Өлең, жыр, ақындар

Әке

Мектептен келгенде әкем күрк-күрк жөтеліп, қабаттап көрпе жамылып, жатыр екен. Шешем; "Е, жасаған ием, өзің сақтай гөр", деп күбірлеп қояды. Маған қарап:

— Тұла бойы өртеніп тұр, дәрігер шақырайын десем тыңдамайды, — деді, — алысқа ұзап кетпе, малдың алдынан шығасың.

Кешке малды қораға жайғап болғанымда, көршіміз Қошалы шал үйге кіріп бара жатты. Күндегі әдеті, кешкі шайымызды ала бергенде жетеді. "Ерінді бір жалап қойып, қалыңдығыма жөнелдім", деп түн жарымына дейін әңгімесін көйітеді. "Ерінді бір жалап қойып" — бұл оның сөзінің мәтелі.

Бірақ, бұл сапар Қошекең көп бөгеле алмады.

— Шаншуды да ауру деп, бір шөлмек " ақаңды" алып, екі жүз грамдық "қырлаубаймен" (стаканмен дегені) тартып жібер де, жылы төсекке жата қал, терлеп айығып кетесің, — деп күліп, "ақылын" айтты да, шығумен болды.

Ертеңіне шешемнің: "Кешегі Қошекең айтқанды алдырайын ба", дегенін естіп қалдым.

— Алдырсаң алдырсайшы, мына шаншуы түскір біресе бүйірден, біресе жауырыннан түйіледі, кетер емес, уф, — деп әкем басын көгерді.

Шешем берген көкала бес сомдықты қолға қысып, ауыл дүкеніне жөнелдім. Есінеп қойып, шыбын қағып отырған дүкенші апайға ақшаны ұстатып:

— Бір шөлмек арақ берсін деді...

— Әй кім берсін деді.

— Балам.

— Сенің әкең арақ ішетін бе еді-ей, үйіңе қонақ келді ме?

— Иә, дей салып, ұсынған арағын қылғындыра ұстап, шапқылап үйге тарттым.

Ертеңіне мектептен келсем, әкем терлеп шай сораптап отыр екен. Қалампыр қатқан шай иісі мұрын жарады. Әкем іргеге қолын созып, кешегі арақты суырып алды.

— Балам, шайға отырмас бұрын мына бір шөлмекті менің бастығыма апарып бере сал, ішкісі кеп жұтынып отырған шығар, — деді.

— Арапханға ма?

— Иә, конторда отыр.

— Ал өзіңіз...

— Жоқ, балам! Өмірде аузыма алмаған едім. Аурудан жазыласың дегенге ... ішпей-ақ қойдым. Үйде де тұрмасын, апарып бер.

Мен өзіме кешеден бері "жұмыс" болған бір шөлмек арақты әкемнің бастығы, мұрны қолақпандай әзірбайжанға ала жөнелдім.

... Қазір ойласам әкем сол кезде қырықтың шамасында екен. Ал, мен ше... Кешір, әке!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз