Өлең, жыр, ақындар

“FLEX” – болашақ лидерлер қауымы

    FLEX (Future Leaders Exchange) – көптеген елдердің 9–11 сынып оқушыларына Америка Құрама Штаттарында бір жыл оқуына мүмкіндік беретін халықаралық бағдарлама. Бұл бағдарлама 1992 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол жылы АҚШ президенті Джордж Буш АҚШ пен посткеңестік елдер арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту, сондай-ақ жастарды Америка халқы мен мәдениетімен таныстыру мақсатында Бостандықты қолдау актісіне қол қойған.

Бағдарламаға Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа да елдердің 14–18 жас аралығындағы оқушылары қатыса алады. FLEX іріктеу барысында үміткердің ағылшын тілі деңгейінен гөрі оның жеке қасиеттеріне, көшбасшылық қабілетіне, белсенділігі мен жауапкершілігіне көбірек мән береді.

Бағдарламаға түсу бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең әдетте күздің басында басталады. Алдымен үміткер онлайн өтініш толтырады, кейін электронды пошта арқылы берілген үш тақырыпқа эссе жазады. Сонымен қатар онлайн форматта ағылшын тілінен тест тапсырады. Осы кезеңнен өткен жағдайда келесі іріктеу сатысына шақырылады.

Екінші кезең де үш бөліктен тұрады. Алғашқысы – 45 минут ішінде берілген үш тақырыптың біріне эссе жазу. Бұл кезеңде үміткердің ойлау жылдамдығы мен дайындық деңгейі бағаланады. Екінші бөлім – командалық ойын. Үміткерлер топтарға бөлініп, арнайы тапсырманы орындайды. Мұнда қатысушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы, командада жұмыс істеуі және көшбасшылық қасиеттері бақылауға алынады. Үшінші бөлім – тексеру комиссиясымен жеке сұхбат. Сұхбат барысында үміткердің жаңа ортаға бейімделу қабілеті, жауапкершілігі және бағдарламаға дайындығы бағаланады. Бұл кезеңде ең маңыздысы – шынайы болу және өз ойыңды ашық жеткізе білу.

Ағылшын тілі деңгейі жоғары болғаны артықшылық болғанымен, ол негізгі талап емес. Ауызекі сөйлеу тілін түсініп, қарапайым деңгейде сөйлей алу жеткілікті. Бағдарламаның ең үлкен артықшылығы – барлық шығынды толықтай өзі өтейді. Виза, ұшақ билеті, тұратын жер және басқа да шығындар бағдарлама есебінен төленеді. Сонымен қатар қатысушыларға ай сайын стипендия беріледі. Америкада оқушылар арнайы тексеруден өткен хост отбасыларында тұрады, бұл олардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.

FLEX – болашаққа жасалған маңызды қадам. Америкада бір жыл өмір сүру жасөспірімдерге жаңа білім, мәдени тәжірибе және өмірлік көзқарас қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағдарламаны жас көшбасшылар үшін бағалы мүмкіндік деуге болады.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Қуаныш Зарина


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз