Қазіргі заманда әлеуметтік желілер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Instagram, TikTok, YouTube сияқты платформаларда адамдар көбіне өз өмірінің ең әдемі сәттерін, жетістіктерін, қымбат заттары мен саяхаттарын көрсетеді. Алайда осы көріністердің артында қандай шындық жатыр? Идеал өмір бейнесі расында шынайы ма? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап ізделеді.
Әлеуметтік желілерде адамдар өмірінің тек жарқын, табысты, «идеал» тұстарын бөлісуге бейім. Жүзіндегі күлкі, қолданылған фильтрлер, сәнді киім мен әдемі локациялар – барлығы мінсіз өмір иллюзиясын қалыптастырады. Мұндай контентті көру өз өмірін өзгелермен салыстыруға, өзін төмен бағалауға, ішкі күйзеліс пен қанағатсыздық сезіміне әкелуі мүмкін. Бұл құбылыс әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында жиі байқалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2021 жылы 15–24 жас аралығындағы жастар арасында әлеуметтік желілерге байланысты мазасыздық пен депрессия деңгейі 30%-ға артқан.
Көптеген танымал блогерлердің өзі желідегі мінсіз бейне шынайы өмірді толық көрсетпейтінін мойындайды. Кадр сыртында шаршау, күйзеліс, жалғыздық пен түрлі қиындықтар жасырынып жатады. Әлеуметтік желідегі біреудің «30 секундтық видеосын» өз өмірімізбен салыстыру әділетті емес. Себебі ол – өңделген, таңдап алынған сәттердің жиынтығы ғана.
Шынайылық – адам өзін толық қабылдай алған кезде қалыптасады. Өзінің күшті және әлсіз тұстарын мойындайтын адам өмірге саналы көзқараспен қарайды, сыннан қорықпайды және дамуға ұмтылады. Егер адамдар әлеуметтік желіде де шынайы бола алса, қоғамда жалған стандарттар азайып, психологиялық қысым деңгейі төмендер еді. Бұл жастардың өздерін өзгелермен салыстырмай, өз болмысына сай өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің пайдалы жақтары да бар. Олар білім мен мотивация алуға, жаңа мүмкіндіктер табуға, өз ісін насихаттауға және тұлғалық дамуға жағдай жасайды. Ең бастысы – көрген ақпаратты сын тұрғысынан қабылдап, сұрыптай білу.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Бақытжанқызы Аяулым
- Оразбай Сарыбаев
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі