(Мадина Омарованың шығармашылығы хақында)
Мадина Омарованың шығармасымен студент кезімізде «Жамбыл» журналынан танысқан едік. XX ғасырдың сөзге бай жазушыларының көлемді дүниелерімен «ауырып» жүрген біз үшін ол кезде Мадинаның қысқа монолог пен диалогқа құрылған туындыларының тілі жалаң, сөзге сараң секілді әсер бергені рас. Дегенмен, әңгімелерді оқыған соң шығарманың оқырман жанын бей-жай қалдырмай, тіпті, қысқа ғана туындылардың осынша зор әсер қалдырғанына таң қалып, «осылай да жазуға болады екен» дегізгені және рас. Ол кезде белгілі жазушы Несіпбек Дәутайдың: «Шығарманың қуаты — оқырманға қалдырған әсерінде» деген сөзін естімеген кезіміз болатын. Көп уақыт өтпей жазушының «Ана ғұмыр», «Қадір түні» кітаптарымен таныстық.
Бүгінде әдебиетіміз жаңа, соны құндылықтармен толығу үстінде. Кешегі социалистік реализм кезеңінде қалыптасқан көпсөзділік, қызыл сөзге басымдық берушілік бүгінде оқырман талғамына жауап бере алмай отырғандығын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Әлбетте, бұл көлемді шығармалардың дәурені таусылды деген сөз емес. Тек, ұзын-сонар баяндау мен әсіре суреттеудің заманы өтті ме дейміз. Өз кезегінде бұны тәуелсіздіктен кейін келген қаламгерлер жақсы түйсінді. Содан ба екен, әңгіме жанрының дәурені жүріп-ақ тұр. Аз сөзбен оймақтай ой айтатын қаламгерлер молайып, түрліше эксперименттерге «ауыз салды». Жаңа бағыттағы соны стилдік, тілдік ізденістер өз нәтижесін беріп те келеді. Әсіресе, экзистенциализм ағымы, айтпақ ойды кейіпкерлердің реалистік психологиясы арқылы жеткізу əдеби тенденциялардың біріне айналды. Әдебиеттегі сана ағымы, жаңа философиялық таным көркемдік ерекшеліктермен берілген шығармалар қатары молая түсті. Бұған бүгінгі қазақ прозасына жаңаша серпінмен келген жазушы Мадина Омарованың шығармалары толық дәлел бола алады. Жазушының адам болмысындағы қайшылықтарды жеткізудегі терең суреткерлігі расында сәтті шыққан.
Рухани тоқыраған кейіпкерлер мен қатыгез "қаһармандар"
Белгілі сыншы Әмина Құрманғалиқызы жазушы Несіпбек Дәутай шығармашылығы жайлы «Аты жоқ әңгіме» немесе айдың арғы беті» мақаласында қаламгердің шығармасындағы кейіпкерлерді былайша тізеді: «Жұмыссыздар. Сейфуллиндегі жігіттер. Саиндағы қыздар. Белсіз еркек, бедеу қатын, лақтырылған сәби. Көңілдестен тоқалға айналған қыздар. Ой — шорқақ, тіл — мақау мәңгүрт ұрпақ. Бір жезөкшені кезек пайдаланып отырған қасиетсіз әке мен қарғыс атқан ұл. Бабасының зиратын сырып тастап орнына ресторан салып жатқан бизнесмен. Әрқайсысы өз ата-бабасынан бір батыр не би шығарып, соған өз көшесінің атын беріп, ескерткіш орнатып жатқан ессіз тобыр. ...Өлсем де кітабымды шығарам деп, көрінген есікті жағалап, көрінгенді көкелеп жүрген дарынсыз жазушылар. Жоғарыдан үлкен кісі келеді деп 3-4 адамға сөз үйретіп жатқан әкім-қаралар. Парақорлар, жемсауын толтырып шетелге қашқан чиновниктер, байы — асқан бай, кедейі — асқан кедей. Қадірі кеткен мұғалім, сатып алған диплом, білімсіз дәрігер… Міне, Дәутайұлының кейіпкерлері». Расында бүгінгі қоғам шындығын әшкере ететін, ақиқаттың сыздаған жарасы болған бейнелер. Несіпбек ағамыздан кейінгі жалпыға ортақ мәселелер мен қоғам дертін өзек еткен шығармаларымен көзге түскен қаламгерлер ішінде Мадина Омарованың да орны бөлек. Қаламгер туындыларынан сан алуан кейіпкерлер тағдырын көресіз әрі ол кейіпкерлер жазушы қиялынан туындаған көркем образдар ғана емес, күнделікті айналамызда өзіміз куә болып жүрген бейнелер. Дегенмен, бірыңғай сондай кейіпкерлерден құралған жазушы кітабын бастан-аяқ оқып шыққанда бүгінгі қоғам келбетінен жеркеніп, еріксіз қорқыныш қоршауында қаласыз. Мәселен, жаны жүдеген, жалғыздық дертіне шалдыққан, шектен тыс эгоист әрі садист, сезімнен ада қатігез жандар, интимдік қатынасты білетін бес жасар қыз, әпкесінің өліп қалғанын жайбарақат баяндайтын сәби, нарцистік психология, ит пен мысықты серік етіп, қапаланған қарттар, қуыршақты бала қылған келіншек, әке-шешенің тәрбиесіне қанып өспеген ұрпақ сынды образдар қоршаған ортамыздың рухани дағдарысының картинасы деп айтсақ болар. Мысалы, «Күзгі бір кеште» әңгімесінде кішкентай Жанна есімді бес жасар қыз үлкендердің ұятты қылықтарын қайталайтын болса, «Коньяк қосылған кофе» драмасында да Батыр мен Шәменнің қызы сондай ұятты қылықты қуыршағына қайталайды. Жантүршігерлік бұндай оқиғалар бүгінде көрініс тауып отырғаны рас. Соңғы уақыттары педофильдік қылмыстар көбейіп кеткені де жасырын емес. Бұл — бүгінде бүкіл қоғам трагедиясы. Бұндай жағдайлардың барлығы тексіздіктен, ата-ана тәрбиесінің жетіспеушілігінен екенін жазушы әр шығармасында шегелей түседі. Мәселен, «Мен əкемнің кім екенін де білмеймін, шешемнің өзі де білмейді. Сұрай қалсам, шатасып екі-үш кісінің атын айтады» деп жымиятын Шəмен (Коньяк қосылған кофе), мысығы үшін жақынынан безінген жан (Мысық), Бағлан деген досымен кездесуге барып, жанындағы бейтаныс жігітпен «жақындаса» салатын Айжан сынды (Қарғалар) сан алуан образдар — сондай тексіздіктің құрбандары. Иә, Мадина рухани кеселге шалдыққан қаһармандар арқылы арқылы адам жанының арпалысын ашуға көп талпыныс жасайды. Осы ретте оны қазақ әдебиетінде қала прозасын дамытушы жазушы деп айтсақ та болатын шығар.
Мистик әрі садист жазушы
Жазушының «Гүлжамал» атты әңгімесінде жасы он төртке толмаған Гүлжамал есімді қыздың психологиясы тым күрделі. Әңгіме басынан-ақ оның қатыгез мінезі қылаң береді — есік алдында аяғына оралған Ақтөс итін теуіп жіберуі. Қыз болғанмен ер балаға тән мінезімен ол қыздардың нәзіктігін, «не болса соған жылай салатын» әрекеттерін жек көреді. Сіңлісі Майраның әжетханаға қамалып, шыға алмай жыап отырған дәрменсіз қылығы да оның жүйкесіне тиеді. Оның алдында «әжетханаға кірме, түсіп кетесің» деп ескерту жасағанын айтқан оның қатыгездік қырын жазушы былай бейнелейді:
«...Ол есікті жұлқып тартып қалғанда, ескі ағаш дәретхана солқ ете түскен. Бүрісіп бұрышқа тығылған Майраны қолынан тартып орнынан тұрғызды.
— Міне, мына тесікке түсіп кетесің. Алдымен былай аяғың кіреді. Содан кейін белің кіреді.
Жанұшыра тырмысқан кішкеннтай қыздың қобыраған ұзын шашы аузына кірді. Әсіресе шырқыраған ащы үні ашуын қоздырған. Басын оңай тықты. Содан кейін былш еткен жағымсыз дыбыс. Майраның әлсіз құмыққан үні естілді. Ол кеудесінің ауыр жүк түскендей жеңілдегенін сезінген». Садизм деген осы болар, сірә. Себебі, дәрменсіз сіңлісін әжетхана ішіне тастаған кейіпкердің одан кейінгі әрекеті төмендегідей: «Үйге кіріп, теледидарды қосты. Мультфильм көрсетіп жатыр екен. Ол төсегіне қайта құлады». Болды. Бұндай қатыгез сюжетті әңгімелер жазушыда аз емес. «Қатыгездік» әңгімесінде де біз бүгінгі технократтық заманда адамның сезім атаулыдан жырақтап бара жатқанын байқаймыз. Бұл шығармаларды оқып отырғанда бүгінде азиаттық киноларда қатты көрініс табатын садисттік сюжеттер көз алдыңа келеді..
«Сен адам өлтіріп көріп пе едің? Алқызыл ыстық қан алақаныңды жуып, жүрегіңде мұз боп қатып жатқан кесек кекке нұрша құйылған сəтті бастан кешіп пе едің. Қан, тек қан ғана жуа алатын, тазарта алатын кек болады өмірде...», дейді Шәмен есімді кейіпкер (Коньяк қосылған кофе).
Поэтикалық проза деуге болады
М.Омарованың шығармаларын оқу — депрессиялық көңіл-күй сыйлайды. Әр әңгімесінен шөкімдей болса да мұң жұқтырып аласыз да, бұл күйіңізді қалай суреттеуге болатынын білмей дал боласыз. Бұл жағынан келгенде жазушының шығармаларын поээзияға тән деуге болады. «Емші апа», «Құдайы тамақ», «Таң алдында», «Күзгі бір кеште» сынды әңгімелері соның дәлелі. Жазушы Дидар Амантай прозаны — әлеуметтік-антропологиялық, фантастикалық, коммерциялық немесе детективтік, философиялық немесе метафизикалық, ақындық, яки поэтикалық проза деп бес түрге бөліп, ішіндегі шоқтығы биігі ақындық проза деп санайды. Мадина Омарованың да шығармашылығын ақындық прозаға жатқызар едік. Әсіресе, «Қоңыр әуен» атты әңгімесі бұл үдеден толық шығатынына сенімдіміз.
«Мен бұлбұлдың сайрағанын ешқашан естiген емеспiн. Естiген күннiң өзiнде қасымда оның басқа емес, бұлбұл екенiн түсiндiретiн адам болмаса, танымасым анық. Бiрақ, маған бәрiбiр бұлбұл ұнайды. Әбден жауыр болған, ғасырлар бойы айтыла-айтыла ескiрген атағымен, әсiресе мен үшiн беймәлiмдiгiмен…».(Мадина Омарова. «Қоңыр әуен»)
«Ғажайып көл» және жапон анимесі
Жазушының шығармаларын азиаттық киноларға бекер ұқсатқан жоқпыз. Мәселен, жасандылығы жоқ, шынайы бейнелеулер Нури Бильге Джейланды, қысқа-қысқа диалогтармен, кейіпкерлердің сөзге сараңдығы Ким Ки Дукті, садизм жағынан Пак Чхан Укті, психологияны жеткізу тұрғысында Вонг Кар Вайды еске түсіреді.
Жазушының «Қоңыр әуен», «Түйсік», «Құдайы тамақ», «Таңғы этюд» сынды әңгімелерінен — психологялық драма, «Күзгі бір кеште», «Жұмбақ», «Коньяк қосылған кофе» сынды туындыларынан - мистикалық, триллерлік қысқаметражды фильм түсірсе біздің режиссерлер үшін үлкен олжа болар ма еді.
Сонымен қатар, Мадина Омарованың «Ғажайып көл» деген ертегі-повесті бар. Соны оқып отырғанда есімізге жапон елінен көш тартқан аниме жанры орала берді.
Бүгінде күн шығыста жатқан жапон елінің «аниме» атты анимациялық мультфильмдер желісі тек елдің өзінде ғана емес, бүкіл әлемге танымал болып отыр. Анименің қарапайым мультфильмдерден айырмашылығы көрермендері тұрақты балалар емес, орта жасқа да және үлкендерге де арналғандығында және бір анименің өзінде түрлі жанрлар мен кейіпкерлер тоғысқандығында. Аниме жалпы көрерменге арналған серия түрінде және жеке қызығушыларға арналған арнайы фильм ретінде де көрсетіледі. Акира Куросава, Макото Синхай и Хаяо Миядзаки түсірген анимелер әлемде үлкен беделге ие.
Мадина Омарованың қысқа әңгімелері Макото Синхайдың психологиялық, романтикалық драмаларын, «Ғажайып көл» ертегі-повесті Хаяо Миядзакиді еске түсіреді. Бұл ертегі-повесть, әсіресе, автордың «Елестер елінде» (Унесённые при́зраками) атты анимесіне келеді. Анимелердің ішіндегі ең атақтысы да — осы. 274 миллион АҚШ доллардай табыс әкелген бұл фильм атақты голливудтық «Титаник» фильмін де шаң қаптырып, «Ең үздік толықметражды анимациялық фильм» аталымымен «Оскар» жүлдесін де жеңіп алған болатын. Жә, ол бөлек әңгіме.
Енді Мадина Омарованың «Ғажайып көл» туындысы мен аталған анименің өзара ұқсастығына азырақ тоқталсақ.
«Елестер елінде» фильмінде Тихиро Огино есімді 10 жасар қыз жаңа үйге ата-анасымен бірге көшіп келе жатып елестер мен құбыжықтар мекен еткен әлемге тап болса, «Ғажайып көл» атты ертегі-фэнтези бүгінгі заманда өмір сүретін, жазғы демалыстарын Англияда өткіземіз деп отырған апалы-сіңілілі екі қызды әкелері шешімін күрт өзгертіп, шалғай ауылдағы атасы мен апасына апарып тастауынан басталып, олар да айдаладағы ауылда ертегілер әлеміне тап болады. Фильмде белгісіз елдегі дастарханнан мешкейленіп тамақ жеген он жасар қыздың ата-анасын мыстан Юбаба шошқаға айналдырса, ертегідегі мыстанның ұлы да тамақты мешкейленіп жеген шошқа тектес болады және анимеде Тихиро мыстанның моншасына жұмысқа тұрып, ата-анасы мен өзін бұл мекеннен алып шығудың жолын қарастырып, көп қиыншылық көрсе, жазушы жазған ертегіде қос кішкентай қыз қатерге тап болған достары үшін мыстанның ұлына тұрмысқа шығуға келісім беріп, хан жарлығын орындауға мәжбүр болады. Шым-шытырық оқиғаға құрылған қос туынды да уақыт пен кеңістік аясындағы өмірді суреттеп, онда өмір философиясы мен мифтік сарындар нышан береді. Бұл ретте екі туындыдан да оқырман қауым онейрикалық әсерге бөленеді.
«Коньяк қосылған кофе» мен Агата Кристидің шығармасының қай жері ұқсас
«Коньяк қосылған кофе» драмасының тақырыбының астындағы (Хичкокшалағанда) дегенді оқып, жазушының сауатты кино көрермені екендігін байқадық. Атақты ағылшын кинорежиссері, детективті және триллер мен қорқынышты фильмдері арқылы өзіндік қолтаңбасын қалдырған Хичкок Альфред үлгісінде жазған жазушының драмасын оқып отырғанда біздің есімізге Агата Кристидің әйгілі шығармасы оралды. Шығарма аты — «Кофеден болған кісі өлімі» («Убийство за чашкой кофе» басқа нұсқасында «Коттедж Соловей» немесе «Чисто английское убийство» деп те аталады). Енді қысқаша мазмұндама берсек.
Дик Гордан есімді азамат Элис аруға 11 жыл бойы ғашық болады. Бірақ, ғашығы Элис Джеральд Мартин есімді азаматтың етегінен ұстап кете барады. Кейіннен Элис қосылған жарының кісі өлтіруші қылмыскер екендігін, оның жасырын атпен қашып жүргендігін, алдыңғы әйелдерін байлығын иемденген соң өлтіргендігін біліп қояды. Енді Элис өзінің кезекті құрбан болатын сағаты жақындағанда күйеуіне кофе қайнатып береді. Шығарманың шарықтау шегі осы жерден басталады. Мадина Омарованың драмасында оқиға желісі мүлде басқаша болғанмен мұнда да шығарманың шарықтау шегі Шәменнің күйеуі Батырға кофе қайнатып беруімен басталады. Екі шығармада да кофе кейіпкерлерге ұнамайды, өйткені: «Ол әдеттегіден ащы». Ағылшын жазушысындағы Элис кейіпкер кофенің жаңа түрін қайнатқанын айтса, Шәмен кофеге коньяк қосқанын айтады. «Мен саған шындықты айтайын» деп бастайды Элис сөзін. Шәмен де ауыр әңгіме бастағалы отырғандығын айтады. Бір қызығы, қос шығармада да Элис пен Шәменнің бұрынғы күйеулері жүрек талмасынан қайтыс болғандығы баяндалады. Қос шығарманың ұқсастығы тек кофені кейіпкер шындығын ашушы деталь ретінде пайдаланғанында ғана. Агата Кристидің шығармасында таза детективті оқиға болса, мұнда психология мен мистика қатар өрбиді. Бізге Мадина шығармасының көтерген жүгі мен драманың кульминациясы қатты ұнады. Тектілік пен тексіздіктің ара жігін ашып, тексіздік пен арсыздықтың соңы трагедиямен аяқталатынын, арнайы бейнелеу, суреттеусіз, кейіпкер әрекеттерімен-ақ шебер бейнелеген жазушы шығармасының қуаты — біздің қоғамымыздың айнасы бола білгендігінде. Жазушы Қ.Түменбай тектілікті шыңырау құдыққа теңеп, «оның суы мөлдір болғанындай, тектілік те мөлдір болады» — дейді. Мұндағы шығарма айтпағы да сол тұнықтықтың лайланғаны болып тұр. Драмадағы Батыр ата-анасы тірі, бай-қуатты бола тұра тірі жетімдікті көріп өседі. Өйткені, ата-анасы Батырдың материалдық қажеттілігін өтегенмен ата-ана мен бала арасындағы диалог қалыптастырмаған, рухани сыр бөліспеген. Кейіннен Батыр анасымен бірге көңілдестерін санап, шүйіркелесіп, сыр бөлісіп отырған әйелі Шəменге қызыға қарайды, тіпті жылап алады. Өйткені, қанша жерден жеркенішті әңгіме айтып отырса да, анасы мен қызы арасында сыр бөлісу, өткенді еске алып, шүйіркелесу бар. Міне, жазушы қоғамдағы ата-ана тәрбиесінің мәні зор екендігін осы бір кейіпкер әрекетімен білдіреді. Шығармада Шәмен күйеуі Батырдың өз қызына арсыз әрекет жасап жүргендігін әрі көршінің жоғалып кеткен қызын да күйеуінен көреді. Шығарма соңына дейін оқырман Батырды педофил деп ойлайды. Алайда, оқырман санасымен ойнағанды ұнататын жазушы тосыннан мүлде басқа «көзірді» ашады. Яғни, арсыз шешенің көңілдестері Шәменге зорлық көрсетіп келгеннен кейін, үрей мен қорқыныштың ортасында өмір сүрген ол психологиялық дертке шалдығып, көзіне туған қызына өз әкесі зорлық қылып жүргендей көрінеді. Ақырында, күйеуіне ұсынар кофеге у қосып береді.
«...Қазір өлесің. Жүрек талмасынан өлгендей боласың.
...Енді айтшы, кетіп бара жатып шындықты айтшы, мен қателескен жоқпын ғой?
— Қателестің. Сен қателестің. Шəмен».
Мұндай шизофрения жайындағы психологиялық драмалар шетел әдебиетінде өте көп. Бірақ, қазақ прозасында жіті көрініс таппағаны рас. Осы ретте Мадинаның тыңнан түрен салғысы келетіндігі, бүгінгі оқырман сұранысымен жұмыс істей алатындығы қуантады. Себебі, оның қай-қайсы шығармасы да тәуелсiздiктен кейiнгi жаңа қоғамның шынайы туындысы деуге әбден негiз бар.
P.S. «Мадина Омарованың прозасын қазақ әдебиетiнiң жас, алда шапқан алғадай буыны деп қарауға болады», депті әдебиеттанушы, ақын Ардақ Нұрғазы. Қазіргі қазақ прозасында өзіне тән жазу өрнегі, бейнелеу дағдысы бар, тілдік, стилдік, көркемдік, жанрлық өзгешеліктерімен танылған жазушы Мадина Омарованың алдағы уақытта да қазақ әдебиетіне үлкен дүниелер сыйларына еш күмәніміз жоқ.
Наурызбек САРШАЕВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі