Жамбылдың жасы 50-дің ішіне кіріп, егде тартып келген кезде 87 жасында әкесі Жапа қайтыс болады. Онда орташарақ дәулеті бар Жапаның балалары әкені жөнелтіп, Жапа қайтыс болғанның артынан екі жылдан соң Жамбылдың ағасы Тәйті Меккеге кетеді. Тәйті Меккеге жүрместен бұрын Жапаға ас береді.
Еншісі Бөлек Тәйті әрі Меккеге барамын деп жиналып жүрген кезі болады да, асқа көп мал шығармайды. Қолындағы малын Жамбыл да көп ұстамайды, ас онша үлкен болмай, тек ауыл арасындық болып өтеді.
— Сойғаның Жәпекеме жауыр сары, Ac берді деп жиналды елдің бәрі.
Асқа келген кісіге eт жетпей қап,
Жамеке, төгілді ғой беттің ары.
Жәпекеме сойғаның соқыр сары aт,
Сәдібегің жеп қойды иттей талап.
Биыл құлын ер жетіп aт болғанша
Кеткеніміз осы ғой соған қарап.
Жасыңнан-ақ атандың ақын Жамбыл,
Бұл күнде атың шығып болдың даңғыл,
Тірнектеп жиған малынан Жәпекеме
Бір дүбір қылмадың ғой тәңір алғыр, —
деп, Қисыбай Жамбылға жанынан тие өлең айтқаны осы аста.
Меккеге біреу барса,
Шыбыл барсын,
Шыбылдан басқаң барсаң, шығындарсың.
Көбінің өлгендердің жиып алып,
Барғанда қияметке шырылдарсың, —
деген өлең бүкіл ел аузына жайылып кетеді. Шыбыл руына бедері кетпейтін таңба тәрізді болып басылады.
Біз жоғарыда айттық, Жамбылдың бір алып қашқан келіншегі Шыбыл руының жесірі екен деп, сол келіншекті қайтып алған, оның үстіне жолында қаза болған мына ағасының ақшасы мен киімін бермеуі Жамбылдың Шыбыл руына ащы өлеңдер айтуына себеп болған көрінеді.
Осы Шыбыл руының Кеңшат деген бір байы әрі болыс, өте сараң кісі екен. Жамбыл бірнеше жерде өлең айтып, Кеңшат мәз өнімді еш нәрсе бере қоймапты. Ұзынағашта елдің бір бас қосқан тобына Жамбыл келсе, Кеңшат та келіп тұр екен, сонда Жамбыл Кеңшаттың қасындағы бірсыпыра адамдарға өлең айтып жырлап келіп:
«Төрт асылдың баласы төрт құлаңты кемедей,
Арасында Шыбыл жүр өрт сөндірген немедей», —
деп, Шыбыл руының әрі аз, әрі қоныс ала алмай кіштімтайлы болып қалғанын айтып Кеңшатты жерлейді. Кеңшат Жамбылдың өлеңінен қорқып, сол жерде бір аттың ақшасын беріпті дейді.
Сарыбайдың баласы Қисыбай болыс болып тұрғанда, Шыбыл руынан орысша оқыған Иса Тергеусіз баласы тілмаш болады.
Қисыбай Жамбылмен ете жақын болған. Жиын болғанда, ел аралағанда Қисыбай Жамбылды қасына кеп ертіпті. Бірде Жамбыл Қисыбай үйіне келіп отырғанда, Екейдің біреуі тілмаштан бас белет (паспорт) сұрапты. Онан бұрын да осы тілмаштың ел арасынан пара алғанын Жамбыл есітіп жүреді екен.
Осының артынан Жамбылдың ағасы Тәйті Меккеге баруға қамданады, Жамбылмен ақылдасып жол қаражатқа салмақ салады. Жамбыл қолындағы малынан сатып ақша беруге қимай, қырғыз асып кетеді. Сонда барып өлең айтады. Сол жылы қырғыздың арғы алыс шеті (қазіргі Қарақәлуезі) Қошқарға дейін кетіп қалады. Бұл уақытта қажылардың жүретін кезі таянады. Тәйті асығады, Жамбылды іздетіп кісі шаптырады. Жамбыл осы жолы қырғыздың көп елін аралап мейлінше танысады. Қырғыз еліне де аты шығып, абыройы асады. Әсіресе Жамбылдың айтуынан Сүйінбайдың Тезекке барған жерін өте қызықтап көп айтқызыпты қырғыздар. Онан соңғы қырғызға өте қызықты болған Сүйінбай мен Қатаған айтысы екен. «Менің өз ақындығымды қойшы, қырғызға мені таныстырған осы Сүйінбай өлеңдері ғой», — дейді екен Жамбыл өзі (Өмірзақ айтуынан).
Тәйті Меккеге барған жерде өледі. Тәйтінің баласы Сәтіш 7 жасында мал-мүлкімен Жамбылға қарап қалады. Тәйтінің ақшасын, киімін өзімен бірге барған Сауырбай деген қажы ие болып алып, бірақ мұнда қайтып келген соң Жамбылға бермейді. Меккеге барған қажылар бір ғана Шапырашты руынан емес, Дулат, Үйсін руларынан болады. Солардан барып сұрап, ағасының ақшасы мен киімін Сауырбай алғанын біліп, Жамбыл даулайды.
Сауырбай Шыбыл руынан барған қажы екен. Қажымызды ұры деді деп Шыбыл руы қызып, бұл көп сөз болады. Бірақ басқа қажылар мойнына қойып, Сауырбайдан ағасының киімін, ақшасын өндіріп алады.
«Болысқа жолдас болды песір деген,
Жігітке қарамайды кесір деген,
Екейді қаңғып келіп Шыбыл жеді,
Құдайдың уақыты шығар жесін деген», —
деп сықақтайды.
Бұл әңгімелерді айтқан — қызыл әскер колхоздың мүшелері Тұрсынбек, Жаңаоспан деген ақсақалдары.
Жамбылдың бұл өлеңдері, әрине, бір уақытта ғана айтылмаған. Мүмкін, біреуі жасырақ кезінде, біреуі ұлғайыңқыраған кезде болуы.
Жамбылдың Шапырашты, Дулат табынан түсіп тағы бір көзге көрінгені былай: Тайторы руынан шыққан Сәке деген кісі өте қадірлі адам болады. Сәкенің өзі болыс болып, бұрын бытырап кеткен аз ата Тайторының басын қосып, Жиренғайыр өзеніне әкеліп орналастырыпты. Тегінде, ол жер өздерінің ата қонысы екен. Есқожа руынан шыққан Мырзабек, Кәшке сияқты жуандар өздеріне зорлық істеп қоныстарын алып қояды. Сол қонысты Сәке айтысып жүріп алады.
Сол Сәкенің ағасы Садырбек деген кісі өліп, соған ас береді, қонақ алады, даяшы болып қызмет істейді.
Осы аста Жамбыл Сәкенің қасына еріп Садырбекті жоқтап жыршылық етеді. Асқа қырғыз Шәбден, дүнгеннен Бұлар батыр келіпті. Қасына қару-жарағы бар он жасауыл ертіп, әнші, жыршымен келіпті.
— Садырбекке aт шапты,
Суықтөбе баурында.
Қырғыз, қазақ бас қосты
Сәке болыс аулында.
Қатарлап үйді тіктіріп,
Қамбалап қазан қайнаттың.
Желілеп бие байлаттың.
Сауын айтып ас беріп,
Ақындарды сайраттың.
Атаңа зорлық көрсеткен
Мырзабек пен Кәшкенің
Басына таяқ ойнаттың, —
деп жырлаған Жамбыл осы аста. Бұл жырды бізге айтқан — Мұстафа Дөненұлы деген кісі. Ол қазір Қоғамшыл колхозында, жасы 1944 жылы 56-да. «Бұл аста мен 13-14 шамасында едім», — дейді. Бұл аста Жамбылдан басқа да көп ақын болды, бірақ Жамбылды Сәке өте қадірлеп өз қасында ұстайды. Және алыстан келетін сый кісілердің алдынан Жамбыл барып жыр айтып әкеліп түсіріп отырды дейді.
Бұл асқа аса Бөлек салғанатпен келген кісі Сәкенің Райым деген інісінің Ырғайты еліне (бұл Дулат елі бұрын Пішпекке қараған ел) ұзатқан Гүлшаш деген қызы болыпты. Қыздың барған жері де аса бай жер болса керек. Күйеуі Ұрақ Ноғайбай баласы деген өте сері жігіт екен. Асқа келгенде Гүлшаш қасына екі қыз ертіп, 8 жігіт ертіп, өзге елден Бөлек келген.
Екі қыз бен Гүлшаш үшеуі көмірдей үш қара кек арғымақ мініп келген. Ал сегіз жігіт бір түсті ылғи ала аяқ қара ат мініп келген. Сегіз жігіттің басына кигендері сары мақпалмен тыстаған қара бұйра бөрік, үстеріне қара мақпалдан бешпет киген.
Гүлшаш өзі басына шеттігін маржанмен желбіршектеген ақ күндік салып, шашының ұшына ылғи ақ меруерт тізіп, сексен тал ғып өріп, үлде мен бүлде киіп және бастарына қол шатыр ұстап кепті.
Гүлшаштың алдынан түстік жерден шығып жыр айтып алып келген. Оған да барып жыр айтқан Жамбыл болған.
Жамбылдың осы аста айтқан жыры ел аузында жатталып, әсіресе Тайторы сияқты аз ел Мырзабек, Кәшкелерден теңдік алдың деген жерге өте арқаланып және Гүлшаштың сәнді келісін келістіріп айтуы елге ұнайды. Ac сегіз күнге созылыпты. Екі күндей балуан күресі болып қырғыз, қазақ болып күресіп, бас палуан сол Тайторы руының өзінен шыққан Дарыбай Шымырбай баласы шығып, сайысқа қырғыздан Тістеуік Сайысшы қазақтан тағы Тайторының өзінен Оразалы деген шығып, о да Тістеуікті түсіріпті.
Қасқарау руынан келген атақты Ноғайбайдың күрең аты бас бәйгені алыпты. Бар бәйгені ас берген рудың өздері алғанына Тайторы руы аса ырым етіп қуанса керек.
Сонда жасы 80-ге келіп қалған Салғанат деген бәйбіше (Қоржымбай деген кісінің әйелі):
«Телекең мен Жүзекең
Сәкеге жақын ақылды.
Сол үшеуің бір тұрсаң,
Ит қаппайды тақымды, —
депті.
Бұл Салғанат айтқан сөз де күні бүтін мәтел болып қалыпты. Өстіп тату тұрсаңдар, бар бәйге өзіңдікі болады дегені болса керек. Салғанат жөнінде ел аузында кеп әңгіме бар көрінеді, біз көп кездестірмедік. Осы Салғанат айтқан көңілі мынау екен:
— Аққу ұшып көлге кетті
Ақ сұңқар ұшып шөлге кетті,
Балаңызға, батыр Сәке, қайғырма,
Бәріміз баратұғын жөнге кетті.
Қайың едің, қайыспа,
Болат едің, майыспа,
Арғымақ болдың ардақты,
Тай, құнанмен енді жарыспа! —
депті. Бұл сөз аста үлгілі сөз болып, Сәкеге ел Салғанат бәйбіше айтқандай деп тоқтау айтыпты, мен де сондықтан қосып отырмын. Әйтпесе Жамбыл тарихына басқа байланысы аз.
Ел аузынан көбінесе сақталып қалатын сөз осы сияқты жиында айтылған сөз ғой. Жамбылдың ауызға ілінген бір кезеңі осы ас сияқты. Бұл ас Жамбылдың 40 жас шамасына жаңа келген кезі көрінеді. Жамбыл осы аста бір ғана өзі тұстас ақындарды ғана емес, Салғанат сияқты аузы орамды, сөзін тақпақпен ел көкейіне қондыра айтатын ақ шашты шешен бәйбішені көрген, оны да өзіне үлгі еткен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі