?
ДЖЕЙН. Генри, үйде қонақ бар.
ГЕНРИ. Қонақ? А, такси. Жігіт екенсің, тез келдің.
ДЭВЕН. (орнынан тұрып) Мен полиция қызметкерімін.
ГЕНРИ. Полиция?…
ДЭВЕН. Инспектор Дэвенпорт. Орталық округ (куәлігін береді).
ГЕНРИ. (қарап шығып) Не шарумен жүрсіз, инспектор?
ДЭВЕН. Сіз мистер Перкинссіз ғой? Генри Перкинс?
ГЕНРИ. Иә.
ДЭВЕН. Сэр, сізбен сөз бар.
ГЕНРИ. Не жөнінде?
ДЭВЕН. Оңаша сөйлессек дұрыс болады. Бірақ зайыбыңыздың сіңлісі кеткенше күте тұруға бармын.
ГЕНРИ (таңданып).Әйелімнің сіңлісі…
ДЖЕЙН (әлсіз дауыспен). Аделаиданы айтады…
ГЕНРИ (таң қалып). Аделаида?!
ДЭВЕН. Иә, олар жолға шығып бара жатқан жоқ па.
ДЖЕЙН. Олар деп Аделаида мен Персиді айтады…(өтірік күледі) Тағы да төбелерімен жүретін болды.
ГЕНРИ. Төбелерімен жүргені қалай?…
ДЭВЕН. Олар Австралиядан келеді ғой. Сиднейден.
ДЖЕЙН. Жүктерін көтеріп көмектесіп жатырсың, рахмет.
ГЕНРИ. Оқасы жоқ…
ДЖЕЙН. Генри, инспекторға Аделаида мен Персиді күтіп қажеті жоқ сияқты.
ГЕНРИ. Әрине. Полицияға құрметіміз дайын. Өтінемін, инспектор.
Қоңырау қағылады.
ДЖЕЙН. Ойбай!
ГЕНРИ. Такси шығар. Күте тұрсын деші.
ДЖЕЙН. Билл баяғыда келіп алған.
ГЕНРИ. Билл?! Ол кім?
ДЖЕЙН. Такси жүргізушісі. Аделаида мен Персиді алып кетуге келді.
ГЕНРИ. А-а. Иә.
ДЖЕЙН. Ал мынау келгендер - Виктор мен Бетти шығар.
ГЕНРИ. Туған күн болмайды десеңші.
ДЖЕЙН. Айта алмаймын!
ГЕНРИ. Айтасың.
Есіктің қоңырауы соғылады. Джейн шошып кетеді.
ДЖЕЙН. Құдай сақтасын!
ДЭВЕН. Сэр, өзіңіз ашыңыз. Мен тоса тұрамын.
ГЕНРИ. Шын айтасыз ба?
ДЭВЕН. Әрине. Достарыңыздан құтылғанша туыстарыңыз да дайын болып қалар.
ГЕНРИ. Иә, иә! Аделаида және Сидней.
ДЭВЕН. Сиднейден келген Аделаида мен Перси.
ГЕНРИ. Иә… Басым шыр айналды ғой. Мархабат, былай жүріңіз.
ДЭВЕН. Сонда да, сэр . Қызмет бабымен келгенімді ұмытпаңыз.
ГЕНРИ.Әрине, инспектор.
Дэвенпорт шығады.
ДЖЕЙН. Ол полицияға бармайды деп едің ғой!
ГЕНРИ. Кім?
ДЖЕЙН. Сенің «дипломатыңды» әкеткен адам.
ГЕНРИ. Мүмкін ол «дипломат» үшін келмеген шығар!
ДЖЕЙН. Енді оңаша не жөнінде сөйлеседі?
ГЕНРИ. Дұрыс айтасың. Жоқ, ақшаны бермеймін! Өзімнің жиғаным деймін.
ДЖЕЙН. Жиған ақшам? Бір миллион жеті жүз елу мың?!
ГЕНРИ. Иә! Сондай үнемшіл адаммын.
ДЖЕЙН. Жоқ, саған шындықты айтуға тура келеді.
ГЕНРИ. «Шындық»?!.. «Аделаидадан келген Сидней мен Персиді» ойлап тапқан адам айтатын нәрсе ма бұл!
ДЖЕЙН.Сиднейден келген Аделаида мен Перси!
ГЕНРИ. Одан әрмен! Ішуді тоқтат!
Есіктің қоңырауы соғылады.
ДЖЕЙН (шошып кетіп). Генри!
ГЕНРИ. Бопты! Бар болғаны Виктор мен Бетти. (Есікті ашады) Кешіріңіздер, достар, бүгін сіздерді қабылдай алмайыз…
Билл келіп кіреді.
БИЛЛ Есепетеуіштің қосылып тұрғанын ұмытпаңыздар.
ГЕНРИ. Есептеуіш?
БИЛЛ. Таксометр.
ГЕНРИ. А, сіз – Бэнсіз бе.
БИЛЛ. Ал сіз – мистер Перкинссіз бе?
ГЕНРИ. Иә. Мына сөмкені алып, машинада күтіңіз.
ДЖЕЙН. Генри, полицей ше?
ГЕНРИ. Өзім сөйлесем, сен де машинаға бар.
БИЛЛ. Жол жүретін бұл емес, сіңлісі.
ГЕНРИ. Ол сіңлісін шығарып салады, түсінесің бе! Барыңдар! Жоқ, тоқтаңдар. Қай әуежайға барамыз?
БИЛЛ. Не?
ГЕНРИ. «Британ әуежелілерінің» ұшағы Барселонаға қай әуежайдан ұшады?
БИЛЛ. Қайдағы Барселона? Сіңлісі Австралияға ұшады!
ГЕНРИ. Иә-иә… Жолға шамамен қанша уақыт керек дегенім ғой?
БИЛЛ. Жиырма сағаттай.
ГЕНРИ. Әуежайға дейін!
БИЛЛ. Мынандай кептелісте дәл сол уақыт.
ГЕНРИ. Жарайды, машинада күтіңіз. (Джейнге) Бар, машинада күт мені.
ДЖЕЙН. Генри, кешір, менсіз ұшуыңа тура келеді.
ГЕНРИ. Көп сөйлеме, бар жинал.
ДЖЕЙН. Бәрін дәл осылай бір мезетте тастап кете алмаймын. Мені жындансын дейтін сияқтысың. Сенің кесіріңнен ішуді бастадым, міне.
ГЕНРИ. Қанша қайталауға болады? Ертең мистер Алаяқ менің жұмысыма телефон шалып, мекенжайымды біліп алады. Содан соң осында келеді, егер мұнда сен отырсаң, майдалап турап, бауыздап кетеді.
ДЖЕЙН. Оған сен кінәлі боласың!
Дэвенпорт келеді.
ДЭВЕН. Кешіріңіздер, уақытым жоқ.
ГЕНРИ. Иә, иә, дайынмын. Жүріңіз
ДЭВЕН. Олар кетті ме?
ГЕНРИ. Кім?
ДЭВЕН. Зайыбыңыздың сіңілісі, күйеуімен.
ГЕНРИ. А-а… Мистер және миссис Браун ба… Жоқ, әзір осында…
Есіктің қоңырауы соғылады.
ДЖЕЙН. Ой! Генри!
ГЕНРИ. Бүгін саған не болды? Виктор мен Бетти шығар! Не айтуды білесің. Жүріңіз, инспектор.
Есіктің қоңырауы қайта шырылдайды. Генри Джейнге оларды кіргізбе дегенді ыммен білдіріп, Дэвенпорттың артынан кетеді. Джейн есікті ашады. Қолында сыйлығы бар Бетти шығады.
БЕТТИ. Кешір, кешігіп келдік.
ДЖЕЙН. Ах, Бетти!
БЕТТИ. Біз деп тұрған себебім менің есалаң күйеуім далада шатақ шығарып жатыр. ДЖЕЙН. Шатақ шығарғаны қалай?
БЕТТИ. Тура үйлеріңнің қасында тұрған таксиге соғылды.
ДЖЕЙН. Мәссаған! Содан?
БЕТТИ. Виктор таксистке бұрышта тұруға болмайды деді. Ал ол болса жүйкесі жұқа біреу екен, Викторды нақұрыс деп қорлады. Сосын Виктор оның мұрнын бұзауға уәде берді...
ДЖЕЙН. Бетти, біз масқара болдық. Полиция жауап алып жатыр.
БЕТТИ. Полиция?!
ДЖЕЙН. Ол бір миллион жеті жүз елу мың фунт ұрлап келіпті.
БЕТТИ. Кім?
ДЖЕЙН. Генри!
БЕТТИ. Генри?! Миллион ұрлады???( ішек-сілесі қатып күледі)
ДЖЕЙН. Иә-иә-иә! Ант етемін! Ол басқа дипломатты алып, ақшаны көргеннен кейін сыраханаға барған да дәретханаға отырған.
БЕТТИ. Оқиғаның тура осылай болғанына сенімдімісің?
ДЖЕЙН. Содан кейін Барселонаға дейін екі билетке тапсырыс берді, егер ол жер маған ұнамаса, Бермудты сатып әперемін деп отыр.
БЕТТИ. Ішіп алғансың ба?
ДЖЕЙН. Джин және коньяк. Енді, міне, үйге полиция келді.
БЕТТИ. Не деп сандырақтап кеттің? Сенің Генриің ұрлық жасаса…
Джейн «дипломатты» ашып, Беттиге көрсетеді.
БЕТТИ. Мәссаған! Жарайсың Генри! Иттің баласы!
ДЖЕЙН. Енді не істеймін, соны айтсаңшы?
БЕТТИ. Бермудқа келіс.
Виктор жүгіріп кіреді.
ВИКТОР. Ана антұрған полиция шақырғалы жатыр!
БЕТТИ. Біліп едім.
ДЖЕЙН. Полиция дейді?
ВИКТОР. Сәлем, Джейн. Ол сенің сіңліңді күтіп отырмын, әуежайға апарамын дей ме әйтеуір бір нәрсе дейді. Тамағым құрғап кетті.
БЕТТИ. Маған да құй, Джейнге де.
ВИКТОР. Джейнге? Ол ішпеуші еді ғой.
БЕТТИ. Ішуді бастапты.
ВИКТОР (Джейн). Сенің сіңіліңнің бар екенін білмейді екенмін.
ДЖЕЙН. Менде сіңілі жоқ.
ВИКТОР. Такисит сенің сіңіліңді әуежайға апарамын деді ғой, өз құлағыммен естідім.
ДЖЕЙН. Ол Генри екеумізді күтіп тұр.
ВИКТОР. Сендерді? Әуежайға? Ал туған күн ше? Той иесі қайда?
БЕТТИ. Бар да кешірім сұра. Бізге бір полиция да жетеді.
ВИКТОР. Бір полиция да жетеді дегенді қалай түсіндік?
БЕТТИ. Анда полиция Генриді ұрлық жасағаны үшін тергеп жатыр.
ВИКТОР. Қызық, байқұс Генридің не ұрлауы мүмкін?
БЕТТИ. Бір миллион жеті жүз елу мың фунт.
ВИКТОР. Немене фунт?
ДЖЕЙН. Стерлинг!
ВИКТОР. Саябақта орындықтың астынан тауып алып па?
ДЖЕЙН. Саябақтан емес, метродан.
«Дипломатты» ашып көрсетеді.Виктор таң қалып ақшаға қарап қалған. Генри кіреді. Барлығы оны бас салады.
ДЖЕЙН. Тұтқындайтын болды ма?
БЕТТИ. Қамауға ала ма?
ВИКТОР. Мынау шын ақша ма?!
ГЕНРИ (Виктордың қолындағы ақшаны алып). Бұларға неге айтасың?
ДЖЕЙН. Сені ең болмаса Виктор тоқтата ма дедім.
ГЕНРИ. Ішуді доғар, естіп тұрсың ба.
ДЖЕЙН. Қойшы! Не деді?
ГЕНРИ. Менің сөздерім сенім туғызбайды дейді.
ДЖЕЙН. Бірден Жоғалған заттар бюросына апарып беру керек еді.
ГЕНРИ. Бір миллион жеті жүз елу мыңды ма?! Жоғалған заттар бюросына ма?!
БЕТТИ. Бөтен дипломатты алып кеткенімді үйге келгенде бір-ақ білдім демедің бе.
ГЕНРИ. Ол ақша туралы сұрап тұрған жоқ.
БЕТТИ. Қалайша?
ВИКТОР. Сұрамағаны қалай?
ГЕНРИ. Білмейді.
ДЖЕЙН. Сонда сенің қай сөзің сенім тудырмай тұр?
ГЕНРИ. Сыраханадағы іс-әрекетім.
ДЖЕЙН. Түсінбедім…
ГЕНРИ. Бүгін инспектордың демалысы екен, ол да сол сыраханада болыпты. Енді мені айыптап отыр.
БЕТТИ. Неге қатысты?
ГЕНРИ. Тиістің деп.
ВИКТОР. Кімге тиісіпсің?
ГЕНРИ. Сыраханадағы еркектерге.
ДЖЕЙН. Не деген арсыздық!
БЕТТИ. Сені еркектерге тиісті дегенді қайдан шығарған?
ГЕНРИ.Сыраханаға қатты абыржып кірдім, ол жарты сағат ішінде еркектер баратын жерге үш рет жүгіріп кіргенімді көріп отырған – кері оралған сайын абдырысым үдей түскен. Оның айтуынша, мен дәретке отырған еркектерге көз тастаппын, ернімді жалап, көз қысыппын, ауыр дем алып, сілекейім ағыпты. Қолым қалтырапты.
ДЖЕЙН. Дәретханада ақша санаса, оның да қолы қалтырар еді.
ГЕНРИ. Содан кейін ол сыраханадан үйге дейін мені аңдып келіпті.
ВИКТОР. Сен оған не дедің?
ГЕНРИ. Бәрін мойындадым.
Барлығы шошып кетеді.
БЕТТИ. Нені мойындадың?
ГЕНРИ. Бәрін.
ДЖЕЙН. Еркектерге тиіскеніңді мойындадың ба?!
ГЕНРИ. Иә.
ДЖЕЙН. Неге?
ГЕНРИ. Құтылу үшін. Бүгін қайтсем де Барселонаға жетуім керек.
ВИКТОР. Бұл түріңмен Барселонаға емес, абақтыға түсетін сияқтысың ғой!
ГЕНРИ. Түспеймін. (Ақша шығарады) Жиырма мың беріп құтыламын.
ДЖЕЙН. Есің дұрыс па! Бұл пара ғой!
ГЕНРИ. Он мың берем десем, ол отыз мың сұрады, сосын жиырмаға келістік.
Елдің барлығын таң қалдырып ақшаны алып кетіп қалады.
ВИКТОР. Маған тағы ішу керек.
БЕТТИ. Саған ғана емес (Джейнге) Ішесің бе?
ДЖЕЙН. Әлбетте.
БЕТТИ. Бәрімізге құй.
ДЖЕЙН. Өз байымды өзім танымай отырмын.
ВИКТОР. Тосын сый деп осыны айт.
Есіктің қоңырауы соғылады.
ДЖЕЙН (айқайлап). Бұл не тағы! Бүгін жындыханаға түсетін шығармын.
ВИКТОР. Егер ана делқұлы таксист болса…
БЕТТИ. Виктор, өтінемін?
Виктор есікті ашады. Билл кіреді.
БИЛЛ. Нақұрыс! Сенің кесіріңнен көлігім бір орында қадалып қалды!
ВИКТОР. Өзің кінәлісің, топас!
БИЛЛ. Көлік айдап үйренбейсің бе одан да!
ДЖЕЙН. Көлік неге қадалып қалды?
БИЛЛ.Мыналарың бамперімді мыжып тастады, енді дөңгелек қозғалмайды, түсінікті ме?
Жүгіріп Генри кіреді.
ГЕНРИ. Сенесіңдер ме, санап жатыр! (Билді байқап) А, Бэн.
БИЛЛ. Мен - Биллмін.
ГЕНРИ. Дұрыс, дайын тұрыңыз, Билл, қазір әуежайға тартып кетеміз.
БИЛЛ. Ешқайда тартып кете алмаймыз, мына есуас машинаны құртты.
ВИКТОР. Өзің есуассың!
ГЕНРИ. Оталмай қалды ма?
БИЛЛ Оталмай қалған жоқ, жүрмей қалды!
БЕТТИ. Бампері майысып кетіпті. Біз сізге итерісіп көмектесеміз, солай емес пе, Виктор?
ВИКТОР. Атасының басы, көмектеспеймін. Ол полицияға шағымданды.
ГЕНРИ. Полицияға?
БИЛЛ. Шағымданатын едім, бірақ телефондары алмай тұр.
ГЕНРИ (Викторға). Көрдің бе! Өтінемін.
ВИКТОР (жақтырмай). Жарайды, жүр.
БЕТТИ (Биллге). Оның жүрегі - жұмсақ.
ВИКТОР. Шындығында жүрегімнің есі дұрыс емес.
Бетти, Билли барлығы есікке беттейді.
БИЛЛ Туыстарыңызды асықтырсаңыздаршы.
ГЕНРИ. Жоспар өзгерді. Туыстар ешқайда бармайды.
БИЛЛ. Бармағаны қалай?
ГЕНРИ. Олардың туыстары, яғни біз миссис Перкинс екеуіміз кетеміз.
Билл оларға таң қалып қарап шығып кетеді.
ГЕНРИ (Джейнге). Солай, қарағым, бірде бір қарсы сөзің қабылданбайды!
ДЖЕЙН. Ойымды жинақтай алар емеспін.
ГЕНРИ.Ұшақта жинақтайсың. Ішуді тоқтат. (Оған «дипломатты» береді) Қолыңнан тастаушы болма. Киініп, мені машинада күт.
ДЖЕЙН. Ал сен қайда барасың?
ГЕНРИ. Әлгі парақордың не істеп жатқанын көріп келейін.
ДЖЕЙН. Полиция қызметкерін пара алуға қалай көндірдің?
ГЕНРИ. Есіңді жиған соң, түсінесің (шығып кетеді).
ДЖЕЙН. Жолы болмай жүрген кезінде жақсы еді.
Ол «дипломатты» еденге қойып, коньяк құйып алады, есіктің қоңырауы соғылады. Қазір, қазір. Есікті ашып,инспектор Слейтонды кіргізеді. Үстіне плащ киіп алған, қолында тура Генридікіндей «дипломат».
СЛЕЙ. Миссис Перкинс?
ДЖЕЙН. Иә, не болды?
СЛЕЙ. Кіруге бола ма?
ДЖЕЙН. А-а… Не болды? Жарнама агентісіз бе?
СЛЕЙ. Жоқ, мадам. Полицияданмын. Инспектор Слейтон. Оңтүстік округ.
ДЖЕЙН. Оңтүстік?…
СЛЕЙ. Иә, мадам.
ДЖЕЙН. Орталық емес пе?
СЛЕЙ.Оңтүстік. Бәлкім, тізе бүгерсіз?
ДЖЕЙН. Жоқ, рахмет. Мистер Перкинсті іздеп жүрсіз бе?
СЛЕЙ. Өкінішке қарай, солай, мадам. Отырғаныңыз дұрыс сияқты.
ДЖЕЙН. Менің күйеуімді қайтпексіз?
СЛЕЙ.Жағымсыз жаңалық әкелдім бе деп қорқамын.
ДЖЕЙН. Айта беріңіз.
СЛЕЙ. Сізді күйеуіңіздің кешігіп жатқаны алаңдатпайды ма?
ДЖЕЙН. Әрине, ол кешіккенде мен қашанда мазасызданамын…
СЛЕЙ. Біздегі ақпараттарға сәйкес мистер Перкинс қайтыс болды.
Джейн түк түсінер емес. Ол Генри кіріп кеткен есікке бір, Слейтонға бір қарайды.
ДЖЕЙН. Мистер Перкинс?..
СЛЕЙ. Иә, осыны естіртуге келдім. Сізге оның тұлғасын анықтауға тура келеді.
ДЖЕЙН. Жоқ тоқтаңыз… Менің күйеуім… Әлдебір түсініспеушілік болған сияқты…
СЛЕЙ. Әрине, миссис Перкинс, мен сізге бір кесе шай құйып берейінші. Ас үйіңіз қайда еді?
ДЖЕЙН. Керегі жоқ! Сіз Генриді неге өлді деп ойлайсыз?
СЛЕЙ. Желкесіне екі мәрте оқ атылып, мәйітін Темзаның Оңтүстік көпір тұсына лақтырып жіберіпті, алдымен қол-аяғын жақсылап байлаған.
ДЖЕЙН. Байлаған?
СЛЕЙ. Иә, ал аяғына шынжыр орапты.
ДЖЕЙН. Демек оқыс, бақытсыз оқиға емес қой?
СЛЕЙ. Жоқ, арты қайырлы болсын. Дегенмен шай әкеліп берейін.
ДЖЕЙН. Қайдағы шай…
СЛЕЙ. Дұрыс айтасыз, бұндай жағдайда… Не ішесіз?
ДЖЕЙН. Иә, өзіңізге де құйып алыңыз.
СЛЕЙ. Маған болмайды – қызмет бабындамын.
ДЖЕЙН. Ол мәйітті неге менің Генриім деп ойлайсыз?
Инспектор оған рюмканы беріп, еденнен өз «дипломатын» көтереді.
СЛЕЙ. Мәйіттің қалтасында тұлғасын анықтайтын құжаттар болған жоқ, бірақ қасында дипломат болды. Миссис Перкинс, мынау жұбайыңыздың дипломаты ма?
Өз «дипломатын» көрсетеді. Джейн байқатпай Генри әкелген дипломатқа қарайды.
ДЖЕЙН. Иә, ұқсастықтар бар…
СЛЕЙ. Ал мына заттар ше? (мойынорағыш пен қолғапты шығарады).
ДЖЕЙН. Иә, бұл Генридің заттары…
СЛЕЙ. Күйеуіңіз «Бодли мен Крауч» компаниясында есепші болып істеп пе еді?
ДЖЕЙН. Иә.
СЛЕЙ. Мұнда құжаттар, қызметтік хаттар, түбіршектер бар, мына қойын дәптер күйеуіңіздікі ме?
ДЖЕЙН. Иә.
СЛЕЙ.Сосын тістелген бутерброд.
ДЖЕЙН. Тістелген..?
СЛЕЙ. Меніңше, мынау ірімшік пен кетчуп сияқты.
ДЖЕЙН. Иә, мүмкін…
СЛЕЙ. Бірақ, әрине, ресми түрде анықтау керек.
ДЖЕЙН. Жо-жоқ. Ірімшік пен кетчуп екенін енді байқадым. Дұрыс айтып тұрсыз.
СЛЕЙ.Тұлғасын анықтау керек деймін.
ДЖЕЙН. А-а…
СЛЕЙ. Бірақ мистер Перкинс екеніне күмән жоқ.
ДЖЕЙН. Иә, түсінем…
СЛЕЙ. Мәйітханаға машинамен барамыз. Алыс емес. Киініп шығыңыз, мен осында күте тұрайын ба?
ДЖЕЙН. Жоқ, машинада күтіңіз.
СЛЕЙ. Әрине, түсінем… Үйде тағы біреулер бар ма? ДЖЕЙН. Не?
СЛЕЙ.Сізге көз қырын салатын адам бар ма.
ДЖЕЙН. Иә, сіңілім мен күйеуі бар.
СЛЕЙ. Демек сізге қарайтын адамдар бар ғой.
ДЖЕЙН. Иә, әрине, әрине…
СЛЕЙ. Онда машинада күтемін.
Ол есіктен шыға бергенде Генри кездеседі.
ГЕНРИ. Жүз елу фунт жетпейді. (Қонақты көріп) Қайырлы кеш…
ДЖЕЙН. Бұл джентльмен – полициядан.
ГЕНРИ. Полициядан? Орталық округ па?
СЛЕЙ. Оңтүстік, сэр.
ГЕНРИ. Оңтүстік?
СЛЕЙ. Инспектор Слейтон.
ДЖЕЙН. Инспектор қайғылы хабар әкеліп тұр. Білмеймін, қайтерімді.
ГЕНРИ. Не болды? Менің фамилиям - Перкинс.
Джейн рюмкасын тастап жібереді.
СЛЕЙ. Перкинс? Демек сіз де туысысыз ғой?
ГЕНРИ. Кімнің туысымын?
СЛЕЙ. Мистер Генри Перкинстің.
ДЖЕЙН. Иә, Генридің інісі.
ГЕНРИ (топас кейіппен). Генридің інісі?..
ДЖЕЙН. Иә. Менің байқұс Генриімнің інісі!
СЛЕЙ. Олай болса, мистер Перкинс, сізге ауыр соққы болатын жағдайды баяндауға рұқсат етіңіз. (Джейнге) Мен айтайын ба әлде өзіңіз естіртесіз бе?
ДЖЕЙН. Қайсысымыз айтсақ та оңай болмайды .
СЛЕЙ. Біздің деректерге сәйкес, сэр, мистер Генри Перкинс қайтыс болды.
Генри естігенін ұғуға тырысып тұр.
ГЕНРИ. Иә… Сіз шынымен мені ойран-асыр еттіңіз.
ДЖЕЙН. Оны біреулер өлтіріп кетіпті.
ГЕНРИ. Бұған сенімдісіз бе?
СЛЕЙ. Барлық жағдай осыны көрсетіп тұр, сэр.
ДЖЕЙН. Жантүршіктіретін жағдай екен.
СЛЕЙ.Мәйіті Темзадан табылды, желкесінен екі мәрте оқ атылыпты.
ДЖЕЙН.Қол-аяғы байлаулы, аяғы шынжырмен оралған.
ГЕНРИ. Шынымен қорқынышты.
ДЖЕЙН.Қасында «дипломаты» бар.
ГЕНРИ. Онысы... несі?
СЛЕЙ.Мынау бауырыңыздың «дипломаты» ма?
Өзінің «дипломатын» көрсетеді.
ГЕНРИ. О, құдайым-ай!
СЛЕЙ.Ал енді миссис Перкинс марқұмның ең жақын адамы ретінде менімен мәйітханаға барып, мәйіттің өзінің күйеуі екенін ресми түрде растауға тиіс.
ГЕНРИ. Темзаға лақтырыпты дейсіз бе?
СЛЕЙ. Иә.
ГЕНРИ. Түсінікті.
ДЖЕЙН. Генри!
ГЕНРИ. Болды, болды, Генридің атын атап шақырма, оның жаны қазір жұмақта. Енді сенің тірегің мен боламын. Мен оның інісімін, есімім -Фредди. Әйелімді кешіріңіз... (қателескенін түсініп тоқтай қалады) Менің әйелімді, Женевьеваны ояту керек. Ол ұйықтап жатыр. Сол үшін кешіріңіздер. Қазір оның орны - Джейннің қасында. Біз бүгін үйге қайтамыз, Австралияға.
СЛЕЙ.Сапарларыңыз алыс екен.
ГЕНРИ. Иә, демалысқа келгенбіз. Ол жақта жыл он екі ай фермада, қойлардың арасындамыз. Ал Лондон сондай тамаша. Бір ай болы, бірде бір қой кездестірмедік. (Джейнге) Байқұс Генри. Женевьеваға да ауыр соққы болатын болады-ау.
ДЖЕЙН.Әрине, Фредди. Аделаида мен Персиге де естірту керек.
ГЕНРИ. Иә-иә, олар бар екен ғой. Отбасымызбен қайғыға бататын болдық.
ДЭВЕН (кіріп келеді). Мен күтейін бе әлде… (бейтанысты көріп) Кешіріңіз… (жағдайды түсініп кетіп қалады).
ГЕНРИ. Бұл менің екінші інім…
СЛЕЙ. Тағы біреуі бар ма еді?!
ГЕНРИ. Иә, үлкені. Арчи.
ДЖЕЙН. Генри!
ГЕНРИ. Қымбаттым, мен Фреддимін. Генри енді жоқ.
ДЖЕЙН. Масқара, енді не істейміз?
ГЕНРИ. Құдайға жалбарынамыз. Генридің жаны жанннатта болсын деп тілейміз. Инспектор, тұра тұрыңыз ол өз-өзіне келіп алсын.
СЛЕЙ. Түсінемін, сыртта күтейін.
Слейтон, өз «дипломатын» алып шығып кетеді.
ДЖЕЙН. Масқара болдық.
ГЕНРИ. Керісінше, сәтін салды деген осы.
ДЖЕЙН. Қайдағы сәт!
ГЕНРИ. Екі еселенген сәттілік. Егер Генри Перкинсті атып, байлап-матап, өзенге ағызып жіберген болса, оны ешкім Барселонадан іздемейді.
ДЖЕЙН. Екінші сәттілік ше?
ГЕНРИ. Атылып, байланып, өзенге ағып кеткен мистер Алаяқ болса, демек ол бізді іздеп, қудалай алмайды.
ДЖЕЙН. Ал оны атып, байлап өзенге ағызған адам ше?
ГЕНРИ. Сенің ауызыңнан ешқашан жақсы сөз шықпайды. Жарайды, қазір бастысы Арчи інішектен құтылу керек. Жүз елу фунт жетпейді екен оған. Ақша салынған дипломат қайда. А, міне...
Телефон шырылдайды. Генри тұтқаны көтереді.
Алло. Немене? Кешіріңіз, түсінбеймін. Ағылшынша айтыңызшы? Не дейсіз? (тұтқаны тастай салады) Сандырақ. «Сима Дансик», «Сима Дансик».
ДЖЕЙН. Ол – чемоданчик деп тұрған шығар.
ГЕНРИ. Не?!
ДЖЕЙН. Чемоданчик. «Дипломат».
Генри ойран-асыр болады.
ДЖЕЙН. Бұл мистер Қанішер шығар.
ГЕНРИ. Кім?
ДЖЕЙН. Мистер Алаяқты өлтірген адам.
ГЕНРИ. Масқара! Біздің телефон нөмірімізді қайдан тапқан?
ДЖЕЙН. Сенің дипломатыңнан алды да!
ГЕНРИ. Менің «дипломатымды» инспектор Слейтон көтеріп жүр ғой!
ДЖЕЙН. Ал оған дейін ше? Мистер Алаяқ арқылы дипломатың мистер Қанішердің қолында болды ғой. Ол оны бір миллион жеті жүз елу мың жатыр деп ашады, ал онда сенің тістелген бутербродың мен қойын дәптеріңнен басқа ешнәрсе жоқ! (өзіне коньяк құйып алады).
ГЕНРИ. Дұрыс айтасың, барлығы осылай болған сияқты…
Есік ашылып, Виктор кіреді.
ВИКТОР. Дұрыс болды. Бампердің мәселесі шешілді! Шыға берсеңдер болады.
ГЕНРИ.Өте жақсы. (Джейнге) Болды! Кеттік!
«Дипломатын» алады.
ДЖЕЙН. Қайда?!
ГЕНРИ. Әуежайға!
ДЖЕЙН. Дәл қазір ешқайда шыға алмаймыз.
ГЕНРИ. Дәл қазір бізге шығып кету керек.
ДЖЕЙН. Әлгі парақор ше? (Дэвенпорт кеткен есікті нұсқайды). Мен бара алмаймын. Мені екінші полицей күтіп отыр, мәйітханаға баруым керек.
ВИКТОР. Қайдағы мәйітхана? Қайдағы екінші полицей?
ГЕНРИ. Ауызыңды жапшы! (Джейнге) Онда Барселонаға тіпті кету керек. Сен киін, ал сен бірінші полицейге мына жүз елу фунтты тапсыр (Викторға ақшаны ұстатады).
ВИКТОР. Сен оған жиырма мың беруің керек еді ғой.
ГЕНРИ. Бердік қой, бірақ жүз елу фунт жетпейтін болып шықты. Міне, осыны берсең, болды.
ДЖЕЙН. Ал мәйітті тануға кім барады?
ВИКТОР. Қайдағы мәйіт?
ДЖЕЙН. Мистер Алаяқтың мәйіті қол-аяғы байланып маталған күйінде Темзадан, Оңтүстік көпір маңынан табылыпты. Аяғына шынжыр байланыпты. Желке тұсына екі мәрте оқ атылған.
ГЕНРИ. Теледидардан жаңалықтар беріп жатырсың ба? Виктор, оған ақшаны бер де, Беттиді алып, үйлеріңе қайтыңдар. Бүгін бұл жерде ешнәрсе болған жоқ, ешнәрсе естіген де, көрген де жоқсыңдар, осыны мықтап есіңде сақта.
ВИКТОР. Дұрыстап айтыңдаршы…
Телефон шырылдайды. Генри мен Джейн қатып қалады.
ГЕНРИ (Викторға қорқынышты түрмен сыбырлап). Алма!
ВИКТОР (ол да сыбырлап). Алайын деп тұрған жоқпын… Өзің неге алмайсың?
ДЖЕЙН. Себебі бұл - ол!
ВИКТОР. Кім?
ГЕНРИ. Мистер Қанішер!
ВИКТОР. Кім?
ГЕНРИ. Сима Дансик.
ВИКТОР.Қайдағы Сима?
ДЖЕЙН. Мистер Чемоданчик. «Дипломат»!
ВИКТОР (түсініп).Мәссаған, сендердің нөмірлеріңді қалай тапқан?
ГЕНРИ. Бутерброд арқылы! (Телефонның үні өшеді).
ДЖЕЙН (жылап). Біліп едім, осылай болатынын біліп едім!
Есіктен Бетти кіреді.
БЕТТИ. Не болды? Билл жынданып жатыр. (Джейнге қарайды) Не болды?
ВИКТОР. Джейн қуып кетті.
ГЕНРИ. Әбден мас!
БЕТТИ. Құдай сақтасын!
Телефон қайта шырылдайды. Бетти тұтқаны көтереді.
БЕТТИ. Алло?
ГЕНРИ. Тоқта, Бетти!
БЕТТИ. Кешіріңіз не дейсіз? Сима Дансик?..
Генри тұтқаны қолынан жұлып алып, орнына қояды.
БЕТТИ. Генри! Бұл мәдениетсіздік қой!
ГЕНРИ. Мистер Қанішермен мәдениетті болып қажеті жоқ.
БЕТТИ. Онысы кім тағы?
ДЖЕЙН. Мистер Алаяқты өлтірген адам.
ВИКТОР. Мистер Сима Дансик.
БЕТТИ. Кім-кім?
ГЕНРИ. Мистер Чима-данчик!
БЕТТИ (енді түсініп). Мәссаған!
Телефон қайта шырылдайды. Барлығы қата қалады.
ДЖЕЙН. Генри, ақшаны қайтарамын дей салшы!
ГЕНРИ. Ол мені бәрібір өлтіреді, жиырма мың фунты кем ғой.
ДЖЕЙН. Шетінен қайтарамын десеңші.
ГЕНРИ. Шетінен қалай қайтарамын, жиырма жыл ішінде ме.
ВИКТОР. Джейн дұрыс айтады. Бір өлген адам, екі полицей, Сима Дансик. Жағдай қиын.
Генри аздап қобалжып, телефон тұтқасын көтереді де қайта қояды.
ДЖЕЙН. Генри!
ГЕНРИ. Құдай бір сәтін салған екен, аяғына дейін күресемін!
ВИКТОР. Бетти, Генриге сыйлығын берші. Туған күн жақсы өтті, рахмет, біз кеттік! (есікке беттейді).
ГЕНРИ. Бетти, кешір, бірақ шынымен үйлеріңе қайтқандарың дұрыс.
Тағы телефон шырылдайды. Барлығы қата қалады, Дэвенпорт келіп кіреді.
ДЭВЕН. Мистер Перкинс, қайырымдылық жарнасының қалғанын бересіз бе жоқ па?!
ГЕНРИ. Иә-иә, әрине, анау ақшаны алып кетті ғой, мен қазір.
Виктордың артынан жүгіреді, бірақ жолда Биллге соғылады.
БИЛЛ. Мұнда әуежайға баратын адамдар бар ма, жоқ па?
ГЕНРИ (Дэвенпортке). Бұл - Билл. Қозғалтқыш қалай, жақсы жұмыс істеп тұр ма?
БИЛЛ. Қозғалтқыш жақсы, есептегіш одан да жақсы. Сонымен кім барады сіз жұбайыңыз екеуіңіз бе әлде тағы біреулер шықты ма?
ДЖЕЙН. Ешкім ешқайда бармайды!
БИЛЛ. Қалай ешкім бармайды, не айтып тұрсыз? ГЕНРИ. Жоқ, мистер және миссис Браун барады.
БИЛЛ. Мистер және миссис Браун?
ГЕНРИ. Иә.
БИЛЛ. Олар кім тағы?
ГЕНРИ. Біздің туыстарымыз.
БИЛЛ. Австралиядан келгендер ме? Ал сіздер бармайсыздар ғой?
ГЕНРИ. Жоқ, есіктің сыртында күте тұрыңызшы.
БИЛЛ. Әлі қанша күтемін?
ГЕНРИ.Қанша қажет болса сонша!
БИЛЛ. Таң атқанша күтетін жайым жоқ. Бес минуттан соң ешкім шықпаса кете беремін!
ГЕНРИ. Мистер және миссис Браун қазір шығады, мынаны апара беріңіз. (Сөмкені береді).
БИЛЛ. Барлығы осы ма?
ГЕНРИ. Иә, осы, осы.
БИЛЛ. Туыстарыңыз нудист пе не? (шығып кетеді)
ГЕНРИ.Ұятсыз!
ДЭВЕН. Бірақ ақымақ емес. Екі адам жарты планетаны артқа тастап ұшып барады, қолдарында жалғыз сөмке. (Джейнге) Бәлкім мистер және миссис Браун шынымен нудист шығар?
ДЖЕЙН (қалжыңдамақ болып). Шешінгенде ғана нудист болады.
ДЭВЕН. Ал мен әйеліңіз екеуіңізді шетелге қашпақ болды ма деп ойлап қалдым.
ГЕНРИ. Біз ба?! Жоқ! Біз ешқайда кетпейміз. Ал мистер және миссис Браун кетіп барады. Австралияға. Өз фермаларына, қойларына оралады!
ДЭВЕН. Қазір олар қайда?
ГЕНРИ. Аделаида мен Перси ме?…Қайдасы қалай?…
БЕТТИ. Аделаида, Джейннің Австралиядағы сіңілісі менмін, инспектор.
Джейн шошынып айқайлап, жүгіріп шығып кетеді. Қалғандары қатып қалған.
ГЕНРИ. Күні бойы осы. Сіңілісінің кететініне көндіге алмай жүр.
ДЭВЕН. Иә, иә, ал мистер Браун ше?
Даладан Виктор кіреді.
ВИКТОР (Беттиге). Сені қанша күтуге болады?
БЕТТИ. Перси, қымбаттым, біз сен туралы айтып жатырмыз.
ВИКТОР. Мен жайлы?
ГЕНРИ. Иә, мына кісі сені сұрап жатыр.
ВИКТОР. Неменеге?
ГЕНРИ. Ол сенің өмірде бар екеніңе күмәнданады.
Генри Виктордың қалтасынан ақшаны шығарып, Дэвенпортге береді.
ГЕНРИ. Болды, қалған ақшаны бердім, құтылдым, сау болыңыз.
ДЭВЕН. Сіз сияқты адамдармен таныстық байытады.
ВИКТОР. Дәл айттыңыз.
ДЭВЕН. (Викторға) Қойлар сізді қуана қарсы алады деп сенемін.
БЕТТИ (артынан). Жолдан абайлап өтіңіз!
Дэвенпорт кетеді.
ГЕНРИ. Кетті ме жоқ па өзі!
ВИКТОР. Бәлкім, шығып қайта кірермін, а? Әйтпесе түк ұқпадым?
ГЕНРИ. Түсінетін түгі жоқ! Бетти, үйлеріңе қайтыңдар!
ВИКТОР. Иә, кеттік, Бетти, әйтпесе жынданып кетермін.
Қолына көрпе ұстаған Джейн кіреді, мас.
ГЕНРИ. Джейн! Сен қайда кеттің?
ДЖЕЙН. Сүт және аспирин аламын.
БЕТТИ. Ауырасың ғой! Бүгін күні бойы іштің!
ДЖЕЙН. Сондықтан маған ұйықтау керек.
ГЕНРИ. Джейн, сенде екі-ақ мүмкіндік бар, бірақ екеуінің де ауылы ұйқыдан алыс.
ДЖЕЙН. Қандай?
ГЕНРИ. Біреуі - Барселона, екіншісі – полицеймен мәйітханаға бару!
ВИКТОР. Бұл үйде бір минут кідірсең болды – жындыханадан бір-ақ шығасың.
ГЕНРИ. Виктор, өтінемін, үйіңе қайтшы.
ДЖЕЙН. Дұрыс. Бәрің үйлеріңе қайтыңдар. Туған күн тәмамдалды.
БЕТТИ. Джейн, сен - массың.
ДЖЕЙН. Иә, ұйықтаймын. (Жатуға әзірленеді)
ГЕНРИ (көрпені жұлып).Испанияда ұйықтайсың!
ДЖЕЙН. Мен үйде ұйықтағым келеді (шығады).
БЕТТИ. Джейн! (Джейннің артынан кетеді)
ВИКТОР. Ол бармайтын сияқты ғой.
ГЕНРИ. Барады! Виктор, қарашы, таксист кетіп қалмап па.
ВИКТОР. Жоқ. Беттиді алып үйге кетем.
ГЕНРИ. Мен Беттиді алып келемін, ал сен Бенге бар.
ВИКТОР. Ол Бен емес, Билл.
ГЕНРИ. Иә, болса болсын. (Диванға отырып, дипломатты ашады). Елу фунт бер де ешқайда кетпей тұра тұр деші.
Дэвенпорт пайда болады.
ДЭВЕН. Мистер Перкинс, сізді бола ма?
Генри «дипломатты» жалма-жан жауып, көрпені өзінің және Виктордың үстіне жабады, сыртқа тек бастары қылтияды. Инспектор бір көрпенің астындағы Виктор мен Генриге таң қалып қарайды.
ГЕНРИ. Инспектор, сіз қайтып келдіңіз бе?…
ДЭВЕН. Иә…
ГЕНРИ. Ал біз мында отырмыз... демалып жатырмыз, иә, Перси?
ВИКТОР. Иә. Жай отырмыз… Демалып жатырмыз… Австралияның алдында.
ДЭВЕН. Көрпе астында ма?
ГЕНРИ. Онда тұрған не бар? Бәлкім жаурап жатқан шығармыз!
ДЭВЕН. Түсінікті. (біртүрлі болып күліп екеуіне жақындайды)
ВИКТОР. Не түсінікті?! Не түсінікті?! Маған, мысалы, түк те түсінікті емес!
ГЕНРИ. Маған да. (Көрпені лақтырады). Сізге не керек, инспектор?
ДЭВЕН. Мен таксист туралы айтуға келдім.
ГЕНРИ. Бен жайлы ма?
ВИКТОР. Ол - Билл.
ГЕНРИ. Маңызды емес. Не болды?
ДЭВЕН. Биллдерің кетіп қалды.
ГЕНРИ. Кеткені қалай?!
ДЭВЕН. Күтіп шаршадым деді.
ГЕНРИ. Не деген оңбаған!
ДЭВЕН (Викторға). Сөмкелеріңізді тура жолға тастап кетті.
ВИКТОР.Қайдағы сөмке?
ГЕНРИ. Сенің жол сөмкеңді де! Сенің бумерангың жатқан сөмке.
ВИКТОР (амалсыз). А, менің сөмкем бе…
ДЭВЕН. Иә, сендер жеңіл жүреді екенсіңдер. Зайыбыңыз екеуіңіз нудист екенсіздер ғой.
ВИКТОР. Кім нудист…
ДЭВЕН. Сөмкелеріңізді алыңыздар, қойларға менен сәлем.
Саусағын безеп, шығып кетеді.
ВИКТОР. Шайтан алғыр!
ГЕНРИ. Жап ауызыңды, жағдайдың бұдан жаман болуы мүмкін еді.
ВИКТОР. Бұдан жаман болуы мүмкін емес, ол мені бұзылған арсыз адам деп қалды ғой!
ГЕНРИ. Сенен де өтемақы талап етпегеніне шүкір де. Болды. Бұнда енді қалуға болмайды. Сондықтан Джейнді алып артқы есіктен шығып кетемін, ал сен Беттиді ал да кет, үйлеріңе қайтыңдар... (екеуі де шығады).
ШЫМЫЛДЫҚ
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сол жер, келесі мезет. Виктор мен Бетти кіреді.
ВИКТОР. Біз араласпай-ақ қоялық . Генри мен мистер Қанішер өздері шешсін.
БЕТТИ.Өлгенше ішкенін көрдің бе. Мен оны бұндай күйде бірінші рет көріп тұрмын. Кескен терек сияқты сұлық түсті, көрдің бе.
ВИКТОР. Қолындағы коньякты тартып алу керек еді.
БЕТТИ. Ол баяғыда шерриге көшкен.
ВИКТОР. Жынды!
БЕТТИ. Ешқайда кетпеймін дейді! Барселонаға бармаймын дейді! Есалаң!
ВИКТОР. Бұл түрімізбен мен полициядан бір-ақ шығатын шығармын.
БЕТТИ. Полициядан дейсің бе?
ВИКТОР. Жаңағы парақор полицей Генри екеумізді көрпе астында жатқан жерімізден ұстап алды.
БЕТТИ. Кетші.
ГЕНРИ (жүгіріп кіріп). Мың да бір тәуба! Виктор! Машинаңның кілтін бере тұршы.
ВИКТОР. Оны не қыласың?
ГЕНРИ. Әуежайға жету керек. Кереңсің ба немене? Таксист кетіп қалыпты.
ВИКТОР. Бере алмаймын. Ол мен үшін қымбат.
ВИКТОР. Не қымбат?
ГЕНРИ. Машина да.
ГЕНРИ. Бес мың!
БЕТТИ. Он!
ГЕНРИ. Екі күн бұрын бес мыңға да сата алмай отырмын деп едің ғой!
ВИКТОР. Екі күн ішінде баға көтерілді!
ГЕНРИ. Жақсы, жеті жарым!
ВИКТОР. Келістік.
Генри «дипломатын» аша бастағанда Слейтон кіреді. Генри «дипломатты» қайта жабады.
СЛЕЙ. Кешіріңіздер, миссис Перкинс қазір шығады деп едіңіздер…
ГЕНРИ. Қазір, қазір, инспектор. Ол әлі дайын болмай жатыр…
СЛЕЙ. Келініңізге тез бол деп айтсаңызшы?
БЕТТИ.Өзім айтамын.
ГЕНРИ. Әрине, Аделаида! Тамаша!
ВИКТОР. Аделаида?
ГЕНРИ (мағына беріп). Аделаида!
СЛЕЙ. Демек сіз миссис Перкинстің сіңілісісіз ғой?
БЕТТИ.( тосылып) Әлбетте!
ВИКТОР. Сіңілісісіз бе?
СЛЕЙ. Иә-иә, әрине. (Викторға) Ал сіз Аделаиданың күйеуі боларсыз?
ВИКТОР. Болсақ болармыз…
БЕТТИ. Әрине. Күйеуіміз екеуміз Австралиядан келдік. (Шығып кетеді)
СЛЕЙ. Кездейсоқ кездесу деп осыны айт.
ВИКТОР. Сіз де Австралиядансыз ба?
ГЕНРИ. Иә.
ВИКТОР (әбден шатасқан кейіппен). Сен де?!
ГЕНРИ. Менің де Австарлиядан екенімді білмейтін адамға ұқсамашы! Мен де, әйелім де – барлығымыз Австралияданбыз!
ВИКТОР.Әйелің де? Иә, әрине,…Дж…
ГЕНРИ. Женевьева!
ВИКТОР. Ал мен не деп тұрмын… Д..женевьева…
ГЕНРИ. Перси менің інімнің әйелінің сіңілісіне үйленген.
ВИКТОР. Тоқта, тоқта! Қайта айтшы…
ГЕНРИ. Сосын, Перси, сосын. Одан да бар, Аделаидаға көмектес.
СЛЕЙ.(Генриге). Ал ол біле ме?
ГЕНРИ. Біледі! Мен айтқанмын. Бар, бар.
ВИКТОР. Нені айттың?
СЛЕЙ. Генри Перкинстің қайтыс болып кеткенін.
ВИКТОР (пауза). Қайтыс болды дейсің бе? Қандай мағынада?
СЛЕЙ. Естірттім деп едіңіз ғой.
ГЕНРИ. Естірттім, бірақ аяғына дейін айтпаған едім. Егжей-тегжейлі түсіндірмедім. Генридің халі онша емес дегенді емреуінмен ғана білдірдім.
СЛЕЙ. А-а… (Викторға) Оның мәйіті Оңтүстік көпірдің маңынан табылды.
ВИКТОР. Оңтүстік көпірдің маңынан…
СЛЕЙ. Темзадан. Қол-аяғын байлап, желкесінен екі мәрте атып кетіпті.
ВИКТОР (енді түсініп). Ах, байлап, атып кетіпті дейсіз бе…
ГЕНРИ. Иә.
ВИКТОР. Халінің онша еместігі содан екен ғой.
ГЕНРИ. Түсінесің бе, Перси, қасында чемодан болғасын ғана Генриді тану мүмкін болды...
Слейтон қолындағы «дипломатты» көрсетеді.
ВИКТОР. Чемоданчик?
ГЕНРИ. Чемоданчик. Ішінде қызметтік қағаздары, қойын кітапшасы, тістелген бутерброд болды.
ВИКТОР. Иә, әрине. Әрине! Түсінікті. Сұмдық екен. Байқұс Джейн. Ол қайғыдан қан жұтып жатқан шығар?
ГЕНРИ. Енді ше.
СЛЕЙ. Бақытына орай қасында күйеуінің інісі бар (Генриді көрсетеді).
ВИКТОР. Оның күйеуінің інісі мен шығар деп ойлап едім.
ГЕНРИ. Әрине, сен де інісісің! Бірақ басқа жағынан. Сен оның сіңілісінің, Аделаиданың күйеуісің, яғни Джейннің күйеу баласысың, ал мен оның күйеуі Генридің інісімін, қайнысымын. Джейннің қасында қазір екі жақын туысы бар. Біреуі - Перси, яғни сен. Екіншісі – Фредди, яғни мен.
СЛЕЙ. Ал Арчи ше?
ГЕНРИ. Иә… (Викторға)Арчиді ұмытып кетіппін ғой…
ВИКТОР. Арчи?…
СЛЕЙ. Арчи да Австралиядан ба?
ГЕНРИ. Жоқ, о не дегеніңіз. Ол… Перси, қай жақтан еді?
ВИКТОР. Қалай еді әлгі… Манчестерден.
ГЕНРИ. Иә, Манчестерден. Бірақ ол Перси екеміз сияқты сондай қатты жақын емес, Арчи сауда агенті, үнемі жолда жүреді.
СЛЕЙ.Түсінікті, жолда жүрген адамда туыс болушы ма еді...
ГЕНРИ. Арчи қазір де кетіп қалды.
ВИКТОР. Манчестерге кетті.
ГЕНРИ. Ливерпульге емес пе?
ВИКТОР. Жоқ, Манчестерге.
ДЭВЕН. (кіріп келеді) Міне, қайтып келдім!
ГЕНРИ. Қайтып келдім дей ме? Қарай гөр мұны. Перси, қарашы, ол қайтып оралды!
ДЭВЕН. Шынымды айтсам, түк болмағансып кетіп қалу әдетімде жоқ.
ГЕНРИ. Әрине, кете алмайсың! Біз сені түсінеміз, айтшы, Перси.
ВИКТОР. Әлбетте! Қайтып келе салған. Шынымызды айтсақ, Арчи, біз сені күткен жоқпыз.
ДЭВЕН. (секемденіп) Кешіріңіз, не дейсіз?
ВИКТОР. Арчи, біз сені күткен жоқпыз.
СЛЕЙ. Қайтып оралса, туыстығын сезінген ғой.
ГЕНРИ. Арчи! Сен мына джентельменді танымайсың ғой, айтпақшы.
ДЭВЕН. Әзір танымаймын.
ГЕНРИ. Танысып қой. Бұл мистер Слейтон. Полициядан.
ДЭВЕН.(секемденіп) Полициядан?
СЛЕЙ. Иә. Оңтүстік округ.
ДЭВЕН. Оңтүстік…(қолын созып) Арчи Перкинс.
ГЕНРИ. Менің ағам.
ДЭВЕН (күліп). Ағасы.
ГЕНРИ. Мынаның әйелінің қайнысы. (Викторды көрсетіп).
ДЭВЕН. Қайнағасы!
СЛЕЙ. Төрт көздеріңіз түгел жиналғанына қуаныштымын.
ГЕНРИ. Дұрыс айтасыз? Бірақ, Арчи, сен ешнәрсеге қарамай, кетпек болып едің ғой.
ВИКТОР. Иә, Манчестерге.
ДЭВЕН. Кеткім келген. Бірақ сендерде қонақтап жатқанның ұнағаны сонша, әзір кетпей тұра тұрайын деп шештім.
ГЕНРИ. Олай әуре болмасаңшы. Айтшы, Перси.
ВИКТОР.Әрине, Фредди. Түк қажеті жоқ.
ГЕНРИ. Бар-бар, Арчи, пойызға үлгеріп кет. Келесі кездескенімізде барлық шығындарыңды қайтарып беремін.
ДЭВЕН. Соншалықты асығып тұрған жоқпын…Фредди. Өзің білесің қазір менде демалыс қой.
СЛЕЙ.Оның үстіне жерлеу рәсіміне қатысатын шығар.
ДЭВЕН. (қуанып) Бізде жерлеу рәсімі бола ма!?
СЛЕЙ.Сэр, сізге естіртпеп пе еді?
ДЭВЕН. Жалпылама ғана… Егжей-тегжейлі түсіндірген жоқ.
ВИКТОР. Бәлкім, Фредди оған да Генридің жағдайы онша емес деп айтқан шығар. ГЕНРИ. Солай, Арчи, егжей-тегжейлі айтар болсам, біздің байқұс Генри өліп қалды.
ДЭВЕН. (өтірік шошып) Мүмкін емес!
ВИКТОР. Суға батырып жіберген.
СЛЕЙ. Иә. Сіздің бауырыңыз Генридің мәйіті Темзадан, Оңтүстік көпір маңынан табылды. Желкесіне тиген екі оқтан өлген. Мен мәйітханаға барып, тұлғасын анықтау үшін миссис Перкинсті күтіп отырмын.
ГЕНРИ. Арчи, сен енді, әрине, жерлеу рәсіміне қалатын шығарсың?
ДЭВЕН. Әрине, Фредди. Қалайша қатыспаймын?
ГЕНРИ. Түсінікті. Жақсы. Қазір инспектор мен Джейнді мәйітханаға шығарып саламын, ал сен Персимен бірігіп, байқұс Генридің мұрагері ретінде қандай сомаға үміт артатыныңды ойлай бер.
ДЭВЕН. Бұл өте тамаша ұсыныс, солай емес пе, Перси?
ВИКТОР. Иә, керемет…
ДЭВЕН. Жүр, бауырым. Кейбір түсініксіз тұстарды анықтап алайық (шығып кетеді).
ГЕНРИ. Енді мәйітхана мәселесін шешейік. Джейн!
ДЖЕЙН (удай мас, көңілді). Немене Джейн дейсің?!
ГЕНРИ. Өз-өзіңе келші, не болған саған.
ДЖЕЙН.Ұйықтаймын.
СЛЕЙ.Ұйықтағаны қалай?!
ГЕНРИ. Жоқ, жатпайсың. Инспектормен... мәйітханаға барасың.
СЛЕЙ. Мәйітханаға бару үшін киімін ауыстырса болар еді…
ДЖЕЙН. Ал маған бәрібір! Инспектормен де, аспиринмен де ешқайда бармаймын, ұйықтаймын (жататын бөлмеге кетеді).
БЕТТИ. Джейн! Бұлай болмайды…ол деген полиция ғой… (артынан жүреді). Генриге қазір сенің көмегің керек!
ДЖЕЙН. Генриге түкіргенім бар! (кетеді)
ГЕНРИ. Джейн, өтінемін…
Джейннің артынан жүреді. Телефон шырылдайды. Генри қата қалады,аппаратқа қарайды, бірақ алмайды.
СЛЕЙ Тұтқаны көтермейсіз бе?
ГЕНРИ. Қателесіп жатыр.
СЛЕЙ.Оны қайдан білесіз?
ГЕНРИ. Шырылдағанынан түсініп тұрмын. Сенбейсіз бе? Өзіңіз көріңіз…
СЛЕЙ. Алло?… Сізге кім керек? Сима Дансик? Жоқ, жоқ. Басқа жерге түстіңіз. (Телефонды қояды) Сіз дұрыс айтыпсыз.
ГЕНРИ. Айттым ғой. Инспектор, мен қазір миссис Перкинсті алып келемін, ал сіз далада күте тұрыңызшы. Тез шығамыз, ант етемін.
СЛЕЙ. Жылдамырақ. Баяғыда мәйітханада болуымыз керек еді.
ГЕНРИ. Инспектор, кешіріңіз. Оған қазір оңай емес, түсінуге болатын сияқты.
СЛЕЙ. Иә, түсінемін… Әлде дәрігер шақырамыз ба?
ГЕНРИ. Жо-жоқ, керегі жоқ.Мұнда онсыз да адам көп.
Ол Слейтонды ертіп кетеді, Виктор пайда болады.
ВИКТОР. Генри!
ГЕНРИ. Генри – Оңтүстік аудан ауруханасының мәйітханасында. Ал мен Фреддимін.
ВИКТОР. Иә, бірақ қазір екеуміз оңашамыз ғой.
ГЕНРИ. Жарайды, не болды?
ВИКТОР. Генри, ол тағы жиырма мың сұрап жатыр.
ГЕНРИ. Жиырма?!
ВИКТОР. Иә. Он мың – Генри, Перси, Фредди және Арчи жөнінде жұмған ауызын ашпағаны үшін…
ГЕНРИ.Ұятсыз! Тағы оны не үшін?
ВИКТОР. Екеумізді көрпе астында көргенін жасыратыны үшін, әрқайсымызды бес мыңнан бағалап отыр.
ГЕНРИ. Не деген арсыздық! Сен үшін мен неге төлеймін?!
Бетти Джейннен шошынып шығады.
БЕТТИ. Генри, ол дәретханаға кіріп есігін жауып алды!
ВИКТОР. Жынданған!
БЕТТИ. Радионы бар дауысына қойып алды, айқайлап шақырсам, жауап бермейді.
ГЕНРИ. Бүгін ол шынымен жынданған шығар. Мына жемқормен есеп айырысып алайықшы алдымен.
«Дипломатты» алып, ашпақ болады.
СЛЕЙ. (кіріп келіп) Мистер Перкинс! Маған бір ой келді.
ГЕНРИ ( «дипломатты» тығады). Қандай ой ол?
СЛЕЙ. Жалпы бұл үшін тек миссис Перкинс қана керек емес қой.
ГЕНРИ. Бұл үшін деген не?
СЛЕЙ. Тұлғасын анықтау үшін. Заң бойынша жұбайының психологиялық немесе физикалық жай-күйі мүмкіндік бермесе, кез келген жақын туысы келіп марқұмның тұлғасын анықтай алады. Мысалы, сіз.
ГЕНРИ. Мен?! Не айтып тұрсыз?! Мен оған бара алмаймын.
СЛЕЙ. Басқа жақын туысы жоқ па?
Барлығы бір-біріне қарап, ақыр аяғында Викторға қарап қалады.
ВИКТОР. Жоқ! Тек мен емес! Дәмеленбеңіздер!
ГЕНРИ. Перси, өте жақсы ой.
ВИКТОР. Мен бара алмаймын.
ГЕНРИ. Неге?
ВИКТОР. Біз бес минуттан кейін Австралияға ұшуымыз керек
ГЕНРИ. Келесі рейспен кетесіңдер!
ВИКТОР. Жоқ, жоқ! Мен ол мәйітті Генри деп тани алмаймын! Бұл мүмкін емес!
БЕТТИ. Перси! Меніңше, бұл өте жақсы ұсыныс сияқты. Ақысы төленеді.
СЛЕЙ. Ақысы төленгені қалай? Қойыңыз, миссис, ешкім ешкімге ақы төлемейді.
ГЕНРИ. Перси, ал саған төленеді. Шығарған шығының қайтарылады.
СЛЕЙ. Қайдағы шығын, ауруханаға дейін барса болды емес пе!
ГЕНРИ. Иә, ауруханаға дейін. Ал Австралия ше! Инспектор, бұл мәселені отбасы ішінде шешуге рұқсат етіңіз. Ол - барады.
СЛЕЙ. Жарайды, жақсы. Сендерге бес минут беремін. Бес минуттан кейін сіз, мистер Браун, далаға шығып, мәйітханаға барасыз (шығып кетеді).
ГЕНРИ. Виктор, өтінемін, мәйітханаға баршы!
ВИКТОР. Жоқ!
БЕТТИ. Виктор, неге барғың келмейді? Генри ақысын төлеймін деп тұр ғой!
ГЕНРИ. Әрине төлеймін, қолма-қол ақшамен.
БЕТТИ. Мәселе төлейтініңде емес, қанша төлейтініңде болып тұр ғой.
ГЕНРИ. Он.
БЕТТИ. Отыз!
ГЕНРИ. Жиырма.
ВИКТОР. Жиырма екі... жарым!
ГЕНРИ. Келістік. («Дипломатты» алады) Бетти, біз есеп айырғанша барып Джейнді шақырып келші.
БЕТТИ. Дәретханаға кіріп шықпай отыр ғой.
ГЕНРИ. Есікті бұзып кір!
БЕТТИ. Шын айтасың ба? Қуана-қуана (жүгіріп кетеді).
ДЭВЕН. (үзілді-кесілді түрмен кіріп) Не болды? Шештіңдер ме? Әйтпесе тым ұзақ күтіп қалдым!
ГЕНРИ. Иә, иә. Мында бір мәселені талқылап жатыр едік. (Викторға) Сен жиырма мың дедің бе? (ақшаны санап).
ВИКТОР. Мен емес, мынау айтып тұрған.
ДЭВЕН. Бәрі дұрыс.
ГЕНРИ.Ұстаңыз.
ДЭВЕН. Мистер Перкинс, сізбен істес болғанның ғанибет екенін мойындау керек. (ақшаны санап).
ГЕНРИ. Қуаныштымын.
ДЭВЕН. Маған Перси Барселонаға барамыз деді ғой.
ГЕНРИ. Жұмған ауызын ашпай-ақ қойса болар еді.
ДЭВЕН. Испания сіздерге ұнайды. Өз үйлеріңізде жүргендей сезінетін боларсыздар.
ГЕНРИ. Ағылшындар көп пе?
ДЭВЕН. Алаяқтар көп. Сәттілік тілеймін (күліп, кетеді).
ГЕНРИ. Онда алаяқтар, мында полиция. Қайсысы қауіптірек екен, білсе ғой.
ВИКТОР. Маған ше?
ГЕНРИ. А, иә-иә.
ВИКТОР. Мәйіт үшін жиырма екі жарым мың және жеті жарым машинаға. Барлығы отыз болады.
ГЕНРИ. Білемін… Досыңа көмектескенің үшін ақша сұрауға қалай дәтің барады?
ВИКТОР. Мен дос ретінде емес, туыс ретінде алып тұрмын.
ГЕНРИ (ақшаны береді). Кілтті бер. Өте жақсы! Енді инспектордың көлігіне мін де, мәйітханаға бар.
Бетти Джейнді зорлап сүйреп келеді. Джейн қарсыласып келеді.
ДЖЕЙН. Виктор, сенің әйелің жуынатын бөлмедегі есікті сындырып, мені іс-әрекетімен қорлады.
ГЕНРИ. Киін. Барселонаға кеттік.
ДЖЕЙН. Бармаймын, Бра… се…атын да айта алмаймын.
ГЕНРИ. Жарайды, былай істейік. Жол жөнекей, Виктордың машинасында киінесің.
ДЖЕЙН. Неге Виктордың машинасында?
ГЕНРИ. Себебі отыз мың фунт үшін мәйітханаға Виктор барады. Виктор, сен неге әлі бұнда тұрсың?
ВИКТОР. Ақшаны санап жатырмын.
ДЖЕЙН.Өте жақсы. Виктор – мәйітханаға барсын, Генри Барселонаға кетеді, ал мен жатамын.
ГЕНРИ. Джейн, киінші, өтінемін!
ДЖЕЙН. Мені неге ешкім тыңдамайды?
ГЕНРИ.Ұшақта сөйлесейікші!
ДЖЕЙН. Өмірімнің соңына дейін Барселонада миссис Сима Дансик болып өткім келмейді!
ГЕНРИ. Болды, төзімім таусылды. Жалғыз кетемін. Түсінікті ме?! Жалғыз!
ДЖЕЙН. Ештеңе етпейді ол жақтан саған… сеньора… тез табылады.
ГЕНРИ. Таппай қалады дейсің бе? Кез келген әйел менімен Барселонаға ұшып барып, өмірін жаңадан бастауға қуана-қуана келісер еді.
ДЖЕЙН. Ең болмаса біреуін аташы!
ГЕНРИ. Мыңдап атаймын!
ДЖЕЙН. Ең болмаса біреуін аташы қазір?
БЕТТИ (қолын көтеріп). Бетти Джонсон!
Барлығы таң қалып Беттиге қарайды.
ВИКТОР. Немене? Түсінбедім…
ДЖЕЙН. Бетти!..
БЕТТИ. Онда тұрған не бар? Иә! Егер Генри келіссе, мен барар едім.
ДЖЕЙН. Генри, мынаған кет деп айтшы!
ГЕНРИ. Бетти, дәл қазір сен бұл жерден кетесің. Менімен. Барселонаға!
БЕТТИ. Виктор, түсіндің бе?
ВИКТОР. Түк түсінсем бұйырмасын…
ДЖЕЙН. Тоқтаңдар! Ал мен ше?
ГЕНРИ. Сен ба? Сен ешқайда бармайсың. Ұйқыға жатасың. Кеттік, Бетти.
ДЖЕЙН. Тоқтаңдар, тұра тұрыңдар! Мен...Маған…маған бұнда қалуға болмайды ғой. Ертең бұнда мистер Қанішер келеді емес пе.
ГЕНРИ. Ал маған сен онымен танысуға асық сияқты көрініп едің. Тіпті білмеймін не істейтініңді.
БЕТТИ. Тығырықтан шығатын жол бар.
ДЖЕЙН. Қандай? .
БЕТТИ. Сен Виктормен біздің үйде тұрасың.
ВИКТОР. Тоқта…
БЕТТИ (Генриге). Сонда қауіпсіз болады.
ВИКТОР. Тоқта, тоқта…
ГЕНРИ. Бетти, сен кемеңгер екенсің ғой! ( бетінен сүйеді)
ВИКТОР. Тоқтаңдар, әлі Барселонаға жеткен жоқсыңдар ғой!
ГЕНРИ. Виктор, Джейнді саған тастасам, оның қауіпсіздігіне сенімді боламын.
ВИКТОР. Мен қарсымын!
БЕТТИ. Виктор, болды, қойшы. Түсінігің бар еді ғой!
ВИКТОР. Иә, бар, әрине…
ГЕНРИ. Рахмет саған.
ВИКТОР. Оқасы жоқ.
БЕТТИ (Викторға). Бар. Сені инспектор, бізді Барселона күтуде.
ГЕНРИ. Рас айтасың! Бәрімізге асығу керек (ол «дипломатын» алып, кетуге ыңғайланады). Айтпақшы, Бетти, құжатың қалтаңда ма?
БЕТТИ. Жоқ, үйде.
ГЕНРИ. Онда жол жөнекей соғамыз.
БЕТТИ. Джейнді де жеткізіп тастайық. Киін.
Билл кіреді.
БИЛЛ. Дайынсыздар ма?
ГЕНРИ. Бізге сізді кетіп қалды деп еді.
БИЛЛ. Басында кеткенмін, сосын есептегішке қарасам отыз төрт фунтты көрсетіп тұр екен. Сонымен мистер және миссис Браунды әуежайға апарамын ғой, солай ма?
ГЕНРИ. Жоқ, әуежайға мен барамын.
БИЛЛ. Жақсы, кеттік.
ГЕНРИ. Жоқ, мен мистер Джонсонның машинасымен барамын. Ал сіз миссис Перкинсті апарып тастаңыз.
БИЛЛ.Әуежайға ма?
ГЕНРИ. Жоқ. Клапхем Роудқа. Миссис Джонсонның үйіне.
БИЛЛ. Тоқтаңыз. Сонда сіз әуежайға барасыз да әйеліңіз миссис Джонсонға барады ғой?
ДЖЕЙН. Иә, Билл. Мен енді сонда тұрамын. Бетти, сенің пижамаң қайда еді?
БЕТТИ. Мен пижамасыз жатамын.
ДЖЕЙН. Рас па? Қызық екен. Генри, естіп тұрсың ба? Қанша ақша үнемдеуге болады (кетеді).
БИЛЛ (Беттиге). Мен сізді және миссис Перкинсті сіздің үйге апарамын ғой?
БЕТТИ. Жоқ. Біздің үйге миссис Перкинс барады. Ал мен Барселонаға кетемін!
БИЛЛ. Барселонаға?!
БЕТТИ. Иә!
БИЛЛ. А-а, түсіндім. (Викторға) Сіз де зайыбыңызбен Барселонаға аттанасыз ғой.
ВИКТОР. Жоқ. Барселонаға әйелім барады. Ал мен мәйітханаға бара жатырмын.
БИЛЛ. Мәйітханаға?!…(Генриге қарайды) Ал сіз ше?
ГЕНРИ. Мен Барселонаға барамын!
БИЛЛ. Мына жігіттің әйелімен бе?
ГЕНРИ. Иә. (Оған сөмкені береді) Машинаға бара беріңіз!
БИЛЛ (шығатын есікке беттеп). Жарайсыңдар. Өте керемет. Сексуалды революцияның басталып кеткенін мен қалай байқамай қалғам?! (шығып кетеді).
ГЕНРИ. Жарайды, кеттік олай болса.
БЕТТИ. Мен дайынмын!
ГЕНРИ. Джейн, тезірек бол, уақыт жоқ! Виктор, мәйітханаға барасың ба, жоқ па?!
БЕТТИ. Біз саған ақшаны сол үшін төледік.
ГЕНРИ. Аз ақша емес!
ВИКТОР. Жарайды, жарайды, бара жатырмын. Мәйітхана әлемдегі ең жаман орын емес.
Есіктен ашулы кейіппен Слейтон кіреді, қолында «дипломаты» бар.
СЛЕЙ. Бері қараңызшы, мистер Браун! (паузадан соң) Мистер Браун…
ГЕНРИ (Викторға). Перси, инспектор сенімен сөйлесіп тұр ғой.
ВИКТОР. Иә-иә, тыңдап тұрмын.
СЛЕЙ. Мен сізге бес минут қана берген сияқтымын.
ВИКТОР. Енді шығайын деп жатқанмын…
СЛЕЙ. Тым ұзақ жиналады екенсіз. Енді күтіп уақытымды сарп етпеймін! Мистер Браун, естіп тұрсыз ба?
ВИКТОР. Болды, болды, шықтым.
СЛЕЙ. Керек емес, келініңіз қайда?
ВИКТОР. Розалинда ма? Эдинбургта… Неғылды?
БЕТТИ. Джейнді айтады.
СЛЕЙ. Иә-иә, Джейн! Сіңіліңізді айтамын! Мен Генридің маскүнем жесірін айтып отырмын, барса да, бармаса да, мәйіттің тұлғасын анықтау үшін менімен сол барады.
ВИКТОР. Жоқ! Менімен барыңыз! Мен мәйіттердің тұлғасын жақсы анықтаймын.
ГЕНРИ. Оның үстіне миссис Перкинс әлі дайын емес.
СЛЕЙ. Түкіргенім бар! Менімен мәйітханаға барады деп айтыңыз! Жанының барында шықсын!
ГЕНРИ. Инспектор, отырыңызшы. Бүгін әбден шаршадыңыз ғой.
СЛЕЙ. Отырғым келмейді. Миссис Перкинсті алып, осы үйден шығып, мәйітханаға барғым келеді.
ГЕНРИ. Сізге шай ұсынсам деп едім…
СЛЕЙ. Маған ешқандай шайдың керегі жоқ. Мәйітханаға миссис Перкинс барады. Марқұмның денесін көрген кезде естен танып жылаймын десе ол оның жеке құқығы. Қарындасыңызға айтыңыз, бір минуттан кейін машинамда отырмаса, мен оны тұтқындаймын.
ВИКТОР. Миссис Перкинс әлі дайын емес…
СЛЕЙ. Аузыңызды жабыңыз! Австралияңызға тайып тұрыңыз! Қойларыңызды бағыңыз!
Ол дипломатты алып, үзілді-кесілді басып шығып кетеді.
БЕТТИ. Басында сондай сыпайы көрініп еді.
ГЕНРИ. Виктор, артынан баршы, мәйітханаға апармайынша машинасынан түспеймін деп айтшы (Есіктен итеріп шығарады). Джейн, болды, кеттік! (Беттиге) Біз артқы есіктен шығамыз.
Джейн пайда болады. Ол жолға дайын тұр.
ГЕНРИ.Құдайға тәуба. Тіркелуге қырық бес минут қалды.
ДЖЕЙН. Тоқтаңыздар. Бұл әділетсіз болады.
ГЕНРИ. Немене?
ДЖЕЙН. Бізге ақшаны бөліп алу керек.
ГЕНРИ. Бөлгені қалай?
ДЖЕЙН. Тепе тең бөлеміз. Жарымы сендерге, Бетти екеуіңе, екінші жартысы Виктор екеумізге. Елу де елу.
БЕТТИ. Сенің бұл ақшаны алғың келмеп еді ғой.
ДЖЕЙН. Ол Генри маған жүр деген кезде ғой. Ал қазір сенімен кететін болса, бөлу керек.
БЕТТИ. Мен қарсымын!
ГЕНРИ. Бетти, осылай әділ болады шынымен…
БЕТТИ. Солай деп ойлайсың ба? Жарайды, тек тезірек. Әйтпесе ұшаққа кешігеміз!
Генри отырады, «дипломатын» ашады, сосын тіл-ауызы байланып қалады.
ГЕНРИ. Мама! (тағы қарайды) Мама!
ДЖЕЙН. Ойбай!
БЕТТИ. Генри, не болды?!
ГЕНРИ. Ешкімнің бутерброд жегісі келмей ме?!
БЕТТИ.Қайдағы бутерброд?
ГЕНРИ. Ірімшікпен.
ДЖЕЙН. (таң қалып) Сенің «дипломатың» ба?!
БЕТТИ. Неғылды?
ГЕНРИ. Неғылды дейсің бе? Сенің күйеуің инспектор Слейтонмен кетті, ал оның дипломатында бір миллион жеті жүз елу мың фунт жатыр!
БЕТТИ. Мәссаған!.. Масқара ғой бұл!
ДЖЕЙН. Мастығым бірден тарады ғой…
Билл кіреді.
БИЛЛ. Кешіріңіздер, мырзалар, сөмке әуежайға кете ме әлде миссис Джонсонның үйіне бара ма? Сіздер сонда барасыздар ғой?
ДЖЕЙН. Иә, барамын…
БИЛЛ. Пысықтап жатқаным ғой. Әуежайға ма әлде Клапхем Роудқа ма.
ГЕНРИ. Бәрібір.
БИЛЛ. Қалай бәрібір?! Екеуі екі жақта ғой!
ГЕНРИ. Бола берсін…
БИЛЛ. Мені не есалаң деп тұрсыңдар ма. (Беттиге) Ал сіз мынаумен (Генриді көрсетеді) Барселонаға барасыз ба?
БЕТТИ. Онда сіздің жұмысыңыз болмасын!
ГЕНРИ. Барлығы қолымда еді. Барселона, әйелдерімізді бартер жасап алмастырдық, енді міне түк жоқ. Бақыт құсы ұшып кетті. Дүйсенбі күні қарғыс атқыр кеңсеге қайта ораламын...
ДЖЕЙН. Генри, болды, қойшы.
БЕТТИ. Ал мен сонда ешқашан Барселонаға бармаймын ба?
Кенет телефон шырылдайды, бірақ ешкім қозғалмайды.
БИЛЛ. Телефон шырылдап жатыр ғой.
ГЕНРИ. Керең емеспіз (Кенет жүгіріп барып телефонды алады да, үнділердің сөйлеу мәнеріне салып). Бұл үнділік, үй тағамдары. Тадж - Махал тағамдар. Үйге үнді тамағын жеткізу қызметі. Түрлі тағам. Пури, Виндалу, Чипати, Бхаджи. Көп рахмет. Бхай – бхай. (тұтқаны орнына қойып, қайта отырады).
БИЛЛ. Мен бүгін жынданатын шығармын.
ДЖЕЙН. Сол баяғы мистер Қанішер ме?
Генри басын изейді.
БИЛЛ Ол кім?
ГЕНРИ. Маңызды емес.
Телефон қайта шырылдайды тұтқаны Билл алады.
БИЛЛ. Алло. Кім? Қателестіңіз. Бұнда ешқандай Сима тұрмайды!
ДЖЕЙН. Ойбай-ай.
БИЛЛ. Бұнда мистер Перкинс тұрады. Мекен-жайы?
БӘРІ: АУЗЫҢДЫ ЖАП! АЙТПА! ТҰТҚАНЫ ҚОЙ!
БИЛЛ. Элгар Авеню қырық екі.
Бетти телефон тұтқасын жұлып алып аппаратқа қояды.
ГЕНРИ. Сонымен бітті. Енді мистер Қанішер біздің мекенжайды біледі. Көп ұзамай келіп те қалатын шығар.
БЕТТИ. Енді мистер Қанішерге не бетіңді айтасың?
ГЕНРИ. Иә, не айтамын? Шындықты айтамын да, оның бір миллион жеті жүз мың елу фунты инспектор Слейтонның дипломатында жатыр деймін.
БИЛЛ. Бір миллион жеті жүз елу... ал әлгі мистер Қанішер менің отыз төрт, ой, жоқ, ендігі отыз бес фунтымды қайтарып бере ме? Күткен ақым және бар.
ГЕНРИ. Бере қоймас.
Виктор келіп кіреді.
ВИКТОР. Генри!
ГЕНРИ. Виктор?!
БЕТТИ. Біз сені мәйітханаға кетті деп ойлап едік…
ГЕНРИ. Инспектор қайда?
ВИКТОР. Далада.
ГЕНРИ. Ал «дипломат» ше?
ВИКТОР. «Дипломат»? Қайдағы «дипломат»?
ГЕНРИ. Ішінде ақшасы бар.
ВИКТОР. Міне. (Генридің дипломатын көрсетеді).
ГЕНРИ. Бұл менікі.
ВИКТОР. Менікісі қалай? Ішінде бутерброды бар ма?
ГЕНРИ. Иә! Инспектор екеуін шатастырып, ақшасы барын алып кетті.
ВИКТОР. Мәссаған! Кері қайтару керек қой!
ГЕНРИ. Қайда?
ВИКТОР. Нені айтасың? Чемоданды ма?
ГЕНРИ. Инспекторды айтамын.
ВИКТОР. Жедел жәрдем шақырып жатыр.
ДЖЕЙН. Жедел жәрдем?
БЕТТИ. Не болды?
ВИКТОР. Инспектор осы арадан шыға салысымен машинасын артқа берді де, сіздің машинаңызға барып соғылды.
БИЛЛ. Немене?
ВИКТОР. Сіздің машинаңыз сол соққыдан менің машинама соғылды, ал менің машинам жаяу жүргіншіні қағып кетті.
БИЛЛ. Жоқ, бүгін менің жынданатын күнім екен (далаға атып шығады).
ГЕНРИ. Шұғыл түрде бір нәрсе істеу керек, әйтпесе жиырма минуттан кейін Слейтон байып шыға келеді, ал Мистер Қанішер осында жетеді, біз мистер Алаяқтың артынан мәйітханадан табыламыз.
ВИКТОР. Қанішер біздің мекенжайды біліп алды ма?
БЕТТИ. Иә!
ВИКТОР. Құдайым-ау, қашан?
ГЕНРИ. Төрт минут үш секунд бұрын, ендігі жетіп те қалған шығар.
Есіктен жүзі тас мүсінге айналған «дипломатсыз» Слейтон кіреді.
СЛЕЙ.Жедел жәрдем шақырдым, келгенше күте тұруға тура келеді. Миссис Перкинс, үйіңізде дәрі-дәрмек бар ма?
ДЖЕЙН. Бар.
СЛЕЙ. Өте жақсы. Әкеліңіз.
Генри Викторға түрлі ыммен дипломаттың машинада қалғанын, оны әкелу керек екенін көрсетеді.
ВИКТОР. Аделаида, Австралияға қарай жолға шығатын сәт туған сияқты?
БЕТТИ. Иә, Перси, қойларға оралатын сәт туды. Қоштасайық.
СЛЕЙ. Қозғалушы болмаңдар! Мистер Браун оқиға болған жерден ешқайда кетпейді. (Викторға) Сіз куә ретінде керек болып қаласыз.
ВИКТОР. Жарайды, бармай-ақ қойдық…
ГЕНРИ. Бармағаны қалай?! Қалай бармайсыңдар? Ұшаққа кешігесіңдер ғой?
СЛЕЙ. Сіз немене көтеріліп кеттіңіз?
ГЕНРИ. Енді қалай көтерілмейсің? Австралияда қойлары... қойлары туа бастайды. Перси, айтсаңшы.
ДЖЕЙН (шығып бара жатып). Мә, ұстаңыз.
СЛЕЙ. Рахмет. (дәрілерді алып шығып кетеді)
ГЕНРИ. Масқара болдық, енді не істейміз?
ВИКТОР. Мистер Қанішер келіп жеткенше қашу керек.
ДЖЕЙН. Біз Генри екеуміз қайда барамыз.
БЕТТИ. Виктор! Екеуін де өзімізге алып кетейікші!
ВИКТОР. Есің дұрыс па?
БЕТТИ. Үйде күрке тауықтың піскен еті дайын тұр, балмұздақ бар, салат…
ВИКТОР. Тоқта, немене Барселонаға бармайтын болып қалдың ба?
Слейтон қолына «дипломатты» ұстап кіреді. Түрі мүлде бұзылып кеткен.
ДЖЕЙН (қуанып). Инспектор!.. Жағдай қалай болып жатыр?
СЛЕЙ.Жаяу жүргіншіні машина қағатын болса бұл қашанда өте күрделі жағдай.
ГЕНРИ. Айттым ғой, бүгінгі күн сізге ауыр түсіп тұр.
Слейтон оған ашуланып қарайды.
ГЕНРИ. Түсіндім. Тек сұрайын дегенім, рұқсат болса…
СЛЕЙ. Рұқсат жоқ.
Генри Викторға ымдап, екінші дипломатты ал деп көрсетеді, инспектордың артынан бар деп ымдайды.
ВИКТОР. Бүгін шынымен мәйітханаға барамыз ба?
СЛЕЙ. Барамыз. Миссис Перкинс, мына жігітті дәрігер қарағаннан кейін міндетті түрде мәйітханаға барамыз.
ДЖЕЙН. Жарайды, инспектор. Бірақ сізге бәрібір аздап сергу керек. Бүгін шынымен шым-шытырық күн болды.
Ол Слейтонға бір рюмка коньяк және конфет ұсынады. Слейтон аздап әрі-сәрі болып тұрады. Джейн әдемі жымияды.
ДЖЕЙН. Мистер Слейтон, сіз біздің туыстарымызға қатысты үлкен рақымшылық таныттыңыз. Рахмет сізге.
Слейтон рюмкасын алып, өзінің «дипломатын» еденге қояды. Ішеді. Виктор қобдишаларды тез ауыстыра қояды.
СЛЕЙ. Сіздерге қатысты рақымшылығымның кесірінен қанша уақытымды жоғалтқанымды бір құдай біледі.
ДЖЕЙН. Біз бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймыз!
ГЕНРИ. Мүмкін барып, ол байқұсқа көмектесу керек шығар?
СЛЕЙ. Керек емес. Әркім өз орнында қалсын. («Дипломатын» алып шығып кетеді).
ГЕНРИ. Құдайға тәуба! Ақшаны қайтардық! ( «Дипломатты» қысады).
ВИКТОР. Джейн, не деген ақылды едің!
ДЖЕЙН. Коньяктың арқасында миым істеп кетті ғой деймін.
БЕТТИ. Мен шынымен Барселонаға барамын ба?! (Генриді бетінен сүйеді)
ВИКТОР. Бетти!
ГЕНРИ. Иә, Барселона қайта күн тәрітібіне шықты!
ДЖЕЙН. Генри. Мен дайынмын!
ГЕНРИ. Неменеге дайынсың?
ДЖЕЙН. Мен де Барселонаға ұшамын.
ГЕНРИ.Қойшы? Бұл қалай болады? Бетти, сен қарсы емессің бе?
БЕТТИ. Мейлі…
ВИКТОР. Тоқтаңдар! Мен ше? Ал мен қайтемін?
ГЕНРИ. Ал саған инспектор Дэвепорт бұзылған деп айып тағады. Жарайды, қалжың ғой. Қысқасы, егер Джейн бізбен жүрсе, сен де бізге ілес. Тек тезірек. Себебі, көп ұзамай бұнда мистер Сима Дансик келеді, лақап аты - Қанішер.
Есіктің қоңырауы соғылады. Барлығы қата қалады. Дэвенпорт кіреді.
ДЭВЕН. Қайырлы кеш!
ГЕНРИ. Жетпегені осы еді! .
ВИКТОР. Мен сізді Манчестерге кеткен шығар деп едім…
БЕТТИ. Барлығы солай ойлаған.
ДЭВЕН. Пойыз түнгі он екіде екен, туыстарымды тағы бір көріп қалсам деп едім. Көңілдері көтерілсін деген ой ғой.
ГЕНРИ. Рахмет, бірақ қайғыны жақсы көтеріп жатырмыз.
ДЭВЕН. Иә?! Ал жол-көлік апаты ше? Тура үйлеріңнің қасында апат болды ғой?
БЕТТИ. Барлығы дұрыс, саспаңыз.
ДЭВЕН. Жаяу жүргіншіні мыжыған сендер ғой?
ВИКТОР. Жоқ, мен кінәлі емеспін!
ДЭВЕН. Бәрі басында солай дейді. Қорықпаңдар. Барлығы жақсы. Жол жиегінде басын ұстап отыр.
БЕТТИ. Тәуба!
ГЕНРИ. Инспектор, сіздің бұл ақпаратыңыз меніңше түкке де тұрмайды. Бәлкім мыңға татитын шығар.
ДЭВЕН. Мистер Перкинс, өз ойыммен бөліссем деп едім, бұл бір реттік қана ақы. Бәлкім мені тұрақты қызметке аларсыз?
ГЕНРИ. Түсінбедім?
ДЭВЕН. Менің де Барселонаға барғым келеді.
БЕТТИ. Барселонаға! Жоқ!
ДЖЕЙН. Онда сіз кім боласыз?
ДЭВЕН. Сендерге күзетші керек. Онда алаяқ көп!
ГЕНРИ. Иә, Лондоннан айырмашылығы сол оның.
ВИКТОР. Бұған сіздің басшыларыңыз қалай қарар екен?
ДЭВЕН. Басшылық? Менің бастығым тек қуанышты болады. Біз онымен күзет фирмасын ашамыз.
ДЖЕЙН. Жарайды, Генри. Олардың бізді тауып алуы мүмкін ғой.
ГЕНРИ. Жақсы. Солай болсын. Құжаттарыңыз бар ма?
ДЭВЕН. Күлкімді келтірмеңізші, а. Қалтамда бірнешеуі бар.
ГЕНРИ. Жақсы. Джейнді Слейтон іздеп келмей тұрып, артқы есіктен шығып кетейік.
БЕТТИ. Иә, тезірек кетейікші.
ДЭВЕН. Мистер Браунның машинасына сыямыз ба?
ВИКТОР. Сыямыз!
ГЕНРИ. Айтпақшы. Ол енді мистер Браунның машинасы емес. Менің машинам. Қымбат, атаңа нәлет!
Көшеден сөмке ұстаған Билл кіреді де, тездетіп есікті жабады.
БИЛЛ. Мистер Перкинс!
ДЖЕЙН. Ойбай-ай! Қашан тәмам болады барлығы!
БЕТТИ. Ұшаққа кешігеміз ғой!
ГЕНРИ. Не болды, Бэн?
БАРЛЫҒЫ. Оның аты - Билл!
БИЛЛ. Артқы есіктен шығайық!
БИЛЛ. Мен де сендермен бірге кетемін!
ВИКТОР. Қайда?
БИЛЛ. Барселонаға.
БЕТТИ. Барселонаға? Барлығыңа не болған?!
ГЕНРИ. Менің ақшамның әсері ғой.
БИЛЛ. Онда тұрған не бар? Басқаларға төлеп жатырсың ғой, ал мен не тазбын ба?
ГЕНРИ. Менде күзетші бар ғой.
БИЛЛ. Мен жүргізуші және бағбан бола аламын.
ДЖЕЙН. Сіздің әйеліңіз бар деп ойлап едім…
БИЛЛ.Әйелім бар. Бірақ ол мені Барселонадан іздей қоймас!
ДЭВЕН. Мәссаған, біз алтау болып кеттік!
БИЛЛ.Өте жақсы! Туристерге жеңілдік бар.
ДЭВЕН. Оны айтып тұрған жоқпын! Бір машинаға сыймаймыз ғой!
ГЕНРИ. Расымен де. Онда былай болсын. (Биллге). Мен сізге елу фунт беремін. Сіз таксимен келесіз.
Ол «дипломатты» ашады, одан кірпіш түседі. Үнсіз сцена.
БИЛЛ. Не болды? Кеттік!
ВИКТОР.Қайда?
БИЛЛ. Барселонаға!
ГЕНРИ. Билл, сіз шын топассыз ба? Бізде ақша жоқ қой. Инспектор Слейтон бәрін алып кетіпті.
БИЛЛ. Бұл жердегі топас сіз сияқтысыз. Мен «дипломаттағы» ақшаны баяғыда сөмкеге ауыстырып алғанмын.
Билл сөмкені ашып, ақшаны еденге төгеді. Пауза. Ол ақшаны басқаларға лақтыра бастайды. Банкноттар әуеде қалықтайды, барлығы бір мезетте әйтеуір бір нәрсе айтып жатыр
ШЫМЫЛДЫҚ.
Соңы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі