Өлең, жыр, ақындар

Менің елім және менің болашағым

«Қазақ деген ел - бостандық-азаттық сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық»- депті Ғабит Мүсірепов. Айтса айтқандай ақ, менің ел дегенде қиялым көгілдір ашық аспан  астында қыраны қалықтаған, жайлауында  төрт түлік малы бейқам жайылып, әр шаңыраққа қарлығаш ұя салған, балалары асық ойнап, шал-кемпір шүйіркелескен, қыз-бозбала алтыбақан тебісіп, келіндер қазанға от қойған, ерлері аңнан келген қауырт тірлікті дала қазақтарының өмірін шарлап кетеді. Сол қиялдың тәтті жетегіне еріп, қазақ даласын аралаған бала жүрек еріксізден «мен қазақ елінің ұрпағымын» деп көкірек кергізді. Бірақ, ешқашан мінсіз ел болмайды екен. «Сырты жалтырағанның іші қуыс» дегендей, ел ішіндегі болған қателіктерді көріп жүрек шайлығатын кездер де жоқ емес.  Ел ішіндегі алауыздық, аяқтан шалу, көреалмаушылық қазақ қанын да лайлап кетті. «Өзіне-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу-өнер болмайды»-дейді Әлихан Бөкейханов. Ақиқатты айтқанның айыбы жоқ. Сонау кеңесшіл заманда бір құмалақ болып, бір қарын майды шіріткен мұрны көк тіреген ақылдылардың күллі қазақ бейнесін іргелес елге сатқын, қорқақ қылып көрсеткенін білеміз. Тіпті, өз туған бауырын өлім тұзағына қиып бергендерді де көгілдір экраннан көргеніміз бар. Бірақ өзгермес халықтан қайыр жоқ деп қолды сілтеу алдыңа келген астан асай алмағанмен тең. Өйткені тұтас ел болу өзіміздің қолымызда. Сен түзелсең, мен түзелсем, ол түзелсе келесіде біз түзелеміз, олар түзеледі. Бірлік пен берекеміз кіреді. «Бүгін сен түзелсең ертең ел түзеледі» дейді Мырзатай Жолдасбеков. Бірліксіз елдің бесігі қисаяды. Ұрпақ санасына қазақы қан дарымайды деп ойлаймын.Осы орайда, «Ойлап қараңызшы, елдің елден несі артық... Бекем бірлігі мен бостан тірлігі артық. Ал береке-бірлік – ел билеп, жол көрсетер тұлғадан, тәуелсіз тірлік шешім шығатын астанадан бастау алады» дейтін Иманғали Тасмағамбетовтың сөзі еріксіз тілге оралады. Шындығында басқа елден тіліміз, дәстүріміз ең бастысы бодандықсыз бостандық пен ұстасқан бірлігіміз арқылы ерекшеленеміз.

Менің болашағым туралы сөз қозғалғанда әрине, қиялың әр нәрсенің басын бір шалады. Менің болашағым жарқын деп нық сеніммен айта аламын. Болашақтан жаңа дамыған заманның, жаңа технологиялардың ішінде, бейбіт өмірдің астында жүрген білгір журналистті көремін. Халқы жөн сілтеп, еліне еркелеп жүрген журналист қыз халықтың көзі һәм құлағы болған екен.  Қазақта ана тілінде сөйлеген, өз тілін мазақ қылмай, өзге тілді құрметтеген білімді ұрпақ саны көбейіпті. Қазақ қазақты көтеріп, бағалай біліпті.Бірлігіміз нығайып, берекеміз кіріпті. Қазіргі және өткен күндердегі араздық,сатқындық,тіл бодандығы, бас басына би болған құр лауазым құрдымға кетіпті. Дамыған елдерген терезе теңестіру үшін жастар қазақ тілінде жаңа проектілер қорғап әлемге танылып жатыр екен деймін.  Болашақтың іргетасын қазірден дұрыс бекіту қысқы азықты жазда ойлағандай кемел ел ертеңіне жол ашады. Сол кірпішті сіз бен біз болып бірге қалайық!

«Басқа елдің қажеті жоқ, бірақ көгілдір күмбезді аспаны бар, бетегелі боз даламызды біз ешкімге бермейміз» деген Томирис патшайымның, «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім»- деген Дінмұхамед Қонаевтың сөзін негізге ала отырып, мен де өз елімнің болашақтан үлкен үміт күткен қызымын. Өз елімнің мінін тергенім, оны түзетпекке ұмтылғаным өз бойымдағы  мінді тергенім, содан арылмаққа бет бұрғаным. Ойым елді жамандау емес, әркім өзін түземекке әрекет қылса екен деймін. Қазақ елі қатар көтерген рухымызды жоғалтудан сақтанайық. «Менің елім» өзгеге бағынышты құл, атадан қалған күң емес. Бұл елдің топырағына қазақты көкке көтерген батыр бабаларымның қаны сіңген. Сол қара жерді қос аяқтап басқан елдің ұрпақтары әлі талай биікті бағындырып, бейбіт елдің ұландары болады. Қазақтың намысын қорғап, қайратын ұштайды. Мен бұған сенімдімін. Өйткені, болашақ ұрпақ мен түзелемін, ел түзеледі...


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз