Ел ішіндегі аты шыққан, аса қайратты кісілер жайында әңгіме қозғалса, менің есіме Әллеке түседі. Шын есімін жұрт біле бермейді. Орта бойлы, жауырынды, тығыншықтай кісі еді. Кейде "қызыңқырап" жүретін, айтарын бүкпесіз ашық айтып, жынына тигендерді боқтап та жіберетін оған көп адам жолай бермейді. Тек ауыл балалары үйір, бұл бәлкім балажандығы шығар...
Бірде оны аудандық коммуналды шаруашылық мекемесінде көргенім бар. Сол кезде ол сонда жұмыс істейді екен. Жүргелі тұрған су таситын машинаны жібермей тұрды. Мұны көрген жұмысшылар қыран-топан күліп жатыр. Бұған бұлқан-талқан ашуланған шопыр гүжілдетіп газды басады-ай келіп, байқасам, Әллеке ол қозғала бергенде машинаның артқы жағын көтеріп, екі дөңгелекті жерге тигізбей қояды екен. Артқы қос дөңгелегі жерге тимей ауада айналған машина орнынан қозғалар емес. Шопыр шыр-пыр болып кабинадан түскенде, Әллекең қарқ-қарқ күліп қоя қояды да, ол орнына отырып, қозғаламын дегенде қайта көтереді. Шашы дудыраған шопыр жігіт кабинаны ашып тұрып, ышқынтып газды басады-ай кеп. Жұртқа күлкі керек.
Аудан орталығының темір жол тұсындағы кеңшар ауылында тұратын Сайын деген жолдас жігіт айтады:
— Жем-шөп қоймасы біздің үйдің қасында ғой, бірде бара қалсам, тай-тай шөпті машинаға қиюластырып, тиеп жатқан жұмысшылар шөп биіктеген сайын қиналып тұрғанда, Әллеке келе қалды. Жерде жатқан төрт-бес тай шөпті көрсетіп: "Әй, қайсысың мына тайды тиелген шөптің төбесінен бір лақтырғаннан түсіре аласыңдар" демесі бар ма. Жігіттерде үн жоқ. Өйткені, машинаның өзі адам бойынан биік, ал оның үстіне төбедей ғып текшеленген шөптің үстіне тай шөпті лақтырып жеткізу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ол жігіттерді көзбен жағалай шолып шықты да, бала кезінен теміржолдың балғасын соғып келе жатқан шомбал қара жігіт Тоқанға жақындап: "інім, сен қалайсың, көрсейші, — деді. Көп сөйлемейтін Тоқан: "Аға, көрсем көрейін ендеше", — деді де, жерде жатқан тайдың бірін көтеріп қолына алды да, бар денесімен екпіндете созылып лақтырды дерсің. Құдай оңдағанда шөп төбеге дөп түсті. "Әп бәрекелде, жарайсың", деп жігіттер кеу-кеулеп жатыр. Қызарақтап, маңдайы тершіген Тоқан екінші тай шөпті көтеріп алды да, жаңағы әдісіне салды. Бірақ, жеткізе алмады, жақтауға соғылған тай шөп жерге түсті. Әллеке тайды қолына алды да, ырғап-ырғап лақтырғанда тиелген шөптің төбесінен түсірді. Жерде жатқан үш тай шөпті сол әдіспен бірінен кейін бірін зытырды.
— Ой, пәле-ой, Әллекең үй қалаудың да шебері дейді ғой.
— Иә, ондайы да бар, — деді Сайын, — өткенде бір ағамыз жаңа ауылдан жер алып, үй салатын болды. Іргетасы құйылған, енді қабырғаларын көтергелі жатыр деген соң, қол ұшымызды берейік деп барғанбыз. Құрылысты Әллеке жүргізеді екен. Алты-жеті жігіт біріміз күрекке, біріміз сүйменге жабыса беріп едік. Әллекең үй иесіне қарап: "Едіге, маған балшық илеп, жедел жеткізіп тұратын қайратты төрт жігіт болса болады, басқасының керегі жоқ", — деп салды. Сөйтті де, сайдың тасындай төрт жігітті жанына шақырып алды. Ол салынатын үйдің орнын өлшеп алдымен жіп кереді де, жіптің сонау ұшына насыбай шақшасын қыстырып қояды. Содан сол шақшаға жеткенше демалмастан қолы-қолына жұқпай тас өреді, тек иленген балшық жетіп тұрса болғаны, ал шақшаға жеткеннен кейін көкбұйра насыбайды рахаттана тұрып атады, бұл — үй қабырғасының бір қатары қаланды дегені. Насыбай шақша артынан Әллекеңді ертіп қатардан-қатарға биіктей береді.
— Япыр-ай, ә...
— Үй салғанда негізгі салмақ бас шебер Әллекеңе түседі ғой, алайда төленген ақыны бөлгенде ол балшық илеп, тас әперген жігіттермен теңдей бөліседі. Кісіге қылдай қиянаты жоқ. Сондықтан да ауылдың белді-белді жігіттері онымен жұмыс істегенді қалайды, — дейді Сайын.
Кеңес Одағы кезінде жер-жердегідей қазан төңкерісіне арналып 7 қарашада дүркіреген мереке өтетін-ді. Жұрт сәнді киініп, көшеге шығатын, ат бәйгесін, палуандар күресін және басқа да тамашаларды қызықтайтын. Әсіресе, ат бәйгесі мен күрес сияқты байрақты бәсекелер ашық айтылмағанмен ұлт намысын қоздыратын. Түрікменстанның Красноводск өңірі, сол кездерде қазақтың көп шоғырланған жері еді. "Көп көптігін істейді" дегендей қандай жағдайда да, ат бәйгесі болсын, күрес немесе доп ойындары болсын, қазақтың мерейі үстем-ді.
Міне, соңдай мерекенің тұсында жұрт боз кілемдегі палуандар белдесуін тамашалауға көп жиналды. Әуелі бала палуандар бастап берген сайыс аты шығып жүрген дара палуандардың белдесуіне ұласты. Осыны күткендей таяқ тастам жерге кеп тоқтаған жарқылдаған ақ "Волга" көп назарын өзіне аударды. Қауқылдасып түскен үш түрікмен біреуді машинадан түсіре алмай әлек. Оларды жалындырып барып, сыртқа шыққан алпамсадай түрікмен жігітті көрген жиналғандар шу етті. Жотасы гүжірейген, апайтөс Мәмметберді маң-маң басып таяп келгенде-ақ құлшынып тұрған палуандардың мысы басылып қалды. Сырт киімін шешіп, белін орамалмен буынған ол ортаға шыққанда тұлғасы көз сүйсіндіретіндей еді. Білем-білем бұлшық еттері жалаң көйлектен сыртқа теуіп тұр. Төреші "Бұл Аққұйыдан келген Мәмметберді деген атақты палуан, бұған қарсы шығатын жанды мен көріп тұрған жоқпын. Егер ешкім шықпаса, бас байрақ осы палуанға беріледі", — деді дауыстап. Жұрт сілтідей тынды. Жалтақтап қазақтың күреске түсіп жүрген жігіттеріне қараймыз, бірін-бірі қайрағаны болмаса, сыбанып алға шығар емес. Атағы көпке мәлім әлгі палуан жұртқа шекесінен қарайды. Сол кезде бір кетік тіс қара бала: "Әне жерде Әллеке аға бар ғой", — деп қалды.
— Ол қайда, қане? — десті көпшілік.
— Әне, Байболдың үйін салып жатыр.
— Жұмыс істеп жүрген адам келер деймісің.
— Түсіндіріп айтса, ол келеді.
— Онда мен барып қайтайын, — деді біздің бір елпең қағып тұратын Тасболат деген қызбалау ағамыз. Тәкең қалып топтан бөлініп шығып, үй салып жатқандарға қалпағын бұлғап, айқай сап барады.
— Ханы гелиң -хоу, пәлванларың ниреде? Бу газаклар нәдйә (Ау, палуандарың қайда? Мына қазақтар қайтеді-ай), — деп түрікменнің палуаны насаттана күліп қояды. "Қанына тартпағанның қары сынсын" деген ғой, бұған түрікмендер жағы мәз. Тоқсанның төріне шығып қалған ақсақалы көзін күннен қолымен қалқалап: "Хай, Мәмметжан, гөзүңе дөнейін", — дейді. Бұл Мәмметжан көзіңнен айналайын дегені.
Осы кезде шыдай алмады-ау деймін ауылдағы той-томалақта күреске түсіп жүрген Тәжіқылыш деген жездеміз ортаға шыға келді. Қара жұмыс десе қапы қалмайтын Тәкеңнің де дене бітімі кесек, білектері бұлшық етті. Мұны көрген жұрт дуылдап, қошемет білдіре бастады. Мысықтабандап аңдысқан қос балуан бір-біріне шап берді де, итжығыс түсті. Орындарынан тұра сап қайта ұстасты, байқаймын жездей сыр бере бастады. Енді бір сәт қарсыласының белден бекем орап, жұлқа тартқан құрсаулы құлашына төтеп бере алмай, жауырынымен жер қапты. Сол-ақ екен, жанкүйерлері түрікмен палуанын жерден көтеріп әкетті. Орнынан сылбыр көтерілген Тәжіқылышқа қарадым, жүзін жасырып, теріс айнала берді. Топтан жығылып шыққан оның жанарында жас тұрды...
Сол-ақ екен бағанағы кетік тіс, қара бала жүгіре басып жетті дейсің: "Әне, келе жатыр", — деді. "Келді,келді", — дегенге жұрт қақ жарылып қараса, шынында да Әллеке! Үсті шаң-шаң, қолында қолғабы: "Уф, неге шақырдыңдар-ей, ал келдім", — деп, күліп қояды. Жұрт жамырап жағдайды айтып, сөздің аяғын намысқа тіреп жатыр.
— Ендеше, алдымен бір шөлмек арақ әкеліңдер, сосын күресемін.
— Ау, шырағым-ау, арағың не, намыс қайда? — деді бір шал.
— Әллеке, — деді Қарашбай Әлменов дейтін азамат, — Әллеке арақ қайда қашар дейсіз, мен-ақ алып берейін. Әуелі күресіңізші, мына халық сұрап тұр.
— Жақсы, ендеше шақыр жаңағы түрікпеніңді, — деді Әллеке.
Жиналған жұрт қайта гуілдеп кетті. Әллекең шаң-шаң болған сыртқы шалбарын шешті. ішіндегі ақ дамбалын тізеге дейін түрді. Иығы сетінеп жыртылған ақ көйлегінің де жеңін шынтаққа дейін қайырды да, кілемге аяқ басты. Бұл кезде мәре-сәре болған жанкүйерлері ортасында минералды сумен ауызын шайып, бүркіп тұрған Мәмметберді айтқызбай-ақ маңғазданып ортаға шықты. Оның қас-қабағынан Әллекені менсінбеушілік байқалады.
Көптің гуілдеген қошаметімен екеуі белдесе кетті. Мәмметберді қарсыласын шырқ үйіріп жерге ұратындай көтере тартып еді, сіресіп қалған зілдей Әлекең қорғасындай қозғалмады. Былай-олай сілкілеп ештеңе шығара алмаған түрікмен палуаны: "мынау не пәле", дегендей басын шайқап, ернін тістеледі. Қараторы өңі қанкүрең тартқан Әлекеңе де оңай түспеді. Маңдайынан тер білінді.
Екі жақ әрқайсысы өз палуандарын қоштап, қиқуға басты:
— Әп, бәрекелді!
— Көтер, Әллеке, көтер!
— Уа, Алла!
— Қолдай көр!
Мәмметбердінің әр қимылын қапысыз бағып, әл бермеген Әллекең оңтайға келді-ау дегенде шалт қимылдады. "Әуп" деп Мәмметбердіні көтеріп әкеткен ол алып ұрды. Жиналған жұрт, әсіресе қазақтар жаты делебесі қозып, айқайға басты. Шалқасынан оңбай жығылған түрікменнің түйе палуаны әп дегенде орнынан тұра алмады. Оған қарап жатқан Әллеке жоқ. Мәмметбердінің дөңкиген төсіне құйрығын басып отырып:
— Әй, мен мынаны жықтым ғой, арақтарыңды әкеліңдер! — дейді. Оның сырын білетін жігіттер бір шөлмек "Экстра" арағының тығынын ашып, дайындап та үлгерді. Оның анау-мынау стақанды қомсынып, лақтыратынын білгендей кәрлен кесені қолына берді. Ол бір жарты литр "ақаңды" сарқа құйды да, бір-ақ тартты. Содан соң жанында жүрелей отырып қалған Мәмметбердіні қолынан тартып тұрғызды да: "Әлі жассың, болашақта сенен күшті палуан шығады", — деп, құшақтап, арқасынан қақты.
— Жаңағы қазақтың палуаны қайда, аты кім еді? Ау, Әлеке, Әллеке дедіңдер ме, шақырыңдар бері, — деген төрешіге де мән берген жоқ.
— Маған деген байрақты, ана Қоштай ақсақалға бере салыңдар, нағашым ғой, сол алсын, — деді де, көпшіліктен сытылып шығып, жөніне кетті.
Қазақтың палуанының жеңгеніне біразға дейін дуылдасқан жұрт көп ұзамай оны ұмытып та кетті.
Тек қана қажет кезде намысқа бағып іздейтініміз бар. Өйткені қазақпыз ғой, ой Алла-ай!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі