Өлең, жыр, ақындар

Әпке

Менің төрт әпкем бар. Ең кішісі менен бір-ақ жас үлкен. Екеуміз бір сыныпта оқыдық. Мен біріншіге барғанда үйіміз кішкентай темір жол стансасында еді. Он үш шақырым жердегі мектепке ауыл балалары есекпен қатынаймыз. Шешем таң алагеуімде тұрғызады. Тұра салып, әкемнің үйреткеніндей есекті өзім ерттеймін. Көрші балалардың ауылдан шығып бара жатқанын көргенде, есекке ырғып мініп, үй жанында шүберек сөмкесін асынып тұрған әпкемнің алдына келіп көлденеңдеймін, ол ердің артына мінгеседі. "Ал, Тайшық, тарт қане" деймін жырдағы батырларша тебініп. Тайшық менің есегімнің аты. Алпамыс батырмен соғысқан қалмақ ханының есімі бұл. Ақжем жолға бір түсіп алған Тайшекең әдетінше басқалардан алға озады. Құрғап қалған саздауыт сайдан өте бергенде есегім жеңілденіп қалғандай ытқи жөнеледі. Тізгінді тартып, кейін бұрыламын, әпкем әдеттегідей кесек-кесек кепкен саз балшықтан қалтасын толтырып, жүгіріп келе жатады. Қабақты қарс түйіп, есегімді көлденеңдетемін, ырғып мінеді. Қайтадан жолға түсеміз. Әпкем саз кесекті қытырлата жеп отырады.

Төменгі сыныпта жүргенде мұғалімдер маған ұрысса, ересек балалар тиіссе, алдымен әпкем жылап қоя береді, оны көріп, кейде мен де жылаймын...

Менен кейінгі інім Өмір жасынан талма аурулы болды. Сексенінші жылдары дүниеден озды. Ал бізден үш жүз шақырым қашықтағы малды ауылда тұратын әпкемдерге хабар "Темір қайтыс болыпты" деген сыңайда жеткен. Бір кезде ботадай боздап әпкем жетті. Сонадайдан "бірге ойнап, бірге оқып едім, құдай енді сенен де айырды-ау, бауырым. Темірім", — деп жылайды. Үйдің іші де абыр-сабыр. "Ол інің емес, одан кішісі" демек болғандарды тыңдар емес, менің атымды жылауға қосып аңыратты дерсіз. Біреулер маған ым қаққан соң, шыдай алмай есіктен мен көрінбеймін бе. Ұшып тұрып, құшақтап алып босатар емес, өзі жылап жүр.

Әпкем қазір Қызылтөбеде тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыра бастаған көп балалы ана. Әліге дейін тай-құлындай тебісіп өскен мен дегенде ілтипаты ерекше. Бірдеңе болса, қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, алдымен жететін де сол Әпкем менің...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз