Өлең, жыр, ақындар

2022 жылы Билл Гейтс оқуға ұсынған 5 кітап

Microsoft компаниясының негізін қалаушысы Билл Гейтс өзінің Gates Notes блогында осы жазда оқуға тұрарлық бес кітаптың тізімін жариялады. Гейтс бұл еңбектерде гендерлік теңдік, саяси поляризация, өмір сүру мен климаттың өзгеруі сынды күрделі тақырыптар қозғалғандығын ескертіп сондықтан оқуға жеңіл емес екендігін атап өтті.

1. "Сила", Наоми Алдерман

"Сила" — ағылшын жазушысы Наоми Алдерманның ғылыми-фантастикалық романы, 2016 жылы шыққан. Аталмыш еңбекті миллиардерге үлкен қызы Дженнифер оқуға кеңес берген. Бұл еңбектің сюжеті бойынша бүкіл әлемдегі әйелдер аяқ астынан ерекше қабілетке ие болады. Сол қабілеттері арқылы соңында жер бетіндегі үстемдік ететін жынысқа айналып, матриархат (қоғамда әйел адамдардың үстемдік етуі) қауымдастығын құрады. Жалпы айтқанда кітап гендерлік теңсіздік мәселесін қозғайды. Бұл еңбекті АҚШ-тың бұрыңғы президенті Барак Обама және The New York Times газеті тарапынан сыналған. Ал Билл Гейтс "Сила" кітабын оқып отырып көптеген әйел адамдар қандай әділетсіздік пен қатігез қарым-қатынастармен ұшырасатындықтарын жақсы түсіндім. Осы мәселе бойынша жұмыс істейтін АҚШ және дүниежүзіндегі барлық белсенділерге ризашылығымды білдіремін" деп кітап жайлы пікірін білдірген.

2. Why We’re Polarized, Эзра Кляйн

Гейтс болашаққа оптимистік көзқараспен қарауға тырысқанымен алайда АҚШ-тың саяси поляризациясы оның көңіліне қаяу түсіретіндігін жасырмайды. Бұны түсіну үшін миллиардер Vox сайтының негізін қалаушы әрі сол сайттың сарапшысы Эзра Кляйнның кітабын оқуға кеңес береді. Саяси поляризация тақырыбын Кляйн өз еңбегінде кеңірек ашып түсіндіреді. Ол Америкадағы саяси қарама-қайшылықтарды психологиялық жақтан қарастыра талқылайды. Аталмыш туынды жайлы Билл Гейтс "Егер қазір АҚШ саясатында не болып жатқанын түсінгіңіз келсе, онда бұл кітап сізге арналған" деп пікірін білдірген.

3. "Шоссе Линкольна", Амор Тоулз

«Шоссе Линкольна» шытырман оқиғалы романы 2021 жылы шыққан. Кітапта оқиға 1954 жылдан бастау алады. Бұл еңбекте жасөспірім баланың інісі және екі досын ертіп саяхаттауы туралы жазылған. Жалпы Билл Гейтс америкалық жазушы Амор Тоулздың еңбегін бірінші рет ұсынып тұрған жоқ. Бұған дейін 2019 жылы дәл осы автордың «Джентльмен в Москве» атты кітабын оқуға кеңес берген болатын. Microsoft негізін қалаушысы "Шоссе Линкольна" кітабы жайлы "Тоулз саяхаттауға шабыт береді және ол біз қанша қаласақ та өмір жолымыз біз қалағандай болмайтынын әрі оны болжай да алмайтынымызды ашып көрсетеді" деген.

4. "Министерство будущего", Ким Стенли Робинсон

Бұл климаттық өзгерістерге арналған 2020 жылы шыққан ғылыми-фантастикалық роман. Аты айтып тұрғандай фантастикалық еңбекте ойдан шығарылған әлемдік ұйым климаттық өзгерістермен күреседі. Кітап сюжеті бойынш біздің ғасырымыздың жиырмасыншы жылдары климат қатты өзгеріп, соның әсерінен әлемде миллиондаған адам қаза табады. Осы проблеманы шешу үшін 2025 жылы "болашақ министрлігі" халықаралық ұйымы құрылады. Аталмыш ұйым міндеті әлемдік апатқа қарсы тұрып болашақта ұрпаққа Жерді сақтап қалу. Осы мақсатта ұйым нақты қадамдармен қатар құпия операциялар да жасайды. Осы құпия операциялар негізінде жаппай диверсия, адам өлтіру, қаржылық манипуляция жасау, зорлық-зомбылық, радикалды саяси қозғалыстар мен идеологияларға қолдау білдіреді.

5. How the World Really Works: The Science Behind How We Got Here and Where We’re Going, Вацлав Смил

Ал бесінші кітапқа миллиардер экономика профессоры Вацлав Смилдің (Vaclav Smil) еңбегін атады. Бұл кітапта автор энергияның өркениетке яғни цивилизацияға қалай әсер еткені туралы әңгімелейді. Айта кетейік, Вацлав Смил — Гейтстің сүйікті авторларының бірі. Ол 2017 жылы Смилдің сол уақытқа дейін шыққан 37 кітабының бәрін оқығанын айтқан еді. Бұл кітап жайлы Билл Гейтс "Смилдің көптеген кітаптары оқулық ретінде оқылады, бірақ дәл осы еңбегі кең аудиторияға арналған. Ол күрделі заттар жайлы қысқаша анықтама беру үшін көптеген сандармен жұмыс жасаған" деп пікір білдірген.

Әлемдегі ең бай адамдардың бірі жыл сайын оқуға кітап ұсынып отырады. Сіз былтырғы ұсынған кітаптарын оқыдыңыз ба?

Қания Табыс

Оқуға кеңес береміз:

Билл Гейтстен табысты болудың 10 ережесі

Миллиардер атанған 5 бейбақ

Билл Гейтстің көшбасшылық сырлары

Хакерлік, покер ойыны һәм 20 миллион доллар

Әлемнің ең бай 10 адамы

Атақты миллионерлер байып кеткенге дейін қандай болып, немен айналысқан еді


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз