Менің шығармашылығыма шапағаты тиген жандардың бірі — Қабекең, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші, зерттеуші-ғалым марқұм Қабиболла Сыдиықов болды.
Сексенінші жылдардың басы болатын. Бірде Түрікменстандағы Красноводск аудандық "Жұмысшы" газетінің жауапты хатшысы Есберген Іңірбайұлы үйіне Қазақстаннан аса құрметті қонақтардың келетінін айтып, бірге болуға шақырды. Мен онда "Жұмысшының" бөлім меңгерушісімін.
Редакциямызға жақын тұратын Есбергеннің үйіне барсам, екі қонақ кісі отыр екен. Бірі Қабекең де, бірі Ағзам Ыбыраев деген азамат. Қабекең сол кезде Алматыдан оралып, Форт-Шевченко қаласы тарихи-өлкетану мұражайының директоры екен. Танысып-біліскеннен кейін кезек әдебиет ауылына, поэзияға қарай ойысты. Байқаймын алғашқы пікірлесуден-ақ Қабекең екеуміз бір-бірімізге ұнап қалған сияқтымыз. Ол Қанатбай сынықшыға қаралуға келген екен. Қонақ болып, ел қыдыруға асығыс екендіктерін айтты.
Қабекең сол сапарында Красноводск пен оның маңында тұратын қазақ ақындары — Есенғали Бөкенбаев, әкелі-балалы Өткілбай және Құдайберген Көпековтер сияқты бес алты адамның өлең-жырларын өзімен ала кетті. Бұрын жекелеген өлеңдерім республикалық газет жорналдарда жарияланып жүрген мен де бір топ өлеңдерім мен суретімді беріп жібердім.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін Маңғыстаудың сол кезде "Коммунистік жол" аталатын облыстық газетінде "Нұр шаша бер, бейбіт күн" деп аталатын үлкен тақырыппен бес-алты өлеңім суретіммен жарқ ете қалды. Қабекең жүрек тебірентерліктей ғып алғы сөзін жазыпты.
Қабиболла аға 1994 жылы жарыққа шыққан тұңғыш жыр жинағым "Бойтұмарға" да алғы сөз жазды.
Өкінетінім Қабекең ағамызбен көп дидарласып, бірге болып әңгімесін тыңдай алмадық. Анда-санда Алматыға бара қалғанымызда үйіне телефон шалатынмын. "Үйге келсейші,"-деп шақырған кездері де болды, бірақ сәті түспей-ақ қойды. Арнайы бір барармын деп жүргенімде ағамыз дүниеден озды. Енді оны еске алудан, ол туралы естелік айтудан басқа қолымыздан ештеңе келмейтін сияқты.
Қайран Қабеке, Қабиболла аға, жатқан жерің жайлы болсын, тірлікте өте көп еңбектендің, бейнет пен қиындықты да аз көрмедің, бақида жаның жәннәтта болып, нұрың шалқысын, абзал аға!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі