Өлең, жыр, ақындар

Терең біліммен нұрланбаған талант – жиіркеніш тудырады

Шығармашылыққа келуіңіз неден бастау алады? Жалпы, шығармашылыққа қалай келдіңіз?

Жазуды үйренген сәттен, яғни бірінші сыныптан бастап жазамын. Жетінші сыныпқа дейін өлең жаздым. Аудандық «Екпінді еңбек» газетіне көп жарияландым. Ең алғашқы өлеңім «Гүлдер» деп аталатын. «Гүлдер, гүлдер көп гүлдер, Қызыл гүлдер көк гүлдер, Қыста да, жазда да Тұра берші, көп гүлдер». Бас-аяғы осы. Бірінші сыныптың екінші жартысында жазғанмын. Есімде сақталғаны — сыныптастарым мен мұғалімдерім менің осы өлеңді жазғанымды естігенде өте таң қалған. Бәлкім, әрі қарай шығармашылығымды жалғастыруға осы реакция себеп болған шығар. Ерекшеленген, топтан бөлінген ұнап қалған болар. Білмеймін. Жетінші сыныптан кейін ертегі, мақалалар жаза бастадым. «Қазақстан пионері» және «Екпінді еңбек» газеттеріне үнемі жарияланып жүрдім, жас тілші атандым.

Шығармашылық тәжірибеңіздің ұшталуына нендей жағдайлар әсер етті?

Жаза бергеннен кейін адамда өзіндік бір стиль қалыптасады. Шығармашылығы өзіне тән ерекшеліктерге, мінезге ие болады. Содан кейін сол бар нәрсені ұштау, жетілдіру өте маңызды. Ол үшін көп оқу керек. Көркем әдебиеттен бөлек, рухани, діни, психологиялық әдебиеттерге көңіл бөлу керек. Себебі жазушы адам жан-жақты жетілген, сұңғыла, білімді болмаса, оқырманға қызықты бола алмайды. Содан кейін адамдармен барынша көп араласқан, үлкендердің тәжірибесін, әңгімесін сіңірген пайдалы деп ойлаймын. Бұны өз тарапымнан, өз түсінігімнен айтып жатырмын. Әйтпесе әркімнің өз жолы, жөні бар ғой. Әмбебап әдіс жоқ.

Шығармаларыңыздың мазмұнының негізгі арқауы болар қандай деректерді жинақтап-сұрыптадыңыз? Жалпы, қандайда бір жазушылардың еңбектері сіздің шығарма жазу барысыңызға септігін тигізді ме?

Иә, әрине. Кез келген тақырыпқа бармас бұрын оны жан-жақты зерттейсің ғой. Ғылыми тұрғыдан, тарихи тараптан, эзотерикалық ракурстан, психологиялық жағынан. Оның бәрі қағазға түспесе де, жазушы адамның бойында тұру керек. Сонда сөзбен айтып баяндалмаса да, энергиясы жетеді. Жазушының интеллектуалдық деңгейі қарапайым ғана он сөйлемнен тұратын әңгімеден де аңғарылады. Шығармаға арқау болған тақырыпты алып шығуға көп автор септігін тигізеді. Бір немесе екі адамды атай алмайсың. Негізі көркем әдебиет деген кешенді жұмыс қой.

Сіз үшін орасан тәжірибе, үлгі-өнеге мектебі болған ұлттық әдебиетіміздегі көркем туындыларды атап бере аласыз ба? Не себептен?

Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин шығармалары шығар. Себеп — осы екі авторды ерте кезде оқып, қатты әсерленгендігімнен болар. Мектеп қабырғасында «Абай жолын» түгел бастан-аяқ екі мәрте оқып шыққанмын. Қатты ұнайтын. Содан соң оқымаппын. Бірақ әлдебір сәулесі сөзсіз қалды. Мұхтар Мағауин ағаны студент кезімде, осы АГУ-дың фил фагында жүргенде, бір шығармасын қалдырмай түгел оқыдым. Бұл жазу стиліме әсер еткен сияқты. Содан кейін кей аңғарымпаз әріптестерім «Мағауинге еліктейтін сияқтысың» деп айтатын. Солай болған да шығар.

Күнделік жазасыз ба және күнделік жазудың шығарма жазу барысында тигізер пайдасы бар ма? Қай жағынан?

Күнделікті мектепте, студент кезде жаздым. Содан соң жазбайтын болдым. Қажеттілік сезінбеймін. Пайдасы жайлы айту қиын. Бұл жеке, әлдебір мінездік ерекшеліктерге қатысты дағды сияқты.

Шығармашылық процеске қай уақытта кірісесіз? (Жаз, күз, көктем; таңертең, кешке...)

Маусымдық өзгерістерге тәуелді емеспін. Таңертең немесе күндіз жазамын. Түнде жазсам, тек монологтар жүреді. Оқиғаны өрбіту, диалог құру - тек күндіз.

Шығарма жазуға кірісер алдында ерекше бір жағдайлардың болуын қажет етесіз бе?

Тыныштық. Үйде тек бір өзім қалуым керек. Басқа адам тіпті басқа бөлмеде отырса да, жаза алмаймын. Сондай қиын жағдай.

Жалпы, шығарма жазу барысында жоспар құрасыз ба және сол жоспар бойынша жұмыс істейсіз бе? (Жоспар құру несімен ыңғайлы?)

Әр шығарманың жазылуы әрқилы. Кейбірі мектептегі кәдімгі шығарма жазғандай бірінші, екінші деп жоспар құрып, сол бойынша жазып шығуға көнеді. Кейбірін финалдан бастап жазасың. Яғни финал бар, бірақ ортасы, басы жоқ. Алдында не оқиғалар болғанын білмейсің. Кейбірінің тек бас жағы келеді де, әрі қарай не болатынынан бейхабар жүресің. Күтесің. Өзі әйтеуір бір күні айқындалып, сұлбаға ие болады. Кей кейіпкер ырқыңа көнбей басқа сипат, басқа тағдыр алып кетеді. Кейде бәрі жуас, не істесең де өзің білесің. Кейбірін жылдар бойы пазл жинағандай кішкентай бөлшектерден жинайсың. Кейбірі жарты күнде түгел құйылады. Әйтеуір менде осылай.

Шығармашылық жұмыс үстінде, жазу процесінде сіздің өзіндік жазу тәсіліңіз, дағдыңыздың астарында ерекше бір құпия бар ма?

Ешқандай құпия жоқ сияқты. Жазу да кәсіп қой. Етікшінің, тігіншінің қандай құпиясы болу мүмкін? Мәселе тек шеберлік деңгейіне тірелетін сияқты. Өмір бойы сол машықты тірнектеп жинайсың да, жұмыс барысында пайдаланасың.

Дайын шығармаларыңызға көңіліңіз толмай қайта қарап, толықтырулар енгізген кездеріңіз болды ма?

Иә, әрине, ол үздіксіз процесс қой. Әңгіме жарияланғанша немесе пьеса болса, қойылғанша өзгерістер жасалады. Бірақ шығып кеткеннен кейін түзеу қиын. Менің қайта оқуға, қарауға құлқым да болмайды. Бірақ көп жазушылар шыққан кітаптарын да түзетіп, толықтырып, өзгертіп жатады. Ондай адамдарға үлкен қызығушылықпен қараймын.

Шығармаларыңызды қолмен қаламмен қағаз бетіне түсіріп жазасыз ба, әлде бірден компьютерге тергенді дұрыс көресіз бе? Не себепті?

Жеңіл-желпі нәрселерді бірден компьютерге теремін. Ал толғанысты, ауыр мезеттерді, үлкен сипаттауларды, психологиялық иірімдерді керек ететін тұстарын тек қаламмен қағазға жазамын, содан соң компьютерге түсіремін. Негізі компьютерге тергенде шығарманың әлдебір қасиеті кетіп қалатын сияқты.

Шығармаларыңыздың бастапқы түп нұсқасын сақтайсыз ба, әлде соңғы толыққанды нұсқасын ғана өзіңізде қалдыруға тырысасыз ба?

Барлық нұсқасын сақтауға тырысамын. Себебі әртүрлі жағдайлар болып жатады. Заңдық тұрғыдан дәлелдеулер керек болып қалуы мүмкін. Сол үшін.

Шығарма жазу барысында қиындық туғызатын не нәрсе деп ойлайсыз?

Ол жағын білмедім. Жазуға ниеттенгеннен кейін жағдайды барынша сайлап аласың ғой. Физикалық тұрғыдан айтамын. Ал тақырыпты зерттеу үшін интернет бар, кітапханалар бар. Қазіргі заманда ешнәрсе қиындық туғызбауға тиіс негізі.

Шығарма жазу үшін шабыттың келуін күту дұрыс па? Өзіңізге шабыт қаншалықты жиі келеді?

Менің үлкен ұстазым, үлкен жазушы Таласбек Әсемқұлов марқұм «шабыт деген балаң кезде керек, жазушы мастер болғанда кез келген уақытта, шемішке шаққан сияқты отыра қалып бастаған жұмысын жалғастырып әкетеді» деп айтатын. Бала кезде бұл таң қалдыратын, мүлде ақылға сыймайтын. Ал қазір солай екенін мойындайсың. Шабыт - ерекше күй қой. Орысша «измененное состояние сознание» дейді. Ол шамандарда, ақындарда болады. Ал жазушы үшін қаншалықты қажет — білмеймін. Менде шабытқа тәуелділік жоқ.

Шығармаларыңызда прототиптерді жиі қолданасыз ба?

Әрқалай. Көп жағдайда жоқ, қолданбаймын. Себебі бір адамның шегінде қалу — оқырман үшін де, мен үшін де тым қызықсыз болатын сияқты.

Дәл қазір қандай шығарма жазу үстіндесіз? Кімнің кітабын оқып жатырсыз?

Қазір жаңа пьеса жазып жатырмын. Тарихи тақырып.

Кітап оқу — мен үшін әдет, дағды. Ешнәрсе оқымай жүру деген — ауа жұтпай жүру деген сияқты ақылға сыйымсыз жағдай. Планшет арқылы, телефон арқылы үнемі оқимын. Бірақ атап айтатындай айшықты ешнәрсе оқып жүрген жоқпын. Көбінесе психологиялық әдебиет немесе пьеса тақырыбына қатысты мақалалар, тарихи деректер қараймын.

Шығармашылық жолыңыз жеке өміріңізге әсерін тигізбей ме? Жалпы, жақындарыңыз сіздің шығармашылық өміріңізге қалай қарайды?

Менің достарым, жақындарым — барлығы шығармашыл адамдар. Жазушы немесе өнерде жүрген жандар. Оларды шығармашылық өмірмен, одағай ерекшелікпен, мінезбен таң қалдыру қиын. «Досыңның кім екенін айтсаң, мен саған өзіңнің кім екеніңді айтамын» дейді ғой. Бәріміздің илегеніміз бір тері. Басымыздағы күйді көзбен-ақ ұғатын жағдайға жеткен сияқтымыз. Сондықтан еш түсінбеушілік тумайды.

Шығармашылық жолына енді қадам басып келе жатқан жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

Реті келсе, мүмкіндік болса, шығармашылықпен айналыспауға кеңес берер едім. Мен мысалы балаларымның жазушы, ақын немесе қандай да бір өнер адамы болғанын қаламаймын, ол өмірді тілемеймін. Ауыр жол, соқтықпалы, соқпақсыз. Дерт. Ал егер жазбауға еш мүмкіндік болмаса, таңдаған кәсіпке адал болу керек шығар. Барынша жан-жақты дайындалу керек, білімді, білікті болу керек. Себебі терең біліммен нұрланбаған талант — жиіркеніш тудырады.

Сұхбаттасқан: Бота Батырбекова

«Хабаршы» апталығы

Сәуір, 2017


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер