Ол кезде Красноводск қаласынан ірі өндіріс ошағы — Бекдашыға жұрт "кукурузник" атап кеткен он екі адамдық, дырылдаған "АН-2" ұшағымен қатынайтынбыз. Басқа көлік жүрмейтіндіктен барып-келу "проблема". Не билет болмайды, не ауа райы қолайсыз болады. Сондай себеппен екі күн ұшпаған ұшақ ұшатын болып, жолаушылар абыр-сабыр күйге түсті. Бірнеше тексеруден өтіп, ұшаққа да жайғастық-ау әйтеуір. Ең соңынан мінгендіктен мен дәл есіктің тұсындағы орынға жайғастым. Шалқалай ашылған есіктен сыртқа көз салып отырғанмын. Кенет қақпадан әлгінде бізді жетектеп әкеліп кеткен, бет-аузын аямай бояған, аэропорт қызметкерінің формасындағы толық әйел ұзынтұра орысты ертіп шыға бергені сол-ақ еді, дауыс салған ақ жаулықты әже әлдекімдердің бөгемек болғандарына қарамай жанұшыра ақсаңдап, сүйретіліп келеді. "Тоқтаңдар, мені де ала кетіңдер, құдай үшін",— деп жыларман болып, айқай салады. Жұрт аңтарыла қарап қалды.
— Мен сізге тағы қайталап айтамын, бұл басқа рейс, — деді орыс тілінде аэропорт қызметкері.
— Әй, моя, менің рейсім, — дейді кейуана көзінде жас, қолында билеті, әлгілермен қапталдасып қалар емес.
Шыдай алмадым.
— Шешей, қане, билетіңізді беріңіз, көрейін!, — дедім. Орнымнан көтеріліп, билетін алдым. Сол-ақ екен аэропорт қызметкері де, оған еріп келген ұзынтұра да сасқалақтай бастады. Билетке үңілсем, рейсі, нөмірі де, уақыты да сай келіп-ақ тұр. Жұрт түгел естісін дегендей дауысымды көтеріп, бар орысшама салып:
— Әжейдің осы рейске билеті бар, күні, сағатына дейін міне, дәл келіп тұр, сонда бұл кісі қалайша қалуға тиісті, — деп билетті жоғары көтердім.
Ұялған тек тұрмас дегендей:
— Жігітім, сізге түсуге тура келіп тұр, — деді ойы іске аспаған аэропорт қызметкері беті бүлк етпестен біреудің орнына әп-сәтте жайғасып үлгерген ұзынтұраға. Әжейді қолтығынан демеп, бос орынға жайғасуына көмектестім.
— Тәңір жарылқасын, шырағым, екі дүниеде жамандық көрме, — деп алғысын жаудырумен болды. Байқап отырмын, көпке дейін аптығын баса алмады.
Иә, "үндемеген үйдей бәледен құтыладыға" салғанымызда, жазықсызды жапа шектіретін тағы бір әділетсіздік болар ма еді, кім білсін. Әйтеуір мен әлсізге сәл де болса жәрдемім тигеніне қуандым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі