Адам байғұс, оған сондай сана берілгеннен кейін, белгілілерден белгісіздіктерді іздеп шарқ ұрады. Тарихты қарайды, пәлсәпа оқып ойланады, дінге үңіліп оңай жол іздейді. Физикалық ілімдерге назар салып, салыстырады. Көңілі бүгін ескенімен, ертең басқаша еседі. Анау айтты деп оған ереді, оған қарсы терең пікірді басқа данадан оқығанда тағы ойланады.
Әділетсіздік деп ұмтылып, әділеттіліктен аттайды. Мұнысын ақылмен ақтайды. Көңілмен даттайды.
Өзінің не іздеп жүргенін шын мәнінде ұқпай дал болады. Жақсылыққа ұмтылып, жамандыққа тұтылады. Жақсылыққа ұмтылысы жақсылықпен астасса шаттанады. Онысына және тоймайды. Бағытына қарасаң, өзіне белгілі әлемді аңсайды, онысы белгісіздікке ұласады. Бәрі шатаса бастағанда, белгілерден белгісіздігін іздейді. Оны өз орнымды табамын деген көңілдің ниетімен тапқан болады.
Шынында, ол өз орнын тапты ма?
Іздеп жүргені материалдық па, әлде материадан тыс па?
Бірақ бірнәрсе іздеп жүргені рас. Растығын жүрегіне үңіліп байқағандай шаттанады. Бір «нәрсені» іздеп жүргенін сезеді, бірақ білмейді. Білгенге, тапқанға ұқсатады. Ұқсатқан бойда, материясы мен өзіне белгісіз рухынан қайнап шыққан ойлар тағы да жетелеп, жөніне әкетеді.
Уақыттың тоқтаусыз жолымен жортады. Уақыттан түсіп қалайын десе, өмірі, бала-шағасы, ортасымен уақыттың "атына" тағы да мінуге тура келеді. Себебі, ол уақыттың атына ар-ұяты, ақылы, нәпсісі мінгізбей қоймайды. Шіркін, осы уақыттың атынан бір түсіп, "демалсам ғой шіркін" деген ойлар мәңгілікке қайтқанша мазалайды.
Сұлу жаратылыстарға қарап нұрланады, жақсы әуенге елегзиді, тәттілікті татудан тамсанады, жұмсақтыққа рахаттанады, жұпар иістен бір ақиқатты сезінгендей хәлде болады. Ішкі сезімінен келген бір тазалықпен тазаланады. Өзін кінәлайды. Нәпсісінен келген халмен өзгелерге кінә артады. Мұның бәрі неге деп ақылы шіркін тоқтамастан ойланады. Рухы уақыттан қашқанымен, нәпсісі бой бермейді.
Өз бойына үңілсе уақыттан қашып тұрған жалғыз болмысы – «рухы» ғана екен. Уақыттың қысымының жүрмейтін жері де – рухы. Себебі рух уақыттың ұлы емес. Уақыттан тыс.
Ал адамның қалған болмыстары (ақыл, нәпсі (тән) - уақыттың ұлы. Ибн уақыт (Әл-Фараби, Ибн Рушд, т.б.).
Уақыттың ұлы емес тек Рух ғана. Себебі рухтың тұтас шақтары бар (өткен, қазіргі, кейін). Тұтас әрі мәңгілік шақ.
Сонда анық «белгілі» – рух. Қалғандары белгілі білдірткен белгісізсіздіктерді іздеуге құрал болып шыға келеді.
Уақытқа бағынбайтында рухы. Толық тыныштықты беретінде рухы. Себебі рухта атақ, даңқ, пайда, озам, жетем, кетем, бүйтем деген құбылыстар жоқ. Ол бұрыннан бар, қазірде, одан кейінде бар болатынын ақыл арқылы адам пақырға ұқтырып-ақ тұр.
Уақыттың қысымына ұшырап, осыны түсінген Хакім Абай, ақыл мен қайраттың, нәпсінің, басқада адамдағы болмыстардың атқаратын өз міндеті бар дей келе, «егер таңдау керек болса жүректі (рухты) таңдар едім» дейді.
Уақыттың атына мінбейтін жалғыз болмыс, ол - Рух. Шын ойланған жанға рухтың тұтастанып тұрған жалғыз болмысы бар. Ол: «сүю мен Жаратушысы». Мұны да Хакім Абай: «Адамды сүю, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» деп қорытады. Рухты сезіну - уақыттың кемесінен құтылғызар, барлық сұрақтардың бастауы мен соңы.
Тарихтың қандай қабатын ақтарсаңызда, оның орталығы, мәні адам болып қала береді. Бірақ, қай кезеңнің жұртына назар салсаң, бәріде уақыттың қысымынан қашқанын байқайсың. Бұл адамның өзіне белгісіз әлем болса да, адам оны ойлану (ақыл) мен сезіну (жүрек) хәлдері арқылы тануға, білуге, сезінуге, мойынұсынуға мұқтаж болып, біле, сезіне, мойынұсынғандай бола тұра, күмәнданып тұрады. Сол күмән адамды уақыттың қысымына қайтадан итермелейді.
Тарихта данада, қарапайым халықта уақыттың қысымынан қашқан. Мұның сырын уақытқа бағынбайтын әлемдермен тыныстай алатынын ақыл иелері білген. Бүгінгі уақытына бағынбайтын қандай құбылыстар сонда. Ол: тарих, дін, қиялды туындататын өнер секілділер. Себебі адам мына уақытынан басқа әлемге шығып кету арқылы, бұл уақыттың қысымынан құтыла алады. Діндарлар сол үшін өздерін Жаратушыға бағыттаса, кейбір жандар тарихты оқиды. Тарих бүгінгі уақытқа бағынбайды, ол өткен шақ. Дін адам санасын бұл әлемнен алып шығады. Қиялды туындататын мәдениет салалары да солай. Мұның бәрін адам өзі үшін жасайды. Тарих бойы адамзат ақыл -ой мен сезіну күштері арқылы бәрін өздері үшін жасап келеді.
Яғни, адамның уақыттың қысымынан, осы уақытына бағынбайтын танымдармен ғана құтыла алады.
Ойшыл Ибн Араби "Kitâb el‐isfâr an netâicil’l‐esfâr" еңбегінде: «Болмыс қозғалыстан басталады. Сондықтан болмыста тыныштық болуы мүмкін емес. Егер ол қозғалмай қалса, жоқтыққа қайта оралу басталғанын білдіреді" дейді.
Ал, біз тыныштықты тыныштықтан іздеп зар еңірейміз.
Асылында тыныштықтың мәні қозғалыста ашылатындығын Ибн Араби меңзейді. Кейбір ойшылдар болмысыңды ашқанда десе, кейбірі жандүниең қалаған игілікті жолға түскенде адам тыныштала түседі деп меңзейді. Бұдан жандүниеңе ұнайтын жолдар ғана болмысқа тыныштық хәлін сыйлай алатынын сезінесің. Себебі шын мәнінде пенде үшін жолдың соңы мен нәтижесі емес, үрдерісі жан рахатын сыйлай алады. Нәтиже үдеріс барысында келіп-кетіп тұратын құбылыс. Ал, біздің уақытпен санасуымыздың сыры, жолыңды нақты тап баса алмауымыздан секілді. Уақыттың өтпеу мәселесі де осы жерден келіп туындап жатады. Себебі жандүниең өз жолын таппаса, адам пақыр уақытымен айтыса бастайды. Уақытпен санасып, оның рационалды сипатымен жарысады. Хакім Абай, "заман соққан жел" дейді. Өз жолыңды нақ баса алмасаң, жел қуалайтын құбылыссың. Оны және шынайы уақыт деп қабылдайсың. Ал, шын мәнінде уақыт метофизикалық құбылыс. Ойшылдар адамның рухы мен ақылын метофизикалық құбылыс десе, қалайша уақыттың рационалды сипатын ғана тани аламыз. Адам өзінің сүйген жолын тапса, уақытымен санасуды, уақытымен айтысуды доғаратын болмысқа өтетені секілді. Кесірінше, уақыттың рационалды сипатын, өзінің сүйген жолының әсерімен құндылыққа айналдыра бастайды. Яғни, кез-келген материяларға құндылық беру осы жерден басталады. Оны да Абай, "сағаттың шықылдағы емес ермек" дейді.
Біз кейбір ойшылдардың ой қорытқанындай, болмысыңды ашу үшін, жандүниең қалаған жолды дәл тауып алуың маңызды дедік. Ол үшін жүрегіңнің үнінен құлақ асуың ләзім. Сонда адамның бастаушысы ақыл емес жүрек болып шыға келеді. Ақыл жүректің ат қылып мінетін құбылысы. Мұны да Абай, "таңдау керек болса жүректі таңдар едім" деп сипаттайды. Біздің қиналып, уақытпен айтысып, санасып, болмыстық тұрғыда шаршап жүруіміздің өзі болмысымызға қарсы жүзгеннен келіп шығады екен. Яғни, өзіңнің болмысыңа қарама-қарсы жүріп, эмоционалды тұрғыда өзіңді діңкелетіп тынасың. Орта мен ақылдың рационалды сипатының жөн сілтеуімен пайда іздеп, жетектелесің. Содан кейін болмысымызда тынышсыздық хәл көтеріле бастамақ. Болмысымыздағы ол күйді қайтадан тынышсыздық тудыратын әрекеттермен басқымыз келеді. Ол уақытша тыныштық сыйламақ болғанымен, болмыстағы тынышсыздық хәл сол күйі қордалана береді.
Рационалды уақытпен санасып, айтыса бергесін, уақыттың материалды сипаты материалдық қысымымен қыса бастайды. Оны біз уақыттың қысымына ұшырадым деп заң еңірейміз. Ал, оның түпкі бастауы қайда тұр, оған мән бермейді екенбіз. Кейбір жандар уақыттың осы қысымына түсіп қалғанда, мекен ауыстырып басқа мекенге көшу жайлы, іс ауыстыруды ойлай бастайды. Яғни, материядан қашып, материядан тыныштық іздеу құбылысы. Материалдық ойлау құбылысы. Алаңның іштен түртіп тұрғанына назар салмай, оны сырттан іздейсің! Бұл хикметтің сырын Хакім Абай, "Жүрегіңнің түбіне терең бойла, одан тапқан асылды тастай көрме" деп меңзейді.
Адам мәнді қозғалыста тыныштық хәлінде болғандай сезінеді дедік. Сонда мәнді қозғалысты тудырушы құбылыстар қандай құбылыстар.
Болмыс - уақыттың қысымына қарамастан, тыныштық хәлін жандүниенің сілтеуімен қозғалыс арқылы сезінеді деп сипаттадық. Жандүниенің сезіну мен ақылдың ойлау қуаты болмысты қозғалысқа түсіреді. Себебі адам қозғалысқа түсе алмағанынан уақыттың қысымында қалған сипатта болады. Абайша, "тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын".
Сезіндіретін, ойландыратын, қиялдататын құбылыстар арқылы ақыл мен жандүние, болмысты қозғалысқа түсіреді. Ал, қиялдың адамның сезіну мен ойлануға итермелейтін рухани ықпалы, қаншама ойшылдарға тарих бойы сырлы тақырып болды. Ақыл мен қалб (жүрек) іліміне рухани саяхат жасаған ғалымдар, олардың сырларын тап баспай, араларында ғылыми қақтығыс болса да, оларға (ақыл мен жүрекке) керек танымдарды тап басты. Яғни, барлық танымдар адам болмысы мұқтаж. Әрқайсысының болмыста атқаратын өз міндеті бар. Мәселен, баланың қиялын шарықтату үшін ертегі, аңыз айту дәстүрі барлық халықта сақталған. Оның пәлсәпалық сыры ақыл мен ойдың шарықтауы, түйсіктің елеңдеуі дедік. Кез-келген болмыс қозғалысқа тәуелді. Болмыстың өзін ойшылдар қозғалыспен таниды. Яғни, адамның болмысын қозғалысынан танисың. Болмыс (адам) қаншалықты қозғалса, соншалықты оның кеңістігі кеңейеді.
Ақыл (ой) мен жүрек, қиял мен түйсік бұл жерде бір-біріне сүйеніш болып тұр. Ойшыл Ғазали бұл құбылысты: "Түйсік – жүректің көзі. Адам баласы ақылмен ойланып әрі сезініп отырғанда, түйсікті бәрібір қолданады" дейді.
Дегенмен осы құбылысты басынан өткізген рухани даналар сипаты бойынша, ой мен қиял - білімсіз, түйсік - махаббат пен рухтың азап шегуінсіз мәні ашылмайды. Конфуций: "ойланусыз оқу бекер, білімсіз ойлану қатер" дейді. Қалб, жүрек ілімі мен хәліндегі рухани болмыстар жүректің көзі махаббат пен рухтың азап шегуінсіз ашылмайды деп жол қалдырады. Жүректің көзі түйсіктің ашылу құбылысы мен жандүниенің тазару құбылысының нәтижесін Хакім Абай ілімінде: "жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі, кеудедегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі".
Алайда тарих бойы аталған болмыстарды тану мен сезінуді әр адам сезіну мен ақылының шеңберінде анықтап келеді.
Жарас Ахан, «Уақыттың қысымы» еңбегінен үзінді..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі