ӨМІРБАЯНДЫҚ ХИКАЯТ
ЖАМБЫЛДЫҢ АТА ТЕГІ
Жамбыл Жабайұлы (Жапаұлы) осы күнгі Алматы облысындағы Теріскей Алатаудың солтүстік бауырын жайлап қыстаған Шапырашты руының ішінде 1846 жылы февраль айында Хан, Жамбыл тауының атырабында туады. Бұл таулар — Шу өзенінің аяқ жағында бөлек, жеке біткен таулар. Бұл күнде ол таулар Жамбыл облысының Шу және Көктерек ауданының көлемдеріне кіреді. Хан, Жамбыл таулары жайында ел аузында толып жатқан ертегі, аңыздар бар. Жамбыл деген сөз — қытай тілінде қорған деген сөз. Таудың аты ертедегі қытай келіп осы Алатау атырабын, Шу өзенінің бойын, Балқаш жағасын мекендеп билеп тұрған кезде солар қойған ат екен деседі.
Жамбылдың әкесі Жапа Жамбыл туатын кезде Дулат руының ішінде Жаныс деген атасының сол уақыттағы білікті адамы Әтекей деген бай жуан адамның ауылының қасында болады. Жамбылдың туған кезінде бір үлкен оқиғадан Жамбылдың Шапыраштыдан бергі аталары Екей руы бытырап, әркімге қоңсы болып жүрген кезі еді.
Жапа, Жадыра, Қазыбай және Мәйке — Ыстыбай балалары, бұлардың қай-қайсысы болсын өз тұсындағы жауынгершілік кезде аламаншыл атқа мінер, жортарман мықты жігіттер болады. Өздерінің өнерімен Әтекейге жағып, соның мықты жігіті болады. Жапаның, Жадыраның өз бастарындағы жеке әңгімелеріне кейінірек тоқталатындықтан, бұл жерде Жамбылдың ата жағын қысқа тарата кетеміз.
Жапаның әкесі Ыстыбай жай момын шаруа болыпты. Оның әкесі Байтөбет о да момын кісі болған. Байтөбет екі қатын алып, оның тоқалынан Ыстыбай — Жамбылдың үлкен әкесі, бәйбішесінен Бұғы, Марал, Бәйіт туады. Байтөбеттің әкесі — Сәдібек, одан бес бала болған: Байтөбет, Алтыбай, Жетібай, Толыбай, Ырысбай. Сәдібектің әкесі — Сопақ, одан Сәдібек жалғыз туады. Одан Жамбылдың төртінші атасы Таңатар, Сопақ туады. Сопақтың әкесі — Өтеп, бұл — Жамбылдың бесінші атасы. Өтептің әкесі — Бертіс, одан бесеу туады. Өтеғұл, Өтеп, Солағай, Кәдіршік және Текеш. Бертіс — Жамбылдың жетінші атасы. Бірінші қатынынан Ақтөбет, Бертіс, екінші қатынынан — Баянай. Бәйбішеден туған Ақтөбет, Бертіс тұқымы бәйбіше аталады. Осы күнге дейін ел арасында бәйбішенің баласы, үш тоқал десіп келеді.
«Қисыбай, іс істедің ебін таппай,
Үш тоқал болыс болды атпай, шаппай.
Күртібай үш тоқалға еріп кетті,
Адасқан ай жарықта ақ боз аттай»,
деген өлеңі Жамбыл осы Жерімбет балаларының кейінгі кездегі қандай жікке бөлініп, кім аталғанына толық дәлел. Күртібай — бәйбіше баласы, Жамбылға аталас. Бұл бір партияда Жамбылдардан бөлініп үш тоқалдың байлығына сатылып шығып кетеді де, болыстық үш тоқалда қалады. Содан барып үлкен жанжал болып, сол жанжалда Жамбылға да таяқ тиеді. Содан барып татуласқанда Жамбыл осы өлеңді айтқан.
Жәрімбеттің әкесі — Екей. Ол екі қатын алған. Оның бәйбішесінен — Жәрпімбет. Бұл — Жамбылдың сегізінші атасы. Бейімбет екінші қатынынан Әнет, Жиет туады. Бұлардың шешелерінің аты Алтынай деген кісі екен. Ол кісі мұрнына зере салады екен. Сонан абысындары «бұйдалы келіншек» деп атап кеткендіктен, кейінгі Әнет, Жиеттің тұқымдары бұйдалы атанып кеткен.
Екейдің әкесі — Малдыстық, бұдан — Еміл, Екей. Бұл — Жамбылдың тоғызыншы атасы. Малдыстық — Шапырашты баласы. Шапыраштыдан үш бала туады: Малдыстық, Желдыстық, Қылдыстық. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе, Малдыстықтан — Екей, Еміл дедік. Желдыстықтан - Айқым, Қылдыстықтан — Асыл, Шыбыл. Осы бесеуін Ұлы жүз ортасында «бұрын бес жан Шапырашты» деп те атап келіпті. Шапыраштының әкесі Жалмамбет. Оның Мапыраш деген бәйбішесінен Шапырашты жалғыз. Бұл Жамбылдың он бірінші атасы. Екінші әйелі Қарашаштан Ысты, Ошақты туады. Ұлы жүз ішінде бұл үшеуін үш таңбалы десіп келеді. Бұл жөнінде Ошақты руынан Майкөт ақынның Сарыбай асына келгенде айтқан өлеңі: «Үш таңбалы болғанда таңбамыз бір» дейтіні осыдан.
Жалмамбеттің әкесі — Бәйдібек. Бұл — төрт ақын алған кісі. Бірінші қатынынан Қалша, Жақып, одан Сары Үйсін тарайды. Екінші қатыны Зеріптен Жалмамбет. Бұл Жамбылдың он екінші атасы дедік. Үшінші қатыны — Домалақ. Одан Жарықшақ, Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат үшеуі тарайды.
Мінекей, Жамбылдың арғы тегі Ұлы жүз ішінде Шапырашты болып аталады. Дулат пен Үйсінге 14-15 атадан барып қосыламыз дейді ел аңызында. Бәріміз бір Бәйдібектің баласымыз десіп келеді. Жамбылдың бергі жердегі аталары жайында онша көп ерекше әңгіме кездеспеді. Ал Жамбылдың он бірінші атасы Шапырашты туралы ел аузындағы бір әңгімені айта кетпей болмайды.
Бәйдібек деген кісінің төрт қатын алғанын жоғарыда айттық. Екінші қатыны Зеріптен Жалмамбет деген баласы жалғыз туады. Осы Жалмамбет ер жетіп жылқы бағып жүрген кезінде, Бәйдібек отардағы жылқы қосына келіп жылқы аралап қайтады. Баласының малдың жайын білген естілігіне көңілі толып, енді тәуір жерден қыз әперіп, үйлендіруді ойлайды.
300 жылқы матап беріп, Қызылбидің қызын Жалмамбетке алып береді. Қыздың аты Мапыраш екен. Келген жылы екіқабат болып, бір ұл бала табады. Бала жерге түсісімен, Бәйдібек алғызып көреді. Бала бір көзін қысып, бір көзін ашып және бір қолына қан шеңгелдеп туған екен. Баланы көріп: «Малым төленген екен, аты Шапырашты болсын» депті. Міне, баланың аты Шапырашты қойылған себебі осыдан дейді.
Бала туғаннан кейін, көп ұзамай Мапыраш өледі. Жалмамбет Қызылбидің кіші қызы Қарашашты балдыздай алады. Одан Ошақты, Ысты туады. Шапыраштыны Қарашаш асырап өсіреді. Шапырашты аса батыр, мықты болды. Бәйдібектен тараған Үйсін, Дулат, Албан, Суан, Шапырашты, Ысты, Ошақты руларында Шапырашты тұқымынан батыр өте көп шыққан. Жамбылдың он бірінші атасы жайында осындай аңыз бар. Онан бергі аталарында ерекше бұл сияқты әңгімелер кездеспейді. Бірақ Екеймен бірге туған Еміл руы, кейіннен Есқожа аталған елден батыр Шетен сияқты мықты кісілер көп болған.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі