Өлең, жыр, ақындар

Үшбақырлық опера

Авторы - Бертольд Брехт.
Э.Гауптманмен және К.Вейлеммен бірігіп жазылған
Орыс тіліне аударған: С. Апта

ҚАТЫСУШЫЛАР
Maкхит, лақап аты - Мэкки-Қанжар
Джонатан Джеремия Пичем, "Кедейдің досы" фирмасының қожайыны
Селия Пичем, оның әйелі
Полли Пичем, оның қызы
Браун, Лондон полициясының басшысы
Люси, оның қызы
Дженни-Малина
Смит
Кимбл, священник
Филч
Көше әншісі
Бандиттер
Қайыршылар
Жезөкшелер
Констебльдер

 

ПРОЛОГ

Мэкки Қанжар туралы баллада.

Соходағы жәрмеңке.

Қайыршылар қайыр тілеп, ұрылар ұрлығын жасап, серуендеушілер серуен құрып жүр.

Көше әншісі (ән салады).

Акуланың тістер
Ақсиып сыртқа шығады,
Ал Мэккиде тек қанжар
Ол тығулы тұрады.
Акула жемін өлтірсе,
Су алқызыл қан болар
Мэкки — қанжар қан төксе,
Елемей қою дұрысы.
Темза өзені бойында
Ажал ойран салуда
Оба емес келген — Мэкки ғой
Ерік беріп қаруға.
Адам толы көшеде
Мәйіт жатса суыған
Жақын маңда сайрандап
Мэкки жүр деп есепте
Мейер Шмуль жоғалды,
Мейер Шмуль — бай шал ед,
Мейер мұрасы — Мэккиде
Дәйек қана жоқ, бізде.

Пичем әйелі мен қызын ертіп шығады, ол сахнада солдан оңға қарай серуендеп өтеді.

Дженни Таулерге қанжар қадалды.

Жас пен кәрі түршікті —
Мэкки-Қанжар — бейкүнә
Серуендеп жүр алаңсыз.
Альфонс Глайттің өлімі
Ашылған жоқ әлі де.
Мэккиден жауап алар ма ед,
Мүмкін емес, бұл бірақ.
Сохода бір өрт болды -
Жеті сәби, бір шал өлді ақыры, -
Мэкки жүрді ол жерде,
Сұрауы жоқ енді, ол өрттің.
Бойжеткеннің арын төгіп,
Емін-еркін сайрандап
Жүрген осы жалғыз Мэкки,
Не сиқыры бар оның?

Жезөкшелер күліп жатыр, олардың арасынан бөлініп бір адам шығып, асығыс кетіп қалады.

Дженни-Малина. Мэкки-Қанжар дегеніміз - осы, міне, кетті!

БІРІНШІ БӨЛІМ

I

Адам баласының жүрегі қатайып, қара тасқа айналып бара жатқанына байланысты коммерсант Пичем сіңірі шыққан кедей, сорлы байқұстарға арнап фирма ашты, бұл жерде ол сормаңдайлар ең тас жүрек байдың да аяушылығын тудыратын тұрпатқа ие болып шығады.

Джонатан Джереми Пичемнің фирмасы.

ПИЧЕМНІҢ ТАҢҒЫ ӘНІ

Оян, адамзат, оян
Бос нәрсеге алданба, жүгенсіз бол!
Арсыз екеніңді көріп Құдай
Ырыс береді үйіп-төгіп.
Қатыныңды сат аз тиынға!
Еш нәрседен тартынба!
Құдайдан қашып құтылу жоқ:
Бір жауап болады, ақыры.

Пичем (көпшілікке). Ерекше бір нәрсе ойлап табу керек болды, менің жұмысым — аяушылық тудыру. Адамға қатты әсер ететін нәрселер онша көп емес, аз, өте аз, және бір жаманы — енді ойлап тауып, іске асыра бастасаң, көп ұзамай әсерін тоқтатады. Пенде біткен ойламаған жерден тасбауырлана қалады. Шолақ қолын сумаңдатқан қайыршыны алғаш көргенде шошынып, он пенни бере салар, екінші рет бес пенни береді, ал үшінші мәрте шімірікпестен полицей шақырып ұстатып жібереді. Солай. Жалықтырмай, жынына тимей алу керек ақшаны.

Желтартқыштан "Берген алғаннан тәттірек" деген жазуы бар үлкен плакат шығады.

Аса шеберлікпен безендірілген керемет әдемі, жүйке тамырыңды шымырлататын бұл жазулардың пайдасы не? Бәрібір лезде әсерін жоғалтады. Інжілден төрт, әрі кетсе бес жан баурайтын сөйлем табуға болар, бірақ пайдалана бастаған мезеттен бастап қуатын жояды. Мысалы, «Кең болсаң — кем болмайсың» деген даналық - бар болғаны үш аптада күшінен айырылды. Амал жоқ, жаңасын ойлап табу керек. Барлық үміт — Інжілде, бірақ оның өзі ұзаққа шаппас.

Біреу есік қағады. Пичем ашады; Филч атты жас жігіт кіреді.

Филч. Пичем және оның компаниясы ма?

Пичем. Пичем.

Филч. «Кедейдің досы» фирмасының иесі сіз бе? Сізге келдім. Плакат деп осыны айт! Нағыз қазына ғой бұлар! Небір асыл сөздердің кітапханасы сізде шығар? Әйтпесе сіз сияқты адам бұның бәрін ойдан шығарды дегенге сену қиын. Біліміңіз жоқ, ал онсыз бұлай жазу мүмкін емес.

Пичем. Кімсің, шырағым?

Филч. Мен жастайымнан қиыншылық көрген адаммын. Шешем маскүнем еді, ал әкем болса, картақұмар болды. Ана мейірімін сезінбей, жабайы шөпше бетіммен өстім, Әке қамқорлығы, отбасы жылуы дегендердің барлығынан адамын. Енді міне, осы тұрғанда...

Пичем. Сонымен, осы тұрғанда не бопты...

Филч (ыңғайсызданып). ... осы тұрғанда қалтамда көк тиын жоқ, қатігез тағдыр тәлкегіне ұшырап, маңдайынан соры арылмаған...

Пичем. Жартасқа соғылған қайықпын, тағысын тағылар... Сормаңдай жетімек, енді маған айта қойшы, бұл балаларға арналған ертегіні қай аудандарда орындап жүрсің?

Филч. Түсінбедім, Пичем мырза.

Пичем. Бұл қайғылы оқиғаны жұрттың алдына шығып та әңгімелейтін шығарсың?

Филч. Айтпағым да сол, кеше ғана Хайлэнд-стритте бір жағымсыз жайт болды. Мен тыныш қана мұңлы кейіппен қалпағымды қолыма алып бұрышта тұрғанмын... ойымда еш нәрсе жоқ болатын...

Пичем (қалта кітабын ақтарып). Хайлэнд-стрит. Иә, дәл солай. Кеше Хони мен Сэм ұстап алған сілімтік сен екенсің ғой. Оныншы ауданда жүргіншілерді мазалағансың. Бірінші рет білместіктен ақымақтық жасаған ғой деп жеңіл-желпі соққыға жығумен шектелдік, бірақ енді ұсталсаң, бір мүшеңді арамен кесіп, жұлып тастауға тура келеді.

Филч. Тоқтаңызшы. Енді не істеймін, Пичем мырза? Ол мырзалар мені көкала қойдай етіп сабап, сіздің аты-жөніңіз жазылған қағаз тастап кетті. Егер шешіне бастасам, тұла бойымда сау тамтық жоқ екенін көрер едіңіз.

Пичем. Ол үшін шешіну керек болса, жігіттер жұмыстарын дұрыс орындамаған екен. Мына сары ауыз балапан жыласам болды, емшек пайда болады деп тұр. Егер тоғаныңдағы ең ірі балықты көршің ұстап алса, қайтер едің?

Филч. Пичем мырза, менің тоғаным жоқ.

Пичем. Біз лицензияны тек кәсіби мамандарға ғана береміз (Филчке қала жоспарын мақтана көрсетеді). Лондон он төрт ауданға бөлінген. Осы аудандардың бірінде қайыр тілеймін деген кез келген адам Джонатан Джеремии Пичем компаниясынан лицензия алуы керек. Әйтпесе көше біткен бақытсыз балалық шақ құрбандарына толып кетер еді.

Филч. Пичем мырза, тақыр кедейлікпен арамда бірнеше шиллинг қана тұр. Қазір қалтамда тек екі шиллинг бар...

Пичем. Жиырма шиллинг.

Филч. Пичем мырза! ("Өзгенің қасіретіне көз жұмып қарама" деген плакатты жалбарына нұсқайды.)

Пичем өз кезегінде әйнектен құрылған стендті нұсқайды. Онда "Бергеннің қолы сембейді" деп жазылып тұр.

Он шиллинг.

Пичем. Аптасына бір мәрте табысыңның елу пайызын маған әкеліп тұрасың. Киім-кешек алсаң — 70 пайызын бересің.

Филч. Киім-кешек дегенді қалай түсіндік?

Пичем. Оны фирма белгілейді.

Филч. Жұмысқа қай ауданда кірісемін?

Пичем. Бейкер-стрит, 2-104. Жарайды, киім-кешекпен елу пайыз болсын. Кішкене түсірейін.

Филч. Мінекекейіңіз (ақшаны береді).

Пичем. Атыңыз кім?

Филч. Чарлз Филч.

Пичем. Дұрыс. (Айқайлайды) Пичем ханым!

Пичем ханым келіп кіреді.

Мынау - Филч. Үш жүз он төртінші нөмір. Бейкер-стрит ауданы. Өзім тіркеймін. Тәж кигізу рәсімінің алдында іске кіріскелі отырсың, өте дұрыс, салтанат кезінде көп ақша табуға болады. В экипировкасы (шымылдықты ашып еді, арғы жақтан бес балауыз мүсін көрінді).

Филч. Бұлар не тағы?

Пичем. Бұлар адам жүрегін селт еткізетін негізгі бес сорлылық. Бұларды көрген адам әдеттен тыс сезімдерге бой алдырып, әмиянындағы ақшасымен қоштасуға әзір күйге түседі.

А экипировкасы: Көлік құрбаны. Жайдары мүгедек (көрсетіп береді), қашанда көңілді, қашанда қамсыз. Кесілген қол ол әсерді күшейте түседі.

Б экипировкасы: әскери қызмет құрбаны. Миы шайқалғандықтан қол-аяғы дірілдейді. Жиіркеніш тудыру арқылы әсер етеді (қалай екенін көрсетіп береді). Кеудесіндегі марапаттар болса, жиіркеніш қуатын әлсіретеді.

В экипировкасы: өнеркәсіп құрбаны. Бейшара зағип немесе басқаша айтқанда қайыршылықтың жоғарғы үлгісі (зағип жанның сенімсіз жүрісіне салып Филчке тым тақалып жақындайды).

Филч шошынып, ыршып түседі.

(Қайыршы кейпінен лезде шығып, Филчке таң қалып қарайды, кенет айқайлап жібереді). Әй, сенің көңілің жұмсақ қой! Сен ешқашан қайыршы бола алмайсың! Бар қарым-қабілетің әрі кеткенде жүргінші болуға жетеді. Сонымен Г экипировкасы. Силия, сен тағы ішкенсің бе! Миың су боп кетіпті. Жүз отыз алтыншы киімінің сапасына шағымданып кетті. Джентельмен кір киім кимейді деп неше рет айттым саған! Жүз отыз алтыншы су жаңа киімнің ақысын төледі. Аяныш туғызу үшін балауызбен аздап күйдіріп, бірнеше таңба түсірсең жететін еді. Миың істемей қалған ба! Әлде барлығы жалғыз менің мойнымда ма?(Филчке) Мә, мынаны киіп ал, бірақ байқа, күтіп ки.

Филч. Өз заттарым ше?

Пичем. Фирманың меншігіне өтеді. Д экипировкасы: кезінде өте жақсы өмір сүрген, керек десеңіз, бұндай күйге түсемін деп ешқашан ойламаған жас жігіт.

Филч. Түсіндім. Бірақ бұрынғы, байқуатты өмірім туралы оқиғаны айта берсем не болады?

Пичем. Құлыным, өз басынан өткен қиыншылықтар туралы жылап тұрып айтатын адамға ешкім сенбейді. Егер ішің ауырса, оны жұрттың барлығына жариялап айта бастасаң, елдің тек жүрегін айнытасың. Сұрақ қойып басымды қатырма, жыртық шапаныңды жамыл да іске кіріс, бар!

Филч. Кір сияқты.

Пичем оған тесіліп қарайды.

Кешіріңіз, құдай үшін кершіріңіз.

Пичем ханым. Балам, тезірек болшы, шалбарыңды ұстап күн батқанша тұратын жайым жоқ.

Филч (күрт қызбаланып). Бәтіңкемді шешпеймін! Өлтірсеңіз де шешпеймін. Байқұс шешемнен қалған жалғыз көз, қанша сорлы болсам да бәтеңкемді шешпеймін!

Пичем ханым. Басымды қатырма, аяғың сасық шығар баяғы.

Филч. Қыста қайда жуынады екенмін!

Пичем ханым оны шымылдықтың артына кіргізіп жібереді, өзі сахнаның сол жақ бөлігіне отырып, костюмді үтіктеп, күйдіріп, балауызбен бір нәрсе істеп жатыр.

Пичем. Қызың қайда?

Пичем ханым. Полли ма? Жоғарыда!

Пичем. Кеше әлгі біреу тағы келген бе? Мен жоқта, жалмаң етіп жетіп келеді екен.

Пичем ханым. Мұнша күйгелек болмасаңшы, Джонатан. Одан артық джентельмен жоқ. Капитан мырза біздің Поллиге ғашық.

Пичем. Солай де.

Пичем ханым. Егер менің тауықтың миындай миым болса, түсінгенім — Поллиға да ол ұнайды.

Пичем. Селия, қызың екеуің мені миллионер көресіңдер ме? Оны сол капитанға байға бергелі отырғаннан саумысың? Біздің бизнестің сыры сыртқа шықса болды, біттім дей бер. Көр де тұр, қызың капитанмен оңаша қалғанда бүкіл құпиямызды айтады. Шынымен сен тапқан қыз болса, құрыдық дей бер!

Пичем ханым. Қызың туралы ойың енді белгілі болды!

Пичем. Мен ол туралы жетіскен ешнәрсе ойламаймын! Құмарлықтан басқа басында түк жоқ!

Пичем ханым. Бұл енді сенен дарыған мінез.

Пичем. Байға тимек! Қызым маған аш адамға нан қалай керек болса солай қажет! (Інжілді парақтайды). Бұл жөнінде тіпті Інжілде де айтылған. Байға тию деген нағыз оңбағандық! Мен оны қалайда тоқтатуым керек.

Пичем ханым. Джонатан, сен топассың.

Пичем. Топас! Ол мырзаның аты кім?

Пичем ханым. Оны елдің бәрі капитан деп атайды.

Пичем. Міне қызық, атын да білмейсіңдер.

Пичем ханым. Ол бізді «Теңіз жәндігіндегі» би кешіне шақырды, енді не құжатын сұраймыз ба? Өте сыпайы, жақсы жігіт.

Пичем. Қайда шақырды дейсің?

Пичем ханым. "Теңіз жәндігіне", би кешіне.

Пичем. Капитан? "Теңіз жәндігі"? Так-так-так...

Пичем ханым. Аппақ қолғабын шешпейді, маған да, қызыңа де саусақ тигізген емес.

Пичем. Ақ қолғап!

Пичем ханым. Ол аппақ, жұқа қолғабын ешқашан шешпейді білгің келсе.

Пичем. Солай де. Ақ қолғап, піл сүйегінен жасалған таяқ, жалтыраған бәтіңке, періштедей сүйкімді...

Гопожа Пичем. Сен оны қайдан білесің?

Филч шымылдықтан шығады.

Филч. Пичем мырза, маған мәтін дайындап бересіз бе? Мен жүйелі жұмыс істегенді ұнатам. Не болса соны мылжыңдағанды суқаным сүймейді.

Пичем ханым. Ақымаққа да жүйе керек!

Пичем. Ол ақымақ емес, ақымақтың рөлін ойнайды, бүгін кешкі алтыда кел. Үйретеміз. Енді бар, кет!

Филч. Үлкен рахмет, Пичем мырза, мың да бір рахмет (кетеді).

Пичем. Елу пайыз! Ұмытпа! Ал енді ол мырзаның кім екенін айтайын саған. Ол - Мэкки-Қанжар! (баспалдақпен Поллидің бөлмесіне жүгіреді)

Пичем ханым. Құдайым-ау! Мэкки-Қанжар! Иисусе! Құдайым-ау, жар бола гөр бізге! Полли! Полли аман ба?

Пичем жай басып қайтып келеді.

Пичем. Полли үйге қонбапты, төсек-орны сол күйі жайылмаған.

Пичем ханым. Мануфактура қожайынымен кешкі асқа кеткен шығар, әрине, әрине, солай, Джонатан!

Пичем. Осыған илана тұрайық кішкене!

Шымылдық жабылады.

Ерлі-зайыпты Пичемдер рампаға жақындап ән салады. Сары түсті жарық. Органға шам түсіп тұр. Жоғарыдан үш шырақты шамшырақ түседі. Плакаттағы жазу:

ТІЛ АЛМАЙТЫНДАР САЛАТЫН ӘН

1

Пичем.

Үйде қалып,
Жайлы төсекте ұйықтағылары келмейді.
Қызық іздейді
Өмір ләззатын сезінбек.
Пичем ханым.
Сохода Ай да туды жарқырап,
Қарғыс атқыр күбір шықты
«Джонни, мені тастама
Джонни, қысып құшақта» дейді!

2

Ел қатарлы
Момын тірлік етпейді
Құмарлыққа бой алдырып
Құрдым іздейді бататын.
Екеуі бірігіп.
Сохода туған ай да жоқ?
«Жаным, қысып құшақта
Жаным, мені тастама» деген
Күбірдің де үні өшкен.
Күресінде қалдырып
Махаббат жайына кете барды.

II

Соходағы жатақ үйлерде Мэкки-Қанжар Полли Пичемге, Кедейлер королінің қызына үйленіп, той жасап жатыр. Бос атқора.

Mаттиас (лақап аты — Тиын, атқораға жарық түсіріп тұр; қолында револьвері бар). Кім келе жатыр, қолыңды көтер!

Maкхит кіреді, рампа бойымен әрі-бері жүр.

Мак. Кім бар?

Маттиас. Ешкім жоқ! Тойды бастай берсек болады.

Полли (қалыңдық көйлегімен шығады). Бұл атқора ғой!

Мак. Ақырға отыра тұршы, Полли. (Көрерменге.) Бүгін мына атқорада менің үйлену тойым болады, қалыңдығым Полли Пичем деген бойжеткен, маған жар болуға өз еркімен келісіп отыр.

Маттиас. Бүкіл Лондон сенің бұл қадамыңды батылдық деп бағалайды. Пичем мырзаның жалғыз қызын алу деген... Ақылға сыймайды.

Мак. Пичем мырза деген кім?

Mаттиас. Оны тыңдасаң, Лондонда одан асқан байқұс жоқ.

Полли. Атқорада кім той жасайды. Оның үстіне бөтен біреудің атқорасы. Бұндай жерге шіркеу қызметкерін қалай шақырамыз? Жаңа өмірді бұлай бастаған жақсылық емес, Мак. Бұл - өмірде бір-ақ мәрте болатын мезет қой.

Мак. Жаным менің, барлығы сен қалай айтсаң, солай болады. Қорықпа. Барлығын жақсылап ұйымдастырамыз.

Маттиас. Міне, жиһаз да жетті.

Жүк машиналарының гүрілі естіледі. Бірнеше еркек кілем, жиһаз, ыдыс-аяқ алып кіреді. Атқора сәнді, керемет бөлмеге айналады.

Мак. Ескі-құсқы ма барлығы?

Сахнаның сол жақ бөлігіне сыйлықтарын қойып, келушілер қалыңдықты құттықтап, күйеу баланың алдында есеп беріп жатыр.

Джекоб (лақап аты - Ілгек). Құттықтаймын! Джиндер-стрит, он төртте, екінші қабатта адамдар болды. Алдымен солардан құтылдым.

Роберт (лақап аты - Ара). Құттықтаймын. Стрэндте констебльдің жаны жаһанамға кетті.

Мак. Ақымақтар.

Эд. Қолымыздан келгеннің бәрін істедік, бірақ Вест-Эндте үш адамды құтқару мүмкін болмады. Құттықтаймын.

Мак. Топастар, ақымақтар.

Джимми. Бір шалдың аздап мазасын алуға тура келді. Бірақ өле қоймас, құттықтаймын.

Мак. Қан төкпеңдер дегенім қайда. Қанды ойласам, құсқым келеді. Ешқашан іскер адамға айналмайтын шығарсыңдар. Адам жегішсіңдер сендер!

Уолтер (лақап аты - Жылауық Тал). Құттықтаймын. Жарты сағат бұрын ғана мына клависин герцогиня Сомерсетширскаянікі болатын.

Полли. Мынау не?

Мак. Ұнай ма саған, Полли?

Полли (жылайды). Байқұстар! Қайдағы бір жиһазға бола.

Мак. Осыны да жиһаз дейді ғой! Ескі-құсқы бір нәрсе! Сен дұрыс айтып тұрсың. Клависин қызыл ағаштан жасалған, диван болса ренессанс үлгісінде. Жоқ, бұны кешіруге болмайды. Үстел қайда?

Уолтер. Үстел дейсіз бе?

Ақырға бірнеше тақтай қояды.

Полли. Ах, Мак! Не деген бақытсыз байқұс едім! Пастор келмей-ақ қойса екен.

Mаттиас. Келеді, әрине. Мен оған жолды әбден түсіндірдім.

Уолтер. Үстел де дайын!

Мак (Поллидің жылағанын көріп). Әйелім қапа болып жатыр. Орындықтар қайда? Клавесин бар, орындық жоқ. Не ойлап жүрсіңдер! Тойым күнде болып жатыр ма? Ауызыңды жап, Жылауық Тал! Күнде күнім түсіп жатыр ма сендерге? Бірінші күні-ақ әйелімді жылаттыңдар.

Эд. Қадірлі Полли...

Мак (басындағы қалпағын қағып түсіреді). "Қадірлі Поллиді» көрсетем саған! Басыңды жарам! Қадірлі Полли дейді ғой, немене боп па едің онымен?

Полли. Ұялмайсың ба, Мак!

Эд. Ант етейін...

Уолтер. Сударыня, егер жиһаз жетпей жатса, дереу айтыңыз біз...

Мак. Клавесиндерің қызыл ағаштан, бірде бір орындық жоқ. (Күледі). Қалыңдықтан сұрайық, бұл қалай болды сонда?

Полли. Бола берсін, ешнәрсе етпейді.

Мак. Екі орындық және диван. Екі жас еденге отыра ма сонда!

Полли. Қалай болғаны енді!

Мак (лезде суып). Жандарыңның барында клавесиннің аяқтарын аралап алып тастаңдар!

Төрт бандит (клависиннің аяғын аралап отырып әндетеді).

Билли Лоджин мен Мэри Сайер

Үйленіпті — қызық-ай!

Бақытты бола берсін екеуі!

Некеге тұруға келгенде

Күйеу есін

Қалыңдық оның есімін білмейді

Ғажап қандай!

Уолтер. Көрдіңіз бе, сударыня, қандай тамаша: керемет орындық шықты!

Мак. Джентельмендер, үстілеріңдегі киімді ауыстыруларыңызды өтінемін, бұл жерде кім көрінгеннің емес, менің тойым өткелі жатыр. Полли, сен тамақпен айналыс, қажеттің бәрін себеттерден табасың.

Полли. Той тағамы осы ма? Барлығы ұрлықпен келді ме, Мак?

Мак. Әлбетте, әлбетте.

Полли. Қазір есікті қағып шериф кіріп келсе қайтер ең?

Мак. Сол кезде күйеуіңнің ондай жағдайларда не істейтінін көрер ең.

Маттиас. Мүмкін емес жағдай. Атты полиция қазір түгел Патшайымның жанында жүр. Жұма күні тәж кигізу салтанаты болады (басқа бандиттермен бірге бөлме түкпіріне кетеді).

Полли. Екі пышақ, он екі шанышқы. Әр орындыққа бір пышақтан.

Мак. Не деген топастар! Шынайы баукеспе осылай жұмыс істей ме, айтшы? Шәкірттің шатпырағы ғой. Өнер дегеннен хабарсыз сорлылар. Чипаендейлді Он Төртінші Людовиктен айыра алмайды. Қайтесің.

Бандиттер фрак пен смокинг киіп қайтып оралады. Өкінішке қарай, өздерін ұстау мәнері мен тұрпаты бұл әсем киімде қораш көрініп тұр.

Уолтер. Шынын айту керек, барынша бағалы заттарды алғымыз келді. Ағашына назар аударыңыз. Жоғарғы сұрыптағы материал.

Маттиас. Тсс! Тсс! Рұқсат етіңіз, капитан...

Мак. Полли, бері келші.

Күйеу бала мен қалыңдық маңғаз кейіппен қатар тұрады, олар құттықтау сөздерді қабылдауға әзір.

Маттиас. Осы бір ең бақытты күні, дәлірек айтқанда таң шапағы арайлап атқан күні, капитан сізді өміріңіздегі жаңа, бақытты бетбұрыспен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сізді шын жүректен, қызу құттықтаймын. Жаратушы ием дүниедегі барлық жақсылықты сіздің шаңырағыңызға бұйыртсын. Тәтті сөздерден лоқсып бара жатырмын. Сонда да шыдайын. Бір сөзбен айтқанда, еңсеңіз ешқашан түспесін, достым! (қолын алып сілкілейді).

Мак. Рахмет, Маттиас, бір жасаттың.

Маттиас (көңілі босап, Макты құттықтап, Поллидің қолын қысады). Иә, иә, бұл - жүректің үні. Сонымен, еңсең түспесін, басқаша айтқанда, (күліп) барлық мүшең тік болсын, ешқашан төмен түспесін.

Қонақтар қарқылдап күледі. Кенет Мак болар болмас қимыл жасайды, Маттис сылқ құлайды.

Мак. Жап ауызыңды. Бұндай боғауызыңды Киттиге сақта. Сенің жәлабыңа сол ұнайды.

Полли. Мак, дөрекі болмасаңшы.

Маттиас. Киттиді неге жәлап дейсің... (әрең көтеріліп).

Мак. О, бұл сенің жанды жерің бе еді?

Маттиас. Мен Киттиге ешқашан боғауыз айтпаймын, мен оны қатты сыйлаймын. Сен ондай нәрсені түсінбейсің. Өзіңнің ауызыңнан боғауызсыз бір сөз шықпайды. Люси маған айтпады ғой дейсің бе, жан түршігеді. Сенің қасыңда мен лордпын біле білсең.

Мак оған тесіліп қарайды.

Джекоб. Болды, болды, бұнда той болып жатыр ғой.

Бандиттер Маттиасті шетке алып кетеді.

Мак. Полли, қалай той ұнап жатыр ма? Неке қию салатанаты кезінде айналаң нәжіске толы. Күйеуіңнің достарынан бұндай опасыздық күтпеген боларсың. Бұл саған сабақ болсын.

Полли. Барлығы дұрыс сияқты.

Роберт. Сандырақ. Ешкім ешкімге опасыздық жасаған жоқ. Пікірлер қайшылығы қашанда мүмкін. Сенің Киттиіңнің ешкімнен еш жері артық емес. Енді сыйлығыңды тапсыр.

Барлығы. Кәне, кәне!

Маттиас (ренжіген үнмен). Мінеки.

Полли. Тойға сыйлық! Не деген жомарт едіңіз, Маттиас-Тиын мырза. Мак, қарашы, қандай керемет, ұйықтағанда киетін көйлек сыйлап жатыр!

Маттиас. Бәлкім бұл да дөрекілік шығар, капитан?

Мак. Бопты, жетеді. Бүгін ешкімді ренжіткім келмейді.

Уолтер. Онда тұрған не бар екен? Чиппендейл! (Чиппендейл мәнерінде жасалған үлкен сағаттың жабуын ашады).

Мак. Людовик.

Полли. Керемет сағат. Мен не деген бақытты едім. Айтарға сөзім жоқ, сіз сондай керемет сыпайысыз. Тек өз үйіміздің жоқ екені өкінішті, солай емес пе,

Мак?

Мак. Бұны тек басы деп есепте. Көп рахмет, Уолтер. Бопты, дүние-мүлікті кейінге ысырайық, кешкі асқа бас қоялық!

Джекоб (өзгелері дастархан қамына кірісіп кеткенде). Мен, әрине, тағы да құр қол келдім (кенет Поллиге қарап қызуланып сөйлеп), сеніңізші, сударыня, шексіз өкінемін, өте өкінемін. Кешіріңізші.

Полли. Онда тұрған ешнәрсе жоқ, Джекоб-Ілгек мырза.

Джекоб. Жігіттер сыйлықты үйіп-төгіп тастады, мен ғана ақымақ басым құр қол келіппін. Түсініңізші. Әйтеуір бір жолы болмайтын сорлымын. Бір нәрседен бір нәрсе шығып, үнемі жолым жабылады да жүреді. Айта бастасам, таң қаласыз. Мысалы, жақында Дженни-Малинаны кездестірдім. «О, кәрі жезөкше, қалайсың» дедім (арт жағынан өзіне тесіле қараған Макты байқап, тез кетіп қалады)

Мак (Поллиді отырғызып). Бүгін ең дәмді тамақты ғана жеп ішесің, Полли. Өтінемін!

Барлығы отырады.

Эд (сервисті көрсетіп). Әдемі тәрелкелер. "Савой" қонақ үйінен алдым.

Джекоб. Ал мына майонез қосылған жұмыртқа - Селфриджден. Қаздың бауырынан жасалған паштет те бар еді, бірақ түбі тесік екен, Джимми ашуланып, жол-жөнекей бәрін жеп қойды.

Уолтер. Мәдениетті адамдар «тесік» деп айтпайды.

Джимми. Жұмыртқаны жалмап жей бермесеңші, Эд. Қайда отырғаныңды ұмытпа!

Мак. Ән салсақ болар еді. Бір жақсы, сыпайы ән болса.

Маттиас (күлкіден өліп). Сыпайы дейсің бе? Керемет сөз. (Мактың өзіне тесіліп қарағанын сезіп қоя қояды).

Мак (қасында отырғанның тәрелкесін қағып түсіреді). Мен негізі дереу тамақ жей бастаймыз деп ойлаған жоқпын. Шошқаша былшылдатып, еңсеріп бара жатырсыңдар, ал мен алдымен сәйкес көңіл-күй болса деп едім. Әдетте есі дұрыс адамдар бұндай тойда көңіл көтеріп, сауық құрады.

Джекоб. Сонда қалай?

Мак: Барлығын өзім ойлап табуым керек пе? Мен сендерден опера сұрап тұрған жоқпын ғой. Тамақ пен боғауыздан өзге еш нәрсе ойлап таба алмадыңдар ма? Дәл осындай сәттері, сын сағатында достарыңның шын бет-бейнесі анықталады екен.

Полли. Албырт балығы керемет, Мак.

Эд. Бұндай балықты бұған дейін шайнап көрмеген шығарсыз. Мэкки-Қанжардың жары болсаңыз, әлі талай таңсық тамақтың дәмін татасыз, Мак — биік идеалдармен өмір сүретін бойжеткен үшін тамаша күйеу. Бұл туралы кеше ғана Люсиға айтқанмын.

Полли. Люси? Люси деген кім, Мак?

Джекоб (ыңғайсызданып). Люси? Жай әшейін, мән бермеуіңізді өтінемін.

Маттиас дастархан басынан тұрып, Поллидің артқы жағына барып, Джекобқа ауызыңды жап деп ымдайды.

Полли (арт жағындағы Маттиасты байқап). Қол жалғап жіберейін бе? Тұз керек пе?.. Не дейсіз, Джекоб мырза?

Джекоб. Жо-жоқ, болды, болды. Жалғыз тілегім — үндемей ғана тыныш отыру. Әйтпесе бір қарасаң, артық нәрсе айтып, көпіріп отырғаныңды бір-ақ байқайсың.

Мак. Қолыңдағы не, Джекоб?

Джекоб. Пышақ, капитан.

Мак. Ал тәрелкеңдегі ше?

Джекоб. Албырт, капитан.

Мак. Сен не албыртты пышақпен кесіп жеп отырсың ба? Ондайды қайдан көріп едің, Джекоб. Полли, сен ше, сен көріп пе ең бұндайды? Надан мақұлықтар ғана осылай жасайды, Джекоб. Өзіңді дұрыс ұстап үйрен. Полли, біз сені әлі шаршатамыз. Мына малдардан көрегенді жерде абыройды төкпейтін адам тәрбиелеп шығу оңай емес. Көрегенді жер дегеннің не екенін білесіңдер ме өздерің?

Уолтер. Көтенді жер дей ме?

Полли. Фи, Уолтер мырза!

Мак. Демек ән салып, тойдың сәнін келтіруден бас тартасыңдар ғой. Демек менің тойым көңілсіз, шырайсыз өтсе де, түк емес болып тұр ғой. Күзетке неге адам қоймағансыңдар? Әлде сендер рахаттанып тамақтанып алғанша есіктің алдында өзім тұрайын ба? Менің есебімнен қамсыз тойлаңдар ендеше.

Уолтер (жақтырмай). «Менің есебімнен» дегенді қалай түсіндік?

Джимми. Қой, Уолтер! Мен шығамын. Бұл жерге бәрібір дені дұрыс жан жуи қоймас! (шығып кетеді).

Джекоб. Қазір барлығымызды полиция ұстап әкетсе қалай қызық болар еді!

Джимми (жүгіріп кіріп). Эй, капитан, ойбай!

Уолтер. Браун-қабылан ба!

Маттиас. Жоқ, шіркеуден Кимбл әкей келді!

Кимбл кіреді.

Барлығы (айқайлап). Қайырлы кеш, қадірлі әкей!

Кимбл. Әрең таптым ғой! Қандай қоңырқай ғана жерге жиналғансыңдар. Бірақ өз үйім өлең төсегім деуші ме еді.

Мак. Герцог Девонширскийдің атқорасы ғой.

Полли. Амансыз ба, Кимбл әкей. Осы бір бақытты күні дәл сіздің келіп, некемізді қиятыныңызға қуаныштымын, білсеңіз ғой өте, өте...

Мак. Ал енді Кимбл әкейдің ақ ниетпен аттаған қадамына орай бір ән шырқап жіберіңдер.

Маттиас. "Билл Лоджин мен Мэри Сайер"-ді айтсақ қалай болар екен?

Джекоб. "Билли Лоджин"-ді айтуға болады.

Кимбл. Қанеки, шырқап жіберіңдер, балалар!

Маттиас. Бастайық, мырзалар.

Үш еркек (өз-өздеріне сенімсіз кейіппен тұрып, қалай болса солай, шашыраңқы айтады).

КЕДЕЙЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ТОЙ ӘНІ

Билли Лоджин мен Мэри Сайер
Үйленіпті — қызық-ай!
Бақытты бола берсін екеуі!
Некеге тұруға келгенде
Күйеу есін
Қалыңдық оның есімін білмейді
Ғажап-ай!
Әйеліңе сенімдімісің? Жоқ!
Адал болуға әзірмісің? Жоқ!
Олай болса, бақытты бол!
Билли Лоджин зар қақты
Қатын оған керек емес тұтастай
Ах, шошқа-ай!

Мак. Бар болғаны осы ма? Не деген бейшаралық!

Маттиас (қайта күлкіге шашалып). Бейшаралық деген — тауып айтылған сөз мырзалар, дәл солай, бейшаралық.

Мак. Жап ауызыңды!

Маттиас. От-жалын жетіспей жатыр дегім келеді, шабыт жоқ.

Полли. Құдайым-ау, егер өнер көрсеткілерің келмесе, мен өзім талаптанып көрейін. Бірде шағын кабакта бір қызды кездестіріп едім. Сохода төрт пенстік кабактар бар. Солардың бірінде. Ыдыс-аяқ жуатын бойжеткен еді. Елдің бәрі оны келеке ететін. Ал ол бәріне сондай қызық сөздермен жауап беретін. Қазір есіме түсірейін. Елестетіп көріңіздерші, кір-кір сөре, ол күні бойы сонда тұрады. Шелекке стакандарды сүңгітіп шығып, қолындағы лас шүберекпен сүртетін де жататын. Сіздер тұрған жерде оны мазақ етіп, қарқылдап күліп еркектер отыратын. Ұқсас болу үшін, сіздер де күліңіздер. Күле алмасаңыздар — қажет емес (жайлап әндетіп, қолындағы елес стакандарды жуады). Енді біреуіңіз (Уолтерді нұсқап) мысалы, сіз «Дженни, кемең қашан келеді?» деп сұраңыз.

Уолтер. Дженни, кемең қашан келеді?

Полли. Ал енді тағы біреу, мысалы сіз: "Қарақшының қалыңдығы, Дженни, әлі стакан жуып жүрсің бе?" деп сұраңыз.

Маттиас. Қарақшының қалыңдығы, Дженни, әлі стакан жуып жүрсің бе?

Полли. Иә, дұрыс, енді мен бастаймын.

Ерекше сары жарық құйылады. Орган жарық түседі. Жоғарыдан үш шырақты шам түседі. Плакатқа жазылған төмендегі жазу шығады:

ҚАРАҚШЫ ДЖЕННИ

1

Мен мұнда стакан жуамын, мырзалар
Түнде төсек жаямын
Бір пенни беріп, есептесесіңдер
Ескі-құсқы киімімді көріп, күлесіңдер
Бірақ менің кім екенімді қайдан білесіңдер?
Күндердің бір күні жағалаудан әлдекім
Мені де дауыстап шақырады
Күлкімді естіп, сендер таң қаласыңдар.
Себебі жағаға келіп
Қырық зеңбіректі
Үш мачталы кеме тұрады.

2
«Ей, стаканды сүрт» дейді
Пенни беріп алдайды
Тиынды алып, төсек жаямын
Бірақ менің кім екенімді білгенде
Ол төсекте мас болсаң да
Ұйықтай алмассың, әумесер.
Күндердің бір күні жағадан
Гүрілдеген дыбыс шығар көресің.
Менің күлкімді естіген
Жан түршігер сол сәтте
Дүрсілдетіп оқ атар
Қырық зеңбіректі
Үш мачталы алып кеме.

3
Жағдайларың қиын болар, мырзалар!
Қабырғалар құлап жатар жарылып,
Шаһар деген жермен жексен бір сәтте
Бұл тозақта жалғыз трактир сау қалар.
Сонда бұл не құпия деп
Ел-жұрт шексіз таң қалар
Кімді аяды мына тажал, кім аман қалды тозақтан
Жалауын кенет көтерер
Қырық зеңбіректіҮш мачталы алып кеме.

4
Түсте теңізшілер жағаға шығып,
Әділ сот болад жер бетінде
Одан құтыла алмайды сонда ешкім.
Барлығыңды байлап-матап алдыма алып келеді.
Тапа тал түсте теңіз жаймен дем алар,
Барлығын түгел қырыңдар деп бұйрық берем
Сол сәтте ұлы майдан басталады.
Барлығыңның бастарың шабылып
Қанға бөгіп өлесіңдер.
Ал мен қырық зеңбіректі
Үш мачталы кемеге мініп
Алыс сапарға аттанам.

Маттиас. Өте тамаша. Қызық екен? Өте жақсы айтып шықты!

Мак. Қызығы қалай? Ақымақ, саған немене қызық болып көрініп тұр? Бұл дегенің өнер ғой, ал сен қызық дейсің. Полли, өте керемет орындадың. Бірақ бұл бұралқы төбеттер, Әкей кешіріңіз, бұндай биік нәрсені түсінуші ме еді. (Поллиге сыбырлап). Маған ырбалаңдағаның ұнамады, болашақта есіңде болсын.

Дастархан басындағылар қарқылдап күліп, шіркеу қызметкерін мазақ ете бастайды.

Қолыңыздағы не нәрсе, Кимбл әкей?

Джекоб. Пышақ, капитан.

Мак. Ал тәрелкеңіздегі ше, Кимбл әкей?

Кимбл. Албырт балық тәрізді.

Мак. Солай деңіз. Демек албыртты пышақпен кесіп жеп отырсыз ғой?

Джекоб. Албыртты пышақпен кім кесіп жейді, масқара ғой мынау... бұл дегенің...

Мак. Шошқа, түсіндің бе енді, Джекоб? Үйрен.

Джимми (жүгіріп кіреді). Эй, капитан, ойбай! Шериф келді.

Уолтер. Браун, Браун-Қабылан!

Мак. Иә, Браун-Қабылан, дұрыс айтасыңдар. Лондонның бас шерифі, Браун-Қабыланның тап өзі. Ағылшын полициясының іргетасы дәл қазір капитан Макхитаның қоңырқай баспанасына бас сұғады. Үйреніңдер!

Бандиттер тығыла бастайды.

Джекоб. Ойбай, дар ағашына тіке апаратын жол ғой бұл.

Браун келіп кіреді.

Мак. Сәлем, Джекки!

Браун. Сәлем, Мэкки! Уақытым тығыз, бір-ақ минутқа кіріп отырмын. Біреудің атқорасын пайдаланбасаң болмайтын ба еді? Тағы да заң бұзу ғой мынауың.

Мак. Амал жоқ, пайдалануға тура келді, орналасқан жері өте ыңғайлы, Джекки. Мак досыңды ұмытпай, тойыма келгенің үшін мың да бір рахметімді айтамын. Қазір зайыбыммен таныстырайын, қыз кезіндегі аты-жөні Полли Пичем. Полли, ал мынау Браун Қабылан. Қалың қалай, достым (иығынан қағады)? Ал мыналар менің достарым, Джекки. Бұрын да талай кездестірген шығарсың?

Браун (жақтырмай). Мен қазір қызмет бабында емеспін, Мак.

Мак. Олар да (достарын шақырады).

Бандиттер тасадан қолдарын көтеріп шығады.

Эй, Джекоб!

Браун. Бұл Джекоб-Ілгек. Оңбаған!

Мак. Мынау Джимми, мынау Роберт, мінеки, Уолтер батыр!

Браун. Жарайды, бүгінше барлығын ұмыта тұрайық.

Мак. Мынау Эд, мынау Маттиас!

Браун. Отырыңыздар, мырзалар, отырыңыздар!

Все. Рахмет, сударь.

Браун. Ескі досым Мактың сүйкімді зайыбымен танысқаныма қуаныштымын.

Полли. Қойыңызшы, сударь!

Мак. Кел, отырсаңшы, кәрі қақпас, вискиден ауыз ти. Полли, мырзалар! Алдарыңызда тұрған мына адамды корольдің заңды бұйрығы өзге пенделердің деңгейінен анағұрлым жоғары көтерді, бірақ сөйте тұра ол маған адал дос болып қала білді, небір сұрапыл боранды күндері және тағысы тағы басқа жағдайларда қасымнан табылды. Браун, ішің сезіп отырған шығар, мен сен туралы айтып отырмын. Ах, Джекки, Үндістандағы қызметіміз есіңде ме? Сен де, мен де солдат едік. Солдат әнін шырқайықшы, Джекки.

Екеуі де үстел басына отырады.

Ерекше сары жарық құйылады. Органға жарық түседі. Жоғарыдан үш шырақты шам түседі. Плакатқа жазылған төмендегі жазу шығады:

СОЛДАТ ӘНІ

Мак пен Браун.

1
Джон жалданды, Джимми қолға түсті,
Джорджи сержант атанды.
Бірақ армия солдат жайын сұрамайд
Армияда тек бұйрық бар.
Гибралтар мен
Пешавараға дейін
Зеңбірек бізге жастық болды.
Егер жаңадан
Сарғыш, қызғылт
Қара түсті нәсіл шықса
Біз оларды
Қуырып жеймізТрам-там.

2
Джонни көрпе жайлы ойлайды,
Джимми жылы вискиден лоқсыды.
Джорджи олардың
Адам емес, қарулы күш екенін айтады.
Гибралтар мен
Пешавараға дейін
Зеңбірек бізге жастық болды.
Егер жаңадан
Сарғыш, қызғылт
Қара түсті нәсіл шықса
Біз оларды
Қуырып жейміз
Трам-там.

3
Джонни өлді, Джимми да жоқ,
Джорджи да құрыды.
Бірақ қан әлі қып-қызыл
Жалдану тәртібі де сол қалпы!
(Үстелде отыр, бірақ аяқтары сап түзеп барады.)
Гибралтар мен
Пешавараға дейін
Зеңбірек бізге жастық болды.
Егер жаңадан
Сарғыш, қызғылт
Қара түсті нәсіл шықса
Біз оларды
Қуырып жейміз
Трам-там.

Мак. Арасынан қыл өтпейтін жас достарды тағдырдың сұрапыл дауылы екіге бөлсе де, тіпті қарама-қарсы екі бағытқа айырса да, достығымыз бар сынаққа төтеп берді. Бұл сендерге де сабақ болсын. Кастор мен Поллукс, Гектор мен Андромаха және тағысы тағы басқалар. Мен, қарапайым ғана баукеспе басым, қандай жорықтан, қандай олжамен оралсам да тең жарымын жан досым Браунға беріп отырдым. Бұл менің адалдығымның бұлжымас дәлелелі де. Және ешқашан, Джекоб, пышақты ауызыңнан шығар, ешқашан, құдіреті күшті полиция бастығы, жастық шағының көзіндей болған досын, яғни мені ескертпестен бірде бір мәрте тексеріске шыққан емес. Және тағысы тағы басқа, түсінесіңдер ғой, бізде барлығы ортақ келісіммен, мәмілемен жүзеге асады. Иә, солай, үйреніңдер! (Браунды қолынан қысады). Джекки, үйлену тойыма келіп, достығыңды тағы бір мәрте дәлелдегеніңе ризамын.

Пауза. Браун кілемге көңілсіз қарап отыр.

Шираздың кілемі.

Браун. "Шығыс кілемдері" фирмасы.

Мак. Иә, біз әдетте сол фирмадан аламыз. Джекки, бүгін сені шақырмай қала алмадым. Қызмет бабыңа қарамастан менің өтінішімді жерге тастамайтын шығарсың деп сенемін.

Браун. Білесің ғой, Мак, мен саған жоқ дей алмаймын. Кешір, кетуім керек, шаруа бастан асады; тәж кигізу барысында ши шығатын болса...

Мак. Білесің бе, Джекки, менің қайын атам — сөз түсінбейтін кәрі есек. Егер ол мені қудалай бастаса... Айтшы, Скотланд-Ярдта маған қарсы материал бар ма?

Браун. Скотленд-Ярдта саған қатысты түк жоқ.

Мак. Әлбетте.

Браун. Барлығын реттеп қойдым, қайырлы түн.

Мак (бандиттерге). Тұрып шығарып саларсыңдар, бәлкім?

Браун (Поллиге). Сау болыңыз!

Браун кетеді, Мак оны шығарып салады.

Джекоб (осыған дейін Маттиаспен, Уолтермен және Поллимен сөйлесіп отырған). Браун Қабылан келе жатыр дегенде жаман шошып кеттім.

Маттиас. Көрдіңіз бе, сударыня, біз биліктің ірі өкілдерімен байланыстамыз.

Уолтер. Иә, Мактың біз білмейтін қыр-сыры жетеді. Бірақ біз де пешкі емеспіз, мырзалар, тоғыз жарым болды. Қазір біз сіздерге нағыз өнердің не екенін көрсетеміз.

Барлығы сахнаның сол жағына, кілемнің артына өтеді, онда әлдене жасырулы тұр. Мак кіреді.

Мак. Бұл не?

Маттиас (кілемнің артынан). Тағы да бір шағын базарлық, капитан.

Кілемнің артында тұрып олар Билл Лоджин туралы әнді айтады. «Оның атынан» деген жерге жеткенде Маттис кілемді ашып жібереді, әрі қарай олар бар дауысымен әндетіп кетеді, көзге енді көрінген керуетті шапалақтап ұрғылап алып шығады.

Мак. Рахмет, достарым менің, рахмет.

Уолтер. Ал енді қонақтар ақырындап тарай бастайды.

Барлығы кетіп қалады.

Мак. Сонымен, енді сезімге ерік берер кез келді. Кәсіптің шеңберінен шықпай қалуға болмайды. Отыр, Полли. Қарашы, ай қандай әдемі.

Музыка.

Полли. Иә, жаным, құшағыңа алшы мені.

Мак. Жақсы, сүйіктім.

Полли. Сен қайда болсаң, мен де сондамын.

Мак. Қайда болсақ та жұбымыз жазылмасын.

Екеуі қосылып:

Заңды некеге тұрмадық

Шіркеуге барып салтанат та құрмадық

Қалыңдық киіміне ақшаны қайдан тапқаным

Белгісіз, мейлі, бола берсін осылай

Ас ішілді, ыдысты құрт

Енді одан не қайыр?

Махаббат деген - жоқ пен иә

Қалғаны жай сандырақ!

III

Өмірдің қаншалықты қатал екенін білетін Пичем үшін қыздан айырылу — толық күйреумен тең.

Пичемнің фирмасы.

Сахнаның оң жақ бөлігінде Пичем мен Пичем ханым отыр. Есік алдында пальто мен шляпа киген Полли тұр. Қолында жол сөмкесі бар.

Пичем ханым. Күйеуге шықтым дейсің бе? Үйіп-төгіп, көйлек, сөмке, қолшатыр әпересің, алтын-күмісі және бар, қара басының құны қымбат яхтаға таяп қалғанда бұл пәтшағар алады да өзін-өзі шіріген қиярға ұқсатып қоқысқа бір-ақ атады. Шынымен байға тиіп келдің бе?

Ерекше сары жарық құйылады. Органға жарық түседі. Жоғарыдан үш шырақты шам түседі. Плакатқа жазылған төмендегі жазу шығады:

ОСЫ ӘННІҢ КӨМЕГІМЕН ПОЛЛИ АТА-АНАСЫНА БАНДИТ МАКХИТҚА ШЫНЫМЕН КҮЙЕУГЕ ШЫҚҚАНЫН БІЛДІРЕДІ

Полли.

1
Бейкүнә бүлдіршін қыз кезімде
Сол бір адам кездескенде бір күні
Басымды жоғалтпаспын деуші едім
Бай болса да, сыпайы болса да,
Тіпті жай күні сәнді киім кисе де,
Әйел адаммен өзін ұстау мәнерін білсе де
Бәрібір мен оған «жоқ» деймін деп шешкенмін.
Салқынқанды, қатал қалпымнан айырылмаспын
Берер жауабым да селқос болмақ
Бәлкім бір-екі мәрте
Айлы түні қайықпен серуенге шығармын.
Сосын болды, болды, әрине болды
Төсекке барып жату дегенді атамаңыз, жоқ
Салқынқандылық болмақ серігім
Дер кезінде жоқ демесең
Аяғында немен тынарын кім білген.

2
Бірінші жігіт күтпегенде келді,
Өте сұлу еді — бірден ұқтым мен
Екіншісінің үш кемесі болды
Үшіншісінің мені сүйгені шын.
Әрқайсысы дәулетті еді,
Барлығы да сыпайы
Тіпті жай күні сәнді киінетін
Әйелмен өздерін ұстауды да білетін.
Бірақ барлығына «жоқ» деп жауап бердім.
Салқынқанды қатал қалпымнан айырылмадым,
Берер жауабым да селқос болды не керек
Бәлкім бір-екі мәрте
Айлы түні қайықпен серуенге шыққан шығармын.
Сосын болды, болды, әрине болды
Төсекке барып жату дегенді атамаңыз, жоқ
Салқынқандылық болды серігім
Дер кезінде жоқ дедім, әйтпесе
Аяғында немен тынарын кім білген.

3
Күндердің бір күні алаңсыз отырғанда
Ол келді, бірақ түк сұрамады
Келе салып киімін ілді ілгішке
Әл-дәрменім құрып сала бердім сол сәтте.
Бай да емес еді ол, сыпайы да болмады
Мереке күні де быт-шыт киінетін
Әйелмен өзін ұстай алмайтын дұрыстап
Ал мен оған «жоқ» дей алмадым.
Салқынқанды, қатал қалпымнан айырылдым,
Берер жауабым да селқос болмады
Тіпті бір рет те
Айлы түні қайықпен серуенге шақырмады.
Қайдағы серуен, не айтып тұрсыз
Дереу төсекке жатуға тура келді
Салқынқандылық серігімнен айныдым
Дер кезінде жоқ демедім
Боларды болды, бояуы сіңді.

Пичем. Міне, қандай жәлапқа айналған қызың. Өте жақсы. Өте тамаша.

Пичем ханым. Байға рұқсатсыз кететіндей арсыз болсаң да, неге міндетті түрде баукеспе ұры, қарақшыға тию керек? Әлі-ақ көзіңнен қанды жас ағады. Жөргегінен Англия патшайымындай өркөкірек еді. Енді, міне.

Пичем. Шынымен күйеуге тиген бе сонда?

Пичем ханым. Иә, кеше кешкі сағат бесте тиіп келіпті.

Пичем. Белгілі қылмыскерді таңдады десеңші. Егер дұрыстап ой жүгіртсең, бұл оның керемет батылдығын көрсетеді. Қызымды қалай беремін, солай үй-мүйіммен күлім көкке ұшатынын біліп отыр, енді ең соңғы бұралқы ит те маңыма жоламайды менің. Бұдан кейін аш-жалаңаш күн кешетінім баршаға аян. Үйді жылыту үшін жалғыз бөрене жеткілікті болса, бәлкім, көктемге дейін үйтіп-бүйтіп шыдармыз. Масқара болды деген осы.

Пичем ханым. Несін айтасың! Қай күнәмізге бола сорлатты құдай, Джонатан. Жынданып кетер ме екем. Жоқ, шамам жоқ. Ох! (құлайды) Коньяк беріңдер.

Пичем. Шешеңді қандай күйге түсірдің, иттің қызы. Жаныңның барында коньяк алып кел!

Полли шығып кетеді.

Сонымен қызым жәлап болып шықты. Өте жақсы, өте тамаша. Байқұс ана, міне, талып жатыр!

Полли бір бөтелке коньяк алып қайтып келеді.

Байқұс шешеңе алданыш тек осы ғана болатын болды.

Полли (ол бақыттан басы айналып, түк ұғып тұрған жоқ). Екі стаканды бір-ақ бер. Ол бірден екеуін ішіп дағдыланған. Қазір-ақ аяғынан тік тұрады. Көресің.

Пичем ханым (өз-өзіне келе бастайды). Тағы да жанашыр перзент бола қалыпты, шынайылығына бәрібір сенбеймін.

Бес қайыршы келіп кіреді.

Қайыршы. Шағымым бар. Бұл нағыз сасық шошқа қора. Мынаны шолақ аяқ деп кім айтады, қалай болса солай жасалған, мен болсам бұны ақша шығарып сатып алдым.

Пичем. Не керек саған? Сенің аяғыңның басқалардан еш жері кем емес, тек таза ұстамағансың.

Қайыршы. Солай де! Онда мен неге басқалардан кем табамын ақшаны? Жоқ, өтірік айтасың, мені бұлай алдай алмайсың (жасанды аяқты лақтырып жібереді). Бұндай масқараны кигенше аяғымды шынымен шауып тастағаным жақсы.

Пичем. Енді не керек саған? Адамдардың жүрегі тасқа айналып кеткеніне мен кінәлімын ба. Саған бес шолақ аяқты бірден бере алмаймын ғой. Қайдағы бір үш минут ішінде кез келген адамнан бейшара сорлы жасап шығамын, оны көрген ит екеш ит те жылап жібереді. Адамдардың көзінен жас шықпайтыны үшін мен кінәлімін ба? Мә, тағы бір аяқ берейін мынау аз болса. Бірақ таза ұстап дағдылан.

Қайыршы. Мынау жарап қалатын сияқты.

Пичем (басқа қайыршының протезін тексеріп). Тері жарамайды, Селия.

Резіңке жиіркеніштірек көрінеді. (Үшіншісіне.) Ісігің қайтып барады, мынау соңғысы, қайтадан салу керек. (Төртіншіні көзімен сүзіп шығып) Иә, жасанды қотыр нағыздың өзіне жетсін бе. (Бесіншіге). Кімге ұқсап кеткенсің? Тағы тамаққа бас қойғансың ба? Аузыңды тыймасаң, аямаймын, быттиып барасың, кім сенеді саған.

Қайыршы. Пичем мырза, рас сөзім, басы артық ешнәрсе жеген жоқпын. Семіздігім денсаулығымның нашарлығынан, менің түк кінәм жоқ.

Пичем. Менің де. Жұмысқа жарамайсың, кет. (Қайтадан екіншісіне қарап). Адамды таң қалдыру мен жүйкесіне тию деген екеуі екі бөлек нәрсе. Маған өз ісінің шебері керек. Тек шеберлер ғана жүректерді қозғай алады. Егер дұрыстап жұмыс істесең, көрермен қол шапалақтап қошемет көрсетер еді. Бірақ қиял дегеннен жұрдайсың ғой, келісім-шартты бұзуға тура келеді.

Қайыршылар кетеді.

Полли. Қарашы оған. Періштедей көркем, сұлу дей алмайсың, әрине. Бірақ қаражаяудың да бірі емес. Ақшасы бар. Мені қамтамасыз етуге шамасы жетеді. Дарынды ұры, оның үстіне алды артын ойлап әрекет ететін тәжірибелі қарақшы. Оның қаражатының қанша екенін айтсам таң қалар едің. Енді екі-үш қарақшылық шабуылдан кейін үй сатып аламыз. Әкем көп айтатын Шекспир мырзадан кем өмір сүрмейміз.

Пичем. Барлығы тамаша деші. Байға тиіпсің. Байға тиген адам қайтеді? Бірақ оған сенің миың жетуші ме еді. Байға тиген адам ажырасады, солай емес пе. Дүмбілез, топас, осы соншалықты қиын ба?

Полли. Не айтып тұрғаныңды түсінбедім.

Пичем ханым. Ажырас.

Полли. Мен оны сүйемін ғой неменеге ажырасамын?

Пичем ханым. Ұятың бар ма жоқ па өзіңнің?

Полли. Анашым, егер махаббат дегеннің не екенін білетін болсаң...

Пичем ханым. Махаббат! Қарғыс атқан кітаптардан миың әбден су болған екен. Елдің барлығы солай істейді, Полли!

Полли. Демек, мен олай жасамаймын.

Пичем ханым. Қазір таяқтың астына аламын, сонда көреміз олай жасамайтыныңды!

Полли. Шеше біткеннің жалғыз білетіні таяқ! Бірақ ол бар мәселені шеше ме. Махаббат - маңыздырақ!

Пичем ханым. Шыдамым таусылып келеді, Полли.

Полли. Махаббатымды еш нәрсеге айырбастамаймын.

Пичем ханым. Тағы бір нәрсе десең, жағыңнан тартып жіберемін.

Полли. Махаббаттан биік ешнәрсе жоқ өмірде.

Пичем ханым. Ол оңбағанның оннан аса қатыны бар. Құдай есебін бергірді дарға асқанда, әрқайсысы бір-бір сәбиден құшақтап келсе, таң қалма. Ах, Джонатан!

Пичем. Дарға асады дейсің бе? Бұрын қалай ойламағанмын? Керемет идея.

Полли, шыға тұршы, балам.

Полли шығып кетеді.

Дұрыс. Оның басына 40 фунт сыйақы тігілген.

Пичем ханым. Түсіндім. Шерифке барайын ба.

Пичем. Әрине. Оның үстіне оны тегін дарға асады. Дереу екі қоянды бір оқпен атамыз. Бірақ алдымен қайда жасырынып жатқанын білу керек.

Пичем ханым. Оның қайда екенін мен саған дәл айта аламын, жәлаптарының қойнында, басқа қайда болушы еді.

Пичем. Олар ұстап бермейді ғой.

Пичем ханым. Маған сенсеңші. Ақша әлемді билейді. Қазір мен Тарнбриджға барып, қыздармен сөйлемін. Алдағы екі сағат ішінде күйеу баламыз солардың бірімен кездесетін болса, қолға түсті деп есептей бер.

Полли кіреді — ол есіктің артында тұрып бәрін тыңдаған.

Полли. Анашым, әуре болма. Мак олармен кездескенше Олд Бейлидегі түрмеге өз еркімен барады. Егер ол тіпті Олд Бейлиге барса да, шериф оған коктейль құйып беріп, сигара ұсынумен ғана шектелер еді. Олар, бәлкім, тіпті осы көшедегі бір фирма мен оның күдікті басшысы жөнінде шүйіркелесіп қалар. Егер білгің келсе, әкетай, сенің шерифің менің тойыма келіп, құттықтап кетті.

Пичем. Фамилиясы қалай?

Полли. Фамилиясы - Браун. Бірақ сен үшін Қабылан Браун. Алаяқ біткен оны Қабылан Браун деп атайды. Ал менің күйеуім болса, әкетай, оны Джекки дейді. Жай ғана Джекки. Олар жас кездерінен дос.

Пичем. Солай де. Шериф пен қаланың бас қылмыскері дос де сөйтіп. Бұл бұрын-соңды болмаған достық оқиғасы.

Полли (кірісіп кетіп). Коктейль ішкен кезде олар бірін-бірі арқадан қағып, «сен ішсең, мен де ішемін» дейді, дастархан басынан бірі тұрып кетсе, екіншісінің жанары жасаурап «сен қайда барсаң, мен де сонда барамын» дейді. Скотленд-Ярдта Макқа қарсы материал жоқ.

Пичем. Солай де. Сейсенбінің кешінен бастан бейсенбі күні таң атқанға дейін менің қызым Макхит мырзаның қойнында болған, күмән келтірмеңіз, ол бірнеше мәрте үйленген еркек. Қызымды некеге тұрамыз деп алдап, туған үйінен ұрлап әкеткен. Бірақ бір апта өтер-өтпестен ол осы оқиғаға байланысты дарға асылады. «Макхит мырза, бір кездері сіз аппақ лайка қолғап киіп, пілдің сүйегінен жасалған мүлтіксіз әсем таяқ ұстап жүрдіңіз, мойныңызда тыртық бар еді, сізді үнемі «Теңіз жәндігі» қонақ үйінен кездестіруге болатын. Енді сол тыртықтан өзге ешнәрсеңіз қалмапты, ал ол өкінішке қарай, барлық белгіңіздің ішіндегі ең құнсызы. Темір тордың ар жағында отырсыз, сәлден кейін жер бетінен мүлде көшесіз».

Пичем ханым. Ах, Джонатан, осы айтқаның орындала қояр ма екен. Мэкки-Қанжар — ұлы қылмыскер ғой. Ол қалағанын сұрамастан алады.

Пичем. Мэкки-Қанжар деген кім! Киін, шерифке барамыз. Ал сен Тарнбриджге кетесің.

Пичем ханым. Жәлаптардың қатарын толтырасың.

Пичем. Дүниенің азғандығы осы. Тірлікпен күйбеңдеп жүріп екі аяқтан айырыласың немесе ол аяқтарыңды біреу келіп ұрлап кетеді.

Полли. Браун мырзаның қолын қуана-қуана қысамын.

Сары түсті жарық. Үшеуі де авансценаға шығып әндетеді. Плакаттағы жазу:

БІРІНШІ ҮШБАҚЫРЛЫҚ ФИНАЛ

ЖАЛТ БЕРІП АРТЫН БЕРЕТІН ДҮНИЕ ЖАЙЫНДА

Полли.
Маған жалғыз керегі
Байға тию, қатын болу
Тар маңдайыма осы да
Жазылмады ма не сонда?

Пичем (Қолына Інжіл кітабын ұстап).
Адам бақытты болуға құқылы,
Фәнидегі ғұмырымыз тым қысқа
Адал нанын жеп, қуануға
Әрбір адамның қақы бар.
Бұл қасиетті парыз да
Бірақ бірде бір адам осыны
Шынымен жасап бақытты болып па
Жоқ, әрине, болған жоқ
Жағдай оған келмейді.

Пичем ханым.
Сенімен мейірімді болсам деймін,
Бәрін саған беруге әзірмін.
Туған қызымның бақытынан
Асқан не бар дейсің маған.

Пичем.
Мейірмді болу! Бұл баршаның арманы,
Кедейлерге бар байлықты берсе, шіркін,
Өмір сонда керемет болар еді
Жер бетінде жұмақ орнайды.
Мейірімді болу! Кімнің мейірімді болғысы келмесін
Бірақ жалғыз кедергі
Нан тым қымбат, ал жүректер тас боп семген
Келісіммен бейбіт кім күн кешкісі келмесін
Бірақ жағдай мүмкіндік бермейді.

Полли мен Пичем ханым.
Дұрыс айтады барлығын да
Адам ашушаң, әлем тасбауыр.

Пичем.
Дұрыс айтамын барлығын да
Адам ашушаң, әлем тасбауыр.
Жомарт та тіпті болар ек
Бірақ жағдай оған келмейді.
Кім бауырымен бейбіт өмірге қарсы
Бауырдың дос екені рас
Бірақ үй тарлық еткенде
Өмір тозаққа айналары хақ.
Жауапкершілікке кім қарсы.
Әйелің де, сөз жоқ, дос саған
Кенет ол махаббатқа шөлдейді
Осылай өмір тозаққа айналад.
Ұлың да сөз жоқ дос саған
Жауапкершілікке кім қарсы?
Кенет ұлың сені ауырсына бастайды
Осылай өмір тозаққа айналады.
Кімнің жақсы болғысы келмесін.

Полли мен Пичем ханым.
Осы жері ғана жаман
Тым сұрқия осы сәт.
Дұрыс айтады барлығын да
Адам ашушаң, әлем тасбауыр.

Пичем.
Дұрыс айтам. Кім қарсы келе алады?
Адам ашушаң, әлем тасбауыр.
Біз де тас жүрек болмас ек,
Бірақ жағдай осылай болды.

Үшеуі бірігіп.
Демек өмірде мейірім жоқ па,
Тірлік деген бекер ме?

Пичем.
Дұрыс айтам барлығын да
Адам ашушаң, әлем тасбауыр.

Үшеуі бірігіп.
Осы жері ғана жаман
Тым сұрқия осы сәт.
Демек өмірде мейірім жоқ,
Демек тірлік деген бекер.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

IV

Бейсенбі, күннің екінші жартысы. Мэкки-Қанжар қайын атасынан Хайгейтке қашуға дайындалып, әйелімен қоштасып жатыр. Атқора.

Полли (кіріп келеді). Мак! Мак, қорықпа.

Мак (керуетте жатыр). Не болды? Полли, саған не болды?

Полли. Әкем мені Браунға алып барды. Олар сені тұтқынға алмақ. Әкем неше түрлі қорқынышты нәрселер айтты. Браун сені барынша ақтады, бірақ ақыр аяғында тұтқындауға көнді. Ол саған дереу қашсын деп сәлем айтты. Заттарды жинау керек.

Мак. Қой, жинама. Одан да мүлде басқа нәрсемен айналысайық.

Полли. Болмайды. Жағдай қиын. Олар сені дарға аспақ, түсінесің бе? Жаман шошып тұрмын.

Мак. Өзіңше боп кететінің-ай осы сенің, Полли. Скотленд-Ярдта маған қарсы материал жоқ.

Полли. Кеше бәлкім болмаған шығар, ал бүгін толып тұр. Мен айыптау қағазын алып келдім. Сондай ұзақ, бәрін есте сақтау мүмкін емес. Екі көпеске шабуыл жасаған, отыздан аса үйге түскен, жиырма үш мәрте көшеде қарақшылық жасаған, өрт қойған, адам өлтіру, жалған құжат жасау, ант бұзған — бұлар тек соңғы бір жарым жылдағысы. Неткен қорқынышты адам едің. Винчестерде кәмелетке толмаған екі апалы-сіңлілі қызды зорлапсың.

Мак. Маған оларды жиырмадан асқан деп таныстырды. Браун не дейді? (орнынан жайлап тұрып, ысқырып, сахнаның оң бөлігіне жүреді).

Полли. Ол мені жолда қуып жетіп, саған енді еш көмектесе алмаймын деді. Ах, Мак! (мойнынан құшақтай алады).

Мак. Енді қайтеміз, қашуға тура келеді, бұдан былай барлық жұмысты өзің атқарасың.

Полли. Мак, дәл қазір ешқандай жұмыс туралы айтпашы, тіпті білгім келмейді, одан да байқұс Поллиіңді құшақташы, сені ешқашан, ешқашан ұмытпаймын деші...

Поллиді сөзін аяқтатпастан үстел басына жетелеп апарып, орындыққа отырғызады.

Мак. Мынау бухгалтерлік кітаптар. Дұрыстап тыңда. Мынау жеке құрамның тізімі. (оқиды). Сонымен, Джекоб-ілгек, бір жарым жыл істейді. Не пайда әкелді екен, қарап жіберейік. Бір, екі, үш, төрт, бес алтын сағат. Көп емес, бірақ таза жұмыс. Алдыма отырма, қазір көңіл-күй жоқ. Әрі қарай Уолтер-Жылауық тал кетеді. Бұл итке сенуге болмайды. Өз қамын ойлайды. Үш аптадай демалыс бер, дар ағашының алдында қыдырып алсын. Сосын қызметтен босатасың. Браунға ұстап бересің, бір сөзбен айтқанда.

Полли (жыламсырап). Бір сөзбен айтқанда, Браунға ұстап беремін.

Мак. Джимми екінші. Көргенсіз адам. Жаман жұмысшы емес, пайда да әкеледі. Бірақ — арсыз. Ақсүйек әйелдердің астындағы жаймасын жатқан жерлерінен жымқырып әкетеді. Оған ақшасын алдын ала беріп отыру керек.

Полли. Алдын ала беремін.

Мак. Роберт-Ара. Ұсақ-түйекпен жұмыс істейді. Дарынсыз. Дар ағашына жете қоймас, бірақ адам болуы да неғайбыл.

Полл Адам болуы неғайбыл.

Мак. Қалғанын әдеттегідей істей бер. Сағат жетіде тұр, жуын, шомыл және тағысы тағы басқалар.

Полли. Дұрыс айтасың, барлығын қойып іске кірісу керек. Сенің бизнесің — енді менікі, солай емес пе, Мэкки? Ал сенің пәтерлеріңді қайтеміз, Мак? Бәлкім олардан бас тарту керек шығар? Бекерден бекер ақша төлеген -ысырап.

Мак. Жоқ, тиіспе, керегі боп қалады.

Полли. Ақшаны далаға шашқаннан не шығады!

Мак. Сен мені осы кеткеннен мол кетеді деп тұрсың ба?

Полли. Неге олай дейсің! Кейін қайта жалдауға да болады ғой. Мак... Мак, басым істемей қалды. Сенің сөздеріңді түсіне алар емеспін. Көзіме шөп салатын сияқтысың, Мак?

Мак. Әрине, жоқ. Не ексең, соны орасың. Сені сүймейді деп ойлайсың ба? Мен кішкене кеңірек ойлаймын. Бар болғаны сол.

Полли. Саған ризамын, Мак. Басыңа екіталай күн туса да, менің қамымды жеп жатырсың... нағыз азаматсың...

Полли соңғы сөздерді айта бергенде Мак қата қалады. Ол сахнаның оң жағына барып, пиджагын шешіп тастап қолын жуады.

Мак (асығыс). Таза пайданы бұрынғыдай Манчестердегі Джек Пульдің банк үйіне аударып отыр. Арамызда қалсын, мен банк ісіне толық бет бұратын шығармын. Барлығы уақыттың еншісінде. Банкирлік қаупісіз іс әрі пайдасы шаш етектен. Бұл кәсіптің табысын алдағы екі аптада шығарып алу керек. Сосын Браунға барып, тізімді бересің. Төрт аптадан соң сілімтіктер Олд Бейлидің қуыс-қалтарысында шіріп өледі.

Полли. Оларды ұстап беретін болсаң, қазір көздеріне қалай қарамақсың? Қолдарын алып, қалай жайбарақат сөйлесесің?

Мак. Кімді айтасың? Роберт-Араны ма, Маттиас-Тиынды ма, Джекоб-Ілгекті ме? Олардың тұқымын баяғыда тұздай құрыту керек еді.

Бандиттер келіп кіреді.

Қош келдіңдер, мырзалар.

Полли. Амансыңдар ма, мырзалар.

Маттиас. Капитан, мен тәж кигізу салтанатының жоспарын алып келдім. Бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Жарты сағаттан кейін - архиепископ Кентерберийский келеді.

Мак. Қашан?

Маттиас. Бес отызда. Шұғыл қимылдау керек, капитан.

Мак. Иә, қозғала беріңдер.

Роберт. Сіз ше?

Мак. Мен, өкінішке қарай, дәл қазір бір іссапарға шығуым керек.

Роберт. Құдайым-ау, қуғынға ұшырағаннан саумысыз?

Маттиас. Дәл тәж кигізудің алдында! Сізсіз өткен салтанат — қасықсыз ботқа сияқты.

Мак. Жап ауызыңды! Алдағы жұмысқа қатысты барлық жауапкершілікті зайыбым Поллиге тапсырамын. (Оны алдыға шығарып, өзі сахна тұңғиығына барып тұрады, сол жерден Поллиді бақылай бастайды).

Полли. Жігіттер, капитанымыз алаңсыз кете берсін. Біз онсыз да бұл істі атқарып шығамыз. Биік деңгейде шеберлік көрсетуге әзірмісіңдер, жігіттер?

Маттиас. Қарсы сөз айтуға шама жоқ. Бірақ әйел адам, осындай сын сағатта... сізді ренжіткім келіп тұрған жоқ, сударыня, бірақ...

Мак. Бұған не дейсің, Полли?

Полли. Үлкен істі осындай ниетпен бастауға бола ма? (Айқайлайды). Сілімтік! Ренжітіп көр мені! Мына мырзалар шалбарыңды шешіп, дүренің астына алады, есіңде болсын! Солай ма, мырзалар?

Аңтарылып қалған бандиттер кенет ду қол шапалақтайды.

Джекоб. Иә, барлығы солай болады. Күмәнданбаңыз.

Уолтер. Браво! Капитанша жарайды! Полли жасасын!

Бандиты. Полли жасасын!

Мак. Тәж кигізу салтанатына қатыса алмайтыным өкінішті. Жүз пайыздық іс еді. Күндіз пәтер атаулы бос, ал түнде халық шошқаша қорсылдап, мас болып жатады. Маттиас сен соңғы кезде тым көп ішіп кеттің. Өткен аптада Гринвичтегі балалар ауруханасына от қойдым деп оттап жүргеніңді естідім. Бұл тағы қайталанса, жұмыстан шықтым дей бер. Аурухананы өртеген кім?

Маттиас. Мен.

Мак (қалғандарына). Аурухананы өртеген кім?

Бандиты. Сіз, Макхит мырза.

Мак. Демек кім?

Маттиас (жақтырмай). Сіз, Макхит мырза. Әрине, бұлайша біздің атымыз ешқашан шықпайды.

Мак (дарға асылған адамның қалайша қиналатынын келтіріп береді). Маған бәсекелес боламын десең, атағың осылай шығады. О заманда, бұ заман Оксфорд профессорының еңбегін қайдағы бір ассистент иеленуші ме еді. Профессор әдемілеп тұрып, өз қолын қояды.

Роберт. Сударыня, жолдасыңыз сапарда жүргенде, сіздің басқаруыңызда болуға дайынбыз. Бейсенбі сайын есеп береміз, сударыня.

Полли. Келістік, бейсенбі сайын күтемін, жігіттер.

Бандиттер кетеді.

Мак. Ал енді, күнім, қоштасайық. Өзіңді күт, мен қасыңды жүргендей күнде сыланып, сипануды ұмытпа. Бұл өте маңызды, Полли.

Полли. Ал сен, Мак, бұл жерден дереу кетуге уәде бер, әйел затына назар салмаймын деп ант ет. Бұны қызғаныштан айтып тұрған жоқпын, себеп бар.

Мак. Мені кәрі есектер қызықтырмайды, тек сені сүйемін, Полли. Әбден қараңғы түссін, содан кейін тұлпарыма мініп, жолға шығамын, сен тәтті ұйқыда жатқан кезде бұл жерден өте алыста боламын, жаным.

Полли. Ах, Мак, жүрегімді өртке орадың ғой. Қалшы, кетпеші ешқайда, біз бірге бақытты боламыз.

Мак. Мен өз жүрегімді өзім өртеп жатырмын. Кетуім керек, қашан қайтып оралатыным белгісіз.

Полли. Біз өте аз уақыт бірге болдық, Мак.

Мак. Енді қайтып бірге болмаймыз ба сонда?

Полли. Кеше жаман түс көрдім, сырттан күлкі естіппін, терезеге тақап келіп, сыртқа көз салсам, аспанда Ай жарқырап тұр. Ол ескі пенни сияқты сондай жұқа екен. Бөтен шаһарларда мені жадыңнан шығарма, Мак.

Мак. Әрине, мен сені ұмытпаймын Полли. Сүйші мені, Полли.

Полли. Қош бол, Мак.

Мак. Қош бол, Полли. (кетіп бара жатып, әндетеді).

Махаббатта «ия» мен «жоқ» қана бар,

Қалғанының бәрі сандырақ.

Полли (жалғыз). Жоқ, ол енді ешқашан оралмайды.
Бақыт кетті,
Жымиды да өте берді.
Маған «қош» де
Қатігез бол, қадірлім.
Неменге аңыраймыз
Наразы боп құр бекер
Бұл туралы
Туған анам да айтып еді.
Қоңырау үні естіледі.
Лондонда Патшайым шеруі өтеді
Бизнесіміз қалай болар екен...

ИНТЕРМЕДИЯ

Шымылдықтан шығып, рампаға Пичем ханым мен Дженни-Малина жақындайды.

Пичем ханым. Демек, Мэкки-Қанжарды көре салысымен констебельге жүгіріп барып, айтасың. Он шиллинг беремін.

Дженни. Егер полиция іздеп жүрген болса, Мак бізге жоламайды.

Пичем ханым. Мен бұл сайқал өмірді жақсы білемін, Дженни. Бүкіл Лондон жабылып іздесе де, Макхит қалыптасқан дағдысынан жаңылмайды.

(Ән салады.)

НӘПСІ ӘНІ

1
Міне, Ібіліс, оған барлығы бірдей
Қас қасапшы, тек жіліктеуді біледі
Оны тоқтатар күш жоқ.
Оған кім тежеу қоя алады?
Тек қатындар, әлбетте.
Қаласа да, қаламаса да барады
Тәннің талабы осы, бар болғаны.
Азаматтық кодекске де, Інжілге де түкіреді
Ол арсыздықтан ғана ләззат алады
Қатынды ол жанына жақындатпайды
Әйелдің опасыздығын беске біледі.
Бірақ қанша күшейсе де шыдамайды
Бір қарасаң біреудің үстінде жатады.

2
Ұлы адамды да, кемеңгерді де
Құртатын жәлаптар емес пе
Мазақ етіп тәнін мүжіп жеп жатады,
Кемеңгер өледі, құриды.
Қаласа да, қаламаса да барады
Нәпсінің құдіреті де осында.
Біреуі христиан болса, екіншісі, бүлікші
Біреуі Азаматтық кодексті жаттап алған
Біреуі дымбілместің өзі
Біреуі диета туралы сөз құрады,
Күн батса зыр қағып басқа нәрсені көксер.
Түнде іздесең оны тек
Біреуге асылып тұрған жерінен табасың.

V

Тәж кигізу салтанатына орай қоңырау қағылған жоқ, ал Мэкки-Қанжар жезөкшелерден бір-ақ шығады, олар оны полицейге ұстап береді.

Бейсенбі, кешкі уақыт.

Тарнбридждегі ойын-сауық үйі.

Әдеттегі күн, жезөкшелер — көпшілігі іш көйлекшең, киім үтіктеп жатыр, кейбірі шашка ойнауда, кейбірі жуынуда, бір сөзбен айтқанда — буржуазиялық идиллия. Джекоб-Ілгек газет оқып отыр. Оған ешкім мән бермейді. Ол қыздарға кедергі емес сияқты.

Джекоб. Бүгін ол келмейді.

Жезөкше. Солай ма?

Джекоб. Ол енді ешқашан келмейді.

Жезөкше. Өкінішті.

Джекоб. Өкінішті? Меніңше, ол қала сыртына шығып кетті. Енді ол жүйрік болсаң зымыра деп, құйрығын да сипатпайды!

Maкхит келіп кіреді. Қалпағын іліп, үстелдің қарсы бетіндегі диванға отырады.

Мак. Кофе, әдеттегідей!

Виксен (таң-тамаша қалып). Кофе, әдеттегідей!

Джекоб (таң қалып). Сен неге Хайгейтте емессің?

Мак. Бүгін бейсенбі, менің күнім. Қайдағы бір нәрсе үшін, өзімнің әдеттерімнен жаңылмаймын ғой (үстелге айыптау қағазын тастайды). Оның үстіне жаңбыр құйып тұр.

Дженни (айыптау қағазын оқиды). "Корольдің атымен капитан Макхитке үш мәрте..."

Джекоб (одан құжатты тартып алады). Арасында мен бар ма екенмін?

Мак. Барлығың барсыңдар.

Дженни (өзге жезөкшеге). Қара, айыптау қағазы.

Пауза.

Кәне, Мак, қолыңды берші!

Ол кофе ішуін жалғастырып, оған қолын ұсынады.

Долли. Иә, Дженни қолына қарап бал ашып жіберші. Айтқаның әдетте айдай келеді (керосин шаммен жақындайды).

Мак. Бай мұра күтіп тұр ма?

Дженни. Жоқ, мұра көрінбейді!

Бетти. Саған не болған, Дженни? Неге бұлай қарайсың? Құйқа тамырым шымырлап кетті.

Мак. Алыс жол күтіп тұр ма?

Дженни. Алыс жол да жоқ.

Виксен. Енді не?

Мак. Айналайын, тек жақсы нәрсе айтшы!

Дженни. Не айтарымды білмеймін! Қап-қараңғы, махаббат жоқ, сәуле жоқ. Үлкен «К» әрпі, әйелдер опасыздығының белгісі. Сосын...

Maк. Тоқта. Қараңғылық пен опасыздық жайлы таратып айтшы. Опасыз әйелдің атын айта аласың ба?

Дженни. "Д"-дан басталады аты.

Мак. Қателесесің оның аты "П"-дан басталады.

Дженни. Мак, вестминстер қоңырауы қағылғанда жағдайың мүшкіл болады!

Мак. Айта түс!

Джекоб қарқылдап күледі.

Не болды? (Джекобқа жүгіріп келіп, айыптау қағазын қарайды).

Өтірік, олар үшеу ғана еді ғой.

Джекоб (күліп). Иә, есімде!

Мак. Іш киімің әдемі екен.

Жезөкше. Бесіктен көрге дейін ең бастысы — іш киім!

Кәрі жезөкше. Ешқашан жібек киген емеспін. Бірақ жібек кимесең, қонақтар ауру деп ойлайды.

Дженни ақырындап есікке беттейді.

Екінші жезөкше. Қайда кеттің, Дженни?

Дженни. Қазір көресіңдер (кетеді).

Молли. Жай шыттан да үркеді олар.

Кәрі жезөкше. Ал менде керісінше, оларға шыт ұнайды.

Виксен. Әрине, қонақтарға ұнаса болды.

Мак (Беттиге). Ал сен әлі қарасын киесің бе?

Бетти. Иә, солай.

Мак. Ал сенің іш киімің қандай?

Екінші жезөкше. Ах, жаман ыңғайсызданамын. Бөлмеме ешкімді шақыра алмаймын. Әпкем еркек десе ішкен асын жерге қояды. Кіре берісте, өзіңіз түсінесіз, іш киім киіп әспеттене алмайсың.

Джекоб күледі.

Мак. Болдың ба?

Джекоб. Жоқ, кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты жерге енді жеттім.

Мак (диванға қайта барып отырады). Дженни қайда? Құрметті ханымдар, осы қаланың көгінде жұлдызым жанғанға дейін...

Виксен. "Осы қала көгінде жұлдызым жанғанға дейін..."

Мак. ...Дженнимен тұрдым, көрген күнімізді итке бермесін, қатты қиналдық, қадірлі ханымдар. Бүгін Мэкки Қанжар болсам да, бақыттан басым айналып жатса да, сол бір күндері жаныма жалау болған жандарды ешқашан ұмытпақ емеспін. Бірінші кезекте Дженни тұр, әрине. Барлық қыздың ішінде мен оны ерекше жақсы көрдім... Тыңдаңдар (ән сала бастайды).

Терезе түбінде оң жақта Дженни тұр. Ол ымдап констебель Смитті шақырады. Содан кейін оған келіп Пичем ханым қосылады. Дженни, Смит және Пичем ханым фонарь астында үйге қарап тұр.

ЖЕҢГЕТАЙДЫҢ БАЛЛАДАСЫ

1

Мак.
Баяғы бір замандарда,
Ол екеуміз өте тамаша өмір сүрдік
Оның құрсағы мен менің басым
Берік капитал болды.
Дженни табыс әкелетін, Мэкки күзетші
Қонақтарды құрметпен қарсы ап жүрдім
Қашанда орнымнан тұрып
Төсекті босатып беретінмін.
«Келіп тұрыңыз» деп иіліп
Қала беретінмін сыпайы.
Жарты жыл бойы бірге болдық
Осылай мінезіміз жарасып
Ол екеуміз.
Дженни кіреді, қасында Смит бар.

2
Дженни.
Қиын кездер де болды ғой
Қонақ болмай, жалғыз қалсам
Іш киіміңді сатам деп
Жанымды шығаратын бұл досым.
Іш киімсіз жүрген кезім де болды.
Кейде әйел болғасын
Жағасынан ала кетуші едім өзім де.
Ондайда тістерімді қағып алатын
Тіссіз қалғаным да содан, қадірлі көпшілік.

Екеуі қосылып.
Жарты жыл бойы бірге болдық
Осылай мінезіміз жарасып
Ол екеуміз.

3
Екеуі (бірге және біріне бірі кезек беріп).
Баяғы өткен бір заманда.

Мак.
Біз шын мәнінде жақсы өмір сүрдік.

Дженни.
Күндіз ғана бірге жүрдік.

Мак.
Түнде оның төсегі.
Қонақтардан босамайтын.

Дженни.

Одан бірде жүкті де боп ем...

Мак.

Астында бір жатқаным бар еді.

Дженни.

Баланы мыжимын деп қорықты ол.

Мак.

Бірақ бейшара сәби бәрібір шетінеді,

Жарты жыл өтті содан соң

Бірге тұрмайтын болдық ақыры.

Олар билейді. Мак қанжарының қынабы да болып табылатын футлярды алады.

Дженни-Малина Макқа қалпағын ұсынады. Смит келіп қолын иығына салғанда да, Мак билеп жүреді.

Смит. Барлығы дұрыс, кеттік!

Мак. Бұл шошқа қорадан шығатын екінші есік әлі жоқ па, адам сенбейді?

Смит Мактың қолын байламақ болып жүр. Оны кеудесінен бір теуіп Мак терезеден шығып қашпақ болады. Терезе алдында Пичем ханым мен полицейлер тұр.

Мак (өте сабырлы, сыпайы кейіппен). Қайырлы күн, сударыня.

Пичем ханым. Ах, сүйкімді Макхит мырза. Әлем тарихының қаһарманы да осы табалдырықта сүрінген деседі. Рас болса, әрине

Мак. Жан жарыңыздың жағдайы қалай?

Пичем ханым. Қазір тәуір. Өкінішке қарай, сізге мына аса құрметті қыздармен қоштасуға тура келеді. Констебель мырза, мына кісіні жаңа мекен тұрағына шығарып салыңыз.

Макты алып кетеді

(терезеге қарап.) Қадірлі қыздар, егер оны көргілеріңіз келсе, ол момақан кейіппен үнемі бір мекен-жайдан табылатын болады. Бұдан былай Макхит мырзаның резиденциясы Олд Бейлиде. Жезөкшелерді қиып кете алмайтынын біліп едім. Сендерге қарыз ақшасын мен төлеймін. Аман болыңдар, қыздар (кетеді).

Дженни. Эй, Джекоб, не болды!

Джекоб (әлі қағазды оқып отыр, түк байқамаған). Мак қайда?

Дженни. Констебльдер алып кетті ғой!

Джекоб. Ал мен оқудың қызығына түсіп кетіппін... Ай-яй-яй! (жүгіріп шығады)

VI

Жезөкшелер сатып кеткен Мак өзін сүйетін тағы бір әйелдің арқасында бостандыққа шығады.

Олд Бейлидегі түрме.

Темір тор. Браун кіреді.

Браун. Тек қолға түспесе екен! Жаратушы ием, жар бола гөр оған, Хайгейт балшықтарынан асып, басқа жерде өзінің байырғы досы Джекки еске алып отырса екен. Бірақ жеңілтектік ұлы адамдардың бәріне тән. Қазір тұтқындап алып келсе, досымның өткір жанарына қарауға дәтім шыдамас-ау, шыдамас. Құдайға тәуба, бүгін ай жарық, балшықтан өткенде адаса қоймас.

Сахна сыртынан шу естіледі.

Не болды? Масқара, міне, әкеле жатыр.

Кісенделген Макты алты констебель алып келе жатыр; ол тәкаппар кейпінен жаңылмаған.

Мак. Мінеки, жігіттер, Құдай қолдап, діттеген жерімізге де жеттік (Камераның түкпіріне тығылған Браунды байқайды. Ұзақ пауза, Мак осы уақыт бойы өзінің бұрынғы досының жанарына тесіліп қарайды).

Браун. Ах, Мак, мен емес... Қолымнан келгеннің бәрін істедім... Маған бұлай қарамашы, Мак... шыдай алмаспын... Бір нәрсе деші, жаным шығып барады. (Констебльге айқайлайды.) Шошқа, жіпті бұлай тартпа... Бір нәрсе деші, Мак. Байқұс досың Джеккиге бір нәрсе деп тіл қатшы... Бір ауыз сөзіңді қишы маған... (басын қабырғаға сүйеп жылайды). Жоқ, дәті неткен берік. Тіл қатпады (кетеді).

Мак. Бұл сол баяғы Браун ғой, ынжық. Арсыз, сорлы. Ынжықтығына қарамастан полиция бастығы болғысы келеді. Айқай салмағаным дұрыс болды. Басында айқайлаймын деп ойлағам. Бірақ тесіліп қараған өткір жанардың кез келген сөзден артық болатынын дер кезінде ұқтым. Солай болды да. Бетіне қарап едім, жас балаша жылап қалды. Бұл амалды Інжілден оқып алғанмын.

Кісен алып, Смит кіреді.

Бұдан ауыры табылмады ма? Егер рұқсат етсеңіз бұдан ыңғайырағын сұрар едім (чек кітабын шығарады).

Смит. Бізде кез келгені бар, капитан мырза. Бір гинейден он гинейге дейін. Кез келгенін таңдаңыз.

Мак. Ал мүлде кісендемеу ше?

Смит. Елу гиней.

Мак (чек жазып береді). Люсиге қатысты оқиға белгілі болатын болды. Сол жаман. Браун оның қызымен көңіл қосқанымды білсе, нағыз қабыланға айналып шығады.

Смит. Не ексең соны орасың.

Мак. Ол қаншық та осында шығар, жеткен болар. Дар ағашына дейін әлі талай сынақ күтіп тұр.

Мырзалар, енді қайтсем екен?

Қуанышқа себеп жоқ.

Бала кезімнен бір түсінгенім

Тек бай адам ғана бақытты.

Ерекше сары жарық құйылады. Орган жарық түседі. Жоғарыдан үш шырақты шам түседі. Плакатқа жазылған төмендегі жазу шығады:

БАҚЫТТЫ ӨМІР ЖАЙЛЫ БАЛЛАДА

1
Жер бетінде тек кемеңгерлер бақытты деседі
Қарынның аштығы мен үйдегі суық
Түкке де тұрмайтын майда-шүйде.
Бұл ертегіні өзіңе өзің айт!
Қарапайым тірлік еткісі келген
Ете берсін, маған айтпаңдар бұны.
Жер бетінде осыны қанағат қылатын
Ақымақ жоқ, еркіндік кімді тойдырыпты
Тек бай адамдар ғана бақытты.

2
Тағдырға қарсы тұрып еліріп
Кей күрескерлер ақиқатшыл келеді.
Ел алдына шығып шындықты айтып,
Байлардың жүйкесін қытықтамақ болады.
Ышқырын көтеріп қойып шаршаған
Күрескер үйіне қайтады ашулы.
Суық төсекке жылусыз қатынымен жатып
Үш мыңыншы жылы келетін марапатты күтеді.
Күтсін, ақымақ, өзіне де сауап-ақ
Байлар ғана бақытты өмір сүреді.

3
Мен де әліме қарамай ұлы болғым келді,
Кедей болмақ болдым еңбегі адал
Бірақ жан-жағыма бағдар сап,
Жоқ, болмайды бұлай деп бас шайқадым.
Кемеңгер шығарсың жаны адал,
Бірақ өмірің азап, күнің тозақ.
Батыл да аш та болдың кезінде,
Ол тазалығыңа түкірдім.
Ұмыт бәрін, сонда ғана көңілденесің,
Бай адам ғана бақытты.

Люси кіреді.

Люси. Оңбаған! Бетіме қалай қарап тұрсың.

Мак. Люси, жүрегің қара тас болып кеткен бе? Күйеуіңнің күйін көріп тұрсың...

Люси. Күйеу дейсің бе! Жауыз! Полли Пичем туралы естідім! Көзіңді ойып алайын ба!

Мак. Поллиден қызғанып жын қақты ма? Есің дұрыс па өзіңнің!

Люси. Мақұлық, сен оған да үйленіп алыпсың ғой?

Мак. Үйленіп? Бірінші рет естіп тұрмын! Үйлерінде болғаным, ол қызбен тілдескенім рас. Бір-екі рет тіпті бетінен сүйген шығармын. Енді есуас елдің барлығына Мак маған үйленді деп сықпыртып жүр дейді. Жаным Люси, сені қалай иландырсам екен. Егер некемізді ресми түрде қияйық десең, мақұл, келістік. Қияйық. Джентельменнің қолынан бұдан басқа не келеді? Бұдан артық ол не айта алады?

Люси. Ах, Мак, жалғыз тілегім — ары таза әйел болу.

Мак. Маған күйеуге тию арқылы осыған қол жеткізем десең, жақсы. Боласың.

Полли кіреді.

Полли. Күйеуім қайда? Ах, Мак, осында екенсің ғой. Жанарыңды алып қашпа, не болса да біргемін. Мен сенің әйеліңмін ғой.

Люси. Арсыз!

Полли. Мэкки түрмеге қалай түстің! Хайгейт балшығы арқылы қашпақ едің ғой? Жезөкшелерге енді қайтып бармаймын деп ант еткенің қайда. Олардың не істейтінін білгенмін. Бірақ ешнәрсе айтпадым, себебі саған сендім. Мак, мен сенімен өлгенше бірге боламын. Бір нәрсе деші, Мак. Бетіме неге қарамайсың? Бұлай азаптамашы. Не жаздым саған?

Люси. Әй, қатын!

Полли. Бұл кім, Мак? Бұнысы несі? Менің кім екенімді айтпаймысың. Әйелім деп неге таныстырмайсың. Саған не болған? Мен сенің әйелің емеспін бе?

Люси. О, алаяқ, о оңбаған! Қаныпезер жауыз, сонда екі қатын алғанбысың?

Полли. Мак, айтсаңшы, әйелім деп. Сен үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын ғой. Неке түні таза болдым, өзің білесің. Бүкіл алаяқтарыңды басқартып қойдың, қарсы бір ауыз сөз айттым ба? Джекобтың сәлемі бар, айтпақшы...

Мак. Екеуің ең болмаса бір минут тілдеріңді тарта тұрсаңдар, барлығы өз-өзінен анықталар еді.

Люси. Ауызымды жаппа менің. Шыдай алмай бара жатырмын. Тірі адам көтерер азап емес бұл.

Полли. Иә, мен сені түсінемін, мен оның әйелі ретінде...

Люси. Әйелі!!!

Полли. ... барлық артықшылықтың заңды жұбайы жағында екені анық. Өкінішке қарай, сырт көзге, бір қарағанда солай. Мактың қасында есіңнен танып қалғаныңды көріп тұрмын.

Люси. Мәссаған. Тапқаның осы ма! Жақындайтын адамды тауыпсың! Соходан келген ару!

Сары түсті жарық. Органға жарық түседі. Жоғарыдан үш шамды шамшырақ түседі. Плакаттағы жазу:

КҮНДЕСТЕР ДУЭТІ

I

Люси.

Соходан келген ару, бермен шық

Көркіңді тамашалайын бір.

Қырық қыздың ішінен таңдағаны осы ма?

Менің жарым үшін бәрінен қымбат болған

Полли деген осы ма?

Полли.

Бәрінен артық, бәрінен артық?

Люси.

Түріне қарасаң — күлкің келеді.

Полли.

Ақымақ қана бірінші болып күледі!

Люси.

Жо-жоқ, шынымен енді Мак күлкілі көрінді...

Полли.

Демек енді Мак күлкілі ме?

Люси.

Әрине, егер сені шын сүйсе!

Полли.

Егер мені шын сүйсе деймісің?

Люси.

Ха-ха-ха! Ант етуге әзірмін

Сені дені дұрыс ешкімнің сүймесіне.

Полли.

Тірі болсақ - көреміз.

Люси.

Тірі болсақ - көреміз.

Екеуі қосылып.

Жоқ, Мэкки - менікі. Мэккимен жұбымыз жазылмайды

Ол тек мені сүйеді, жарығым.

Жынды емеспін бұл анық,

Кім көрінгеннен қорқып үркетін де

Мен емеспін біліп қой.

2

Полли.

Соходағы бірінші ару менмін,

Сұлумын мен жұрт тамсанған.

Люси.

Сандырақ!

Полли.

Көрген жұртты тамсандырып

Іші тарды отқа ораймын мен деген.

Люси.

Салдақы!

Полли.

Салдақы нағыз өзіңсің!

Мэкки үшін Поллиден артық әйел жоқ.

Люси.

Бәрінен артық, бәрінен артық?

Полли.

Сондықтан да сені күлкі қысқан шығар, құрбым.

Люси.

Ақымақ күлкі, ақымақ күлкі!

Полли.

Шындығында Мак күлкілі...

Люси.

Демек саған Мак күлкілі ғой?

Полли.

Маған шын ғашық болып қалды!

Люси.

Саған ғашық болды ма?!

Полли (көпшілікке).

Ал сіз, қадірлі жұртшылық,

Маған ғашық болу мүмкін емес дейсіз бе?

Люси.

Тірі болсақ - көреміз.

Полли.

Тірі болсақ - көреміз.

Екеуі қосылып.

Жоқ, Мэкки - менікі. Мэккимен жұбымыз жазылмайды

Ол тек мені сүйеді, жарығым.

Жынды емеспін бұл анық,

Кім көрінгеннен қорқып үркетін де

Мен емеспін біліп қой.

Мак. Сүйкімді Люсиім менің, ұстамды бол. Полли әдейі істеп жатыр. Екеумізді айырғысы келеді. Мені дарға асса, Мактың жесірімін деп айтқанға жақсы. Полли, дәл қазір сенің бұл қылығың өте орынсыз.

Полли. Менен бас тартуға дәтің қалай барады?

Maк. Мені әйелі бар деп айтуға ауызың қалай барады? Полли, менің қасіретімді неге одан сайын тереңдетесің (басын күйзеле шайқайды). Полли, Полли.

Люси (Поллиге). Өз абыройыңды өзің төкпесеңші. Қақпанға түскен арыстанды мазақ қылмасаңшы, ұялсаңшы. Не деген құбыжық едің!

Полли. Қоғамдағы қарапайым ережелермен таныс болмасаң да, қасында әйелі тұрған еркектің алдында сыпайы болу керектігін білетін шығарсың.

Мак. Жоқ, шын айтамын, Полли, қалжыңдарың шектен шығып барады.

Люси. Жанжал бастамақ ниетте болсаңыз, амалсыз күзетшіні шақыруға мәжбүр боламын. Ол сізді бұл жерден күштеп шығарады, қымбатты сударыня.

Полли. Ханым! Ханым! Сізге мұндай маңғаз кейіп түк жарасып тұрған жоқ. Күйеуімнің қасында болу — менің қасиетті борышым.

Люси. Не айтып тұрсың? Немене айтып тұрсың? Кетпеймін дейсің бе? Кет десе де кетпейсің бе сонда? Таяқтың ғана тілін түсінетін болып тұрсың ғой.

Полли. Ауызыңды жап, кәззап, әйтпесе бір періп тұрған жеріңде сұлатамын.

Люси. Кет деген сөзді естімедің бе! Жоқ, сен сыпайы сөзді түсінбейді екенсің, сенімен өз деңгейіңде басқаша сөйлесу керек екен.

Полли. Сыпайы сөйлескен түрің осы ма! Қандай күйге түстім, қандай адамдармен сөйлесуге мәжбүрмін (жылайды).

Люси. Құрсағыма қарасаңшы, оңбаған! Соқырмысың, мына ішім неден шығып тұр деп ойлайсың, есек.

Полли. Бар дәйегің осы ма? Тиіп алмай тұрып, жатпау керек еді, леди.

Мак. Полли!

Полли (жылап). Жоқ, шектен шығып кеттік. Бұған жеткізбеу керек еді. Енді не істесем екен.

Пичем ханым кіреді.

Пичем ханым. Осы жерден бір-ақ шығатыныңды біліп едім. Жаныңның барында үйге қайт, жәлап. Мына шошқаны дарға асқанда, өзің де асылып өлсерсің деп сенем. Жасы келген кейуана басыммен сені түрмеге іздеп келіп, үйге сүйреп әкетуім керек. Қос-қостан қатыны бар мына кәззаптан ажыратып әкетем деп күш жұмсауым керек.

Полли. Басымды қатырмашы, сен ешнәрсе білмейсің...

Пичем ханым. Үйге жүр деймін!

Люси. Анаңызға қалай қиын, сізді адам қылам деп әбіржіп кетіпті.

Пичем ханым. Жүр деймін!

Полли. Қазір. Мен... мен оған тағы бір нәрсе айтуым керек...Шын айтамын, бұл өте маңызды.

Пичем ханым (шапалақпен тартып жібереді), Мынау да маңызды! Жүр дегенде жүр!

Полли. О Мак!

Пичем ханым оны сүйреп алып кетеді.

Мак. Люси, сен өзіңді тамаша ұстадың. Әрине, ол байқұсқа обал. Сондықтан да тым қатал бола алмадым. Басында оған сеніп қалдың, рас қой?

Люси. Иә, басында иланып қалдым, сүйіктім.

Мак. Әйтпесе оның шешесінің менде несі бар ғой дейсің. Айтқан сөздерін естідің ғой. Күйеу баласымен кісі осылай сөйлесе ме? Қызын бұзғаным үшін өш алып жүр, басқа түк те емес.

Люси. Егер шын айтып тұрсаң, мен дүниедегі ең бақытты әйелмін. Сені құлай сүйетінім соншама, біреудің құшағында көргенше, дарға асылып тұрғаныңды көргім келеді. Бұған таң қалуға бола ма?

Мак. Люси, мен саған өмір бойы қарыздар болып өткім келеді.

Люси. Не деген керемет сөздер, тағы бір мәрте қайталашы.

Мак. Люси, мен саған өмір бойы қарыздар болып өткім келеді.

Люси. Бірге қашамыз ба, сүйіктім?

Мак. Иә, бұл менің арманым, бірақ бірге қашсақ, бой тасалау қиын. Іздеу тоқтасымен мен сені тауып аламын. Пошта арқылы әрине, хат жазамын.

Люси. Не істейін?

Мак. Қалпағым мен таяғымды әкеліп бер!

Люси шығып кетіп, оның қалпағы мен таяғын әкеліп береді. Темір тордың ішіне лақтырады.

Люси, екеуміздің махаббатымыздың нәтижесі, құрсағыңдағы сәби арамызда дәнекер болады.

Люси кетеді. Смит келеді. Ол темір тордың ішіне кіреді.

Смит. Таяқты бері әкеліңіз.

Төбелес басталады. Смит, орындық пен сүймел ұстап, Макты қуып жүр. Мак

тордан қарғып шығып кетеді. Артынан констебльдер қуады.

Браунның дауысы. Сәлем, Мак! Мак, бұл мен, Джеккимін. Мак, өтінемін, жауап бер. Сенің үнсіздігіңді көтере алмаймын.

Браун кіреді.

Браун. Мэкки! Не болды? Қашып кетті ме, мың да бір тәуба! (төсекке отырады).

Пичем кіреді.

Пичем (Смитке). Менің фамилиям - Пичем. Мен бандит Макхиттың басына тігілген қырық фунтты алуға келдім. (Темір тордың алдына келіп тұрады). Хелло! Сіз Макхит мырзасыз ба?

Браун үндемейді.

Солай деңіз, ол мырза серуендеуге кеткен болып тұр ғой, қылмыскерді көрем бе деп келсем, мында Браун мырзаның өзі отыр ғой. Браун Қабылан отыр, ал оның досы Макхит жоқ.

Браун (ыңырсып). О Пичем мырза, бұған мен кінәлі емеспін.

Пичем. Әрине, сіз кінәлі емессіз. Өзіңізге өзіңіз жау емес шығарсыз... Әрине, сізге әбден сенемін, Браун.

Браун. Пичем мырза, не істерімді білмей отырмын.

Пичем. Түсінемін. Әбден күйзеліп, өз-өзіңізді жегідей жеп біткен шығарсыз.

Браун. Қауқарсыздық деген — ең жаман нәрсе екен. Қарақшылар білгенін істейді, сұмдық, сұмдық.

Пичем. Бәлкім, бірер сағат жатып демалып аларсыз? Көзіңізді жұмып, бір сәтке болса да, түк болған жоқ деп қиялға берілерсіз. Сіз шалғын орай даланы кезіп келе жатырсыз, аспанда аппақ мамық бұлттар қалқып жүр. Бастысы — барлығын ұмыту. Өткенді де, болашақта болатын қиыншылықтарды да ойламау.

Браун (мазасызданып). Бұнымен не айтпақсыз?

Пичем. Сіз сондай ұстамдысыз. Сіздің орныңызда мен болсам, баяғыда төсек тартып жатып қалар едім. Әрине, маңдайымнан сипап, дене қызуымды өлшейтін біреуді қасыма алып алар едім.

Браун. Басымды қатырмаңыз, қылмыскер қашса, полиция дәрменсіз. Менің еш кінәм жоқ.

Пичем. Дәрменсіз дейсіз бе? Демек Макхит мырзаны енді қайтып ешқашан көрмейміз ғой?

Браун иығын қиқаң еткізеді.

Пичем. Олай болса, сіз үлкен әділетсіздіктің құрбаны боласыз. Көресіз, полиция одан айырылып қалмауға тиіс еді деген сияқты әңгімелер айтыла бастайды. Иә, Тәж кигізу салтанаты мүлтіксіз өтпейтін тәрізді.

Браун. Немене?

Пичем. Бір тарихи деректі есіңізге салуға рұқсат етіңіз. Христос туғанға дейінгі мың төрт жүзінші жылы болған бұл оқиға кезінде үлкен шу орнатып еді, қазір, әрине, ұмытылды. Мысыр фараоны Рамзес Екінші көз жұмғанда, Ниневия, дәлірек айтқанда Каир полицмейстері біз сияқты кедей-кепшік алдында әлдене үшін кінәлі болып қалады. Бұндай қателік салдары сол кездің өзінде өте жаман болатын. Тарихи кітаптарда көрсетілгендей, халықтың шектен шыққан ықыласы салдарынан тақ мұрагері Семирамиданың Тәж кигізу салтанаты тозаққа айналыпты. Қаһарлы Семирамиданың полицмейстерге қолданған жазасы туралы айтқанда әлі күнге тарихшылардың аза бойы қаза болады. Нақты ешнәрсе есімде жоқ, бірақ полицмейстердің қанын сорған жыландар жайлы әлдене еміс-еміс жадымда.

Браун. Шынымен бе?

Пичем. Жаратушы иемнің өзі жар болсын, сізге, Браун (кетеді).

Браун. Менің жалғыз жәрдемшім — темір құрсау. Сержанттар, жиналыңдар! Тездетіңдер!

Шымылдық. Макхит пен Дженни-Малина рампаға шығып, ән салады. Сары түсті жарық.

ЕКІНШІ ҮШБАҚЫРЛЫҚ ФИНАЛ

1
Мак.
Сіздер бізді адал өмірге баулисыздар,
Ұрлама, күнәға батпа деп үйретесіздер,
Алдымен аздап ауқат беріңіздер,
Содан кейін адалдықты уағызда.
Ізгілік пен мейірімнің жаршысы,
Қарны қампиған адал мырза, сені айтам.
Мәңгіге осыны жадыңнан шығарма,
Алдымен — нан, адалдық содан кейін.
Кедей-кепшікке өзің мүжіп жатқан
Сүйектің бір жағын бер содан соң
Ақыл айт та ізгілікті уағызда.
Сахна сыртындағы дауыс.
Адамдар қалай өмір сүріп жатыр?

Мак.
Адамдар қалай өмір сүріп жатыр дейсің бе?
Қинайды, азаптайды, мойнын бүріп қуады,
Қорлайды, еңбегін жейді, ұрлайды
Өзінің де сондай адам екенін ұмытады.

Хор.
Шындық осы, мырзалар, реніш ешбір болмасын
Қылмыс қана бізді асырап келеді осы күні.

2
Дженни.
Сіз әлпештейтін ару — бейкүнә періште,
Күнәға батпа деп үйретесіңдер бізді
Алдымен аздап тамақ беріңдер бізге
Сосын барып адалдыққа баулы, мырза.
Көңіл көтергенді өзің де қалап тұрсың,
Ар-ұятпен мәңгіге қоштасайық олай болса.
Алдымен — нан, адалдық содан кейін.
Кедей-кепшікке өзің мүжіп жатқан
Сүйектің бір жағын бер содан соң
Ақыл айт та ізгілікті уағызда.
Сахна сыртындағы дауыс.
Адамдар әлі қалайша тірі?

Дженни.
Адамдар қалай тірі дейсің бе?
Қинайды, азаптайды, ұрып соғып қуады,
Қорлайды, еңбегін жейді, ұрлайды
Өзінің де сондай адам екенін ұмытады.

Хор.
Шындық осы, мырзалар, реніш ешбір болмасын
Қылмыс қана бізді асырап келеді осы күні.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

VII

Осы түні Пичем Тәж кигізу салтанатына орай өтетін ресми шараның шырқын бұзуға дайындалуда, бұл жоспарын аштық пен кедейлікке қарсы наразылық ұйымдастыру арқылы жүзеге асырмақ.

Пичемнің фирмасы.

Қайыршылар қолдарындағы тақтайшаларға «Бір көзімді корольге бердім» деген сияқты жазулар жазып, қарбаласып жатыр.

Пичем. Мырзалар, дәл осы мезетте Друри-Лейннен Тарнбриджға дейінгі аралықтағы біздің он бір филиалымызда мың төрт жүз отыз екі адам дәл осылай әзірлік жасап жатыр. Олар да Тәж кигізу салтанатына келеді (шығады).

Пичем ханым. Тезірек! Жұмыс істемесеңдер - қайыр да тілей алмайсыңдар. Сенің ғой, соқыр болғың келеді, бірақ «к» әрпін дұрыстап жаза алмайсың, мында жас баланың қолымен жазу керек, бұл плакатты шал алып жүреді.

Барабан дүрсілі естіледі.

Қайыршы. Дәл қазір король күзеті сап түзеп шығады. Ол байқұстар бұл айтулы күні істері бізбен болатынын білмейді.

Филч кіреді.

Филч (баяндайды). Пичем ханым, мында бір топ түнгі бикеш келіп тұр. Сіз ақша қарыз дей ме бірдеңе дейді.

Жезөкшелер кіреді.

Дженни. Сударыня...

Пичем ханым. Жұмыртқа тапқан тауықтай еліріп алыпсың ғой өзің. Макхит үшін ақша сұрап тұрған шығарсың? Түк бермеймін, естіп тұрсың ба, түк те татырмаймын!

Дженни. Түсінбедім, сударыня?

Пичем ханым. Түн ортасында мазалайды өздері! Есі дұрыс адам таң атпай біреудің үйіне келе ме? Жұмыстан кейін ұйқыларыңды қандырмайсыңдар ма? Түрлерін қарашы, адамның құсқысы келеді.

Дженни. Сонымен, сударыня, Макхит мырзаны ұстап бергенім үшін тиесілі сыйақымды төлеуден бас тартасыз ба?

Пичем ханым. Өте дұрыс айтасыз. Опасыздығыңыз үшін көк тиын да алмайсыз.

Дженни. Неге, сударыня?

Пичем ханым. Себебі Макхит мырза түрмеден қашып кетіпті. Енді үйді босатыңдар, кетіңдер.

Дженни. Не деген жүгенсіздік, бізбен бұлай ойнауға болмайды.

Пичем ханым. Филч, мына бикештерге жолды көрсетіп жіберші.

Филч бикештерге жақындайды. Дженни оны итереді.

Дженни. Тіліңізді тарта сөйлеңіз, әйтпесе...

Пичем келіп кіреді.

Пичем. Не болды? Ақша бермеген шығарсың деп сенем. Қалай, қыздар? Макхит мырза отыр ма түрмеде, жоқ па?

Дженни. Макхит мырза деп оның атын атауға қалай дәтің барады? Қара тырнағына да татымайсыңдар. Бүгін түнде бір ғана қонаққа қызмет көрсеттім, өзге уақытта жастықтан басымды алмай еңіреумен болдым. Қандай азаматты ақшаға саттым, құдайым-ау. Осылай, сударынялар. Бүгін таң алдында не болды деп ойлайсыңдар? Көз жасымды бұлап енді ұйқыға шома беріп ем, сырттан ысқырық естіледі. Қарасам, терезе түбінде жаңа ғана өзім ойлап, жылаған адамым тұр, кілтті таста деп қояды. Ол мені құшағына алып, опасыздығымды ұмыттырғысы келді. Макхит деген біле білсеңіз, Лондонда қалған ең соңғы джентельмен. Дәл қазір қасымызда Сьюки Тодри неге жоқ деп ойлайсыз? Біліп қойыңыз, Мак енді оны жұбатып жатыр.

Пичем (басқа жаққа қарап). Сьюки Тодри...

Дженни. Оның қара тырнағына да татымайтындарыңды енді түсіндіңдер ме? Арсыз есектер өңшең.

Пичем. Филч, тездетіп полицейлерге бар. Макхит мырза Сьюки Тодридің қойнында деп айт.

Филч кетеді.

Сударынялар, бізге шынымен не болды осы, әрине, ақшаларыңызды төлейміз. Селия, бетбақтанып, ұрсыса бергенше, сүйкімді бикештерге кофе ұсынбайсың ба?

Пичем ханым (кетіп бара жатып). Сьюки Тодри! ("Нәпсі балладасының" үшінші шумағын әндетеді).

Дар ағашының жанында бір адам тұр,
Жіп сабындалған, өмірмен қазір қоштаспақ.
Енді оған ешкім қайтып жоламайды.
Ойында не оның? Қыз-қырқын.
Мойнына жіп тағылса да,
Тағы бір ойнап-күлуден қашпас еді.
Нәпсі деген осы міне, қарағым.
Рухы да, жаны да қалмаған,
Сау тамтық жоқ өзінде.
Кеше ғана оны сатты нәпсісі
Ашулы ол, бірақ қазір бәрібір
Асылудан ұрғашыға тайынбайды әлі де.

Пичем. Тездетіңдер! Мен болмасам, Тарнбридж көшелерінде баяғыда мұз боп қатып жатар едіңдер. Сендердің кедейліктеріңді тиімді пайдалану жолын ойлап, қаншама түнді ұйқысыз өткіздім. Ақыр аяғында байлар жарлы-жақыбайларды аямай тонағанмен, олардың қайғы-қасіреттеріне дәттері шыдап қарап тұра алмайтынын түсіндім. Олар да дәл сендердей жігерсіз. Тамақ деген өлетін күніне дейін жетеді, қаласа бүкіл еденіне сары май жағып шығар еді, бірақ бейшаралар аштан құлап жатқан адамға жайбарақат қарай алмайды. Әрине, бір шарты ол адам оның терезесінің түбіне барып құлауы керек.

Пичем ханым кіреді. Қолында кофе сервисі сәндеп қойылған табақ.

Пичем ханым. Ертең кеңсеге келіп, ақшаларыңды аласыңдар, тек Тәж кигізу салтанатынан кейін келіңдер.

Дженни. Пичем ханым, алғысымды жеткізерге сөз таба алар емеспін.

Пичем. Сап түзеңдер! Бір сағаттан соң Букингем сарайында кездесеміз. Алға бас!

Кедейлер сап түзейді. Филч жүгіріп кіреді.

Филч. Ойбай! Жетіп үлгермедім, полиция бері келе жатыр!

Пичем. Тығылыңдар! (Пичем ханымға.) Барлығын алып кет. Мен «залалсыз» деген кезде....

Пичем ханым. «Залалсызы» несі, түк түсінсем бұйырмасын.

Пичем. Қайдан түсінуші ең. Мен «заласыз» деген кезде барып...

Есік қағылады.

Жаратушыға тәуба, кілт табылды! Түсінсең де, түсінбесең де, мен «залалсыз» дегенде ән шырқаңдар, болды, барыңдар!

Пичем ханым мен қайыршылар тығылады. «Әскери жүгенсіздіктің құрбаны» деген плакаты бар кішкентай қыздан басқалары оң жаққа, киім ілгіштің артына кетеді.

Браун, Смит және констебльдер кіреді.

Браун. Кедейдің досы болып табылатын мырза, бізді де әрекет барысында бір көріңіз, кісен кигіз, Смит. Керемет плакаттар. (Қызға) Әскери жүгенсіздік құрбаны кім? Сіз бе?

Пичем. Қайырлы таң, Браун, қайырлы таң. Жақсы ұйықтадыңыз ба?

Браун. Немене?

Пичем. Қайырлы таң, Браун.

Браун. Кіммен сөйлесіп тұр өзі? Арамызда біреуімізді танып тұр ма? Мен сізді білмейді екенмін.

Пичем. А, таныс емеспіз бе? Қайырлы таң, Браун.

Браун. Қалпағын қағып тасташы.

Смит бұйрықты орындайды.

Пичем. Ақыры осы жаққа бет бұрған екенсіз, Браун, сізден өте қатты өтініп сұраймын, Макхит атты қылмыскерді қайтадан тұтқынға алыңыз.

Браун. Мынау жынданған екен. Күлмеңіз, Смит. Одан да айтыңызшы, осы уақытқа дейін ол қалай бас бостандығынынан айырылмай келген?

Пичем. Себебі ол сіздің досыңыз, Браун.

Браун. Кім?

Пичем. Мэкки-Қанжар. Енді мен емес қой. Мен қылмыскер емеспін, жай ғана қайыршымын, сіңірі шыққан кедеймін. Сіз мені тұтқындай алмайсыз. Қазір, Браун, сіздің өміріңіздегі ең қиын сәт туып отыр. Кофе ішесіз бе? (жезөкшелерге). Жандарым менің, полиция бастығына да бір жұтым қалдырыңдар, әдептен озбаңдар. Біз септесіп күн көре аламыз. Барлығымыз заңның жағындамыз. Заң деген — өзін мұқтаждығына немесе надандығына байланысты бұзған азаматтарды пайдалану үшін ойлап табылған. Осыған сәйкес одан пайда көрем деген кез келген адам заңды бұлжытпай орындауға міндетті.

Браун. Сонда сіздіңше біздің сот жемқор ма?

Пичем. Керісінше, сударь, барлығы керісінше. Біздің сот әлемдегі ең әділ сот: оған дүниенің ақшасын берсең де жалған үкім шығармайды.

Тағы да барабан қағылды.

Әскерилердің шеруі басталды. Қайыршылардың қайыршысының шеруі жарты сағаттан соң басталады.

Браун. Өте дұрыс айтасыз, Пичем мырза. Жарты сағаттан кейін кедейлердің кедейі Олд Бейлидегі түрмеге жабылады. (Констебельдерге) Мында жиналған отансүйгіштерді түгел тұтқындаңдар (қайыршыларға). Браун-Қабылан жайлы естіген боларсыңдар. Пичем, бүгін түнде тығырықтан шығатын жол таптым, осының арқасында досымды ажалдан құтқардым. Ордаларыңның тас-талқанын шығарамын. Барлығыңа айып тағып, қамауға аламын. Не үшін дейсіз бе? Қайыршылық үшін. Сіз кеше қайыршыларды Патшайымға және маған қарсы қоямын дедіңіз. Бүгін сол үшін тұтқындаймын. Үйреніңіз.

Пичем. Өте жақсы. Сонда қайыршыларды ғана тұтқындайсың ғой?

Браун. Иә, мына мүгедектерді. Смит, бұл мырзалар бізбен барады.

Пичем. Браун, мен сізді асығыстық жасамаңыз деп сақтандырғым келеді. Құдай айдап, осында келгеніңіз үшін Жаратушыға мың да бір рахмет айтыңыз. Бұл адамдарды, әрине тұтқындай аласыз. Олар залалсыз, өте залалсыз.

Музыка. «Пенде шарасыздығы туралы ән»-нен бірнеше нота шығады.

Браун. Бұл не тағы?

Пичем. Музыка. Олар әлдері келгенше осылай көңіл көтереді. «Пенде шарасыздығы туралы ән». Естімеп пе едіңіз? Үйреніңіз.

Сары жарық. Органға жарық түседі Жоғарыдан үш шырақты шам түседі. Плакаттағы жазу:

«ПЕНДЕ ШАРАСЫЗДЫҒЫ ТУРАЛЫ ӘН».

Қайыршылар.
1
Тек баспен өмір сүру
мүмкін емес
Тек баспен битті ғана
асырау мүмкін.
Қулығы да адамның
Өз бойынан аспайды.
Кімнің қалай алдап жатқанын
Кім білдіреді саған,
Ақымақсың себебі.

2
Тамаша жоспар құр,
ақылыңды көрсет осылай
Тағы біреуін құр,
бірақ одан не пайда
Түк те пайда жоқ.
Азғындық қоры
Адамда өте аз
Тек ізгілік қана
Гүлдендіреді.

3
Бақыт іздеме,
Бір сәт аялда.
Бақытты қуып жүргенде
Ол артыңда қалады.
Адамзаттың бойында
Тәуба аз ғой.
Арман қуып қажеті жоқ
Ол тек алдайды біздерді.

Пичем. Өте керемет нәрселер айтып тұрсыз, Браун. Бірақ олардың шындықпен үйлеспейтіні өкінішті. Кімді тұтқындамақсыз? Тәж кигізу салтанатына орай шаттанып, шағын маскарад ұйымдастырған жастарды ма? Егер көшеге шын кедей-кепшік шықса не болатынын білесіз бе? Бұл арада шын жарлы жоқ. Сіз есептен қателестіңіз. Шын қайыршылардың қанша екенін білесіз бе? Егер шіркеу алдына олар барса, өте сұрықсыз картина болады. Олардың түрлері өте жаман. Браун, сіз бетін оба жеген жанның кескінін көріп пе едіңіз? Ал енді обамен ауыратын жүз жиырма адамды елестетіңіз. Жас патшайым обаны емес, раушан гүлін көріп әдеттенген. Мүгедек-кемістерді айтпағанның өзінде. Бұндай жағдайдың алдын алу керек, Браун. Сіз полиция кедей-кепшікті тізгіндеуге қабілетті дейтін шығарсыз. Бірақ бұған өзіңіз де сенбейсіз ғой, айтыңызшы, а? Егер Тәж кигізу салтанаты барысында полиция бір шетте алты жүз мүгедекті шоқпармен соғып жатса, қалай болады? Өте сұрықсыз картина. Мен тіпті жүрек айнытар картина дер едім. Тіпті ойлай бастасам, суық тер бұрқ ете қалады. Маған орындық беріңдерші.

Браун (Смитке). Бұл қоқан-лоққы. Бұл - бопсалау. Оған тиісуге болмайды. Қоғамдық тәртіп мүддесі үшін оған тиісуге болмайды. Ондай оқиға ешқашан орын алған емес.

Пичем. Ал бүгін орын алады. Сізге бір шындықты айтайын, Англия патшайымына не істесеңіз де өзіңіз білесіз, бірақ Лондондағы кедей-кепшіктің біреуінің аяғын басып кетсеңіз құрыдым дей беріңіз.

Браун. Демек мен Мэкки Қанжарды тұтындауға тиіспін ғой? Айтуға оңай. Адамды тұтқындау үшін, алдымен оны қолға түсіру керек.

Пичем. Өте дұрыс айтасыз. Оны алдыңызға өзім алып келмесем болмайтын тәрізді. Көрейік, әлемде адалдық деген қалып па жоқ па. Дженни, дәл қазір Макхит мырза қай жерде?

Дженни. Оксфорд-стрит, 21, Сьюки Тодридың үйінде.

Браун. Смит, дәл қазір Оксфорд-стрит, 21-ге, Сьюки Тодриге барыңыз.

Макхитты тұтқындап, Олд Бейлиге жеткізіңіз. Ал мен киімімді ауыстырайын.

Бүгін мерекелік костюмімді киіп шығуым керек.

Пичем. Браун, егер сағат алтыда ол дарға асылмаса...

Браун. О Мак, түк істей алмадым, қауқарсызбын (констебльдерді алып кетеді).

Пичем (артынан айқайлайды). Міне, сіз де бір нәрсеге үйрендіңіз, Браун!

Тағы да барабан соғылады.

Үшінші дабыл. Бағытты ауыстырамыз. Жаңа тапсырма - Олд Бейли түрмесі. Алға бас!

Қайыршылар кетеді.

Пичем (ән салады).
Бауырың мейірімсіз, қатал ма,
Бетінен салып қал
Сонда ғана түзеледі ол деген.
Адамда мейірім қоры өте аз
Бір-біріңді аямай
Беттен ұрыңдар, жарандар.

ШЫМЫЛДЫҚ

Дженни-Малина (рампаға шарманка ұстап жақындап, ән салады).

КЕМЕҢГЕР СОЛОМОН ЖАЙЛЫ ӘН

1
Кемеңгер Соломонды білесіз
Оның өмірі белгілі
Барлығына ой жүгіртіп
Өтеді де кетеді деп
Баға берген сабазың.
Өмірге келгеніне өкініпті деседі.
Ұлы еді, кемеңгер еді Соломон
Сонда одан не шықты?
Кемеңгерлік — сор екенін
Әлем содан түсінді.
Одан бойы аулақ жүрген
Адам ғана бақытты!

2
Сұлу Клеопатраның ақыры
Не болғанын біле ме екен жұртшылық.
Рим қаһармандарын тізе бүктіріп
Өзі де бір күн жоқ болды.
Не шықты сонда?
Неткен Патшайым еді
Не болды ақыры?
Сұлулық та сор екен
Одан ада адам ғана бақытты.

3
Батыр Цезарь да таныс бізге
Өлімі де белгілі.
Римдегі билікті тартып алып
Енді салтанат құрмақ ед
Бір мезетте тоңқалақ асты
Қызығын да көрмеді.
Жылдар өтті әлем ұқты
Батырлық та сор екен
Одан ада адам ғана бақытты.

4
Білімпаз Брехты да білесіңдер
Бұрын сіздерге ол ұнаушы еді.
Бірақ сауал қойып мазаны алды
Байды бай еткен кім деді.
Одан да құтылдыңдар содан соң.
Танымға ұмтылды Брехт,
Жылдар өтті әлем ұқты
Білімпаздық та сор екен
Одан ада адам ғана бақытты.

5
Өмірі қыл үстінде тұрған
Алдарыңызға Макхит шықты мінекей,
Ақыл-есін жоғалтпай,
Рұқсатпен тонағанда
Ол теңдессіз ұры еді.
Сезімге бой алдырып құрыды,
Ақырғы сәтте тұр міне.
Жылдар өтті әлем ұқты
Махаббат та сор екен
Одан ада адам ғана бақытты.

VIII

Жекеменшік үшін күрес.

Олд Бейлидегі бөлме.

Люси. Смит келіп кіреді.

Смит. Сударыня, Сізбен Полли Макхит ханым сөйлесемін дейді.

Люси. Макхит ханым? Кірсін.

Полли кіреді.

Полли. Амансыз ба, сударыня. Сударыня, амансыз ба деймін!

Люси. Не керек?

Полли. Танымадыңыз ба?

Люси. Әрине, таныдым.

Полли. Кешегі қылығым үшін кешірім сұрайын деп едім.

Люси. Қызық екен.

Полли. Кешіруге дәйек болатын жалғыз нәрсе — мен бақытсыз жанмын.

Люси. Иә-иә.

Полли. Сударыня, сіз мені кешіруге тиіссіз. Кеше Макхит мырзаға қарап, қатты ашуландым. Ол сізді бұндай жағдайда қалдырмауға тиіс еді, солай емес пе? Осы сөзімді оған жеткізіңізші.

Люси. Мен... мен... оның қайда екенін білмеймін.

Полли. Сіз онымен кездесіп жүрген шығарсыз.

Люси. Жоқ, кездеспеймін.

Полли. Кешіріңіз.

Люси. Ол сізді сүйеді.

Полли. Ах жоқ, ол сізді сүйеді, мен бұны өте жақсы білемін.

Люси. Сіз тым ақкөңілсіз.

Полли. Ах, сударыня, еркек заты әдетте өзін тым жақсы көрген әйелден бойын аулақ салады. Тастап кетеді. Оның сізге қарыздар екенін, тіпті менің өңім тұрмақ түсімде кірмеген деңгейде қарыздар екенін ұқтым.

Люси. Сіз осының барлығын шын айтып отырсыз ба?

Полли. Әрине, әрине, имандай шыным, сударыня, сеніңіз.

Люси. Сүйкімді Полли, екеуміз де оны шамадан тыс сүйдік.

Полли. Мүмкін. (Пауза.) Ал енді, сударыня, барлығының қалай болғанын айтайын. Он күн бұрын Макхит мырзаны тұңғыш рет «Теңіз жәндігі» қонақ үйінде кездестірдім. Қасымда анам болды. Содан соң бес күннен кейін, дәлірек айтқанда алдыңғы күні некемізді қидық. Кеше мен оның қылмыскер екенін, полицияның іздеуінде жүргенін білдім. Ал бүгін тіпті не істерімді білмей отырмын. Сонда, сударыня, он екі күн бұрын ғана бұндай күйге ұшыраймын деп ойламаған екенмін.

Пауза.

Люси. Мен сізді жақсы түсінемін, сүйкімді келіншек.

Полли. Макхит ханым деңіз.

Люси. Макхит ханым.

Полли. Соңғы уақытта мен ол туралы көп ойлайтын болдым. Қаражаяудың бірі емес. Сіздің көзіңізше өзін қалай ұстағанын еске алсам, қызғаныштан от боп жанамын. Мен кетіп бара жатқанда, егер анам болмаса, кетпес едім, ол тіпті селт етпеді. Жүрегі ет пе, тас па. Қалай ойлайсыз, Люси?

Люси. Не дерімді білмей отырмын, барлығына Макхит мырза кінәлі. Сізге өз ортаңыздан алшақтамау керек еді, сүйкімді келіншек.

Полли. Макхит ханым деңіз.

Люси. Макхит ханым.

Полли. Сіз өте дұрыс айтасыз. Маған іскерлік қарым-қатынас шегінен шықпау керек еді. Әкемнің тілегі де осы.

Люси. Әрине.

Полли (жылап). Бірақ ол - менің жүрегім ғой.

Люси. Сүйкімдім, ең ақылды әйелдің өзі бұндай жағдайда қалуы мүмкін. Бірақ ресми некелеріңіз қиылған жоқ, осыған қуаныңыз. Түріңіз жаман болып кетіпті, бұлай уайымдай бермеңіз. Бір нәрсе керек болса айтыңыз.

Полли. Не?

Люси. Жүрек жалғайсыз ба? Сусын ішерсіз, бәлкім?

Полли. Иә-иә, егер қиын болмаса.

Люси шығып кетеді.

О, салдақы!

Люси (кофе, тәтті нан алып келеді). Осы жеткілікті болар.

Полли. Мазаңызды алдым білем, сударыня.

Пауза.

Мына суретте ол сондай әдемі. Қашан әкеліп жүр?

Люси. Әкелгені қалай?

Полли (бейкүнә кейіппен). Қашан әкеліп іліп қойды деймін?

Люси. Бұл суретті ол ілген жоқ.

Полли. Сізге осы бөлмеде тапсырды ма?

Люси. Ол бұл бөлмеде болған емес.

Полли. Солай ма? Болса да, онда тұрған не бар. Өмір жолы бұралаң.

Люси. Не болса соны айтқанды тоқтатыңыз. Неменеге келдіңіз? Мақсатыңыз не?

Полли. Оның қайда жасырынып жүргенін білесіз ғой?

Люси. Сіз білмейсіз бе?

Полли. Жаныңыздың барында айтыңыз.

Люси. Білмеймін.

Полли. Шын сөзіңіз бе?

Люси. Білмеймін, шынымен сіз де білмейсіз бе?

Полли. Жоқ, масқара болды деген осы (күледі).

Люси жылайды.

Екеумізді де тақырға отырғызып, табанын жалтыратты десеңізші.

Люси. Не деген қатігездік...

Полли (көңілденіп). Осындай қайғылы оқиғаға ұшырасам да, ақыр аяғында сіз секілді жанмен табысқаныма қуаныштымын. Бұған да шүкіршілік. Бәлкім сен де аш шығарсың, тәтті наннан ауыз тиші өзің де.

Люси. Тәтті нан дейсің бе! Ах, Полли, бұншама мейірімді болармысың. Мен сондай жақсы емеспін. Еркектер біздің көз жасымызға татымайды.

Полли. Әрине, татымайды. Бірақ қайтпек керек?

Люси. Жоқ! Енді бар шындықты айтамын. Полли, ашуланбайсың ба?

Полли. Не болды?

Люси. Барлығы өтірік.

Полли. Не өтірік?

Люси. Мынау. (Ішін көрсетеді.) Қайдағы бір қылмыскерге бола осыған бардым.

Полли (күледі). Ах, не деген керемет! Бұл өтірік пе сонда? Не деген салдақы едің! Саған шынымен Мэкки керек пе? Егер таба алсаң, сен-ақ қарық бол, сыйлаймын саған!

Есік сыртынан аяқ дабыры, дауыстар естіледі.

Не болды?

Люси (терезе алдына келіп). Мэкки! Қайта қолға түсті.

Полли (дауысы өзгеріп). Бәрі бітті.

Пичем ханым келіп кіреді.

Пичем ханым. Ах, Полли, осында отырсың ба. Киіміңді ауыстыр, байыңды дарға асады. Жесірдің киімін алып келдім.

Полли киім ауыстырады.

Қара түс саған жарасады. Тек аз-маз күлімсіре.

IX

Жұма, таңғы сағат бестің кезі. Мэкки Қанжарды жезөкшелер екінші мәрте сатып отыр. Енді ол дарға асылады.

Өлім жазасына кесілгендер камерасы.

Вестминстер қоңырауы қағылады. Констебльдер камераға кісенделген Макхитты алып кіреді.

Смит. Бері әкеліңдер. Вестминстер қоңырауы қағылды. Бойларыңды жазыңдар, не болды түге. Немене ұнжарғаларың түсіп кеткен. Әлде ұяттан өртеніп барасыңдар ма? (констебельдерге). Қоңырау үшінші рет қағылғанда, алтылардың шамасында дарға асу рәсімі аяқталуға тиіс. Барлығын тездетіп әзірлеңдер.

Констебль. Ньюгейт көшелері халыққа толы, ары-бері еркін жүру мүмкін емес.

Смит. Қызық. Хабар қалайша тез тараған?

Констебль. Осылай жалғаса берсе, жарты сағаттан соң Лондон түгел құлағдар болады. Халық Патшайымды қошеметтеудің орнына осында келеді анталап. Патшайым болса, бос көшелерде салтанат құрады.

Смит. Сондықтан тездету керек. Алтыға дейін жайғасақ, жетіге дейін халық шеруге жиналып үлгереді. Алға бас!

Мак. Эй, Смит, сағат қанша?

Смит. Соқыр болып қалғансыз ба? Бестен төрт кетті.

Мак. Бестен төрт кетті.

Смит камераны сыртынан құлыптайды. Браун келіп кіреді.

Браун (Смитке, камераға сыртын беріп). Осында ма?

Смит. Көрісесіз бе?

Браун. Жо-жо-жоқ, барлығын өздерің атқара беріңдер (кетеді.)

Мак (кенеттен дауысын өте ақырын шығарып, түйдектетіп сөйлейді). Смит, қорықпаңыз, мен сізді сатып алуға тырыспаймын да. Барлығын біліп отырмын. Егер сатып алсам, сізге шетелге қашуға тура келер еді. Иә, иә, қашар едіңіз. Ол үшін сізді өмір бақиға жететіндей етіп қамтамасыз ету керек. Мың фунт, солай емес пе? Үндемеңіз. Жиырма минуттан кейін сол мың фунтты ертең тауып бере аламын ба, жоқ па, айтамын. Арандатып тұрған жоқпын. Әрі барып, жақсылап ойланыңыз. Өмір - шолақ. Ал ақша ешқашан жетпейді. Мың фунт таба аламын ба, жоқ па білмеймін. Бірақ мұнда кірем дегеннің бәрін жібере беріңіз.

Смит (ақырын). Не деген сандырақ, Макхит мырза.

Мак (ақырын, жылдам қарқынмен әндетеді).
Макхит сізден рақымшылық күтеді,
Ол ағашты саялап жатқан жоқ
Қара жерге тізе бүкті.
Қара жерді мәңгі мекеніне айналдырмақ.
Достар, достар, жалбарынам сендерге,
Мына қабырғаны бұзып жарардай
Ең ақырғы зарлы үнмен.
Өлген соң жаназа шығады ғой
Ол әлі тірі, Макхит тірі
Көмек күтеді сендерден!

Дәлізден Маттиас пен Джекоб көрінеді. Макхитке кірмек. Смит оларды тоқтатады.

Смит. Ей, не болды соншама, сүмірейіп қалыпсыңдар ғой.

Маттиас. Капитан ұсталғалы бері, бикеш біткен маған жабысатын болды. Оларға есуас деген анықтама алу үшін менімен болу керек екен. Ондай іске айғырдың қуаты керек, шамам жетпей бара жатыр. Капитанмен осының жайын ақылдасып алу керек.

Екеуі Макқа жақындайды.

Мак. Бестен жиырма бес кетті. Асықпайтын сияқтысыңдар...

Джекоб. Қалай болғанда да...

Мак. Қалай болғанда да мені дарға асқалы жатыр, ақымақ! Бірақ қазір сендермен ұрсысып тұруға уақыт жоқ. Өздеріңнің жеке қорларыңнан дәл қазір қанша бере аласыңдар? Дереу, дәл қазір.

Маттиас. Таңғы сағат бесте ме?

Джекоб. Шынымен жағдайыңыз қиын екен.

Мак. Төрт жүз фунт жете ме?

Джекоб. Ал біз қайтеміз? Басқа түгіміз жоқ.

Мак. Кімді дарға асқалы жатыр, мені ма, сендерді ме?

Маттиас (ашуланып). Қашудың орнына Сьюки Тодридің қойнына барып жатып алған кім? Біз ба?

Мак. Жап ауызыңды. Бес жарым болды, аздан соң мүлде басқа жақта жатуым мүмкін

Джекоб. Қайтесің, Маттиас, көну керек.

Смит. Браун мырза таңғы асқа не жегісі келеді деп сұрап жатыр.

Мак. Басымды қатырмаңдаршы. (Маттиаске.) Сонымен айтсаңшы?

(Смитке.) Қояншөп жеймін.

Маттиас. Немене айқайлайсың.

Мак. Айқайлап тұрғам жоқ. Жай... Сонымен, Маттиас, мені дарға асқызып қойып қарап отырасың ба?

Маттиас. Әрине, жоқ. Ол жайында сөз жоқ. Бірақ ақша - біздікі. Төрт жүз фунт шын мәнінде біздің ақша. Соны да айтуға болмай ма?

Мак. Бестен отыз сегіз минут кетті.

Джекоб. Тезірек болсаңшы, Маттиас, әйтпесе кеш болады.

Маттиас. Егер жолдан өте алсақ. Адам қаптап кетті.

Мак. Егер алтыға бес минут қалғанда қайтып келмесеңдер, мені бұдан былай көрмейсіңдер. (айқайлайды.) Қайтып көрмейсіңдер!..

Смит. Кетіп қалды. Қалай? (Ақша санаған тәрізді қимыл көрсетеді).

Мак. Төрт жүз.

Смит, иығын қиқаң еткізіп кетеді.

(Смиттің соңынан.) Браунмен тілдесуім керек.

Смит констебльді алып кіреді.

Смит. Сабындарың бар ма?

Констебль. Сапасы нашарлау.

Смит. Он минуттан соң барлығы дайын болуға тиіс.

Констебль. Аяқ қоятын тақтай істен шығыпты.

Смит. Ондай әңгіме айтпа, қоңырау екінші мәрте қағылды.

Констебль. Түрме емес, шошқа қора ғой бұл.

Мак (ән салады).
Қараңдар, жаназасы шығып болып қапты,
Макхит енді шынымен де банкрот.
Ақша үшін жан қиятын залымдар,
Өлтіріп қоя бермексіңдер ме азаматты.
Дарға асылған соң Макхиттан не пайда
Шошынған шошқа тәрізді шыңғырып
Патшайымға ұшыңдар барлығың!
Мен сорлының жайын айтыңдар бірігіп,
Өлім ауызында болып қажыдым
Көмектессеңдерші жылдамырақ!

Полли келеді.

Смит. Мен қазір жібере алмаймын. Сіз он алтыншысыз. Кезегіңіз әлі келген жоқ.

Полли. Он алтыншы деген немене! Бюрократ болмасаңызшы. Мен оның әйелімен, сөйлесуім керек.

Смит. Бес минуттан артық уақыт бере алмаймын.

Полли. Тағы не айтасың! Сандалма. Бес минут дейді ғой! Бір-екі ауыз сөз емес. Бұл дегенің мәңгілікке қоштасу. Бұндай сәтте ерлі-зайыптылар бір-біріне көп нәрсе айтуға тиіс. Қайда?

Смит. Көріп тұрған жоқсыз ба?

Полли. А, енді көрдім, рахмет.

Мак. Полли!

Полли. Иә, Мэкки, жеттім, міне.

Мак. Иә, әрине!

Полли. Қалың қалай? Көңіл-күйің жоқ қой. Иә, әрине, оңай емес, оңай емес.

Мак. Енді не істейсің? Енді күнің не болмақ?

Полли. Уайымдама, біздің фирма тамаша жұмыс істеп жатыр. Қатты қобалжып тұрсың ба? Әкең кім еді? Мен сені әлі күнге білмеймін. Не болғанын ұға алар емеспін. Дені-қарны сау адам сияқты едің.

Мак. Полли, сен мені бұл жерден шығарып ала алмайсың ба?

Полли. Иә, әрине.

Мак. Ақша керек, мен мында күзетшімен келістім...

Полли (жаймен). Ақша Саутгемптонға кетті.

Мак. Өзіңде бар шығар?

Полли. Жоқ, бұл жерде жоқ. Мэкки, қаласаң, біреумен сөйлесейін, көмек сұрайын... бәлкім Патшайымның өзіне барсам ба екен. (Жасып) О, Мэкки!

Мэкки!

Смит (Поллиды Мактан тартып алып бара жатып). Мың фунт жинай алдыңыз ба?

Полли. Қош бол, Мэкки! Мені ұмытпа! (кетеді).

Смит пен констебльдер үстел алып кіреді. Онда қояншөп салынған табақ тұр.

Смит. Қояншөп пісті ме?

Констебли. Дәл солай (кетеді).

Браун келеді. Ол Смитке жақындайды.

Браун. Смит, оған не керек? Таңғы асты мен келгенде бергенің дұрыс болды. Біздің ықыласымызды көрсін.

Браун мен Смит үстелді алып торға кіреді. Смит кетеді.

Пауза.

Сәлем, Мак. Қояншөбің, міне. Аздап жеп ал.

Мак. Әуре болмаңыз, Браун мырза. Маған соңғы рет құрмет көрсетуге жарайтын басқа да адамдар табылады.

Браун. Ах, Мэкки!

Мак. Менімен есептесуіңізді өтінемін! Асымды ішіп алайын. Бұл менің соңғы асым, сондықтан кішкене құрметпен қарауларыңызды өтінемін (жей бастайды).

Браун. Асың дәмді болсын. Ах, Мэкки, сен мені қызған темірмен шыжғырып жатырсың.

Мак. Есептесуіңізді өтінемін, сударь, өтінемін, есептесіңіз. Сезімге бой алдырмаңыз.

Браун (терең күрсініп қалтасынан кітапшасын шығарады). Міне, Мак. Соңғы жарты жылдың есебі мынау.

Мак (шалт сөйлеп). Мұнда ақшаңды сұрау үшін келдің бе?

Браун. Олай емес екенін білесің ғой...

Мак. Өте жақсы, сіз шығын шегуге тиіс емессіз. Қанша қарызбын? Бірақ есебіңізді негіздеп беріңізші. Өмір мені сақ етті... Бұны сіз жақсы түсінуге тиіссіз.

Браун. Мак, сен бұлай сөйлеген кезде мен түк ойлай алмай қаламын.

Сахна сыртынан ұрылған балға, шабылған ағаш т.б. дыбыстар естіледі.

Смиттің дауысы (сахна сыртында). Болды, енді оның салмағын көтереді.

Мак. Есеп, Браун.

Браун. Қоймадың ғой, жарайды. Біріншіден, сенің және сенің адамдарыңның арқасында қолға түскен қанішерлер үшін үкіметтен...

Мак. Әрқайсысы қырық фунттан үш қанішер, барлығы жүз жиырма фунт. Бұл соманың ширегі сенікі. Саған отыз фунт қарызбыз.

Браун. Иә, иә. Білмеймін, Мак, соңғы сәтіңді бұған жұмсамашы...

Мак. Сандырақтағаныңды доғар. Отыз фунт. Бізге сенім білдіргенің үшін сегіз фунт.

Браун. Қалайша сегіз фунт. Мүлде аз ғой... Біле білсең...

Мак. Маған әлде сенбеймісің? Сонымен соңғы жарты жылдықтың теңгерімі бойынша сіз отыз сегіз фунт аласыз.

Браун (өксіп). Өмір бойы мен....

Екеуі бірігіп. Сенің барлық тілегіңді орындап келдім.

Мак. Үндістанда өткен үш жылда — Джон бізге жалданды, Лондондағы бес жылда — Джимми қолға түсті, енді міне, барлық рахметің мынау болды (дарға асылған адамды салып көрсетеді).

Опасыз дос арандатты бейбақты

Адал еді, жақсы еді кезінде.

Боқтың қабы бос дене салмағын

Қыл мойын бір сезінер соңғы сәтте.

Браун. Мак, егер әңгіме осындай бағыт алатын болса, ар-намысыма тиме, қорлама мені, кешпеймін ондайды (ашуланып тордан шығып кетеді).

Мак. Сенің арыңа...

Браун. Иә, арыма. Смит, бастаңыз! Келушілерді кіргізіңіз (Макқа)

Кешір, өтінемін.

Смит (жылдам кіріп Макқа). Сізді әлі де құтқаруға болады, бірақ бір минуттан соң кеш, ақша таба алдыңыз ба?

Мак. Иә, егер жігіттер оралса.

Смит. Көрінбейді. Демек бәрі бітті.

Келген адамдар: Пичем, Пичем ханым, Полли, Люси, жезөкшелер,

священник, Маттиас пен Джекоб кіреді.

Дженни. Бізді жібермей қоймақ болады. Мен оларға дәл қазір кіргізбесеңдер істерің Дженни-Малинамен болады дедім.

Пичем. Мен оның қайын атасымын. Кешірім өтінемін, бұлардың қайсысы Макхит мырза?

Мак (өзін таныстырып). Макхит.

Пичем (темір тордың бойымен жүріп өтіп, басқалармен қатар оң жаққа тұрады). Тағдыр жазып, Макхит мырза, сіз маған күйеу бала болдыңыз, бірақ арнайы келіп таныспадыңыз. Алғашқы кездесуіміз өте жайсыз жағдайда өтіп жатыр. Макхит мырза, бір кездері сіз аппақ лайка қолғап киіп, пілдің сүйегінен жасалған мүлтіксіз әсем таяқ ұстап жүрдіңіз, мойныңызда тыртық бар еді, сізді үнемі «Теңіз жәндігі» қонақ үйінен кездестіруге болатын. Енді сол тыртықтан өзге ешнәрсеңіз қалмапты, ал ол өкінішке қарай, барлық белгіңіздің ішіндгі ең құнсызы. Темір тордың ар жағында отырсыз, сәлден кейін жер бетінен мүлде көшесіз.

Полли жылап, темір тордың бойымен жүріп, оң жаққа барып тоқтайды.

Мак. Көйлегің неткен әдемі!

Маттиас пен Джекоб темір тордың бойымен жүріп оң жаққа барып тоқтайды.

Маттиас. Топтың арасынан әрең өттік. Жүгіргеніміз сонша Джекобтың жүрегі тоқтап қалар ма екен деп қорықтым. Егер сенбесең...

Мак. Менің адамдарым не дейді? Жақсы жерлерге орналасты ма?

Маттиас. Капитан, түсіністікпен қарайтыныңызды біліп едік. Тәж кигізу күнде бола бермейді ғой. Адамдарға жұмыс істеу керек. Олар сізге сәлем айтып жатыр.

Джекоб. Шын жүректен!

Пичем ханым (темір тордың бойымен жүріп, оң жаққа барып тоқтайды).

Макхит мырза, бір апта бұрын «Теңіз жәндігінде» билеп жүріп, дәл осылай болады деп ойладық па?

Мак. Иә, «Теңіз жәндігінде» би биледік, рас.

Пичем мырза. Тағдыр - қатігез.

Браун (сахна қойнауында священикке). Біз бұл адаммен Үндістан жерінде майданда бірге болдық.

Дженни (темір тор жанынан өтіп бара жатып). Друри-Лейнде барлығымыз жаман болып жатырмыз. Ешкім Тәж кигізуге барған жоқ. Жұрттың бәрі сенімен қоштаспақ (оң жаққа тұрады).

Мак. Менімен қоштаспақ...

Смит. Кеттік, сағат алты болды. (Мэккиді темір тордан шығарады).

Мак. Біз ешкімді күткізбейміз. Ханымдар мен мырзалар! Алдарыңызда құрдымға кетіп бара жатқан қауымның құрдымға кетіп бара жатқан соңғы өкілі тұр. Майда дүңгіршектердің жұпыны кассасын адал сүйменмен бұзып ашатын бізді ірі кәсіпорындар ығыстыруда. Біз, қарабайыр баукеспелер акцияға қарсы тұра аламыз ба? Банкті тонау деген - банктің негізін қалайтын алаяқтардың іскерлігі жанында не? Адамды өз мүддеңе пайдаланудың қасында адам өлтіру деген не? Мен сіздермен қоштасамын, қадірлі жерлестер. Келгендеріңізге көп рахмет. Кейбіріңізбен мен өте жақын болдым. Дженнидің опасыздығы таң қалдырды. Бірақ бұның өзі дүниенің өзгермегенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Тағдыр тәлкегі түбіме жетті. Осылай тәмамдалдым.

Сары жарық. Органға жарық түседі Жоғарыдан үш шырақты шам түседі. Плакаттағы жазу:

МАКХИТТІҢ ЖҰРТТАН КЕШІРІМ СҰРАП АЙТҚАН БАЛЛАДАСЫ

Бауырларым, сендер қаласыңдар, мен кетем,
Өлімнің ақ жолы тұр алдымда.
Соңғы сәтте ақтық сапар алдында
Жүздеріңді жылытып, мейірім шашыңдар өтінем.
Шоқша сақалың шошаңдап
Күле көрме, бауырым.
Ашуланып, жазғырма,
Адам баласының қайсысы
Жеңілтектікке бой алдырмайды бір сәт.
Елдің бәрі салиқалы болса, шіркін.
Күнәм бар дейтін адам болса араңда
Мен үшін бір сәт жалбарына гөр Құдайға.
Бізді жаңбыр құйып жуындырар
Асыраған мәпелеп тәнімізді бір шаяр.
Көздегі тойымсыздықты көріп жүрген қарғалар
Шұқылап тәнді бір тояр.
Біз тым кеуде көтердік, керемет
Асып-тасып кетіппіз ойсыздықтан.
Енді, міне, тұғырымыз биікте
Желге ырғалып тұрмақпыз елден ерек.
Құстар ғана шоқиды
Тезекке ұқсатып жолда жатқан.
Бұл да бір сабақ,
Күнәм бар дейтін адам болса араңда
Мен үшін бір сәт жалбарына гөр Құдайға
Шешінуге дайын тұрар бикештер
Тән жылуын саудаға сап үйренген.
Мауыққан мысық сияқты марқайып
Қыз-қырқынға қылмыңдайтын еркектер.
Ант атқандар, қайыршылар,
Қаңғыбастар, жүргіштер,
Қанішерлер шімірікпейтін,
Барлығың да кешіңдер.
Полицияға ашулымын, жасыра алман
Тамақ орнына ағаш қабын шайнатты.
Қорлап, күліп қанымды қайнатты.
Дәл қазір қарғасам да жарасар
Бірақ оларды да кешірем.
Байланысып қайтем соңғы сәтте
Олардан да кешірім өтінем.
Ауыр балға қолға алып,
Полицияның миын шашса...
Қажеті қанша, шынымен
Тек кешірім өтінем.

Смит. Мінекей, Макхит мырза.

Пичем ханым. Полли, Люси, күйеулеріңді соңғы сәтте жалғыз қалдырмаңдар.

Мак. Қадірлі әйелдерім, арамызда қандай жағдай орын алмасын...

Смит (алып кетеді). Жүр!

Эшафотқа келе жатыр.

Барлығы сол жақтағы есіктен шығады. Екі есік те — кулиса жазықтығы. Содан кейін барлығы қолдарына фонарь ұстап сахнаның басқа жағынан шығады. Макхит эшафотқа шыға салысымен, Пичем көрермендерге қарап ән салады.

Пичем.

Қадірлі халайық! Макхитты дарға асар сәт туды,
Құдай әлемді осылай жаратты.
Тегін бақытқа кенелем дейтін,
Ақымақтың ақыры осы болмақ.
Бірақ бізді ақиқатты жақтаушы демес үшін
Басқа финал ойлап таптық қазір ғана
Макхит өлмейді, тірі қалады,
Барлығы жақсы аяқталады.
Ең болмаса операда,
Рақымшылық тұғырға шықсын.
Сондықтан жақсы хабар желбіретіп,
Король жаршысы жетеді осында.
Король жаршысы келеді.

Плакаттағы жазу:

ҮШІНШІ ҮШБАҚЫРЛЫҚ ФИНАЛ

Хор.

Тыныш! Шауып кім келеді?

Король хабаршысы емес пе!

Атқа мініп Браун — король хабаршысы келеді.

Браун. Тәж кигізу салатанатына орай Патшайым капитан Макхитты дереу босатуды бұйырды.

Шаттық орнайды.

Сонымен бірге оған дворян атағы беріледі...

Шаттық.

... Мармарел сарайы мен он мың фунтты құрайтын ғұмырлық рента тағайындалады. Ерлі-зайыптыларға Патшайым жалынды сәлемі мен ақ тілегін жолдайды.

Мак. Құтылдым, құтылдым! Иә, тағдыр соққыға алып, қинаған сайын бақыт та жақын маңда. Біліп едім осыны.

Полли. Қадірлі Мэкки, құтылдың, құтылдың! Не деген бақытты едім.

Пичем ханым. Сонымен барлығы сәтті аяқталды. Король жаршысы осылай дер кезінде жетіп отырса, өмір қандай тамаша болар еді.

Пичем. Сондықтан барлығымыз бірігіп, кедейлердің кедейінің зарлы әнін шырқайық. Дәл солардың соңғы сәті қайырымсыз. Етінен таяқ өтіп ашынған адам бас көтергенде, ешқашан Король хабаршысы келмейді. Тағдыр тәлікегіне төзімділік танытайық.

Барлығы (рампаға жақындап, органмен айтады).

Жауыздыққа төзіммен қарап үйреніңіз,
Өзі-ақ ғайып болады, жылусыз қар.
Жазмыш тезінен жан дауысы шыққан
Фәнидегі қыстың уіліне құлақ сал.

Соңы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар