Өлең, жыр, ақындар

Жамбылдың ең алғашқы бір айтысы

Жамбылдың ұсақ-түйек өлеңдерінен бөлек алғашқы ауызға ілінген жері — Сайқал деген қызбен айтысқаны. Бұл қызбен Жамбыл Талас бойында кездеседі.Сайқалдың атын естіп, Жамбыл бір тойда әдейі іздеп барады. Жамбылдың сол елге келіп өзімен кездесуге ізденіп жүргенін біліп, қыз да әзірленеді.

Қыз отырған үйге Жамбыл баса-көктеп кіріп келеді, қыз Жамбыл екенін біліп, жалаң аяқ көк сауыр кебістің басын іліп отыр екен, көсілген аяғын жимай өлеңдетіп қоя беріпті.

«Жіп айыл, құр құйысқан, киіз терлік,
Япыр-ау, бір соны елді жаңа көрдік,
Жиылған ақсақал мен бозбалалар,
Қалайша бұл Жамбылға жауап бердік?»,

депті.

Жамбыл отыра беріп:

«Арқаның жардай болар сары нары,
Кетпейді Алатаудың жазда қары.
Істікке шанышқан сирақтай құп-қу қылмай,
Қуартпай табаныңды тартсаңшы әрі!», —

дейді. Екеуі көп айтысады. Аяғында қыз дарақы әдепсіз өлеңге барады. Одан Жамбыл да аянбайды. Бір кезекте қыз:

«Ей, Жамбыл, көйлегім көк, дамбалым көк,
Кел дағы, жақсы көрсең, к.....ді өп,
Өп дегенге бұл Жамбыл өліп кетті,
Анық өпсін, қарап тұр, жиылған көп», —

депті.

Сонда Жамбыл:

«Ей, Сайқал, көйлегің көк, дамбалың көк,
Ұяты жоқ қыз сөзі келеді тік,
Бұрын өпсе к....ді ағаң өпсін,
Бір жырыққа бір жырық келеді дөп».

дейді.

Өйткені қыздың ағасы жырық екен. Қыздың ағасы ашуланып, жанжал шығарады. Қыз сөз айта алмай бөгеліп қалады. Қыз жеңіліп, Жамбыл жол алады. Жамбылдың атағы елге жайылып кетеді. Бұл айтысты ел жаттап әкетеді.

Мұны айтқан Аманқұл Жолдыбай баласы — Амангелді колхозында, қазірде жасы алпысқа келіп қалған адам. Бұл кісі: «Шубай деген кісінің айтқанынан ұқтым, Шубай ойыннан өлең шығаратын адам еді», — дейді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз