Көкпар тартып, қыз қумағанмен, біздің ауыл тойлары күрессіз өтпейтін. Бірде Сүлмен ауылында да осындай той болды. Әсіресе, көршілес түрікмен ауылдарынан палуандар келгенде белдесулер аса қызықты өтетін. "Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді" дегендей, мұндайда тіпті қызды-қыздымен бұрын күреске түспегендердің өзі білекті түріп ортаға қалай шыққанын байқамай қалады. Міне, бәйге аттарындай іріктеліп күреске шыққандардың көбі кетіп, азы қалған шақ. Әсіресе, түрікменнің Оғланды ауылынан келген палуаны, тығыншықтай төртбақ қара жігіт қояр емес. Қарсы келген палуанның талайының жауырынын жер иіскетті. Төрешілер: "Енді кім шығады?" деп жар салғанда, дуылдаған жұрт тына қалды. Қазақтың "аздап ұрттағанның" күшімен әрі көптің кеу-кеулеуімен ортаға шыққан екі жігіті бірінен соң бірі тырапай асты. Осы кезде біреу: "Балтабай палуан келіпті. Тәкеңнің үйінде отыр, сол болмаса, басқадан қайран жоқ", — деді. Жұртқа қызық керек: "Олай болса, шақырыңдар, шақырыңдар",— деп біреулерді жұмсап жатты.
Ол кісі де көп күттірген жоқ, иін тірескен көпшілікті толқынды жарған кемедей кесіп өтіп, ырғала басып жақындағанда, тойшы қауым қақ жарылды. Нар түйедей шүйделі тұлғасы, нән басы, есіктей омырауы мен бура саны оның құр адам еместігін танытып-ақ тұр. "Қайда әлгі түрікменің", — деп, аман-түгелден соң өзін ертіп келгендерге иек қақты. Осы кезде:
— Ассалаумағалейкум, Балтабай аға, — деген дауысқа жалт қарағанда күлімсіреп тұрған түрікмен палуанын көрді. Ол Балтекеңді құшақтап, төс түйістіріп көрісті де:
— Уа, тойшыл қауым, мына Балтабай аға менің ұстазым! Шәкірті ұстазының белін ұстамас болар, бұл біз үшін өліммен тең. Бас байрақ осы кісінікі болсын, әкеліңдер.
— Жоқ Сердаржан, олай деме! Мұның жөні жоқ. Сенің алған байрағыңа қол салудың еш реті болмас. Жол да, жоралғы да өзіңдікі. Өңмендеп жетіп келгенім ұят болды. Сен екеніңді білгенімде күресуге емес, құттықтауға келер едім. Уа, халайық, — деді онан соң, Балтекең, — мен талай байрағың мен жүлдеңді алдым ғой, бүгінгі бәйге менің шәкіртім, мына жігіттікі, түрікменнің жас бөрісі — Сердардікі, біздің арамызда алалық жүрмейді.
Былай шыға той иелеріне қарап Балтекең:
— Түрікмен шәкіртім жолды біліп, мәрттігін көрсеткенде, одан олқы түсіп бізді жын ұрып па?! Байраққа тіккен нар маяны жеткізіп беріңдер, ұят болмасын, — деді де, маң-маң басып бара жатты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі