АЛҒЫ СӨЗ
Барлық кітаптарда алғы сөз әрі бірінші, әрі ең соңғы нәрсе; ол не кітаптың жазылу мақсатын түсіндіреді де, не дәлелдер айтып сынға жауап береді. Әдетте оқушылардың рухани жағында да, журналдардың сөккенінде де жұмыстары болмайды, сондықтан олар алғы сөзді оқымайды да. Әсіресе бізде мұның бұлай болуы өте күйінішті. Біздің халқымыз сондай жас, сондай ақкөңіл ғой, мысалдың аяғынан ақыл айтқан сәуегейлікті таппаса оны ұға алмайды. Олар қалжыңды түсінбейді, мысқылды сезбейді; олар асылында қисық тәрбиеленген. Олар осы күшті білімпаздық бұрынғыдан гөрі өткір және көзге түсе қоймайтын, мақтау пердесін жамылып отырып, қарсыласуға мұршасын келтірмей тұра соғатын құрал тапқанын, сондықтан тәуір орта мен тәуір кітапта балағатқа орын болмайтынын әлі білмейді. Біздің халық біріне-бірі қарсы екі орданың төңірегіне жататын екі дипломаттың әңгімесін естігеннен кейін, е, бұлар өздерінің сыпайы достығы үшін әрқайсысы өз үкіметін алдап жүр екен ғой деген қорытындыға келетін провинциалдарға ұқсайды.
Бұл кітап жуық арада бірқатар оқушылардың, тіпті, журналдардың сөздің тікелей мағынасына сену зардабын тартты. Біздің заманның геройы тәрізді адамгершіліктен жұрдай біреуді бізге үлгі етіп тартты деп біреулер өте қатты намыстанды, ал енді біреулер шығарушы өз портретін және өзінің таныстарының портретін суреттеген екен десті... Тым ескі, бишаралық қалжың! Шамасы, өзіндегінің бәрі жаңарып жатқанда осы бір сандырақтары жаңармайтын болған-ау, русь тегінде солайша дүниеге келген ғой. Сиқырлы әңгімелердің ішіндегі ең барып тұрған сиқырлысының өзі де бізде біреуді балағаттау үшін жазылыпты деген даудан аулақ бола қояр ма екен!
Менің падишаларым, біздің заманның геройы да портреттің дәл өзі, бірақ бір адамның ғана портреті емес бұл бүкіл біздің тұстастарымыздың кінарәттарынан оның дәл өршіп тұрған кезінде жиынтықталған портрет. Сіздер адам мұндай жексұрын болуға тиіс емес деп маған тағы да айтарсыздар, ал онда мен сіздерге, егер сіздер толып жатқан трагикалық және романтикалық жауыздардың болатындығына сенгенде, Печориннің рас екендігіне не үшін сенгілеріңіз келмейді дер едім. Егер сіздер бұдан гөрі де масқара және жиіркеніштірек, ойдан шығарылғандарға қызыға қарасаңыздар, осы бір кейігі, тіпті ойдан шығарылған күннің өзінде де, сіздер тарапыңыздан кешірім неге ала алмайды? Бұл сіздердің күткендеріңізден гөрі де мұнда шындықтың көптігінен емес пе?..
Сіздер адамгершілік бұдан ештеңе ұта қоймайды дерсіздер? Ғафу етіңіздер. Жұртты тәттімен сыйлау жеткілікті болды, одан олардың іштері бұзылды: енді ащы дәрі мен удай шындық керек. Бұдан кейін осы кітаптың авторы бір кездерде жұрттың бойындағы кемшіліктерін түзетуші боламын деген қымбатты талапқа ие болған екен деп ойламаңыздар. Мұндай мүсәпірліктен оны құдай сақтасын. Оған тек қана өз ұғымындағы заманымыздың адамын суреттеу бір түрлі қызық көрінді; оның да, сіздің де бақытсыздығыңызға қарай мұндай адамдар оған жиі кездесуші еді. Аурудың көрсетілгені де жетер, ал оның немен емделуін құдай білсін!
БІРІНШІ БӨЛІМ
I. БЭЛА
Мен Тифлистен лаумен шықтым. Арбамдағы бар жүгім, жартысына дейін Грузия жайында жолшыбай жазылған қағаздарыммен сықалған шағындау ғана бір шамадан. Сол қағаздардың көбі сіздердің бағыңызға жоғалып та қалды, ал менің бағыма шамаданым қалған заттарыммен аман қалды.
Мен Қойшауыр жазығына келгенімде, күн қарлы тау жотасына жасырынып бара жатқан мезгіл еді. Түн болмай Қойшауыр тауына жеткісі келген лаушы осетин аттарды тынымсыз айдап, бар даусымен әнге басады. Осы жазық бір тамаша жер! Жан-жағы өткел бермес тау, жасыл пүліш жамылып, шынар ағаштарының шоғымен безенген қызыл-қия шыңдар, оның үстіне бетін су шайып айғыз-айғыз болған сарғылт тік жарлармен, әне, ең биікте алтындай жарқыраған қар шашақтары көрінеді, төменде әлдеқандай белгісіз бір өзенмен құшақтасып, қараңғы үңгірден шулай атылған Арагва, сымға тартқан күмістей созылып, қабығы күнге шағылысқан жыландай жарқырайды.
Қойшауыр тауының етегіне келіп біз бір диханның қасына тоқтадық, бұл жерде жиырма шақты грузиндер мен таулықтар шуласып жүр, қасымызға таяу қонбақшы болып түйслі керуеншілер тоқтады. Арбамды мына қарғыс атқан таудан асыру үшін менің өгіз жалдауым керек болды, өйткені күз болып жер мұздаққа айналған кез еді, ал таудың биіктігі екі шақырымға жуық.
Амал қанша, мен алты өгізімен бірнеше осетиндерді жалдадым. Бұлардың бірі шамаданымды арқалады да, қалғандары айғайлап өгіздерді көтермеледі.
Менің арбамның соңын ала төрт өгіз сықай тиелген бір арбаны жайымен еркін сүйреп келе жатты. Бұл жайт мені таңғалдырды. Кабардиндердің күмістелген кішкене трубкасын тарта түсіп артында иесі келе жатыр. Оның басында черкестердің сеңсең бөркі мен үстінде эполетсіз офицер сүртүгі бар. Жасы елулер шамасында сияқты. Оның қоңырқай тартқан бет-әлпеті Закавказияның ыстық күнімен көптен бері үйреніскен адам екенін аңғартады, бірақ ерте бурыл тартқан мұрты оның нық басуымен сергек бойына жараспай-ақ тұр. Мен оған жақын келіп иіліп сәлем бердім, ол менің сәлемімді үнсіз қабылдап трубкасының түтінін бұрқ еткізді.
— Мүмкін сізбен жолымыз бір болар? Ол тағы да үнсіз басын изеді.
— Сіз мүмкін Ставрополь баратын боларсыз?
— Оныңыз рас... қазына нәрселерін апарамын.
— Айтыңызшы, менің бос арбамды осетиндердің көмегімен алты өгіз әрең тартып келе жатқанда, сіздің жүгі сонша ауыр арбаңызды төрт өгіздің дедектетіп отыратыны қалай?
Ол монтанси күлімсіреп, маған маңыздана қарады.
— Сірә, сіз Кавказға жаңадан ғана келген боларсыз?
— Бір жыл шамасы болды, — дедім мен. Ол тағы да жымиып күлді.
— Немене?
— Жай, әшейін! Бұл азияттар бір оңбағандар емес пе! Сіз, бұлар айғайларымен көмектесіп келе жатыр екен деп ойлайсыз ба? Сайтан біле ме, олардың не деп айғайлайтындарын? Ал өгіздері түсінеді, тіпті жиырмасын жегіңізші, олар өздерінше айғайласа болғаны, өгіздері орнынан қозғалмайды... Барып тұрған хаярлар! Олардан не сұрайсың?.. Өткен-кеткендердің ақшасын сыпыруды сүйеді... Бұл соққандарды мүлдем дәніктіріп жіберген! Қара да тұрыңыз, олар әлі сізден арақтық ақша алады. Мен олардың жайына әбден қанықпын, мені жер соқтырып кете алмайды!
— Сіз мұнда көптен қызмет істейсіз бе?
— Иә, мен мұнда Алексей Петровичтің тұсында қызмет істегенмін, — деп жауап берді ол маңызданыңқырап. — Ол алдыңғы шепке келгенде мен подпоручик едім, таулықтарға қарсы істеген кызметім үшін ол кісінің тұсында екі шен алдым, — деп сөзін жалғастырып әкетті.
— Ал, сіз қазір?..
— Қазір үшінші линейный батальонда болып есептелемін. — Ал сіз ше, сұрауға болар ма екен?..
Мен баян еттім.
Әңгіме осымен бітті де, біз тіл қатыспай қатар жүріп отырдық. Тау басы қар екен. Күн де батты, оңтүстікте болатын ежелгі әдет бойынша даланы түн лезде баса қалды, әйтсе де, еріп жатқан қар арқылы біз жолды оңай айырып отырдық, онша қия болмағанмен жол әлі де тауды өрлеп келеді. Мен шамаданымды арбаға салдырдым да, өгіздерді ауыстырып ат жектірдім, сөйтіп ақырғы рет төменгі жазыққа көз жіберсем: шатқалдан құйылған толқындай қою тұман жазықты теп-тегіс баса қалған екен, енді ол жақтан біздің құлағымызға ешбір дыбыс естілмейді. Осетиндер мені шулай қоршап арақтық ақша сұрады, сол кезде штабс-капитанның қатты ақырғаны сондай, олар көзді ашып-жұмғанша зытып отырды.
— Бұлар осындай халық! Орысша нан сұрауды білмейді, ал "офицер, араққа ақша берші дегенді жаттап ала қойған. Меніңше татарлар бұлардан көп артық; олар дегенмен арақ ішпейді ғой, — деді ол.
Стансаға дейін әлі де бір шақырымдай бар. Айнала тып-тыныш, тыныш болғанда қандай, сармасаның ызыңы арқылы оның ұшып бара жатқан бағытын сезгендейсің. Сол жағымызда терең шыңырау қарауытады, одан әрірек және біздің қарсы алдымызда, бетін әжімдер жауып, қабат-қабат қар жамылған қара-күрең тау төбелері батқан күннің әлі де тарқамаған әлсіз шұғыласымен мұнартады. Қараңғы аспанда жұлдыздар көріне бастады, неткен ғажап десеңізші, менің көзіме олар біздің солтүстіктегіден анағүрлым жоғарырақ тұрғандай көрінеді. Жолдың екі жағында қалқиған жалаңаш қара тастар, кен жерлерде қар астынан бұталар қылтияды, бірақ қыбыр еткен бір де бір құрғақ жапырақ жоқ, табиғаттың осынау бір ұйқыдағы шағында шаршаған пошта тройкасының пысқырығы мен орыс қоңырауының әрқилы жаңғырығын естудің өзі де қызық екен.
— Ертең күн әдемі болар! — дедім мен. Штабс-капитан ләм деп жауап қатпастан, қарсы алдымыздан көрінген биік тауды саусағымен нұсқады.
— Ол немене? — деп сұрадым мен.
— Гуд тауы.
— Онда немене тұр?
— Қарауытуын көрмейсің бе?
Шынында да Гуд тауы қап-қара боп түнеріп тұр; жан-жағын шарбы бұлттар қамап, дәл басына қара бұлт шөге қалыпты, бұлттың қаралығы сондай, тіпті жабық аспанның өзінде таңбадай көрінеді.
Біз пошта стансасын және оны қоршаған саклялардың төбесін айыра бастадық, алдымызда сүйкімді оттар да жылтырайды, дымқыл суық желдің иісі келеді, шатқал іші гуілдеп, жаңбыр сіркірей бастады, мен буркамды иығыма ілгенімше қар да жауып кетті. Мен штабс-капитанға таңдана қарадым...
— Бізге осында қонуға тура келер, мұндай бұрқасында таудан асуға болмайды, — деді де: — Бұл қалай? Крестовойдың мұзды қарлары құлады ма екен? — деп лаушыдан сұрады.
— Құлаған жоқ, мырза, құлағалы тұрғандары өте көп, — деп жауап берді лаушы осетин.
Стансада жолаушылар түсетін бөлме болмағандықтан бізді бір түтін қаптаған сакляра түсірді. Мен жолдасымды бірге отырып шай ішуге шақырдым, өйткені менің шойын шәйнегім бар еді, Кавказды кезіп жүргендегі келісті нәрсем де сол.
Сакляның бір бұрышы құзға қапсыра салыныпты, әрі су, әрі тайғақ үш баспалдақ сені оның есігіне апарады. Қараңғыда қарманып жүріп мен бір сиырға соқтықтым, (бұлардың сиыр қорасы мен малай жататын бөлмесі бір болады) енді қайда барарымды білсемші: мына жерде қойлар маңыраса, ана жерде ит ырылдайды, сөйтіп тұрғанымда менің бағыма қарай бір бүйірден кенет сығырая жылтыраған жарық есікке ұқсас бір үңгірді табуыма себепші болды. Бұл жерде мен бір ғажайып көрініске тап болдым: төбесін ыс басқан екі діңгекпен тірей салған кең сакляның іші халыққа лық толы екен. Жерде, үй ортасында маздап от жанып тұр, үй төбесіндегі тесіктен жел қайта қуып тыққан түтіннің қоюлығы сонша, мен көпке дейін ештеңені жөндегі аңғара алмадым; от басында екі кемпір, толып жатқан балалар және бір ашаң жүзді грузин отыр, бәрінің де киімі жалба-жұлба. Амал қанша, біз де от басында отырып трубкамызды тарта бастадық, шәйнегіміз де әп-сәтте быжылдап қайнай бастады.
— Сорлы жандар! — дедім мен штабс-капитанға, мелшиіп үн-түнсіз бізге қарай қалған, үсті-бастары кір-кір үй иелерін нұсқап.
— Нағыз кеще халық! — деп жауап берді ол. — Нанасыз ба? Түк білмейді, білімге де ешқандай икемдері жоқ! Біздің кабардиндықтарды я болмаса чешендерді айтсаңшы, шегінен қарақшы болғанымен ғажап адамдар, ал бұлардың мылтықпен де әуестігі болсайшы; ешқайсысынан бір де бір тәуір қанжар да көре алмайсың. Осетин десе нағыз осетиндер ғой!
— Сіз шешендерде ұзақ тұрдыңыз ба?
— Иә, мен қорғанда ротамен он жылға таяу тұрдым. Каменный Брод дейтін жерде, — білетін боларсыз?
— Естуім бар.
— Тәңірім-ау, бұл баскесерлер бізді әбден мезі ғып болып еді ғой, қайта қазір құдайға шүкір, тыныш; бір кезде бекіністің сыртына жүз қадам шықсаң болғаны, сеңсең бөрікті бір албасты әлдеқайда аңдып отырып, сәл мүлгіп кетсең-ақ не мойныңа арқанды тастап жібереді, не ту сыртыңнан оқпен қадалтады. Өжет, өлермен жандар!..
— Сірә басыңыздан талай уақиғалар өткен болар, — дедім мен, бойымды құмарлық билеп.
— Өтті ғой! Неге өтпесін...
Ол осыдан кейін мұртының сол жақ жебесін сипап, басын төмен салып ойға шомды. Жолаушылар мен жазып жүретін адамдардың бойына тән әдет бойынша осыдан қалай да бір уақиғаның жайын тартқыштап білсем екен деп құмарттым. Сол екі арада шай да қайнады; мен шамаданымнан екі жорық стаканын алдым да шай құйдым, сөйтіп біреуін оның алдына қойдым. Ол шайдан бір ұрттап алып өз-өзіне: "Иә, талайды кешірдік қой!" — деді. Оның бұл сөзі маған үлкен үміт тудырды. Мен білемін, Кавказда көптен бері тұрған адамдар сөйлеуге, әңгіме айтуға құмар келеді; мұндай жағдай оларға өте сирек кездеседі: кейбіреу ротамен бес жылдай бір қиыр шетте тұрып қалады, сол бес жыл бойы оған амансыз ба дейтін кісі болмайды (өйткені фельдфебель амандығыңызды тілеймін дейді ғой). Иә, әңгімеден кеп не бар: төңіректің бәрі тағы, әуесқой халық; күн сайын қауіп, неше түрлі керемет уақиғалар болып тұрады, осыларды жазып отыратын адамдардың бізде тым аздығына еріксіз қынжыласың.
— Азырақ ром қосып жібергіңіз келмей ме? Менде Тифлистен алып шыққан ақ та бар, қазір күн суық қой, — дедім мен жолдасыма.
— Жоқ, Алла разы болсын, ішпейтін едім.
— Қалайша?
— Солай, ішпеймін деп ант беріп едім. Менің подпоручик кезім еді, білесіз ғой, бір күні өзара сейіл құрдық, ал түнде дабыл болды, біз сол көңілді қалпымызбен майданға шықтық, онымызды Алексей Петрович біліп қойып сыбағамызды берді емес пе, құдай көрсетпесін, ол қалай ашуланды десеңізші! Сотқа беруге аз-ақ қалды.
Кейде жыл бойы жаныңда қара болмай жалғыз тұрасың, бұдан кейін қалай араққа қарарсың, онан соң мүлде біткен адаммын дей бер!
Мұны естігеннен кейін мен одан мүлде үміт үзгендей болдым.
— Мына черкестер, — деді ол, — тойларында, болмаса біреуі өлгенде бозаларын ішіп алады да, кескілеседі де жатады. Мен бір рет соғысқа қатынасы жоқ бір князьдің үйінде қонақта болып, әрең қашып құтылғаным бар.
— Ол қалай болды?
— Былай: (ол трубкасына темекі толтырып, бір керіліп алды да, әңгімеге кірісті). — Мен ол кезде ротамен Теректің ар жағындағы қорғанда тұрдым, — оған жақында бес жыл болады. Бір күзде бізге көлікпен азық әкелген бір офицер келді, жасы жиырма бестер шамасындағы жігіт екен. Ол толық әскери формасымен маған келіп, өзінің осы менің қорғанымда қалуға тиіс екенін хабарлады. Өзі сондай талдырмаш, аппақ, үстіндегі мундирі де судай жаңа, сондықтан да мен оның Кавказға жаңада ғана келген адам екенін сол сағатта-ақ біле қойдым. "Сіз, әрине, Ресейден мұнда ауыстырылған боларсыз?" — деп сұрадым мен одан. "Дәл солай, штабс-капитан мырза", — деп жауап берді ол. Мен оны қолтығынан алып: "Өте қуаныштымын, өте қуаныштымын. Сізге мұнда біраз көңілсіз болады... әйтсе де сіз бен біз жақын адамдарша тұратын боламыз. Сіз мені жай әншейін Максим Максимыч деп атай беріңіз, шырағым, мына толық әскери форманың қажеті не? Маған әрқашан да фуражкеңді киіп қана келсең болғаны" дедім. Біз оған пәтер әпердік, ол қорғанда тұрып жатты.
— Оның аты кім еді? — деп сұрадым Максим Максимычтан.
— Оның аты... Григорий Александрович Печорин. Өзі қадірлі жігіт еді, тек азырақ жат мінездері болатын: мысалы, жауын-шашындарда күні бойы аң аулайды, жұрттың бәрі шаршайды, тоңады, ал оның қаперіне кіріп те шықпайды. Ал, кейде үйінде отырып-ақ желдің иісі келсе болғаны суық тиді деп зар қағады, терезесінің қақпағы тарсылдаса селк ете түседі, тіпті өні қашып кетеді, сонысына қарамастан менің көзімше қабанға қарсы жалғыз шыққаны бар; кейде сағаттар бойы тіл қаттыра алмайсың, оның есесіне, әңгімені бастап кетсе болғаны, күлкіден ішің тесілгендей болады... Иә, жат мінездері өте көп еді, өзі бай адам болуы керек: әр түрлі қымбат бағалы заттары көп-ақ еді!..
— Сізбен бірге ол ұзақ тұрды ма? — деп сұрадым мен тағы да.
— Бір жылға таяу. Әйтсе де бұл жыл менің есімнен шықпас; мені талай әуреге салғандығынан емес-ау, басынан керемет уақиғалар өткізері туғаннан-ақ маңдайына жазылып қоятын бір адамдар болмай ма!
— Керемет оқиғалар дейсіз бе? — дедім ынтыққан түрде шайды құйып беріп отырып.
— Мен оны сізге қазір-ақ баяндайын. Қорғаннан алты шақырымдай жерде бір бейбіт князь тұрды. Оның он бес жасар баласы әр нәрсені сылтау қылып бізге келгіштеп жүрді. Біз Григорий Александрович екеуміз оны мүлде еркінсітіп жібердік. Өзі барып тұрған баскесердің өзі еді, қолынан келмейтіні жоқ, атпен ағызып келе жатып мылтық атады, жерден бөрік алады. Оның бір жаман мінезі, ақшаға тым құмар еді. Бір күні Григорий Александрович оған қалжыңдап: Он сом берейін, әкеңнің малынан ең таңдаулы серкесін ұрлап әкелесің бе, — деді; келесі түні серкені мүйізінен сүйреп алып келгенін қайтерсіз? Кейде оны біз ыза қыламыз, ол кезде оның екі көзі қанталап, бізге қанжарын ала ұмтылады. "Ей, Азамат, байқа, басыңды алып шыға алмай жүрме, түрің жаман екен" — дейтін едім мен оған!
Бір күні бізді тойға шақыра кәрі князьдың өзі келді. Ол үлкен қызын ұзатқалы жатыр екен, біз оған қонақпыз ғой, татар да болса бармауға болмады. Біз жолға шықтық. Ауылдың толып жатқан иттері бізді үріп қарсы алды. Бізді көрген әйелдер жасырынып қалады, ал кейбір көзіміз шалғандары тым кейіпсіз жандар. "Мен черкес әйелдерін сұлу ғой деп ойлаушы едім" — деді маған Григорий Александрович. — "Тоқтай тұрыңыз!" — дедім мен қалжыңдап.
Князьдің саклясына кеп халық жиналып қалған екен. Азиаттардың кім көрінгеннің бәрін тойына шақыра беретін әдеті емес пе. Бізді құрметпен қарсы алып қонақ үйіне түсірді. Түбінде қандай күй болады деген оймен, аттарымызды байлаған жерді белгілеп қоюды есімнен шығармадым.
— Олар тойларын қалай өткізеді екен? — деп сұрадым мен штабс-капитаннан.
— Кәдімгідей. Ең әуелі молла құраннан бірдемелер оқиды, сосын қалыңдық пен күйеуге және олардың туысқандарына сыйлық тартады; тамақ жеп, боза ішеді; сонан кейін ат ойыны басталады, әрқашан да үсті-басы жалба-жұлба, май-май, ақсақ атқа мінген біреу аузына келгенін оттап, жұртты күлдіреді; соның артынан ымырт жабыла қонақ үйлерінде, біздіңше айтқанда, балдары басталады. Байғұс шал, оларша аты немене еді... ұмытып та қалыппын, біздің балалайкаға ұқсаған үш шекті бірдеңесімен даңғыр қағады. Қыздар мен жас жігіттер екі қатар тізіліп қарама-қарсы тұрады да алақандарын соғып ән салады. Бұдан кейін бір кыз бен бір жігіт ортаға шығып алып әнмен айтысады, қалғандары тегіс қосылып бұларды көтеріп әкетеді. Біз Печоринмен екеуміз құрметті орында отырғанбыз, міне, оған он алты жастар шамасындағы үй иесінің кіші қызы келіп өлең айтты... қалай десем екен?.. Иә, мақтау өлеңі деуге болады.
— Ол қыздың не деп өлең айтқаны есіңізде жоқ па?
— Иә, былай деген сияқты еді. "Біздің жас жігіттеріміз сымбатты, олардың ішіктері күміспен күптелген, ал орыстың жас офицері олардан да сымбаттырақ, оның таққан голуны алтын, ол осы ортада биік терек тәрізді, бірақ оған біздің бақшада өсіп, біздің бақшада гүлдеуге жазбаған". Печорин орнынан тұрып қолын біресе маңдайына, біресе көкірегіне басып қызға тәжім етті де, менің жауап қайтаруымды сұрады, мен оларша жақсы білемін ғой, сондықтан оның сөздерін қызға жеткізіп тұрдым.
Қыз біздің қасымыздан кетісімен, мен Григорий Александровичке сыбырлап: "Қалай екен?" — дедім.
— Керемет! Аты кім оның? — деді ол. "Оны Бэла деп атайды", — дедім мен.
Шынында да ол әдемі еді: талдырмаш, сұңғақ бойлы, құралайдың көзіндей қап-қара екі көзі ту сыртыңнан өтеді. Печорин ойлы пішінмен одан көзін бір айырмады, қыз да оған көзінің астымен жиі-жиі қарап қояды. Бірақ та, осы бір әдемі князь қызына құмар болып отырған жалғыз ғана Печорин емес еді, бөлменің бір түкпірінен оттай жайнаған басқа да екі көз тапжылмастан қадалуда болатын. Мен байқап отырып оның ескі танысым Казбич екенін білдім. Оны бізге қарсы соғысқа қатысып та, қатынаспай да жүрген адам деуге болмайтын еді. Казбичтің ешқандай тентектігі сезілмесе де, ол жөнінде күдік көп болушы еді. Ол қорғанға әкеліп арзанға қой да сатып жүрді, бірақ ешқашан саудаласпайды: не сұраса соны бересің, — басын кессең де айтқанынан жылжымайды. Оны жұрт абректермен бірге Кубань жағына қарай жортуды сүйеді деп те әңгіме қылатын, анығында да оның келбеті нағыз қарақшыларға ұқсас еді; кең жауырынды, жатаған денелі, сұп-сұр... Ал, ептілігі бар-ау, сайтан десең болар! Үстіндегі бешпеті әрқашан да жыртық, жамаулы, қаруларын күмістеген. Астындағы аты бүкіл кабарды жұртына мәлім, бұдан артық атты тегінде ойлап та таба алмассың. Атқұмарлардың бәрі ол атқа текке қызығып жүр дейсіз бе, талай рет ұрлап та кеткілері келген, бірақ ретін таба алмаған... Сол ат осы күнге дейін көз алдымда: сүліктей қап-қара, аяқтары тартқан сымдай, көзі Бэланың көзінен бір де кем емес; күші қандай! Маған десең 50 шақырымға шап; үйретілуін айтсайшы, иесінің соңынан итше еріп жүреді, тіпті даусын да таниды! Кей кездерде оны Казбич байлаусыз-ақ тастап жүре береді. Қарақшыларға біткен ат қашан да солай келеді ғой!..
Сол күнгі кеште Казбичтің түрі бұрынғысынан гөрі түнеріңкі еді, мен оның бешпетінің ішінен сауыт киіп алғанын байқап қалдым. "Мұның сауыт киюі тегін емес шығар, ойында бір сұмдық бар-ау" — деп ойладым.
Сакля іші қапас болып кеткесін мен желпінейін деп ауаға шықтым. Қараңғылық тауға шөгіп, сай-салаларды тұман баса бастаған екен.
Мен аттар тұрған жаппаға қарай жүрдім, алдарында жемі бар ма екен көрейінші деген ой да келді, онымен қатар сақтықтың да артықшылығы жоқ қой: менің атым да жақсы ат еді, талай кабардылар сұқтана қарап, "Якши тхе, бек якши!" — десетін.
Дуалды жағалап келе жатсам, кенеттен күбірлеген дауыс естілді; бір дауысты тани кеттім: бұл үй иесінің баласы алаңғасар Азамат, ал екіншісі аз және ақырын сөйлейді. "Бұлар не туралы сөйлесіп тұр? Әлде менің атым жөнінде емес пе екен?" — деген ой келді де, бір сөзін де жібергім келмей, дуал қасына отыра қалып тыңдай қойдым. Саклядан жамырай шыққан ән мен дауыстар кейде менің ынтыға тыңдап отырған сөздерімді бөліп кетеді.
— Казбич, сенің атың керемет қой! Егер мен үй қожасы болып, отарда үш жүз жылқым болса, сенің жүйрігіңе соның жартысын берер едім, — деді Азамат.
"Ә, Казбич екен ғой!" — дедім онын ішінен киген сауытын есіме алып.
Біраз тіл қатпай тұрды да: — Рас, — деді Казбич, — мұндай атты бүкіл кабардыдан таба алмайсың. Бір рет Теректің ар жағына абректермен бірге орыстардың табынын қуып әкелуге бардым; біздің жолымыз болмады, бет-бетімізбен қашуға мәжбүр болдық, менің артыма төрт казак-орыс түсті, мен өкшелеп келіп қалған тәуірлердің даусын да ести бастадым, алдым қалың ағаш еді. Өзімді Аллаға тапсырдым да, ерге жата қалып, өмірімде бірінші рет жануардың жамбасына қамшы салдым, ол бұталар арасына құстай сүңгіді; киімімді тікендер жыртып, қарағаштың қу бұтақтары бетіме соғылады. Атым түбірлерден қарғып, бұталарды омырауымен жарып келеді. Қызығы, атымды тоғайдың шетіне тастай салып, өзім тоғайға кіріп жоқ болу еді, бірақ атымды қия алмадым, әйтеуір пайғамбар қолдады-ау! Оқтар төбемнен зуылдап өтіп жатыр; ізіме түскен казак-орыстардың асыға жүгірген дыбысын да естіп келемін. Кенет қарсы алдымнан терең жар кездесе кетпесін бе, атым сәл кідіріңкіреп барып қарғып кетті. Артқы екі аяғы жардың арғы қабағынан сытылып кетті де, атым екі алдыңғы аяғына ілігіп шоңқия қалды. Мен лезде тізгінді тастай салып домалап сайға түстім, аттың жанын сол алып қалды; ол қарғып шығып кетті. Казак-орыстар мұның бәрін де көріп тұрды, әйтсе де ешқайсысы мені іздеп сайға түспеді: олар мені өліп кеткен екен деп ойласа керек, мен олардың атымды қуып жөнелген дүсірін естідім. Жүрегімді қан жауып кеткендей болды, сай ішіндегі қалың шөптің арасымен еңбектей жылжып, сайдың жиегінен баспалап көз жіберсем, ағаш таусылған екен, бірнеше казак-орыстар алаңға шығып келе жатыр, сол мезгілде менің Қарагөзім олардың қарсы алдарынан шыға келді, бәрі шу етіп, атқа тап берісті; олар өте ұзақ қуды, әсіресе біреуі бір-екі мәртебе аттың мойнына арқанды тастап жібере жаздады, сол кезде тұла бойым қалтырап кетті, төмен қарап құдайға жалбарындым. Біраз уақыттан кейін басымды көтеріп қарасам, менің Қарагөзім құйрығын шаншып алып құстай ұшып, желдей есіп барады екен, ал гәуірлер, алыста, құба жонда сабылған аттарымен бірінің артынан бірі шұбырып бара жатыр. Осы сөзімнің бәрі рас, оллаһи рас!
Ұзақ түнге мен сайдың ішінде отырдым. Сол шақта не болды дейсің ғой, Азамат! Қараңғыда жар жағалап пысқырынып, кісінеп, жер тарпыған бір аттың дыбысын естідім, бұл менің Қарагөзімнің даусы. Иә, ол менің серігім — Қарагөзім екен!.. Содан бері біз айрылысып көрген жоқпыз.
Маған оның жүйрігін мойынға қағып, неше түрлі, сүйкімді аттармен атап тұрғаны естіліп тұрды.
— Егер менің мың бием болса бәрін де сенің бір Қарагөзіңе берген болар едім, — деді Азамат.
— Жоқ, маған керек емес, — деді Казбич жайымен.
— Тыңдашы, Казбич, — деді Азамат біртүрлі жалынышты дауыспен, — сен аяулы адамсың, сен ер жігітсің, менің әкем орыстардан қорқып мені тауға жібермейді; сен атыңды маған берсең, мен сенің тілегіңді орындайын. Әкемнің ең жақсы винтовкасын, немесе қылышын ұрлап әперейін, тіпті не қаласаң соны берейін, оның қылышын барып тұрған алмас десең болар, қолыңды жүзіне жақындатсаң болғаны қылп ете қалады; ал оның сауыты қандай десеңші! Онымен салыстырғанда сенің сауытың сауыт емес.
Казбич үн қатпады.
— Сенің атыңды алғаш көргенімде ол сенің астыңда екі танауы делдиіп шиыршық атып тұрды, оның тұяқтары тиген шақпақ тастар жарқылдайды, ол ауыздығымен алысып аспанға секіреді, соны көріп менің жүрегімде әлденелер пайда болды, содан бері дүниенің бәрі көзіме көрінбейді, әкемнің ең таңдаулы жүйріктеріне қарағым да келмейді, оларға мініп жұрт көзіне көрінуді өзіме ұят санаймын бойымды мұң билейді, сол бір мұңды күйіммен ұзақты күн жартас үстінде отыратын күйге душар болдым, минөт сайын менің көз алдымда аяғын әсем басып, садақтың оғындай түзу сенің қара атың тұрады, ол өзінің ойнақтаған көздерін менің көзіме қадап маған тіл қатқысы келгендей. Казбич, егер бұл атыңды маған сатпасаң, мен тірі жүре алмаймын, — деді Азамат дірілдеген дауыспен.
Менің құлағыма оның жылаған даусы келді; бұл арада сізге бір айта кететінім, Азамат барып тұрған қиқар бала болатын, бұдан жасырақ кезінде де оны қанша азаптасаң да көзіне бір де бір жас алмайтын. Сол кезде оның жылағанына жауап ретінде менің құлағыма күлкіге ұқсас бірдеңе естілді.
— Тыңдашы! — деді Азамат қатаң дауыспен, — көріп тұрсың ғой, неге де болса бекіндім. Қаласаң әпкемді де ұрлап әперейін? Оның билегені, ән салғаны қандай?! Ол кестені алтынмен тігеді — бір керемет, мұндай әйел түрік падишасында да болған емес... Мақұл десең ертең түнде мені тасқын судың қасындағы үңгірден күтіп ал, мен оны ертіп көрші ауылға қарай сол жерден өтемін, — содан кейін қыз сенікі. Бэла қалайша сенің жүйрігіңе татымайды?
Казбич ұзақ, өте ұзақ үн қатпады, ақырында жауап берудің орнына ескі бір өлеңді ақырын ғана әндете жөнелді:
Сұлу көп аулымызда айтсам саған,
Жұлдыздай түнде көзі жарқылдаған
Армандай тартса дағы арулар тым,
Ең жақсы еркіндігі ер жігіттің
Алтынға алса дағы талай қатын,
Сата алмас баға жетпес жүйрік атын,
Жарысқан құйынменен жануарым,
Алдамас ол иесін, төкпес арын.
Азаматтың жылағаны да, оны мақтағаны да, оның алдында ант-су ішкені де, одан жалынып сұрағаны да босқа кетті; ақырында Казбич шыдамай оның сөзін бөлді:
— Жоғал, ақымақ бала! Саған менің атыма міну қайда? Үш аттамай-ақ ол сені үстінен лақтырып жібереді, сен тасқа соғылып қарақұсыңды быт-шыт қыларсың.
— Мені ме? — деп айғай салды Азамат жын қаққандай, сол кезде бала қанжарының сауытқа сарт еткен дыбысы естілді. Күшті қолдың оны қағып жібергені сондай, ол шарбаққа соғылғанда шарбақ солқылдады. "Бір сұмдық болады екен!" — дедім де, мен атқораға жүгірдім, сонан кейін аттарды ауыздықтап сыртқы қораға алып шықтым. Екі минөттен кейін-ақ сакляның іші у-шу болды. Ол былай болды: бешпеті дал-дұл болған Азамат үйге жүгіріп кіріп: "Мені Казбич бауыздамақ болды", — деді. Естіген жұрт ұшып тұрып мылтықтарына жармасты, осылайша айғай-шу мен атыс басталды да кетті, бірақ Казбич атқа мініп үлгіріп, қылышын жалаңдатып, сайтандай көшедегі топқа араласты. "Жат тойының жанжалды шарабын татқанымыз ұнамсыз болар", — деген оймен Григорий Александровичтің қолынан ұстап тұрып: "Біздің тезірек тайғанымыз жөн болар", — дедім.
— Тоқтай тұрыңыз, немен тынар екен.
— Не жақсылықпен тынар дейсіз; бұл азиаттардың әдеті емес пе: бозаны ішіп алады да, кескілеседі де жатады! — Біз атқа қондық та үйге қарай шаба жөнелдік.
— Казбич қайтті? — деп сұрадым мен штабс-капитаннан шыдамсызданып.
— Оларға не болушы еді! — деп жауап берді ол, стақандағы шайының қалғанын ішіп жатып, — құтылып-ақ кетті!
— Жаралы да болған жоқ па? — деп сұрадым мен.
— Құдай білсін! Қарақшылар ғой, оларға өлім бар ма! Солардың кейбіреулерін көргенім де бар, мысалы, бар денесі найзамен шұрқ шұрқ тесілсе де, олар қылышын сермеуін қоймайды.
Штабс-капитан бұдан кейін біраз кідіріп қалды да, аяғымен жерді теуіп жіберіп, әңгімесін соза берді:
— Өзімнің бір ісімді өмірде кешірмеймін: сайтан азғырды ма, қалай, қорғанға келісімен дуал сыртында отырып естігендерімнің бәрін Григорий Александровичке айтып бердім; ол күлді, сондай қу ғой, бірақ өзі әлденені ойлағандай болды.
— Немене болды? Айтыңызшы.
— Амал жоқ! Бастап қойғаннан кейін аяқтау керек.
Төрт күн шамасында Азамат қорғанға келді. Әдеті бойынша ол тәтті тағамдар беретін Григорий Александровичтікіне кірді, мен сонда едім. Бір кезде әңгіме ат жайына көшті, Печорин Казбичтің атын мақтай бастады: ол ат сондай ойнақы, киіктей сұлу оның сөзіне қарағанда ондай ат тіпті дүние жүзінде жоқ.
Татар баласының көзі жайнап кетті, ал Печорин оны байқамаған сияқты; мен басқа бір әңгіме айта бастасам, ол әңгімені Казбичтің атына қарай аударады. Осы тарих Азамат келген сайын қайталанатын болды. Үш жетідей өткеннен кейін мен Азаматтың қуқыл тартып, семіп бара жатқанын байқадым, кәдімгі романдардағы ғашықтық дерті тәрізді. Неткен ғажап?..
Мына қараңызшы, бұл әңгіменің мәніне мен кейін түсіндім: Григорий Александрович оны сондай халге жеткізді — ол судан да тайынар емес. Бір күні оған ол: "Байқаймын, Азамат, ол ат саған сондай ұнаған екен, бірақ өз желкеңді көре алмағандай оны да көре алмассың! Кәне айтшы, сол атты саған сыйға тартқан адамға не берер едің?.."
— Не тілесе соны берер едім, — деді Азамат.
— Олай болса мен саған оны әперейін, бірақ шартым бар... орындаймын деп сен ант ет...
— Ант еттім... Сен де ант ет!
— Жақсы! Ант еттім, ат сенікі болады; ол үшін сен маған қарындасың Бэлланы бересің: Қарагөз оның қалың малы. Саудамыз саған тиімді ғой деп ойлаймын.
Азамат үн қатпады.
— Көңілің соқпай ма? Ендеше өзің біл! Мен сені еркек екен ғой деп ойласам, сен әлі бала екенсің ғой: саған ат міну ерте емес пе...
Азамат лып ете қалды. "Әкемді қайтемін?" — деді ол.
— Ол тіпті ешқайда бармай ма?
— Рас...
— Разымысың?..
— Разымын, — деп күңк етті Азамат, түсі аппақ қудай боп. — Қашан?
— Казбичтің осында келісі біледі. Ол он шақты қой әкелемін деп уәде берген, қалған істі өзім бітіремін. Байқағайсың, Азамат!
Сөйтіп бұл істі олар жайғастырды... Шынын айтқанда жақсы жұмыс емес! Соңынан мен мұны Печоринге де айттым, оның берген жауабы: өзі сияқты сүйкімді күйеуі болғанына черкестің тағы қызы бақытты болуы тиіс, өйткені ол қалай да күйеу ғой, ал, Казбич болса қарақшы, оны жазаға тарту керек. Өзіңіз ойлаңызшы, бұған қарсы мен не деп жауап бермекпін?.. Бірақ сол кезде олардың Казбичке ойлап жүрген қастандықтары жөнінде мен ештеңе білмейтін едім. Әлдеқалай тағы да Казбич келе қалды да, менен қой мен бал керек пе деп сұрады; мен ертең алып кел дедім. "Азамат! — деді Григорий Александрович: — Ертең Қарагөз менің қолымда болады, егер бүгін түнде Бэла осында болмаса, атты көзің де көрмейді..."
— Жақсы! — деді де, Азамат ауылына шаба жөнелді. Кешке жақын Григорий Александрович атына мінді де, қару-жарағын асынып қорғаннан шығып кетті: істерін қалай орындағандарын білмеймін, әйтеуір екеуі де түнде қайта оралыпты. Азаматтың ері үстінде қол-аяғы байлаулы, басына шадыра ораған әйелдің көлденең жатқанын сақшы көріпті.
— Ат не болды? — деп, сұрадым штабс-капитаннан.
— Қазір, қазір. Келесі күні таңсәріден Казбич сатуға он қой айдап келді. Дуалға атын байлап маған кірді; қарақшы болғанымен ол менің қонағым ғой, шаймен сыйладым.
Біз әртүрлі әңгімелер айтып отырдық... Бір мезгілде бетіне қарап едім, Казбич селк етіп, өңін ішіне тартып алды да, терезеге ұмтылды; бірақ қырсыққа қарай терезе қора жақтан шығарылған болатын. — "Саған не болды?" — деп сұрадым мен.
— Менің атым!.. Атым! — деді ол қалшылдап. Анығында да мен ат тұяғының дүбірін естідім: "Әлдебір казак-орыс келген болар..."
— Жоқ! Орыс яман, яман! — деп ол қатты ақырып жіберді де, беталдына қарай тағы барыстай атылды, екі секіргенде-ақ қора ішінде болды; қорған қақпасында сақшы оның жолын мылтықпен бөгеді, ол мылтықтан қарғып өтіп, жолмен жүгіре жөнелді... Алыста шаң көтерілді, Азамат жүйрік Қарагөзбен құйғытып бара жатты; Казбич жүгірген күйінде мылтығын қабынан суырып алып атып қалды, сөйтті де қапы соққанын байқағанша минөтке жақын тапжылмай тұрып қалды; бұдан кейін қатты бір шыңғырды да, мылтығын тасқа ұрып быт-шытын шығарды, содан кейін жерге домалай кетіп, жас баладай еңіреді... Міне, оның маңайына қорған адамдары жиналды, бірақ ол ешкімге де көңіл аудармады, жұрт әңгімелесіп тұрды да кейін қайтысты; мен оның қойларының ақшасын қасына қойғыздым — ол оны қозғамады, өлген адамдай етпетінен түскен күйі жата берді: нанасыз ба, ол сол жатқаннан түн ортасы ауғанша, тіпті түні бойы жатты... Тек қана келесі күні таңертең қорғанға келіп ұрысының атын айтуды сұрады. Азаматтың қалайша атты шешіп алып міне жөнелгенін көрген сақшы жасыруды керек деп таппады. Оның атын естігенде Казбичтің көздері жайнап қоя берді, ол сонымен Азаматтың әкесі тұрған ауылға жөнелді.
— Әкесі қайтті?
— Әңгіме сонда жатыр, Казбич оны таба алмапты: ол бес алты күнге бір жаққа кеткен екен, олай болмағанда Азамат апасын әкете алар ма еді?
Әкесі кайтып келсе, қызы да, ұлы да жоқ. Азамат сондай қу болатын, қолға түссе басын аман алып шыға алмасын сезген ғой. Содан бері жоғалып кетті: әрине әлдеқандай абректер шайқасына қосылған болар, мүмкін тентек басын Теректің аржағында, не Кубань маңында алдырған болар: оның жөні солай!...
Мойындайыншы, менің сыбағама да аз тиген жоқ. Черкес қызы Григорий Алексанровичтің үйінде екенін білісімен, мен эполетімді, шпагамды тағып сонда жөнелдім.
Ол бір қолын желкесіне қойып, екінші қолымен сөніп қалған трубкасын ұстап төсекте, алдыңғы бөлмеде жатыр екен; екінші бөлменің есігі құлыптаулы тұр, құлыпта кілт жоқ. Мен мұның бәрін бірден байқадым... Мен дыбыс берейін деп есіктің табалдырығын өкшеммен дүрсілдетіп, қақырына бастадым, — бірақ ол естімеген бола қойды.
— Прапорщик мырза, — дедім мен барынша қатаңдықпен. — Сіз менің келіп тұрғанымды байқамайсыз ба?
— Ах, сәлеметсіз бе, Максим Максимыч, трубка тартқыңыз келмей ме? — деп жауап берді ол орнынан қозғалмастан.
— Faфу етіңіз! Мен Максим Максимыч емеспін: мен штабс-капитанмын.
— Бәрібір, шай ішпейсіз бе? Егер сіз мені қинап отырған істің жайын білген болсаңыз!
— Мен бәрін де білемін, — деп жауап бердім де, төсегіне жақындадым.
— Онда жақсы болды ғой, айтып жатуға менің құштарлығым да жоқ еді.
— Прапорщик мырза, сіз өзіңіз түгіл мен де жауапты боларлықтай іс еттіңіз...
— Уа, қойыңызшы! Оның несі бар? Біз екеуміз әлдеқашаннан неге де болса ортақ едік қой.
— Бұл не қалжың? Шпагаңызды тапсырыңыз!
— Митька, шпаганы әкел!..
Митька шпаганы алып келді. Өзімнің борышымды орындап, мен оның төсегіне отырдым да, былай дедім: "Сөзге құлақ қой да, мойында, Григорий Александрович, бұл жақсы жұмыс емес қой".
— Не жақсы емес?
— Бэланы алып қашқаныңды айтам... Әлгі көксоққан Азаматқа не дерсің?.. Мойындасаңшы кәне, — дедім мен оған.
— Ол маған ұнаған соң қайтпекпін?.. — Бұл сөзге не деп жауап бер деп бұйырасыз?.. Мен тұйыққа қамалдым. Дегенмен, біраз үнсіз отырғаннан кейін, егер әкесі талап етсе қайтару керек, — дедім мен оған.
— Ешқашанда!
— Қызының мұнда екенін ол білмей қоймас?
— Қалайша білмек?
Мен тағы да тұйыққа қамалдым. — "Құлақ қойыңызшы, Максим Максимыч! — деді Печорин орнынан көтеріліп: — Сіз мейірімді адам емессіз бе, — егер дикарьға қызын қайырып берсек, ол оны я сатады, я бауыздап өлтіреді. Іс бітті, енді бүлдірмелік; қыз менде, ал менің шпагам сенде қалсын..."
— Ендеше маған қызды көрсетші, — дедім мен
— Ол мынау есікте; өзім де бүгін оны көремін деп босқа әуре болдым: ол ақ жамылғы оранып алып бұрышта отыр, не қарамайды, не тіл қатпайды: тағы киіктей үркек. Мен біздің дүкенші әйелді жалдап отырмын: татарша біледі екен, Ол Бэламен бірге жүріп, бірге тұрады да, енді оның менікі екендігін айтып, қызды сол ойға бекітеді, өйткені Бэла менен басқа ешкімге жар болуға тиіс емес, — деді ол үстелді жұдырығымен қойып қалып. Мен мұнысын да мақұлдадым... не айтарсың? Кісіні сөзсіз өз ырқына көндіріп алатын адамдар бар ғой.
— Сонымен, ол шынында да қызды өзіне үйір ете алды ма, жоқ тұтқын қыз туған жерін сағынып-сарғаюмен өтті ме? — деп сұрадым мен Максим Максимычтан.
— Ғафу етіңіз, туған жерін несіне сағынсын? Ауылдан көрініп тұрған таулар, қорғаннан да көрініп тұрушы еді, — ол дикарьларға бөтен ештеңенің де керегі жоқ. Оман соң Григорий Александрович күн сайын оған түрлі сыйлықтар тартып жүрді: кыз алғашқы күндер! тартқан сыйлықтарды тәкаппарлықпен үнсіз итеріп тастайтын, сыйлықтар диханшы әйелге қалатын, сөйтіп оның сөзуарлығын арттыра түсетін, шіркін сыйлық-ай! Жылтыраған шүберек үшін әйел не істемейді!.. Иә, мұны былай қоя тұрайықшы...
Григории Александрович ол қызбен ұзақ алысты, сөйтіп жүріп татаршаны да үйрене жүрді, кыз да біздіңше түсіне бастады. Ең әуелі көзінің астымен, сонсын көзінің қиығымен ақырындап қыз да оған қарауға әдеттенді, бірақ үнемі қайғыда болды, оның әлсіз дауыспен өз өлеңін айтып отырғанын катар бөлмеден естіген кездерімде мені де қайғы басушы еді. Бір уақиғаны ешқашан да ұмытпаймын: үйлерінің қасынан өтіп бара жатып терезесінен қарасам: Бэла басын төмен салбыратып сәкіде отыр екен де. ал Григорий Александрович оның алдында тур екен. "Тыңдашы, менің перизатым!" — деді ол. — "Ерте ме, кеш пе мендік болатыныңды өзің де білесің ғой, ендеше мені несіне қинайсың? Мүмкін сен әлдебір чешенді сүйетін шығарсың? Егер олай болса, мен сені қазір-ақ үйіңе қайтарайын". — Қыз селк еткендей болды да, басын шайқады. "Немесе мен саған мүлде жексұрын шығармын?" — Қыз күрсінді. — "Болмаса сенің дінің мені сүюге тыйым салатын болар?''' — Қыз боп-боз болып кетті, бірақ үндемеді. "Илан маған, Алла бүкіл халыққа бірдей және біреу, егер ол маған сені сүюге ерік бергенде, сенің де маған сүйіспендікпен жауап беруіңе неге тыйым салады?" — Қыз осынау бір жаңа ойға таңғалғандай оның жүзіне қадала қарады. Көзқарасынан сенімсіздік пен шындыққа жету тілегі байқалғандай еді, неткен тамаша көз! Бейне бір екі шоқтай жарқырайды.
— Тыңдашы, сәулем, мейірімді Бэла! — деп Печорин сөзін соза берді: — Менің сені қалай сүйетіндігімді көріп тұрсың ғой; сенің көңіліңді көтеру үшін мен бәрін де құрбан етуге дайынмын, мен сенің бақытты болуыңды тілеймін; егер сен тағы да қайғыратын болсаң мен өлемін. Айтшы, көңілді боламын деші? — Қыз өзінің қара көздерін одан айырмастан ойға кетті де, одан кейін назданып қана күлімсіреп, мақұл дегендей басын изеді. Ол оның қолынан алды да мені сүйші деп жалына бастады. Қыз босаңдау ғана қарсылық білдіріп: "Тәңір жарылқасын, тәңір жарылқасын, қойыңыз" — деген сөздерді қайталай берді. Ол қайтпады, қыз қалтыранып жылап жіберді. — "Мен сенің тұтқыныңмен, сенің құлыңмын, әрине сен мені еріксіз көндіре аласың", — деді де, тағы да жасын төкті.
Григорий Александрович жұдырығымен маңдайын тоқпақтап, басқа бөлмеге атып шықты. Мен кіріп келсем ол ашулы екі қолын айқастырып ерсілі-қарсылы жүр екен. "Не болды, әкем-ау?" — дедім мен оған. " — Әйел емес сайтан! Бірақ оның менікі болатындығы анық, ол үшін мен сізге адал сөзімді беремін..." — деп жауап берді. Мен басымды шайқадым. "Бәс тігесің бе? Бір жетіден қалмайды!" — деді ол. — "Мақұл!" Екеуміз қол алыстық та, тарастық.
Келесі күні ол әртүрлі заттар әкелу үшін Кизляр қаласына ат айдады. Толып жатқан персиялық дүниеліктер әкелінді, тіпті, бәрін санап болар емес.
— Сіз қалай ойлайсыз, Максим Максимыч, — деді ол сыйлықтарын көрсетіп жатып, — Азия сұлуы мына батареяларға қарсы шыдап тұра алар ма екен? "Сіз черкес әйелдерін білмейсіз, олар грузин әйелдеріне де, болмаса Закавказиядағы татар әйелдеріне де ұқсамайды. Мүлде басқа. Бұлардың өз қағидалары бар. Олар басқаша тәрбиеленген" — дедім мен. Григорий Александрович жылмиып күлді де марш әуезіне салып ысқыра бастады. Менің болжалым дұрыс болып шықты: сыйлықтар қызға жартылай ғана әсер етті, бар болғаны қыз оған бұрынғыдан гөрі сенімдірек, жылы шыраймен қарайтын болды. Сондықтан ол енді ең соңғы шараға бел байлады. Бір күні таңертең ол атын ерттетіп, шеркесше киінді де, қару-жарағын тағынып қыздың бөлмесіне кірді. "Бэла!" — деді ол. "Сені қалайша сүйетінімді өзің білесің, сені алып қашқанда мені сен түсінер, сүйер деп ойлап едім, мен қателескен екенмін, қош бол! Менің бар мүлкімнің қожасы енді сенсің; егер тілесең әкеңе орал сен еріктісің. Мен сенің алдыңда айыптымын, сондықтан да өз жазамды өзім тартуым керек; қош, мен кеттім — қайда барарымды, не боларын қайдан білейін! Оқпен жарысып, қылышпен қағысуым да мүмкін, ұзаққа созылмас: сол кезде мені есіңе алғайсың, кешіргейсің менің күнәмды". — Бұдан кейін кілт бұрылып қызға қолын ұсынды, қыз оның қолын алмай үнсіз, сұлқ тұрып қалды. Тек есік сыртында тұрып қана мен саңылаудан қыздың жүзіне көз салдым: оның әдемі жүзі өліктей қуарып кеткен екен, аяп кеттім. Қыз жауабын ести алмаған Печорин есікке қарай бірнеше қадам басты; ол қалш-қалш етеді. Сізге айтайын ба? Меніңше ол тап сол кезде қалжыңмен айтылған сөздерін шынымен-ақ орындап жіберерлік қалыпта еді. Құдай біледі, ол сондай адам болатын. Ол есікке жанаса бергенде, қыз орнынан ұшып тұрып, еңіреп қоя берді де, Печориннің мойнына жармасты. — Нанасыз ба? Есік сыртында тұрып мен де жылап жібердім, яғни білесіз бе, жыладым деуге болмайды, жай әншейін ақымақшылық емес пе!.. Штабс-капитан үндемей қалды.
— Иә, мойындайыншы, — деді ол содан кейін мұртын ширата түсіп: — мені өмірімде ешбір әйелдің былайша сүйіп көрмегені маған қатты батты.
— Олардың бақыттары ұзаққа созылды ма? — деп сұрадым мен.
— Иә, Бэла бізге: алғашқы көрген күннен кейін-ақ Печорин оның түсіне жиі-жиі кіргенін, өмірінде ешбір жігіттің өзінен мұндай әсер етіп көрмегенін айтты. Рас, олар бақыттылар еді.
— Бұл неткен көңілсіздік еді! — дедім мен еріксіз. Анығында мұның аяғы трагедиямен бітер, — деп ойлап едім, кенет ойда жоқта үмітімнің алдануы қалай!.. — Япыр-aй, қызының сіздің қорғанда екенін әкесі неғып сезбеді екен? — дедім тағы да.
— Есебі, былайша айтқанда, күдіктенсе керек. Бірнеше күн өткеннен кейін біз шалды өлтіріп кетіпті деп естідік. Ол былай болыпты... Менің ынтықтық сезімім қайта оянды.
— Сізге айта кетуім керек, менің болжалыма қарағанда Азамат атымды әкесінің рұқсаты бойынша ұрлады деп ойласа керек Казбич. Бір күні ол ауылдан үш шақырым жерде жол тосыпты, қызын босқа іздеуден шаршаған шал ой үстінде ақырын аяңмен қайтып келе жатса керек, қас қарайған мезгіл екен, узденьдері кейін қалып қойыпты, сол кезде, кенет бұта арасынан Казбич мысықтай атылып шығады да, секіріп аттың артына мінгесе түседі, жалма-жан шалға қанжар сұғып аттан аударып тастайды, сөйтіп тізгінді қағып алып жөнеле береді. Мұның бәрін кейбір узденьдері қыраттан көріп, қуғанымен жете алмай қалады.
— Жоғалған атының төлеуін алып, кегін қайтарған екен, — дедім мен әңгімешіден пікір тартайын деп.
— Әрине оларша солай ғой, — деді штабс-капитан, — оның бұнысы өте дұрыс еді.
Өздері арасында тұруға тура келетін халықтардың әдет-ғұрыптарына үйлесе кетуге орыс адамдарының бейімділігі мені еріксіз қайран қалдырды, ақылдың осы бір қасиеті мақтаныш па, болмаса өкініш пе, оншасын білмеймін; әйтеуір бұл, я бір керекті жерде қолданылатын, болмаса жойып жіберуге шамасы келмейтін бір жайларда кездесетін жауыздық пен зұлымдықтардың бәрін де кешіре білуге оның орасан икемділігін, ашық, жарқындығын байқатады.
Сонымен шай да ішіліп болды; әлдеқашан жегілген аттар қар үстінде дірдек қағады, батыста бозарып ай көрінеді, ол пәре-пәре болған перденің жыртығына ұқсап алыста — аспан мұнарында жабысып тұрған өзінің қара бұлтына кіруге де дайын тұр. Біз саклядан шықтық. Менің жолдасымның болжалына қарамастан күн ашық болуға айналды, әдемі тынық таң да атып келеді; ғажайып өрнектерімен аспанды қоршаған жұлдыздар тізбегі, үстін мәңгі қар жапқан тіп-тік тау жоталарына ақсаңдақ жайылып, шығыстан көтерілген таң шапағы көкжиекке нұрын құйған сайын біртіндеп сене береді. Оң мен солда тұп-тұнық, сұп-сұр түпсіз шыңыраулар қарауытады, атып келе жатқан таңды сезіп сонан үріккендей тұман маңындағы шыңдардың жыраларына шөгеді, сөйтіп жыланша ирелеңдеп төмен жылжиды.
Таң намазына ұйып тұрған сәттегі адамның жүрегіндей жер де, көк те тып-тыныш; тек қана анда-санда аттардың қырау басқан жалын үрлей шығыстан суық жел соғады. Біз жолға шықтық; біздің жүгімізді бес арық ат бұраң жолдармен Гуд тауына қарай әрең тартып келеді; аттар күшін алдырған мезгілдерде арба доңғалағына тас қойып біз артта жаяу жүріп келеміз; жол аспанға қарай алып бара жатқан сияқты, өйткені ол көз көрім жерге дейін үнемі жоғары көтеріліп барады да күн батар кезде Гуд тауының ұшар басында жем аңдыған қарақұстай қонақтаған бұлтқа кіріп жоқ болады; кар аяқ астымызда сықырлайды; ауаның сиректігі сондай, дем алу да қиындап барады; минөт сайын қан басыңа шапшиды, әйтсе де солармен қатар тұла бойымды әлдеқандай қуаныш сезімі кернейді, дүниеден өзімнің соншалық биікке көтерілуім маған біртүрлі қуаныш көрінеді: таласпаймын, бұл балалық сезім, дегенмен коғам арасынан алыстай түсіп, табиғат қойнына жақындаған сайын біз еріксіз бала болмақпыз ғой: өмірден алғандардың бәрі бойдан зым-зия жоғалып, қайтадан жаның бір кездерде өткен, тағы да қайта оралар сол бір шағыңдай бола қалады. Мидан даланың тауларын кезіп, солардың керемет сымбаттарына мендей боп ұзақ уақыт тесіле қарап, оның салаларына құйылған жан берерлік тәтті ауасын тынымсыз жұтуға кімде-кімге тура келсе, осы ғажайып көріністерді бар бедер-бояуымен суреттеп айтып берейін деген менің тілегімді әрине сол ғана ұғады... міне біз ақыры Гуд тауына шығып тоқтадық та, жан-жаққа көз жібердік: тау басын жапқан сұр бұлттармен оның ызғарлы демі жақындап келе жатқан боран қаупін төндіреді; мөп-мөлдір ашық, алтындай жарқыраған шығысқа қарап біз, яғни штабс-капитан екеуміз ол борап қаупін мүлде ұмытып та кетіппіз... я, солай, штабс-капитан да: жаратылыстың сұлулығы мен ұлылығын шынайы жүректің сезуі, біз сияқты қағазға жазсақ та, әңгіме шертсек те, көпірте сөйлейтіндерден гөрі жүз есе күшті де, әсерлі де.
— Меніңше мынау әдемі картиналарға сіздің бойыңыз үйреніп кеткен-ау деймін? — дедім мен оған.
— Иә, оқтың ысқыруына да үйреніп кетуге болады. Былайша айтқанда, жүрегіңнің еріксіз тулағанын жасырып әдеттенесің.
— Кейбір кәрі солдаттарға бұл музыка тіпті ұнайды деп естимін.
— Әрине. айта берсеңіз, ол ұнамды да; дегенмен оның олай болатыны жүректің қаттырақ соғуынан. Қараңызшы, — деді ол шығысты нұсқап, - неткен өлке!
Рас, мұндай панораманы енді басқа жерден көруім маған екіталай болар: қос күміс жіптей айқара тартылған Арагвамен тағы бір өзенді бауырына ап аяқ астымда Қойшауыр жазығы жатыр; оның үстін көлбей көтерілген көкшіл тұман таңғы жылы сәуледен қашып маңындағы қойнауларға тығылады; оң мен солда қар мен бұлттар басып кеткен бірінен-бірі биік тау жоталары бірімен-бірі тіркесіп ілгері созылады; алыста тағы осы таулар, тым болмаса бір-бірімен ұқсас екі шың болсайшы, — қарлардың қызғылт түске еніп, құлпыра жарқырауы сондай ашық, сондай көңілді, тіпті өмірбойы осында тұрып қалғың келеді; нөсерлі бұлттан үйреншікті көз ғана айыра алатын қара көкшіл тау сыртынан күн қылтиып қана көріне бастады, күн шапағының қанқызыл боп құлақтана қалғанына менің жолдасым ерекше назар аударды. "Бүгін күн бұзылады деп мен сізге айтқаным қайда; асығу керек, әйтпегенде Крестовойға жете ұрынуымыз мүмкін. Қозғалыңдар!" — деп ол лаушыларға айғай салды.
Төмен домалатып әкетпес үшін арбаның доңғалақтарын шынжырмен байлап тастадық та аттарды жетектеп таудан төмен түсе бастадық; он жағымыз жартас, ал сол жағымыз терең шыңырау, түбінде мекендеген осетин ауылы қарлығаштың ұясындай көрінеді; қарама-қарсы кездескен екі арбалы өте алмайтын осынау жолмен қараңғы түндерде әлденендей курьердің өзінің солқылдаған арбасынан түспестен жыл сайын он шақты рет тынымсыз жүріп жататынын ойлағанымда менің тұла-бойым шымыр ете қалды.
Біздің лаушыларымыздың бірі Ярославский жағының орысы еді де, енді біреуі осетин еді: мінезі шәлгездеу аттарын күні бұрын бос алып, түпкі атты өте сақтықпен тежеп келеді, ал біздің аңғал орыс отырған орнынан қозғалған да жоқ! Тым болмаса менің шамаданым үшін көңіліңіз селт етуі керек емес пе, әлдеқалай құлап кетсе оны аламын деп мынау түпсіз шыңырауға менің өмірде түскім келмейді деп оған ескертіп едім, ол маған: "Барин, құдай жазса олар құрлы өтерміз, біздің өтіп жүргеніміз бірінші емес қой", — деп жауап берді, оның бұл сөзі дұрыс еді: расында да өте алмайтын жерден өтіп кеттік, егер адамның бәрі көбірек байыптап қараса тіршілік дегенге сонша көп көңіл аударудың онша қажет еместігіне көздері жеткен болар еді-ау...
Мүмкін сіздің Бэла уақиғасының немен тынғанын білгіңіз келетін шығар? Біріншіден, менің жазып отырғаным повесть емес, жолшыбай көрген-білгендерім: сондықтан өзі бастап айтқанша штабс-капитанды айт деп қыстай алмаймын. Сонымен сабыр етіңіздер, болмайды екен. бірнеше бетті аударып тастаңыздар, жоқ, мен олай ет деп ақыл бермес едім, өйткені Крестовой тауынан (немесе оқымысты Гамбаша атасақ, le Mont si Chris-tophe5) өту сіздердің назар аударуларыңызға тұрарлық жайт. Сонымен біз Гуд тауынан Чертово аңғарына түстік... міне, романтикалық ат! Сіздер қазірден-ақ өткел бермес құздары бар жын-шайтанның ұясын көре бастадыңыздар, жоқ олай емес; меже аңғары (Чертовой долины) деген ат "чорт" ("шайтан") деген сөзден емес, "черта" ("меже") деген сөзден пайда болған, өйткені бұл жер бір кезде Грузияның шекарасы екен. Бұл аңғарды тау-тау боп теңкие басқан оппа кар, біздің ата мекеніміздің Саратов, Тамбов секілді сүйікті жерлерін бірден көз алдыңа келтіргендей.
— Міне, Крестовая! — деді штабс-капитан, біз Чертово аңғарына түскен кезде, тұп-тұтас қалып қар жапқан төбені нұсқап; оның ұшар басында тас крест қараяды, сол қарайған крест маңынан көзге әрең-әрең шалынатын жол шығады, бұл жолмен бөктердегі жолды кар басып қалған кезде ғана жүреді екен: біздің лаушыларымыз қар әлі құлаған жоқ екен десті, сөйтті де аттарын аяп бізді айналмалы жолмен әкетті. Төбені айнала бергенде бес адам осетинге кездестік, олар бізге көмектескісі келіп арбаның доңғалағына жармасты, сөйтіп шулай-айғайласып, біздің арбамызды әрі сүйреп, әрі сүйемелдеп келе жатты. Айта қалғандай жол қауіпті екен: желдің алғашқы көтерілуінен қалмай құлағалы тұрған теңкиген кесек қарлар оң жағымызда, нақ төбемізде төніп тұр; жіңішке жолды жартылай қар басып қалыпты, кейбір күн сәулесінен еріген жерлерін бүгінгі аяз мұзға айналдырып қатырып тастаған, сондықтан да кейде тайғанақтап, кейде оппалап аттар құлайды, біз өзіміз де әрең жүріп келеміз: сол жағымыз бұлдыраған терең жар, сол жарда кейде мұз астына кіріп жоқ болып, кейде қап-қара тастардан көбік ата секіріп жатқан тасқын. Крестовой тауынан екі сағатта әрең өттік, — екі шақырым жерді екі сағат жүрді деген осы! Бұл екі арада бұлт төмен түсіп, бұршақ пен қар құя бастады; жел де аңғарға тығылып Соловей-Разбойник тәрізді ысқырып, азынап қоя берді. Шығыстан қаптаған бірінен-бірі қалың тұман толқыны жауып лезде тас крес те көзден ғайып болды... Айтпақшы, осы тас кресті Кавказдан өтіп бара жатып император Петр I қойған екен деген әңгіме нанымсыз болса да бүкіл ел аузында тарап кеткен; ал біріншіден, Петр тек Дағыстанда ғана болды, екіншіден кресте 1824 жылы Ермоловтың бұйрығы бойынша орнатылған деген үлкен әріптермен жазылған сөз бар. Осы жазу бола тұрса да, бұл әңгіменің ел ішіне соншалық сіңіп кетуімен оның үстіне біздің жазуларға иланып әдеттенбегенімізге қарап, қайсысына сенеріңді білмейсің.
Коби стансасына жету үшін бізге мұзды шыңдар мен оппа карлар арқылы әлі де бес шақырымдай жүру керек. Аттардың зықысы шығып, өзіміз де қалтырай бастадық; нақ өзіміз үйреніскен, терістіктегідей боран үсті-үстіне азынай түседі; тек қана жат сарыны одан көрі қайғылырақ, зарлырақ шығады. "Иә, қуғындағы сен де өзіңнің әдемі, кең далаңды сағынып жылайсың! Онда сенің тақтай қанатыңды сілтер жерің мол, ал мұнда ше, өзінің темір торына саңқылдай соғылған қырандай саған әрі қапа, тар-ау", — деп ойладым мен.
— Жаман болды! — деді штабс-капитан: — Қараңызшы, тұман мен кардан басқа айналада түк көрінбейді; не шыңыраудың түбіне құлап, не бір үңгірде отырып қалуымыз кәдік, ал төменде Байдары өзені де, мүмкін, өткел берместей боп тасып кеткен шығар. Әй, осы бір Азня-ай! Адамына да, өзеніне де ешбір сеніп болмайды! — деді штабс-капитан. Лаушылар біресе айғайлап, біресе балағаттап аттарды үрумен болды, қамшы үсті-үстіне жауса да аттар пысқырынып, төрт тағандап өмірде орындарынан қозғалар емес.
"Тақсыр — деді ақырында біреуі. — Біз бүгін Кобиге жете алмаймыз; осындай мүмкіншілік тұрғанда солға бұрылуға бұйырмайсыз ба? Ана бір қисық тау маңында бірдеме қараяды, бәлкім сакля болар: онда күн бұзылған кезде үнемі жолаушылар тоқтайды, мыналар арақтық ақша берсе алып барамыз, дейді", — деп ол осетинді нұсқады.
— Білемін бауырым, сенсіз де білемін, — деді штабс-капитан: — бұл көксоққандар арақтық ақша алу үшін не істемес дейсің.
— Олар болмаса бізге бұдан да жаман болатынын мойындауымыз керек қой, — дедім мен.
— Әрине солай, әрине солай, — деп міңгірледі ол. — Осы бір жол көрсетушілер-ай, соларсыз жол табылмайтындай-ақ, пайда түсетін жерді сезе қояды.
Міне, біз солға бұрылдық, қабырға іргелерін кесек тастардан қалаған нашар ғана екі үйлі баспанаға талай бейнеттер көріп әрең дегенде жеттік. Үсті-бастары жалба-жұлба болған үй қожалары бізді қуанышпен қарсы алды. Дауылға ұшыраған жолаушыларды қабылдап тұру үшін үкімет бұларға ақша мен тамақ беріп тұрады екен, мен ол жайды кейін білдім. — "Бәрі де жақсылыққа! — дедім мен от басына отырып жатып: — енді сіз Бэла тарихын аяқтарсыз, меніңше ол бітпеген сияқты".
— Неліктен бітпеді деп ойлайсыз? — деді штабс-капитан қулана жымиып.
— Өйткені бұл жай ғана әңгіме емес қой; басталуы таңғажайып болғасын, солайша аяқталуы керек.
— Сіз тауып кеттіңіз...
— Өте қуаныштымын.
— Сізге қуаныш, ал есіме алсам мені қайғы басады. Бэла бір тамаша әсем қыз еді! Мен оны жүре келе өз қызымдай көріп кеттім, ол да мені жақсы көретін болды. Сізге айта кетейінші, мен жалғыз басты адаммын, әкем мен шешемнен12 жылдан бері еш хабарым жоқ, ал үйлену деген ерте кезде есіме де келмеді, енді орынсыз тәрізді; сондықтан мен еркелетер жан табылғанына қуанып жүрдім. Ол кейде бізге ән салып, кейде лезгинка билейді... билегенін айтсаңызшы!.. Өзіміздің губернялардағы бойжеткендерді көріп жүрміз ғой, ал бұдан 20 жыл бұрын менің бір рет Мәскеуде инабаттылар жиынында да болғаным бар, олар Бэлаға қайдан пар келсін! Шаңына да ілесе алмайды!.. Григорий Александрович оны мәпелеп еркелетті, қуыршақтай безендіріп қойды. Сондықтан ол бұрынғысынан да құлпырып кетті, тіпті бір керемет! Қолдары мен бетіндегі күн көзінің қоңырқай табы кетіп, жүзінде қызғылт нұр ойнады... Өзі де соншалық көңілді болушы еді, үнемі мені қалжың ететін... Құдай кешірсін!..
— Әкесінің өлгенін естірткенде не деді?
— Біз оны көпке дейін, ол өзінің тұрмысына әбден көндіккенше жасырып жүрдік; сонсын естіртіп едік, екі күндей жылады, артынан ұмытып кетті.
Төрт айға дейін бәрі де барынша жақсы өтіп жатты. Григорий Александрович аңшылықты өте жақсы көретін еді деп мен сізге айтып па едім: бір кездерде ол не қабанның, не тау ешкісінің соңынан орман кезіп кетіп қалушы еді, енді қорған бекінісінен әрі шықпайтын болды. Міне, байқаймын, екі қолын артына ұстап ол тағы да бөлме ішінде ойға батып жүр; соның артынан бір рет ешкімге айтпастан мылтық атуға кетіп, күнімен жоғалды; бұдан кейін екінші рет кетті, сөйте-сөйте жиі-жиі кететін болды... Бұл жақсы емес екен деп ойладым мен, мүмкін араларынан қара мысық жүріп кеткен болар!
Әлі күнге көз алдымда, бір күні таңертең оларға кірсем: үстінде қара барқыт бешпеті бар, құп-қу, қайғылы Бэла төсек үстінде отыр екен, мен шошып кеттім.
— Печорин қайда? — деп сұрадым.
— Аңға кеткен.
— Бүгін кетті ме? Тілі байланып қалғандай ол үндемеді.
— Жоқ, кеше кетіп еді, — деді біраздан кейін ауыр күрсініп:
— Бір бәлеге ұшырамаса неғылсын?
— Кеше күнімен ойлай-ойлай шаршадым, — деді ол жыламсырап, — талай қорқыныш ойлар келді, біресе оны тағы қабан жаралағандай болады, біресе чешендер тауға алып кеткен сияқтанады... ал, міне, бүгін ол мені сүймейтін сияқты.
— Қызық екенсің, қарағым, бұдан жаман еш нәрсе ойлап таба алмадың ба! — Ол жылап қоя берді, сөйтті де бір түрлі паңдықпен басын көтеріп алып, көзін сүртті де, сөйлей жөнелді:
— Егер ол мені сүймейтін болса, мені үйіме қайыруға оған кім бөгет болады? Мен оны зорламаймын. Егер бұдан былай да тоқтамайтын болса, мен өзім кетемін: мен күңі емеспін — князь қызымын!..
Мен оған ақылымды айта бастадым. — "Бэла, тыңдашы, сенің юбкаңа қапсырып қойғандай оған үнемі осында отыра беруге болмайды ғой; ол жас адам, тағылар соңынан қууды ұнатады, жүріп-жүріп өзі де қайтып келмей ме, егер сен бүйтіп уайымдайтын болсаң, оның көңілін тез қайтарасың ғой".
— Рас, рас! Мен енді көңілді боламын, — деді де ол сылқ-сылқ күлген бойы өзінің бубенін қолына алып, менің алдымда секіріп, әндетіп, билей бастады; бірақ бұл да ұзаққа созылмады, ол тағы да екі қолымен бетін басып төсегіне құлай кетті.
Мен не істерімді білмедім. Өмірде әйелмен ісім болып көрген адам емеспін ғой, қалай жұбатсам екен деп ойлап-ойлап ештеңе таба алмадым; біраз уақыт екеуміз де тіл қатыспадық... мұндай өте қолайсыз жағдай болмас! Ақырында мен оған: "Күн жақсы екен, егер барғың келсе бекініс маңына барып қайтайық!" — дедім.
Бұл қыркүйек іші еді. Анығында да күн ыстық емес, ашық әдемі еді; барлық таулар алақандағыдай сайрап тұр. — Біз қорған бекінісін ерлеп әрлі-берлі үнсіз жүрдік те қойдық; ақырында ол бір дөңбекке отыра кетті, мен де оның қасына отырдым. Нақ бір күтуші әйел тәрізді сол бір шақта менің Бэла жайында бәйек болып жүгіріп жүргенім есіме түссе күлкім келеді.
Біздің қорған дөңесте болатын, бекіністен көз жіберсең маңайың әдемі-ақ: бір жағыңда қазылған орлармен жарыса орманға барып тіреліп жатқан кең алаң, орман таудың ұшар басына дейін созылады, оның кей жерлерінен ауыл түтіні шығады, кейбір алаңдардан топтаған малдар көрінеді, енді бір жағында ағып жатқан кішіректеу өзен, оған жалғаса жапырлап біткен шіліктер Кавказ тізбектеріне барып тіркесіп жатқан бұдыр-бұдыр жоталарды жауып тұр.
Біз бастионның бұрышында отырмыз, сондықтан да екі жақ теп-тегіс көз алдымызда. Міне, бір сұр атты адам орманнан шығып бізге қарай жүріп келеді; ол жақындап келіп өзеннің ар жағына бізден жүз сажындай жерге тоқтады да, жын қаққандай тұрған жерінде атымен шыр айнала бастады. Япыр-ай бұл неткен жан!.. "Бэла, сен жассың ғой қарашы, анау неғылған жігіт, кімді қайран қалдырмақ үшін келді екен?.." — дедім мен.
Бэла қарады да: "мынау Казбич қой..." — деп айғайлап жіберді.
— Әй, қарақшы-ай! Бізді тәлкек еткелі жүрме екен? Анықтап қарасам дәл Казбичтің өзі. Оның қоңырқай тартқан кескіні мен жыртық кірлі киімі сол қалпында. "Анау ат менің әкемнің аты",
— деді Бэла менің қолымнан ұстай алды; жалт қарасам екі көзі жайнап, жапырақтай қалтырап тұр екен "Бәсе! Қарақшылар қаны, сүйіктім, сенің бойыңда да тыныш жатпайды екен!" — деп ойладым мен.
— Бері келші, — дедім мен сақшыға, — мылтығыңды әуелі қарап шығып, сонсын анау сабазға бір қадалтып жіберсең, бір сом күміс аласың. — "Құп, мәртебеңізге құлдық, бірақ оның ойнақшып тұрғанын қараңызшы..." — "ендеше оған қозғалма деп бұйыра ғой"
— деп күлдім мен... — "Әй, сүйіктім! Кішкене сабыр етсеңші, қасқырдың бөлтірігі құсап несіне айналшықтай бересің?" — деп сақшы оған қолын бұлғап айғай салды. Бізді сөйлеседі ғой деп ойлады білем, Казбич шынында да тоқтап, тыңдай қалды, сол кезде менің гренадерім көздеп тұрып басып-ақ салды... бірақ мүлт кетті, оқ-дәрінің түтіні бұрқ етуі мұң екен, Казбич тебініп қалып еді, аты бір бүйірге қарай қарғи жөнелді, шауып бара жатқан Казбич үзеңгіге тұра қалып, бізге қарап қолындағы қамшысын білеп, кіжінді де өз тілінде әлдене деп айғай салды, оның мінезі солай болатын.
— Ұялсаң етті! — дедім мен сақшыға.
— Дәрежеңізге құлдық! Ол өлуге кетті, бұлар сондай қарғыс атқан халық емес пе, табанда өлтіре алмайсың, — деді ол.
Ширек сағат өткен кезде Печорин аңнан қайтып оралды; Бэла құшағын жазып оның мойнына оралды, ұзақ уақыт жоқ болып кеткендігі жайлы ләм-мим деп ренжу айтып, қабақ та шытқан жоқ... қайта мен: "Кешіріңіз, жап-жаңа Казбич өзеннің ар жағында болды, біз оған мылтық аттық; оған сіздің кез келіп қалуыңыз оп-оңай емес пе? Бұл таулықтар кекшіл халық: сіздің Азаматқа аз да болса көмектескеніңізді ол сезбейді дейсіз бе? Мен бәс тігемін, бүгін сөз жоқ ол Бэланы таныды. Осыдан бір жыл бұрын Бэланың оған қатты ұнағанын мен білемін ғой, егер қалыңмалына жетерлік мал табарына көзі жетсе құда түсер жайы барын маған өзі де айтқан..." — деп, мен оған ренжідім. Бұдан кейін Печорин ойланып қалды: — "Рас, сақ болуымыз керек екен... Бэла, сен бүгіннен бастап ешқандай да қорған бекінісіне барушы болма", — деді ол.
Кешке жақын мен онымен ұзақ сөйлестім: осы бір сорлы қызға оның теріс қарай бастағаны маған қасірет болды; күнінің жартысын аңда өткізгенімен қоймай, ол Бэлаға салқын тартып, оны сирек еркелететінді шығарды, қыз да жүдеп кетті, екі беті сопайып, көз жанары сөне бастады. Кей уақыттарда әлдеқалай "Неге күрсінесің, Бэла? Әлдебір қайғың бар ма?" — десең — "Жоқ!" Болмаса — "Бірдеңе керек пе?" — десең "Жоқ!". "Әлде туғандарыңды сағындың ба?" — деп сұрай қалсаң — "Менде туған жоқ!" дегеннен бөтен онан жауап ала алмайсың. Ұзақты күн "солай", "жоқ" деген сөздерден басқа ешбір жауап ала алмайтын кездер де болады.
Мен оған, міне, осылар туралы айттым. "Тыңдаңызшы, Максим Максимович", — деп бастады ол, — менің мінезім бақытсыз адамға біткен мінез; тәрбиеден солай болдым ба, болмаса құдай мені осылай жаратты ма, білмеймін, жалғыз-ақ білетінім, егер мен біреудің бақытсыздығына қандай себепкер болсам, өзімнің бақытсыздығым да одан кем емес. Әрине, менің бұл сөзім олар үшін жұбаныш бола алмас, дегенмен істің анығы осы. Туғандарымның қарауынан босағаннан кейін, жастық шағымның алғашқы күнінен бастап, мен ақшаға сатып алуға болатын ләззаттың бәрін де мейлінше татып бақтым, ақыры одан көңілім кайтты. Бұдан кейін ұлы игілер тобына араластым, олардың арасы да мені тез жалықтырды; талай бекзат сұлуларға ғашық та болдым, олар да мені сүйді, бірақ олардың сүйіспендігі тек қана менің такаппарлығым мен менмендігімді өршіте түсті, жүрегіме нәр бере алмады... сонсоң кітапқа шұқшиып, оқу оқи бастадым, — ғылым да жалықтырды; атақ пен бақыттың оған құртымдай байланысы жоқ екеніне көзім жетті, олай дейтінім, нағыз бақытты адамдар тоғышарлар, ал атақ дегеніңіз сәттің ісі, оған жету үшін тек қана жылпос болуың керек. Мені тағы да көңілсіздік басты... Кешікпей мені Кавказға ауыстырды; менің өмірімнің ең бақытты кезі осы. Чешендердің оғының астында зерігу деген болмайтын шығар деп үміттеніп едім, оным бекер екен: бір айдан кейін менің оқтың зуылдауы мен ажалдың жақындығына үйреніп кеткендігім сонша, көңілім сары масаның ызыңына ғана бөлінетін болды, маған енді бұрынғыдан да көңілсіз бола бастады, өйткені мен ең ақырғы үмітімнен айрылғандаймын... Бэланы өз үйінде көрген шағымда, одан кейін алдыма алып отырып қап-қара тұлымдарынан алғашқы сүйген кезімде, мен есуас оны қайырымды тағдырдың маған жіберген періштесі екен ғой деп ойлап едім... Тағы да жаңылыппын: тағы қыздың махаббаты білімді бойжеткендердің махаббатынан сәл ғана артық екен; бірінің жөнсіз ерке-наздығы секілді, екіншісінің топастығы мен ақкөңілділігі де тойдырады екен. Егер білгіңіз келсе, мен оны әлі де сүйемін, бірге өткізген тәтті минөттеріме алғысым бар, ол үшін өлімге де әзірмін, солай болғанымен маған онымен бірге тұру көңілсіз... Нақұрыспын ба, болмаса жауызбын ба, оншасын білмеймін; әйтеуір менің Бэладан гөрі де аянышты жан екенім анық: менің жанымды бекзадалар бұзған, қиялымда тұрақ жоқ, жүрегімде тойым жоқ; маған бәрі де аз: мен қайғыға да рақатқа батқандай тез көндігемін, сондықтан да менің өмірім күн санап қаңырап барады, енді мен үшін қалған бір-ақ амал бар: ол жаһан кезу. Мүмкіншілік болысымен аттанамын. Құдай сақтасын, Еуропаға емес! Америкаға, Аравияға, Үндістанға кетемін, жазым болып жолшыбай әлдеқайда өліп те қалармын! Сонда да бұл соңғы қуанышымның қиын жолдар мен дауылдар құшағында тым тез ұмытыла қоймайтынына әбден сенемін". — Ол осылайша ұзақ сөйледі, оның сөздері менің есімде, өйткені мен мұндай жайтты 25 жасар жігіттен бірінші мәртебе, құдай біледі ең соңғы мәртебе естуім шығар... Неткен ғажап! Айтыңызшы, жарқыным, сіз астанада жақында ғана болдыңыз ғой деймін, ондағы жастардың бәрі де осындай ма? — деді штабс-капитан маған қарап.
Дәл солай деушілер толып жатыр, оның ішінде шындықты айтатындары да бар болар; дегенмен торығу деген де, барлық модалар тәрізді, қауымның жоғарғы буынынан басталып, содан кейін төменгі буынға тарайды, солар арқылы тозады, әлгі осы кездегі анығында да басқалардан гөрі жабырқау жүретіндер бұл бақытсыздықтың сырқат екенін жасырғылары келеді, деп жауап бердім.
Штабс-капитан бұл нәзік сөздердің байыбына бара алмады, әйтсе де басын шайқады да, қулана жымиып күлді.
— Торығу дегенді модыға айналдырып жіберген осы француздар ғой.
— Жоқ, ағылшындар.
— Ә, солай екен ғой, олар қашаннан шектен шыққан маскүнемдер емес пе!
Мен бір Мәскеу бикешін еріксіз еске алдым, ол "Байрон тек қана маскүнем, одан басқа ешкім де емес" — деген еді. — Әйткенмен штабс-капитанның бұл сөзі кешірерлік сөз, өйткені ол ішімдіктен аулақ болуы үшін өзін дүниедегі бақытсыздықтың бәрі маскүнемдіктен болады деп сендіргісі келетін.
Сонымен ол өзінің әңгімесін былайша соза берді:
— Казбич содан кейін қайтып оралған жоқ. Бірақ неге екенін білмеймін, осы Казбич босқа келген жоқ-ау, бір сұмдықты бастамаса не қылсын деген ой менің басымнан кетпей-ак қойғаны.
Бір күні Печорин қабан атуға барайық деді, мен көпке дейін қарысып көнбедім; маған қабан дегеннің не қызығы бар! Сөйтсе де ол мені қоярда қоймай өзімен бірге алып-ақ кеткені. Біз қасымызға бес солдат ертіп таңертең ертемен жүріп кеттік. Сағат онға дейін қамыстан-қамыс, ағаштан-ағаш қалдырмай сүзсек те аң табылмады. "Әй, кейін оралсақ қайтеді? Несіне қарыса береміз, қайткенде де бір сәтсіз күн болды ғой!" — дедім мен. Бірақ Григорий Александрович күннің аңызақтығы мен шаршағандығымызға қарамастан олжасыз қайтқысы келмеді... Ол сондай адам еді, ойына алғанын істемей тынбайтын; шамасы бала кезінде шешесі бетімен жіберген болар... Ақыры сәске түсте қабан деген көксоққанды таптық-ау, Паф! Паф! Қандай болсын, қамысқа кірді де кетті. Сондай бір сәтсіз күн болды!.. Біз азырақ демалдық та, үйге қайттық.
Тізгіндерімізді бос ұстап, үнсіз, қатар жүріп келеміз, шіліктер жауып көрсетпей тұрғаны болмаса, міне, қорғанға да келіп қалдық. Кенет мылтық атылды... Біз бір-бірімізге жалт қарастық, екеумізді бір ғана күдік басқандай. Сөйтіп, о, дегенше болмай-ақ мылтық даусы шыққан жаққа қарай біз де ат қойдық. Қарасақ: бекіністе солдаттар бір жерге топталып алыпты, олар қолдарымен қыр жақты нұсқайды. Сонау бір салт адам алдына аппақ бірдеңені өңгеріп алып құйғытып шауып барады. Мұны көрген Григорий Александрович чешендердің қайсысынан болсын кем айғайлаған жоқ, сонан кейін мылтығын қабынан суырып алып солай қарай ұмтылды, мен де оның соңынан жөнелдім.
Бағымызға қарай, аң кездеспегендіктен аттарымыз тың еді, сондықтан да олар екпіндей, суырыла шапты, қас қаққан сайын біз жақындай бердік... Ақырында мен Казбичті таныдым, бірақ оның алдына өңгеріп бара жатқаны не екенін айыра алмадым. Бұдан кейін мен Печоринмен қатарласып: "Мынау Казбич!" деп оған айғай салдым, ол маған қарап басын изеді де, атына қамшы басты.
Міне, енді біз онан оқ жетер жердеміз; Казбичтің аты шаршады ма, әлде біздің аттарымыздан төмен бе, әйтеуір ол қанша тырысса да аты шабысын үдете қоймады. Менің ойымша ол тап осы сәтте өзінің Қарагөзін есіне бір алған болар...
Қарасам: Печорин шауып келе жатқан күйі мылтығын кезей қалыпты. "Атпа, оғыңды сақта, біз оны былай да қуып жетеміз" — деп айғай салдым. Әй, жастар-ай! Қашан да орынсыз жерде қызып кетеді... Дегенмен, мылтық атылып, аттың артқы аяғын жаралап кетті; ат ет қызуымен тағы да он шақты қадамдай ілгері қарғи түсті де, сүріншектеп барып артымен шөге қалды. Казбич аттан секіріп түсе қалды, сол кезде біз оның алдына ұстағаны шадраға ораған әйел екенін көрдік... Бұл Бэла еді... Сорлы Бэла! Казбич бізге өзінше әлдене деп айғай салды да, Бэлаға қанжар сұқты... Енді бөгелетін ештеңе қалмады: мен атып салдым, сәті түсіп оқ оның иығынан тиді білем, өйткені ол кенет қолын төмен түсіре қойды... Түтін тараған кезде қарасам жерде жаралы ат пен оның қасында Бэла жатыр екен. Ал Казбич мылтығын тастап, өзі бейне мысықтай, шың басына өрмелеп барады; менің оны ол жерден қалпақтай ұшырғым келіп еді, әттең мылтығым оқтаулы болмады! Біз аттан түсе сала Бэлаға қарай жүгірдік. Бэла байғұс жарасынан қан саулап ағып, қимылсыз жатыр екен... Жауыздай, тым болмаса, бірден өліп кететін жүректен салсайшы, ал бұл арқадан сұғыпты... дәл қанішерлердің қанжар ұрысы! Бэла есін білмейді. Біз шадраны жыртып жарасын мүмкіндігіне қарай қаттырақ байладық; Печорин оның суық ернінен сүйіп, босқа әуре болды, Бэланың есін жиюына еш мүмкіндік жоқ еді.
Печорин атқа қонды, мен Бэланы жерден көтеріп алып оның еріне әрең деп отырғыздым; ол Бэланы құшақтап алды, сөйтіп біз кейін қайттық. Бірнеше минөт үнсіздіктен кейін Григорий Александрович маған: "Максим Максимович, құлақ салыңызшы, біз бұл қалыппен Бэланы тірі жеткізе алмаймыз ғой", — деді. "Рас" — дедім мен де. Содан кейін біз аттардың бар шабысымен құйғыта жөнелдік. Қорған қақпасында бізді топталған халық күтіп тұр екен. Біз жаралыны ептеп қана Печориннің үйіне кіргізіп, дәрігерге кісі жібердік. Дәрігер мас екен, әйтсе де келді; ол, Бэланың жарасын қарап шықты да, бір күннен артық өмір сүрмейді деді; бірақ ол қателесті...
— Жазылып кетті ме? — дедім қуанғаннан, штабс-капитанды қолынан ұстай алып.
— Жоқ, — дәрігердің қатесі сонда, Бэла тағы да екі күн өмір сүрді.
— Түсіндіріңізші маған, Бэланы Казбич қалайша алып қашыпты.
— Міне былайша: Печориннің тоқтам салуына қарамастан Бэла қорғаннан шығып өзенге барыпты. Күн өте ыстық екен, ол тасқа отырыпты да аяғын суға малыпты, сол кезде Казбич бұғып келіп бас салыпты да, аузын басып, бұтаға қарай ала жөнеліпті. Сонсын атына мініп алып шүу деп бір-ақ тартқан! Ол екі арада Бэла айғай салып үлгірген екен; сақшылар сасқалақтап жүріп атса да тигізе алмапты, дәл осы кезде біз де келіп үлгіріппіз.
— Казбичтің Бэланы не себепті әкеткісі келді екен?
— Ғафу етіңіз! Бұл черкес дегендер ежелден әйгілі ұры халық емес пе: шеткерілеу тұрған нәрсе болса қағып әкетпей қоймайды: тіпті өзіне керексіз нәрсе болса да ұрлайды, ұрлық жөнінде оларға шәгіңіз болмасын! Оның бер жағында Бэла оған баяғыдан ұнайтын.
— Сонымен Бэла өлді ме?
— Өлді: бірақ ұзақ қиналды, біз де онымен бірге едәуір азап шектік. Кешкі сағат он кезінде Бэла есін жиды, біз қасында отыр едік, көзін аша салып Печоринді шақыра бастады. — "Мен, сенің қасыңдамын, жаным" — деді ол, оның қолынан ұстап. — "Мен өлемін!" — деді Бэла. Біз "дәрігер сөзсіз жазамын деп уәде берді" — деп онын көңілін жұбата бастадық. Бэла басын шайқады да қабырғаға қарай теріс айналды: өзін өлімге қия алмады-ау деймін!..
Түн болысымен ол сандырақтай бастады; басы күйіп, кей кезде бүкіл денесі безгек болған адамдай қалтырайды; ол әкесі мен інісі жайында мағынасыз сөздер айтады, оның үйіне, тауға кеткісі келеді... Біресе ол, Печорин жайлы сөйлейді, оған ерке, нәзік аттар тағады, кейде оны өзіңнің Джаношкаңды сүймейтін болдың деп кінәлайды...
Печорин маңдайын қолымен сүйеп отырып, Бэланың сөздерін үнсіз тыңдады; сонда да мен оның кірпігінен сол уақыттардың бәрінде де бір тамшы жас көре алмадым: анығында да жылау деген0ді білмей ме, әлде өзін берік ұстай ма, оншасын қайдан білейін, ал менің жайымды білгіңіз келсе, мен бұдан артық аянышты халді ешқашан да көрген емеспін.
Таңға жақын сандырақ басылды; Бэла, боп-боз боп бір сағат шамасы қимылсыз сұлық жатты, оның әлсіздігі сонша, тіпті дем алғаны әрең сезіледі; бұдан кейін Бэла аздап тәуір болғандай сөйлей бастады, сонда ол не туралы айтты дейсіз ғой?..
Ондай ой тек өлер жанның ғана басына келмек!.. Өзінің христиан дінінде болмағанын, о дүниеде өз жанының ешқашан да Григорий Александровичтің жанымен кездесе алмайтынын, Печориннің ұжмақтық жары бөтен әйел болатынын айтып қайғыра бастады. Бұдан кейін менің оны өлер алдында шоқындырғым келді: мен бұл ойымды Бэлаға айттым; ол маған тәуекел ете алмаған пішінде қарады да көпке дейін ләм деп тіл қата алмады; ақыр аяғында қай дінде тусам сол дінде өлемін деп жауап берді. Осымен күн де өтті. Бэла сол күні қалайша өзгерді десеңізші! Құп-қу болған беттері сола қалыпты, екі көзі бадырайып шарасынан шығып кеткен тәрізді, еріндері күйіп бара жатқандай. Іштен көтерілген ыстық Бэланы мазалайды, оның көкірегінде бейнебір қып-қызыл шоқтай жалындаған темір жатқан тәрізді.
Тағы да түн болды: біз кірпік қаққамыз жоқ және оның төсегінен ешқайда тапжылғамыз да жоқ. Бэла безек қағып, сұмдық азап шегуде, ауруы саябырлай бастаса-ақ болғаны ол тәуірмін деп Григорий Александрович жұбата бастайды, қолын өз уысынан босатпай қысып сүйеді, барып үйықта деп жалынады. Таң алдында Бэла ажал күйінішін сезіне бастады, аласұрып жарасының байлауын қозғап жіберді, соның салдарынан тағы да қан кетті. — Жарасын кайта байлағаннан кейін Бэла бір минөттей тыным алып, Печоринге сүйші деп өтінді. Печорин Бэланың төсегінің қасына тізерлеп отыра кетті де, оның басын жастықтан көтеріп алып, Бэланың салқын тартқан ерніне өз ернін тақады; Бэла дәл осы бір сүйіс арқылы өз жанын Печоринге беріп кететіндей... оның мойнынан қалтыраған қолдарымен қатты қысты. Жоқ, Бэланың өлгені жақсы болды! Егер Григорий Александрович оны тастап кетсе не болар еді? Әрине, ерте ме, кеш пе бұл уақиғаның болатыны анық еді...
Біздің дәрігер, микстура ішкізіп, су шүберек тартып азаптағанына қарамастан Бэла келесі күннің жартысын оның айтқанына көнумен үнсіз, тыныш өткізді. "Кешіріңіз! Бэла кешікпей өледі деп өзің айтып едің ғой, енді сіздің препараттарыңыздың не керегі бар?" — дедім мен дәрігерге. "Әйтсе де, арымның таза болуы үшін жақсы болады ғой, Максим Максимович", — деп жауап берді ол. Шіркіннің аршылын!
Түстен кейін Бэланы шөл қыса бастады. Біз терезені ашып едік, дала бөлмеден де ыстық екен: төсек қасына мұз қойып байқап едік, одан еш көмек болмады. Мен, бұл шөл азабы ажал жақындығының белгісі екенін сездім де, Печоринге айттым. Жастықтан көтеріле беріп "су, су! — деді Бэла қарлыққан дауыспен.
Печорин ақ шүберектей құп-қу боп кетті де, жалма-жан стақанға су құйып Бэлаға берді. Мен көзімді екі қолыммен баса қойдым да, қандай екенін білмеймін... бір дұғаны оқи бастадым. Я жасаған-ау, кісі өлімін госпитальдарда да, майдан үстіндегі ұрыстарда да көп көріп едім, бірақ бұл олардай емес, мүлде басқа!... Оның үстіне, шынын айтқанда, мені күйіндіретін мынадай бір жайт бар: Бэла өлер алдында тым болмас бір мәртебе мені есіне алмады; мен оны әкесіндей жақсы көруші едім... қайтейін, оны құдай кешірер!.. Әділін айтқанда: өлер алдында еске алғандай мен соншама кімі едім оның?..
Су ішісімен Бэла дамыл тапқандай болды, содан кейін үш минөт өтісімен жан тапсырды. Ерніне айна тақап байқап едік, тірлік белгісі білінбеді!.. Мен Печоринді бөлмеден алып шықтым, біз қорған бекінісіне кеттік; қолымызды артымызға ұстаған күйі, екеуміз ұзақ үн қатыспай әрлі-берлі қатар жүрдік те қойдық; мен оның жүзінен ешқандай ерекше өзгеріс көре алмай қапа болдым: егер мен Печориннің орнында болсам қайғыдан өлген болар едім. Ақыры ол бір көлеңкелеу жерге отыра кетіп таяқпен құмға әлденелер сыза бастады. Мен әдейі сыпайылық ретімен оны жұбатқым келіп, сөйлей бастап едім; ол басын көтеріп алып күліп қоя берді... Оның бұл күлкісінен менің тұлабойым мұздап кетті... Мен табыт қамдауға кеттім.
Шынымды айтсам, бұған кіріскенде бір жағы ермек болсын дедім. Менде аз ғана термаламы бар еді, сонымен табытты қаптадым да оны черкестердің күміс оқасымен безедім, бұл оқаны Печорин Бэлаға деп сатып алған болатын.
Келесі күні таңертең ерте біз Бэланы қорған сыртындағы шеп бойына өзі соңғы мәртебе отырған жердің тұсына көмдік; оның қабірін айнала қазір-ақ акация түптері мен итмұрын бұталары жауып кетті. Мен Бэланың басына крест орнатайын деп едім, бірақ ол христиан дінінде болмағансын тағы да ыңғайсыз көрдім...
— Печорин қайтті? — деп сұрадым мен.
— Печорин байғүс, кешке дейін оңала алмады, жүдеді; біз содан кейін еш уақытта Бэла туралы сөйлеспейтін болдық: бұл оған шаншу болатынын мен сездім, сондықтан да керегі не? Үш айдан кейін оны е... полкына тағайындады, сонымен ол Грузияға жүріп кетті. Содан бері біз онымен кездескеніміз жоқ... Иә, Ресейге қайтып келіпті-міс деп жуықта әлдекімнің айтқаны есімде бар, бірақ корпус приказдарында ол туралы ештеңе жоқ.
— Тегінде, біздің туысқандарға хабар деген кеш жетеді ғой.
Еске алған қайғысын сонымен ұмытқысы келді ме деймін, бұдан соң ол болып жатқан жаңалықтарды бір жыл кейін естудің қандай көңілсіз екендігі туралы бір ұзақ сүреңіне түсіп кетті. Мен оның сөзін бөлген де, тыңдаған да жоқпын.
Бір сағаттан кейін жолға шығуға мүмкіндік туды; боран басылып, аспан ашылды, біз жүріп кеттік. Жолшыбай мен тағы да Бэла мен Печорин жайында амалсыз әңгіме қозғадым.
— Казбичтің не болғанын сіз естімедіңіз бе? — деп сұрадым мен.
— Казбичтің бе? Анығын білмеймін... Шапсугтердің оң қанатында Казбич деген бір ноян бар екен, ол үстіне қызыл бешпент киіп біздің атқан оқтың астында аяңдап жүре береді екен, оқ қасына таяу жерден зуылдап өтсе өте сыпайылықпен оған басын иіп тәжім етеді екен деп естігенім бар; оның сол Казбич болуы екіталай!..
Біз Максим Максимовичпен Кобиде айырылыстық; мен пошта тасушымен бірге кеттім, ал ол жүгі ауыр болғандықтан маған ере алмады. Біз бұдан былай кездесе қоярмыз деп үміт еткен жоқ едік, бірақ кездестік, егер тыңдағыңыз келсе мен айтып берейін: бұл бір тарих... Шындарыңызды айтыңыздаршы, дегенмен Максим Максимыч құрмет етуге тұрарлық адам емес пе?.. Егер сіздер осыны мойындасаңыздар, мүмкін тым ұзаққа созылып кеткен әңгімем үшін менің де сіздер тарапынан еңбегімнің толық өтелгені.
ІІ. МАКСИМ МАКСИМЫЧ
Максим Максимычпен айырылыстым да, мен Терек Дарьял шатқалдарынан ағып өтіп, таңертеңгі асты Қазбектен барып жедім, шайды Ларстан іштім де, кешкілік тамаққа Владикавказға да жетіп үлгірдім. Мен сіздерді ешқандай әсер бермейтін тауларды суреттеп, оған қайран қалып таңданудан, әсіресе бұл жақта болмаған адамдарға ешбір әсер бермейтін көріністерді суреттеп, ешкім де оқымайтын санақ мәліметтері секілді ескертулерді жазып жатудан аулақ етпекпін.
Мен де барлық жолаушылар тоқтайтын мейманханаға келіп түстім, ал бұл мейманханада қырғауылды қуырып, щи пісіріп бере ғой деп жұмсарлықтай ешкім болмады, өйткені осындай істер жүктелген үш мүгедек соншалық ақымақ, я болмаса соншалық мас, тіпті олардан ешқандай мән шығару мүмкін болмады.
Маған бұл арада әлі де үш күндей аялдайсыз деп ескертті, өйткені Екатериноградтан әлі де "оказия" келмепті, сондықтан, қайта қайтуға мүмкін болмады. Бұл не қылған оказия еді!.. бірақ мағынасыз бұралқы сөз орыс адамына жұбаныш емес қой, солай болғандықтан мен, көңіл көтеру үшін Максим Максимычтың Бэла жайындағы әңгімесін жазып алуға кірістім, тіпті бұның кейін ұзақ әңгіме желісінің алғашқы тармағы болатындығын ойламаппын да. Көріп отырсыздар, кейде бір мәні шамалы уақиғаның ақыры қатаң жағдайға соғады екен!.. Мүмкін, сіздер "оказия" дегеннің не екенін білмейтін де шығарсыздар? Бұл Қабарданы басып, Владикавказдан Екатериноградқа баратын жолдағы жүк таситын көліктерді қоритын бір зеңбірегі бар жарты рота жаяу әскер.
Алғашқы күнді мен өте көңілсіз өткіздім; келесі күні таңертең аулаға бір арба келіп енді... А!.. Максим Максимыч!.. Біз ескі достарша кездестік. Мен оған өз бөлмемді ұсындым. Ол да бәлденіп тұрмады, қайта мені иығымнан қағып, жымиған пішінде аузын қисайта қойды, өзі сондай бір қызық кісі!
Максим Максимычтың ас пісіру өнерінен терең мағлұматы бар екен, ол қырғауылды ғажап, жақсы қуырып, оны қияр тұздықпен баптап дәмдейді, шынын айтсам, ол болмағанда ыстық тамақ іше алмаған да болар едім. Бір шыны Кахетинский10 бізге тамақ түрлерінің шағын екенін ұмыттыруға себепші болды, анығында тамағымыздың өзі де бір-ақ түрлі болатын, сонсоң трубкадан темекі тарттық та, мен терезе алдына, ол от жағылып жатқан пеш қасына барып отыра кетістік, өйткені күн дымқыл, салқын еді. Біз үнсіз отырыстық. Не туралы сөйлеспекпіз?.. Ол өз жайынан қызықты деген әңгімелердің бәрін де айтты. Ал менің айтарлықтай ешбір әңгімем де жоқ еді. Мен терезеге қарадым. Әне, көл-көсір боп шалқая тартқан Теректің бойын бытырай қоныстаған толып жатқан аласа үйлер ағаш тасаларында бұлдырайды, одан әрі жондары бұдыр-бұдыр боп таулар көгереді, сол таулардан биік өзінің аппақ кардинал бөркін киген Қазбек тұр. Мен олармен ойша қоштастым: оларды қимадым...
Біз осылай ұзақ отырыстық. Күн көзі суық құздардың сыртында жасырынып тұрды, жүргінші қоңырауының үні мен лаушылардың айғай даусы шыққан кезде бозғылт тұман сай-сайдан ыдырай бастаған еді. Үсті-басы кір-кір армяндар мінген бірнеше арбалар мейманхананың ауласына келіп кірді, олардың артынан бір бос солқылдақ арба да келді, оның жеңіл жүрісі, жайлы жасалғандығы және әшекейлі түрі оған бір шетелдік пішін беріп тұрды. Оның соңында малайлар үшін әжептәуір жақсы, венгер үлгісінде киім киген, қою мұртты бір кісі келе жатты. Трубкадан темекі күліп қағып түсіргендегі және лаушыға ақырғандағы өркөкіректік түріне қарағанда оның қызмет дәрежесінің кім екендігін жаңылмай айыруға болушы еді. Мұның селқос мырзаның бетімен кеткен ерке малайы екені, өзінше орыс фигаросы" сияқты екені көріне көзге айқын болып тұрды. "Айтшы, жарқыным, бұл не, келген оказия ма? — деп айғайладым мен терезеден оған. Ол маған кәдімгідей тіксініп ажырая қарады да, галустігін түзетіп, теріс айналды; оның, қасында келе жатқан армян жымия күлімсіреп, оказияның келгені рас және ертең ерте қайта қайтады, деп оның орнына маған жауап қайырды." — Тәубе, құдай! — деді, осы кезде терезеге келе қалған Максим Максимыч. — Мынау неткен керемет арба еді! — деді де ол, тағы сөйлеп кетті, — сірә, Тифлиске тергеу жұмысына бара жатқан бір төре болу керек. Тегі біздің тауларымыздың жайын білмейтін болар! Ойнаған екенсің жарқыным; бұл, туысқаным, өз жерің емес, арбаң ағылшындық болса да сілікпесін шығарар, кім болды екен өзі, жүрші барып білейік..." Біз дәлізге шықтық. Дәліздің түпкі жағындағы бүйірдегі бөлменің есігі ашық тұр екен. Қызметші кісі мен лаушы екеуі сол бөлмеге шамадандарды апарып жатты.
— Әй, інішек, — деп сұрады одан штабс-капитан: — Мына керемет солқылдақ күйме кімдікі? Ә? Тамаша арба екен!.. — Қызметші бұрылып қарамастан, шамаданды шешіп жатып, естіртпей әлдене деп күңкілдей қалды. Максим Максимыч кейіп кетті, ол сөзін елемеген қызметшіні иығынан тартып: "Мен саған айтып тұрмын ғой, жарқыным..." — деді.
— Кімнің арбасы дейсіз бе?.. Менің мырзамдікі.
— Сенің мырзаң кім еді?
— Печорин...
— Не дейсің, эй? Не дейсің? Печорин? Ой, тәңір-ай! Ол Кавказда әскери қызметте болмады ма екен?.. — деп таңданды Максим Максимыч, мені жеңімнен тартып қалып. Оның көзінен қуаныш оты жарқырады.
— Істеген болу керек, — мен оған жуырда ғана қызметке кірдім.
— Я, солай!.. Солай... Григорий Александрович?.. Солай еді ғой оның есімі? Біз сенің мырзаң екеуміз сыбайлас адамдар едік, — деп қызметшіні достарша иықтан қағып қалғанда, ол еріксіз теңселіп кетті...
— Ғапу етіңіз, сударь, сіз маған бөгет жасадыңыз ғой, — деді ол қабағын түйіп.
— Ей, қалайсың өзің, інішек! Білесің бе сен? Біз сенің мырзаң екеуміз айрылмас дос едік, бірге тұрып едік... Ол өзі қайда қалды?..
Қызметші Печориннің полковник Н-ның үйінде қонағасы жеуге, қонуға қалғанын жария етті.
— Кешке жақын мұнда келіп шықпас па екен ? — деді Максим Максимыч: — немесе, жарқыным сен, бір шаруамен оған бармайсың ба?.. Егер бара қалсаң, оған мұнда Максим Максимыч бар деп айт, сүйдеп айт... Өзі-ақ біледі... Саған мен арақ үшін бір сексен тиын берейін.
Малай оның мұндай мардымсыз уәдесін естігенде жақтырмай тыжырына қалды, алайда Максим Максимычтың тапсырмасын орындаймын деп сендірді.
— Ол қазір-ақ жетіп келеді ғой!.. — деді маған Максим Максимыч қуанышты пішінмен: — қақпа алдына барып күтейінші... Эх! Н. дегенмен таныс еместігімді қарашы!
Максим Максимыч қақпа сыртындағы орындыққа барып отырды, мен өз бөлмеме кеттім. Жасырмайыншы, мен де сол Печориннің келуін әжептәуір асығыстықпен күттім, расында штабс-капитанның әңгімесі бойынша ол туралы мен онша тиімді ұғымға келе қойған жоқ та едім, әйтсе де оның мінезіндегі кейбір өзгешеліктер маған қызық болып көрінді. Бір сағаттан кейін мүгедек күтуші қайнаған самауыр мен бір құман шай әкелді. "Максим Максимыч, шай ішпейсіз бе?" — деп айғайладым мен оған терезеден.
— Рахмет, ішкім келмей тұрғаны.
— Қой, ішіңіз! Байқаңыз, қазір кеш болды ғой, күн де суық.
— Уақа емес, көп рахмет!..
— Ал, мейліңіз! — Шайды жалғыз өзім іше бастадым, он шақты минөттей өткеннен кейін шалым кіріп: — "сіздікі ақыл екен, шай ішкенім де дұрыс болар, күтіп бақтым... Кісісі оған мана кетіп еді, тегі бір нәрсе бөгеген болар", — деді.
Ол бір шыны шайды жедел ішті де, екіншісін ішпестен әлденендей абыржығандықпен тағы да қақпа сыртына кетті. Печориннің елемегендігіне оның қатты күйініп тұрғаны айқын байқалды, ол жаңа ғана маған онымен өзінің дос екендігін айтқан, оның үстіне осыдан бір сағат бұрын атымды естісімен жүгіріп келер деп сенген еді.
Мен тағы да терезені ашып, Максим Максимычты ұйықтайтын уақыт болды деп шақырғанымда, уақыт тым кеш, түн қараңғы еді. Ол тістенген күйі бірдеме деп күңкілдей салды, мен қайта шақырдым, ол еш жауап қатпады.
Шырақты пеш үстіне қойдым да, шинельге оранып, диванға жаттым. Кешікпей көзім ілініп кетті, егер де Максим Максимыч бөлмеге өте кеш кіріп келіп оятпағанда мен тып-тыныш ұйықтай беретін едім. Ол трубкасын үстел үстіне лақтырып тастай салды да, бөлме ішінде әрлі-берлі жүріп, пеш ішін түрткілей бастады, ақырында барып жатты, бірақ ұзақ уақыт жөтеліп, қақырынып, аунақши берді...
— Сізді қандала шағып жатқан жоқ па? — деп сұрадым мен.
— Иә, қандала... — деп жауап берді ол, ауыр күрсініп. Ертеңінде таңертең ерте оянып едім, бірақ Максим Максимыч менен бұрын тұрып кеткен екен. Мен келсем ол қақпа алдында орындықта отыр. "Менің комендантқа барып қайтуым керек, — тілеуіңізді берсін, егер Печорин келсе, маған кісі жібере қойыңыз..." — деді ол.
Мен уәде бердім. Денесіне бір жаңа жастық қайрат пен тың ширақтылық біткендей-ақ ол жүгіре жөнелді.
Ертеңгі шақ салқындау болғанмен әдемі еді. Қаптаған алтын бұлттар әуеге біткен таулардың жаңа қатарына ұқсап шөге қалыпты; қақпа алды тақтайдай жайылған кең алаң; одан әрі халық толы базар қызып, қайнап жатыр, өйткені күн жексенбі еді. Ұялы бал салынған сумкалар арқалап осетиннің жалаңаяқ балалары менің қасымда айналсоқтап жүр; мен оларды қуып жібердім: олармен айналысуға мұршам да жоқ еді, өйткені қайырымды штабс-капитанның абыржуына менің де көңілім бөліне бастап еді.
Он минөт өтпей-ақ алаңның шет жағынан сол күткен адамымыз көріне қалды. Ол полковник Н. — мен бірге келе жатты, полковник оны мейманханаға дейін әкелді де, қоштасып, қорғанға қарай жалт бұрылды. Мен бұл кезде мүгедекті Максим Максимычты шақырып келуге жібердім.
Печориннің алдынан малайы шықты да қазір бұйымдарын арта бастайтындығын мәлімдеп, оған сигар салған жәшікті берді, сөйтіп одан бірнеше бұйрықтар алып, жол жабдықтарын қамдауға кетті. Оның мырзасы сигарды тартып бірер қабат есінеді де, қақпаның екінші жағындағы орындыққа барып отырды. Енді мен сіздерге оның келбетін суреттеуге тиістімін.
Ол орта бойлы адам еді; оның сымбатты сұңғақ бойы мен кең иығы көшпелі өмірге және ауа райының түрліше өзгерістеріне төзе алатын, астананың азғын тұрмысынан немесе жан азабының дауылдарынан әлі мұқалмаған, мықты дене екендігін көрсетіп тұр. Онын шаң болған барқыт сүртүгінің төменгі екі түймесі ғана салынғандықтан өнегелі адамның әдетін паш ететін ішкі көйлегінің көз сүрінгендей тазалығын көрсетіп тұрды; кір шалған перчаткалары өзінің ақсүйектік кішкене қолдарына шақтап әдейі тігілген сияқты. Ол бір қолындағы перчаткасын шешкен кезде бозарған саусақтарының етсіздігіне мен таңғалдым. Печориннің жүрісі ұқыпсыз, шабан екен, бірақ мен оның қолдарын ербеңдетпейтінін байқадым, бұл мінездің кейбір тұйықтығының айқын белгісі. Бірақ та бұл, менің өз байқағандарыма негізделген тек жеке өз басымның ғана пікірі, солай болғандықтан бұған көз жұмып сене беріңіздер демек емеспін. Ол орындыққа келіп отыра бергенде, бейне арқасында бір де бір сүйек жоқтай-ақ, оның тіп-тік денесі лезде бүктеле қалды. Оның барлық дене пішіні әлдеқандай қажып әлсірегендік көрсеткендей еді. Оның отырысы қажытарлық балдан кейін өзінің мамық креслосына келіп отырған Бальзактың отыз жастағы ері әйелдерінің 12 отырысына ұқсар еді. Кейін жасы отызға келіп қалған болар десем де, оның жүзін алғашқы көрген бетте мен оны 23-терден артық демеген болар едім, оның күлімсіреген түрінде балаға лайық бірдеңе бар еді де, пішінінде әйелге тән бір нәзіктік бар сияқты еді. Жаратылысынан қайырыла біткен толқынды ақ сары шашы оның аққұба, келісті маңдайына әсем, ажарлы көрік беріп тұрды, маңдайындағы айқыш-ұйқыш тартылған, не қаһарлы ашу минөттерін көрсететін, я жай-күйінің қиыншылығын сездіретін әжімдер ізін, тек қана ұзақ үңіле қарағанда байқауға болар еді. Шаштарының ақшыл түстеріне қарамастан оның мұрты мен қастары қара екен, — бұл ақ боз аттың құйрық-жалы қара болған секілді, адамның да бітісі бөлек екендігін көрсететін бір қасиет. Оның портретін аяқтау үшін мұрнының сәл сүйірлеу екендігі тістерінің көз сүрінгендей ақтығын, көзінің қоңырлығын айтып кетейін. Осы көздерінің қоңырлығы жайын тағы да біраз сөз қылуым керек.
Алдымен оның өзі күлсе де, көзі күлмеуші еді! Сіздерге кейбір адамдарда болатын мұндай ерекшеліктерді байқауға тура келмей ме?.. Бұл — не зұлым пейілдің, немесе арылмас терең қасіреттің белгісі. Шала-шарпы түсіңкі кірпіктерінен кездері, былайша айтқанда бір фосфорлы сәулемен жарқырап тұрғандай болды. Бұл жанындағы оттың жалыны немесе ойнақшыған бір қиялды сәулесі емес: бұл жарқыл көз шағылатын болаттың жарқылында болғанымен, суық тартқан жарқыл еді; оның көзқарасы тоқырмайтын, бірақ өткір ауыр көзқарас еді; ол қараса ұнамсыз сұрақ қойғандай көңілге жайсыз бір дақ қалдыратын еді, егер өзін caлғырт-бейқам ұстамаса, оны дөкір-бұзық көзқарас деуге болар еді. Мұндай суреттердің менің ойыма келуінің себебі, мүмкін оның өмірінің кейбір жайларын білетіндігімнен болар, сондықтан, мен басқа біреуге оның пішіні өзгеше әсер беруі де мүмкін. Бірақ ол туралы менен басқа ешкім де сіздерге айта алмайтын болғандықтан қалай да осы сипаттамаларыма қанағат етесіздер. Қорытқан айтарым, ол ажарсыз адам емес еді, онда бекзат әйелдеріне ұнайтын ерекше мүсіндердің бейнесі бар еді.
Аттар жегіліп әзір бола қалды, доға астындағы қоңырау ашсаң да шылдырап соғып қояды. Малайы екі рет келіп, барлығының да жиналып әзір тұрғанын баяндап та кетті, ал Максим Максимыч болса әлі жоқ. Бірақ сәті түсіп, Печорин Кавказдың қия тастарына қарап ойға бата қалды, жол жүруге тіптен асықпаған да сияқты. Мен қасына келдім де "егер де азырақ күте алатын болсаңыз ескі досыңызбен кездесіп, сұхбаттасқан болар едіңіз", — дедім.
— Ах, солай екен-ау! — деп тез жауап қайтарды ол, — маған кеше айтқан еді, ол қайда өзі? — Мен алаңға бұрылып қарап едім, бар күшін салып, жүгіріп келе жатқан Максим Максимычты көріп қалдым... Бірнеше минөттен кейін қасымызға да келіп жетті. Ол әрең алқынып дем алады, бетінен тер бұршақтай домалайды. Бөркінің астынан будыраған бурыл шаштарының тершіген тарамдары маңдайына жабысып қалыпты, оның тізелері діріл қағады. Ол Печориннің мойнына жабыса түсейін деп еді, бірақ анау жылы шыраймен жымиса да қолын жай салқын реңмен созды. Штабс-капитан бір сәттей іркіліп қалды да, артынша оның қолын екі қолымен шап беріп ұстап алды. Ол әлі тілге келе алмады.
— Қуаныштымын, Максим Максимыч! Ал, халіңіз қалай? — деді Печорин.
— Ал., өзің ше?.. Ал сіз ше?.. — деп міңгірледі қарт көзіне жас алып... — Қанша жыл... Қанша күн... Тағы қайда тарттың?..
— Персияға барамын — одан да әрі...
— Қап-қазір ме?.. Қой, тоқтай тұршы асылым.?.. Шынымен қазір айырылысамыз ба? Қанша уақыт болды көріспегелі...
— Қазір, кетуім керек, Максим Максимыч, — болды жауабы.
— Құдайым-ай, құдайым-ай! Қайда асықтыңыз?.. Көп сырлар айтпақ едім... Көп жайларды сұрамақ едім... Немене? Отставкадасыз ба?.. Қалай? Не істедіңіз?..
— Жалықтым! — деді күлімсіреп Печорин.
— Қорғандағы тұрмыс жайлар есіңізде ме?.. Аңшылыққа тамаша жер еді ғой!.. Сіз аң атуға құмар едіңіз... Шіркін, Бэла ше?..
Печориннің түсі аздап қуара қалды да, теріс қарай қойды...
— Иә, есімде! — деді ол, іле-шала еріксіз есінеп... Максим Максимыч әлі де бір-екі сағаттай бола тұр деп жалынды. "Жақсылап бір тамақ ішеміз, — деді ол, — менің екі қырғауылым бар, ал мұнда кахетин шарабы қандай тамаша... Әрине Грузиядағыдай емес, дегенмен жақсы сұрып... Әңгімелесейік бір... Сіз маған Петербургтегі тұрмыс жайын айтыңыз. Ә?.."
— Рас, қымбатты, Максим Максимыч, менің айтарлықтай еш әңгімем жоқ... Ал енді қош болыңыз, уақытым болып қалды... Асығыс едім... Ұмытпағаныңызға рақмет... — деді ол, оның қолынан ұстап.
Қарт қабағын тұнжыратты... Ол білдіргісі келмесе де, ашулы, күйінішті еді. — Ұмыту! — деп міңгірледі ол, — мен ештемені де ұмытқаным жоқ... Иә, а құдай жарылқасын, барыңыз!.. Бүйтіп кездесемін деп ойламап едім...
— Болды, болды енді! — деді Печорин оны достықпен құшақтап,
— неғып мен бұрынғы қалпымнан өзгешемін?.. Н істерсің енді?.. Әркімнің өз жолы бар... Енді көрісе аламыз ба, жоқ па?.. Бұны айтқанда ол күймелі арбаға отырып та қалған еді, лаушы да божысын тарта бастады.
— Тоқта, тоқта! — деп айғайлады Максим Максимыч арбаның есігіне жабысып. — Тіпті ұмытып барады екем ғой... Менде сіздің қағаздарыңыз қалып еді, Григорий Александрович... Тастамай алып жүрмін... Сізді Грузиядан табам ғой деп едім, тәңір мұнда кездестірді... Оларды не істеймін мен?..
— Не істесеңіз де, өзіңіз біліңіз! — деді Печорин, — қош болыңыз...
— Сөйтіп Персияға барасыз ғой? Қашан қайтасыз? — деп айғайлады соңынан Максим Максимыч.
Күймелі арба алыстап кеткен еді. Бірақ Печорин қолымен ишарат етті, онысын: "қайта қояр ма екенмін! Және несіне қайтам!.." — деп түсінуге болар еді.
Қоңырау даусы да, кедір-бұдырлы доңғалақтың дүрсілі де әлдеқашан құлақтан өшкен еді, бірақ сорлы шал сол орнынан қозғалмай терең ойға батып әлі де тұр.
— Иә, — деді ол ақырында, күйініштің жасы кірпігінде әлсін-әлсін мөлтілдеп тұрса да, селсоқ пішін білдірген болып, — әрине біздер дос-жаран болдық, бірақ бұл заманда достық дегенде не бар!.. Ол мені неғылсын? Мен бай емеспін, дәрежелі емеспін, тіпті жас жағынан да сай емеспін ғой... Петербургке қайта барып қайтқансын, қарашы, тіпті бір маңғаз болып кеткенін!.. Күймелі арбасы қандай!.. Соншама жүгі бар! Тіпті малайы да сондай тәкаппар!.. — Бұл сөздерді ол мысқыл-күлкімен айтты, — айтыңызшы, — деді ол маған қарап, — бұл жайында сіз не ойлайсыз?.. Оны Персияға қандай жын қуып барады?.. Күлкі, құдай біледі күлкі!.. Бұның сенуге болмайтын желбас адам екенін мен әрдайым білуші едім... Өмірін жаманшылықпен аяқтайтыны аянышты да... Солай болмасына жөн де жоқ қой!.. Ескі достарын ұмытқан адамнан еш мән шықпайды деп мен әрдайым айтушы едім... — Бұл сөзге келгенде ол күйінішін жасырғысы келіп, сырт берді де, ауладағы арбасының қасына барып, оның доңғалақтарын қараған болып жүрді де қойды, расында оның көздерінен әлсін-әлсін жас парлап тұр еді.
— Максим Максимыч, — дедім мен қасына келіп, — Печориннің сізге қалдырғаны кандай қағаздар?
— Құдай білсін! Бір жазбалар...
— Оны сіз не істемексіз?
— Не істейін? Патрон жасатармын.
— Онан да соларды маған берсеңізші.
Ол маған таңдана қарады, тісін шықырлатып бірдеме деп күңкілдеді де, шамаданын ақтара бастады. Міне, ол бір дәптерді алды да жақтырмай жерге лақтыра салды. Содан кейін екінші, үшінші тіпті оныншы дәптер де сол көресіні көрді. Оның күйінішінде бір балалық мінез бар еді, маған әрі күлкі, әрі аяныш болды...
— Міне осы бәрі, — деді ол, — бір асылды тапқаныңызды құттықтаймын...
— Бұларды не істесем де менің еркімде ғой енді?
— Газетте бастырсаңыз да мейліңіз. Онда менің шаруам не! Оның мен досымын ба, я жақынымын ба?.. Көп уақыт бір үйде тұрғанымыз рас... Менімен тұрған кісі аз ба?..
Мен сол қағаздарды бас салдым да штабс-капитан айнып қала ма деп қауіптеніп тезірек ала жөнелдім.
Кешікпей бізге бір сағаттан кейін оказия кетеді деп мәлімдеді. Мен нәрселерімді жинастыруды өтіндім. Бөркімді киіп жатқан кезде штабс-капитан бөлмеге кіріп келді. Ол жүруге әзірленбеген секілді, оның пішінінде бір тарыққандық, салқындық рең бар еді.
— Ал, Максим Максимыч, сіз жүрмейсіз бе?
— Жоқ.
— Heгe бұлай?
— Әлі мен комендантпен көріскенім жоқ, оған кейбір қазыналық заттарды тапсыруым керек...
— Сіз онда болып едіңіз ғой?
— Болдым ғой, — деді ол күмілжіп... — бірақ ол үйінде жоқ болды... оны күтіп тұра алмадым.
Мен ұғына қойдым: байғұс шал, мүмкін өмірінде бірінші рет қызмет міндетін тастап, қағаз тілімен айтқанда, өз керегімен кетіп қалған екен ғой, одан не қайыр тапты!
— Өте өкінішті, өте өкінішті, Максим Максимыч, бұлай ерте айырылысуымыз, — дедім мен оған.
— Біздей білімсіз шалдар сіздерге ілесе ала ма!.. Сендер бекзада қауымының тәкаппар жастарысыңдар, мұнда черкес оқтарының астында қайта сендер ептеп былайсыңдар ғой... Ал кейін жолықсаңдар біз сияқтыларға қол беруге де арланарсыңдар.
— Мұндай мін тағарлықтай менің айыбым жоқ еді ғой, Максим Максимыч.
— Жоқ, мен әшейін сөз ретінде айтамын. Ал сіздің бақытты және сапарыңыздың көңілді болуына тілектеспін.
Біз өте салқын қоштастық. Ізгі Максим Максимыч, қыңыр, қытымыр штабс-капитанға айналды! Неліктен? Бұл Печориннің көңілі алаң болып немесе басқа бір себептермен ол құшақтай алмақ болғанда жай ғана қолын бергендігінен болды-ау! Өмір жолындағы ескі қатесін тағы да сондай бір өткінші, бұрынғысынан гөрі де ащырақ қатеге ауыстырар деген сенім бола тұрса да, адам баласының ісі мен сезімін бұлдыр да болса сол арқылы көріп келген алдындағы көз шеліндей қызғылт үміт пердесі тарс жабылып, өзінің абзал сенімі мен арманынан айырылған жас адамды көру қандай аяныш... Бірақ Максим Максимычтың жасындағы адам жоғалған сенімін немен жаңартпақ? Осыны ойлағанда жүрегің еріксіз тас болып, жаныңды қара түнек басады...
Мен жалғыз кете бардым.
ПЕЧОРИННІҢ ЖУРНАЛЫ
Алғы сөз
Жақында білдім, Печорин Персиядан қайтып келе жатып қайтыс болыпты. Бұл хабар мені қатты қуандырды: бұл жағдай оның жазбаларын менің бастырып шығаруыма ерік берді, сөйтіп мен осы жағдайды пайдаланып, біреудің шығармасына өз атымды қойдым. Тәңір жар болып, оқушылар мені бұл кінәсыз қылығым үшін жазғырмаса жарар еді!
Енді мен өзім ешқашан да көрмеген адамның жүрек сырын жұртқа жария етуімнің себептерін біраз түсіндіре кетуге тиістімін. Оның досы болсам да бір ғанибет қой. Шын достың зымиян сыр шашпайтындығы жұртқа мәлім. Бірақ мен өмірімде оны ұзын жолдың үстінде бір рет қана көрдім ғой, сондықтан кейбіреулер дос бола жүріп, артынан оған қаптаған мін тағып, ақыл айтып, келемеждеп, аяғансып және сөзге ілу үшін сол сүйікті адамның өлімін тілеген біреулер сияқты оған түсініксіз өшпендік сақтарлықтай ретім де жоқ қой.
Сол жазбаларды оқып көргеннен кейін ол адамның өз кемшілігін, өз мінін аяусыз түрде ашқан сырының шындығына әбден сендім. Адамның жан дүниесінің тарихы, — тіпті ол бір пасық адамның жаны болса да, әсіресе сол тарих өз өміріне пайымдаған өскелең ойдың қорытындысынан туса және ол өзін тарихқа қатыстыруды немесе қызықтыруды, таңғалдыруды ойлап, мадақ табу үшін әдейі жазбаған болса, — ол тарих бүтіндей бір халықтың тарихынан гөрі қызығырақ және пайдалырақ секілді ғой. Өз достарына оқығандықтан Руссоның өсиетінің13 кемшілігі бар деуге болады.
Сөйтіп өнеге болса екен деген ниетпен қолыма қапылыста түскен журналдан үзінділер жариялап отырмын. Шын өз аттарын өзгертіп жазсам да, бұл жазудағы сөз болған адамдар сірә өздерін табатын болар және бұл күнге дейін жарық дүниемен ешбір қатысы жоқ адамды айыптап келгендер өз кінәларына дәлел де табуы мүмкін: біз ұғынған кінәмызға әрқашан кешірім жасаймыз ғой.
Бұл кітапқа мен Печориннің Кавказдағы өміріне байланысты жайларды ғана енгіздім, менің қолымда өз өмірін түгел баяндайтын оның тағы бір қалың дәптері қалды. Олар да бір кезде жұрт талқысына шығатын болар. Ал қазір көптеген себептерге байланысты мен ол жауапкершілікті мойныма ала алмаймын. Мүмкін кенде бір оқушылар Печориннің мінезі жайындағы менің пікірімді білгісі келер? Менің жауабым — осы кітаптың аты. — "Я, бұл зымиян кекесін ғой" дер олар. Білмеймін.
I. Тамань
Тамань — Ресейдің теңіз жағалауындағы қалаларының ең сиықсызы. Мен онда аштан өле жаздадым, оның үстіне мені суға батырып жібермек те болды. Мен ол жерге ауыспалы арбамен түн ортасы ауа жеттім. Шыға берістегі жалғыз ғана тас үйдің қақпасына келіп лаушы болдырған үш пар атты тоқтата қойды. Сақшы қаратеңіздік казак-орыс екен, қоңырау даусын естіп "келе жатқан кім?" — деп ұйқылы-ояу дөрекі дауыспен айғай салды. Урядник пен оңбасы шықты. Мен оларға өзімнің офицер екенімді, қазына қызметімен майдандағы отрядқа бара жатқанымды айтып, қазыналық пәтер сұрадым. Онбасы бізді қала ішімен алып жүрді. Қай лашыққа барсақ та бос емес. Түн суық еді, өзім үш түн ұйықтамаған едім, әбден зықым шығып, кейи бастадым. "Қарақшы-ау, шайтанға апарсаң да мені бір түсіретін жерге апарсаңшы!" — деп айғайладым мен. Онбасы желкесін қасып тұрды да: "Тағы да бір пәтер бар еді, бірақ сіз секілді игі адамға ұнамас, онда тазалық жоқ!" — деді. Соңғы сөздің дәл мәнісіне түсінбей мен оған ілгері жүр дедім, жан-жағында тозған дуалдары бар лас орамдарды ұзақ кезіп, біз теңіздің тап жағасындағы кішіректеу бір лашыққа келіп жеттік.
Менің жаңа мекенімнің қамыс төбесі мен ақ қабырғаларына толықсыған ай жарық сәулесін түсіріп тұрды, аула ішінде маңайын тастармен қоршаған алғашқыдан гөрі әрі көнеректеу, әрі кішіректеу тағы бір лашық тұр. Жаға дәл сол үйдің қабырғасына таяу жардан теңізге құлайды, төменде қара-көк толқындар наразы жандай ақырын ғана күбірлеп, сапырылыса шайқалады. Ай мазасыз, бірақ өзіне бағынышты дүлей табиғатқа тыныш қана қарап тұрды, соның жарығымен, жиектен алшақта екі кеме жүргенін байқап қалдым, олардың қара-құрым құрал-жабдықтары, көкжиектің алакөлеңке бұлдырынан өрмекшінің өрмегіндей болып қозғалыссыз көрініс берді. "Пристаньда кемелер бар екен, — деп ойладым мен, — ертең Геленджикке жүріп кетермін".
Маған денщик қызметін шекарадағы бір казак-орыс атқарды. Оған шамаданымды түсіріп, лаушыны босат деп бұйырдым да, өзім үй иесін шақырып едім, үн қатпады, есік қағып едім, үн қатпады... Бұл қалай? Ақырында шоланнан 14 жастағы бір бала шыға келді.
"Үй иесі қайда?" — "Жоқ" — "Қалайша? Мүлде жоқ па?" — "Мүлде". — "Ал әйелі қайда?" — "Слабодка жаққа кеткен". — "Маған есікті кім ашады енді?" — дедім мен есікті аяғыммен теуіп. Есік өзі ашылып кетті. Құжырадан дымқыл иіс аңқи қалды. Мен күкірт шырпынын тұтаттым да, оны баланың мұрнына тақадым, жарық баланың ағарған екі көзіне түсті. Бала соқыр екен, туысынан соқыр екен. Ол менің алдымда қимылдамастан тұрды, мен оның бет-әлпетін жақсылап қарай бастадым.
Шынымды айтсам, мен бүкіл соқыр, құныс, саңырау, сақау, ақсақ, шолақ, бүкір атаулы дегенге бұрыннан қарсы сенімдемін. Мен олардың сырт пішіні мен жан сезімдерінің арасында дәйім бір таңданарлық байланыс барын аңғарушы едім: бір мүшесінен айырылған адам бір сезімінен де айырылатын секілді.
Сонымен, мен жаңағы соқырдың бет-әлпетін байқай бастадым: бірақ көзі жоқ адамның жүзінен нені аңғарар едіңіз? Бойымды еріксіз аяныш билегенмен, оған мен ұзақ қарадым, кенет оның жұқа еріндерінен әрең байқалғандай бір жымию нышаны қылаң ете қалды, неге екені белгісіз, мұнысы маған өте ұнамсыз әсер берді. Көзге солай көрінгенмен мына соқыр сондайлық түк көрмейтін соқыр емес-ау деген күдік ой басыма келе қалды. Көзге өтірік ақ түсіруге болмас және онда қандай мақсат болмақ деп, өзімді өзім сендірем деп босқа әуре болдым. Қайтерсің? Мен көбінесе өз ойыма, өз күдігіме сенуге бейіммін...
— "Сен үй иесінің баласысың ба?" — деп сұрадым мен ақырында. "Жоқ". — "Ал сонда кімсің?" — "Жетіммін, ғаріппін". — "Үй иесінің балалары бар ма?" — "Жоқ, қызы бар еді, теңіздің ар жағына бір татар жігітімен қашып кетті". — "Қандай татармен?" — "Құдай білсін кім екенін! Қырым татары. Керчьтен келген бір қайықшы болу керек".
Мен құжыраға ендім: екі лавка, бір үстел және де пеш қасында тұрған бір зор сандық — үй ішіндегі бар мүлік осылар еді. Қабырғада бір де бір құдай бейнесі жоқ — бұл жаманшылық нышаны! Сынық терезеден теңіз желі саулап тұрды. Мен шамаданымнан балауыз шырақты алып тұтаттым да, заттарымды жайластыра бастадым, қылышым мен мылтығымды бұрышқа, тапаншамды үстел үстіне қойдым, буркамды лавкеге төседім, казак-орыс өз буркасын екінші лавкеге төседі; он шақты минөттен кейін ол қор ете түсті. Бірақ мен ұйықтай алмадым: менің көз алдымнан жаңағы көзі ақшиған бала кетпей-ақ қойды.
Осылай бір сағаттай уақыт өтті. Терезеден ай жарқырап, оның сәулесі жер еденде ойнайды. Кенет еденге қиялай түскен жарық сәулесінен бір көлеңке елең ете түсті. Мен басымды көтеріп терезеге қарай қойдым: әлдекім сол жерден екінші қайта жүгіріп өтті де, қайда кеткенін құдай білсін, жоқ болды. Мен бұл бейнені құлама тік жардан түсіп кетер деп ойламаған едім, алайда одан басқа кететін де жолы жоқ еді. Мен түрегелдім де бешпетімді киіп, қанжарымды байлап, үйден ақырын ғана еппен шықтым; қарсы алдымнан соқыр бала шыға келді, мен дуал қасына үнсіз жасырына қойдым, ол еппен берік басып менің қасымнан өте шықты, қолтығында бір бума нәрсесі бар екен, ол пристаньға қарай бұрылды да, әрі тар, әрі тік жар соқпағымен төмен түсе бастады. "О, дүниеде сақаулар сайрап, соқырлар жайнар", деген ғой деп ойладым да, одан көз жазып қалмайын деп, артынан қалмай жүріп отырдым.
Сол кезде ай бұлт жамыла бастады да, теңіз үстінен тұман көтерілді. Сол тұманның арасынан жақын жерде жүрген кеменің артында жанған қолшам сәулесі болар-болмас көрініп тұрды; сәт сайын оны теңізге батырамын деп қаһарын тіккен таудай толқындар жағаға соғып көбік атады. Мен қиындықпен ылдилап құлама қия жардан түстім, қарасам: соқыр сәл тоқтады да, іле жар астымен оңға қарай бұрылды. Оның суға жақын жүргені сонша, қазір оны толқын орап алып, теңізге тартып әкететіндей көрінді. Оның тастан-тасқа аңдап секіріп, шұңқырларға түспей өтуіне қарағанда бұл оның алғашқы жорығы емес секілді. Ақырында ол тоқтап әлденеге құлақ тосқандай жерге отырды, сонсоң бумасын қасына қойды. Мен жағадағы арбиған жартастың сыртына жасырынып, оның жүріс-тұрысын бақыладым. Бірнеше минөт өткеннен кейін арғы жақтан ағараңдап бір нәрсе көрінді, ол келіп соқырдың қасына отырды. Жел оқта-текте олардың сөздерін маған жеткізіп тұрды.
"Немене, соқыр? Дауыл күшті ме? Янко келмей ме?" — деді әйел даусы. "Янко дауылдан қорықпайды" — деп жауап берді соқыр. "Тұман қоюланып келеді ғой" — деді тағы да әйел даусы, уайымдаған пішінмен.
— Күзетші кемелер маңынан көрінбей өтуге тұман жақсы болады. — деген жауап қайырылды. "Егер ол суға кетсе?", — "Несі бар? Жексенбіде сен шіркеуге жаңа лентасыз барасың".
Біраз жым-жырт болысты. Менімен кіші ресейлік тілде сөйлескен соқырдың қазір таза орыс тілінде сөйлеп тұрғаны дегенмен мені қайран қалдырды.
— Көрдің бе, айтқаным келді, — деді соқыр қолын соғып қап. — Янко теңізден де, желден де, тұманнан да, жағалау күзетшілерінен де ешбір қорықпайды, тыңдашы: бұл шылдыраған су емес, мен алданбаймын, бұл суға соғылған оның ұзын ескектері ғой.
Әйел ұшып түрегелді де абыржыған пішінмен алысқа көз тігіп қарай қалды.
— Сен сандырақтап тұрсың, соқыр, көзіме түк те көрінбейді, — деді әйел.
Шынын айтсам, көзіме қайыққа ұқсас бір зат шалынар ма екен деп алысқа қанша қарасам да, маған да ештеме көрінбеді. Осылайша он минөттей өтті. Miнe, бір кезде таудай толқындардың арасынан бір қарайған нүкте көзге түсті, ол біресе ұлғайып, біресе кішірейіп көрінеді. Қайық толқындар жотасына баяу көтеріліп, одан шапшаң төмен сырғи отырып жағалауға да жетіп қалды. Осындай түнде 20 шақырым келетін бұғаз арқылы жүзуге бел байлаған қайықшы өжет адам ғой, оны бұған итерген себеп те ерекше болар! Жүрегім еріксіз дүрсіл қаққан мен осы оймен сол бір сорлы қайыққа көз тіктім. Бірақ ол үйректей сүңгіп, ескегін бейнебір қанатша тез сермеп, атқылаған көбіктер арасындағы тұңғиықтан ытқып шығып келе жатты, мен оны енді, қазір екпінмен жарға келіп соғылар да быт-шыт болып ұшып түсер деп ойлап едім, бірақ ол ебін тауып бір бүйірімен бұрылды да, аман-сау бір кішкене қойнауға шыға келді. Қайықтан татарша сеңсең бөрік киген орта бойлы біреу жерге түсті, ол қолын сермеді, содан кейін үшеуі жалма-жан қайықтан бірдемелерді түсіре бастады. Жүктерінің көптігі сонша, оның суға қалай батып кетпегендігін мен әлі күнге түсінбеймін. Әрқайсысы бір бума жүктен арқалап алып олар жар жағалап жүріп кетті. Кешікпей-ақ мен оларды көзден жоғалттым. Үйге қайтуым керек еді, бірақ шынымды айтсам осы көрген таңғажайып жайттар мені шыдатпай, таңның атуын асыға күттім.
Казак-орысым оянған сәтте мұздай киініп отырған мені көріп қайран қалды, бірақ мен оған мұнымның себебін айтпадым. Шарпы бұлттар шашыраған көгілдір аспанға, ақшыл көк жота боп басталып, ұшар басында маяк мұнарасы ағарған жартасқа барып аяқталатын Қырымның алыс жағасына біраз уақыт терезеден қарап құмартқаннан кейін, мен коменданттан қай сағатта Геленджикке жүретінімді білейін деп, Фанагория қорғанына жөнелдім.
Бірақ не керек, комендант маған жарытып ештеңе де айтпады. Пристань дағы кемелердің бәрі теңіз күзетіндегі кемелер мен купецтер кемесі екен, олар әлі жүк артуға кіріспеген көрінеді. "Мүмкін үш-төрт күннен кейін почта кемесі де келіп қалар, сонда көрерміз" деді комендант. Мен үйге тұнжырап, ашулы қайттым. Есіктен кіре бергенімде үрейленіп алдымнан казак-орысым шықты.
— Жағдай жаман, мәртебелім, — деді ол маған.
— Иә, туған, бұл арадан қашан кетерімізді құдай білсін...
Ол бұл кезде бұрынғыдан бетер абыржи қалды да, құлағыма күбірлеп былай деді:
— Мұндағы жағдай сұмдық! Мен бүгін қаратеңіздік урядникті кездестірдім, ол менімен таныс еді, былтырғы жылы отрядта бірге болған, қайда түскенімізді айтып едім, ол маған: "Туғаным, ол пәлелі үй, онда жаман адамдар тұрады!" — деді. Расында да ана бір соқыр кім өзі, базарға да, нанға да, суға да ылғи жалғыз өзі барады... тегінде оған бұл арадағылар үйреніскен секілді.
— Не істейміз енді? Тым болмаса үй иесі әйел де көрінбеді ме?
— Бүгін сіз жоқта кемпір қызымен келді.
— Не қылған қыз? Оның қызы жоқ еді ғой.
— Құдай білсін, қызы болмаса, оның кімі екенін, әне кемпірдің өзі үйінде отыр.
Мен лашыққа кірдім. Пешке от та қыздыра жағылған екен, онда жарлы адамдарға әжептәуір молшылық ететін тамақ пісіріліп жатты. Кемпір менің барлық сұрақтарыма құлағым саңырау, естімеймін деп жауап қайырды. Оған не істерсің? Мен пеш алдында отырып, отқа шөпшек салып отырған соқырға қарап: "Ал, сайтанның соқыр баласы, — дедім мен оның құлағынан тартып, — айтшы, түнде буманы алып қайда бардың, ә?" Кенет менің соқырым жылап қоя берді де, бақырып, ойбай салды: "Қайда барушы ем мен? Ешқайда бармадым... Буманы алып? Қандай бумамен?" Кемпір енді ести қалып, бажылдай жөнелді: "Қайдағы пәлені жапсырады, өзі ғаріп адамға! Оны не үшін айыптайсыз? Ол сізге не істеді?" Бұл жай тынышымды кетірді де, мен бұл жұмбақтың кілтін табуға белді бекем буып, далаға шықтым.
Мен буркама орандым да алыс қиырға көз жіберіп, дуалдағы тас үстіне отырдым. Менің алдымда түнгі дауыл шайқаған теңіз толқып жатты, ұйқыға кірген қаланың күбірі секілденген оның бір сарынды шуы есіме ескі шақтарымды түсірді, ойымды солтүстікке, біздің суық астанамызға алып кетті, өткен күндер бойымды билеп мен өзімді ұмытып кетіппін... Осылай бір сағат шамасы, мүмкін одан көбірек те уақыт өткен болар... Бір кезде әнге ұқсаған бір сарын менің құлағыма орала қалды. Айтқанымдай-ақ, бұл ән әйелдің таза, жас даусы, бірақ қайдан шықты бұл? Тыңдай қалсам — сазы біртүрлі өзгеше, кейде созылған, шерлі, кейде шапшаң, әсерлі. Қарасам — маңымда жан жоқ. Қайтадан тыңдай қалдым — үн бейне көктен сорғалағандай. Мен жоғары қарадым: менің құжырамның шатырында ала көйлек киген, бұрымдары төмен түскен бір қыз тұр екен, нағыз су перісі секілді. Күн шұғыласынан жасқанып, көзін алақанымен қалқалап, кыз алысқа қадала қарайды, біресе күліп өзімен-өзі сөйлеседі, біресе қайтадан ән шырқайды.
Сол бір әннің сөздерін мен түгелдей еске сақтадым:
Иен жапанда жүргенде, —
Жасыл айдың өрінде,
Қалқиды көп кемелер,
Ақ желкенді бәрі де.
Арасында солардың
Қайығым жүр шайқала,
Бар құралы — қос ескек,
Жеңіл қайық жай ғана.
Соқса да дауыл ойнақтап, —
Сонау ескі кемелер
Қанаттарын көтеріп
Сыпырылып жөнелер.
Теңізге мен жалынам
Бас иемін табынам:
"Кесір, теңіз, сый істе.
Қайығыма тиіспе
Сол қайығым келеді
Маған асыл жүк тиеп.
Есіп оны келеді,
Түнде жігіт от жүрек ".
Түндегі естіген даусым да осы-ay деген ойға мен еріксіз келдім: мен бір минөттей ойлана қалдым, қайтадан шатырға қарағанымда онда қыз жоқ екен. Бір кезде кыз менің қасымнан басқа бір сазды әндетіп, жүгіріп өтті де, саусақтарын сытырлатқан күйі кемпірге жүгіріп барды. Сол екі арада екеуінің арасында талас басталып кетті.
Кемпір кейіп ашуланды да, қыз қатты сықылықтап күлді. Қарасам, секіре жүгіріп менің су перім тағы келе жатыр, қасыма тура келгенде ол бөгелді де, бұнда бұл неғып жүр деп таңданған кісідей, менің көзіме қадала қарады. Сонсоң, ебедейсіз жалт бұрылды да, ақырын басып пристаньға қарай кете барды. Бұнымен тынған жоқ: ол күні бойы менің пәтерімнің маңында айналшықтап жүрді де қойды: оның өлеңдетуі мен секіруі бір минөт та тоқтаған жоқ. Неткен өзгеше мінезді жан! Оның жүзінде ақылсыздықтың ешбір белгісі жоқ, қайта оның көздері өткір, сергек жанарымен маған қадала қалған еді, көздерінде бір магнитті күштің құдіреті бардай сезіліп және қараған сайын әлденендей сұрақ тастағандай көрінді. Бірақ, мен сөйлей бастап едім, ол кесірлі пішінмен бір жымиды да, зытып отырды.
Дұрысын айтсам, мен бұндай әйелді ешқашан да көрмеген едім. Ол пәлендей сұлу да емес еді, бірақ менің сұлулық жөнінде де өз түсінігім бар. Қызда көптеген нәсіл бітісі бар... Әйелдің нәсіл бітісі жылқының тұқымы сияқты зор мәселе. Бұл жаңалықты ашушы жас Франция болатын. Жас Франция емес, көбінесе тек сол нәсіл жүрісінен ұсталып аяқ пен қолына түскен ақауды сездіріп алады. Әсіресе мұрнының мәні зор. Кішкене аяқтардан гөрі Ресейде түзу мұрындар сирек кездеседі. Менің әншімнің жасы 18-ден артық емес секілді. Оның ерекше майысқан нәзік сымбаты, өзіне ғана лайық, біртүрлі әдемі орнаған басының еңкіштігі, ұзын сарғыш шашы, болар-болмас күн шалған мойны мен иығының әлдеқандай алтын түсіне ұқсас құбылысы, мұрнының түзулігі — маған түгелімен естен танарлықтай бір керемет болып көрінді. Тіпті, оның көз қиығынан бір түрлі тағы, күдікті жайды сезсем де және де оның жымиған күлкісінде бір түрлі мағынасыздық болса да, бәрібір сенім дегеннің күші осылай емес пе. Оның келісті біткен мұрны менің есімді шығарды; мен Гетенің неміс қиялынан шығарылған ғажап асыл заты — Миньонды тапқан екенмін деп қалдым. Расында да, ол екеуінің арасында көп ұқсастық бар екен; бұл да сол қыздай, ересен сабырсыздықтан бүтіндей қимылсыздыққа тез ауыса қалады, мұнда да сондай жұмбақ сөздер, көз ілеспейтін тездік, жат елеңдер...
Іңірде есік алдында тоқтатып, сол қызбен мен мынадай әңгіме құрдым:
"Ал, сұлу қыз, айтшы маған, — деп сұрадым мен, — сен бүгін үй төбесінде не істедің?" — "Жел қайдан соғар екен деп соны байқадым". — "Саған оның керегі не?" — "Жел қайдан соқса сол жақтан бақыт келеді". — "Қалайша? Әлде ән айтып бақыт шақырдың ба?"
— "Ән бар жерде бақыт та бар" — "Мүмкін әннен қасірет те табарсың!" — "Несі бар? Жақсылық болмаған жерде жамандық болар, ал жамандық пен жақсылық арасы да алыс емес". — "Саған бұл өлеңді кім үйретті?" — "Ешкім де үйреткен жоқ. Айтқым келсе айта салам, арнаған адамым естиді, естуге тиісті емес адам ұқпайды". — "Ал, әншім, сенің атың кім?" — "Атымды кім қойса, сол біледі". — "Сенің атыңды кім қойып еді?" — "Мен қайдан білейін",
— "Неткен құпия жансың өзің! Бірақ сенің кейбір сырларыңды біліп қойдым". (Бұл өзі туралы айтылмағандай-ақ қыздың жүзі өзгермеді, ерні де қимылдамады). "Кеше жиекке барғаныңды білдім" сонсын оны ұялтайын деп, көрген-білгенімнің бәрін маңызданып айтып шықтым. Шімірікпеді. Қыз барынша сақ-сақ күлді, "көргеніңіз көп шығар, білгеніңіз аз, егер білген болсаңыз, аузыңызға берік болыңыз" — "Егер соны комендантқа жеткізсем қайтер едің?" Соны айтып мен тағы да түсімді суытып, сыздана қалдым. Кенет қыз үркіп ағаштан ұша жөнелген құстай-ақ, өлеңдетіп секіре жөнелді де, көзден ғайып болды. Менің кейінгі сөздерім мүлде орынсыз айтылыпты. Оны айтқанда мен әуелде оған мән бермеген едім, бірақ артынан өкінерлік уақиғаға ұшырадым.
Жаңа ғана қас қарая бастаған еді, мен казак-орысыма жорық тәртібінше, шайды қыздыра қой дедім де, өзім шырақ шамды жағып, жол трубкамнан шылым шегіп үстел қасында отырдым. Екінші стакан шайды ішіп бола бергенімде есік кенет сықыр ете қалды, сыртымнан көйлектің жеңіл судыры мен біреудің жүрісі естілді. Селк етіп, жалт қарасам, өзімнің перизатым екен! Ол менің қарсы алдымнан келіп ақырын үнсіз ғана отырды да, маған көздерін қадай қалды, неліктен екенін білмеймін, маған сол қарасында бір ғажап нәр бар секілді болып көрінді. Бұл көзқарас маған өткен кездерімде сондай еркіндікпен менің өмірімді билеген өктем көзқарастардың бірін есіме түсірді. Қыз менен сұрақ күткендей болды, бірақ мен орынсыз қысылып, үнсіз отырдым. Оның жүзі, жан қысымының толқынын сездіргендей, құп-қу, жабырқаңқы, ол қолымен еш себепсіз үстел үстін сипалайды. Мен қыздың аздап тітіреніп отырғанын байқадым, кеудесі біресе жоғары көтеріледі, ал біресе ол дем алысын тоқтатып қалып отырған сықылды. Бұл комедия мені жалықтыра бастады, сондықтан бұл тым-тырыс жағдайды кәдімгі қарапайым қалыппен бұзғым келді де, оған бір стакан шай ұсынбақ болдым, ол кенет атып тұрып, мойныма орала кетті, сол кезде менің ернімнен отты, тәтті сүйістің дыбысы шықты. Көзім қарауытып, басым айналып кетті. Мен қызды жастық құмарының бар күшімен кұшағыма қыстым, бірақ ол құшағымнан жыландай сусып сытылып шықты да, құлағыма: "Бүгін түнде жұрт ұйықтаған соң жағаға кел!" — деп сыбыр етіп, үйден оқша атылып шығып кетті. Шоланда ол еден үстінде тұрған құман мен шырағданды құлатып кетті. Шайдың қалғанын соңыра ішіп жылынармын деп сабан үстінде қисайып жатқан казак-орыс: "Өй, сайтан қыз-ай!" — деп айғайлады. Сонда ғана мен есімді жидым.
Бір-екі сағат өткеннен кейін, пристань басы жым-жырт болған кезде, мен өзімнің казак-орысымды оятып: "Егер мен тапаншамен атсам, сен жағаға жүгіріп келе ғой" — дедім. Ол көзі бақырайып, жалма-жан "құп болады, тақсыр!" — деді. Мен тапаншамды белдігіме қыстырып, далаға шықтым. Қыз мені жардың қабарында күтіп тұр екен. Онын киімі жеңіл емес, қалыңдау көрінді, қыпша белін кішірек орамалмен орап қойыпты.
— Менің соңымнан еріңіз! — деді қыз, қолымнан ұстап. Біз төмен түсе бастадық. Мойнымды қайтіп үзіп алмағанымды білмеймін, әйтеуір түстік-ау. Төменге түсісімен біз оңға қарай бұрылдық та, кеше мен соқырдың соңынан жүрген жолмен кеттік. Ай әлі туған жоқ еді, қоңырқай жасыл аспан күмбезінде медет боларлық қос маяк секілді, тек екі жұлдыз ғана жарқырап тұрды. Жағада тұрған жалғыз қайықты қайта-қайта көтеріп тастап, ауыр толқындар бірінің соңынан бірі лек-лек ағылып жатты. "Жүр, қайыққа мінейік" — деді қыз маған. Менің мінгім келмеді, теңізде сейіл құрып масаттануға құмар жан емес едім, бірақ бас тартатын шақ емес еді. Қыз қайыққа секіріп мінді, артынша мен де қарғыдым, сол-ақ екен, ә дегенше болмады, жүзіп те кеткен екенбіз. "Бұл не?" — дедім мен ашуланып. "Бұл ма, — деді қыз мені отырғызып белімнен құшақтап, — бұл сені сүйетіндігімнің белгісі"... Ол бетін менің бетіме басты, оның жалынды ыстық лебі менің бетіме тигенін сездім. Кенет суға бірдеме шолп ете түсті. Жалма-жан белдігімді ұстай алсам, пистолетім жоқ. Сол-ақ екен, жанымды сұмдық күдік баса қалды, қаным басыма шапты! Қарасам жағадан елу кездей алшақ кетіппіз, ал мен жүзе білмеуші едім! Қызды өзімнен әрі жылжытайын десем, ол менің киіміме мысық секілді жабысып алыпты, кенет қыз бар күшімен итеріп қалып мені теңізге құлатып жібере жаздады. Қайық шайқалып кетті, бірақ мен құламадым, арамызда жанталасқан алыс басталды. Бойымды кернеген ашу маған қуат берді, бірақ мен кешікпей айлакерлік жағынан өз жауымнан осал екенімді байқадым... "Саған не керек" деп айғайладым мен, оның кішкене қолдарын қатты қысып, оның саусақтары сықыр-сықыр етті, бірақ қыз шыңғырмады, оның жыландай жиырылған тұлғасы бұл қысымға шыдап бақты.
— Сен бізді көрдің ғой? Сен жеткізбексің ғой! — деп қыз мені керемет бір күшпен қайықтың ернеуіне құлатып жіберді, біз екеуміз де қайықтың бір жақтауына белуардан көмілдік, қыздың шаштары суға тиіп те қалды. Жанталасқан шешуші минөт туды. Мен тіземді қайықтың түбіне тірей тырмысып, бір қолыммен бұрымынан ұстап, бір қолыммен кеңірдегіне жармастым. Сол кезде қыздың қолы киімнен айырылып кетті, мен қас қаққанша оны толқынға құлатып жібердім.
Түн әжептәуір қараңғы тартқан кез еді. Қыздың басы теңіз көбігінен бір-екі рет қылаң етіп көрінді де, содан кейін біржола жоқ болды...
Қайықтың түбінен мен бір ескі ескектің жартысын тауып алдым, содан кейін қанша машақатпен әрең дегенде пристаньға келіп жеттім-ау. Жағалаумен үйге қайтып келе жатып, мен кеше түнде жүзіп келген қайықшыны күтіп, соқыр тұрған жерге еріксіз көз жібердім, бұл кезде ай көгіндс қалқып бара жатқан еді. Маған ақ киім киген біреу жағада отырғандай көрінді. Соны білуге ынтығып жағаның бір қоршауындағы шөп үстіне жасырынып жата қалдым, басымды азырақ созыңқырасам маған жартастан төмендегінің бәрі жақсы көрінеді; жағада отырған перизатымды көріп мен таңданғаным жоқ, қайта тіпті қуанып кеттім. Ол өзінің ұзын шаштарынан теңіз көбігін сығып тастап жатыр екен. Оның сулы көйлегі қыпша белін, кең, өр кеудесін тіпті әсем көрсетіп тұрды. Кешікпей алыстан бір қайық көрініп, жағаға шапшаң жақындап келеді. Қайық ішінен кешегідей татарша бөрік киген бір адам шықты, бірақ оның шашы казак-орыстарша қиылыпты, қайыс белдігінде үлкен семсер пышақ салбырап тұрды. "Янко, — деді қыз, — барлық іс бүлінді!" Содан кейін екеуі әңгімелесе жөнелді, бірақ олардың ақырын сөйлегені сонша, мен түк те ести алмадым. "Ал соқыр қайда?", — деді бір кезде Янко даусын көтеріп. "Мен оны жұмсап жіберген едім", деген жауап қайырылды... Бірнеше минуттен кейін соқыр келді де арқасындағы бір қапшық жүгін қайыққа апарып қойды.
"Тыңда, соқыр! — деді Янко. — Сен ана жерді сақта... Білесің бе? Онда мол тауарлар бар... Айт оған, (атын ести алмай қалдым), мен оған малай бола алмаймын, іс нашарлап кетті, енді ол мені көре алмайтын болады, енді мұнда қауіпті, басқа жақтан барып жұмыс іздеймін, ал бірақ оған мен секілді өжет жігіт табылмас. Айтқандайын, егер ол еңбегімнің ақысын жақсы төлеген болса, Янко одан кетпеген де болар еді деп айт, ал маған, жел соғып, теңіз шулаған жер болса болды, қайда барсам да жол ашық!" Біраз үнсіздіктен кейін Янко кайта сөйледі: "Бұл қыз менімен бірге кетеді, бұған бұл жақта қалуға болмайды. Ал кемпірге айт, жасарын жасады, енді өлгені де жөн, ар-ұятты да білу керек бұдан былай бізді көрмейтін болады".
— Ал, мен ше? — деді соқыр жалынышты дауыспен.
— Сенің керегің не? — деген жауап қайырылды.
Сол арада менің перизатым қайыққа секіріп мінді, сөйтіп жолдасына қолын сілтеді де, соқырдың қолына бірдеме салып: "Мә, пряниктер сатып ал" — деді. — "Осы-ақ па?" — деді соқыр. — "Мә, саған тағы" — тасқа соғылған теңгеліктің даусы шылдыр ете қалды, соқыр оны жерден көтеріп алмады. Янко қайығына мінді, жағадан жел соғып тұрды: олар кішкене желкенді көтеріп, тез жүзе жөнелді. Ұзақ уақыт ай жарығымен қара толқындардың ішінде кетіп бара жатқан ақ желкен қылаңдап көрініп тұрды. Соқыр әлі де жағада отыр, бір кезде еңкілдеген бір дауыс менің құлағыма келді: соқыр бала жылап жатқандай болды: мен күйінішке баттым. Расында да тағдыр осы мені адал контрабандистердің тыныш ортасына не үшін алып келді екен? Мөлдір бұлаққа лақтырған тас секілді мен олардың тыныштығын бұздым және өзім де сол тастай суға батып кете жаздадым!
Мен үйге қайттым. Шоланда ағаш тарелкадағы жанып таусыла бастаған шырағдан жарығы қыпылдап тұрды, казак-орысым менің бұйрығыма қарамастан мылтығын қос қолдап ұстап, қатты ұйқыда жатыр. Мен оны оятпадым, шырағданды алдым да құжыраға ендім. Әттеген-ай! Менің сандығымды, күміс сапты қылышымды, бір досым сыйлаған дағыстандық қанжарымды бәрін де сыпырып кетіпті. Оңбаған соқырдың бағана қандай заттар әкелгенін енді түсіне қойдым. Қазак-орысты өрескел түрде түртіп ояттым да, ашуланып, балағаттап ұрыстым, бірақ одан басқа оған не істерсің. Мені бір соқыр бала ұрлап кетті, ал, он сегіз жастағы кыз суға батырып жібере жаздады деп бастықтарға шағым етуімнің өзі ұят емес пе? Тәңірі жар болып әйтеуір таңертең жүріп кетуге мүмкіндік туды да, мен Таманьнан кетіп отырдым.
Кемпір мен сорлы соқыр қандай халге ұшырады, оны білмеймін. Және де мен секілді қазына жұмысымен жүрген кезбе офицердің басқа адамдардың қайғы-қуанышында не шаруасы бар!..
Бірінші бөлімнің соңы
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ПЕЧОРИН ЖУРНАЛЫНЫҢ СОҢЫ
II. КНЯЖНА МЕРИ
11 мамыр
Мен кеше Пятигорскіге келіп, қала шетіндегі ең биік жерден, Машук тауының етегінен пәтер жалдадым: күн күркіреп нажағай ойнаған кезде бұлттар үйімнің төбесіне шөгетін болады. Бүгін таңғы сағат бесте тереземді ашқанымда кішіректеу шілтерде өскен гүлдердің пісі менің бөлмемнің ішін кернеп кетті. Гүлдеп тұрған шие ағаштарының бұтақтары менің тереземе қарайды, кейде жел үрлеп оның ақ жапырақтарымен менің жазу үстелімнің үстін жабады. Үш жағымның да көрінісі ғажайып. Батыста "толастаған дауылдың соңғы бұлтына" ұқсап бес тармақты Бештау көгереді, парсылардың сеңсең бөркіне ұқсаған Машук солтүстікке көтеріліп, көкжиектің сол жағын жауып тұр; шығысқа қарау тіпті көңілдірек: төменде, қарсы алдымда тап-таза жаңа қала мұнартып, суы шипа бұлақтар шулай ағады, түрлі тілде адамдар дауыстайды, әне, одан әрі буын-буын, үйме-жүйме боп жалғаса біткен таулар барған сайын көгеріп, тұмандана береді, көкжиекті қаптай созылған қар шыңдарының күміс тізбегі Қазбектен басталып екі басты Эльбруске барып тоқтайды... Осындай жерде тұру қандай көңілді! Менің тұла бойымды әлдеқандай қуаныш сезімі билейді. Нәрестенің сүйгеніндей ауа әрі таза, әрі мөлдір, күн тамылжып тұр, аспан көкпеңбек — бұдан артық енді не керек? Құмарту, тілеу, өкіну дегеннің бұл жерде керегі қанша?.. Қой, жетті. Елизавет бұлағына барайын, онда таңертең бүкіл суға келген қауым жиналады деуші еді.
Қаланың ортасына таянғанда мен бульвармен жүрдім, мұнда тауға асықпай, үнсіз көтеріліп бара жатқан бірнеше топ адамдар кездесті; бұлардың көпшілігі дала помещиктерінің үй іштері еді; олай екенін ерлерінің ескі модылы өңі кеткен сүртүктері мен қатын-қыздарының өте әдемі киімдерінен-ақ білуге болады: су жастары бұлардың тегіс есебінде-ау деймін, өйткені олар маған біртүрлі ынтықтықпен таңдана қарады: сүртүгімнің Петербург үлгісімен тігілуі оларды жаңылдырғанымен, әскери эполетімді лезде танып олар ызалы пішінде теріс айналды.
Жергілікті әкімдердің әйелдері, былайша айтқанда, су қожалары ақжарқындау тұратын тәрізді; олардың лорнеттері бар, олар мундирге аз көңіл аударады. Олар Кавказда нөмірлі түйме қадаған жалынды жүректі, ақ фуражка киген оқымысты ақылдыны қарсы алып үйренген. Бұл бикештер өте сүйікті, әрқашан да сүйікті! Бұлардың жан сүйерлері жыл сайын жаңарып ауысып тұрады, олардың тозбас сүйіспендіктерінің құпия сыры да осында болуы мүмкін. Жіңішке соқпақпен Елизавет бұлағына көтеріліп бара жатып мен бірнеше жай адамдар мен әскери адамдарды қуып жеттім, артынан білсем, бұлар су жіберілуін аңсай, асыға күтушілер арасындағы ерекше топқа жататын адамдар екен. Олар ішеді, бірақ ішетіндері су емес, аз қыдырады, әйелдермен де кездейсоқ жүреді, ойнайтындары карта, бірақ ішіміз пысты деп арыз қылады. Олар кербездер: тоқымамен қаптаған стақандарын күкірт қышқылды суы бар құдыққа батырарда олар бір кербездік — паңдық түрге түсе қояды, олардың қатарындағы жай адамдар ажарлы көк галстук тағады да, ал әскерилері жағаларының ақ крахмалды астарын сыртқа шығара қапсырады. Олар провинция үйлеріне аса жеркенішпен қарайды, өздерін кіргізбейтін астана ақсүйектерінің үйлеріне құмар боп, соны көксейді.
Міне, құдыққа да жеттім... Оған жақын алаңға, жауын кезінде жұрт серуендейтін галереядан аулағырақ жерге қызыл төбелі кішкене үй салынған, мұнда ванна бар. Балдақтарын жанына сүйеп қойып, жүдеу, көңілсіз бірнеше жаралы офицерлер лавке үстінде отыр. Судың ағуын күткен бірнеше әйелдер аяқтарын шапшаң басып алаңды ерсілі-қарсылы кезеді; олардың арасында екі-үш көріктілері де бар. Машуктың ар жақ бетін жапқан жүзім аллеясының түбінде екеу-екеу болып оңашалануға құмар әйелдердің шұбар қалпақтары анда-санда көзге түседі, олай дейтінім, мұндай қалпақтар қасында мен әрдайым не әскери фуражкені, не бір оңбаған жаман дөңгелек қалпақты көремін. Эолово Арфа деп аталатын павильон салынған тік жартас маңында телескоптарын Эльбрусқа меңзеп табиғат көріністерін құмартушылар жүр; олардың ішінде бұлық ауруынан емделуге әкелген балаларымен бірге екі губернер де бар.
Мен алқынып таудың бір шетіне кеп тоқтадым да, үйдің бұрышына сүйеніп тұрып, керемет сұлу төңірекке көз сала бастадым, тап сол кезде бір таныс дауыс артымнан:
— Печорин, көптен осындасың ба? — деді.
Жалт бұрылсам, Грушницкий! Біз құшақтаса кеттік. Мен онымен шайқастағы отрядта таныс болып едім. Ол аяғына оқ тиіп жаралы болып менен бір жұма бұрын суға емделуге кеткен. Грушницкий — юнкер. Әскерде болғанына бір-ақ жыл болды, кербездіктің ерекше түрі бойынша үстіне қалың солдат шинелін киеді. Солдаттық Георгий кресі бар. Өзі сымбатты, қара торы, қара шашты; 21 жасқа жаңа ғана толып келе жатқанымен, оның өңіне қарап 25 жаста деуге болады. Ол сөйлегенде басын кегжитіп, оң қолы балдақтан бос болмағандықтан сол қолымен минөт сайын мұртын ширата береді, сөзді шапшаң және анық айтады: ол өмірде кездесетін барлық жағдайларға арнап күні бұрын көтеріңкі сөздер дайындап қоятындардың бірі, оларды қалыпты әдемілік селт еткізбейді, олар өздерін, өзгеше сезімнің, артықша тілектің, ерекше қасіреттің адамдарымыз деп ойлайды. Көзге түсу, әсер ету — бұлардың арманы; олар романтиканы сүйетін провинциалкаларға шексіз ұнайды. Бұлар қартайған шағында не момақан помещик, не маскүнем болады, кейде сол екі қасиетке бірден ие болатыны да кездеседі. Олардың жүрегі поэзиядан жұрдай болғаны болмаса жақсы қасиеттері жиі кездеседі. Тақпақтап сөйлеуге Грушницкийдің жаны құмар; егер әңгіме жұртқа белгілі боп қалған ұғымдардан асып бара жатса, ол сені жел сөздермен бастырмалата бастайды. Менің өмірде онымен таласқым келмейді. Ол сіздің айтқан қарсылығыңызға жауап қатпайды, айтқан сөзіңізді тыңдамайды. Сіз тоқтаған кезде, бейнебір сіздің айтқан сөзіңізбен әлдеқандай байланысы бардай-ақ, ұзақ тирадасын бастайды, ол сөздері анығында тек өз сөздерінің жалғасы болады.
Ол әжептәуір сықақшы: оның эпиграммалары да кейде қызық, бірақ ешқашан дәл тиетін өткір, ащы болмайды: ол ешкімді бір сөзбен өлтіріп тастай алмайды, өйткені өмір бойы өзімен-өзі ғана болғандықтан басқа жұртты білмейді, олардың осал жерін таба алмайды. Оның мақсаты — романның геройы болу. Өзінің бұл дүние үшін жаралмаған пенде екенін, әлдеқандай бір жасырын қасіреттің үкімінде жүргенін, оны өзі жақсы білетінін жиі-жиі айтып жұртты сендіруге тырысады. Сондықтан да ол өзінің қалың солдат шинелін мақтанышпен киеді. Мен оның бұл сырын жақсы білуші едім, соның үшін ол екеуміз сырттай өте дос болғанымызбен ол мені жаратпайтын. Грушницкийдің өте ер жігіт деген даңқы бар; оны мен қимыл үстінде көргенмін: ол қабағын түйіп алып, қылышын үйіріп, айғайлап алға жүгіреді, оның мұнысы қалай да орыс ерлігіне ұқсамайды!..
Мен де оны сүймеймін: екеуміздің қашан да болса бір тар жолда кездесуіміз анық екенін мен сеземін, тегінде, біреуіміздің мерт болуымыз айқын.
Оның Кавказға келуі де — сол романтикалық фанатизмнің салдары. Менің білуімше ол әкесінің деревнясынан шығар алдында суық түспен әлденендей бір әдеміше әйел көршісіне: тек қана әскерлік қызметін атқаруға кетіп бара жатпағанын, өлім іздеп бара жатқанын, өйткені... бұл жерге келгенде ол екі көзін қолымен баса қойып, сөзін былайша созып әкетеді: "Жоқ, сіз (я, болмаса сен) бұл жайды білуге тиісті емессіз! Сіздің таза жүрегіңіз қалтырап кетер! Керегі не? Мен сіздің неңізбін? Сіз мені ұғасыз ба?..", тағы-тағыларды айтқан болар.
К. полкіне түсуіне себепші болған жағдай өзі мен аспанның арасында қалатын мәңгілік жасырын сыр деп маған онын өзі айтқан.
Өзінің қасірет пердесін сыпырып тастаған минөттарында Грушницкий әрі сүйкімді, әрі қызықты. Мен оны әйелдер арасында көруге ынтықпын: тап бұл жерде ол аянып қалмайтын болар!
Біз ескі сыйластар қалпында кездестік. Мен одан судағылардың хал-жайы туралы, мұндағы жақсы адамдар туралы сұрай бастадым.
— Біз қарапайым өмір өткізіп жатырмыз, — деді ол күрсініп, — әдеттегі барлық аурулар сияқты таңертең су ішушілер селсоқ, енжар, ал кешке жақын шарап ішетіндер барлық сау адамдар тәрізді беймаза. Мұнда әйелдер қауымы да бар; бірақ олар вист ойнайды, киімді олақ киеді, французша сұмдық нашар сөйлейді, сондықтан, олардан да алданыш аз. Мәскеуден биыл жалғыз-ақ, қызымен княгиня Литовская келді, бірақ мен олармен таныс емеспін. Менің үстімдегі солдат шинелім қарғыс таңбасы тәрізді. Оның жүрген жері қайыршының садақа тілегеніндей ауыр аяныш туғызады.
Біздің жанымыздан осы сәтте құдыққа қарай екі әйел өтті: оның біреуі қартаңдау, ал екіншісі әрі сымбатты, әрі жас. Қалпақтарының көлеңкесінен мен жүздерін байқай алмадым, бірақ олар қатал паңдық салты бойынша сәнді, сұлу киініпті: артық дерлік ештеңе болсайшы. Екіншісінің үстінде омырауы жабық gris de perlcs көйлек; мойнында үлбіреген жібек орамал желбірейді. Couleur puce ботинкасының қонышын оның әдемі жіңішке балтырының асығынан қыса қапсырғаны сондай тамаша, тіпті сұлулық сырына қанық емес адамның өзі де таңғалғандай. Оның аяғын әрі сыпайы, әрі жеңіл басуынан, тек қана көзбен ұғарлық әлдеқандай тіл жетпес кыз көркінің белгісі сезіледі. Ол қасымыздан өткенде кейде сүйікті әйел жазған сәлем қағаздарынан шығатын адам айтқысыз жұпар лебі шалқып қоя берді.
— Бұл княгиня Литовская, қасындағы оның қызы, шешесінің ағылшындарша атауымен айтқанда Мери, олардың келгеніне үш-ақ күн болды, — деді Грушницкий. — дегенмен сен атын да біледі екенсің?
— Я, мен, әлдеқалай естіп едім, — деді ол қызарып. — Шынымды айтайын, менің онымен танысқым да келмейді. Бұл тәкаппар бекзат біз сияқты әскери адамдарды тағылардай көреді. Нөмірлеген фуражке астында ақыл, қалың шинель ішінде жүрек барында олардың ісі не?
— Байғұс шинель! — дедім мен күліп: — анау оларға келіп жампаңдап стақан әперіп жатқан кім?
— Ә, ол әлгі Москва кербезі Расвич! Ол ойыншы: олай екені көк желетінен салбырата иіп тастаған ұзын алтын шынжырдан-ақ көрініп тұр ғой. Робинзон Крузоның таяғына ұқсаған жуан таяғын қарашы a la moujkls түрінде қырған сақалы да келісіп тұр екен.
— Сен бүкіл адам баласына қарсы кектісің-ау.
— Олай болатын жөнім бар...
— О, солай ма?
Бұл кезде әйелдер құдықтан шығып бізбен қатарласты. Грушницкий балдағының көмегімен драмалық қалыпқа түсе қойып маған дауыстап французша жауап қатты:
— Mon chcr, jc hais leshommcs pour nc pas Ics mepriser, car autrement la vie serait: une farce trop degoutante"
Княжна сұлу бұрылды да, шешенді ұзақ таңырқаған көзқарасымен сыйлады. Бұл көзқарас мағынасы екі ұшты болғанымен мысқыл түрінде емес еді, соның үшін мен Грушницкийді іштей құттықтадым.
— Бұл княжна Мери не деген жақсы. Оның көздері бір түрлі барқыт түстес, — анығында да барқыт түстес; оның көзі туралы айтқаныңда осы сөзімді колданғайсың; қос кірпігінің ұзындығы сондай, тіпті, көз жанарына күн сәулесін түсірмейді, жарқылы жоқ осындай көзді жаным сүйеді: оның жұмсақтығы сондай, бейне бір сені еркелетіп тұрған тәрізді... Тегінде оның жүзінде сұлулықтан басқа ештеңе жоқ па деймін... Айтпақшы, оның тістері де аппақ па? Олай болуы өте қажет! Әттеген-ай, сенің ғажайып сөзіңе оның тым болмаса езу тартып күлімсіремегенін көрдің бе? — дедім мен оған.
— Сен әдемі әйел туралы да ағылшын аттарын сөз ғып тұрғандай сөйлейсің-ау, — деді Грушницкий ызалы.
— Моп сһег, — деп бастадым мен оның өзіне ұқсағым келіп: — je mеprisе lеs lemmes pour ne pas lеs aimer, car artrement la vie serait un melodrame trop ridicule."
Meн бұрылдым да оның қасынан кетіп қалдым. Жарты сағаттай жүзім аллеяларын аралап, ізбесті құздар мен солардың аралығына шыққан бұталарды кездім, күн ысып кетті, мен үйге жетуге асықтым. Күкіртті қышқыл су бұлағының қасынан өтіп бара жатып көлеңкесіне салқындап демалайыншы деп бір үсті жабық галереяға тоқтадым. Бұл жағдай бір қызық көрініске куә болуыма себепші болды. Көрініске қатынасушылар жайы мынадай екен. Княгина, Мәскеу кербезі екеуі үсті жабық галереяда лавкеде отыр, тегінде екеуі де бір маңызды әңгімеге кіріскен болулары керек. Княжна шамасы соңғы стақан суын ішіп болғаны сол-ау деймін, ойға батқан күйі құдық маңында жүр. Грушницкий құдық басында тұр. Бұлардан басқа маңайда ешкім жоқ.
Мен жақындау келіп галереяның бұрышына тығыла қойдым. Дәл осы сәтте Грушницкий стақанын құмға қолынан түсіріп алды да, оны көтермек боп еңкейемін деп әуре болды, бірақ ауру аяғы жібермеді. Сорлы-ай! Балдағын таяныш етіп қанша амал етсе де, ештеңе шығара алмады. Оның аянышты жүзінде анығында да қасірет белгісі бар еді.
Княжна Мери бұлардың бәрін менен де айқын көрді, ол құстан да шапшаңырақ ұшып келіп, еңкейіп стақанды алды да, ауызбен айтып жеткізе алмастай бір әсем қимылмен оның қолына берді. Содан кейін өрттей қызарып кетіп, галерея жаққа жалт қарады, шешесінің еш нәрсе байқамағанына көзі жеткен соң, табанда тыныш тапқандай болды. Грушницкий алғыс айтайын деп аузын ашқан кезде ол алыстап кеткен еді. Бір минөттен кейін, кербез бен шешесі бар қыз галереядан шықты да, өзін тәкаппар маңғаздық қалыпта ұстап Грушницкийдің қасынан мойын бұрмастан өтіп бара жатты, тіпті, таудан төмен түсіп, бульвар талдарының тасасына жоқ болып кеткенше өзін шығарып салған Грушницкийдің ұзақ, ынтық көзқарасын байқаған да жоқ...
Міне, оның шляпасы екінші көшеден бір қараң ете түсті, әне ол Пятигорскідегі аса бір әдемі үйлердің бірінің қақпасына жүгіріп кіріп кетті, оның артынан княгиня да келіп Раевичпен қақпа алдында қоштасты.
Бишара ынтық юнкер менің бұл жерде екенімді сонда ғана байқады.
— Сен көрдің бе? Нағыз періште ғой! — деді ол, менің қолымды қатты қысып.
— Қалайша? — дедім мен жай ғана.
— Әлде сен көрмедің бе?
— Жоқ, көрдім: кыз сенің стақаныңды алып берді. Егер бұл жерде күзетші болса, ол да соны істеген болар еді, бәлкім, сенен арақтық ақша алу үшін ол одан көрі де шапшаңырақ қимылдаған болар еді. Сен оқ тиген аяғыңды бүккеніңде түсіңді сұмдық бұзып жібердің, соның үшін де оған аянышты көрініп кеткенің анық.
— Оның жүрек күйі жүзінде жайнаған сол бір сәтін көріп тұрып сенің титтей де болса селт етпегенің бе?
— Жоқ.
Мен өтірік айттым; менің оны ызаландырғым келді. Өзіме-өзім қайшы келуге анадан туғалы жаным құмар; менің бүкіл өмірім тек қана жүрегіме, болмаса ақылыма қайшы келуімнің қайғылы және сәтсіз тізбектері болды. Қасымда ақжарқын адамның болуы тұла бойымды қаңтардың аязындай қалтыратады, бей-жай болған флегматиктермен жиі араласу мені қажымас ойшыл етер еді-ау, деп ойлаймын. Тағы да шынымды айтайыншы, осы минөтте менің жүрегім арқылы жайсыз сезім, бірақ өзіме мәлім сезім ақырын ғана өте шықты: бұл қызғаныш сезімі еді. Мен "қызғаныш" дегенді батыл айтамын, өйткені өзімді бәріне мойындатып үйренген жанмын. Тойымсыз жүрек сезімін өзіне қадаған әдемі әйелдің алдында, кенет басқа біреудің, өзі тәрізді әйелге таныс емес адамның көзге түскенін көріп қызғаныш тартпаған жас жігіттің (әрине, бекзадалардың қалың ортасында өсіп өз намысына жол беріп әдеттенген) табыла қоюы екіталай болар.
Грушницкий екеуміз таудан үнсіз түсіп, бульвармен біздің сұлу ғайып болған үйдің терезесінің алдынан өттік. Қыз терезе түбінде отыр екен. Грушницкий мені қолымнан тартып қалып, әйелдерге соншалық аз әсер қалдыратын тұнжыраған — жалынышты қарастардың бірімен оған көз тастады. Мен лорнетімді мегзеп, қыздың оған күлімсірегенін байқадым, ал менің лорнет қаратқан сотқарлығым оның ашуын келтірді. Анығында да Кавказдың бір әскери адамының Мәскеу княжнасына өзінің әйнегін мезгеуге қалайша батылы барады?
13 мамыр
Бүгін ертеңгілікте маған доктор келді; оның аты Вернер, бірақ өзі орыс. Бұған не таңғалатыны бар? Мен бір Иванов дегенді білуші едім, ол неміс еді.
Көп жағдайларға қарағанда Вернер тамаша адам. Ол барлық медиктер тәрізді скептик әрі материалист, ол қалжыңсыз ақын адам, өмірінде екі өлең жазбаса да, Вернер — сөзде жиі, ал ісінде үнемі ақын кісі. Вернер — адам жүрегінің жанды сезімдерін өліктің тамырларын зерттегендей зерттеп білген адам, бірақ өзінің сол жүйріктігін ешқашан да пайдалана білмейді, онысы кейде білгір анатомиктің безгек ауруынан емдеп жаза алмайтынына ұқсас. Вернер әрқашан да өзінен емделетін ауруларға сыртынан күліп, мысқылдап жүреді; бірақ мен бір ретте өліп бара жатқан солдат қасында оның жылағанын да көргенім бар... Ол кедей еді, миллиондарды арман ететін, ал ақша үшін қия баспайтын; ол бір ретте маған: мен дұшпаныма досымнан бұрын көмектесер едім, өйткені дұшпанға көмектеспеу, білгеніңді араздық жолына сату болып табылар еді деген. Қарсы адамның мейірбандығы тек қана өшпендікті күшейте бермек қой. Оның тілі ащы еді: Вернер жазған эпиграммалар арқылы бейпілауыз, ақымақ атын алған аңқаулар аз емес; оның дұшпандары мен сол су маңындағы қызғаншақ медиктер Вернер өз ауруларына карикатура салады екен деген қауесет таратыпты. Аурулар бұған ерегісіп, оған келуден тегіс бас тартыпты. Оның сыбайластары, яғни Кавказда қызмет істеген адал ниетті адамдар Вернердің күйреуге ұшыраған табысын қайта көтереміз деп босқа әуре болған көрінеді.
Оның сыртқы келбеті бірінші көргенде ұнамай қалып, соңынан сол қисық пішіндерінен тәжірибелі, үлкен жүректің сәулесін көруге көзің әбден үйренген шақта ғана ұнайтын келбеттердің бірі болатын. Мұндай адамдарға әйелдердің есі кеткенше ғашық болып, олардың қияпатсыздығын, нағыз жас, қызғылт эндимионның сұлулығына айырбастамас едім деген мысалдары да болған; әйелдерге әділеттік етейікші: оларда жан сұлулығының нәзік сезімі бар ғой. Вернер секілді адамдардың әйелдерді мейлінше сүйетіндігі де мүмкін сондықтан болу керек. Вернер бала сияқты әлсіз, арық, бір аяғы бір аяғынан Байронның аяғы тәрізді қысқа, тапал бойлы еді. Вернердің денесіне қарағанда басы үлкен көрінуші еді, ол шашын тақырлап алғызатын, сондықтан да жалаңаштанған бас сүйектерінің бітісіндегі толып жатқан мінездер қайшылығы френологты қайран қалдырмай қоймас еді. Оның ойнақшып тұрған кішкентай қара көздері, әрқашан да сенің ойыңды тапқысы келіп тұратын. Вернердің киімінен ұқыптылық пен талғай білетіндіктің белгісі көзге түсетін еді, оның арық, тарамысты кішкене қолдарында сәнді ақсары перчаткасы болатын. Оның үстіне киген сүртүгі, галстугі мен жилеті үнемі қара түстен болушы еді. Жастар оны Мефистофель деп атап кеткен; бұлай атағанға ашуланғандай болғанымен шындығында оның бұдан менмендігі қозып, мақтаныш көретін. Біз бір-бірімізді тез түсіністік те, сыйлас болдық, өйткені менің достыққа икемім жоқ; екі достың біреуі біреуіне қашан да құл ғой, бірақ олардың бір де бірі мұны өмірде мойындаған емес; мен құл бола алмаймын, ал, үстем болайын десем о да зеріктірерлік іс, бұлай дейтінім, бұйырумен катар алдау да керек қой. Оның үстіне менің малайым да, ақша да бар! Біз екеуіміз былайша сыбайлас болдық: мен Вернерді С... та, толған көңілді жастар арасында кездестірдім; кеш аяқталар кезде әңгіме философиялық-метафизика бағытына қарай ауысты; сенім жайын талқыға салдық, әркім әртүрлі сенімде болып шықты.
— Егер менің жайыма келетін болсақ, мен бір-ақ нәрсеге сенемін... — деді доктор.
— Не нәрсеге? — деп сұрадым мен осы уақытқа дейін үндемей отырған адамның пікірін білгім келіп.
— Ерте ме, кеш пе, әйтеуір күндердің бір күнінде өзімнің өлетініме сенемін, — деп жауап берді ол.
— Мен сізден көрі сенімге байырақпын, өйткені менде одан басқа да сенім бар — ол менің бір барып тұрған оңбаған кеште дүниеге келу бақытсыздығына душар болуым, — дедім мен.
Біздің сөзімізді отырғандардың бәрі де бос сөз деп табысты, бірақ өздерінің ешқайсысы бұдан ақылды ештеңе айта алмады. Осы минөттен кейін-ақ біз көп ішінен бір-бірімізді тани қойдық. Біз жиі-жиі кездесіп, еш нәрсеге байланысы жоқ мәселелер туралы екеуміз де босқа мыжып тұрғанымызға көзіміз жеткенше өте ықыласпен әңгіме ететін едік. Содан кейін бірімізге біріміз маңыздана көз тастап, Цицеронның айтуындағы Рим авгурлері сияқты, қарқылдап күле бастайтынбыз. Сөйтіп, әбден күлісіп болғасын өткізген кешімізге риза болып тарасып кететінбіз.
Вернер менің бөлмеме кірген кезде, мен екі қолымды желкеме қойып диван үстінде төбеге қарап жатыр едім. Ол таяғын бұрышқа қойып креслоға отырды да есінеді, содан кейін дала ысып бара жатқанын айтты. Масалар мазамды кетірді деп жауап бердім мен. Сонсын екеуіміз де үндемедік.
— Есіңізде болсын, құрметті доктор, ақымақтар болмаса дүние өтe көңілсіз болар еді... Міне, қараңыз, біз екі ақылды адамбыз; барлық мәселе туралы шексіз таласуға болатынын біз күн бұрын-ақ білеміз, сондықтан таласпаймыз; екеуміздің қымбатты ойларымыз да бір-бірімізге түгелге жақын мәлім; бір сөз — біз үшін жатқан бір тарих; әрбір сөзіміздің ұрығын біз үш қабатты қабыршақтан да көріп тұрамыз. Аяныш етерге күлеміз, күлкі етерге қайғырамыз, ал жалпы шындыққа келсек, өз басымыздан бөтен істердің бәріне селт етпей, салқын қараймыз. Сонымен, біздің арамызда сезім мен ой алмастыру деген болмасқа керек; біз бір-біріміз туралы өзімізге керектінің бәрін білеміз, одан артық білгіміз келмейді; енді қалған бірақ жай бар: ол, жаңалықтарды айту. Кәне, маған бір жаңалықты айтып жіберіңізші? — дедім мен.
Ұзақ сөзден жалыққан мен есінеп, көзімді жұмдым.
— Сіздің бұл жел сөзіңізде дегенмен идея бар ғой, — деді ол ойлап тұрып.
— Екеу! — дедім мен.
— Біреуін айтыңыз, екіншісін өзім-ақ айтайын.
— Жақсы, бастаңыз! — дедім мен төбеге қараған күйімде ішімнен күлімсіреп.
— Сіздің суға келгендердің бірі жайында, әлденендей бір хабардың анығын білгіңіз келеді; кім туралы білгіңіз келетінін мен сезіп те тұрмын. Өйткені сізді онда сұрап та жатыр.
— Доктор! Біз екеумізге мүлде сөйлесіп болмайды; жүрегіміздің түбіндегіні табамыз.
— Енді басқасы...
— Екінші идея мынау: менің сізге бір нәрсе айтқызғым келеді; өйткені біріншіден, тыңдау адамды аз жалықтырады; екіншіден, мылжыңдап көп сөйлемейсің; үшіншіден, біреудің сырын білесің; төртіншіден, сіз секілді ақылды адамдар айтушыдан гөрі тыңдаушыны бек сүйеді. Енді іске оралайық; княгиня Литовская сізге мен туралы не деді?
— Сіз оның княжна емес... княгиня екеніне қатты сенесіз бе?..
— Сенгенде қандай.
— Себебі не?
— Өйткені княжна Грушницкий туралы сұраған болар.
— Сізде үлкен тапқыштық қасиеті бар. Княжна өзінің анау солдат шинелін киіп жүрген жас жігіт дуэльге шыққаны үшін шенінен айырылып солдат болып қалғанына сенетіндігін айтты.
— Сіз, қызды сол жаңсақ ойында қалдырған боларсыз деп сенемін...
— Әлбетте солай.
— Түйіні табылды! — деп айғайлап жібердім қуанғанымнан. — Бұл комедияның шешуін өзіміз қарастырармыз. Менің көңілсіз болмауымды тағдырдың өзі-ақ іздестіріп жүрген тәрізді.
— Менің болжауымша, сорлы Грушницкий сізге жем болады-ау, — деді доктор.
— Сонсын, доктор...
— Княгиня сіздің жүзіңіздің өзіне таныс екенін айтты. Мен оған, әрине, Петербургте әлдеқандай бір бекзадалар арасында көрген боларсыз дедім... Мен сіздің атыңызды айттым... атыңыз оған таныс болып шықты. Шамасы сіздің тарихыңыз онда біраз шу көтерсе керек... Мүмкін, тектілер өсегіне өз жанынан да қосқан болар, княгиня сіздің жүріс-тұрысыңыз туралы сөйледі... Қызы ынтыға тыңдады. Сіз қыз ойынша, енді жаңа көзқарас мағынасында, романның геройысыз... айтып отырғандары бос сөз екенін білсем де, мен княгиняға қарсы келгенім жоқ.
— Қадірлі достым! — дедім мен оған қолымды ұсынып, ол менің қолымды ырзалықпен қысты.
— Егер мақұл көрсеңіз таныстырамын... — деді.
— Кешіріңіз! — дедім мен екі қолымды шапалақтап: — геройларды таныстыра ма екен? Олар басқаша, өз сүйгендерін өлімнен құтқару үстінде таныспай ма...
— Сіздің шынында да княжнамен танысқыңыз келе ме?..
— Олай емес, мүлде олай емес!.. Доктор, ақыры, менің мерейім үстем болды: сіз оны ұқпайсыз?.. Әрине оныңыз маған өкінішті. — Бұдан кейін мен бір минөттей үнсіз тұрдым да: — Доктор, мен өз сырымды ешқашан да өзім ашпаймын оны біреудің ойлап тапқанын өте сүйемін, сөйтіп әрқашан да мен реті келгенде одан танып кете аламын. Әйтсе де сіз маған шешесі мен қызын сипаттап беруіңіз керек қой. Олар неткен адамдар? — дедім.
— Біріншіден, княгиня 45 жастағы әйел, оның ішкі сарайы тамаша, бірақ қаны бұзылған: сондықтан бетінде қызыл теңбілдер бар. Өмірінің кейінгі жартысын тыныш қана Мәскеуде өткізіп, содан жуандап кеткен. Өзі қызықты анекдоттарды жаратады, кейде қызы бөлмеде жоқ кезде тіпті қолайсыз нәрселер сөйлейді. Ол маған қызым көгершіндей таза дегенді айтты. Менің оның қызында шаруам қанша?.. Мен оған сіз саспаңыз, мен бұл туралы ешкімге айтпаймын дегім келді! Қызының не аурудан емделіп жүргенін құдай білсін, ал княгиня ревматизм ауруынан емделіп жүр; мен екеуіне де күніне екі сағаттан күкіртті қышқыл су ішіп, жетісіне екі рет қоспалы су ваннаға түсуге қостым. Княгиня қатаңдыққа әдеттенбеген болу керек, Байронды ағылшын тілінде оқитын, алгебраға жүйрік өз қызының ақылы мен білімін құрмет тұтады: тегінде, Мәскеуде бойжеткендер білім қуа бастаған болар, солары жақсы. Біздің еркектер жалпы айтқанда тұрпайы ғой, сондықтан ақылды әйелдерге олармен сұхбаттас болу жеркенішті шығар. Княгиня жас жігіттерді өте жақсы көреді, ал қызы оларды сүймейді: Мәскеу әдеті! Олар Мәскеуде тек қана қырық жастардағы қалжыңбастармен әуре емес пе.
— Доктор, сіз Мәскеуде болып па едіңіз?
— Иә, мен онда біраз тәжірибе алып едім.
— Айта беріңіз.
— Мен бәрін айттым ғой деймін... Иә! Тағы да мынау: княжна сезім, құмарлық, тағы сондайлар... туралы пікір таластыруды сүйетін болса керек, қыздың өзі бір қыс Петербургте болған екен, қала, әсіресе ондағы қауым ұнамапты, шамасы оны салқын қарсы алса керек.
— Сіз бүгін олардыкінде бөтен ешкімді көрген жоқсыз ба?
— Көрдім; бір адъютант және бір тұйық мінезді гвардеец, тағы да жаңадан келгендерден книягинаға күйеуі тарапынан туыстығы бар, бір әдемі әйел болды, өзі өте науқас болуы керек... Сіз, онымен құдық басында кездескен жоқсыз ба? Ол әйел орта бойлы, ақсары, келбет бітімі түзу, бет әлпеті күрт ауруларға ұқсас, оң жақ бетінде қара меңі бар. Оның жүзі өзінің ашықтығымен мені қайран қалдырды.
— Мен! — дедім мен тісімнің арасынан. — Сол ма екен?
Доктор маған қарады да, менің жүрегіме қолын салып масаттанған түрмен:
"Ол әйел саған таныс әйел"... — деді. Анығында менің жүрегім жайшылықтан қатты соғып тұр еді.
— Енді масаттану сіздің кезегіңіз, жалғыз-ақ маған опасыздық жасамассыз деп сенемін. Мен әлі оны көрмесем де сіздің суреттеуіңізге қарап өзім ерте уақытта сүйген бір әйелді көргендеймін.. Ол әйелге мен жайлы еш нәрсе айтушы болмаңыз: егер ол әлдеқалай сұрай қалса мені жамандағайсыз, — дедім мен.
— Сөйтермін! — деді Вернер иығын көтеріп.
Вернер кетісімен менің жүрегімді орасан бір қасірет кернеді. Бізді тағы да Кавказда кездестірген тағдыр ма, әлде мені осында жолықтыратынын біліп әдейі келген оның өзі ме?.. Біз қалайша көріспекпіз?.. Тегінде соның өзі ме екен?.. Сезімім мені ешқашан алдап көрген емес. Тап мен тәрізді өткен өмірі өз өміріне тоқтаусыз бағындырып, қатты тебірендіретін адам жоқ шығар. Өткендегі қайғы мен шаттығымның қайсысын еске алсам да, менің жанымды тербелдіріп одан бір баяғы ескі күйді алып шығады... Өмірімде еш нәрсені ұмытпаймын, менің жаратылысымның сиқы солай!
Түскі астан кейін сағат алтыларда мен бульварға кеттім: онда халық көп екен: маңайын қоршаған жастармен кезек әзілдесіп княгиня мен қызы орындықта отыр. Мен олардан сәл әріректеу бір лавкеге отырдым да, таныс екі Д... офицерлерін тоқтатып, оларға әлденелерді айта бастадым: оларды күлкі қысты-ау деймін, екеуі жын қаққандай қарқылдап күле бастады. Әуесқойлық княжна маңындағы кейбіреулерді маған тартты: сөйте-сөйте бәрі де оны тастап менің тобыма қосылды. Мен тоқтаусыз сөйлей бердім: менің анекдоттарым ақымақшылық шегіне дейін барды, қасымыздан өтіп бара жатқандарды қалжыңға айналдыруым да ащы ызамен араласты... Мен жұртты күн ұясына кіргенше күлдіре бердім. Қастарында әлдеқандай бір ақсақ шал бар княжна шешесін қолтықтап менің қасымнан бірнеше рет өтті; елеусіздік қалпын сақтаймын десе де, оның маған неше қабат аударған көзқарасы бір мұңды жайды хабарлағандай...
— Сіздерге ол не айтты? Мүмкін өте қызықты тарих — өзінің соғыстағы ерліктерін айтқан болар, — деді ол, сыпайылық салтымен өзіне қайтып оралған жас жігіттің біріне; мені түйрегісі келді-ау деймін, бұл сөзді айтқанда ол даусын тым көтеріңкірей сөйледі. "А-га! Сүйікті княжна, сіздің ашуыңыз қалжың емес екен, тоқтай тұр, әлі бұдан да кереметі болар! — дедім мен ішімнен.
Грушницкий оны бейне жыртқыш аңша бақылайды, одан көзін алмайды: ертең оның княжнаға таныстыр деп біреуден сұрайтыны анық, мен бұған бәс қоюға бармын. Оған княжна да қатты қуанады, өйткені оған көңілсіз ғой.
16 мамыр
Екі күн ішінде менің жұмысым сұмдық ілгері басты. Княжна мені мүлде жек көреді; маған арналған екі-үш эпиграмманы өзіме айтып та берісті, әрі біздей өткір, әрі мақтаныш та.
Жақсылар қауымына араласып әдеттенген, әрі оның Петербургтегі апа, сіңлілерімен ашынажай менің онымен танысуға ұмтылмауым оған мейлінше жұмбақ.
Біз құдық басында, бульварда күнде кездесеміз; мен бар күшімді келісті адъютанттар мен құп-қу болған мәскеуліктер, тағы солар сияқты қызды мадақтаушыларды одан бөліп әкетуге жұмсап жүрмін, бұл әрекетім көбіне іске асып та жүр. Мен қашан да үйіме қонақ келуін жек көруші едім; енді менің үйім толған күнде қонақ, олар түскі тамақты да, кешкі асты да менен ішіп, менде ойнайды, сұрамаңыз, шампанымның күші қыз көздерінің магнитті күшінен басым болды!
Мен кеше онымен Челахова дүкенінде кездестім, қыз әдемі парсы кілеміне саудаласып тұр екен.
Бұл кілем менің кабинетімді кандай жайнатып жіберер еді, ақша аямай алыңыз деп княжна шешесіне жалынып тұрды!.. Мен 40 сом артық төлеп кілемді сатып алдым; бұл үшін қыз мені көзімен бір атты, оның көзі құтырған адамның көзіндей жайнап кеткен екен. Түскі ас кезінде қасақана сол кілемді жауып өзімнің черкес атымды оның терезесінің түбінен өткіздірдім. Осы кезде Вернер сол үйде екен, сол көріністің шарпуы қызды нағыз драмалық халге жеткізгенін маған баян етті. Княжнаның маған қарсы топ жинағысы келеді. Күнде түскі асты менен ішіп жүрсе де, міне, әлден-ақ екі адъютанттың қыз көзінше менімен өте салқын амандасатынын сезіп те қалдым.
Грушницкий бір жұмбақ кейіпке түсе қалыпты: ешкімді танымайды, екі қолын артына ұстап жүреді де қояды; кенет аяғы да жазылып кетіпті, сылтып қана басады. Ол княгинямен сөйлесіп, княжнаға әлденендей бір қошемет айтудың ретін тауыпты; қыз еш нәрсені парықтамайды-ау деймін, содан бері оның сәлеміне өте сүйкімді күлімсіреумен жауап береді.
— Сенің Лиговскийлермен мүлде танысқың келмей ме? — деді ол маған кеше.
— Мүлде.
— Кешіріңіз! Судағы үйлердің ең жақсысы емес пе! Осындағы тәуір адамдардың бәрі де...
— Достым, мені мұндағылардан басқалар да өлердей тойдырып болды. Ә, сен онда барып жүресің бе?
— Әзір жоқ; княжнамен бір-екі қабаттан артық сөйлескен де жоқпын. Мұнда ондай қағида болғанымен үйіне өзің сұранып бару бір түрлі ыңғайсыздау... Егер мен эполет тағып жүрген болсам бір жөн ғой...
— Ғапу етіңіз! Осы түріңнің өзі қызықтырарлық емес пе! Сен өзіңнің осы қолайлы жағдайыңды пайдалана білмейді екенсің... иә, солдат шинелі әрбір сезімтал бойжеткеннің көз алдында сені әрі герой, әрі жәбір шеккен адам етіп көрсетеді.
Грушницкий өзіне риза болғандай жымиып күлді.
— Неткен қалжақ! — деді ол.
— Княжнаның саған ғашық болып үлгіргеніне мен кепілмін, — дедім сөзімді соза түсіп. Ол құлағына дейін қызарып кетті де, сонсын бұртия қойды.
Шіркін сенім! Архимед жер шарын көтеремін дегенде арқау болған құдіреті сен емес пе!..
— Сенікі ылғи қалжың-ау! Қыз мені әлі тіпті аз біледі... — деді ашуланғандай болып.
— Әйелдер тек қана білмейтін адамын сүйеді.
— Расында да менің оған ұнай қояйын деген үмітім жоқ. Жалғыз- ақ жақсы үймен таныс болғым келеді, егер мен әлдеқандай үмітте болсам... оным өте күлкі болар еді. Мысалы мына сіздің жөніңіз бөлек! Сіз Петербургтің жеңіскерісіз; көз тастауыңыз-ақ мұң, әйелдер еріп жүре береді... білесің бе, Печорин, княжна сен туралы не айтқанын?..
— Қалай? Ол саған мен туралы айтты дейсің бе?..
— Бірақ қуанбай-ақ қой. Мен әлдеқалай онымен құдық басында сөйлесе қалдым; оның маған айтқан үшінші сөзі: "Көзқарасы әрі ауыр, әрі сүйкімсіз, о жолы сізбен бірге болған мырза кім?..." — деген сөз болды. Қыз өзінің сүйкімді қылығын есіне алды ғой деймін, ол күннің атын атағысы келмеді, қызарып кетті. — Сіз ол күнді айтпай-ақ қойыңыз, ол күн менің мәңгі есімде болады дедім мен... Менің достым, Печорин! Мен сені құттықтамаймын; сен қыздың жаман пікіріндесің... бұл анығында аяныш, өйткені Мери өте аяулы ғой!..
Айта кету керек, Грушницкий өздеріне ұнаған әйелдерді шала-шарпы таныс болса да менің Мериім, болмаса менің Sophicm, деп жүретіндердің бірі.
Мен түсімді суытыңқырап, оған:
— Иә, жаман әйел емес... бірақ байқа. Грушницкий! Орыс бикештерінің көпшілігі күйеуге тиемін деген ойды оған араластырмай, махаббаттың тек әншейін платондық түрімен қорек етеді. Ал, платондық махаббат барып тұрған мазасыз махаббат. Княжна қызық пен көңіл ашуды тілейтін әйелдердің бірі ғой деймін; егер сенің қасыңда оған тұтасынан екі минөт көңілсіз болса, онда сенің біржолата өлгенің; сенің үндемеуің оның ынтықтығын қозғай беретін болуы керек, сен еш уақытта сөзбен толық қанағаттандырып тастама; сондықтан сәт сайын дамыл таптырмай жанын мазалай беруің қажет. Сен үшін ол жұрт алдында ел сөзіне құлақ аспайды, онысын сенің жолыңда құрбандық еткенге санайды да сенен өтеуін сұрайды, ол өтеу: қыздың сені азаптауы болады, ақырында ол сені көргім келмейді дейді де маңынан қуады. Егер сен оған өкіміңді жүргізіп кете алмасаң, бірінші мәртебе сүйгенің, екінші мәртебе сүюіңе баспалдақ бола алмайды; қыз сенімен керегінше ойнап-күліп жүреді де, екі жыл өткен кезде шешесіне бағыну салты бойынша бір құнысқа күйеуге шығады, содан кейін өзін бақытсызбын, өмірімде бір-ақ адамды, яғни сені ғана сүйіп едім, оның үстіңде солдат шинелі болғандықтан, тіпті сол қалың сұр шинелінің ішінде жалынды және қайырымды жүрегі соғып тұрса да, құдай онымен қосылуыма жазбады деп өзін-өзі сендіре бастайды...
Грушницкий үстелді жұдырығымен қойып қалды да, бөлме ішінде әрлі-берлі жүре бастады.
Мен ішімнен күлдім, керек десе бір-екі рет жымпиып та алдым, бірақ бағыма қарай мұны ол байқаған жоқ. Расында да оның ғашық екені сөзсіз екен; өйткені маған бұрынғыдан гөрі сенімі арта бастады; оған қара тастан салынған көзі бар күміс сақина пайда болыпты, осы жердің зергерлерінің ісі; маған бұл бір күдік тудырды... мен қарай бастадым, сонда не десеңізші?.. Бауырына ұсақ әріптермен Мери деп ойылыпты да, оның қасына Меридің баяғы атақты стақанды көтерген күні қойылыпты. Мен бұл сырды ашқанымды одан жасырдым, өйткені менің оны күшпен мойындатқым келеді, оның маған қалаулы адамындай сеніп өзі айтқанын тілеймін. Міне, сол кезде мен құмарымнан шығып-ақ бағармын...
Бүгін кеш тұрдым; құдық басына келсем, жан жоқ. Күн ысып, будыраған ақша бұлттар дауыл тұрып, нажағай ойнарын хабарлағандай қарлы таудан тез көтеріліп келеді; Машуктың ұшар басы бықсыған факель тәрізді түтіндеп тұр, кенет тау бұталарына ілігіп бет алыстарынан кідіре қалған жапырақ-жапырақ қоңыр бұлттар тауды айнала қоршап алып, жыланша бүктетіліп, өрмелей тырмысады. Ауа электрмен суарылғандай. Мен қолдан жасалған салқын жаппаға апаратын жүзім аллеясымен жүріп келемін, менің көңілім жабырқау. Доктор айтқан бетінде меңі бар жас әйел туралы ойлап келемін... Ол мұнда неге келді екен? Сол ма? Неліктен мен бұл әйелді соған жоримын? Не себепті мұның сол екеніне сенемін? Бетінде меңі бар әйелдер аз ба? Осындай ойлармен мен жаппаға да келдім. Қарасам: жаппаның төбесі жабық салқын көлеңкесінде, тас орындықтың үстінде, қамыс шляпа киіп, қара шәлі оранған бір әйел басы кеудесіне түсіп отыр екен, оның бетін шляпасы көлегейлеп тұр. Ойына бөгет болмайын деп менің кейін қайтқым келді, дәл сол кезде әйел маған қарай қалды.
— Вера! — деп айғайлап жібердім мен еріксіз.
Әйел селк ете қалып, боп-боз боп кетті. — "Сіздің осында екеніңізді мен біліп едім", — деді ол. Мен оның қасына отырып, қолынан ұстадым. Осы бір сүйікті дауысты естігенімде менің тұлабойымды әлдеқашан ұмытылған ынтықтық лебі жайлап жүре берді; әйел өзінің әрі тыныш, әрі терең көзқарасымен менің көзіме тесіле қарады: бұл көзқарастан сенімсіздікпен маған кінә таққанға ұқсас бірдеңелер сезіледі.
— Біз көріспегелі көп болды ғой, — дедім мен.
— Көп болды, екеуіміз де көп жайларда өзгеріппіз!
— Олай болғанда, енді сен мені сүймейді екенсің ғой!
— Мен күйеуге шықтым!.. — деді әйел
— Тағы ма? Дегенмен бұдан бірнеше жыл бұрын да арада осы кедергі бар еді. Сонда да...
Әйел қолын менің қолымнан тартып алды, оның екі беті ду ете түсті.
— Мүмкін сол екінші күйеуіңді сүйетін шығарсың?..
Ол жауап қатпай, теріс айналды.
— Әлде ол өте қызғаншақ па?.. Үн жоқ.
— Несі бар? Мүмкін ол, жас, әдемі шығар, әсіресе бай шығар, сондықтан сен қорқатын шығарсың... — оған көзім түсіп кетіп еді, мен шошып кеттім: оның жүзін қалың қайғы басып, көзінен жас тамшылап тұр екен.
— Өзің айтшы, мені азапқа салу саған өте қуаныш па? — деді ол ақырын. — Мен сені жек көруге тиіспін. Екеуміз таныс болғаннан бері қарай сен маған қасіреттен басқа не бердің... — Оның даусы діріл қағып маған қарай еңкейді де басын менің көкірегіме сүйеді.
"Мүмкін сондықтан сен мені сүйетін боларсың; қуаныш тез ұмыт болады да, қайғы өмірде естен қалмайды ғой..." — деп ойладым мен.
Мен оны қатты қысып құшақтадым, біз осылай ұзақ отырдық. Ақырында ерінге ерін тиіп, ыстық, мейір қанбас сүйіске айналды. Оның қолдары сұп-суық екен, басы оттай жанып барады. Сонсын екі арамызда сондай бір қағазға түсіруді тілемейтін әңгімелердің бірі басталды, оны қайталап та, еске түсіріп те болмайды, мұндайда Италия операсындағыдай дыбыс мағынасы сөз мағынасын жоқтатпай толықтырып жібереді.
Әйел күйеуімен, мен сыртынан бульварда көретін ақсақ шалмен таныс болуыма мүлде қарсы: Вера оған ұлы үшін тиіпті. Ол бай екен, ревматизммен ауырып жүрген көрінеді. Мен оны бірде-бір келеке еткен жоқпын: Вера оны әкесіндей жақсы көріп, күйеуім деп алдамақ... Жалпы адам жүрегі, оның ішінде әйел жүрегі деген бір ғажап нәрсе ғой!
Вераның күйеуі Семен Васильевич Г. княгиня Лиговскаялардың алыстау туысы, ол соларға жақын тұрады; Вера княгиняларда жиі болады. Сондықтан мен, Лиговскаялармен танысып, Верадан жұрттың назарын аулақ ұстау үшін оның қызына қыңыратқымақпын, әйелге осылайша сөз бердім. Сонымен менің жоспарым ешбір бұзылған жоқ, енді маған көңілді болады.
Көңілді!.. Мен жан тіршілігінің тек қана бақыт іздеп, жүректің әлдекімді қатты, тойымсыз сүйгісі келіп тұратын дәуірінен өтіп кеттім: енді мені біреу сүйсе екен деп тілеймін, соның өзінде де көп емес, аз, тіпті бір-ақ адамның тоқтаусыз, айнымас достығы маған жетерлік тәрізді. Жүректің әдеті аянышты ғой!..
Сүйген әйелдерімнің мен еш уақытта құлы боп көрген емеспін, қайта олай етейін деп тырыспасам да, олардың еркі мен жүректерін тоқтаусыз билеп аламын, осы жай мені әрқашан да таңғалдырады. Бұл неліктен? Әлде, өмірімде еш нәрсеге өлеусіреп, үзіліп тұрмауыма қарап олардың қолымыздан шығып кетер ме екен деп минөт сайын қорқуынан ба? Болмаса күшті жанның магниттей әсерінен бе? Әлде мен өр мінезді әйелге душар бола алмадым ба екен?
Мойындайыншы, анығында мен өр мінезді әйелді жек көремін: олардың өрлікте шаруасы не?..
Айтпақшы, жаңа есіме түсті ғой: жалғыз-ақ мәртебе, бір ор мінезді әйелді сүйдім, бірақ оны еркіме көндіре алмадым... Біз араздасып айырылыстық. Мүмкін онымен мен бес жыл кейін кездескен болсам басқаша айырылысқан болар едік...
Вера науқас. Өзі оны мойындамағанымен оның науқасы қатты; мен оны құрт ауруы болар ма деп, болмаса fievre Lente26 — болар ма екен (бұл мүлдем орыс ауруы емес, оның біздің тілде аты да жоқ) деп қауіптенемін.
Дауыл мен нажағай араласқан жаңбыр біз жаппада отырғанда жауып, бізді тағы да жарты сағат ұстады. Вера менің оған адалдығыма ант бер деп қыстаған да жоқ, екеуміз айырылысқаннан бері басқа әйелді сүйдің бе деп менен сұраған да жоқ... Ол маған бұрынғыша қалтқысыз қайта сенді, — әрине, мен оны алдамаймын: менің алдауға мұршам келмейтін дүниедегі жалғыз әйел осы Вера. Біздің тез арада айырылысатынымызды білемін, мүмкін мәңгі айырылысармыз, екеуміз де көз жұмғанша қайтып көріспеспіз; бірақ ол менің жүрегімде өшпестей сақталады. Мен мұны әрқашан да айтып келемін, ол сенбеймін деп жай айтқаны болмаса маған сенеді.
Ақыры біз айырылыстық. Оның шляпасы бұталар мен жартастарға жасырынып жоқ болғанша мен оған ұзақ қарап тұрдым. Дәл алғашқы жолығып айырылысқан кездегідей менің жүрегім лүпілдеп аузыма тығылды. Сезімнің осы бір күшіне қандай қуандым десеңізші! Әлде бұл өзінің жанға жайлы дауылдарымен маған қайта оралғысы кеп жүрген жастық шақ па? Жоқ әлде оның тек маған тастаған ескерткіштей соңғы тартуы,қоштасардағы көзқарасы ма екен?.. Бетім боздау болғанымен әлі балғын, мүшелерім икемді, сұлу, қою бұйра шашым бар, қаным қызу, көзім оттай жайнайды, менің осы түріме қарап бала деу күлкі емес пе?
Үйге келісімен салт мініп далаға қарай жорта жөнелдім, мен ұшқыр атпен биік шөптерді қуалай желге қарсы шапқанды сүйемін, ол кезде жұпар иісті ауаны дамылсыз жұтамын да, бұлдыраған нәрселерді білгім келіп алыс көкжиекке тесіле қараймын, қарауытқан зат минөт сайын жақындап, айқын, ашық көріне бастайды.
Тап осы кезде, ойыңды билеген уайым мен жүрегіңді басқан қайғының қандайы болса да бір минөтте жоқ болады, жаның тыныштық тауып, денеңнің шаршауы ойыңдағы күдіктерді қуып шығады. Оңтүстіктің әдемі, ашық күніне малынған бұйра тауларды көргенімде, көк аспанға көз жіберген кезімде, болмаса жартастан жартасқа құлаған толқындар шуына құлақ түргенімде мен ұмытпайтын әйел көзқарасы қалмайды.
Менің ойымша, өздерінің қарауыл мұнараларында ұйқы басып есінеп отырған казак-орыстар беталдына шауып жүрген мені көріп кім екенімді айыра алмай азаптанған болуы тиіс, өйткені мені киіміме қарап черкес екен деп қалған болар. Анығында да, сен шеркес киімімен салт мінгеніңде көбінесе кабардалықтарға ұқсайсың, олардың көбі атқа сенше отыра алмайды деп жұрт маған талай айтушы еді. Рас, осы бір ардақты соғыс киімін киюде мен барып тұрған дендимін27 бір де бір артық тұрған жылтырауығым жоқ; қымбатты қаруларым зерсіз, жай ғана істелген, бөркімнің сеңсеңі тым ұзын да емес, онша қысқа да емес, мәсім мен башмағым аяғыма жабысып тұр, бешпетім ақ, жалбағайым қара қоңыр. Таулықтардың атқа отырысын мен көп зерттедім: кавказша атқа сұлу отыруымды мадақтаудан басқа еш нәрсе менің мақтанышыма тиіп көрген емес. Жалғыз өзімнің дала кезуім көңілсіз болар деп мен төрт ат ұстаймын, оның біреуі өзім үшін, қалған үшеуі жора-жолдастар үшін, олар менің аттарымды аларда қуана алады да, бірақ ешқашан да менімен бірге шықпайды. Түскі тамақ ішу менің ойыма түскен кезде сағат алты болған мезгіл еді, атымның да зықысы шыққан екен; мен Пятигорскіден неміс колониясына апаратын жолға түстім, бұл жолмен көбінесе су қауымы en pducnigue28 жүреді. Жол бұталардың арасымен айналып отырып қалың шөптердің астымен шулай ағып жатқан бұлақтары бар кішіректеу сайларды басып өтеді. Айналаңда көкпеңбек теңкиіп жатқан Бештау, Жыланды, Темірлі және Қасқа таулар. Олар бірімен-бірі жалғасып барып сатыдай тізбектеліп жоғары көтеріледі. Осы жердің тілінде жыра деп аталатын осындай сайлардың біріне құлаған кезде мен ат суарғалы тоқтадым, сол мезгілде жол бойында шуласқан әсем аттылар тобы көрінді; бұлардың арасындағы әйелдердің кигені салт мінуге лайықтап тігілген қара және көк түсті ұзын көйлек, ал жігіттер Нижегород үлгісімен тігілген костюм мен черкес костюмін араластыра киіпті, бәрінің алдында княжна Мерн мен Грушницкий келеді.
Суға емделуге келген әйелдер әлі күнге черкестер тапа-тал түсте бассалады екен дегенге нанады; сондықтан болу керек, Грушницкий шинелінің сыртынан қылыш асынып, оның үстіне екі тапанша тағып алыпты, ол осы бір жауынгерлік қалпетіндс адамның күлкісін келтіргендей еді. Биік бұта мені олардан жасырып тұрды, бірақ жапырақ арасынан мен бәрін көріп тұрдым, олардың жүздерінің құбылысы арқылы әңгіменің өте бір нәзік сезімдер жайында екенін аңғардым. Сонымен олар бұтаға да жақындады; Грушницкий княжна мінген аттың тізгінінен ұстай алды, сол кезде мен әңгімелерінің аяғын естідім:
— Сіз өмір бойы Кавказда қалғыңыз келе ме? — деді княжна.
— Мен үшін Ресейдің керегі не? Ол елде мыңдаған адам өздері бай болғандықтан маған жиренішпен қарайды, ал мұнда, — мұнда менің қалың шинелім сізбен таныс болуыма бөгет болмады... — деп жауап қайырды жігіт.
— Қайта... — деді қызарыңқырап қыз. Грушницкийдің бетінде қуаныш белгісі ойнады. Ол сөзін былайша соза берді:
— Бұл жерде, тағылар оғының астында менің өмірім айғай-шумен белгісіз, шапшаң өтеді; сонымен бірге құдай маған жыл сайын бір ғана жарқын әйел көзқарасын, бір ғана соған...
Дәл осы кезде олар менімен қатарласа қалды, мен атыма қамшыны көміп жіберіп бұтаның арасынан шыға келдім...
— Mon Dieu, un circassiеn!29... — княжна шошып кетіп.
Қызды бұл ойынан мүлде қайтару үшін мен мойнымды оған қарай сәл бұрдым да, француз тілінде жауап бердім:
— Ne craignez rien, madame, — je ne suis plus dange-gereux que votrе cavaliеr30.
Қыз қысылып қалды, оның себебі не екен? Әлде өзінің қатесінен бе? Әлде менің жауабымның намысқа тиердей дөрекілігінен бе? Лайым менің кейінгі болжалым анық болғай-ақ. Осыдан кейін Грушницкий маған наразылықпен көз тастады.
Түн ортасы кезінде, яғни сағат он бірлерде мен бульвардың талдар өсетін аллеясымен қыдыруға шықтым. Қала ұйқыда, тек бірнеше үйлердің терезесінде ғана оттар жылтырайды. Үш жақтан биік құздар төбесі қарауытады, бұлар Машуктың тараулары, алда болар жаманаттың хабаршысы тәрізді Машук төбесінде бұлт шөгіп тұр; ай шығыстан көтеріліп келеді; күміс шашақтар түстес қарлы таулар алыста жарқырайды, сақшылардың айғайлары түнде ағызылған ыстық бұлақ суларының шуылымен қосыла жаңғырығады. Ноғай арбасының шиқылы мен зарлы татар әуезіне араласып көшелерден анда-санда ат тұяқтарының дыбысы шығады. Мен орындыққа отырып, ойға кеттім... Менің өз ойларымды досыма ағытқым келеді.. бірақ кімге?.. Қазір Вера не істеп отыр екен? — деп ойладым мен... Тап осы минөтте оның қолын қысу үшін мен неге де болса шыдар едім.
Кенет асығыс, жүгіре басқан аяқ дыбысын естідім...
Грушницкий шығар... дәл өзі!
"Қайдан келесің?" — "Княгина Лиговскаялардан келемін, шіркін Меридің ән салуы-ай!" деді ол маңызданып.
— Білесің бе сен? Сенің юнкер екеніңді оның білмейтініне, сені бір шеніне төмендетілген юнкен деп ойлайтынына бәс тігемін, — дедім мен оған.
— Мүмкін! Менің шаруам қанша!.. — деді ол күмілжіп.
— Жоқ, мен әншейін айтам...
— Білесің бе, бүгін сен оны өте қатты ашуландырдың. Қыз бұл жан естіп көрмеген бейбастақтық екен деді, мен сенің жақсы тәрбие алғаныңды, жоғары қауымды жақсы білетініңді, ол жерде қызды сөге қояйын деген ниетіңнің болмағанын айтып оны зорға сендірдім; қыз сенің көзқарасың бұзық, ол өзін-өзі мадақтайтын адам дейді.
— Қыз жаңылмаған екен... ә, сенің оны қорғағың келмей ме?
— Менің әзірге олай етуге құқымның жоқтығына өкініш етемін...
"О-го! Мұның әлден-ақ сенімі бар екен..." — деп ойладым.
— Былайша айтқанда сен үшін жаман ғой, енді сенің олармен танысуың қиын-ақ, бұл өте өкініш! Бұл үй, мен білетін үйлердің ішіндегі ең бір абзалдарының бірі... — деді Грушницкий.
Мен ішімнен жымиып күлдім.
— Ең абзал үй қазір мен үшін өз үйім, — дедім мен кеткім келіп, орнымнан есіней көтеріліп.
— дегенмен өкініп жүргеніңді мойындасаңшы?..
— Неткен былшыл! Егер мен барғым келсе, ертең кешке-ақ княгиняларда боламын...
— Көрерміз...
— Тіпті, саған көңілді болу үшін княжнамен қалжыңдасамын...
— Иә, ол сенің сөзіңе құлақ қойса-ау...
— Мен енді сенің сөздерің қызды мезі ғып, жалықтыратын сәтті ғана күтемін... Қош!..
— Мен қыдырып жүре тұрамын, қазір тіпті ұйықтар түрім жоқ... Тоқтай тұршы, жүр ресторацияға31 барайық, онда жақсы ойын бар... маған бүгін керемет әсерлер алу керек...
— Ұтылып қалуыңды тілеймін... Мен үйге қайттым.
21 мамыр
Бір жұмаға жақын уақыт өтті, мен әлі Лиговскаялармен танысқаным жоқ. Сәті болар кезін күтіп жүрмін. Грушницкий княжнаның көлеңкесі тәрізді қайда барса да оның қасынан қалмайды; сөздері де мүлде таусылар емес: қыздың ішін енді қашан пыстырар екен?..
Күйеу жігіт болмағандықтан қыздың шешесі бұларға көңіл аудармайды. Шеше логикасы деген осы-ay! Мен қыздың екі-үш жылы көзқарасын байқап қалдым — енді мұны аяқтау керек.
Кеше Вера құдық басына бірінші мәртебе келді... Ол біз екеуіміз жаппа қасында кездескеннен бері үйінен қия басқан жоқ. Біз екеуіміз құдыққа стақанымызды бірге батырдық, ол суға еңкейе беріп маған сыбыр етті...
— Сенің Лиговскаялармен танысқың келмей ме?.. Біз тек сол үйде кездесе аламыз...
Кінә!.. Іш пыстырады! Бірақ мен айыптымын...
Айтпақшы, ертең ресторацияның залын жұрт жалға алады екен ғой, онда бал болмақ, мен сонда княжнамен мазуркаға билеймін.
29 мамыр
Ресторация залы тектілер жиналысының залына айналды. Сағат тоғызда жұрт тегіс келіп болды. Княгиня қызымен кейінірек келгендердің бірі; әйелдердің көпшілігі оған әрі қызғанышпен, әрі жақтырмаған пішінмен қарайды, өйткені княжна Мери өте кербездікпен сұлу киінеді. Өздерін осы жердің ақсүйектеріміз деп санайтындар күншілдік сезімдерін іштерінде сақтап княгиняға барып қосылды. Менің не істеуім керек? Қай жерде әйелдер қауымы болса, жоғары, төменгі топтар да қазір солардың маңына жиналады. Терезе алдындағы жұрттың арасында бетін әйнекке тақап, өзінің тәңірісінен көзін алмай Грушницкий тұр; қыз қасынан өтіп бара жатып оған ақырын ғана басын изеді. Бұған ол масаттанып күндей жайнады... Би полька биімен басталды да, сонсын вальс тартылды. Шпорлар шылдырап, етектер делиіп жұрт дөңгелене жөнелді.
Мен қызғылт түсті қауырсындармен безенген бір жуан әйелдің сырт жағында тұрдым; оның көйлегінің тырсиып дөңгеленуі фижм32 киетін уақытты, ал бетін қаптаған ұсақ меңдері әйелдердің бір кездерде қара меңді торлар киген бақытты дәуірін еске түсіреді. Әйелдің мойнындағы ең үлкен меңін қымбатты тастардан жасалған алқасы жауып тұр, ол өз жігіті, драгун капитанына:
— Мына княжна Литовская бір барып тұрған оңбаған қыз! Көрдіңіз бе, жаңа мені өзі қағып кетіп, кешірім сұраудың орнына маған жалт бұрылып лорнетпен қарады... Ciest; imfayable!33.. Несіне мардамсиды екен? Өзін үйретіп қойса деймін... — деді.
— Оның бір жөні болар! — деді де капитан басқа бөлмеге кетті.
Мен таныс емес дамалармен де билей беруге ерік беретін осы жердің әдет бостандығымен пайдаланып княжнаға келдім де оны вальске шақырдым.
Қыз өзінің масаттанған күлкісін әрең тоқтатты; сөйтіп тез, салқын, суық түске кіре қалды. Ол қолын қалай болса солай менің иығыма салды да, басын аздан бір қырындау бұра қойды, біз билей жөнелдік. Мұндай майысып тұрған сұлу мықынды мен өмірде білмеймін! Қыздың жұпардай таза демі менің бетіме шалқып, қатты айналған вальс қимылынан соққан құйын көтерген оның тұлымдары кейде менің оттай жанған бетіме соғылады... Мен онымен үш дүркін биледім. (Қыз вальсті ғажап жақсы билейді екен.) Қыз ентігіп, көзі бұлдырап, ерінін жыбыр еткізді де: "Merсi, mon-sieur"34, деген сөздерді маған әрең айтты.
Бірнеше минуттай үнсіз тұрғаннан кейін мен біртүрлі бағынышты жанның кескінінде оған былай дедім:
— Сізбен таныс болмай жатып-ақ мен қаһарыңызға душар болғанымды естіп жатырмын, княжна... Сіз менен нендей дөрекілік таптыңыз... Мұны қалайша рас деуге болады?
— Енді сіз, тегі менің сол ойымның растығын білгіңіз келген болар, — деді қыз, бұл сөзді айтқанда оның жүзінде бір әжуалы құбылыс бар еді, мұндай құбылыс оның тез өзгергіш, әдемі, ширақ ажарына келісіп тұрушы еді.
— Егер мен сізді ренжіткендей ожарлық жасаған болсам, енді соған кешірім сұрау үшін одан да зор ожарлық жасап тұрғаныма ғафу өтінемін... Анығында сіздің мен жөнінде қателесіп жүргеніңізді дәлелдемек едім...
— Сізге ол өте қиын болар...
— Неліктен?
— Біздің үйде болмайтындығыңыздан, ал мына бал деген тым жиі бола бермейтін шығар.
Бұл сөз олардың есігі мен үшін мәңгі жабық дегендік қой, деп ойладым мен.
— Есіңізде болсын, княжна, өз кінәсын мойындап кешірім сұрап тұрған айыпкерді өмірде беттен қақпау керек, ол ыза кернегендіктен бұрынғысынан екі есе күнәкар болуы мүмкін... Онда...
Бізді қоршап тұрғандардың саңқылдаған күлкісі мен күбірлері менің сөзімді бөлді, мен артыма қарасам бізден бірнеше қадам жерде бір топ еркектер тұр екен, олардың арасында сүйікті княжнаға қарсы қастандық ойын білдірген драгун капитаны да бар. Ол әлденеге аса риза болған адамдай екі қолын уқалап сақылдап күліп, жолдастарымен ым қағысады. Кенет олардың ортасынан ұзын мұрты бар, бет бейнесі қып-қызыл, үстіне фрак киген бір мырза шыға келіп, теңселе басып тұп-тура княжнаға қарай жүрді; ол мас еді. Мұны көріп қысылған княжнаның алдын кес-кестей тұра қалды да, ол екі қолын артына ұстап, бозғыл тартқан сары көзін оған қадап тұрып, тілі күрмеліп, қырылдаған дауыспен:
— Рұқсат... я, мұнда не тұр!.. Мен сізді мазуркаға шақырамын..
— Сізге не керек? — деді қыз дірілдеген дауыспен жан-жағына жалынышты түрде көз тастап. Амал не! Бұл кезде қыздың шешесі алыста еді, ал таныс жігіттерінен де қасында ешкім жоқ, бір адъютант мұның бәрін көріп тұрса да, оқиғаға араласқысы келмей, жұрт арасына тығылып қалды білем.
— Несі бар? — деді мас мырза, өзіне ыммен дем беріп тұрған капитанына көзін жыпықтатып: — сіздің шартыңызға келмей тұр ма?.. Мен сізді four mazurе тағы да шақыруға өзімді бақытты деп санаймын... Сіз мүмкін мені мас деп тұрған боларсыз? Оның оқасы жоқ!.. Өте еркіндеу, сізді сендіремін...
Мен қорқыныш пен ызадан қыздың есінен тануға жақын тұрғанын байқадым.
Мен мас мырзаға жетіп келіп, қолынан қаттырақ қысып ұстадым да, оның көзіне тесірейе қарап, тайып тұруын сұрадым, княжна мазуркаға менімен билемек болып әлдеқашан уәде берген дедім.
— Онда амал жоқ!.. Тағы бірде! — деді ол күліп, сөйтіп, ұяттан қызарақтап тұрған өзінің жолдастарына қарай жөнелді, олар оны екінші бөлмеге алып кетті.
Қыз маған ұзақ, сүйкімді көзқараспен қарады да, шешесіне барып бәрін айтып берді, княгиня мені көптің арасынан іздеп тауып алып алғыс айтты. Шешеңді білуші едім дей келіп, менің толып жатқан апаларыммен дос болғандығын баяндады.
— Осы уақытқа дейін сіз бен біздің таныс болмауымыздың қалай екенін білмеймін, — деді ол, — дегенмен мойындаңызшы, бұған жалғыз сіз ғана кінәлы емессіз бе? Өйткені сіз өзіңізді жұрттың бәрінен адам айтқысыз алыс ұстайсыз. Біздің қонақ үйіміздің ауасы сіздің дертіңізге шипа болар деп сенемін... Солай емес пе?
Мен оған мұндай жағдай үшін кімнің де болса дайындап қоятын сөздерінің бірін айта салдым.
Кадриль тым ұзаққа созылды.
Ақырында жаңғырыққан шудың арасынан мазурка саңғырап қоя берді; біз княжнамен қатар отырдық.
Мен оған мас мырза туралы да, өзімнің бұдан бұрынғы жүріс-тұрысым жөнінде де, тіпті Грушницкий жайлы да ләм-мим дегем жоқ. Көңілсіз уақиғадан туған ауыр әсер қыз бойынан аз-аздап тарайын деді-ау деймін, оның бет ажары құлпыра бастады; қыз жарастықпен қалжыңдап отырды, өткір сөйлейінші демесе де оның сөздері еркін, әсерлі және өткір шығып отырды; оның пікірлері кейде терең жатады... мен екіұштылау сөздермен оның маған көптен ұнайтындығын сездірдім. Қыз қып-қызыл боп кетіп, басын төмен түсіре қойды.
Содан кейін өзінің барқыттай жұмсақ көзқарасын маған аударып, еріксіз күлді де:
— Сіз бір қызық адамсыз, — деді.
— Сізді қоршаған табынушыларыңыз ете көп қой, солардың арасында мүлде көзіңізге ілінбей қалып қоярмын деп қорқып, менің сізбен танысқым келмеп еді, — дедім оның сөзін іліп әкетіп.
— Сіз бекер қорыққансыз! Олардың бәрі өте көңілсіз...
— Бәрі! Қалайша бәрі?
Қыз бір нәрсені есіне алғандай маған тесіле қарады да, сонсын тағы да сәл қызарып кетті, сөйтіп ақырында: — Бәрі де! — деген сөзді кесіп айтты.
— Тіпті менің досым Грушницкий де солай ма?
— Ол сіздің досыңыз ба? — деді қыз өзінің күдігін білдіріп.
— Иә.
— Әрине, ол көңілсіздер қатарына жатпайды...
— Бақытсыздар қатарына жататын болар, — дедім күліп.
— Әрине! Ал, сізге күлкі шығар? Мен сіздің де сондай болуыңызды тілер едім...
— Несі бар, бір кезде мен де юнкер болғанмын, ол кез өмірімнің ең бір жақсы шағы еді!
— Ол юнкер ме еді?.. — деді қыз жұлып алғандай, сонсын барып: — мен ойласам... — деп тұрып қалды.
— Сіз не деп ойлап едіңіз?
— Ештеңе емес!.. Ана әйел кім?
Бұдан кейін әңгіме беті басқаға бұрылды да, бұған қайтып оралған жоқ.
Міне, мазурка да бітті, біз де айырылыстық — жолыққанша қош бол. Әйелдер қайтып кетті...
Мен кешкі ас ішуге барған жерімде Вернерді кездестірдім.
— Ә, сіз де осында ма едіңіз! Княжна мен оны елім аузынан құтқарып алып қалмайынша таныспаймын дегеніңіз қайда.
— Одан да зоры болды, қызды бал үстінде талып қалар жағдайдан алып кеттім!..
— Ол қалай болды? Айтыңызшы!..
— Жоқ, ойлап тап, дүниеде сіз ойлап таппайтын нәрсе бар ма!
30 мамыр
Сағат кешкі жетілер кезінде мен бульварда қыдырып жүрдім. Грушницкий мені алыстан көріп қасыма келді: оның көзінде күлкі аралас қуаныш оты жайнайды, ол менің қолымды қатты қысты да мұңды дауыспен:
— Рахмет саған, Печорин... Мені түсініп тұрған шығарсың?.. — деді.
— Түсінгенім жоқ; әйткенмен рахмет айтуға бола қоймас, — дедім мен, көңілімде ешбір қайырымдылық сезімі болмаса да.
— Heгe? Кешегі ше? Әлде сен оны ұмыттың ба?.. Мери маған бәрін де баян етті...
— Солай ма? Бұл күнде сіздер бірге ме едіңіздер? Әрісі айтар алғыстарыңызға дейін?..
— Сөзге құлақ қойшы, — деді Грушницкий маңызданып: — Егер менің сыйласқым боп қалғыңыз келсе, менің махаббатымды тәлкек етпеңіз... мен оны есім кеткенше сүйемін... ол да мені солайша сүйеді ғой деп ойлаймын да, сенемін... Менің сенен өтінішім бар: сен бүгін кешке оларда боласың ғой; барлығын байқап отырамын деп уәде берші; сен бұл мәселе жөнінде тәжірибелісің және әйелдерді менен гөрі жақсы білесің ғой... Шіркін әйелдер! Оларды кім біліп болған? Олардың көзқарастарына күлкілері қайшы, олар сөздерімен үміт беріп өздеріне тартса да, ауыздарынан шыққан үндерімен кейін серпеді. Кейде олар біздің ең бір жасыра қойған ойымызды сол минөтінде сезіп біледі де, кейде ашық айтылған оспағыңа түсінбей қояды. Мына княжнаны-ақ алайықшы, кеше оның маған деген көздерінде құмарлық оты лаулап тұр еді, ал бүгін әрі сөнуге айналып, әрі салқын тартыпты...
— Ол мүмкін, су әсерінің салдары болар, — дедім мен.
— Сен барлық жайда жаман жағын ғана көресің... материалист! — деді ол жаратпай. Сонан соң материяны өзгертейікші деп мағынасыз қалжыңдар айтып, мәз болып күлді.
Сағат тоғызға айналғанда біз екеуміз княжнаға кеттік.
Вераның терезесінің қасынан өтіп бара жатып мен оны терезеден көрдім. Біз екеуміз асығыс көз тастастық. Вера бізден кейін лезде Лиговскаялардың қонақ үйіне кірді. Княгиня оны өзінің туысы есебінде маған таныстырды. Шай іштік, қонақ көп еді; әңгіме жалпыға ортақ сөздер болды. Мен княгиняға ұнағым кеп қалжыңдар айтып, оны бірнеше қабат шек-сілесін қатырып күлдірдім; қыз да бірнеше рет күле жаздап, бірақ алған бетінен қайтқысы келмей өзін-өзі ұстап қалды. Княжна өзіне салқындық жарасады деп біледі, мүмкін онысы дұрыс та шығар. Менің қалжыңдарымның қызға әсер етпегеніне Грушницкий қуанышты сияқты.
Шайдан кейін барлығы залға кетісті.
— Вера, сен менің тіл алғыштығыма риза мысың? — дедім оның қасынан өтіп бара жатып.
Вера маған қиыла көз тастады, оның көзқарасы әрі махаббатқа, әрі алғысқа толы еді. Мен мұндай көзқарасқа үйренгенмін; өйткені бұлар бір кездегі менің жан сусыным болған ғой. Княгиня қызын фортепьяноға отырғызды; барлығы да оның бір нәрсе айтып беруін сұрасты, мен үндегенім жоқ, жұрттың оған көңіл аударған қарбалас кезін пайдаланып Верамен бірге терезе алдына кеттім, Вера екеуміз үшін аса маңызды бір нәрсе айтамын деп еді, онысы бос сөз болып шықты...
Дегенмен, қыздың жанары жарқ еткен ашулы көзқарасынан, топшылауыма қарағанда, менің салқындығым княжнаға ауыр тиген тәрізді... Сұрамаңыз, мұндай тілсіз, бірақ, айқын, қысқа, оның үстіне өте күшті сөздерге мен барынша жетікпін ғой!..
Қыз әнге басты, даусы жаман емес екен, бірақ нашар айтатын көрінеді... Анығында мен тыңдаған да жоқпын. Оның есесіне Грушницкий қыздың қарсы алдына роялға сүйеніп тұрып екі көзімен оны жеп қоярдай тесіле қарайды, сөйтіп ол минөт сайын ақырын ғана: "charmant! dеlideux35 — дейді.
— Тыңдашы, мен сенің күйеуіммен таныс болуыңды тілемеймін, бірақ сен княгиняға тоқтаусыз ұнауға тиістісің; саған бұл оңай: не істеймін десең де, сенің қолыңнан бәрі де келеді. Біз, тек осында ғана кездесе аламыз... — деді Вера маған.
— Тек осында ғана ма?
Ол қып-қызыл боп кетті де, сөзін әрі қарай соза берді:
— Мен сенің құлың екенімді өзің білесің ғой, ешқашан да саған қарсы келе білмеймін... Мұның да сазайын тартармын: сен де теріс айналарсың! Қысқасын айтқанда мен өз абыройымды сақтағым келеді... Өзім үшін емес, мұны сен жақсы білесің!.. Менің сенен тілегім: бос күдіктер, бояма салқындықтармен мені бұрынғыдай қинай бермеші. Күн санап әлім кетіп бара жатқанына қарағанда мен мүмкін кешікпей өлермін... Соған қарамастан болашақ өмірім туралы ойламай, жалғыз ғана сен туралы ойлаймын... Сендер, еркектер көз құмарлығы мен қол қысуының ләззатына түсінесіңдер ме... ал мен саған ант етейін, сенің даусыңа құлақ қойғанымда сондай бір терең, сондай бір ғажап, ең бір ыстық сүйістер тең түсе алмайтын жан ләззатын сезінемін.
Сол екі арада княжна Мери де ән салуын тоқтатты.
Оның маңынан мадақтаған сөздер естіліп тұрды: бәрінен кейін мен оған келдім де даусы жайында әлденелер айтқан болдым.
Қыз тыжырынып, төменгі ернін бұлтита қойды да, бір күлкі келтіретін түрде отыра кетті.
— Менің әнімді тыңдамай-ақ айта салған сіздің мұныңыз мен үшін өте мақтаныш, әлде сіз мүмкін музыканы сүймейтін боларсыз?.. — деді ол.
— Сүйгенде қандай... Әсіресе түскі астан кейін.
— Сіздің толғағыштық сезіміңіз қара дүрсіндеу, — деп еді Грушницкий, — дұрыс айтқан екен ғой... менің байқауымша сіз музыканы аспазшылардың тамақ талғағаны тәрізді сүйетін көрінесіз...
— Сіз тағы қателесіп тұрсыз; мен мүлде асқұмар жан емеспін: менің асқазаным жаман. Ал музыка түскі астан кейін адамның ұйқысын келтіреді, ал түскі астан кейін ұйықтау деген ғажап емес пе: сонымен, мен музыканы дәрігерлік жағынан сүйемін. Кешке қарай музыка менің жүйкеме тиеді, сондықтан мен не мүлде қапа боламын да, не өте көңілді боламын. Қуануға да, немесе қайғыруға да керекті себеп болмағаннан кейін бұл жағдайлардың екеуі де жалықтырады, онымен қатар жұрт арасында қайғырып отыру күлкі, ал тым ыржақтап кету — қолайсыз...
Қыз сезімнің аяғын тыңдамастан менен аулақ тайып тұрды да, Грушницкийдің қасына барып отырды. Сонан соң екеуінің арасында әлденендей бір нәзік әңгіме басталып кетті, княжна ынтығып тыңдағандай көрінгісі келгенімен оның данышпандық сөздеріне әрі ұқыпсыз, әрі орынсыз жауап беріп тұрған тәрізді. Өйткені Грушницкий қыздың мазасызданған көзқарасынан сезіктеніп, оның ішкі қобалжуының себебін білгісі келгендей оған анда-санда таңдана қарап қояды...
Мен сізді түсіндім, сүйікті княжна, сақ болғайсыз! Сіз менің менмендігіме тиіп, өз істегенімді өз алдыма келтірмексіздер ғой, ол бола қоймас! Егер маған қарсы соғыс жарияласаңыз, онда мен де мейірімсіз болармын.
Кеш аяқталғанша мен олардың сөздеріне қасақана бірнеше рет араласуға тырыстым, бірақ қыз менің сөздерімді біртүрлі салқындау тыңдады, ақырында әдейі мұңайған пішін білдіріп, олардың қасынан кетіп қалдым. Княжна мен Грушницкий масаттанып кетті. Масаттаныңдар, достарым, асығыңдар... шаттықтарың ұзаққа бармас!.. Не істеу керек? Алда не боларын сезгендеймін... Әйелмен таныс болсам, мен қашан да оның мені сүйерін де, сүймесін де қатесіз болжаймын...
Кештің қалған жарымын мен Вера қасында өткіздім, екеуміз өткендер жайлы тойғанымызша кеңестік... мені не үшін осынша сүйетініне құдай ақы түсінбеймін! Асылында менің барлық ұсақ кемшіліктерім мен жексұрын нәсіпқұмарлығыма дейін анық білетін жалғыз әйел осы... Зұлымдықтың да соншалық сүйкімді болғаны ма?..
Біз Грушницкий екеуміз бірге шықтық: далаға шыққан соң ол мені қолтықтап алып, біраз үндемей келе жатты да былай деді.
— Ал, қалай?
"Сен ақымақсың" дегім келді де, бірақ өзімді ұстап қалдым, сөйтіп тек иығымды ғана қозғадым.
6 маусым
Бұл күндердің бәрінде де мен өзімнің ұстанған бетімнен бұлтарғаным жоқ. Менің сөздерім княжнаға ұнай бастады, мен оған өз өмірімдегі кейбір ғажайып уақиғаларды айтып бердім, енді ол мені бір керемет адам көре бастады. Мен дүниедегі барлық нәрсені, әсіресе сезімді қалжың етемін: бұл оны шошындыра бастады.
Княжна менің көзімше Грушницкиймен өте нәзік жүрек сезімдері жайында таластарға баруға бата алмайды, оның кейбір мінездеріне қыз бірнеше қайта мысқыл күлкілермен жауап берді, әйтсе де мен, Грушницкий қызға келгенде әрқашан да сыпайылық түрмен екеуін оңаша қалдырып кетемін; бірінші ретте қыз әдейі солай көрінгісі келді ме, бұған қуанғандай болды; екіншіде — маған, үшіншіде — Грушницкийге ашуланды.
— Сіздің намысыңыз өте аз екен! Грушницкиймен оңаша қалу маған көңілді дегі қалайша ойлайсыз? — деді ол маған кеше.
— Өз қызығымды сыбайласымның бақытына құрбан еттім, — деп жауап бердім мен.
— Менің де, — деді қыз.
Мен оған қадала қарадым да, салмақты кейіпке түсе қойдым. Содан кейін қызбен күні бойы тіл қатысқан жоқпын... Кешке қарай қыз жабырқау тартып еді, бүгін құдық басында одан да жабырқауырақ көрінді. Мен қыздың қасына келгенімде ол Грушницкийдің сөздерін селқостау тыңдап тұр екен, Грушницкий шамасы табиғат сұлулығына сұқтанып тұрған секілді, қыз мені көзі шалысымен бейнебір байқамаған адам тәрізді қарқылдап (өте орынсыз) күле бастады. Мен әрірек барып, білдіртпей оны сыртынан байқап тұрдым: қыз теріс айналып, екі рет есінеді. Анығында Грушницкий оны мүлде мезі қылып болған екен. Қызбен енді екі күн сөйлеспеймін.
11 маусым
Өтірік қызықтырып алдағым келмейтінін және оған еш уақытта үйленбейтінімді біле тұра, мен жас қыздардың махаббатын өзіме аударуға сонша неге жанталасамын? — деп өзімнен жиі-жиі сұраймын. Мұндай әйел сайқалдығы маған не үшін керек? Княжна
Меридің бір кездердегі сүйерінен гөрі Вера қазір мені артық сүйеді; егер ол маған қол жетпейтін сұлу болып көрінсе бір сәрі, онда мен мүмкін істер ісімнің қиындығына қызығып, соған еліккен болар едім... Мұның бірі де жоқ! Сонымен әрине, бұл біздің жастық шағымыздың алғашқы жылдарындағыдай бір әйелден екінші әйелге дамылсыз сүйрей беретін тынымсыз махаббат іздеген тынышсыз кезіміз де емес қой. Ол кезде біз, өзімізді мейлінше жек көретін адуын әйелге кездесіп, маңдайымыз тасқа тигендей болғанда ғана тоқтап, байсалды бола бастадык, анық шексіз, терең жан құмарлығы содан кейін басталды, ол құмарлықты математика жолымен нүктеден кеңістікке құлаған сызық деуге болады. Бұл шексіздіктің түйіні тек қана мақсатқа, істер істің аяғына жете алмауда жатыр.
Ендеше мен не себепті әуре боламын? Әлде Грушницкийді күндегендіктен бе? Ол сорлының ешбір жазығы жоқ қой. Әлде бұл, жақын адамның адасса да жанымен сүйетін ләззаты өзіңнің оңбағандық ниетіңе — ұсақ рақатыңа құрбан етудің салдары болар ма екен? Сөйтіп, ол жаны күйіп саған келіп: мұның қай мінезіне сенейін деп сұрағанда оған:
— Достым менің, мұндай хал бір кезде менің басымнан да өткен! Солай бола тұрса да түскі тамақ пен кешкі асымды ішіп алып менің алаңсыз ұйықтайтынымды өзің көріп отырсың ғой, ендеше, айғай- шусыз, көз жасын төкпей-ақ өлеріме де сенемін, — деп айту үшін бе?
Жаңа ғана гүлдей бастаған жас жанда, адам айтқысыз қызық пен ләззат бар емес пе! Ол бейне гүл тәрізді, оның ең тамаша хош иісі күн көзінің алғашқы сәулесі түскендей-ақ аңқиды ғой; ендеше оны мезгілінде жұлып ал да, мейірің қанғанша иіске, сөйтіп жолға тастай бер: мүмкін әлдекім көтеріп алар. Мен біреудің қайғысы мен шаттығына тек өз тілегім арқылы, өз жүрегімнің қуатын өсіретін азық ретінде қараймын. Құмарпаздық әуеніне беріліп, аласұруға бұдан әрі менің шамам жоқ; менің бақ құмарлығымды өмірдегі қатал жағдайлар басып тастаған; бірақ ол басқаша түрде қайта шыққан тәрізді — баққұмарлық дегеніміздің өзі үстемдік етуге жанталасу ғой, олай болса менің бірінші ермегім маңындағылардың бәрін өз еркіме бағындыру; өзің туралы сүйіспендікпен құрмет және қорқу сезімдерін тудыру үстемдіктің ұлы сайраны, алғашқы белгісі емей немене? Сенің оған ешбір қақың болмаса да әлдекімнің қайғысы мен қуанышының себебі болуың да сол баяғы менмендіктің тәтті қорегінің салдары емес пе? Ал, бақыт дегеніміз немене? Шексіз үстемдік. Егер, мен өзімді дүниедегілердің бәрінен артық және күштірек санайтын болсам, мен бақытты болған болар едім; егер мені жұрттың бәрі сүйетін болса сарқылмас сүйіспендік бұлағы менен де табылар еді. Зұлымдық зұлымдықты ғана тудырады; алғашқы қасіретіңнен біреуді азаптау нәрінің дәмін ұғынасың; өмірде қолданып көрмейінше зұлымдық идеясы адамның басына орнамаған болар еді; идеяларды тіршілік тудырады депті біреу. Оларға туыстарына қарай түр, сипат пайда болады, түр, сипат дегеніміз — қимыл, іс; кімнің басында идея көп болса, сол басқалардан көп қимылдап, көп істемек; сондықтан шенеуніктер үстеліне шегеленген данышпан я өледі, я жынданады, дәл сол сияқты зор, палуан, денелі адам үнемі тыныш қана отырып қызмет істейтін өмірде болса апоплексикалық соққыдан қаза табады.
Ынтықтық — құмарлық деген өзінің алғашқы басталуында идеядан бөтен еш нәрсе де емес; ол жас жүректің меншігі, кімде-кім бар өмірінде ынтықтық зарына бой ұрып өтемін десе, сол адам есалаң: толып жатқан жай, тыныш ағатын өзендер шуылдаған құлама тасқыннан басталады, әйтсе де дәл теңізге барып құйылғанша солардың бірде-бірі көбіктеніп, тулап, зырлай ақпайды. Бірақ осы бір тыныш қалыптың өзі жасырын болғанымен, көбінесе ұлы күштің белгісі; сезім мен ақылдың толықтығы мен тереңдігі, аласұрған қызулыққа жол бермек емес: бұл кезде жан жүрегің азап және ләззат үстінде өзіне қатал есеп беріп, солай болуы тиіс екеніне сенеді; нажағай мен жауынсыз, үнемі ыстық күн көзі қуратып жіберетінін де біледі; жүрек өз әміріне жете түсініп, өзін сүйікті нәрестесіндей әрі аялап, әрі жазалайды. Адам тек санасының осы жоғарғы сатысына жеткенде ғана құдайдың әділдігін бағалай білмек қой.
Бұл бетті оқып шығып мен мәселемнен тым алыстап кеткенімді байқап отырмын... оның несі бар?.. Бұл журналды мен өзім үшін жазып отырған жоқпын ба, сондықтан, мұнда не қалдырсам да, күндердің күнінде өзім үшін баға жетпес ескерткіш болмақ.
Грушницкий келіп менің мойныма жармасты, ол офицерлік шенін алған екен. Біз шампан іштік. Біздің артымыздан доктор Вернер кірді.
— Мен сізді құттықтамаймын, — деді ол Грушницкийге.
— Не себепті?
— Себебі сол, солдат шинелі сізге сондай жарасымды, ал, шынын айтқанда бұл жерде тігілген жаяу әскердің мундирі сізге қызғылықты еш нәрсе қоса алмас және сіз осы күнге дейін ерекше бір жайда көрінуші едіңіз, енді көптің ішінде кететін боласыз.
— Айта беріңіз, айта беріңіз, доктор! Сіз менің қуанышыма бөгет бола алмайсыз. Ол білмейді ғой, — деді Грушницкий менің құлағыма, — эполеттің маған қаншалық үміт келтіргенін... Уа, эполеттер, эполеттер! Қайран сенің жұлдыздарың, жол көрсетер жұлдыздар ғой... Жоқ! Мен енді мүлде бақыттымын.
— Сен бізбен бірге үңгірге барасың ба? — дедім мен оған.
— Мен бе? Мундирім дайын болғанша княжнаға не қылса да көрінбеймін.
— Сіздің қуанышыңыз туралы оған хабарлауға бұйырмайсыз ба?..
— Жоқ, тілеуіңізді берсін, айта көрмеңіз... Мен оны қайран қалдырғым келеді...
— Бірақ, маған айтыңызшы, сіздің онымен жайыңыз қалай?
Ол қысылды да, ойлана қалды: оның өтірік айтып мақтанғысы келіп еді, оған арланды, сонымен бірге шындықты мойындау оған ұят болды.
— Қалай ойлайсың, қыз сені сүйе ме?
— Сүйе ме?.. Садағаң кетейін, Печорин, сенің түсінігің қалай өзі!.. Қалайша теп-тез?.. Тіпті, ол сүйе қалғанда да, инабатты әйел олай деп айта қоймайды ғой...
— Жақсы! Сеніңше, инабатты адамның да өзінің ынтықтығы жөнінде үндемеуі керек шығар?
— Эх, туысқаным! Әр істің реті бар емес пе, көп нәрселер айтылмайды, іштей ұғылады ғой...
— Ол дұрыс... Бірақ, біз көз арқылы ұғынатын сүйіспендік әйелді еш нәрсеге міндеттемейді, ал сөз... сақтан, Грушницкий, ол сені отырғызып кетер...
— Қыз ба?.. — деп жауап берді ол, сонсын аспанға қарап мардамси күлімсіреп алды да, — Печорин, сені мен аяймын!... — деді.
Ол кетіп қалды.
Кешке жақын көп адам жаяу үңгір басына кеттік.
Бұл жердің жергілікті оқымыстыларының пікірлері бойынша осы үңгір сөнген жанар таудың орны болса керек; үңгір қаладан бір шақырым жерде, Машук тауының етегінде. Бұған бұталар мен шыңдарды басып шығатын жіңішке сүрлеу алып барады; тауға көтеріле бергенде мен княжнаға қолымды ұсындым, қыз серуен аяқталғанша менің қолымнан айырылмады.
Біздің әңгімеміз кекесіннен басталды: мен, біздің таныстардың қасымызда барын да, жоғын да қолға алдым, әуелгі олардың күлкі жақтарын айтып, сонан әрі жамандық жақтарын қазбалай бастадым. Тілімнің уы төгіліп кетті, басын қалжыңмен бастап, аяғын уытты зілмен бітірдім. Бұл жайт қызға шу дегенде қызық көрінсе де, артынан оны шошындырайын деді.
— Сіз қауіпті адамсыз! — деді ол маған: — сіздің тіліңізге душар болғаннан гөрі мен ағаш ішінде кісі өлтіретіндердің пышағына кез болуды тілер едім... ойын емес, шын тілегім: мен туралы жаман сөз айтқыңыз келген кезде қолыңызға пышақ алыңыз да мені бауыздай қойыңыз, — бұлай ету сізге аса қиын болмас.
— Тегінде мен кісі өлтірушіге ұқсаспын ба?..
— Сіз одан да жамансыз...
Мен бір сәт ойлана қалдым, содан кейіп қыз сөзі терең тербелдірген адамдай былай дедім:
— Солай, менің тағдырым бала күнімнен осылай болатын! Бәрі де менің қияпатымнан жамандықтың белгісін көреміз деуші еді, ол белгі менің жүзімде жоқ та болса солай болар деп ұйғарушы еді — ақырында солай болды. Мен инабатты едім; маған монтаны деп айып тағатын, ақырында мен тұйық болдым. Мен жақсылық пен зұлымдықты терең түсіндім; мені ешкім мәпелеген жоқ, қайта бәрі де сөгіп, балағаттады: мен кекшіл болдым; басқа балалар әрі көңілді, әрі сөзуар болғанда, — мені үнсіздік басты; өзімді олардан артықпын деп ойласам — мені жұрт төмен санады. Мен сондықтан күншіл болдым. Бүкіл әлемді құшақтап сүюге дайын едім; бірақ мені ешкім ұқпады: сондықтан мен жек көруді үйрендім. Менің қияпатсыз жастық шағым өзіммен және өзгемен күресте өтті; өзімнің жақсы сезімдерімді жұрттың мазағынан қорқып жүрегімнің терең түкпіріне көміп тастадым: олар сонда өлді, мен шындықты айттым, бірақ маған ешкім сенбеді, содан кейін мен де алдай бастадым; өмір — тұрмыс ғылымына өте жетік болып алдым. Сол арқылы жанталасып мен іздеп жүрген сол артықшылықтармен басқалардың тегін-ақ пайдаланып, өнерсіз-ақ бақытты болып жүргенін көрдім. Содан кейін менің кеудемде ыза күйініші туды, бұл күйініш тапанша аузымен емделетін күйініш емес, бауырмалдық пен қайырымды күлкінің көлеңкесіне жасырынған суық, әлсіз күйініш еді. Мен жан дүниесі жарымжан адам болдым: жанымның жарым-жартысы өмір сүруден қалып, кеуіп, семді, суалды, өлді, мен оны кесіп алып лақтырып жібердім, ал бөтен жартысы қимылдап, кімге де болса қызмет етуге даяр, өмір сүре берді, бірақ жанымның өлген жарымын білмегендіктен, тірі жағына да ешкім көңіл аударған жоқ; міне, сіз қазір ол туралы менің есімдегілерді ояттыңыз, сондықтан мен сізге оның қабірі басындағы жазылған сөздерін оқып тұрмын. Көп адамдарға жалпы қабір басындағы жазулар күлкі тәрізді, ал маған олай емес, әсіресе оның астына не көмілгенін есіме алғанымда, мүлде олай емес болып көрінеді. Асылында, сізден менің пікірімді қуаттауыңызды сұрап отырғаным жоқ; егер менің мінездерім сізге күлкі болып көрінсе, онда күле беріңіз: сізге ескерткенім: ондай күлкі мені титтей де өкіндіре алмайды.
Осы сәтте оның көзіне көзім түсіп кетті: қыздың көздерінен жас парлап, менің қолыма сүйенген қолы дір-дір етеді, оның екі беті жалындап тұр, қыз мені аяп кетті! Барлық әйелдерді оңай билейтін аяушылық сезімі оның тәжірибесіз жүрегіне өзінің тырнақтарын сұқты білем, ол серуеннің аяғына дейін мең-зең болған қалыпта, ешбір адаммен жарқылдап күлмей, сұлқ жүрді де қойды, бұл улы нышан!
Біз үңгірге келдік: әйелдер жігіттерінен бөлініп жекелене қалды. Бірақ қыз менің қолымнан айырылмады. Бұл арадағы кербездердің қу тілдері оны сергітіп күлдіре алмады; басқа бойжеткендер жардан үрейленіп көздерін басып жатса да, өзі қабағында тұрған жардың тереңдігі оның жүрегін сескендірмеді.
Кейін қайтқан жолда мен біздің қайғылы әңгімені қайталамадым: менің мағынасыз сұрақтарым мен қалжыңдарыма қыз қысқа және селсоқ жауап берді.
— Ешкімді сүйдіңіз бе? — деп сұрадым мен ақырында.
Қыз маған қадала қарады да, басын шайқады, сөйтіп, тағы ойға кетті: оның бірдеңе айтқысы келіп, бірақ неден бастарын білмей келе жатқаны ап-айқын еді; оның көкірегі аласұрғандай... не істеу керек! Көйлектің үлбіреген жұқа жеңінің қорғандығы шамалы ғой, менің қолым арқылы оның қолына электр ұшқыны жүгіргендей; ынтықтық зары әрқашан да осылай басталмақ, ал әйелдер бізді дене бітімінің, иә мінезіміздің артықшылығына қарай сүйеді деп біз көбіне қатты қателесеміз, әрине сондай артықшылықтар құмарлықтық қасиетті отын қабылдауға оларды дайындап, соған икемдейді, бірақ істі алғашқы жолығу шешеді.
— Расында да, мен бүгін өте бауырмал болған жоқпын ба? — деді қыз, еріксіз күлімсірегендей болып, сейілден қайтып келгенсін.
Біз айырылыстық.
Қыз өзіне риза емес; ол өзін маған салқын болдым деп кінәлайды... Бұл менің бірінші, басты жеңісім! Өйткені қыздың ертең қалай да менің көңілімді аулағысы келетіні анық. Мен мұның бәрін күні бұрын білемін, сол-ақ қиын екен!
12 маусым
Бүгін Вераны көрдім. Ол өзінің қызғаншақтығымен менің есімді кетірді, княжна Вераға сеніп жүрек сырларын ағытса керек: мойындайықшы, айтатын кісісін тапқан емес пе!
— Мұның бәрі неге соғатынын білемін, одан да оны сүйетініңді сен қазір-ақ айтсайшы! — деді маған Вера.
— Егер мен оны сүймейтін болсам ше?
— Онда оның тынышын кетіріп соңына түсудің, ойына қобалжу салудың керегі не?.. Иә, мен сені жақсы білемін! Сен бері қара, егер мені сенсін десең бір жұмадан кейін Кисловодскіге кел! Бүрсігүні біз сонда көшеміз. Княжна біраз мұнда болады. Пәтерді бізге жақыннан жалда; біз бұлақтың жанындағы үлкен үйдің жоғарғы қабатында боламыз, бізден төменгі қабатта княжна Лиговская тұрады, оның қасында сол қожайынның тағы бір үйі бар, ол әлі бос... Келесің бе?..
Мен уәде бердім, сол пәтерді жалдауға сол күні-ақ кісі жібердім.
Грушницкий маған кешкі сағат алтыда келіп, ертең балға киіп баруға мундирім дайын болады деп хабарлады.
— Енді мен княжнамен кештің аяғына дейін билеп, құмардан шыққанша сөйлесемін!.. — деді ол.
— Бал қашан болады?
— Ертең емес пе? Сен білмейтін бе едің? Үлкен мейрам, осы араның бастықтары ұйымдастырып жүр.
— Жүр, бульварға барайық...
— Мына жексұрын шинельмен қайдан бармақпын...
— Сен шинеліңді неғып жек көріп кеттің?..
Мен жалғыз кеттім, бульварда княжнаға кездесіп, оны мазуркаға шақырдым. Қыз әрі таңғалып, әрі қуанғандай болды.
— Сізді мен өткен жолғыдай үнемі тек бір себеппен ғана билейтін болар деп ойлап едім, — деді ол біртүрлі әдемі күлімсіреп...
Меніңше, қыз Грушницкийдің жоқтығына мүлде көңіл аудармайтын сияқты.
— Сіз ертең әрі қуанып, әрі таңғаласыз, — дедім мен оған.
— Не нәрсеге?
— Ол құпия... балда өзіңіз-ақ байқарсыз.
Мен кешімді княгиняларда аяқтадым; Вера мен бір қызық шалдан басқа қонақтары жоқ екен; Мен өте көңілді болдым, не түрлі ғажайып уақиғаларды ойдан шығарып соға бердім; княжнаның менің қарсы алдымда отырып, терең ықылас қойып, бар ынтасымен менің осы былшылдарымды құмарлана тыңдап отырғаны мені ұялтып тастады. Қыздың сергектігі мен назданғыштығы, тәкаппарлығы мен мысқылшыл әдеті, кекесін күлкісі, жұмбақ көзқарасы қайда кеткен?..
Вера мұның бәрін байқады, оның жүдеу тартқан өңіне терең қасірет белгісі пайда болды; ол терезенің көлеңкесінде, креслода отыр еді... мен оны аяп кеттім...
Содан кейін мен, әрине бөтен аттармен атап, Верамен екеуміздің арамыздағы таныстықтың драмалық тарихын, біздің сүйіспеншілігімізді айта бастадым.
Оны сүйетіндігімді, онсыз тыныштығымның жоқтығын, оны мақтан ететінімді келістіре суреттей келіп, мен Вераның мінездері мен қылықтарының аяулы жақтарын айттым, бұл үшін Вера менің княжнамен қалжыңдасқанымды еріксіз кешіруге тиіс болды.
Вера орнынан тұрып біздің қасымызға кеп отырды, көңілі көтерілейін депті... Біз, доктордың ұйқыға сағат он бірде жату керек деген әмірін түнгі сағат екі болғанда ғана есімізге түсіріппіз.
13 маусым
Бал басталуға жарты сағат қалғанда үстінде жарқыраған жаяу әскер мундирі бар Грушницкий келді. Үшінші түймесіне тағып тастаған жез шынжырына екі қабатты лорнет іліпті; адам айтқысыз үлкен эполетін амурдың қанатындай жоғары қайқайтып тастаған; етігі сықыр-сықыр етеді, сол қолына сары былғары перчатка мен фуражкасын ұстап, оң қолымен бұйра шашын минөт сайын сипай береді. Оның жүзінде мақтанышпен бірге біртүрлі жүрексінгендік белгі бар еді; егер менің оған істер ісіме қайшы келмегенде, оның мейрамдағыдай сәнді киінуі мен кербездене басуына қарап мен қарқылдап күлген болар едім.
Ол фуражкасы мен перчаткасын үстел үстіне тастай беріп, етегінің қырыстарын созып, айна алдында сылана бастады; оның бұғағына тіреліп тұрған, галстук астынан киген биік алқасына тығып қойған үлкен қара орамалының бір шеті жағасынан жарты вершоктей шығып тұрды; бұл оған, аз көрінді білем, ол оны құлағына таман шығарыңқырап жоғары көтеріп қойды; осы бір қиын еңбектен, яғни мундирінің жағасы тым тар болатын, оның бетіне қан құйылып қып-қызыл болды.
— Сені осы күндерде менің княжнамның қасынан шықпады деседі, — деді ол маған қарамай, біртүрлі салқындау түрде.
— Біз сияқты ақымақтарға сіз тұрғанда шай ішу қайда! — дедім мен, бір кездерде Пушкин жырлаған барып тұрған айлакер қулардың бірінің сүйікті мәтелін қайталап.
— Айтыңызшы, маған мундир келісе ме?.. Әп, оңбаған жид әй!.. Қолтығымды қысып тұрғанын қарашы!.. Сенің иіссуларың жоқ па?
— Ғапу етіңіз, саған тағы не керек? Сенен былай да раушан помадасының иісі аңқып тұр...
— Еш нәрсе етпейді, бері әкелші... Ол галстугының астына, жеңіне және қол орамалына жарты шыны иіссуды бір-ақ төңкерді.
— Сен билейсің бе? — деп сұрады менен.
— Ойымда жоқ.
— Маған княжнамен бірге мазурканы бастауға тура келе ме деп қорқам, ал мен бірде-бір фигурасын білмеймін ғой...
— Сен қызды мазуркаға шақырып па едің?
— Әлі шақырғам жоқ.
— Байқа, сенен бұрын біреу шақырып қойып жүрмесін...
— Солай ма еді? — деді өзін-өзі маңдайға қойып қалып. — Қош... қызды подъезд жанынан күтуге кеттім. — Ол фуражкасын алды да жүгіріп шығып кетті.
Жарты сағаттан кейін мен де жөнелдім. Көше бойы әрі қараңғы, әрі жан жоқ; жиналыс маңы — яғни трактир, қысқасы не деп айтсаң да мейлі, толған адам; терезесінен жарық көрінеді; кешкі жел маған полк музыкасының даусын жеткізеді. Мен ақырын жүріп келемін, мені қайғы басады... Менің жер үстіндегі жалғыз ғана міндетім біреулердің үмітін кесу болғаны ма? — деп бейне бір менсіз ешкім өле алмайтындай, иә азап шеге алмайтындай, мен өмір сүріп, әрекет ете бастағалы тағдыр мені біреулер драмасының шешуіне алып келеді де отырады! Мен бесінші акт үшін қажет адам боламын да тұрамын; сөйтіп лажсыз жексұрын жендет рөлін, иә елін сатушының рөлін атқарып келемін. Бұлай өткендей тағдырдың маған не жазғаны бар?.. Әлде мені тағдыр мещандар трагедиясымен үй іші жанжалының тудырушысы ете ме екен, болмаса "Библиотека для чтения"36 сияқтыларға повестер жинайтындарға қызметкер болсын деді ме екен?.. Кім біліпті?.. Өмірін бастағанда Ұлы Александр,37 я Лорд Байронша бітірермін деп бастап, ғасыр бойы титулярный советник дәрежесінде қалатын адамдар аз ба?..
Залға кірген соң, мен топталған еркектер арасына жасырынып тұрдым да жұртты бақылай бастадым, Грушницкий княжнаның қасында әлденелерді қыза сөйлеп тұр; қыз оның сөзін ықылассыз тыңдап, веерін ерніне апарып жан-жағына қарайды; оның жүзінде шыдамсыздықтың белгісі байқалды, ал көзімен ол жан-жағынан әлдекімді іздегендей: мен олардың сөздерін тыңдайын деп ақырын ғана сырт жақтарынан оларға жақындап келдім.
— Княжна, сіз мені азаптайсыз, мен көрмегелі сіз қатты өзгеріп кетіпсіз... — деді Грушницкий.
— Сіз де сондай өзгеріпсіз, — деп жауап берді қыз оған жалт қарап, қыздың бұл қарасында жасырын мысқыл тұрғанын Грушницкий айыра білмеді.
— Мен, мен өзгеріппін бе?.. Жоқ, еш уақытта да олай болмақ емес! Оның мүмкін емес екенін сіз білесіз ғой! Сізді бір мәртебе көрген адам сіздің тәңірідей бейнеңізді ғасырларға әкетпек...
— Қойыңызшы...
— Жақында ғана жиі-жиі ықыласпен тыңдаған сөзіңізді енді неліктен тыңдағыңыз келмейді?..
— Өйткені, мен қайталағанды сүймеймін, — деді қыз күліп...
— О, мен қатты адасқан екенмін!.. Мен есуас, мына эполеттер тым болмаса үміт етуіме ерік берер деп ойлап едім. Жоқ, одан да сол бір жексұрын солдат шинелімен ғасыр бойлары қалғанымның өзі-ақ жақсы болатын еді. Мүмкін сіздің маған деген ықыласыңыз үшін де мен сол шинельге борышты шығармын...
— Анығы да сол, сізге шинель өте дұрыс еді...
Осы кезде мен келіп княжнаға иіліп сәлем бердім; қыз азырақ қызарыңқырады да, тез сөйлеп кетті:
— Мсье Печорин, сұр шинельдің мсье Грушницкийге анағұрлым жарасатыны рас емес пе?..
— Мен сізді қостай алмаймын, мундир кигенде ол бұрынғысынан баларақ көрінеді, — деп жауап бердім мен.
Грушницкий бұл соққыға шыдай алмады: бала біткеннің бәрі тәрізді мұның да шал болғысы келетін; ол өз жүзіндегі терең ынтызарлық белгісі жасымның үлкендігін көрсетер деп ойлаушы еді. Бұдан кейін Грушницкий маған құтырған адамдай жалт қарап, аяғымен тебініп қалып, маңымыздан тайып тұрды.
— Мойындаңызшы, ол әрқашан да сондай күлкілі болғанымен, жақында ғана сізге сұр шинелімен... сүйкімді-ақ болып көрінген жоқ па еді, — дедім мен княжнаға.
Қыз түнере қарап, маған жауап қатпады.
Кеш бойына Грушницкий княжнаның қасынан кетпей қойды, біресе онымен, ал біресе visa-vis38 билеп жүрді, қызды көзімен жеп, уһлеп, әрі өкпесін айтып, әрі жалынып оның мазасын кетірді. Үшінші кадрильден кейін қыз оны мүлде жек көріп те болды.
— Мен сенен мұны күтпеген едім, — деді ол, маған келіп қолымнан ұстады да.
— Нені?
— Сен онымен мазуркаға билеймісің? — деді ол көтеріңкі дауыспен. — Қыз маған мойындады...
— Оның несі бар? Ол бір құпия ма екен?
— Әрине... мен мұны есі кірмеген жас қыздармен... шалдуар — сайқалдардан ғана күтуім керек еді... Одан өшімді алармын!
— Өзіңнің шинеліңе я болмаса эполетіңе өкпеле, қызды не үшін айыптайсың? Сен оған енді ұнамай қалсаң оның кінәсы не?
— Неге үміттендіреді?
— Сен не себепті үміттендің? Бір нәрсеге көңілің соғып, оны орындау деген өзіне басқа, ал үміттену деген не?
— Сен бәстен ұттың, бірақ бәрін емес, — деді ол ызалы күлкімен.
Мазурка басталды. Грушницкий биге тек қана княжнаны шақырады, басқа жігіттер де оны минөт сайын босатпайды; бұл ашықтан-ашық маған қарсы жүргізілген қастандық; соның өзі жақсы, қыздың менімен сөйлескісі келіп жүр, оған олар бөгет жасауда, сондықтан маған бұрынғысынан екі есе ынтығады.
Мен бір-екі мәртебе қыздың қолын қыстым; екінші мәртебе қысқанымда ол қолын жұлып алды, бірақ тіл қатқан жоқ.
— Мен бүгін түнде тыныш ұйқтай алмаймын, — деді мазурка біткен кезде ол маған.
— Оған Грушницкий кінәлы болар.
— Жоқ, олай емес! — Қыздың жүзі сондай ойлы, сондай мұңды көрінді, мен осы кеште тоқтаусыз оның қолынан сүйермін деп өзіме-өзім серт еттім.
Жұрт тарай бастады. Княжнаны каретасына отырғызып жатып мен тездікпін оның кішкентай қолын ерніме тақадым. Түн қараңғы еді, мұны ешкім көре қойған жоқ.
Мен өзіме-өзім өте риза болып, залға қайта оралдым.
Үлкен үстелде жастар кешкі ас ішіп отыр екен, олардың арасында Грушницкий де бар. Мен кірген кезде бәрі сөздерін тоқтата қойды: байқаймын мен туралы сөйлесіп отырған болулары керек. Бұлардың біразы, әсіресе драгун капитаны, өткен балдан бері қарай маған қырын қарап жүрген болатын, енді маған қарсы Грушницкийдің командасымен шайка құрыла бастаған тәрізді. Грушницкийдің түрінен де біртүрлі тәкаппарлық, өжеттік байқалады...
Өте қуаныштымын; бұл мінезім христиандығыма қайшы болғанымен мен жауларды сүйемін, олар қаныңды қайнатып, көңіліңді көтереді. Үнемі сақ тұру, әрбір көзқарасты, әр сөздің мағынасын аңду, істейін дегендерін болжап отыру, өзіне қарсы құрылған жауыздық тобының талқанын шығару, кейде әдейі алданып қалған болып, көп еңбекпен салынған айла мен сұмдықтың үлкен ордасын кенет, бірдемемен төңкеріп тастау, міне, өмір деп мен осыны айтамын.
Ac үстінде Грушницкий үнемі драгун капитанымен сыбырласып, ым қағысып отырды.
14 маусым
Бүгін таңертең Вера күйеуімен Кисловодскіге жүріп кетті. Мен княгиня Лиговскаяның үйіне бара жатып олардың каретасына кез болдым. Вера басын изеді: оның көзқарасында мені кінәлағандық нышаны бар.
Оған кім айыпты? Неге өзінің маған оңаша жолығысуына мүмкіндік бергісі келмейді? Махаббат деген от сияқты, — нәр алмаса сөнеді. Мейлі, менің өтінішім жетпегенді, бәрібір қызғаныштың өзі-ақ істетер.
Мен княгиняларда тұп-тура бір сағат отырдым. Мери науқас екен шықпады. Кешке бульварда да болған жоқ. Жаңадан құрылған шайка лорнетпен қаруланыпты, түстері бұзық көрінеді. Мен княжнаның науқас болғанына қуандым, әйтпегенде бұлар оған бір жамандық істегендей еді. Грушницкийдің шашы дудырап, түсі бұзылып кетіпті, ол расында да ызалы сияқты, әсіресе ар-намысы қорланған тәрізді; кейде намыстанғанының өзі-ақ қызық көрініп тұратын адамдар да бола береді ғой!..
Үйге қайтып келсем маған әлдене жетпейтін тәрізді, бәсе, қызды көре алмаған екенмін-ау! Ол ауру! Осы мен тегінде соған ғашық болып қалғаннан саумын ба?.. Неткен сандырақ!
15 маусым
Сағат таңертеңгі он бірде — княгиня Лиговскаяның Ермолов ваннасына түсіп, терлейтін сағаты, — мен сол үйдің қасымен өтіп бара жаттым. Княжна ойға батып терезе алдында отыр екен, мені көрді де орнынан ұшып тұрды.
Мен ауыз үйге кірсем, ешкім жоқ екен, осы жердің дәстүрінің кеңшілігін пайдаланып, мен сұраусыз қонақ үйге ендім.
Княжнаның сүйкімді жүзі көмескі, бозғыл тартыпты. Ол бір қолымен креслоның арқасына сүйеніп фортепьяно қасында тұр екен; сол сүйенген қолы азырақ қалтырағандай көрінеді, мен ақырын ғана қасына жақындап былай дедім:
— Сіз маған ашулысыз ба?..
Қыз маған терең, ауыр көз тастады да, басын шайқады: оның ернінде айтайын деген әлденендей сөз айтылмай қалған сияқты; көзінде іркілген жас, қыз креслоға отыра кетіп бетін қолымен жаба қойды.
— Сізге не болды? — дедім мен оның қолынан ұстап.
— Сіз мені сыйламайсыз!.. Аулақ жүріңізші!..
Мен бірнеше қадам бастым... Қыз басын көтеріп алды, көзі жайнап тұр...
Мен есіктің тұтқасынан ұстап тұрдым да былай дедім:
— Кешіріңіз мені, княжна! Мен есуастық істедім... Бұдан былай ондай жайт болмайды: мен өз тарапымнан барлық шарасын қолданамын... Менің жүрегімде осы күнге дейін не болып келгенін сізге білудің не керегі бар? Сіз оны ешқашан да біле алмайсыз, солай болғаны сізге тым жақсы. Қош болыңыз.
Кетіп бара жатып мен қыздың жылағанын естігендей болдым.
Кешке дейін Машуктың айналасын жаяу кезіп, әбден шаршап үйге қайттым да төсегіме құлай кеттім. Маған Вернер келді.
— Сіздің княжна Лиговскаяға үйленетініңіз рас па? — деп сұрады.
— Қалайша?
— Бар қала, менің барлық ауруларым осы бір маңызды жаңалықты айтысып жүр, аурулар дегеніңіз сондай халық, олардың білмейтіні болсайшы!
"Бұл Грушницкийдің қалжыңы ғой!" — деп ойладым мен.
— Доктор, сізге бұл лақаптың өтірік екенін дәлелдеу үшін жасырын жариялап қояйыншы, мен ертең Кисловодскіге көшемін...
— Княжна да бірге кететін болар..
— Жоқ, қыз енді бір жұмадай осында болады...
— Сонда, сіз үйленбейсіз бе?..
— Доктор, доктор! Маған қараңызшы: қалайша мен күйеуге, я күйеу болар адамға ұқсаспын?
— Мен олай демеймін... өзіңіз білесіз, себеп бар... — ондай жағдайларда адал ниетті адам үйленуге міндетті болады, ал, ондай жайларды байқамай қалатын аналар да бар ғой, — деп ол қулана жымиып қойды... — Сонымен, мен сізге сыйластық жөнімен ақыл беремін, сақ болыңыз. Бұл су басының ауасы өте қауіпті: бұл жерде келешегі мол нелер саңлақтардың үйленіп қайтқанын мен талай көргемін... нанасыз ба, тіпті мені де үйлендіре жаздаған! Бір уезд орталығынан келген қыздың шешесі, қызының жүзі боп-боз екен мен күйеуге шықса өңі қайта оралады деп едім, көзінен жасын төгіп маған алғыс айтты да қызының қолын ұсынды, бүкіл байлығы, — елу жан болса керек, соны берейін деп жабысқаны, мен оған әйел алуға ретім келмейді... — деп жауап бердім.
Вернер мені толық сақтандырдым деп кайтып кетті.
Оның сөзінен княжна және мен туралы қала ішіне жаман лақап таралғанын байқадым: Грушницкий мұның сазайын тартпай қоймас!
18 маусым
Менің Кисловодскіге келгеніме үш күн болды. Вераны құдық басында және сейілде күнде көремін. Таңертең, ұйқыдан оянысымен терезе түбіне отырамын да лорнетімді оның балконына қаратамын; Вера әлдеқашан киініп, менің ишарамды күтіп отырады; біз, біздің үйден құдыққа созылатын бақшада, ойда жоқта кездескен адамдарша жолығамыз. Жанға шипа тау ауасы оның жүзіне шырайын енгізіп, бойына қуат берді. Нарзанды батырлар бұлағы деп текке айтпаған-ау. Бұл жердің тұрғын адамдары Кисловодскінің ауасы махаббат ауасы деседі. Машук тауының етегінде бір кездерде басталған барлық сүйіспендік романдарының шешілуі осында болады дейді. Расында да, мұнда бәрі оңаша, бәрі тыныш, көбіктері бұрқырап, шулай аққан тасқын, тастан тасқа секіріп көкпеңбек таулар мен шатқалдар арасын бұзып-жарып өзіне жол салады, осы бір тасқын суды жағалай, төне біткен қаз-қатар қою талдар аллеясы қап-қараңғы, тып-тынық, анық сансыз жапырақтары дәл осы арадан жан-жаққа бытырап қаптай өскен, аппақ акация мен оңтүстіктің қалың шөптерінің буы басқан ауа мөп-мөлдір, тап-таза, үнемі бір әуезбен сылдырай аққан салқын бұлақтардың ұйқыңды келтіргендей тәтті үні аңғардың етегінде бір-бірімен кездесіп, қатар жарыса ағып отырады да, ақырында Подкумакке қарай зырлай жөнеледі. Шатқалдың бер жағы жалпақ көк алқапқа айналады, сол алқаппен иірілген, тозаңды жол шығады. Маған сол жол үстіне қараған сайын бір карета келе жатқандай болады, оның терезесінен қызыл шырайлы әйел жүзі көзіме елестейді. Бұл жолмен талай кареталар өтті, бірақ мен күткен сол карета әлі жоқ. Қорғанның ар жағындағы слойодкеде халық көбейіп кеткен екен; менің пәтерімнен бірнеше қадам жерде, жота үстіне салынған мейрамханада кешке, екі қатар талдар арасынан шам жарығы жылт етісімен дабырлаған дауыстар, стақандар шылдыры түн ортасы ауғанша бір тоқтамайды.
Кахетинск шарабы мен минералды суды дәл осындағыдай көп ішетін жер болсайшы.
Бірақ осы екі түрлі кәсіпті араластыруға құштарлар саны тым өсті.
Ал мен өзім ондайлардан емеспін39.
Грушницкий өзінің шайқасымен күнде трактирде кеу-кеулесіп отырады, ал менімен амандаспайды.
Ол мұнда кеше ғана келсе де, өзінен бұрын ваннаға отырамын деген үш бірдей шалмен ұрсысып та үлгіріпті, оны содырлы тентек еткен бақытсыздық қой.
22 маусым
Ақыры олар да келді. Олардың кареталарының дыбысын естігенімде мен терезе түбінде отыр едім: жүрегім қалтырап кетті... бұл қалай? Шынымен-ақ ғашық болғаным ба?.. Өзім солай нашар жаратылғанмын, менен оны күтуге болады.
Мен түскі асты оларда іштім. Княгиня маған мейірбандық көзбен қарайды, бірақ қызының қасынан шықпайды... бұл жақсы емес! Оның есесіне Вера мені княжнадан қызғанады: бұл рақатты іздеп тапқан өзім ғой! Күндесін ызаландыру үшін әйелдің істемейтіні бар ма? Біреуді менің сүйгенім үшін бір әйелдің мені сүйгені есімде... Өмір қағидасына әйел ақылынан қайшы не бар: өздерін-өздері сендіру, халіңе жеткізбей тұрып, әйелдерді бір нәрсеге сендіре қою қиын; олардың өз сенімдерін жою үшін келтіретін дәлелдері бір түрлі; олардың диалектикасын үйрену үшін мектептен алған логика жобаларын мүлде ұмытуың керек. Мысалы әдеттегі қағида бойынша: мынау адам мені сүйеді, бірақ мен күйеуге шыққан адаммын, сондықтан менің оны сүймеуім керек. Әйелдер қағидасы бойынша: мен оны сүюге тиісті емеспін, өйткені менің күйеуім бар; бірақ ол мені сүйеді -сондықтан...
Бұл жерде бірнеше нүктелер бар, өйткені бұдан кейін ақыл былай қалады да, көбінесе тіл мен көз, егер бар болса олармен жалғаса жүрек сөйлейді.
Егер бір кездерде осы жазып отырғандарым бір әйелдің көзіне түссе не дер еді? — Өсек! — деп айғай салар еді ол ызаланып.
Ақындар жазып, оны әйелдер оқи бастаған мезгілден бері қарай (ол үшін оларға көп-көп алғыс), олардың әйелдерді періште деп айтуларының көптігі сонша, тіпті өздерінің ақкөңілділігімен әйелдер сол мақтауға шынымен-ақ нанып қалған көрінеді, ақындардың ақша үшін Неронды да жарты құдай деп асыра мадақтағандары сірә, естерінен шығып кеткен-ау...
Менің, өмірде олардан басқа еш нәрсені сүймеген, тыныштығым мен мансабымды, бар өмірімді солар үшін құрбан етуге әрқашан дайын менің, олар туралы осындай ызалы сөздер айтуымның реті жоқ та болар... Бірақ мен бойымды ашу кернеп, намысым қорланғандықтан ыза мен күйініш үстінде, тек ар жағын үйреншікті көз ғана көре алатын әйелдердің сиқырлы жамылғышын жұлып тастағым келіп отырған жоқ қой. Жоқ, олар туралы менің айтып отырғандарымның бәрі: — Ақылды салқын баққанын Жүректің зарлы болжауы40 соның ғана нәтижесі.
Еркек атаулының бәрі өздерін мен секілді жақсы білуіне әйелдердің тілектес болулары керек қой, өйткені олардың кейбір ұсақ күйректіктеріне машықтанып олармен батыл сөйлесе бастағаннан бері мен әйелдерді бұрынғыдан жүз есе артық сүйетін болдым.
Айтпақшы: Вернер жақын арада әйелдерді сиқырлы орманға теңеді, ол жөнінде Тасс өзінің "Азат болған Исрусалимінде" айта келіп: — "тек қана аяғыңды қадам бассаң болғаны, құдай сақтасын, сені жан-жағыңнан адам айтқысыз қорқыныштар қаптайды, адамшылық пен намыс, ар мен ұят, күлкі мен қарғыс... Міне, осылардың бәрі көз алдыңа андыздап бірден келе қалады, көзіңді жұмып алып сенің тура жүре беруің керек; сол кезде қаптаған жалмауыздар біртіндеп жоғала бастайды да, алдыңнан жап-жарық, тып-тыныш, ортасында көгеріп мирт өсіп тұрған алаң жарқ ете қалады. Ал, егер бірінші қадам басқанда-ақ жүрегің дір етіп кейін жалт берсең, пәлеге қалғаның!" — дейді ол.
24 маусым
Бүгінгі кеш уақиғаларға бай кеш болды. Кисловодскідсн үш шақырым жерде, Подкумок өзені ағатын аңғарда, Кольцо деп аталатын жартас бар; бұл табиғаттың өзі жасаған қақпа; ол биік обаның үстінде, сондықтан батып бара жатқан күн оған иегін артып дүниеге өзінің ең соңғы жалынды көзін салғандай болады. Толып жатқан салт аттылар тобы тас терезелерінен батқан күнге қараймыз деп солай қарай тарттық. Шынын айтқанда олардың бірде-бірі күн көзі туралы ойлаған жоқ еді. Мен княжнаның қасында келе жаттым; үйге қайтар жолда Подкумок өзенін кешіп өту керек еді. Тайыз болғанымен тау өзендерінің қауіптілігі сонда, олардың түбі бейне калейдоскоп41 сияқты: су толқынының күшімен ол күн сайын өзгеріп тұрады: кеше тас жатқан жер, бүгін шұңқыр болады. Мен княжнаның атын тізгінінен алдым да суға түсірдім, су аттардың толарсағынан аспайды екен; біз ақырын ағысқа қарсы қиялай жүріп отырдық. Қатты ағысты өзендерден өткенде төмен қарамау керек екені белгілі ғой, өйткені басың айналады. Мен мұны княжна Мериге алдын ала ескертуді ұмытып кетіппін.
Біз өзеннің ортасына, нағыз ағыстың қатты тұсына келгенде қыз ер үстінде теңселіп кетті. "Маған жайсыз!" деді қыз әлсіз дауыспен... Мен тез қызға қарай еңкейіп, оның нәп-нәзік белінен құшақтай алдым.
— Жоғары қараңыз! Ештеңе етпейді, тек қана қорықпаңыз, мен қасыңыздамын ғой, — дедім сыбырлап.
Қыз тәуір болды; оның менің құшағымнан босағысы келіп еді, мен оның әрі нәзік, әрі майда мықынын бұрынғыдан да қатты қыса түстім: менің бетім оның бетіне таяп кетіп еді, қыздың беті күйіп тұр екен.
— Сіз не істеп келесіз?.. Құдай-ай!..
Мен қыздың жалынғанына да, қысылғанына да көңіл аударғаным жоқ, ернім оның уылжыған жұмсақ бетіне тиіп те қалды, қыз селк ете түсті, бірақ ештеңе деген жоқ; біз артта келе жатқанбыз, сондықтан бұл жайды ешкім де көрген жоқ. Біз жағаға шығысымен бәрі жорта жөнелді. Княжна өз атын тежей қойды, мен де оның қасында қала бердім; мен қасақана үндемеуге серт еттім, ал менің үнсіздігім оның мазасын кетірген тәрізді. Осы бір қиын жағдайдан оның қалай шығып кетерін көргім келеді.
— Иә, сіз мені аса жек көресіз де, иә өте жақсы көресіз! — деді қыз ақырында жыламсырап. — Мүмкін сіздің мені күлкі еткіңіз келетін шығар, мені әуре қылып, сонсын тастап кетейін дейтін боларсыз... Сіздің олай ойлауыңыздың өзі барып тұрған оңбағандық және арсыздық болар еді... Жоқ, олай емес! Рас емес пе? — деді қыз еркелеген нәзік дауыспен: — Рас емес пе, сый-құрметімді жоярлықтай менде ештеңе жоқ қой? Сіздің озбырлығыңыз... менің кешіруім, я менің оны сізге кешіруім керек, өйткені өзім... Жауап беріңізші, сөйлеңізші, сіздің дауысыңызды естігім келеді менің!.. — Соңғы сөздерінде, сондай әйел сабырсыздығы бар еді, мен еріксіз жымиып күлдім, менің бағыма қараңғы түсе бастады.... мен жауап бергенім жоқ.
— Сіз үндемейсіз ғой? Мүмкін мен сізді сүйемін деген сөзді алдымен мен айтсын дейтін шығарсыз.
Мен үндемедім...
— Солай етуді тілейсіз бе? — деді қыз маған жалт қарап... оның даусы мен көзқарасы біртүрлі қорқынышты еді...
— Не үшін? — деп жауап бердім мен иығымды көтеріп.
Қыз атын қамшымен тартып жіберіп, қауіпті жіңішке жолмен шауып ала жөнелді; оның бұл қимылының тез болғаны сонша, қыз алдағы топқа барып қосылғанда ғана мен оны әрең дегенде қуып жеттім. Үйге жеткенше қыз минөт сайын сөйлеп, күліп келе жатты. Қыздың қимылында әлдеқандай қызулық бар секілді; маған бірде-бір қарамады. Оның бұл ғажап жарқындығына жұрттың бәрі көңіл аударғандай. Княгиня да қызына қарап ішінен қуанып қалды, ал қызды тек нерв қызулығы көтеріп келе жатыр еді: ол түнді ұйқысыз, жылаумен өткізеді. Бұ ой мені ұшан-теңіз рақатқа батырғандай, менің Вампирге42 риза болатын минөттерім да болады... Осыдан кейін мені де қайырымды жас деп атайды-ау, сол атаққа өзім де талпынамын-ау!
Аттарынан түсіп, әйелдер княгиняларға кірді; менің де тынышым кетулі еді, сондықтан басымды қаптаған ойларды сергітейін деп тауға қарай жорта жөнелдім. Шық жамылған кеш әрі салқын, әрі әдемі. Қарауытқан тау жоталарынан ай көтеріліп келеді. Менің тағасыз атымның басқан әр қадамы үнсіз шатқалдардан ақырын ғана естіледі. Мен сарқырама Судан атымды суардым, содан кейін оңтүстіктің түнгі таза ауасын бір-екі рет құшырлана жұттым да, кейін қайттым. Слабодка арқылы жүріп келем. Терезелерде оттар сөне бастапты; қорған бекіністеріндегі сақшылар мен пикет маңындағы казак-орыстар дауыстарын созып айғай салысады...
Жардың қабағына төндіре салынған Слабодканың бір үйінде мен ерекше отты байқадым; әскери адамдардың бас қосқан ішкілік салтанатын аңғартқандай ол жақтан оқта-текте қатты сөйлеген сөздер мен шуласқан дауыстар естіледі. Мен аттан түсіп, білдіртпей терезеге жақындадым; шала жабылған терезенің қақпағы үй ішінде ішіп отырғандарды көріп, олардың сөздерін естуіме маған мүмкіндік берді. Сөздері мен туралы екен...
Шарапқа қызып алған драгун капитаны, үстелді жұдырығымен бір қойып, жұрттың тынышталуын талап етті, сөйтіп:
— Мырзалар! — деді ол, — бұл жан естімеген нәрсе екен. Печоринды үйретіп қою керек! Бұл Петербургтен келгендер тұмсыққа ұрып қоймасаң мардамсып кетеді! Ол әрқашан да таза перчатка мен жалтыраған етік кигеніне мәз болып, дүниені менен басқа ешкім көрген жоқ деп ойлайды ғой.
— Тәкаппар, мысқыл күлкісін көрмейсіңдер ме! А, сонымен бірге оның қоян жүрек, қорқақ екені сөзсіз, иә, ол су жүрек!
— Мен де солай деп ойлаймын, — деді Грушницкий. — Ол бәрін қалжыңға айналдыруды сүйеді, мен бір ретте оған сондай ауыр сөздер айттым, онан басқа кісі болса мені сол жерде турап өлтірген болар еді, ал ол күлкіге айналдырды да қойды. Әрине, сонсын мен де оны жанжалға шақыра қоймадым, өйткені намыс оныкі еді және онымен байланысқым да келмеді...
— Княжнаны өзіне қаратып әкеткендіктен Грушницкий оған ызалы, — деді біреуі.
— Пәле, тапқан екенсіздер тағы! Мен расында да княжнамен азырақ әуре болдым да, қойып кеттім, өйткені менің үйленгім келмейді, қыздың арын төгу менің әдетімде жоқ.
— Рас, ол барып тұрған қорқақ, Грушницкий емес, Печоринді айтамын, ал Грушницкий ер жігіт, сонымен бірге менің шын досым! — деді тағы да драгун капитаны. — Мырзалар! Мұнда оны қорғайтын ешкім жоқ па? Ешкім де? Онда тіпті жақсы! Оның ерлігін сынағыларың келе ме? Ол сендерге қызық болады...
— Келеді, бірақ қалай?
— Ендеше тыңдаңдар! Грушницкий өзгемізден гөрі оған ызалырақ қой, сондықтан жол мұныкі! Грушницкий Печориннің бір ағаттығына байланыссын да оны дуэльге шақырсын... тоқтай тұрыңдар, гәп осында жатыр... бұл оны дуэльге шақырады, жақсы ма, дуэльге шақыру, дайындалу, оған ұсынылатын шарт, бәрі де мүмкіндігіне қарай салмақты және қорқынышты болуы керек, бұл жағын мен орындаймын, мен сенің секундантың боламын, аянышты достым! Жақсы ма! Ал оған тұзақ салатын жеріміз мында жатыр: тапаншаларға біз оқ салмаймыз. Печоринның қорыққанынан тайсақтап шығарына мен-ақ жауап берейін. Бұларды бір-бірінен алты қадам жерге бір қойып берейін! Ризасыңдар ма осыған, мырзалар?
— Тіпті, әдемі ойлап табылған, ризамыз! Неге риза болмайық? — деп жан-жақтан жамырасып кетті.
— Ал, Грушницкий, сен ше?
Мен сабырсыздықпен Грушницкийдың жауабын күттім; егер осы бір себеп кез болмағанда, мына ақымақтардың күлкісіне айналатынымды ойлағанымда денемді ызалы ашу кернеп жүре берді. Грушницкий ризалығын бермесе мен оның мойнынан құшақтауға әзір секілдімін. Бірақ, ол біраз үндемей отырды да, сонсын орнынан тұрып капитанға қолын созып, өте маңызданыңқырап: "Жақсы, мен ризамын", — деді.
Оны отырғандардың масаттана көтермелеуін суреттеп жеткізу өте қиын.
Мен үйге екі түрлі сезімнің тербеуінде қайттым. Біріншісі уайым еді. Бұлардың бәрі бірдей мені не үшін жек көреді деп ойладым мен. Не үшін? Әлде біреуін жәбірледім бе? Жоқ. Мен қалайша тек қана ұсқынынан жұрт безетін адамдардың қатарына жатамын? Міне, енді мен аз-аздап жүрегімді улы ыза кернеп бара жатқанын сезіндім. Сақ бол, Грушницкий мырза, дедім мен бөлмемде әрлі-берлі жүріп: менімен бұлай қалжыңдаспайды. Сіз өзіңіздің дарақы жолдастарыңыздың қыздырғанына тым қымбат төлеп жүрмеңіз. Мен сізге ойыншық емеспін!
Мен түнімен ұйықтағаным жоқ. Таңертең померанец43 секілді сап-сары боп шыға келдім.
Ертемен княжнаны құдық басында кездестірдім.
— Сіз науқассыз ба? — деді қыз маған тесіле қарап.
— Түнде мен ұйықтаған жоқпын.
— Мен де солай... мен сізді жазғырып едім... мүмкін басқа шығар? Айта беріңіз, мен сізге бәрін де кешіремін...
— Бәрін емес шығар?..
— Бәрін де... тек, шынын айтыңыз... Бірақ тезірек... көрдің бе, мен сізді әрі түсінуге, әрі ақтауға тырысып сіз туралы көп ойландым; мүмкін сіз менің туыстарымның кедергі болуынан жасқанатын боларсыз... ол ештеңе емес: олар білген кезде... (қыздың даусы дірілдеп кетті) мен оларды көндіремін. Немесе сіздің өз жағдайыңыз... біліп қойыңыз, мен сүйгенім үшін бәрін де құрбан ете аламын... Аяңызшы, жауап қатыңызшы тез... Сіз мені жек көрмейсіз ғой, шын емес пе?
Қыз менің қолымнан ұстай алды.
Княгиня Вера күйеуімен алдымызда кетіп бара жатты, бірақ ештеңені көрген жоқ; оның есесіне барлық әуесқой өсекшілердің барып тұрған өсекшілері серуенде жүрген аурулардың бізді көруі мүмкін еді, сондықтан мен қолымды оның құшырлана қысқан қолынан шапшаң босатып ала қойдым.
— Мен сізге барлық шындықты айтайын, — деп жауап бердім мен княжнаға, — өзімді-өзім ақтап жатпай-ақ, не қылығымды жуып-шаймай-ақ турасын айтқанда мен сізді сүймеймін.
Оның еріндері аздап бозғыл тартты...
— Қалдырыңызшы мені, — деді қыз естілер-естілмес.
Мен иығымды қозғадым да, бұрылып алып кетіп отырдым.
25 маусым
Мен кейде өзімді-өзім жек көремін... Басқаларды жек көретінім де сондықтан болар ма екен?.. Мен мейірбандық сезіміне бой ұрудан қалдым; енді өзіме-өзім жексұрын көрінемін бе деп қорқамын. Менің орнымда басқа біреу болса княжнаға son coeur ct tortune44 ұсынған болар еді, ал маған үйлену деген сөз бір түрлі сиқырлы үкімін жүргізеді: әйелді қанша өлердей жақсы көріп тұрсам да, егер де ол маған үйленесің деген жайды сездірсе болды — мен махаббатпен қош айтысамын! Менің жүрегім табанда тасқа айналады, оны еш нәрсе қайта жылыта алмайды. Мен үйленуден басқа құрбандықтың бәріне дайынмын; өз тірлігімді қартаға жиырма рет қоюға, одан әрісі арымды да қартқа басуға дайынмын... бірақ бостандығымды сатпаймын. Осы бостандықты мен не үшін қымбат көремін? Онда маған не тұр?.. Мен өзімді қандай жайға әзірлеп жүрмін? Болашақтан мен не күтемін?.. Анығында ештеңе де күтпеймін ғой. Бұл бір әлдеқандай маған туа біткен қорқыныш, түсіндіріп болмыстық күдік қой... Өрмекшіден, тарақаннан, тышқаннан бостан бос қорқатын адамдар бар емес пе... шынымды айтайын ба?.. Менің бала кезімде шешем бір кемпірге мен туралы бал аштырған; менің ажалымды жауыз әйелімнен болады деп еді; бұл сөз сонда-ақ мені терең толғандырған; менің жүрегімде сол кезде-ақ үйленуге қарсы өшпестей жеркеніш пайда болған... қазір маған әлдекім сол кемпірдің айтқаны келеді дегендей болады да тұрады; қайтсем де сол болжаудың орындалуын кешіктіре тұруға күш саламын.
26 маусым
Кеше мұнда фокус көрсетуші Апфельбаум келді. Мейрамхананың есігіне үлкен афиша ілініпті, онда: жоғарыда аты аталған адамның керемет фокустар жасайтыны, әрі акробат, химик және оптик екені жазылған, бүгін сағат кешкі сегізден бастап инабаттылар жиналатын залда (былайша айтқанда мейрамхана залында) оның қызықты ойындарын көрсететіндігі кұрметті жұртшылыққа хабарландырылған, билет бағасы екі сом елу тиын делінген.
Жұрттың бәрі де сол бір керемет фокус көрсетушіні көруге бармақ; княгиня Литовская қызының аурулығына да қарамастан өзіне билет алыпты.
Бүгін түскі астан кейін мен Вераның терезесінің алдынан өтіп бара жаттым, ол балконда жалғыз отыр екен; менің аяғымның астына бір жазулы қағаз келіп түсе қалды:
"Бүгін кешке сағат онға айналғанда үлкен бақша жақтан маған кел, күйеуім Пятигорскіге жүріп кетті, одан ертең таңертең ғана оралады. Менің адамдарым мен горничныйларым үйде болмайды; мен олардың бәріне және княгиняның адамдарына билет таратып бердім. Мен сені күтемін, тоқтаусыз кел".
— Ә, бәсе, ақыры меніңше болды ғой, — деп ойладым мен.
Сағат сегізде мен фокусшыны көруге кеттім. Жұрт тоғызға жақын жиналып болды; ойын басталды. Орындықтардың кейінгі қатарынан мен Вера мен княгиняның малайларын, горничныйларын таныдым. Жұрттың бәрі тегіс осында, Грушницкий лорнет ұстап бірінші қатарда отыр. Ойын арасында қол орамал, сағат, сақина, тағы басқалар керек болып қалғанда фокусшы сонан алып тұрды.
Грушницкий көптен бері менімен амандаспайды, бүгін ол маған бір-екі рет өте бұзықтықпен қарады. Есептесер кезіміз келгенде мұның бәрін есіне түсірермін.
Тоғыздан аса бергенде мен орнымнан тұрдым да, шығып кеттім.
Дала көзге түртсе көрінгісіз қап-қараңғы екен. Маңайдағы таулардың төбесіне қалың, суық бұлттар шөгіпті, мейрамхананы жағалай өскен теректердің үстімен анда-санда өліп бара жатқандай жел өксиді; оның терезесінде топтанған халық тұр. Мен таудан түстім де қақпаға қарай бұрылып шапшаң жүріп кеттім. Кенет маған әлдекім артымнан жүріп келе жатқандай көрінді. Мен тоқтай қалып жан-жағыма көз жібердім. Қараңғыда еш нәрсені айырып болмайтын болды; мен сақтық етіп, үй маңында қыдырып жүрген адам тәрізді әрі өтіп кеттім. Княжнаның терезесінің қасынан өтіп бара жатып тағы да арт жағымнан аяқ тықырын естідім; шинельге оранған бір адам менің қасымнан жүгіріп өте шықты. Бұл мені шошытайын деді, әйтсе де мен ептеп басып есікке келдім де қараңғы басқышқа жүгіріп шығып кеттім. Есік ашылып, кішкене қол менің қолымды ұстай алды...
— Сені ешкім көрген жоқ па? — деді Вера сыбырлап, менің құшағыма тығыла түсіп.
— Ешкім де!
— Менің сені сүйетіндігіме енді сенесің бе? О, мен көп толқыдым да, көп қиналдым... бірақ сен маған не істетемін десең де қолыңнан келеді.
Оның жүрегі қатты соғады, қолдарының суықтығы мұз десе де болар. Өкпелеу, қызғану, жалыну дегендер басталды; опасыздығыма шыдайтындығын, өйткені өзі тек қана менің бақытты болуыма тілектес екенін айта келіп, Вера менен бәрін де мойындауымды талап етті. Мен бұған онша нана қойған жоқпын, дегенмен оны ант етіп, уәделер беріп, тағы сондайларды айтып тыныштандырдым.
— Сонымен, сен Мериге үйленбейсің ғой? Оны сүймейсің?.. Ә, оның ойын білесің бе, сорлы қыздың саған ғашық болғанынан есі кетіп жүр!..
Түнгі сағат екілер шамасында мен терезені аштым да, екі шәліні біріне-бірін байластырып, бағаннан тіреп жоғары балконнан төменгі балконға түстім. Княжналардың оты әлі жанып тұр. Мені әлдене сол терезеге қарай тартты. Терезенің пердесі тегіс жабылмаған екен, мен терезеден үй ішіне көз тастадым. Мери қолдарын тізесіне айқастыра салып, өзінің төсегінде отыр; оның қою шашы кружевамен айналдырған түнгі чепчикте45 көрінбейді; қыз кішкене аяқтарына парсының шұбар туфлиін киіпті, ал оның аппақ иықтарын үлкен, нарттай қызыл орамал жауып тұр. Қыз басын кеудесіне түсіріп жіберіп қимылсыз отыр; алдындағы кішкентай үстелде ашып тастаған кітап, бірақ оның ойы аулақта... Әлдеқандай қайғыға толы көздері бір бетті жүз қайтара қарап шыққан тәрізді.
Осы минөтте әлдекім бұта арасынан қозғалғандай болды. Мен балконнан жерге секіріп түстім. Әлдеқандай иір қол иығымнан ұстай алды. "Ә, бәлем, қолыма түстің бе!.. Енді княжналарға түнде жортарсың!.." — деді дөрекі дауыс.
— Оны мықтап ұста! — деді тағы біреуі бұрыштан шыға келіп.
Бұлар Грушницкий мен драгун капитаны еді.
Мен драгун капитанын жұдырықпен бастан қойып жіберіп ұшырып түсірдім де, бұталардың арасына сіңіп жоқ болдым. Біздің үйдің арасын жапқан бақшаның барлық сүрлеуі маған тегіс мәлім еді.
— Ұрылар! Қарауыл!.. — деп айқайлады олар. Атылған мылтық даусы шықты; бықсыған пыж менің аяғыма жақын кеп құлады.
Бір минөттен кейін мен өз бөлмеме кеп шешініп жатып қалдым. Менің малайымның есіктің құлпын салғаны сол-ақ еді, Грушницкий мен драгун капитаны есікті тарсылдата бастады.
— Печорин! Сіз ұйықтап жатырсыз ба? Сіз осындамысыз?.. — деп айғайлады капитан.
— Ұйықтап жатырмын, — деп жауап бердім ашуланып.
— Тұрыңыз! Ұрылар... Черкестер...
— Мен тұмаумын, суық тиер деп қорқамын, — деп жауап қаттым мен.
Олар кетті. Бекер-ақ жауап берген екем; олар мені тағы да бір сағаттай бақша ішінен іздейтін еді. Дабыл сол екі арада сұмдық болды, қорғаннан шауып казак-орыс келді. Бәрі аяғынан тұрды; бұта біткеннен черкестерді іздей бастады — әрине ештеңе таба алмады. Шамасы көп адамдар, егер гарнизон тез көтеріліп, бұдан гөрі қайрат көрсетіңкіреген болса, кемінде жиырма шақты жыртқыштар орнында қалған болар еді-ау деген ойда қалған шығар деймін.
27 маусым
Бүгін құдық басындағы әңгіме тек түндегі черкестер шабуылы жайында болды. Нарзанның өзіме тиісті стақанын ішіп болдым да, тал ағаштарының ұзын аллеясын он шақты рет аралап шықтым, сөйтіп жүріп Вераның күйеуін кездестірдім, ол Пятигорскіден жаңа ғана келген екен. Ол мені қолтықтап алды, екеуіміз ресторацияға тамақ ішуге кеттік; ол әйелі жөнінде өте тынышсызданып: "Вера бүгін түнде қатты қорқыпты! Бұл оқиғаның мен үйде жоқта болғанын көрмейсің бе?" — деді ол. Біз бұрыштағы бөлмеге апаратын есік қасына тамақтануға отырдық, ол бөлмеде он шақты жастар отыр екен, олардың арасында Грушницкий де бар. Маған оның әңгімесін жасырын тыңдауыма тағдыр екінші рет себеп болды, ақырында бұл әңгіме оның өмірінің шешуі болды. Ол мені көрген жоқ. Сондықтан мен оны қасақана айтып отыр деп ойламаймын, міне бұл жағдай менің көз алдымда оның күнәсын өсіре түседі.
— Расында да, олар черкестер болды ма екен? Оларды көрген ешкім бар ма? — деді әлдекім.
— Мен сіздерге барлық шындықты айтып берейін, бірақ мен айтты дей көрмеңіздер; бұл былай болды: кеше бір адам, атын сіздерге мен айтпаймын, маған келіп, сағат кешкі онға айналған кезде әлдекімнің княгиня Лиговскаялардың үйіне қарай жасырынып кетіп бара жатқанын көрдім деді. Сіздерге айта кетуім керек, ол кезде княжна үйде, княгиня осында болатын. Міне, сонан кейін біз екеуміз әлгі бақыттыны аңду үшін княжнаның терезесінің түбіне қарай жөнелдік.
Расымды айтайыншы, қасымдағы серігімнің бар ынтасы тамақта болып жатқанына қарамастан менің зәрем ұшып кетті: егер Грушницкий анығын біліп айтса, бұл өзіне аса жайсыз нәрсені естуі мүмкін еді. Бірақ қызғанышқа берілген ол Верадан сезіктенген жоқ.
— Міне, көрдіңіздер ме, біз солайша қолымызға құр дәрілеп оқтаған мылтық алдық та тартып отырдық, ойымыз оның бір зәресін алу. Сағат екіге дейін біз оны бақшада күттік. Ақырында ол көрінді, бірақ қайдан шыққаны белгісіз, терезеден түскен жоқ, өйткені терезе ашылмайды, шамасы бағаналардың артындағы шыны есіктен шыққан болар, — ақырында деймін мен, біреу балконнан түсіп келеді... Міне, княжна дегеніңіз қандай? Ә? Шіркін, Мәскеу бойжеткендері-ай! Бұдан кейін тағы неменеге сенуге болады? Біздің оны ұстай алғымыз келіп еді, бірақ ол сытылып шығып, қояндай бұлт етіп бұталар арасына сіңіп кетті; мен оны атып жібердім.
Грушницкийдің маңынан сенімсіздік күңкілдері шықты.
— Сіздер сенбейсіздер ме? Осының бәрі ақиқат екенін адал сезіммен, адамшылық арыммен сендіремін, дәлел үшін мен сіздерге сол мырзаның атын да айтып берейін — деді Грушницкий.
— Айтшы, айтшы, кім ол! — деген дауыстар жан-жақтан жамырап кетті.
— Печорин, — деп жауап берді Грушницкий.
Осы минөтте ол басын көтеріп алды, мен оған қарсы қарап есік алдында тұр едім; ол сұмдық қызарып кетті. Мен оған жақындап келдім де салмақпен жұртқа естірте:
— Барып тұрған жексұрын өсегіңізді растау үшін арым мен адал сөзімді беремін деп қарғанып қойғаныңыздан кейін кіргеніме өкініштімін. Егер мен бірге болғанымда сіз мұндай арамдықтан аулақ болған болар едіңіз.
Грушницкийдің ашуы келіп, орнынан ұшып тұрды.
— Сізден сұраймын, — дедім мен даусымды сол қалпында ұстап. — Сізден сұраймын, сөзіңізден қазірден бастап қайтыңыз; оның ойдан шығарылғанын өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Сіздің соншалық инабатты даңқыңызға бас ұрмаған әйел мұндай қарғысқа жолығуға тиіс деп мен ойламаймын. Жақсылап ойлаңызшы: сіз пікіріңізді жақтаймын деп инабатты адам деген атаққа ие болу құқығынан айырыласыз және өміріңізге қатер туғызасыз.
Грушницкий қатты қобалжуда, көзін төмен түсіріп жіберіп менің қарсы алдымда тұрды. Бірақ ар мен менмендіктің арасындағы тартыс ұзаққа созылмады. Қасында отырған драгун капитаны оны шынтағымен түртіп қалды; ол селк ете қалды да көзін жоғары көтерместен маған тез былай жауап берді:
— Қайырымды патшам, мен бір нәрсе айтсам ойланып айтамын, тілесеңіз, қайта айтуға дайынмын... Мен сіздің қаһарыңыздан қорықпаймын, бәріне әзірмін.
— Бәріне дайын екеніңізді көрсеттіңіз, — дедім мен оған салқын, сөйтіп драгун капитанын қолынан ұстадым да бөлмеден шығып кеттім.
— Сізге не керек? — деді капитан.
— Сіз Грушницкийдің сыбайласы көрінесіз, мүмкін оның секонданты да боларсыз?
Капитан бір түрлі маңғаздықпен басын изеді.
— Сіз тауып кеттіңіз, мен оның секонданты болуға міндеттімін, себебі оған көрсеткен жәбіріңізге мен де ортақпын; өйткені кеше кеште мен онымен бірге болғамын, — деді ол өзінің ербиген денесін жиыңқырап.
— Ә! Басыңыздан тақ еткізіп қойып қалып жүргенім сіз екенсіз ғой?
Ол біресе бозарып, біресе көгеріп кетті; жүзінен жасырын ыза белгісі көрінді.
— Бүгін сізге өз секондантымды жіберемін, — дедім мен, өте құрметпен басымды изеп, оны ашу қысып тұрғанын байқамаған адамша.
Ресторация табалдырығында Вераның күйеуіне кездестім, шамасы ол мені күтіп тұрса керек.
Ол өте қуанған адамның түрімен, менің қолымнан ұстай алды.
— Ер көңілді жас жігіт! — деді ол көзіне жас алып. — Мен бәрін де естідім. Неткен жауыз! Неткен қара ниет!.. Міне, осыдан кейін оларды абыройлы үйіңе кіргізіп көр! Қызымның болмағанына құдайға шүкір! Дегенмен сізді, өміріңізді кім үшін қауіпке байласаңыз сол ұмытпас. Менің мезгілсіз ешкімге айтпауыма сеніңіз, мен өзім де жас болғанмын, әскери қызметті де атқарғанмын, сондықтан бұл жұмысқа араласпау керек екенін білемін, қош болыңыз, — деді ол сөзін аяқтап.
Байғұс! Қызым жоқ деп қуанады-ау...
Мен тура Вернерге жөнелдім, ол үйінде екен, Вера мен княжнағa қарым-қатынасымнан бастап, байқаусыз естіп қалған сөздерімді, ол мырзалардың мені ақымақ еткісі келіп құр дәрілеген оқпен атыстырғысы келгендерін, бәрін қалдырмай айтып бердім. Енді мәселе қалжыңның шеңберінен шығып кетті, олар мүмкін істің аяғы бұлай боларын күтпеген шығар.
Доктор менің секондантым болуға ризаласты; мен оған жекпе- жектің шарттары жөнінде бірнеше кеңестер бердім; ол мүмкіндігінше істің құпия болу жағын қарастыратын болды, өйткені мен өлімге қашан да дайын болғаныммен мұндағы елдің алдында өз болашағымды мүлде кірлегім келмейді ғой.
Бұдан кейін мен үйге қайтып кеттім, бір сағаттан соң доктор өзінің экспедициясынан оралды.
— Сізге қарсы шынында ұйымдасқан қастандық бар, әкей, — деді ол. — Грушницкийдің үйінде драгун капитаны мен ата-тегін білмеймін тағы бір мырза отыр екен. Мен үйге кірместен бұрын калошымды шешейін деп алдыңғы бөлмеге бір минөттей бөгеліп қалдым. Оларда сұмдық шу, талас болып жатыр екен... "Мен бұған не қылсаңдар да көне алмаймын! Ол мені жұрт алдында сөкті, анау кезде бір жөн еді..." — деді Грушницкий.
"Сенің шаруаң қанша? Бәрін мен өз мойныма аламын. Мен бес дуэльде секундант болған адаммын, оны қалай реттейтінін білемін. Мен бәрін де ойлап қойдым. Тәңір жарылқасын, тек маған бөгет болмашы! Қорқытып алғанның зияны жоқ. Оңай құтылар жол тұрғанда өзіңді қауіпке байлаудың керегі не?.." — деді драгун капитаны. Осы кезде мен де келіп кірдім. Олар кенет сөздерін тоқтата қойды. Біздің келісіміміз тым ұзаққа созылды; ақырында біз істі міне былай шештік: осы арадан бес шақырым шамасында адам жүрмейтін жерде бір аңғар бар; олар ертең таңғы сағат төртте сонда барады, ал біз олардан жарты сағат кейін шығамыз; сендер алты қадам жерден атысасыңдар, мұны Грушинцкийдің өзі талап етті. Өлгендеріңнің жаласы черкестерге. Енді менің мынандай күдігім бар: олар, — яғни секонданттар өздерінің бұрынғы жобасын біраз өзгерткенге ұқсайды, сонымен бір-ақ тапаншаны — Грушинцкийдің тапаншасын ғана оқтамақ. Бұл аздап кісі өлтіруге ұқсас, соғыс уақытында, әсіресе Азия соғысында қулық істеуге бола береді; ал Грушницкий жолдастарынан гөрі адалырақтау ғой деймін.
Сіз қалай ойлайсыз? Біз сезіп қалғанымызды оларға аңғартуымыз керек пе, жоқ па?
— Ешқашан да, доктор! Сабыр етіңіз. Мен оларға оңай түсе қоймаспын.
— Сіз не істемексіз?
— Ол менің жасырын сырым.
— Байқаңыз, қапы қалып жүрмеңіз... алты-ақ қадам жер ғой!
— Доктор, мен сізді ертең сағат төртте күтемін; аттар дайын болады... қош болыңыз.
Мен өз бөлмемді жауып алып кешке дейін үйде отырдым, мені княгиняларға шақырып малайы келген екен, мен ауырып жатыр деп айтсын дедім.
Сағат түнгі екі...ұйқым келер емес... Ертең қолым қалтырамас үшін ұйықтап алғаным да жөн еді. Алты қадам жерден қапы соғу да қиын-ау! Грушницкий мырза сіздің айлаңыздың жөні келмес... Біз екеуміз орын ауыстыратын болармыз: сенің құп-қу болған жүзіңнен жасырынып тұрған қорқыныштың белгісін енді мен іздейтін болармын. Бұл қатерлі алты қадамды сен өзің неге тағайындадың? Сен мені оңайлықпен саған маңдайымды тоса қояр деп ойладың ба... біз жеребе ұстасамыз!.. Міне сонда... Сонда... егер оның бағына шықса қайтемін? Егер менің бақ жұлдызым маңдайымнан тайса?.. О да мүмкін-ау: ол талайдан бері маған адал қызмет істеп келе жатыр еді.
Несі бар? Өлетін болғансын, өлу керек! Дүние үшін мені жоғалту онша ауыр емес қой; менің өзіме де дүниенің қызығы таусылған тәрізді. Мен той-думан ішінде қалғып, ұйықтауға кету үшін каретасын күтіп отырған адам тәріздімін. Ал, карета дайын... қош тұрыңыздар!..
Өткендерімнің бәрін оймен шолып шығып, өзімнен еріксіз: Мен не үшін өмір сүрдім? Дүниеге не мақсатпен келдім?.. — деп сұрағандаймын. Анығында мақсатым бар еді, өмір мені ұлы іске дайындап еді, өйткені мен өз жүрегімде ұлан-асыр күш барлығын сезуші едім... Бірақ мен өз орнымды таба алмадым, құр ғана құмарлықтың, бұзық жолдың маған тастаған жеміне елігіп кете бардым; оның тегеуріні мені темірдей әрі қатты, әрі суық етті, ізгі тілегімнің жалыны мәңгі сөніп, өмірімнің ең жақсы көркі жоғалды. Содан бері мен тағдыр қолында балта міндетін неше мәртебе атқардым! Көбінесе ызалы ашусыз, үнемі аяусыз мен өлім құралы есебінде өлімге бұйырылған жандардың мойнын қиып түспедім бе... Менің махаббатым ешкімге бақыт әперген жоқ, өйткені мен сүйгенімнің жолына еш нәрсемді құрбан етіп көргенім жоқ: мен өзім үшін ғана, өз басымның ләззаты үшін ғана сүйдім; мен тек жүрегімнің тойымсыз тілегін қанағаттандыру үшін, басқалардың ыстық сезімін, тәтті еркелігін, қуаныш, қайғысын тоқтаусыз жұта бердім, бірақ ешқашан да тойғаным жоқ. Осылайша аштықтан сілесі қатып қалжырағанда адам ұйықтап кетеді де, түс көреді, түсінде оның алдында бай тағамдар мен быжылдаған шараптар тұрады; ол соларды рақаттанып ішіп, жейді, оған бір түрлі жеңіл болған сияқтанады, тек, оянып кетсе болғаны арманы ғайып болады да... онда бұрынғыдан екі есе өскен аштық пен өкініш қалады емес пе!
Мүмкін мен ертең өлермін!.. Жер үстінде менің сырымды бүтіндей ұғатын бір жан иесі қалмас. Менің өзімнің анығында қандай болғаныма қарамастан біреулер асыра жамандар да, біреулер асыра мақтар... Біреулер ол инабатты жас еді дер, біреулер жауыз еді дер. Мұның екеуі де шындықтан аулақ. Осыдан кейін өмір сүремін деп талпынуға бола ма? Дегенмен қызғылық үшін өмір сүресің: әлдеқандай жаңа бірдеңені күткендей боласың... Әрі күлкі, әрі өкініш!
* * *
Менің Н. қорғанына келгеніме, міне, бір жарым ай болды. Максим Максимыч аңға кетті... Мен жалғыз; терезе түбінде отырмын; сұр бұлт тауды етегіне дейін жауып кетті; тұман арасынан күн бір сары таңба тәрізді көрінеді. Суық; жел ысқырып терезенің қақпағын сықырлатады... ішім пысты!.. Толып жатқан уақиғалар килігіп үзіп кеткен өзімнің журналымды жаза бастайыншы.
Соңғы бетін оқып отырмын: күлкі! Менің өлгім келіпті, бірақ өлмеппін; өйткені қасірет кесесін түбіне дейін жұтып болғаным жоқ екен, енді мен әлі көп жасайтын сияқтымын.
Қалайша барлық бастап кешкендерім осы күнге дейін ашық-айқын менің ойымда қалған! Уақыт олардың бірде-бір түс ерекшелігін жоя алмапты!
Жекпе-жекке шығар алдындағы түнде, түнімен бір минут та ұйқтамағаным менің есімде. Көпке дейін жаза да алмадым. Бір жасырын мазасыздық мені билеп барады. Бөлме ішінде бір сағаттай әрлі-берлі жүрдім; сонан кейін отырдым да менің үстелімде жатқан Вальтер Скоттың46 "Шотландия Пуритандары" деген романын ашып, әуелі біраз күш салып оқи бастап едім, содан кейін оның сиқырлы қиялдарында беріліп, дүниені ұмытып кетіппін... Ақыры таң да атты. Менің жүйкем де тынышталды. Мен айнаға қарап тұрып қалыппын; ұйқысыздық азабының табы түскен бетімді көмескілеу бозалаңдық басыпты. Маңайын қоңырлау бір көлеңке қаптағанымен, көздерім өшпестей өткір тәкаппарлықпен жарқырап тұр. Мен сонан кейін өзіме-өзім разы болдым.
Аттарды ертте дедім де киініп суға түсуге жөнелдім. Салқын Нарзан суына бар денеммен батқан кезімде күш-қуатымның түгелімен жанына қайта оралғанын байқадым. Мен ваннадан балға баратын адамдай тың, сергек болып шықтым. Бұдан кейін жан сезімі тәнге байланысты емес деп кім айтар...
Қайтып келсем доктор келіп отыр екен. Оның бұтында сұр шалбар, үстінде архалук47, басында черкес бөркі.
Мен осы бір кішкентай адамның қауқиған үлкен черкес бөркін кигенін көріп қарқылдап тұрып күлдім: оның жүзі былай да жігерлі емес еді, ал бұл жолы бұрынғысынан мүлде сопайып кеткен екен
— Доктор, сіз неліктен қайғылысыз? — дедім мен оған. — Сіз талай адамды о дүниеге ұлы сабырлылықпен жүз қабат шығарып салған жоқсыз ба? Мені уланған адам деп ойлаңыз; мүмкін жазылармын, мүмкін өлермін; екеуі де табиғи іс. Маған ауруы асқынып кеткен, бірақ немен ауырғаны сізге әлі мәлім болмаған науқас есебінде қараңыз. Міне, сонда ғана сіздің құмарлығыңыз ең жоғарғы қалпына жетеді де, сіз маған бірнеше маңызды физиологиялық байқаулар, тексерулер жасай аласыз... Біреудің күшпен өлтіруін күту аурудың дәл өзі емей немене?
Менің бұл ойым докторды таңғалдырды, ол көңілденейін деді.
Біз атқа қондық; Вернер тізгінді қос қолдап ұстап алды, біз шаба жөнелдік. — Слободка арқылы қорғанның қасынан көзді ашып- жұмғанша өте шықтық та, минөт сайын көлденең кездесетін толып жатқан гүрілдеген бұлақ суларын басып, жарым-жартылай биік шөп шығып кеткен иірім жолы бар аңғарға келіп кірдік. Бұл суларды әлсін-әлі кешіп өткенімізге доктор қатты ашуланып келеді, өйткені оның астындағы аты суға кездескен сайын осқырып тұрып алады.
Мен мұндай зеңгір. мөлдір таңғы шақты көрген емеспін Көгерген тау жоталарынан жаға ғана қылтиып көріне бастаған күн көзінің жылы шұғыласы өшіп бара жатқан түннің салқын лебімен құйылысып, барлық тіршілікті әлдеқандай бір тәтті әсермен маужыратып тұр; шығып келе жатқан күннің қуанышты шұғыласы аңғарға әлі түскен жоқ; ол тек біздің екі жағымызды қоршаған биік шыңдардың бастарын ғана алтынға малып тұр; аңғардың терең жыраларында өскен қою жапырақты шіліктер, желдің ақырын алған демінен тербетіліп бізді ақ күмістей ұлпаларымен жауып кетеді. Осы жолы менің табиғатты бұрынғыдан гөрі артығырақ түйгенім әлі есімде, жүзім ағаштарының жапырақтарындағы миллион түспен құбылып тұрған шықтардың әр тамшысына қадала, сұқтана қараймын. Ұшы-қиыры жоқ бұлдыраған алысқа ынтыға көз жіберемін! Сол бір алыстың барған сайын жолы тар, шыңдары көкпеңбек, қорқынышты бола беретін сияқты, олар бара-бара өткел бермес берік жар болып қосылып кететін тәрізді. Біз үнсіз жүріп келеміз.
— Сіз өсиетіңізді жаздыңыз ба? — деп сұрады кенет Вернер.
— Жоқ.
— Егер өліп кетсеңіз?
— Мирасқорлар өзінен-өзі-ақ табылар.
— Қалайша сіздің достарыңыз жоқ, сіз қалайша оларға өзіңіздің соңғы қоштасар сөзіңізді жолдағыңыз келмейді?..
Мен басымды шайқадым.
— Әлденеңізді ескерткішке қалдырып кетерлік дүниеде бір әйел заты да болмағаны ма?..
— Доктор, мен сізге оз жүрегімді ашайын ба?.. Сіз тілейсіз бе соны? — деп жауап бердім. — Көрмейсіз бе, өлерде сүйген әйелінің атын атап, жан досына, я майланған, я майланбаған бір тал шашын сол әйелге деп қалдырып кететін уақыттан мен өтіп кеттім ғой. Ажалымның жақын тұрғанын және өліп кетуім мүмкін екенін ойлағанда мен өзімді ғана ойлаймын: осы күнде мұны да істемейді ғой. Достар мені ертең-ақ ұмытып кетеді, әрі-беріден соң олардың мен туралы қандай өсектер айтарын құдай білсін, әйелдер басқа біреуді құшақтайды да, өзін өлген адамға таңбасын деп мені күлкі қылады, бәрінің де алдарынан жарылқасын! Өмір дауылынан мен бірнеше идея алып шықтым — бірақ, бірде-бір сезім алғаным жоқ. Мен баяғыдан жүрек сезімімен емес, баспен, ақылмен өмір сүремін. Мен өз басымның нәпсіқұмарлығы мен мінез-құлықтарын сырт адамдай қатаңдықпен салмақтап, тексеремін. Мен екі адаммын: біреуі толық мағынасында өмір сүреді, ал екіншісі оны байыптайды, тергеп, тексереді, біріншісі бір сағаттан кейін дүниемен де. сіздермен де мәңгі қоштасар, ал екіншісі ше... екіншісі? Байқаңызшы, доктор: оң жақтағы құз басында үш нәрсенің қарауытуын көресіз бе? Олар мүмкін біздің жауларымыз шығар?..
Біз шаба жөнелдік.
Құздардың етегіндегі бұталар түбінде үш ат байлаулы тұр екен; біз де өз атымызды сол жерге байлап, өзіміз тар ғана сүрлеу арқылы қасында драгун капитанымен және Иван Игнатьевич дейтін (оның ата-тегі мен еш уақытта естіген емеспін) секөнданты бар Грушницкий бізді күтіп тұрған алаңға көтерілдік.
— Біз сіздерді күткелі көп болды, — деді драгун капитаны мысқылдап жымиып.
Мен сағатымды алдым да оған көрсеттім.
Ол сағатының алға кетіп қалатынын айтты да, менен ғапу өтінді.
Ауыр үнсіздік бірнеше минөтке созылды; ақырында ол қалыпты доктор бұзып, Грушницкийге қарап сөйлеп кетті:
— Меніңше екеуіңіз де атысуға дайын екендіктеріңізді білдіріп, ар мен намыс алдындағы борыштарыңызды өтедіңіздер ғой деймін, сондықтан ендігі жерде, мырзалар, өздеріңіз түсініп, әңгімені тату-тәтті аяқтауларыңызға болар еді, — деді.
— Мен даярмын, — дедім мен.
Капитан Грушницкийге ым қақты, ол мені қорқып тұр-ау деп ойлап, осы минөтке дейін өңі қашып тұрса да, сазара қалды. Осы жерге келгеннен бері ол маған бірінші рет тура қарады, бірақ оның көзқарасында өзінің ішкі ой тартысын білдіргендей бір мазасыздық бар еді.
— Сіз шартыңызды түсіндіріңізші, сіз үшін барлық қолымнан келгенін істейтініме сеніңіз...
— Менің шарттарым мынау: сіз қазір жұрт алдында маған жапқан жалаларыңызды қайтып аласыз да, менен кешірім сұрайсыз...
— Қайырымды патшам, сіздің маған мұндай нәрселерді ұсынуға батылыңыз қалай барғанына менің таңым бар?..
— Мен бұдан басқа сізге не ұсынбақпын?..
— Біз атысамыз.
Мен иығымды қимылдаттым.
— Әрине, ойлап қараңызшы, екеуміздің біріміз сөзсіз қазаға ұшыраймыз.
— Мен сол қазаға ұшырайтын сіз болса екен деп тілеймін...
— Мен оның керісінше болатындығына кәміл сенемін...
Ол қысылғаннан қызарып кетті, сөйтіп еріксіз қарқылдап күлді.
Капитан оны қолтығынан алып, шетке алып шықты; олар ұзақ сыбырласты. Мен бұл жерге сабыр мен ізгі тілекте келіп едім, бірақ мынаның бәрі менің жынымды келтіруге айналды.
Доктор менің қасыма келді.
— Бері қараңызшы, — деді ол өте үрейленген пішінде; — сіз, расында, олардың қастандығын ұмытып кеткенсіз-ау?.. Мен тапаншаны оқтай білмеймін, сол себепті... Сіз бір қызық адамсыз! Оларға ойларыңызды білемін деп айтсаңызшы, сонан кейін олардың батылы бармайды... Сізді құс атқандай атып тастағанға құмарсыз ба?..
— Тәңірі жарылқасын, доктор, сабырсызданбай тоқтай тұрыңызшы... Мен олар жағына ешбір пайда болмайтындай етемін, әбден сыбырласып болсын...
— Мырзалар, бұл ішті пыстырды ғой! Атысатын болсақ атысайық та; әбден сөйлесіп алуға кеше уақыттарыңыз болып еді ғой, — дедім мен дауыстап.
— Біз дайынбыз, — деді капитан. — Мырзалар, орындарыңызға тұрыңыздар!.. Доктор, алты қадамды өлшей қойыңызшы...
— Тұрыңыздар! — деп қайталады Иван Игнатьевич шіңгірлеген дауыспен.
— Рұқсат етіңіздер! — дедім мен: тағы бір шарт; біз өлтіру үшін соғысатын болғандықтан, мұның бәрі жасырын жұмбақ болып қалуын, біздің секонданттарымыздың жауапты болмауын қамсыз етерліктей мүмкіндігі бар жағдайдың бәрін де істеуге міндеттіміз. Осыған сіздер ризасыздар ма?..
— Әбден ризамыз.
— Ендеше мен мынаны ойлап таптым. Анау тік тұрған шыңның ұшар басында, оң жақта көрінген тар алаңды байқайсыздар ма? Содан төменгі етекке дейін, егер артық болып жүрмесе, отыз сажендей болар деймін; етекте үшкір тастар бар. Әрқайсымыз сол алаңның тік қабағына тұрамыз; сонда жеңіл жараның өзі ажалмен тынады: бұл сіздердің тілектсріңізбен қабысады ғой деймін, өйткені алты қадамды белгілеген сіздер ғой. Кім жаралы болса сол лезде жоғарыдан төмен қарай құлайды да быт-шыт болады; доктор оқты суырып алады, содан кейін бұл тезінен келген ажалды сәтсіз секіргендіктен болған екен деп түсіндіру оңай болады. Кімнің бірінші болып атуын біз жеребемен шешеміз, қорытындысында айтарым, мен мұнсыз атыспаймын.
— Осы дұрыс болар! — деді капитан, ризалығын білдіріп, басын изеген Грушницкийге телміре қарап. Грушницкийдің жүзі минөт сайын құбылып тұрды. Мен оны өте қиын жағдайға қалдырдым. Бұрынғы қолданылып жүрген қағидалар бойынша атыссақ, ол менің аяғымнан көздеп, мені жеңіл жаралайтын еді де, осылайша өзінің кегін алып арына ауыртпалық қалдырмайтын еді, бұлай етуіне болатын да еді, ал енді ол не құр ауаға атады, не кісі өлтіруші болады, болмаса өзінің қара ниеттік ойынан қайтып, менімен бірдей қатерге өз басын да байлайды. Осы минөтте мен оның орнында болуды тілемеген болар едім. Ол капитанды шетке алып шығып әлденені үлкен қызулықпен айта бастады; оның көгеріп кеткен еріндерінің дір-дір етіп тұрғанын менің көзім шалды; бірақ капитан одан ызалы күлкімен теріс айналды да. — "Сен ақымақсың! Еш нәрсеге түсінбейсің! — деді даусын әжептәуір шығарыңқырап: — ештеңеге түсінбейсің! Мырзалар, жөнеліңдер!"
Тар ғана соқпақ, бұталар арасымен бізді құзға қарай алып жүрді, құздан опырылған тастардың орындары осы бір табиғат жасаған сатының қауіпті де болса баспалдағы тәрізді; бұталардан ұстап біз өрмелей бастадық. Алда Грушницкий кетіп барады, одан кейін оның секунданттары, ең артында біз доктор мен екеуміз келе жатырмыз.
— Мен сізге қайран қаламын, — деді доктор, менің қолымды қатты қысып. — Тамырыңды берші, ұстап көрейін!.. О, о, безгек ұстағандай екен!.. Бірақ жүзіңнен ештеңе сезілмейді... Жалғыз-ақ көзіңіз әдеттегіден күштірек жарқырайды.
Кенет, ұсақ тастар судырап аяқ астымызға құлады. Бұл не? Грушницкий сүрінді, ол жармасқан бұтақ та үзіліп кетті, егер секонданттары сүйеп қалмағанда ол шалқалаған бойымен төмен домалаған болар еді.
— Байқаңыз! Күні бұрын күйректікке салынып, тым ерте құлап кетпеңіз; ол жақсы ырым емес. Юлий Цезарьды48 еске алыңыз! — дедім мен оған дауыстап.
Міне, біз ең биік жартастың басына шықтық: алаң кәдімгі дуэльге шығатындарға арналып жасалғандай құммен төселіпті. Айналамызда таңның алтын шапағына малынған биік таулар, олар үйме-жүйме, бейне бір сан жетпес қарақұрым мал тәрізді, солардың оңтүстігінде, бастарына шығыстан ауған бұлттар шөккен мұзды биіктерді денесімен жауып абажадан аппақ Эльбрус тұр. Мен алаңның жарқабағынан төменге көз жібердім, басым айналуға аз-ақ қалды: сонау төмен көр сияқты әрі қараңғы, әрі суық секілді; оның түбіне дауылмен уақыт лақтырып тастаған найза тастар өзінің жемін күтіп тұрғандай.
Біз атысуға тиісті алаң бейне бір дәл түсірілген үшкелге ұқсайды. Жардың ең шеткі қабағынан бері қарай алты қадамды өлшеп алдық та, кімге алдымен дұшпанның оғына қарсы тұруға тура келсе, сол артымен құламаға беріле жардың дәл қабағына тұратын болсын деп ұйғардық; егер ол өлмесе дұшпандар табанда орын ауыстыратын болады.
Мен бар пайданы Грушинцкийге істеуге тырыстым, менің оны сынағым келді; оның жүрегінде адамгершілік ұшқыны қозғалуы мүмкін еді. онда бәрі де жақсылықпен шешілер еді; бірақ менмендік пен мінез осалдығы үстемдік алды... Егер тағдыр маған мейірімшілік етсе мен оны енді аямасқа бекіндім, мұндай шарттарды өз арына кім жүктемеді дейсің?
— Жеребе тастаңыз, доктор! — деді капитан. Доктор қалтасынан күміс ақшаны алды да, аспанға көтерді.
— Решетка! — деді Грушницкий достық түрткісі кенет оятып жіберген адам тәрізді асыға дауыстап.
— Орел! — дедім мен.
Күміс шырқап аспанға шығып, сыңғыр етіп жерге түсті; бәрі соған ұмтылды.
— Бақытты екенсіз, — дедім мен Грушницкийге: — бірінші боп сіз ататын болдыңыз! Бірақ есіңізде болсын егер сіз мені өлтірмесеңіз, мен қапы соқпаймын, бұл сізге берген шын сөзім.
Ол қызарып кетті; оған қарусыз адамды өлтіру ұят көрінді; мен оған қадала қарап тұрдым; сол минөтте ол кешіруімді өтініп менің аяғыма жығылатындай көрінді; бірақ мұндай оңбағандықты мойынға қалай алсын?.. Оған енді бір-ақ жол қалды, ол — ауаға атуы, мен оның ауаға ататынына кәміл сендім! Олай етуіне бірақ нәрсе бөгет болуы мүмкін: ол оның мені екінші рет атысуды талап етер-ау деген ойы.
— Мезгіл жетті! — деді доктор, қолымнан тартып сыбырлап қана: — егер сіз, олардың істемек істерін білетінімізді қазір айтпасаңыз, бәрі құрыды. Қараңызшы, ол әне ұйықтап жатыр... егер сіз ештеңе демесеңіз, онда мен өзім...
— Атай көрмеңіз, доктор! — деп жауап бердім мен оны қолынан тартып: — Сіз бәрін бүлдіресіз; бөгет болмаймын деп сіз маған сөз беріп едіңіз ғой... Сіздің қанша жұмысыңыз бар? Мүмкін менің өлгім келетін шығар... Ол маған таңырқай қарады.
— О! Оның жөні басқа!.. Жалғыз-ақ ол дүниеде маған кінә тақпаңыз...
Бұл екі арада капитан өзінің тапаншаларын оқтады да біреуін күлімсіреп күліп, бірдеңе деп сыбырлап, Грушницкийге берді; біреуін маған берді.
Зәуде жеңіл жаралы бола қалсам кейін құлап кетпейін деген оймен, мен сол аяғымды тасқа мықтап тіредім де, аздап ілгері қарай еңкейіңкіреп алаңның бұрышына келіп тұрдым.
Грушницкий маған қарсы қарап тұрып, берілген ишарат бойынша тапаншасын көтере бастады. Тізелері дір-дір етіп, ол менің дәл маңдайымды көздеді...
Менің кеудемді адам айтып болмастай ашу кернеп кетті.
Кенет ол тапаншасының аузын төмен түсіріп жіберді де, аппақ қудай болып, өзінің секундантына бұрылды:
— Ата алмаймын, — деді міңгірлеген дауыспен.
— Қорқақ! — деді капитан.
Мылтық атылды. Оқ менің тіземді жырып кетті, жардан тезірек кетейінші деген оймен мен еріксіз ілгері қарай бірнеше қадам бастым.
— Ал, бауырым, Грушницкий, тигізе алмағаның өкініш болды! Ендігі кезек сенікі, жарға тұра қал! — деді капитан. — Әуелі мені құшақта, біз енді көрісе алмаспыз! — Олар құшақтасты, капитан өзін күлкіден зорға ұстап тұр: — Қорықпа, — деді ол Грушницкийге қулана қарап, — дүниедегінің бәрі әурешілік!.. Мінез дегенің ақымақшылық, тағдыр — күрке тауық, ал тіршілік құны — бір тиын!
Осы бір қайғылы сөзді насаттанып тұрып айтқаннан соң, ол өзінің орнына кетті, мұның артынша Иван Игнатьевич көзіне жас алып Грушницкийді құшақтады, міне, енді ол менің қарсы алдымда жалғыз қалды. Сол кезде менің кеудемде қандай сезім қайнағанын менің тап осы уақытқа дейін түсініп-білгім келеді; онда жәбір көрген намысымның қайғысы да бар еді, онымен қатар қазір алдымда сондай сенімді, сондай алаңсыз орнықты көңілмен маған қарап арсыздықпен бедірейіп тұрған адамның осыдан екі минөт бұрын өзін ешбір қауіп-қатерге итермей-ақ, мені итше атып тастай жаздағанын ойлағанымнан туған кек пен ыза болатын, өйткені аяғымның жарасы бұдан гөрі ауырырақ болғанда мен ә дегенше құздан төмен домалайтын едім ғой.
Мен, оның жүзінен аз да болса өкініш белгісін көрер ме екем деген ниетпен оған тапжылмай бірнеше минөт қарап тұрып қалдым. Бірақ ол маған күлімсіреп тұрғандай көрінді.
— Мен сізге өлер алдында құдайға құлшылық етуге кеңес берер едім, — дедім мен.
— Өз жаныңыздан гөрі менің жанымның қамын көп ойламай-ақ қойыңыз. Сізден бір-ақ нәрсе сұраймын: тезірек атыңыз.
— Сөйтіп сіз өз өсегіңізден қайтпайсыз ба? Менен кешірім сұрамайсыз ба?.. Жақсылап ойлаңызшы, арыңыз сізге ештеңе демей ме?
— Печорин мырза! — деп айғай салды драгун капитаны: — сізге айтуға рұқсат етіңіз... Сіз мұнда күнә кешіріп, сыр айттыруға келген жоқсыз ғой. Тезірек бітірейік: біреу-міреудің алаңнан өтіп бара жатып бізге көзі түсер.
— Жақсы. Доктор, маған келіңізші. Доктор жетіп келді. Сорлы доктор! Жүзіне қарасам, ол бұдан он минөт бұрынғы Грушницкийден де бетер құп-қу екен.
Бұдан кейінгі сөздерімді мен әдейі өлім жазасына шығарылған үкімді оқығандай дауыстап, сөзді бөліп, анық етіп айттым.
— Доктор, мына мырзалар асығып жүргенде менің тапаншама оқ салуды ұмытып кеткен-ау деймін: сондықтан сіздің жақсылап қайта оқтауыңызды сұраймын!
— Мүмкін емес! — деп айғайлады капитан: — мүмкін емес! Мен екі тапаншаны да оқтағанмын; әлде сіздікінің оғы түсіп қалған болар... Онда менің кінәм емес, ал сіздің қайта оқтауға қақыңыз жоқ... ешбір қақыңыз... бұл мүлдем қағидаға қарсы; мен оған жол бермеймін...
— Жақсы! — дедім мен капитанға; — егер сіздің сөзіңіз шын болса, біз екеуміз дәл осы шарт бойынша атысатын боламыз...
Ол күмілжіп қалды.
Грушницкий ұялған адамдай басын төмен салбыратып түнеріп тұр екен.
— Қозғама оларды! — деді ақырында капитанға, ол доктордың қолынан менің тапаншамды жұлып алғалы жатыр еді.. — олардікі дұрыс екенін өзің де білесің ғой.
Капитан оған түрліше ишара жасап босқа әуре болды — Грушницкийдің оған қарағысы да келмеді.
Сол екі арада доктор тапаншаны оқтап менің қолыма берді.
Мұны көрген капитан жерге түкіріп, аяғымен жер тебінді: "Ақымақсың бауырым, барып тұрған ақымақсың!.. — деді ол: — рас, маған сенгеннен кейін, барлығы жөнінде мені ғана тыңдау керек қой... Саған лайығының өзі осы! Маған десе шыбындай қат, — ол теріс айналды да, кетіп бара жатып: "қайткенмен бұл мүлде қағидаға қайшы" — деп міңгірледі.
— Грушницкий! — дедім мен: — әлі уақыт бар, өз өсегіңнен қайт, мен саған бәрін де кешіремін. Сен мені ақымақ ете алмадың, сонымен менің намысым қайтты; — есіңе алшы, — біз бір кезде дос едік қой...
Оның беті дуылдап, көздері жайнап кетті.
— Атыңыз! — Мен өзімді-өзім жиренішті көремін, ал сізге мүлде өшпін, — деп жауап берді ол. — Егер сіз мені атып өлтірмесеңіз, онда мен сізді түнде бұрыштан аңдып тұрып бауыздап өлтіремін. Біз екеумізге жер үстінде бірге жүруге орын жоқ...
Мен атып салдым...
Түтін ашылғанда Грушницкий алаңда жоқ екен. Жардың қабағында оның рухы ғана елестегендей болды.
Бәрі бір дауыспен айғайлап жіберді.
— Finita la comedia!44 — дедім мен докторға.
Ол жауап берместен, үрейлі жеркенішпен менен теріс айналып кетті.
Мен иығымды қимылдаттым да, содан кейін Грушницкийдің секөнданттарымен қоштастым.
Сүрлеумен төмен түсіп келе жатып жартастың қуысында қан-қан боп жатқан Грушницкийдің өлігіне көзім түсті. Мен еріксіз көзімді жұма қойдым...
Атымды шешіп алып, мен аяңдап үйге қайттым. Менің жүрегімде тас жатқандай болды. Күн көзі күңгірт тартқандай, оның сәулесі мені жылытпайды.
Слабодкаға жете бергенде мен аңғармен оңға бұрылдым. Адам жүзіне қарау маған ауыр болатын сияқты: менің жалғыз болғым келеді. Аттың тізгінін қоя беріп, басымды төмен салбыратқан күйде мен ұзақ жүрдім, ақырында маған мүлде таныс емес бір жерден келіп бір-ақ шығыппын, мен атымды кейін бұрдым да, жол іздей бастадым; шаршаған атпен азапқа түскен мен Кисловодскіге келгенімде күн батып та қалып еді.
Малайым маған Вернер келіп кеткенін айтты да қолыма екі хат берді: бірі содан, енді бірі... Верадан.
Мен алғашқысын ашып қарадым, оның мазмұны төмендегідей екен:
"Барлығын да ойдағыдай жайғастырдық: бейнесі кеткен денесі мұнда әкелінді, кеудесінен оқты суырып алғанбыз; жұрттың бәрі ажалы кездейсоқ болған екен деген сенімде, сірә комендант сіздердің араларыңыздағы таласты біледі-ау деймін, үндемей басын шайқады да қойды. Өлтіруші сіз деп сипаттарлық ештеме жоқ, ұйықтай алсаңыз... жайланып жатып ұйықтай беруіңізге болады... қош болыңыз..."
Екіншісін ашуға менің көпке дейін батылым бармады... Вера маған не жазды екен?.. Бір ауыр күдік менің жанымды қинады.
Әрбір сөздері өшпестей боп менің ойымда қалған сол хат мынау еді:
"Мен саған біз екеуміздің бұдан әрі өмірде жолықпайтындығымызға әбден сенгендігімнен жазып отырмын. Бұдан бірнеше жыл бұрын сенімен айырылысқанымда да, мен дәл осыны ойлап едім, бірақ құдай мені екінші рет сынап көргісі келді. Мен бұл сынға төзе алмадым, менің әлсіз жүрегім таныс дауысқа бағынбай қоя алмады... Бұл үшін сен мені сөкпейсің ғой, солай емес пе? Бұл хат әрі қоштасуым, әрі сенімен сырласуым болады: жүрегім сені сүйгеннен бері қарай, онда жиналғандардың бәрін саған ақтаруға мен міндеттімін. Мен сені айыптамаймын — сенің орныңда басқа бір еркек болса, ол да менімен осылай болар еді, әрине, сен де солай болдың, сен мені өз меншігіңдей, кезек алмасып отыратын қуаныш пен қайғы, қызғаныш пен күдігіңнің бұлағындай көріп, солайша сүйдің, онсыз өмірдің сәні де, қызығы да жоқ қой. Мен мұны әуелде-ақ түсінгемін... Бірақ сен бақытсыз едің, сонда да бір кездерде бағалар деп сеніп, мен саған өзімді құрбан еттім, менің ешбір шарттарға байланысы жоқ таза жанымның, терең, нәзік сезімін бірде болмаса бірде сен түсінер деп ойладым. Содан бері көп уақыттар өтті: мен сенің жүрегіңнің барлық жасырын сырларына қанық болдым... Сондықтан ол үміттерімнің бос үміт екеніне көзім жетті. Бұл жаныма у сепкендей болды! Бірақ менің махаббатым жүрегіммен қайнасып біткендіктен күңгірт тартты да қойды, сөнбеді.
Біз мәңгі айырылысамыз; дегенмен өмірде мен сенен басқа ешкімді сүймесіме сене бер: менің жүрегім барлық асылын да, көз жасы мен үмітін де сенің жолыңа сарқып болған. Сені бір сүйген адам басқа еркектерге бір жиренішпен қарамай қоя алмайды, бұл сенің басқалардан артық болғандығыңнан емес, сенің жаратылысыңда жалғыз өзіңе ғана тән, өзгеше біткен ұлылық пен бір жұмбақ сырдың барлығынан; сенің даусыңда не айтсаң да адамды бағындыра қоятын жеңдірмес үстемдік бар; ешкім де сендей үнемі сүйікті бола білген емес те, зұлымдық ешкімде де тап сендегідей өзіне еліктіріп қызықтыра алған емес, ешкімнің көзқарасы тап сенің көзқарасыңдай шексіз ләззаттың үміті болған емес, өзінің артықшылығымен ешкім де сендей пайдалана білмейді, тап сен секілді ешкім де шын бақытсыз бола алмайды, өйткені өзінің бақытсыздығын ешкім де сен сияқты мойындауға тырыспайды.
Енді мен саған асығыс жүріп кетуімнің себебін түсіндіруге тиістімін; бұл тек жалғыз маған қатысты жұмыс болғандықтан, әрине саған онша маңызды бола қоймас. Бүгін таңертең күйеуім маған келіп сенің Грушницкиймен жанжалдасқаныңды айтты. Шамасы менің түрім өте өзгеріп кетсе керек, өйткені ол ұзақ, тапжылмай, тесірейіп менің көзіме қарап тұрды, бүгін сенің онымен атысатыныңды, оған кінәлы мен екенімді ойлағанымда есім ауып талып түсе жаздадым; мен жынданып кетермін бе деп едім... Ал қазір ақылға келіп, байыптай бастаған соң сенің өлмейтініңе көзім жетті; сенің менсіз өлуің мүмкін емес! Иә, мүмкін емес! Менің күйеуім бөлмеде ұзақ жүрді; оның маған не айтқанын мен білмеймін, оған менің не деп жауап бергенім де есімде жоқ... Рас, мен оған сені сүйемін дедім... Әңгімеміздің аяғында ол мені жаман сөздермен балағаттап кеткені жалғыз-ақ есімде қалыпты. Сонан кейін оның карета дайында дегенін естідім... Сенің қайтуыңды күтіп менің терезе түбінде отырғаныма міне үш сағат болды... Әрине, сен тірісің, сенің өлуің мүмкін емес!... Карета дайын болуға жақын... қош бол енді, қош бол., мен мерт болдым — бірақ өкініші жоқ! Егер мен сенің әрқашан мені ұмытпайтыныңа сенген болсам, сүю деген сөзді ауызға алмай-ақ қояйыншы, тек ұмытпаймын... қош бол; келе жатыр... менің бұл хатты жасыруым керек...
Сенің Мериді сүймейтінің және оған үйленбейтінің рас емес пе? Ендеше, құлақ ас, сен мұны менің жолыма құрбан етуге тиістісің: мен дүниедегі барымның бәрінен бір сен үшін айырылдым ғой..."
Мен ессіз адамдай атып есік алдына шықтым да, қора ішінде жетектеп жүрген өзімнің черкесіме секіріп міндім, сөйтіп Пятигорскі жолымен бар пәрменіммен шаба жөнелдім. Мен шаршаған атымды аяусыз айдап келемін, ақ көбікке малынған атым тас жолмен мені алып зымырап келеді.
Батыстағы таулардың жондарына қонақтаған қара бұлттарға тығылып күн жоқ болды; аңғарды қараңғылық басып, шық түсті. Подкумок өзені тастан тасқа секіріп, бір үнмен шулай сарқырайды. Мен шыдамсыздықтан алқынып шауып келемін. Вераны Пятигорскіде жолықтыра алмаймын-ау деген ой менің жүрегімді балғамен ұрғандай болады. Бір минөт, енді бір ғана минөт оны көріп, қоштасып, қолын қыссам... Мен шоқындым, қарғандым, жыладым, күлдім... Жоқ, менің жүрегімнің алып-ұшуы мен есімнің кетуін еш нәрсемен жеткізіп болмайды!.. Оны мәңгі жоғалтар кезімде Вера маған дүниедегінің бәрінен де қымбат, — өмірімнен де, арымнан да, бақытымнан да қымбат көрінді! Менің басыма қандай сұмдық, жат ойлардың ұялағанын құдай білсін... Атымды аяусыз айдап мен шаба бердім. Міне, мен атымның тынысы бұрынғыдан гөрі ауырлағанын байқадым; ол теп-тегіс жердің өзінде бірер қабат сүрініп те кетті... Маған ат ауыстыруға мүмкіндігі бар казак-орыс стансасы — Есентукиге дейін енді бес-ақ шақырым қалды.
Егер менің атымның мұршасы енді бес минөт шабуға жараса бәрі де орындалатын еді. Бірақ таудан шығып бір кішіректеу сайдан көтеріле бере, жалт бұрылғанымда атым гүрс етіп жерге құлады, мен жалма-жан түсе қалып, тұрғызайын деп тізгіннен тартып едім, онымнан ештеңе шықпады; оның қарысқан тістерінің арасынан дем алғаны әрең естіледі; біраздан кейін атым жан тапсырды; мен ең ақырғы үмітімді жоғалтып айдалада жалғыз қалдым; жаяу жүріп байқайын деп едім, ілгері басқан аяғым кейін кетті; күнібойғы үрей мен ұйқысыздықтан қажыған басым сулы шөптің үстіне құлай кеттім де, жас баладай еңіреп қоя бердім.
Көз жасым мен өксігімді тыя алмай еңіреген күйімде мен қимылсыз ұзақ жаттым; кеудем қақ айырылар деп ойлап едім. Менің барлық қаттылығым да, салқынқандылығым да түтін секілді бытырап жоқ болды; денем әлсіреп, ақылдан айырылдым, егер осы минөтте мені біреу көрген болса, менен жиреніп теріс айналған болар еді.
Түнгі шық пен тау самалы менің күйіп тұрған басымды сауықтырып, ойым орнына келгенде ғана мен құрбан болған бақытымның артынан қуғанымның әрі пайдасыз, әрі ақылға сыйымсыз екенін түсіндім. Маған тағы не керек? Оны көру ме? — Не үшін? Біздің арамыздағының бәрі де біткен жоқ па? Қоштасардағы бір ғана ащы сүйіс менің сағынышымды молайтып, есімде қалғандарды байыта алмас, қайта одан кейін айырылу бізге қиынырақ болар.
Маған әйтсе де жылай білетіндігімнің өзі қуаныш! Мүмкін бұған себеп болған бұзылған жүйкем мен ұйқысыз өткен түн, тапанша аузында екі минут тұруым және қарнымның аштығы болар.
Бәрі жақсылыққа! Бұл жаңа қасірет, әскери тілімен айтқанда маған бір бақытты диверсия жасады. Жақсылап тұрып жыламасам, он бес шақырым жерге салт келіп, одан кейін жаяу қайтуға мәжбүр болмасам, мүмкін бұл түнді мен көз жұмбай өткізер едім-ау.
Мен Кисловодскіге таңертеңгі сағат бесте келіп, төсегіме құладым да, Ватерлоодан қайтқан Наполеонша50 ұйқыға кеттім.
Ұйқыдан оянғанымда далаға қараңғы түсіп қалған екен. Мен ашық тұрған терезеге келіп отырып, түймемді ағыттым, шаршаған ауыр ұйқыдан әлі дамыл таппаған менің көкірегімді тау самалы рақатқа батырды. Алыста, өзеннің аржағында, оларға көрік берген талдар арасында қорған мен Слабодка үйлерінің оттары жылтырайды. Біздің қора жым-жырт, княгиняның үйі де қап-қараңғы.
Доктор кірді, оның қабағы түйіліп кетіпті, бұрынғысындай маған қолын да ұсынған жоқ.
— Доктор, сіз қайдан жүрсіз?
— Княгиня Лиговскаялардан; қызы науқас — жүйкесі босаң тартыпты... я, әңгіме онда емес, мынада: бастықтар күдіктенуде, мойынға қоярлықтай ештеңе болмағанымен, мен сізге сақ бол деп ақыл берер едім. Бүгін княгиня маған сіздің оның қызы үшін атысқаныңызды білетінін айтты. Оған бәрін ана шал баяндапты... Әлгі кім еді? — сіздің ресторацияда Грушницкиймен жанжалдасқаныңызды көріп тұрған шал екен ғой. Мен сізге ескертейін деп едім. — Қош тұрыңыз, мүмкін бұдан әрі біз көріспеспіз: сізді бір жаққа жіберер.
Ол табалдырыққа барды да тоқтай қалды; оның менің қолымды қысқысы келді білем... егер мен оған сәл ишара көрсеткен болсам, ол менің мойнымнан құшақтай алғалы тұр; бірақ мен тастай суық күйімде қала бердім, ол шығып кетті.
Міне, жұрт дегенің! Олардың бәрі осылай: қылығыңның жаман жағын күні бұрын біле тұра саған көмектеседі, ақыл айтады, басқа лажың жоқ екенін көріп, тіпті мақұлдайды, содан кейін жауапкершіліктің бар тақсіретін өз мойнына алуға батылдығы жеткен адамнан жеркенішпен теріс айналады да, қолдарын жуады. Бұлардың бәрі де солай, тіпті қайырымды, ақылды дегендеріңіздің өздері де сол!..
Келесі күні таңертең жоғары бастықтардан Н. қорғанына жүрсін деген бұйрық алып, қоштасқалы княгиняларға кірдім.
— Ерекше бір нәрсе айтқыңыз келмей ме? — деген сұрауына, менен сіздің бақытты болуыңызды тілеймін, деген сияқты жауап алғанына княгиня таң-тамаша қалды.
— Ендеше менің сізбен мықтап сөйлесуім керек.
Мен үндемей отыра кеттім.
Княгиня сөзін неден бастарын білмеді, ол етжеңді саусақтарымен үстелді тықылдатты, жүзі де қызарайын деді; ақырында шашыранды дауыспен сөзін былай бастады:
— Мсье Печорин, сіз құлақ қойыңызшы, мен сізді инабатты адам деп ойлаймын.
Мен басымды изедім.
— Тіпті, оған сенемін де, — деп ол сөзін соза берді, — жүріс-тұрысыңыз біраз күдік туғызғанымен, оның олай болуына маған мәлім емес себептеріңіз бар ғой деймін, міне, сол себептеріңізді қазір сіз маған баяндауыңыз керек. Сіз менің қызымды өсектен қорғадыңыз, ол үшін атыстыңыз, сөйтіп өміріңізді қатерге байладыңыз... Үндемей-ақ қойыңыз, сіздің мұны мойындамайтыныңызды білемін, өйткені Грушницкий өліп кетті ғой (ол шоқына бастады). Құдай кешірер, — сізге де сөйтер деп сенемін!.. Әрине, бұларыңда менің шаруам жоқ қой... Сізді кінәлауға да батылым бармайды, өйткені бұған менің қызым себепші болды ғой. Қызым маған бәрін де айтты... Менімше сізге де бәрін айтқан болу керек: сіз оған ғашықтығыңызды түсіндіріп... Ол өзінің де сүйетінін сізге мойындаған (бұл жерде княгиня ауыр күрсініп алды) болуы керек. Бірақ қызым ауырып жатыр, оның жай ауру емес екенін мен білемін! Оны өлтіріп бара жатқан іштегі құпия қасірет, ол қасіреттің себепкері сіз екеніңізді қызым мойындамаса да мен анық білемін... Тыңдаңызшы, мүмкін сіз мені шен мен дәулет іздейді деп ойлайтын боларсыз, — ол ойыңыздан қайтыңыз: мен тек қана қызымның бақытты болуын тілеймін. Сіздің қазіргі халіңіз кісі қызығарлық емес, бірақ жөнделуі мүмкін: сіз дәулетті боласыз; сізді менің қызым сүйеді, ол күйеуін бақытты ету жолында тәрбиеленген. Мен дәулеттімін, ол менің жалғыз қызым... Айтыңызшы, сізге не бөгет бар?.. Көріп отырсыз ғой, мұның бәрін мен сізге айтпауым керек еді, бірақ мен сіздің жүрегіңіз бен арыңызға сенгендіктен айтып отырмын; есіңізде болсын, менің қызым жалғыз ғой... жалғыз...
Княгиня жылап жіберді.
— Княгиня, — дедім мен; — менің сізге жауап беруім мүмкін емес, сондықтан сіздің қызыңызбен оңаша сөйлесуге рұқсат етіңіз...
— Ешқашан да рұқсатым жоқ! — деді ол үстелден тұра келіп, қатты қобалжыған түспен.
— Өзіңіз білесіз, — дедім мен орнымнан тұра беріп.
Княгиня ойланып қалды да, маған тұра тұр дегендей қолымен ишарат көрсетіп, өзі шығып кетті.
Бес минөттей уақыт өтті; менің жүрегім қатты соға бастады, бірақ ойым орнықты, басым суық еді; кеудемнен сүйікті Мериге деген тым болмаса сүйіспендік ұшқынын табармын деп мен қанша іздесем де таба алмай босқа әуре болдым.
Міне, есік ашылып, ол да кіріп келді. Құдай-ай! Көріспегенімізге көп болмаса да, мен көрмегелі қыз қалай өзгерген?
Бөлменің орта кезіне жете бергенде қыз теңселіп кетті, мен секіріп тұрып оған қолымды бердім де креслоға дейін сүйемелдеп алып келдім.
Мен оның қарсы алдында тұрмын. Біз көпке дейін тіл қатыспадық; адам айтқысыз қасіретке толы оның үлкен көздері, менің көздерімнен әлдеқандай үмітке ұқсас бірдеңе іздегендей; оның боп-боз еріндері жымия күлемін деп босқа әуре болды; оның тізесіне қойған нәзік қолдары сондай сүреңсіз — аппақ қудай екен, мен оны аяп кеттім.
— Княжна, — дедім мен: — менің сізді мазақ еткенімді білесіз бе?.. Сіз мені жек көруге тиіссіз.
Қыздың бетінде бір жері ауырғандай қызғылт пайда болды.
— Солай болғандықтан сіз мені сүйе алмайсыз... — дедім мен.
Қыз теріс айналып, үстелге жантая кетті де, көзін қолымен баса қойды, маған оның көзінде жас мөлдіреп тұрған тәрізді болды.
— Тәңірім-ай! — деді қыз әрең дегенде. Бұл маған жан шыдамастай ауыр көрінді: егер енді бір минөт созылғанда мен оның аяғына жығылған болар едім.
— Сөйтіп өзіңіз көріп отырсыз ғой, — дедім мен шамам келгенше даусымды қатаңдау ұстап және еріксіз күлген болып: — иә, өзіңіз көріп отырсыз менің сізге үйлене алмайтындығымды. Егер сіз қазір мұны тілеген болсаңыз да кешікпей-ақ өкінер едіңіз. Мен сіздің шешеңізбен әңгімелескеннен кейін сізбен әрі ашық, әрі тұрпайы сөйлесуге мәжбүр болдым; шешеңіз жаңылып жүр ғой деп ойлаймын, ол ойының жаңсақ екенін ұғындыру сізге қиын емес қой. Сіз көріп отырсыз ғой, мен сіздің алдыңызда нағыз бейшара, нағыз жексұрын адамның рөлін ойнап отырмын, тіпті онымды мойындаймын да; міне, менің сіз үшін істерімнің бары осы. Мен жөнінде сіз қандай ғана жаман пікірді ойласаңыз да мен оған көнемін... Көрдіңіз бе, менің қандай қор екенімді... Егер сіз мені сүйген болсаңыз да осы минөттен кейін жек көресіз ғой, рас емес пе?
Қыз мәрмәрдай сұп-сұр боп маған жалт бұрылды, бірақ оның көздері кереметтей жайнап тұр.
— Мен сізді жек көремін... — деді қыз.
Мен рахмет айтып, маңызданып басымды идім де шығып кеттім.
Бір сағаттан кейін мені курьер тройкасы Кисловодскіден алып жөнелді. Есентукиге бірнеше шақырым қалғанда мен жол маңынан өзімнің жүйрік атымның өлімтігін таныдым; ер-тоқымын сыпырып алыпты, шамасы жолдан өткен казак-орыстар алған болар, ал ер-тоқым орнында, ат арқасында екі құзғын отыр. Мен мұны көріп күрсіндім де, теріс айналдым...
Енді мына бір іш пыстырар қорғанда отырып өткендерімді оймен шоламын да, өзімнен-өзім жиі-жиі сұраймын: не себепті менің тағдыр көрсеткен тыныштық, қуаныш пен жан рақаты күтіп тұрған осы жолға түскім келмеді екен?.. Жоқ, мен бәрібір өмірдің өзіме арналған бұл үлесін де місе тұтпаған болар едім!.. Өйткені мен қарақшылар бригінін51 палубасында туып, сонда өскен матрос секілдімін: оның жаны дауыл, шайқастармен бірге туып біте қайнасқан ғой, сондықтан ол жағада қалып қойса да — салқын самалды орманның қызықтырып қанша өзіне тартқанымен, әдемі, жайлы күннің шұғыласын қанша төккенімен ол қайғы мен қасіреттен арылмайды; ол ұзақты күн құмды жағалауда жүреді де қояды; сонда тұрып тулаған толқындардың бір сарынды үніне құлақ түреді, тұманды алысқа — теңіз үстіне көз тігеді; ол сонау көк толқындар мен сұрша бұлттар арасындағы бозғыл тартып қарайған ноқатқа қадалады, тап сол ноқат асыға күткен желкенім болар ма екен дейді, сол қайықтың әуелі теңіз шағаласының қанатына ұқсап, сонан бара-бара көбік атқан теңіз тастарынан бөлініп, байсалды жүрісімен елсіз жағалауға келіп тоқтауын тілейді...
III. ФАТАЛИСТ
Бір кезде маған сол канаттағы бір казак-орыс стансасында екі аптадай тұруға тура келді. Бұл арада жаяу әскер батальоны тұрды. Офицерлер бір-біріне кезектесе жиналысып, кешкілікте қарта ойнар еді.
Бір күні бостон53 ойынынан жалығып, картаны үстел астына тастадық та, майор С...тың үйінде ұзақ отырыстық. Әңгімеміз әдеттегіден гөрі қызықты болды. Әңгімеде әр адамның тағдыры әуелде көкте жазулы болады деген мұсылман нанымына біздің арамызда көптеген сенушілер барлығы сөз болды. Әрқайсымыз түрліше pro немесе Cohtra54 таңғаларлық оқиғаларды айттық.
— Мұның бәрі де, мырзалар, ештемені дәлелдей алмайды, — деді кәрі майор, — расында, өз пікірлеріңізді дәлелдеу үшін келтірілген сол таңданарлық оқиғаларды көрген ешқайсыңыз жоқ қой.
— Әрине, ешқайсымыз да көргеніміз жоқ, — деді көпшілігі, — бірақ біз сенімді адамдардан естіп едік.
— Бұның бәрі бос сөз, — деді біреуі, — біздің ажал сағатымыз жазылған тізімді көзімен көрген сол сенімді адам қайда?.. Ал енді тағдырымыз жазулы болса, онда бізге ерік, пікір неге берілген? Ендеше біз өз қылығымызды несіне сынға саламыз?
Сол кезде бөлменің бұрышында отырған бір офицер орнынан тұрып, ақырын үстел қасына келді де, барлығымызды сабырлы және қуанышты көзқараспен бір шолып өтті. Есіміне қарағанда оның нәсілі серб болу керек.
Поручик Вуличтің сырт пішіні мінезіне сай еді. Оның сұңғақ бойы, жүзінің қоңырлығы, қара шашы, өткір қара көздері, түзу біткен мұрны, еріндерінде әрдайым елестеп тұратын мұңлы және салқын күлкі шырайы, оның өз ұлтына тән қасиет — осылардың барлығы да оны тағдыр өзімен жолдас еткен адамдармен сырласып, мұңдасуға икемі жоқ, өзгеше бөлек жанның тұлғасын беруге әдейі лайықтаған секілді еді.
Ол өжет еді, аз сөйлесе де батыл сөйлейтін еді. Өзінің махаббат жан сырларын ешкімге де ашпайын. Шарапты да іше қоймайтын, жақын болмайынша жақсылығын сезуге болмайтын казак-орыстың жас қыздарына да үйірлігі жоқ еді. Алайда полковниктің әйелі оның әсерлі көздеріне қызығып жүр деген бір сөз тараған болатын, бірақ бұл жайында айтқанда, ол шынымен ашуланып қалушы еді.
Оның тек бір ғана жасырмайтын құмарлығы бар еді — ол ойынға ынтық болушы еді. Жасыл үстел қасында отырғанда ол барлығын да ұмытып кететін және әдетте ылғи ұтыла беретін. Осы үнемі кездесетін сәтсіздіктер оның тек қыңырлығын өршіте түсетін Ол туралы былай десіп жүретін:
Бір ретте экспедицияда жүріп ол түнде жастық үстінде карта ойнап банк ұстапты, сол түні ол ғажап ұтып отырса керек, кенет мылтық атылып, тревога болыпты, отырғандар тегісімен ұшып тұрып мылтықтарына жармасады, ал Вулич отырған орнынан қозғалмастан "бас банкқа!" деп өзімен қатты қызып ойнап отырған біреуге айғай салады, ол жүгіріп бара жатып "жетілік жүрдім", дейді. Жұрттың әуре сарсаң болып жатқанына қарамастан Вулич ойынды аяқтайды да, қартаны қайта үлестіреді.
Ол майдан қатарына келген кезде атыстың қызып жатқан кезі екен, Вулич оққа да, чешендердің қылыштарына да көңіл аудармастан манағы банкке басқан бақыттыны жауды ағашқа қуып бара жатқандардың арасынан тауып алады да, "жетілік ұтты!" деп айғай салады, сонан кейін қасына жетіп келеді де, қалтасынан күмәжнігін суырып алып, ұтқан адамға ұстата береді, оның мұныңыз орынсыз ғой деген наразылығына құлақ аспайды. Осы бір лайықсыз борышын орындағаннан кейін ол солдаттарды соңынан ертіп алға жүгіреді, сөйтіп ұрыс біткенше өте сабырлықпен чешендерге қарсы атыса береді.
Поручик үстел басына келгенде бір өзгеше жаңа мінез көрсетер деп бәріміз де сөзімізді доғара қойдық.
— Мырзалар! — деді ол. (Даусы өз қалпынан төмендеу болғанымен сабырлы еді) — Мырзалар, босқа керісіп не керек? Сіздерге дәлел керек пе: олай болса мен әрқайсың өз бастарыңа сынап көріңдер дер едім, әр адам өз өмірін өз бетінше шеше ала ма, болмаса шүу дегеннен жазылып қойған тағдыр бар ма, міне, сонда білесіңдер... Кәне кімнің сынағысы келеді?
— Маған керек емес, маған да керек емес! — деген жан-жақтан дауыстар шықты, — міне, қызық, адамның басына не болса, сол келе береді екен-ау десті кейбіреулер, — дедім мен қалжыңдап.
— Не үшін?
— Жазмыш жоқ, — деп білемін дедім қалтамнан жиырма червонецті үстел үстіне қойып жатып, қалтамда қалған ақшамның бары да сол еді.
— Тұрдым бәске, — деді Вулич күңіренген дауыспен, — міне, он бес червонец; қалған бесеуін сіз маған берешексіз, майор, сіз судья болыңыз да, аналарға мынаны қоса салыңыз.
— Жарайды, бірақ мен не екеніне және таластарыңды қалайша шешетіндеріңе түсінбей тұрмын... — деді майор Вулич үйден майордың жататын бөлмесіне қарай үнсіз шығып кетті, біз оның артынан ердік. Ол мылтық ілінген қабырғаның қасына келді де, шегеден түрлі калибрлі тапаншаның бірін еппен қолына алды, біз әлі оның не істеріне түсінбедік, бірақ тапаншаның шаппасын ашып, ішіне оқ-дәрі салғанда көбі еріксіз айғайлап жіберіп, оны қолынан ұстап алды.
— Сен не істемексің? Мынауың ессіздік қой! — деп айғайлады оған жұрт.
— Мырзалар! — деді ол, ақырын қолын босатып алып: — мен үшін екі жүз сомды кім төлер екен?
Бәріміз үндемей кейін шегіндік.
Вулич екінші бөлмеге барып үстел қасына отырды; бәріміз де солай қарай бардық. Ол бізге айнала отырыңыздар деп ишарат берді. Айтқанын үнсіз орындадық. Сол минөтте ол бізге әлдеқандай бір құпия билік жүргізді. Мен оның көзіне қадала қарадым, бірақ менің сол сынай қараған көзімді ол жалтармай, бозарған еріндері күлімсіреп, сабырлы көзқараспен қарсы алды. Алайда, сол салқынқандылығына қарамастан, оның қуарған жүзінен мен ажал нышанын көргендей болдым. Бірнеше сағаттан кейін өлуге тиісті адамның жүзінде көбінесе тағдырының бір әлдеқандай белгісі болатындығын мен байқаушы едім де, көптеген кәрі жауынгерлер менің мұнымды рас десуші еді; сондықтан үйреншікті көздің жаңыла қоюы киын ғой.
— Сіз бүгін өлесіз! — дедім мен оған. Ол маған шапшаң жалт бұрылып қарай қалды, бірақ баяу, сабырлы пішінмен жауап қайырды.
— Мүмкін солай да болар, мүмкін олай болмас та...
Содан соң ол майорға қарап:
— Тапанша оқтаулы ма? — деп сұрады. Майор есі шығып сасқалақтап жүріп оның сөзін ұқпай қалды.
— Жә, қойшы, Вулич! — деп айғайлады біреу, — өзінің бас жағында ілулі тұрған соң оқталмай қайтушы еді, осындай да қалжың бола ма екен!..
— Ақымақтық қалжың ғой! — деп қостады екінші біреу.
— Тапаншаның оқталмағанына бес сомның орнына елу сом бәс тігемін, — деп дауыстады үшінші біреу.
Жаңадан тағы бәс тігілді.
Бұл ұзақ әурелік мені жалықтыра бастады.
"Тыңдаңдаршы, — дедім мен: — Не атылып өл, я болмаса тапаншаны бұрынғы орнына апарып қой, жатайық енді".
— Әрине, жатайық барып, — деді көпшілік.
— Мырзалар, орындарыңыздан қозғалмауларыңды өтінемін! — деді Вулич, тапаншаның аузын маңдайына тақап. Бәріміз тастай қата қалдық.
— Печорин мырза, — деді ол: — бір қартаны алыңыз да жоғары лақтырыңыз.
Мен үстел үстінен, әлі есімде, червидің тұзын алып жоғары лақтырдым: жұрт демін ішіне тартып тұра қалды, барлығының да көздері әрі қорқыныш, әрі белгісіз бір ынтамен-тапанша пен жаңағы қауіпті тұзға кезек-кезек жүгірді, тұз жоғарыдан қалықтап төмен қарай баяу түсе бастады: ол үстелге кеп тиген минутта Вулич тапаншаның шаппасын басып та қалды... Бірақ от алмады!
— Тәңірге шүкір, — деп айғайлап жіберді көпшілігі, — оқталмаған екен ғой...
— дегенмен байқайық, — деді Вулич. Ол шаппаны тағы қайта қайырып терезе үстінде ілулі тұрған фуражканы көздеді. Оқ атылды да, бөлме іші түтінге толып кетті. Түтін тараған кезде фуражканы алып қарап едік, оқ дәл ортасын тесіп өтіп қабырғаға еніп кетіпті.
Үш минөттей ешкім де үндей алмады. Вулич өзінің әмиянына менің он сомдықтарымды аспай-саспай салып алды.
Тапаншасын алғашқы жолы неге от алмағаны жайында түрліше жорамал тарады. Біреулер тапаншаның оқталатын жері былғанған болу керек, — десті, біреулер әуелгі оқ-дәрі дымқыл еді, кейін Вулич оның орына құрғақ оқ-дәрі салды, — деп күбірлесті, бірақ мен соңғы жорамал дұрыс емес дедім, өйткені мен тапаншадан көзімді еш уақытта айырған жоқ едім.
— Ойында сіздің бағыңыз бар екен, — дедім Вуличке...
— Туғалы бірінші рет ұтқаным, — деді ол ризалықпен жымиып: — бұл ойын банке мен штостан артық екен.
— Әйтсе де одан біраз қауіптірек қой.
— Несі бар? Сіз тағдырға сене бастап па едіңіз?
— Сенемін; бірақ қайткенде де бүгін сіз өлесіз деп неліктен ойлағанымды біле алмай тұрмын...
Жаңа ғана маңдайына аспай-саспай оқ тақаған бұл адам енді ашумен бұрқ етіп, назаланып қалды.
— Жетер енді! — деді ол тұрып жатып: — біздің бәсіміз бітті енді, сіздің сөзіңіз орынсыз ғой деймін...
Ол бөркін алып шығып кетті. Бұнысы мені таңғалдырды, таңдануым бекер де емес екен.
Вуличтің кереметі жөнінде түрліше пікірлер айтысып бәрі де кешікпей үйді-үйіне тарасып кетті; мені бір ауыздан барып тұрған қиқар деп атасқан болулары керек, өйткені мен болмасам ол өлуіне басқа бір қолайлы жағдай таба алмайтындай-ақ, мені өзін-өзі атпақшы болған адаммен бәс тігістім ғой!..
Мен станицаның бос көшелерін жағалап отырып үйіме қайттым. Өрттің қалың алауындай қызыл түсті толық ай үйлердің тарам-тарам көкжиегінен көріне бастады. Көк күмбезінен жұлдыздар тыныш қана жарқырап тұрды. Бір кездерде сәуегей адамдар болғанын, олар жұлдыздар да біздің бір жапырақ жер үшін я болмаса ойдан шығарып алған талаптарымыз үшін болып жататын тартыстарымызға қатынасып отырады екен дейтіндерін ойлап, менің күлкім келді. Несі бар? Олардың ойынша тек қана өздерінің ұрыстары мен жеңістерін жарықпен нұрландырып тұру үшін жағылған сол шырағдандар міне, бұрынғы нұрымен әлі жанып тұр, ал бейғам кезбенің ағаш шетіне жаққан оты тәрізді олардың үміті мен махаббаты әлдеқашан өшті!.. Әйтсе де, өзінің сансыз тұрғындарымен бүкіл аспан үнсіз де болса тапжылмай тілектестікпен өздеріне қарап тұр деп сенулері оларға қандай қайрат, қандай күш берді десеңізші!.. Ал біздер, сөзсіз өлетінімізді ойлағанда ғана жүрегіміз қысылып, үрейленгенімізден басқа күндерде жер бетін сенім мен мақтанышсыз, ләззат пен қорқынышсыз кезетін солардың сорлы ұрпақтарымыз; адамзаттың игілігі үшін де, болмаса жеке өзіміздің бақытымыз үшін де біздің енді ондай ұлы құрбандыққа баруға дәрменіміз жоқ, өйткені, оның мүмкін емес екенін білеміз, соның салдарынан өзіміздің бабаларымыздың бір адасудан екінші адасуға душар болғаны тәрізді біз де бір күдіктен екінші күдікке селсоқ ауыса қоямыз, бірақ, біздің бұл ауысуымызда олардай үміт болуы былай тұрсын, адаммен немесе тағдырмен күрескенде жүректе бір бұлдыр да болса кездесетін күшті тілек құмарлығы да болмайды...
Ойыма осы секілді көптеген пікірлер келді, бірақ оларды мен есіме сақтамадым, өйткені әлденендей негізсіз ойларға тоқтап жатуды жақтырмаймын, одан пайда не?.. Жастық албырт кездерімде мен қиялшыл едім, сонда мазасыз, ынтызар қиялым елестеткен кейде мұңды, кейде қуанышты бейнелерді алма-кезек әлпештеуді сүюші едім. Бірақ содан не таптым? Түсте көрген елеспен алысып, шаршағандық секілді бұл да бір тек құр қалжырау ғой және өкініштен туған тек көмескі ойлар ғой. Сол бір зая кеткен күресте, шынайы өмірге қажетті жанымның жалын да, қайратымның тұрлаулы күшін де сарқып алдым. Мен бұл өмірге, оны ерте оймен басымнан өткізіп барып кірістім, сондықтан ерте бір оқыған кітабындағы жайларды біреудің тұрпайы еліктеген кітабынан қайта оқып отырған адам сияқты маған бұл өмір әрі көңілсіз, әрі сұмпайы көрінеді.
Бүгінгі түндегі оқиға маған мейлінше терең әсер етіп, көңіл-күйімді әбден бұзып кетті. Тағдырға қазір сенемін бе, жоқ па, ол арасын білмеймін, бірақ осы түнде мен оған қатты сенген едім: бұған дәлел қайран қаларлықтай болды, солай болғандықтан, ата-бабаларымызға және олардың елгезек астрологиясына күлгеніме қарамастан, өзім де еріксіз солардың соқпағына түсіп кетіп едім. Бірақ мені сол қауіпті жолдан өзімді дер кезінде тоқтата қойдым, сонан кейін еш нәрсені батыл түрде теріске шығармау, еш нәрсеге көз жұмып сенбеу деген тәртібімді сақтап, метофизиканы былай тастадым да аяғымның астына көзімді ашып қарайтын болдым. Мұндай сақтық тіпті өте қажетті болып шықты. Мен әлденендей жуан және былқылдақ, бірақ жансыз бір нәрсеге соқтығып жығылып қала жаздадым. Ай жолға тура жарқырап сәуле шашып тұр еді, еңкейіп не екен десем. — Алдымда ортасынан қақ бөлінген бір шошқа жатыр... Соған қарап болғанымша, біреулердің жүгірген сыбдыры естіле қалды: екі казак-орыс бұрыш айналып жүгіріп келе жатты; біреуі маған келіп шошқаны қуып бара жатқан бір мас казак-орысты көрдің бе деп сұрады. Мен оларға казак-орысты көрмегенімді айттым, сосын оның қыңыр ерлігінен жарылып қалған сорлы шошқаны көрсеттім.
— Әй, қарақшы-ай! — деді екінші казак-орыс; — Ішіп алса болғаны, көрінгеннің бәрін қирата бастайды. Жүр, Еремейч, артынан барайық, оны байлап тастамасақ, ол...
Олар алыстап кетті де, мен зор сақтықпен өз бетімше жүре бердім, ақырында аман-есен өз пәтеріме жеттім, мен бір кәрі урядниктің үйінде тұрушы едім, оны ізгі пейілі үшін, әсіресе Настя деген әдемі қызы үшін жақсы көретінмін.
Қыз дағдысынша тон жамылып, есік алдында күтіп тұр екен, түнгі салқыннан көгерген оның сүйкімді еріндеріне ай сәулесі түсіп тұрды. Мені көріп ол жымия қалды, бірақ менің онымен сөйлесуге мұршам болмады, "қош бол, Настя" дедім қасынан өтіп бара жатып, қыздың маған бірдеме айтқысы келіп еді, айтпай, тек күрсінді де қойды.
Мен кіріп бөлмемнің есігін жаптым да шырағдан жақтым, сосын төсекке жата кеттім. Бірақ ұйқы бұл жолы әдеттегіден гөрі мені көбірек күттірді. Мен ұйықтай бастағанда шығыс жақ бозараңдап та қалған еді, бірақ бұл түнде ұйқымның қанбайтындығы көкте жазылып қойған болуы керек. Таңғы сағат төртте қос жұдырық тереземді тарсылдата бастады. Мен ұшып түрегеліп. — Немене? — дедім, — "Тұр, киін!" — деп айғайлады маған бірнеше дауыс. Мен дереу киініп далаға шықтым. "Не болғанын білесің бе?" — деді маған келген үш офицер жарыса сөйлеп. Олардың түстері өліктей құп-қу екен.
— Не болыпты?
— Вуличті өлтіріп кетіпті.
Мен қата қалдым.
— Иә, өлтіріп кетіпті! — деді олар, — жүр жылдамырақ.
— Қайда?
— Жолшыбай білерсің.
Біз жүгіріп кеттік. Олар болған істің бәрін баяндады, бұны айтқанда, арасына түрліше қоспаларын қыстырып, тіпті өзінің шын өлімінен жарты сағат бұрын ғана төнген қауіптен тағдырдың жазуы бойынша аман қалғандығын да әңгіме етісті. Вулич қараңғы көшемен жалғыз келе жатыпты. Оған әлгі шошқаны жарып кеткен мас казак-орыс тап болыпты, тіпті ол тиіспей қасынан өтіп кетуі де мүмкін екен, Вулич кенет оны тоқтатып, "туыс, сен кімді іздеп жүрсің?" депті, казак-орыс, — "сені!" депті де, қылышпен шауып иығынан жүрегіне дейін жарып тастапты... Мана маған жолыққан екі казак-орыс өлтірушіні қуып жүріп, жаралыны көреді де, көтереді, бұл кезде Вулич хал үстінде екен, тек "оныкі дұрыс!" деген екі-ақ сөзге тілі келіпті. Бұл сөздің бүркеулі мағынасын өзім ғана түсіндім, бұл маған айтылған сөз еді: бейшараның тағдырын мен болжап едім. Сол күдігім теріске шықпады, расында да, мен оның құбыла қалған жүзінен ажалы жеткелі тұрғандықтың нышанын дұрыс аңғарған екем.
Өлтіруші адам станицаның шетіндегі бір бос үйге тығылып, есігін бекітіп алыпты. Біз де солай қарай жүрдік. Көптеген әйелдер зарлап-жылап солай қарай жүгірісті. Оқта-текте кешіккен казак-орыстар артымыздан көшеге жүгіре шығып, қанжарларын асыға байласып, бізден озып кетіп жатты. Сергелдең деген сұмдық болды.
Міне, ақырында біз де келіп жеттік, қарасақ; есік-терезесі ішінен бекітілген, үйдің айналасы толған адам. Офицер мен казактар бірін-бірі қыза-қыза итермелейді. Әйелдер қарғап-сілеп, налып ойбайлайды, солардың ішінен есі шыға назаланған бір кемпірдің түсі менің көзіме ерекше шалынды. Ол бір жуан дөңбектің үстінде, тізесіне сүйеніп, басын қолымен ұстап отыр. Бұл кісі өлтіргіштің анасы екен. Оның еріндері оқта-текте қимылдап қойып отырды... Күбірлегені дұға ма, әлде қарғыс па?
Сөйтіп, бір батылдық жасап, қылмыстыны қайткенде ұстау керек болды. Бірақ, алдымен ұмтылуға ешкімнің де батылы бармады.
Мен терезеге келіп, оның қақпасының саңылауынан қарадым: ол оң қолына тапанша ұстап, құп-қу болып еденде жатыр екен. Қан-қан болған қылышы қасында жатты. Оның өткір көзі үрейлі түрде жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды, кейде кешегі ісі бұлдыр да болса есіне түскендей ол селк ете қалады да, басын ұстайды. Мен оның осы сасқалақтаған көзінде онша батылдық жоқ екенін аңғардым, сондықтан майорға сіз бекер казак-орыстарға қазір есікті сындырып ішке кір деп әмір етпейсіз, өйткені істі оның есі кіргеннен гөрі, осылай есі кірмей тұрғанда бітіру дұрыс қой дедім.
Сол кезде кәрі жасауыл есікке келіп, оның атын атап шақырды.
— Ә, — деп ол жауап қайырды.
— Кінәлы болыпсың, Ефимыч інім, ендеше не амалың бар, бағына қой, — деді жасауыл.
— Бағынбаймын! — деді казак-орыс..
— Құдайдан қорықсайшы! Сен оңбаған чешен емессің, адал християнинсің ғой. Күнәға батқан екенсің, не істейсің енді: жазмыштан қашып құтыла алмайсың!
— Бағынбаймын! — деп айғайлады айбат шегіп казак-орыс, сүйтіп тапанша шаппасын қайырып жатқандығы сезілді.
— Ей, жеңгей! — деді жасауыл кемпірге, — балаңа айтсайшы, мүмкін сені тыңдар... Бұл тек құдайдың қаһарын күшейтеді. Мына мырзалар да екі сағаттай күтіп қалды.
Кемпір оған тесіле қарады да, басын шайқады.
— Василий Петрович, — деді жасауыл, майорға келіп, — ол өздігінен берілмейді, білем ғой оны, егер есікті бұзсақ, көбімізді жайратып кетеді. Оны атуға рұқсат етсеңіз қайтер еді? Терезе қақпағының саңылауы кең.
Сол минөтте менің басымда өрескел бір пікір елең ете қалды, Вулич сияқты өз тағдырымды сынайын деп ойладым.
— Сабыр етіңіз, — дедім майорға, — мен оны тірідей ұстаймын. Жасауылға онымен сөйлесе бер дедім де, белгі бергенімде есікті сындырып, маған көмекке келіңдер деп, есікке үш казак-орысты қойдым, сөйтіп үйді айналып қатерлі терезеге келдім: жүрегім қатты соғып кетті.
— Әй, оңбаған-ай! — деп айғайлады жасауыл, — сен немене, бізді мазақ етпексің бе? Немесе саған әліміз жетпейді дейсің бе? — Ол бар күшін сала есікті ұра бастады. Мен казак-орыстың қимыл-әрекетін саңылаудан қарап тұрдым. Ол арт жағымнан біреу тиісер деп ойламаған сияқты, кенет терезе қақпағын жұлып алдым да, терезеден еңкейіп ішке қойып кеттім, атылған оқ құлағымның дәл үстінен өтіп, эполетімді жұлып кетті. Бірақ бөлмені қаптаған түтін менің жауымның қасында жатқан қылышын тауып алуына мүмкіндік бермеді. Мен оны қолынан бассалдым. Казактар да лап берді, сөйтіп үш минөттей да болған жоқ қылмыстының қолын байлап, конвоймен жөнелтіп жібердік. Жұрт тарады, офицерлер мені құттықтап жатты, бірақ құттықтайтын да ештеме жоқ еді.
Осындай уақиғалардан кейін сен қайтіп фаталист болмайсың? Бірақ кім білсін, сірә ол бірдемеге нанды ма екен, жоқ па екен? Сондайлық біз кейде сезімнің адасуын, немесе ой-нанымның сәтсіздікке ұшырауын сенім деп түсінеміз... Мен әр нәрсеге шүбәлануды жақсы көремін Менің бұл қағидам мінезімнің өткір болуына бөгет бола алмайды. Қайта мен алдымда не боларын білмесем әрқашан алға қарай батыл ұмтыламын. Расында, өлімнен күшті басыңа келер пәле жоқ қой, ал өлімнен қашып құтыла алмайсың!
Қорғанға қайтып келген соң, Максим Максимычке өз басымнан кешкендерімді және өз көзіммен көргендерімді түгел айтып, жазулы тағдырдың барлығы жайында өз пікірін білдіруді өтіндім. Әуелі бұл сөздің мәнісін түсіне алмады, бірақ мен мүмкіндігімше түсіндіргеннен кейін барып ол маңыздана басын шайқап:
— Иә, — ым, әрине, — ым! Бұл бір тегінде кереметті уақиға екен, ал мына Азия шаппалары, егер жаман майланған болса, немесе саусағыңды жете баспасаң көбіне от алмай қалатыны болады. Шындығын айтсам, черкес мылтығын да ұнатпаймын. Бұлар біздің туыстарға лайық емес сияқты: дүмі кішкене, мұрныңды күйдіріп ала жаздайсың... Ал, шіркін, қылыштарын айтсайшы! Менің жаным сүйеді!
Содан соң ол аз ойланып алып:
— Аяйсың сорлыны... Түнде маспен сөйлесуге оны шайтан түрткілеген ғой!.. Қайтсін енді, туғанда ажалы солай жазылса не шара!..
Бұдан басқа одан мен ешбір пікір қозғай алмадым, бұл кісі, тегі метафизикалық таласты сүймейтін еді.
Соңы
ЕСКЕРТУ
1. Алексей Петрович — генерал Ермолов (Лермонтовтың ескертуі).
2. Бейбіт князь — Ресей өкіметін мойындаған князь.
3. Маған қара сөзбен айтылған Казбич жырын өлеңге айналдырғаным үшін оқушылардан кешірім сұраймын. Әдет деген адамның екінші қасиеті ғой (Л. ескертуі).
4. Гамба, Жан-Франсуа (1763-1833)- француз саяхатшысы, 1824жылы "Ресейдің оңтүстігіне саяхат" деген кітабын шығарған.
5. Le mont St. Ctristophe (франц.) — Кристоф әулиенің таулары.
6. Соловей-Разбойник — орыстың халық ұғымында дию, пері тәрізді жамандықтың бейнесі.
7. Бубси — ұрып ойнайтын музыкалық аспап.
8. Байрон Джордж Гордон (1788-1824) — Англияның көрнекті ақыны.
9. Оказия — Бұл арада "неткен қырсық! " деген мағынада.
10. Кахетинский — Кахетияда жасалатын жүзім шарабының бір түрі.
11. Фигаро — француз жазушысы Бомаршенің (1732-1799) "Севиль шаштаразы" және "Фигароның үйленуі" комедияларының геройы; у тілді, епті, тапқыш малай.
12. Бальзактың отыз жастағы ерке әйелдері" — Атақты француз жазушысы Оноре де Бальзактың (1799-1850) "Отыз жастардағы әйел" деген романы шыққаннан кейін пайда болған сөз.
13. Руссоның өсиеті — "Өсиет" — атақты француз жазушысы және философы Жан-Жак Руссоның (1712-1778) өз өмірінен жазған шығармасы.
14. Миньон — Гетенің (1749-1832) "Вильгельм мейстер" деген шығармасының кейіпкері.
15. Толастаған дауылдың соңғы бұлты "... — А. С. Пушкиннің"Бұлт" деген өлеңінің басқы жолы.
16. gris de регіез (франц.) — жарқырап тұратын ақшыл түс.
17. Соиіеиг рисе (франц.) — қоңырқай түс.
18. Ala moulik — мұжықтарша.
19. "Моп cher, je hais... " — құрметтім менің, мен жұртты жек көргенде оларға лағнет айтпау үшін жек көремін, өйтпегенде өмір өте жек көрінішті фарсқа (жеңіл комедияға) айналар еді.
20. "Je meprise les pemmes... " — Құрметтім менің, мен әйелдерді сүймеу үшін жек көремін, әйтпегенде өмір бір түрлі мелодрамаға айналар еді.
21. "Эндимион — ежелгі гректер мифі бойынша Зевстің баласы, сұлулық пен жастықтың символы.
22. "Френолог — Френологияның маманы; френология — адамның бас бітіміне қарай оның психикалық қасиеттерін білуге болады дейтін жалған ғылым.
23. Мефистофель — Гетенің "Фауст" атты драмалық шығармасындағы сұм шайтан.
24. Рим авгурлері — Көне Римдегі құстардың ұшуы бойынша болашақты болжайтын абыздар. Көне Римнің атақты шешені және мемлекеттік қайраткері Цицеронның (біздің жыл санауымызға дейінгі 106-43 жылдар) айтуы бойынша авгурлер бірімен бірі кездескенде адамдардың жоққа иланғыштығына күлетін болған.
25. Платондық махаббат — Ерлі-зайыпты болу сияқтыларды ойламайтын, таза сезімге ғана құрылған махаббат.
26. fievre lente (франц.) — ұзаққа созылатын, адамды әлсірететін безгек.
27. Денди (ағылшын сөзі — dandy) — өте кербез, сәнді киінетін адам.
28. en puguinegue — қала сыртындағы серуенге.
29. "mon Dieu, и in cirassien!.. " (франц.) — Құдай-ай, черкес!
30. "Ne craignez rien, madame... " (франц.) — Қорықпаңыз, сударыня, мен сіздің жігітіңізден қауіпті емеспін.
31. Ресторация — ресторан
32. Фижм — 18-19 ғасырлардағы әйел көйлегінің модасы.
33. "Ciest impayable " (франц.) — бұл шыдауға болмайтын қылық.
34. "Merci, monsieur" (франц.) — рахмет, сударь.
35. "Charmant! delciceux!" — Керемет! Тамаша!
36. "Библиотека для чтения " — 1834 жылдан 1865 жылға дейін Петербургте шығып тұрған журнал
37. Ұлы Александр — Александр Македонский (біздің жыл санауымызға дейінгі 356-323 жылдар).
38. Vis-a-vis — қарсысындағы әйелмен.
39. Бірақ осы екі түрлі кәсіпті араластыруға құштарлар саны өсті тым. Ал мен өзім ондайлардан емеспін" — А.С.Грибоедовтың "Ақыл азабы" комедиясындағы Чацкийдің сөзі.
40. "Ақылдың салқын баққанын, жүректің зарлы болжауы " — А. С. Пушкиннің "Евгений Онегиндегі" арнауының соңғы жолдары.
41. Калейдоскоп — күн сәулесіне қаратып айналдырғанда түрлі-түрлі бояулы бейнелер көрсететін ойыншық.
42. Вампир — Вампир ертегіде көрден шығып, адамның қанын сорады деген аңыз бар.
43. Померанец — тропикалық Азиядағы қысы-жазы көгеріп тұратын ағаш; жемісінің түсі сап-сары, ащы болады.
44. "Son coeur et safortune... " (франц.) — өзінің жүрегі мен байлығын.
45. Чепчик — сол кездегі әйелдердің жатарда басына киетін жеңіл киімі.
46. Вальтер Скотт (1771-1832) — ағылшын жазушысы, көптеген тарихи романдардың авторы.
47. Архалук — тамағынан ілгектеп қоятын азиялық еркектер желеңі.
48. "Юлий Цезарь, (біздің жыл санауымызға дейінгі 102-44 жылдар) — Римнің атақты қолбасшысы және мемлекет қайраткері; Сеаттың мәжілісінде отырғанда қаскүнемдер өлтірген. Өлтірілетін күні Цезарь сүрініп кеткен екен деген қауесет тараған, бұлжаман ырым деп шешкен.
49. Finita la comedia! (шпал.) — комедия бітті.
50. "... Ватерлоодан қайтқан Наполеонша ұйқыға кетті. " — Ватерлоо түбіндегі соғыста 1815 жылы Наполеон жеңіліске ұшыраған.
51. Бриг — екі мачталы желкенді кеме.
52. Фаталист — адам тағдыры алдын ала жазулы тұрады, оған қарсы күресуге болмайды деп жазмышқа сенетін адам.
53. Бостон — өткен ғасырдың бірінші жартысында кең таралған карта ойынының бір түрі.
54. Pro немесе Contra (лат.) — қостайтын немесе қарсы.
ТҮСІНІКТЕМЕ
Біздің заманның қаһарманы
Лермонтов шығармашылығының шыңы болып саналатын бұл роман 1837 жылдан жазыла бастаған. Ақынның бұл прозалық шығармасы, орыс әдебиетіндегі алғашқы әлеуметтік-психологиялық және философиялық роман. Заман қаһарманы туралы идея Лермонтовтың алдына күрделі көркемдік мәселелерді қойды. Олардың бірі — жанр мәселесі. Сыншылардың атап көрсеткеніндей, Лермонтовтың бұл шығармасы 30-жылдардағы орыс әдебиетінде кең тараған повестер циклі, осы кездегі жолжазба очерк бекзадалар хикаясы, кавказ новеллалары сияқты ұсақ жанрлардың бірігуі түрінде туған роман деуге болады.
Кейбір болжамдар бойынша ең әуелі "Тамань" хикаясы жазылған. Соның ізінше "Фаталист" дүниеге келген (П.С.Жигмонт). Ал, енді бір пікірде "Фаталист" "Максим Максимычтан" кейін жазылған (Б.Эйхенбаум). "Тамань" роман құрамына енген ең соңғы хикая (Э.Герштейн). Романның ең алғашқы нұсқасында оның құрамындағы хикаялардың бастауында "Бэла" тұрды. Одан кейін ретімен "Максим Максимыч", "Княжна Мери" орналасқан. "Бэла" мен "Максим Максимыч" бөлімдерінің "Офицер жазбаларынан" деген ортақ атауы болды. Бұлар романның бірінші жалпылама кіріспе бөлімін құрады. Романның негізгі "Княжна Мери" бөлімін кейіпкердің "ағынан жарылуы" десе де болады. 1839 жылдың тамыз, қыркүйек айларында романның барлық тарауларын шимай жазбадан негізгі дәптерге кейбір түзетулермен көшіріліп болды. Жұмысты жазудың осы сатысында роман құрылымына "Фаталист" тарауы енгізілді. Романның осы нұсқасы "Ғасыр басындағы ("Біздің ғасырдың" болуы да мүмкін) бір қаһарман" болып аталынды және "Бэла", "Максим Максимыч", "Фаталист", "Княжна Мери" хикаяларынан құралды. Роман бұрынғыша екі бөлімге бөлінді: бірінші бөлімі — әңгімеші офицер жазбалары, екінші бөлім — қаһарманның жазбалары түрінде берілді. "Фаталисті" қоса айтқанда, екінші бөлім терең философиялық мәнімен ерекшеленді. 1839 жылы Лермонтов "Тамань" хикаясын қосып, романды аяқтады. Философиялық мазмұнына сәйкес "Фаталист" бөлімін "Таманьнан" кейін орналастырды. Осы нұсқасында "Печорин журналы" атауы пайда болды. "Максим Максимыч" тараушасын аяқтап, "Жазбаларға" көшерде автор "Печорин журналына" арнайы алғы сөз жазды. Сөйтіп роман "Алғы сөз" бен "Журналды" қоса есептегенде, алты бөлімге жетті және "Біздің заманның қаһарманы" атты ақырғы атауға ие болды.
Романның бірінші басылымы 1840 жылдың сәуір айында жарияланды. 1841 жылдың басында жарияланған екінші басылуында Лермонтов жалпы романға алғы сөз жазды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі