Өлең, жыр, ақындар

Абай мұрасы - мәңгілік мұра

Абай - қазақтың ұлы тұлғасы. Ол  адамдық, парасаттылық сынды адами қасиеттер мен оқу-білімнің, өнер-ғылымының  шыңына жетелеуші биік тұлға. Адамдықтың жыршысы. Біз Абайдан іздегеніміздің барлығын таба аламыз. Абайды ешкіммен, ештеңемен теңестіруге келмейді. Себебі, Абай  толық  адам. Толық адам дегеніміз кім?Толық  адам- сол адам деген атқа лайық жан. Абай сөзімен айтсақ, бойында  адамгершілік, парасаттылық, мейірбандық, сабырлылық, қанағатшылдық, тапқырлық, адалдық пен еңбекқорлық сияқты ізгі қасиеттер жинақталған дара тұлға. Саналы өмірінде өз заманының  жоғын жоқтаушы ғана емес, дәл қазіргі біз өмір сүрген қоғамның  тәрбиелеушісі, адастырмас  жол басшысы, дұрыс бағыт-бағдар  беретін бағдаршамы.

Абай атамыз қай  ғасырда өмір сүрсе де оның шығармалары  мен  қара сөздері, өсиетке толы өнегелі өмірі  қазіргі таңда, алдағы уақытта да  маңызы мен құндылығын жоғалтпақ  емес. Абай шығармаларына  үңілер болсақ, ұлы далада өмір сүрген қазақ халқының бар болмысын, тұрмыс-тіршілігін, ұлтымыздың салт-дәстүрін, жан-дүниесін тереңінен түсінеміз. Абай туындыларынан елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын  жүрегімізбен сезінеміз. Қазіргі  Тәуелсіз Қазақстанның жарқын да жемісті болашағы  тек білім мен ғылымда екеніне сөзсіз көзіміз жетеді. Ғылым мен білімді толық меңгермейімізше, биіктерді бағындыра қоюымыз  екіталай екенін  Абай атамыз сол кездің өзінде-ақ түсіндіріп кетті. «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге»деген өнегелі өсиетімен  қазіргі қоғамның түйін шешуге жол сілтейтін  құнды дүние тек білмекке ғана құмарлық екендігін түсіндіріп кетті. Себебі, ХХІ ғасыр білім  мен  ғылымның ғасыры. Күн сайын көз ілестірмес жылдамдықпен дамып  келе жатқан қоғамда көшке ілесіп, алға жылжуымыз үшін білімге ден қоюымыз  керек екенін Абай атамыз о бастан  өсиет етті. Сондықтан қазіргі қоғамда еркін , басқа мемлекеттермен тереземіз тең болуы үшін Абайды оқып, Абайды тануымыз қажет. Абайды тану арқылы біз өзімізді танимыз. Адамның өзін-өзі тануы, үнемі ізденіспен жұмыс жасауы-кемелдіктің белгісі екені анық. Абайдан алар дүниеміз ұшан теңіз. Халқымыздың заңғар жазушысы , Абай әлемін  бүкіл әлемге таратушы кемеңгер Ұлы тұлға Мұхтар Әуезовтің өзі  «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім»  десе, біз сол дарияның тереңіне де әлі бойлай алмай жүргеніміз, өкінішті. Жастар бойында   әлі де енжарлық, салғырттық, бос күлкішілдік , масылдық  сынды жағымсыз қасиеттер әлі де баршылық. Ұлтымыздың болашағын ойласақ, өмір жолымызды  бір арнаға түсіріп, түзу жолды көздесек, Абайды  атамызды оқудан жалықпайық!

Ұлттық құндылығымызды  дәріптеп, бағалай білу қазіргі қоғамдағы ең маңызды мәселе. Сол құндылығымызды аяқ асты етсек, Абай  атамыздың арман еткен халқының  болашағына  немқұрайлы қарағанымыз емес пе?!Cоғысып, атысып-шабысып, мертігіп жатпасақ та, қазіргінің соғысы санаға бағытталғандай. Батыстың буына еріп, ел ертеңі деген болашақ  жастарымыз саналарын улап, еліктеп тілін, дінін ұмытып жатқандары қаншама?!Сол  қастерлі тіліміздің, ұлттық құндылығымыздың  сақталуы үшін Абай атамыз бар  саналы ғұмырларын  арнады емес пе?Қаншама елдердің  тарихы  мен  тілін  үйрене жүріп, халқының мәдениетін көтеруді мақсат етпеді ме?Қалың елі қазағының көкірек көзін оятып, санасын білім мен ғылымға бұруды   армандамады ма? Тек білім, ғылым үйренумен  ғана қазақ деген халықтың мәдениеті мен санасы өсіп, қараңғылықтан құтылатына  кәміл сенді емес пе? Абай өз заманындағы жастарға сенбесе де , болашақ  ұрпақтың жастарына үлкен сенім артты  емес пе?Сол сенімді ақтау біздің, яғни жас ұрпақтың азаматтық парызы . Сондықтан Абай атамыз салған тура жолдан  таймай, адами қасиеттерді жоғары  ұстап  ұлтымыздың болашағын ойлайтын кез келді. Ұлтымызды дәл Абайша сүйіп, «Әр қазақ менің, жалғызым»дейтіндей  ұлтжанды азамат болғанымыз жөн.

Елбасымыз Н. Назарбаев халыққа жолдауында: «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз», - деді. Бұл аталы сөздің терең мәніне үңілсек, ұлылар үлгісі арқылы жас ұрпақты тәрбиелеп, Егемен еліміздің ілгері дамыту мәселесі де алдыға шығатыны сөзсіз. Сондықтан  да, Абай атамыз нұсқаған жолды таңдасақ, өмірлік бағытымыздан адаспай, адам деген ардақты атқа лайық боларымыз анық. Қоғамдағы бұлтарысы  қиын жолда дұрыс-бұрысын сараптай білуге  шақыратын  тек Абай әлемі. Барымызды бағалап, Абай әлемінен  үйренуден жалықпайық!

Асыл мұрамызды  қадірлеп, қастерлесек ғана еліміздің керегесі кең, елдігі биік, «Мәңгілік ел» болары анық!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз