Өлең, жыр, ақындар

Әлеуметтік бағдарламаларды қолдап, дәстүрді берік ұстанатын бірегей оқу орны

Әрбір мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас түлек өз өміріндегі  жауапты кезеңдердің бірі – болашақ кәсібін таңдауды жүзеге асыруы тиіс, және де сол кәсіпке бар күш-жігерін салып, өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнауға дайын болуы шарт.  Болашақ маман, ең бастысы – өзін қызықтыратын іспен айналысып, өрісін кеңейтіп, мол тағылым алуға болатын адамдармен араласқысы келетіні және, әлбетте, ең үздік маман болып, қоғамға пайдасын тигізуге талпынатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида  Бұл орайда, кез келген адамның өзі таңдаған кәсібі оның өмірінің мәнін құрап, тәжірибе жүзінде қол жеткізуге тырысатын мақсатына айналатын, өзі бейім болатын ісі болуы қажет.

Бұл қағиданың көкейкестілігі, әсіресе, қазіргі заманда артып отыр, себебі алдыңғы буынмен салыстырғанда, қазіргі жастар жасөспірім кезінен-ақ өзіне нық сенімді, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқиғалардан мол хабардар, өзінің талап-сұраныстарын анық жеткізе алатын, шығармашылық даму үстінде тұрған тұлғалар ретінде танылып жүргенімен, бүгінгі өмір салты, ғаламторға байлануы олардың бойында инфантилизм мен өзімшілдік сезімін қалыптастыруда, яғни жастар өмірден және қоғамнан не күтетінін, өздерінің қоғамға нендей пайда әкеле алатынынан бейхабар болатын жағдайлар сирек емес. Ал жастардың таңдау жасауы мен маман ретінде қалыптасуына ықпал ететін оның оқып жүрген білім ордасы десек, қателеспейміз. Сондықтан жоғары сынып оқушыларының қай пәндерге қызығушылық танытып, өмірдің көптеген салаларына бейімділігін байқап, оны ашып, қабілеттерін дамыту ата-аналар мен мектеп ұстаздарының бірден-бір парызы болып табылады.

Сонымен қатар қай заманда болмасын, кез келген адам өзі жеке өмір сүре алмайды, ол адамзат қоғамында ғана толыққанды өмір сүреді, ал адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы, әлеуметтік қатынастарға табысты түрде кірігуі оның өзі таңдаған саласында үздік маман болуына тікелей байланысты, яғни ол білімді әрі білікті болуы тиіс. Бүгінгі заманның кез келген саладағы мамандарға қойып отырған талабы – бәсекеге қабілеттілік, демек, әрбір маман өз еңбегінде шығармашылық танытып, үнемі дамып отыруы шарт, ол үшін, әрине, ең алдымен жан-жақты білім алып, тәжірибе жинақтап, білік-дағдыларын ұштауы қажет.

Әлемдегі 70 мыңнан астам кәсіптің ішіндегі ең маңыздысы әрі кең тарағаны – мұғалім мамандығы екені даусыз. Себебі, бүгінде қоғамдағы балалардың өсіп-дамуын ұстаздарсыз елестету тіпті мүмкін емес. Осыдан келіп, жоғарыда аталған бәсекеге қабілетті болу талабы мұғалімдерге қойылатыны түсінікті.

Еліміздің әрбір өңірінде педагогтерді даярлайтын оқу орындары бар, олардың ішіндегі бірі әрі бірегейі – 1944-жылы ашылған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Университет педагогикалық кадрларды даярлау бағытында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын кең ауқымда жүзеге асырады, соның ішінде: жоғары білікті қызметкерлерді, ғылыми және ғылыми-педагогикалық сала қызметкерлерін даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды, кең ауқымды іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын оқу орны әрі ғылыми-әдістемелік орталық болып табылады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және шет елдердің білім және ғылым саласында табысты еңбек етуде.

Бүгінде университет ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызының басшылығымен оқу ордасы әлемдік үздік тәжірибелер негізінде адами капиталды дамыту бағытында қызмет атқару үстінде және осы бағытта кәсіпқойлық пен  академиялық адалдық, айқындылық пен көшбасшылық, заманауи трендтерді ұстануды негізгі құндылықтар ретінде қабылдап отыр. Педагогикалық және өзге де салаларға мамандар даярлау мақсатында университет 400-ден астам ұйыммен әріптестік орнатқан. Олардың қатарына мектептер, өзге оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері, өндірістік кәсіпорындар енген және оның 70-ке жуығы – шетелдік ұйымдар. Университетте дамыған инфрақұрылымы бай спорт кешені, «Аққу» жүзу бассейні, 1 миллионнан астам кітапты құрайтын кітап қоры бар аса ауқымды кітапхана, типография жұмыс істейді. Университет қалашығының аумағы интернет желісімен қамтылған.

Университет – еліміздің әлеуметтік бағдарламаларын қолдайтын әрі «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дәстүрін берік ұстанатын бірегей оқу орны. Бұл анықтаманы тарқатып айтсақ: университетте мемлекеттік грант иегерлеріне ай сайын мемлекет тарапынан төленетін шәкіртақыға қосымша ең төменгі күнкөріс қаражаты мөлшерінде тамақтану ақысы және жол ақысы өтеп беріледі (яғни 50 мың теңге шәкіртақыға қосымша 60 мың теңге мөлшерінде азық-түлік ақысы және студенттердің үйге қатынауға жұмсаған қаражаты төленеді), бүкіл университеттің 1-ші және 2-ші курс студенттері жатақханамен толық қамтамасыз етіледі. Биылғы жылы қолданыстағы 7 жатақханаға қосымша университеттің оқу корпустары жанына бірінші қабатына асхана орналасатын 9 қабатты 1000 орындық  жатақхана құрылысы басталмақ, сол арқылы 3-4 курс студенттерін ғана емес, тіпті магистранттар мен докторанттарды да жатақханамен қамтамасыз ету қарастырылуда.

Университет, институттар және кафедралар көлемінде жұмыс істейтін бірқатар студенттік ұйымдар мен түрлі қоғамдық және ғылыми үйірмелер жастардың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына мол ықпалын тигізуде: Жастар «Ақ қауырсын» ақындар клубы мен Парасатты Нағыз Лидерлер Одағында сөз шеберлігін ұштаса, «Қыз Жібек» клубында білім мен тәжірибені ұштастырып, жан-жақты парасатты дамуға талпынады. Сонымен қатар «Волонтерлар лигасы», «Ұмай Ана» ұйымы, «Достық» ұйымы, Саналы ұрпақ клубы, Enactus жобалық ұйымы, «Жасыл ел» жасағы, «Қазақстан студенттерінің альянсы», заңнаманы түсіндірумен айналысатын «Серт» көмекші отряды қызмет атқарады. Сондай-ақ, университетте эдвайзерлік (яғни студенттерге қолдау көрсетіп, кеңес беру) институты жақсы дамыған. Эдвайзерлер жетекшілігімен студенттер білім-ғылым және қоғамдық өмір салаларында қалыптасқан дәстүрмен ғылыми жобаларды орындауға, ардагерлермен кездесіп, тәжірибе жинақтауға, мектептерде практикадан өтуге, түрлі қоғамдық іс-шаралар, концерттер ұйымдастыруға белсене қатысады. Әр оқу жылының соңында бүкіл университет көлемінде, соның ішінде студенттік қоғамдық ұйымдар, эдвайзерлер жұмысының қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталады.

Университетте мамандар даярлауды 5 институт жүзеге асырады, атап айтсақ: Педагогика және психология институты; Қазақ тілі және әлем тілдері институты; Физика, математика және цифрлық технологиялар институты; Жаратылыстану институты; Әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер институты. Сонымен қатар университет жанында бастауыш білім және мектепке дейінгі білім және тәрбие білім беру бағдарламалары бойынша кәсіптік білім беру колледжі бар. Мамандарды даярлау бағыттары: педагогикалық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, математика жəне статистика, өнер жəне гуманитарлық ғылымдар (соның ішінде музыка және хореография, арт-дизайн т.с.с.), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, əлеуметтік ғылымдар, журналистика жəне ақпарат, қызмет көрсету, бизнес, басқару жəне құқық.

Аталған институттар ішінде Қазақ тілі және әлем тілдері институтының орны ерекше. Бұл институт – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің негізгі ғылыми-зерттеу және педагогикалық орталықтарының бірі. Институт сапалы білім беру мен мәдени дамуға, ғылым мен тәжірибенің бірлігін орнатуға бағытталған, әдістемелік және ғылыми-зерттеу саласында мол тәжірибе жинақтап, өзіндік дәстүрлерін қалыптастырған бес беделді ғылыми кафедралардан құралған: қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы, қазақ әдебиеті кафедрасы, шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасы, практикалық шет тілі кафедрасы.

Институттың бакалавриат деңгейіндегі білім беру бағдарламалары: 6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті, 6В01702 – Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, 6В01703 – Орыс тілі мен әдебиеті, 6В01704 – Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті, 6В01705 – Шет тілі: екі шет тілі, 6В02301 – Аударма ісі, 6В02302 – Филология.

Сонымен қатар осы білім беру бағдарламалары бойынша магистратура және докторантура деңгейлерінде білім беру жүзеге асырылады.

Бұл орайда айта кетер жайт – академиялық ұтқырлық және қосдипломды білім беру бағдарламалары аясында студенттер әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқу мүмкіндігін иеленеді, атап айтсақ: Ресейдің Халықтар достығы университетінде (Ресей), Қазан федералдық университетінде (Ресей), Силезия университетінде (Польша), Хубэй университетінде (Қытай), Нийде Омер Халисдемир университетінде (Түркия), Миссисипи алабы университетінде (АҚШ) т.с.с.

Қазақ тілі және әлем тілдері институтының ең көне әрі болашағы зор құрылымдық бөлімшелерінің бірі – орыс тілі мен әдебиеті кафедрасы. Кафедрада ашылғаннан бүгінгі күнге дейін орыс тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелерін зерттеумен айналысатын жоғары білікті филолог мамандар қызмет атқарып келеді. Соңғы жылдары білім саласының орыс тілі мамандарына зәру болып отырғаны ескеріліп, мемлекет тарапынан осы білім беру бағдарламасына көптеп грант бөлінуде.

Кафедра жарқын болашақ идеяларын іске асыра отырып, парасатты, отансүйгіш, өз ісіне адал білімді де білікті мамандарды тәрбиелеп шығаруға ұмтылып, түлектері әрқашан еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет ететініне сенеді.

Құрметті мектеп түлектері! Тіл үйренуге қабілетті, әдеби шығармашылыққа ұмтылатын, ізденімпаз, мақсат талпынысы зор, дарынды жастарды студенттер қатарынан көруге асықпыз. Сіздерді университетіміздің бір парасы болуға шақырамыз!

Университет туралы толығырақ ақпарат алу үшін, https://kazmkpu.kz сілтемесін пайдаланыңыз.

Аубакирова А.М.,

Ханкишиева Э.М.,

Нагиева А.Т.,

Егизбаева З.С.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз