Әлі есімде мұнан жиырма жылдай бұрын облыстық газеттен Бейнеу ауданына іс-сапармен жол шеккенім бар. Жолаушылар вагонында қатар жайғасқан жылы жүзді, салиқалы сөзді бір ағаймен әңгімелес болдық. Білікті, парасат пайымымен биіктен көрінген ағамызбен поездан бірге түстік. Мен сұраған соң өзімді таныстырғаныммен ол кісіден жөн сұрамаппын. Ертеңіне жұмыс бабымен Бейнеу поселкелік кеңесіне соққанымда сөзіміз жарасқан, сапарлас аға алдымнан шықты. Ол поселкелік кеңес атқару комитетінің төрағасы екен. Менің Жұлдызбай Болысбайұлы Есбосыновпен алғашқы кездесуім еді бұл. 1988 жылы Маңғыстау облысы тарағаннан кейін Бейнеуге көшіп барып, аудандық "Рауан" газетінде жыл жарымдай қызмет істедім. Сөйтіп, Жұлдекеңді жақынырақ танып-білуіме мүмкіндік туған-ды...
...Әкесі Есбосын қайтыс болғанда Болысбай небәрі төрт-ақ жаста екен. Екі апасымен жетім қалады. Анасы, Көшке Жеменей қызы Бибіш қайратты, ер мінезді жан болыпты. Сонысына бағып балаларын ешкімнен кем қылмай өсіріп, төркінінің беделімен Бегімбет жеменей Сартбек бидің қызы Гүлжаһанды ұлына алып береді.
Ал, Болысбай сол өңірдегі жаңаша сауатты бірден-бір адам болғандықтан, ауылдағы сауат ашу мектебінде мұғалім, ал кейіннен ауылдық кеңестің хатшысы болады. Ауыртпалығы зор 30-ыншы жылдары балалары тұрмай шетіней беріпті. Мұны көріп-біліп отырған бүкіл ауыл "артында тұяқ қалса екен" деп тілейді екен. Алладан бір перзент сұрап, Бибіш келіні Гүлжаһанды Бердалы әулиеге апарып түнеткеннен кейін 1937 жылғы қаңтардың 1-інде Маңғыстаудың Тиген ауылында дүниеге келеді. Ал, есімін тіпті ана құрсағында жатқанында Бердалы әулие ұрпағы Маябас қойып кетіпті. Жұлдекеңнен кейін Еркеш, Зәуреш, Айдарбай, Айткүл, Қамажай, Жанжігіт, Ержігіт деген балалар дүниеге келіпті.
Жасынан зерек те ширақ, білімқұмар боп өскен Жұлдызбай мектепте өте жақсы оқып, 1954 жылы Таушықтағы Шахта орта мектебін бітіргеннен кейін Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтта үздік студент, қоғамдық жұмыс белсендісі болды. Гимнастика, еркін күреспен шұғылданып, домбыра оркестрінде ойнады.
Сол жылдарда "Лениншіл жас" газетінде Ә. Мұқашевтің "Өз досым туралы" деген көлемді мақаласы шықты. Мақала Жұлдызбай Есбосынов хақында болатын. Автор жастарды сегіз қырлы, бір сырлы, білімпаз да өнерпаз, мінезге бай, қоғамдық іске белсенді осындай жас жігіттен үлгі алуға шақырады. Институтты 1958 жылы үздік дипломмен бітірген Жұлдызбайдың алдында аспирантураға қалу мүмкіндігі тұрды. ҚазПИ физика-математика факультетін 30 жыл ішінде 12 адам үздік бітірген екен, 13-інші болып Құрмет тақтасына Жұлдызбайдың суреті ілінді.
Отбасы жағдайына байланысты ол Қарақұм орталау мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып барады. Сөйтіп, Бейнеу ауданы тарихындағы тұңғыш жоғары білімді мұғалім еңбек жолын жеті жылдық мектептен бастады. Жағдайдың қиындығына қарамай аудандық жиналыс-жиындарда ауыл мектебінің ауыр халі туралы мәселе көтере жүріп, тұрғындар арасында білім беру, мәдени-спорттық ағарту жұмыстарын жүргізді.
1958 жылдың күзінде Жақия Нақбергенқызына үйленіп, отау құрды. Осы арада аз-кем шегініс жасасақ, Жақия Маңғыстаудың Қараой жерінде 1940 жылғы сәуірде Дәулеталы жары Нақбергеннің отбасында дүниеге келіпті. Әкесі арабша сауатты, көкірегі ояу, көзі ашық кісі екен. Ауылсовет төрағасы, колхоз басқармасы кызметтерін атқарып, 1941 жылы соғысқа аттанады, он үш рет жараланып, елге оралғаннан кейін алған жарақат салдарынан екі жылдан соң қайтыс болады. Ал, анасы руы Ақбота жеменей Сұпыалдиярқызы Ақбибі колхозда еңбек етіп балаларын өсіріп, жетістірді. Қаршадайынан анасының тәлім-тәрбиесін көрген Жақия жеңгей жарты ғасырға жуық уақыт бойы Жұлдызбайға асыл жар, жан-жолдас болып, шаңырағының алтын қазығына айналды.
Сонымен Жұлдызбай Қарақұм мектебінде физика, сурет, шебер қолдар, домбыра, фото, математика үйірмелерін ұйымдастырып, пәндік кештер, оқырмандар конференцияларын тиянақты өткізіп тұрды. Ол жүргізетін ата-аналар университетінің сабақтарына келген ауыл тұрғындарының сынып бөлмесіне симаған кездері көп. Мектепке жел электр генераторы орнатылып, автомобиль аккумуляторы зарядталатын. Мәскеуден посылкамен диафильмдер көптеп алынып, көрсетіліп тұрды. Мектеп директорлары Шайхат Нәжетов, Құрмет Құспанов, мұғалімдер Кенжеғұл Исабергенов, Алдаберген Мейіров, Ботай Келбаев, Нұредан Кенжеахметов, Сұлушаш Қаженова, Ізберген Құрбанбаев, Назым Қамзиева және басақалар бір мақсатқа жұмылған, өзара сенімді ұжым болды. Жазғы жөндеу, қысқы отын әзірлеуді бір кісідей атқарды.
Мектепке шағын электрстанция алынып, оның жұмысына бүкіл ауыл қатысты. Аса қауіптілігіне қарамастан Жұлдызбай қолдан құрастырып жасаған темір электр бағандарының басына құрал-жабдықсыз шығып, мектепке, интернатқа, клубқа, үйлерге электр желісін тартты. Жазғы каникул кезінде мектеп жанындағы 140 оқушы жататын интернатқа шағын монша салып берді. Мектеп шеберханасын, оған қолдан верстактар жасап, орнатты.
Мереке сайын қызықты шаралар ұйымдастыру мен қатар Жұлдызбай комсомол ұжымының жетекшісі ретінде елдің саяси өміріне белсене араласты. Үгітшілігімен қатар өнерпаздығымен де көрінді. Клубта өткен бір кеште Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы жайында баяндама жасап, оның 29 күйін орындап бергені бар.
1959 жылдан бастап ол жаңашыл, озат мұғалім атанып, сол жылы орта мектеп директорлары курсынан өтті. Жастығына қарамастан суреті ауданның Құрмет тақтасынан орын алып, алқалы жиындарда аты ілтипатпен аталып жүрді. Мұнайшы, ғалым Құбайдулла Махутов, журналист, марқұм Сайын Әділханов, Қыдырбақыт Сейілханов, Аманғали Шамшадинов, Мұрат Құрбанбаев, Сұлтан Жаңбыров, Нағима Мырзабекова сияқты халыққа белгілі көптеген азаматтар Жұлдызбайдан білім алған.
1962 жылы әкесі Болысбай Самдағы мал шаруашылығы учаскесінің меңгерушісі болды да, Жұлдызбай Сам сеігіз жылдық (кейін орта) мектебіне физика пәні мұғалімі боп орналасты. Мектепке институтты жаңа бітірген Жеткізген Рзаев, Бақыт Балов, Фермебай Ережепов, Ермекбай Оразалиев, Айеке Есбергенов, Жалғас Сағындықов, Құдабай Өсербаев, Асима Самешова сияқты жастар келді. Мектеп жұмысын Құрмет Құспанов, Жанбоз Екібаев үйлестіріп отырды. Ал, мектеп жанындағы үлкен интернатты Қылыш Өтетілеуов, кейін Есенбай Шолтанов басқарды. Жұлдызбай сол кездегі ең жақсы жабдықталған физика кабинетін жасақтады. Физика қоғамын құрып, оған оқушылар тартты. Мектепті бітірушілер жоғарғы оқу орнына көптеп түсті. Бір кездері Бейнеу ауданындағы мектеп директорлары осы Сам мектебінде қызмет істеген немесе білім алған адамдар болды, олар аудандық білім бөлімін басқарды, мектеп мұғалімдері түгелдей Білім үздігі атанды. Жұлдызбай мектеп партия ұйымын сегіз жыл басқарды, сонымен қатар Жеткізген Рзаев екеуі қоғамдық негізде саяси-ағарту кабинетіне жетекшілік жасады. Мектептегі психологиялық ахуалдың жақсы болуы, әр мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуі өз жемісін берді. Ж. Есбосынов, Б. Балов, Қ. Өсербаев облыстық педагогикалық оқуға қатысып, тәжірибелері облыс мектептеріне таратылды. Мазмұнды баяндамалары үшін үшеуі де "Білім үздігі" белгісімен марапатталды. Жұлдызбай Маңғыстау ауданы әдістеме бірлестігінің физика секциясын басқарды.
Маңғыстау ауданы бойынша мектепті алғаш медальмен бітірген Баймұханбет Дүйсенбаев (Абылан Мәдиев) осы Сам мектебінен шықты. Ол қазір Қазақ көлік коммуникация Академиясы Ақтау филиалының директоры, профессор. Осы мектеп түлегі Жауынбай Қараев Педагогика ғылымдарының докторы. Білім және ғылым министрлігінде жоғары лауазымды қызметте.
1972 жылы Жұлдызбай № 491 теміржол орта мектебіне директорлыққа тағайындалып, Бейнеу кентіне қоныс аударды. Бұл сондағы жалғыз орыс-қазақ мектебі болатын. Бейнеу-Қоңырат теміржолын, кент құрылысын салуға КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген, тағдыры қилы-қилы, сан түрлі ұлт өкілдерінің балаларын тәрбиелеп, білім беру оңай іс емес-ті. Дегенмен, Жұлдызбай мектептің көп ұлтты мұғалімдер ұжымына әрі әріптес, әрі ұстаз- тәлімгер, әрі ғылыми-әдістемелік жетекші, ақылшы-дос бола білді. Мектептегі оқу-тәрбие сабақтары тиімділігін арттыру жұмыстары жақсы жолға қойылды. Жұлдызбай оқу жылы басталған ашық сабақты әуелі өзіне қояды. Оның барлық сабағы жыл бойы ашық есік жағдайында өтеді. Осындай бір ашық сабағы туралы кезінде " Қазақстан мұғалімі" газеті жазды.
Ол 1980 жылдан 1991 жылға дейін Бейнеу поселкелік Кеңесінің төрағалығына сайланды. Қоғамдық-әлеуметтік өмір ұйытқысы болған бұл поселкелік Кеңес екі рет поселкелік және селолық кеңестер байқауының жеңімпазы болды.
Жұлдызбай Болысбайұлы аудандық Кеңеске 6 рет депутат болып сайланып, 11 жыл аудандық Кеңес атқару комитетінің мүшесі болды. Сондай-ақ облыстық соттың мүшесі, аудандық парткомиссия төрағасы сияқты қоғамдық жұмыстарды да мінсіз атқарды. Ал, 1991 жылы баламалы сайлау кезінде аудандық Кеңес төрағасының орынбасары болып сайланды. Өз ісінің білгірі ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық өміріне өз үлесін қосты. Аудандық Кеңестердің таратылуына байланысты Бейнеу аудандық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1997 жылы мемлекеттік қызметкер ретінде зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудандық білім бөлімінде қызметін жалғастыра берді.
Жұлдызбай Болысбайұлы туралы көп пікірін түйіндесек, ол былайша өрілер еді: өмірінде ешкімге қиянат жасамаған, оның үстінен де ешқашан шағым түспеген. Өз ісінің шебері, қандай қызмет атқарса да жоғары кәсіби білікті маман ретінде танылды. Қандай тексеру болса да жұмысынан кінәрат, бухгалтериясынан бір тиын айырма табылмаған. Жиналыс-жиындарда өз ойын қаймықпай ашық айтып, пікір-таластарда шешендігі, дәлелді ой-пікірлерімен көрінген. Сонымен қатар аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда өр кезде мазмұнды мақалалары жарық көріп тұрды. Мәселен, 90-шы жылдары болуы керек, бірде "Қазақ әдебиеті" газетінің бірінші бетінде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) суреті шықты. Мұның мүлде дұрыс еместігін дәлелдеп жазған Жұлдызбай Болысбайұлының хатынан кейін сурет шықпайтын болды. Газет редакциясы Жұлдекеңнен кешірім сұрап, хат жолдады.
Жұлдызбай Болысбайұлы Бейнеу кентінің құрметті азаматы. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жұлдызбай Болысбайұлы мен Жақия Нақбергенқызы 11 бала тәрбиелеп өсірген, 30-дан астам немере сүйіп отырған ұлағатты отбасы иелері. Тұңғыштары Нұржігіт Өскемендегі Автомобиль жолдары институтын бітіріп, "Бейнеу жолдары" ЖШС жол құрылысы инженері болса, қыздары -Шолпан Атырау пединститутының тарих факультетін, Айман Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетін, Жанат Томск политехникалық институтын, Ләззат Ақтөбе педагогикалық институты химия-биология факультетін, Айзада Алматыдағы есеп-кредит техникумын, Қарағанды Мемелекеттік университетін, Балзада Алматы Халық шаруашылығы институтын, Жаңылсын Алматы технологиялық техникумын, Найля Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті инженерлік-техникалық факультетін, Жанар Маңғыстау политехникалық техникумын, Қарағанды Мемлекеттік университетін, кенжелері Тұрсынхан Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Ұл-қыздардың барлығы да білікті маман ретінде халық шаруашылығының сан алуан салаларында абыройлы еңбек етуде. Сонымен қатар әр қайсы бір-бір шаңырақ иелері.
Жаны жайсаң, тарыққанға қамқор, ағайын-туыс арасында сыйлы, қай кезде де атақ-даңққа ұмтылмай, шындық үшін күресіп, халқына жасаған адал қызметімен құрметке бөленген қадірменді ақсақал, ел ағасы Жұлдызбай Болысбайұлы бүгінде Ақтау қаласында тұрады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі