Соңғы кезде облысымыздың Ақтау, Жаңаөзен сияқты ірі қалаларында жасөспірімдер тәртіпсіздігінің белең алуы кім-кімді де алаңдатады. Мұны облыс орталығының жергілікті телеарналарынан қайта-қайта көріп отырмыз. Осы жуырда ғана біз жақсы танитын отбасының жаңа ержетіп келе жатқан баласын естуімізше өз тұрғыластары өлтіріп кеткен. Жасөспірімдер арасындағы мұндай шектен шыққан жағдайлар ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналарда үрей туғызатыны белгілі. Осы тұрғыда мазалаған ойлар қолға қалам алуға итермеледі.
"Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің" дегендей ең алдымен өзінің бауырынан шыққан баласының жай-күйіне, тәрбиесіне ата-анасы жауапты. Ел арасында мынадай аңыз бар. Сәбилі болған бір жігіт ауылдың данагөй қартына кеп: "Ата, мен ұлды болдым, айтыңызшы жақсы азамат боп өсуі үшін оны қалай тәрбиелеген жөн?" деп ақыл сұрапты. "Шырағым, ұлың нешеде? десе, жігіт "Қырқынан шықты", — депті. Сонда ақсақал: "Е-е, онда қырық күн кешіккен екенсің", — деген екен дейді. Бұл баланы бастан дегенді мегзейді. Біз де әке-шеше көріп өстік. Әкеміз бала тәрбиесіне қатал қарады. Тентектік жасасақ, тіпті үйленгенге дейін сабайтын. Ал, шешеміз керісінше балаға бір шапалақ ұрмаған, мейірбан жан еді. Кешкі шайдан кейін шаршағаны басылып, қабағы ашылған әкемізді ертегі немесе қызықты әңгімелер айтып беруін сұрап, мазалайтынбыз. Ол кісі де кері қақпайтын. Содан кейін ел қорғаған батырлар, Есек мерген, Бекет ата, Шопан ата жайында әңгімелер айтып, дұға, аят жаттатып, жаман, әдет-қылықтардан жиренуге, жақсы өнегелерді үйренуге үйрететін. Үйге қонақ келсе: "Мына кісі бәлен жерден келген, бәлен деген ағаң, танып ал", деп отыратын. Қолға су құйылып, ас желініп, аят оқылып, дастархан жиналғанша орнымыздан қозғалмайтынбыз. Ненің жақсы, ненің жаман екенін жасымыздан біліп өстік. Бізге "Батырлар жыры, "Рүстем-Дастан", сияқты көптеген кітаптарды дауыстап оқытатын.
Әрине, ол бұрынғы кез ғой, қазір бәрі басқаша ғой дейтіндер табылар. Бірақ қай заман болса да бала үшін ата-ананың орны бөлек. Себебі сәбидің көзін ашып, көргені, өзіне ең жақын тұтары ата-ана, сондықтан олардың не айтып, не қойғаны, жүріс-тұрысы, тәлім-тәрбиесі көкейінде қалады. Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың "Баланы ұлша тәрбиелесең — ұл боп өседі, құлша тәрбиелесең құл боп өседі" деген сөзі бар. Ендеше өзінің артында қалатын ізінің, халқының азаматының, елінің болашағының қалай болмағы ең алдымен ата-анаға байланысты. "Отан от басынан басталады" дегендей, еліміз де отбасылардан құралады. Демек, баланың елін сүйген, патриот азамат болып өсуінде ата-ананың рөлі орасан зор. Атақты ғұлама Сократтың: "Балаларыма алтыннан да қымбат мұра — Отаныма деген махаббатымды қалдырдым",— деуі сондықтан болса керек.
Әрине, адам өмірінде қара танытып, қатарға қосатын мектептің, баланың ошағынан сыртқы ортаның берері көп екені сөзсіз. Ұстаздарға үміт пен сенім артып, шәкірт жүрегіне жол тауып, еңбегімен көрінгендеріне көп құрметі зор. Германияда бастауыш сынып мұғалімі болу үшін жеті жыл оқиды екен. Бұл білім мен тәрбие негізінің бастауышта қаланатынын байқатады. Шынында баланың көбінесе бесінші, жетінші сыныптардан бастап мінезі, сабаққа құлқы өзгереді. Тіршіліктің таусылмас күйбеңімен жүріп, бала тәрбиесін ұмытқан ата-аналар өз перзенттерінің өтпелі жасқа жеткенін, енді бірге жүрген ортасының ықпалында екенін кеш біліп, бармақ тістейді. Жаңаөзен қаласында тұратын кезім, бірде подъезге кіріп келе жатсам тоғыз-он жас шамасындағы бала қолындағы істік темірімен қабырғаны ойып тұр. "Әй, балақай, қабырғаны бүлдіруге бола ма?" деп едім, сөзге құлақ түрер түрі жоқ, барып қолынан темірін алып, өзін білегінен ұстап подъезден шығарып жібердім. Біраздан кейін сыртқа шықсам, бір орта жастағы әйел мені көріп, таяп келді де: "Кішкентай балада не алмағыңыз бар, менің баламды неге ұрасыз", — деді әй-шәй жоқ. Мен болған жайды түсіндіріп айтып ем, баласын ақтап сенбегендей түр байқатты. Бір-екі күннен кейін қызметтен келе жатсам әлгі бала қап-қара бояумен үйдің сыртқы қабырғасына баттитып, бірдеңе жазып жатыр. Не дерімді білмей тұр едім, дүкен жақтан қолында пакеті бар шешесі келе жатыр екен. Алдынан шығып, баласының жанына ертіп апардым. Шешесі айқайға басып, баласы далаға қашып, абың-күбің боп қалды. Әрине, баласын жаман көретін немесе ол жаман болсын дейтін ата-ана жоқ, дегенмен, әлгіндей теріс қылығы үшін біреулер ескерту жасаса немесе мектепте мұғалімі ұрысса, баласын жазғырудың орнына, оны судан таза көріп, тұра жүгіретін ата-аналарды көріп жүрміз. Мұндайға арқа сүйеген бала түзеле ме? Сондайдан аулақ болғысы келе ме қазір мектептерде тентектерді тәртіпке шақыру жағы бәсең сияқты. Мәселен, біз жоғары сыныпта оқып жүргенде бірде тоғызыншы, оныншы сыныптардың ер балалары екі жаққа бөлініп, оған училищенің оқушылары қосылып, үлкен төбелес болғаны бар. Сонда біздің бір сыныптасымыздың шекесі жарылыпты. Сол-ақ екен мектепке ішкі істер органдарының қызметкерлері келіп, төбелескендерді анықтап, олардың әрқайсына отыз сомнан (ол кезде аз ақша емес) айып пұл салды. Мұнымен де қоймай ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, жиналыстар өткізді. Ол кезде бала тәртіпсіздік жасаса ата-анасының жұмыс орнына хабарланатын. Мектеп ұжымы ата-аналармен жиі бас қосып, қоян-қолтық жұмыс жүргізетін-ді. Нәтижеде өрескел тәртіп бұзушылық болмайтын. Қамысты бос ұстасаң қолыңды тіледі дегендей мектепте оқушыларға еркіндік береміз дегенде жеткеніміз бүгінгі жағдай ма? Осы тұрғыда көп болып ойласқан жөн сияқты. Бірде келе жатсам үш-төрт жас шамасындағы үш бүлдіршін бос бөтелкелерді асфальтқа ұрып сындырып жатыр. Келіп қалған мені байқамай қалды. "Оу, міне, жақсы балалар екен. Бірақ бүйтіп бөтелкені көшеге шақпаңдар. Әне қоқыс салатын жәшікті көрдіңдер ғой, соған апарып тастаңдар", — дедім. Үшеуі жарыса жүріп айтқанды орындады. "Үнемі бос бөтелке көрсеңдер сындырмай қоқысқа апарып тастаңдар, бола ма?", — деймін. Олар бастарын изеп, көп іс тындырғандай мәз-мейрам. Мен баламен балаша сөйлесе білген жөн-ау деп ойладым.
Мұнан үш жылдай бұрын, онда № 29 шағын ауданда тұратынмын, даладан у-шу дауыстар естілгендей болды. Сыртқа шықсам елу-алпыстай жасөспірім қолдарыңда таяқтары бар өріп келеді. Үй жанында тұрған автомашиналарды таяқтап, тепкілеп барады. Үш-төрт жас полиция қызметкерлері қолдан келер қайран жоқ әлгілермен қапталдаса жүгіріп келеді. Қолындағы келтегін оңды-солды сілтеп, айқай салып жүрген бір жасөспірімді екі полиция қызметкері білектен ұстай алып,тоқтатып еді. Жоғарғы қабатың балконынан қарап тұрған бір-екі әйел: "Әй, баланы жібер, жолдастарыңды полиция ұстап алды! Не қарап тұрсыңдар оны, әкетіп барады.!" — деп айқай салды. Оларға кейбір әйелдер де қосылып, байбалам салды.
Елдің тыныштығын, жастар тәртібін көздеген жандар сөйте ме?! Байқап жүрміз, полиция қызметкерлеріне жақсы ат жоқ, олардікі дұрыс та болса бұрыс. Мұндай жағдайда олар тәртіпті қалай күзетеді, мүмкіндігінше оларды қолдап, көмектесудің орнына, бұра тартатынымыз қалай?
Баланы есі кіре бастағаннан-ақ жақсы әдеттерге, имандылық пен инабаттылыққа, адалдық пен әділдікке баулыған жөн. Ал, балабақша, онан кейін мектеп баланың отбасында алған тәлім-тәрбиесін дамытып әкетуі тиіс. Сондықтан бала тәрбиесіндегі жандардың өзі халықтық педагогикамен сусындаған жандар болса құба-құп. Ең қиын кезең, баланың өтпелі кезеңі дейтін он үштен он сегізге дейінгі аралық. Бұл кезде мектепке қоғамдық ұйымдар, жасөспірімдер ісі жөніндегі мекемелер көмекке келіп, тәрбиелік сипатта жұмыс жүргізсе дейміз. Әдетте олар алдын алудың орнына жасөспірім бірдеңені бүлдіргеннен кейін барады. Бұл жаста жігіт болуға ұмтылып жүрген жас әрнәрсеге құмар келеді. Әсіресе, арақ пен темекіні бойларына жолатпаған дұрыс. Ертеде бір жас жігіт жолаушылап келе жатып қонаға жапандағы жалғыз үйге тап болыпты. Басқа барар жер жоқ, үйге кіріп отырғаннан кейін, үй иесі әйел: "Жігітім бұл үйге үш шартымның бірін орындасаң ғана қонасың, бесіктегі сәбиді өлтіресің, болмаса менімен бірге жатасың немесе мына құмырадағы шарапты ішесің", — дейді. Жігіт ары-бері ойланып, шарапты іше салуды жөн көреді. Ертеңіне есін жиса сәбиді де өлтірген, өзі әйелдің қойнында жатыр.. Осы аңыз әңгімеден-ақ бар бәленің басы-арақ-шарап екенін ұғуға болады. Ішкі істер органдарының мәліметтеріне жүгінсек, қазіргі күнде жасалып жатқан қылмыстың, жол-көлік апаттарының 90-95 пайызы ішімдік ішкеннің кесірінен болып отыр. Арақ ішкен адам ең кемінде үш нәрседен ұтылады екен. Біріншісі — денсаулығы, екіншісі — ақшасы, үшінші-алтын уақыты. Қазақтың қаншама дарынды адамдары, келешегінен үміт күттірген небір жайсаң жігіттері осы зәһардың құрбаны болды десеңізші?!... Сондықтан да өткінші қуанышынан да әкелетін қайғы-қасіреті басым ішімдіктен, есірткіден жастарымызды барынша сақтандырайық, қорғайық.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, қазақ сынды талай қырғынды бастан кешкен халыққа бүгінгі әрбір бала қымбат. Өйткені, біз азшылықтан қорлық көрген халықпыз. Небір жақсылар, аузымен құс тістеген ғұламалар, біртуар дарындар қай кезде де көптен шығады. Бүгінгі жас ертеңгі отбасы иесі, ел азаматы. Оның қандай болмағы өскен ортасына байланысты. Қазақстанға, халқымызға болсын дейтін әрбір отаншыл адам, ұрпақ тәрбиесіне, демек, өз болашағына жүрдім-бардым қарауға тиісті емес. Осыны әркез есте ұстайықшы дегім келеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі