Өлең, жыр, ақындар

Сазгер

(Жалғас Кеңесұлы жайында үзік сыр)

Әлі есімде тоқсаныншы жылдардың ортасы болса керек. Ол кезде Жаңаөзен қаласында тұратын едім. "Қалаға өнерлі бір жігіт келіпті, асабалығы күшті екен, аты-жөні Жалғас Кеңесұлы", деген хабарды еститінмін. Бірде сол кезде Жаңаөзен мұнай колледжінде оқытушы болып қызмет істейтін, ансамбльде ән айтып жүретін өнерпаз Есболат Аманжолов дейтін жігіт тап бола кетті. Амандық-саулықтан кейін ол: "Бізге жаңадан келген Жалғас деген жігіт сіздің апа туралы өлеңіңізге ән шығарыпты, өткен сенбі күні Жетібайда тойда болдық, сонда орындалды, ақ жаулықты әжелер көзін бір шылап алды", — деді. Кейіннен, 1998 жылы бұл ән Қазақ радиосының республикалық "Жаңа жұлдыздар" байқауында бірінші орынды иеленді.

...Балалық шағы Сыр елінде өткен Жалғас кішкентайынан өнерге жақын тұрды. Құрманғазының, Тәттімбет пен Динаның жан тебірентерлік күйлеріне елтіп, Абай мен Ақан серінің лирикаға толы әндерінен, Әсет пен Нұрғисаның әуезді әндерінен сусындап өскен оның рухани жан дүниесі байып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сазгерлікке, ақындыққа ден қоя бастады. Ән мен күй десе ішкен асын жерге қоятын ол мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болды. Мектеп бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің музыка факультетіне алып барған да осы бір құштарлық еді. Музыка әсершіл нәзік сезіммен, қылаусыз жүректен шығатын туынды. Әйтпесе тыңдаушы жүрегіне жетпес еді. Тырнақалдысы — 1980 жылғы көктемде дүниеге келген "Нәзігім-арманым" әні болды.

Жалғастың сазгерлік өнері өзінің атажұрты — Маңғыстауға, оның ішінде мұнайлы Жаңаөзенге көшіп келгеннен кейін қанаттанып, шын мәнінде өріс жайды. Атап айтар болсақ, ол Фариза Оңғарсынованың, Қайнар Олжайдың, Светқали Нұржанның, Құдайберген Қазыбековтың, Сайын Назарбекұлының, Қаржаубай Рейімбайұлының, Рәуіл Майдановтың, тағы да басқа ақындардың өлеңдеріне ән жазды. Ол арнайы тапсырыспен емес, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген немесе қолына түскен жыр кітаптарынан өзінің көңіліне ұнаған өлеңдерді әнге айналдырады екен. Оны тіпті өлең авторлары да білмей, кейін естіп жатады. Мұндай жағдай менің басымнан да өткен-ді. Өткен жылы Ақтаудағы облыстық филармонияда Жалғастың "Маңғыстау біздің — әніміз" атты кеші зор өрлеумен өтті. Кеште орындалған әндердің он шақтысы менің өлеңдеріме жазылғанын естіп, таң қалғаным бар. Оның жоғарыда аталғандардан басқа "Айналайын", "Маңғыстау — біздің әніміз", "Ұландар", "Шығайық қырға","Аққулар", "Аққу арман", "Туған күн", "Сағыныш", "Домбыра","Әнші қыз монологы", "Асыл жарым", "Іздеймін сені", "Бала болашағың","Қартаймайды ғашық адам", "Сенсіз таңдар", "Құрылысшылар әні", "Жаңаөзен жас қала", сияқты әндері көпшіліктің көкейіне қонды. Жалғастың Фариза апамыздың сөзіне жазған "Көңіл назы" әні 2002 жылы қазақ радиосының байқауында бірінші орынға шықты. Осы ән және "Апа, сен қартаймайсың" әні "Тамаша" ойын-сауық бағдарламасында орындалса, оның сөзін де, әнін де өзі шығарған "Қайран дүние" әнін ұлттық телеарнадан республикаға белгілі әнші Нұрлан Өнербаев "Ән мен әнші" бағдарламасында орындады.

Оның әндерін сондай-ақ еліміздің Ұлжан Айнақұлова, Сембек Жұмағалиев, Ералхан Әбішев, Бейбіт Сейдуалиева, Бақыт Шадаева, Нұрмағанбет Наренбаев, Ұлықпан Жолдасов сияқты әншілері орындап жүр. Бұл Жалғастың әндерінің республикамызға тарай бастағанын көрсетеді. Жуырда Республикалық авторлар құқы жөніндегі қоғам оның сазгерлік өнерін жоғары бағалап, 34 әнін тіркеуден өткізді және авторлық куәлік тапсырды. Бірнеше әндері республикалық телеарналардың концерттік бағдарламаларынан көрініс тапты. "Әнші қыз монологы" әнін әнші Бақыт Шадаева деректі телефильмде шырқады.

Жалғас мұнан екі-үш жыл бұрын өздерінің алтын тойларын тойлаған еңбек ардагері Кеңес аға мен ардақты ана Жаңыл жеңгейдің он баласының бірі. Қызмет жолын мұғалімдіктен бастаған ол мектеп директорының орынбасары, Жаңаөзен мұнай колледжі директорының орынбасары міндеттерін атқарды. Қазір мұнайшылар қаласындағы мәдениет пен өнердің ордасы — "Өнер" қазыналық кәсіпорнының директоры қызметін атқаруда. Зайыбы Тұмар мектепте мұғалім. Балалары өсіп келеді. Халқымызда сүйсінгенде айтылатын "Сегіз қырлы бір сырлы", "Жігітке жеті өнер де аз" — деген сияқты мәтел сөздер бар. Бұл тура Жалғас Кеңесұлына арналып айтылғандай, өйткені ол сазгерлігімен қоса ақын әрі әнші, концерт жүргізуші әрі асаба, жалпы алғанда, өнерімен өрге жүзген жігіт. Қала деңгейінде өтетін сан алуан шараларға мұрындық болып, өзі ұйымдастырып, өзі жүргізіп жүргенін талай көрдік. Сонымен қатар кейбір әндерінің мәтіндерін жазған да өзі.

Жуырда Жалғастың өмірінде қуанышты оқиға болды. Астанадағы Президенттің мәдени орталығында оған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атағы беріліп, белгісі тапсырылды. Бұған Жалғасты білетін, оның өнеріне қол соғып жүретін маңғыстаулықтар түгел қуанды десек, асыра айтқандық емес. Өйткені, бұл оның ширек ғасырлық тертөкті еңбегінің жемісі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні дегендей, сөзіміздің соңында сазгер Жалғас Кеңесұлына бағытыңнан таймай биіктерді бағындыра бер дегіміз келеді.

2006ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз