2008 жылғы қаңтар айында Астанада Мәдениет жөне ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, оған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысып сөз сөйледі.
— Мәдениет және ақпарат — елдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал ететін мемлекет саясатындағы маңызды бағыттарының бірі. Ол сонымен бірге ұлт қауіпсіздігі мен тұтастығын, нығайтуда айрықша рөл атқарады. Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрлігі алдына мынадай міндеттер қойылады, — дейді Үкімет басшысы, — Алдымызда тұрған басты міндеттің бірі-өмірлік ұстанымы бар, өз Отанының мақсат-мұратына сәйкес қызмет ете алатын жоғары білікті, озық ойлы ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасау. Олардың бойына халқымыздың киелі дәстүрі мен әлемдік мәдениет жетістіктерін, ұлттық идеалға негізделген рухани құндылықтарды сіңіру қажет.
Осындайда ойға оралады, сенгіш, еліктегіш, адал да аңғал қасиетімізден бе біз қазақтың өз еді мен жерінен гөрі он бес республиканың басын біріктіріп отырған ортақ отанымыз — Кеңестер Одағының патриоты болыппыз. Сол он бестің ішінен Қазақстан алдымен ауызға алынып, "достық лабораториясы" атанғанына мәз болдық. Қазір қарап отырсақ бұл әр нәрсенің байыбына ой жүгіртпейтін, әсіре патриоттық екенін өмір дәлелдегендей болып отыр. Керісінше, одақ дегенге мән беріңкіремей, тұра шаппай, өз қазанында қайнаған көрші республикалар сол кезде де, қазір де елдігін, ұлттық тілін, салт-дәстүрін жоғалтпай-ақ замана көшінен қалмай алға асып барады. " Көже қарын тояр-ау, көңіл қарын болмаса", деп Мәтжан би айтқандай, ұлттық рухын биік тұтып, рухани құндылықтарын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан елдің ел боларына өз басым сенемін.
Осыдан отыз жыл бұрын, ҚазМУ-дың журфагында оқып жүрген кезіміз. Алматыдан ауылға Ташкент арқылы ұшуға тура келді. Ташкент аэропортында асхана-дәмханалар түнімен үзіліссіз жұмыс істейді. Жұрттың бәрі асығыс. Дәм алуға бірнеше адам қабат келіп қалдық. Кезектің алдында тұрған мен Алматыдағыдай орысшалап, керегімді айтып тұрмын. Сатушы қас қылғандай маған көзі түспей, менен кейінгілерге қызметтеніп жатыр. Шүлдірлеген маған тіпті адам екен деп көзін салар емес. Қысылғаннан "ағатайлап" қазақша сайрадым. Сонда ғана елең еткен өзбегім, бетіме күлімсірей қарап, сұрағанымды берді. Арада отыз жыл өткеннен кейін, 2006 жылдың күзінде Ташкентте тағы да болуыма тура келді. Жиырма жеті миллион халқы бар өзбек елінің астанасы, екі миллионнан астам адам тұратын Ташкент баяғыша өзбекшелеп жүріп жатыр. Ең азы көшелері, біздегідей "тығын" емес, ағылған шетелдік машинаны да көре алмадық. Бәрі-өзінікі.
Тағы бір мысал, сексенінші жылдардың басында туристік жолдамамен Бакуде болдым. Сауда орындарының маңдайшалары, көше атаулары, басқа да жазбалар бәрі өз тілінде — тек қана әзірбайжанша. Орысша сөйлесең, аяушылықпен, мүсіркей қарап, зорға жауап қайырады. Олардың орысша жақсы білгенімен де сөйлемейтінін сонда байқадым.
Ал, 1990 жылы әскердегі жиенімнің артынан Украинаның Кривой-Рог қаласына ұшып бардым. Ұшақтан түскенде алғаш көргенім аэропорт ғимаратының төбесіндегі "Криві ріг" деген жазу болды. Содан кейін Донецк, Днепропетровск қалаларында болдым. Қайда барсақ та сол кездің өзінде украин тілі үстемдік алған. Одақтың ең көп таралымды, басты басылымдары "Правда", "Известия" газеттерін газет сататын дүңгіршектерден іздесек те таба алмадық сатылымнан кілең украин тіліндегі газет-журналдарды ғана көрдік.
Бізге көршілес, бейтарап Түрікменстан да жұрт не десе о десін бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Көшсе қазақ, орыс көшті, түрікмен қозғалған жоқ. Бұл елдің табиғи ресурстары бір басынан жетіліп, артылады. Тілі жүз пайыз қолданыста, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақталған. Шекаралас жатқан бұл елге бірнеше рет барып келуіме тура келді. Бірнеше ақын-жазушыларымен достық қатынастамыз. "Түрікмен халқының халықтығын танытатын төрт асылы бар. Олар-ахалтеке арғымағы, қолдан тоқылатын ою-өрнегі, көз тартатын кілемі, алабай төбеті, дәмі тіл үйіретін охарман қауыны", — дейді мақтанышпен түрікменнің белгілі ақыны Рөвшен Тағанов. Бұған келіспеске лажымыз жоқ.
Ал, жоғарыда аталған елдерден еңсеміз биік деп жүрген бізде көңілді алаңдатар жайлар да аз емес. Ең бастысы ұлттық рухани құндылықтарымызды жұртқа ұқсап төбеге көтеріп отырмыз ба? Қаншама айтылып, жазылса мемлекеттік тіліміздің қолданысы әлі де көңілдегідей емес. Жаһандандырудың әсерінен бе ұлттық салт-дәстүрлеріміз де көмескіленіп барады. Текті ата-бабаларымыздың парасат пайымы, елдікті мұрат тұтқан асыл қасиеттері ұмыт болуда. Өзіміздің алтынымызды көрмей, өзгенің мысына ұмтылғанымыз сияқты жас ұрпақ санасын ұлтымызға жат ұғым жайлады. Адамгершілік, имандылықпен инабаттылықтың орнын қатыгездік, безбүйректік, өзімшілдік, үлкенге иба мен кішіге ізеттің жоқтығы басып барады. Ал, мұны көрсе де көрмегендік, білсе де білмегендік немесе шарасыздық одан сайын асқындыратындығы анық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" атты жуырдағы Жолдауында еліміздің әрбір азаматының алдына елдік мақсат-мұраттарымызды жүзеге асыруда зор міндеттер қойды. Бұл маңызды құжатта көп сөзден гөрі нақты істерге мән беру және барша отандастарымызды соған үндеу бар. Мәселен, Жолдаудағы: "Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді", деген жолдар ел ертеңін бүгіннен қолға алуға, жас ұрпаққа мемлекеттік тілді оның бар құнарын, қадір-қасиетін сақтай отырып оқытуға саяды. Және Елбасымыз бұл үшін қазіргі заманғы озық бағдарламалар мен үздік әдістемелерді енгізу қажеттігін айтады. Ендеше құр сөздің заманы өткенін кім-кімде түсінетін кез жетті. Елдігімізді көтеретін қай істе де жұдырықтай жұмылып, заман көшінен қалмаудың қамын ойлайық, ағайын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі