Драма
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Сәуле — обком секретары.
Сырдақ — обкомның бірінші секретары.
Алдаберген — Сәуленің күйеуі.
Нұрқасым — аудандық партия комитетінің секретары,
Рыскелді — колхоз председатель
Жарас — ғылыми қызметкер.
Құдайберген — құрылыс бастығы, Бөпежанның күйеуі.
Бөпежан — Сәуленің досы.
Гүлжан — Сәуленің қызы.
Сaпap — жазушы, Сәуленің iнici.
Айша — колхозшы әйел.
Бикеш — колхозшы әйел.
Әділғазы — обком қызметкері.
Бибатша — Сырдақтың әйелі.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бұл оқиға Қазақстанның ауыл шаруашылығы басым кішілеу облысында 1957 жылы болған еді. Облыстық партия комитетінің екінші секретары Сәуле Достанова Алматыдан қайтып келе жатты. Оның үйіне жолы түсіп, жазушы інісі Сапар келіп жатқан. Сәуленің күйеуі Алдаберген де үйде. Ол өзі момақан, кішіпейіл адам, жасы қырық бестер шамасында. Мұғалім боп істейді. Бұл үйге Сәулені қарсы алуға облсельстройдың бастығы боп істейтін күйеуі Құдайберген Қалқамбетовты ертін Бөпежан келген. Бөпежан соғыс кезінде Сәулемен бір заводта жұмыс істеген ескі құрбысы. Осы үймен еркін араласады. Сәуле пәтерінің бұл бөлмесі ақшам жиналған. Стол, буфет, диван, орындықтар. Бір-екі кресло бар. Пәлендей әшекей, айшық жоқ. Алдаберген Сапардың жеңінен ұстап қызына сөйлеп келеді.
Алдаберген. Қап! Сен қарғадан жүргенде мен көпірмен кететін едім. Қолыңда қарға толып тұрғанда түйенің тұзын жүріп, королін алдың. Ойбай-ау, қолында королі жоқ болғасын кісі тұздан жүре ме екен?
Сапар (күліп). Қойшы, жезде. Мен осыныңа түсіне бермеймін.
Алдаберген. Жазушы деген жақсы ойнайды деуші еді... Қан, сен қарғадан жүргенде Бөпежан без звух отыр еді. Сен бардың да...
Бөпежан (темекісін тұтатып). Балдызыңның шығыны шымбайыңа батып бара ма?! Пәлі, жазушының ақшасы жетеді.
Алдаберген. Мен ойынның ретін айтам-ау. Қолда отырған адамнан айрылын қалдық.
Сапар. Бөпежан сені мең маған ұстатпас. Ұятты білу керек, жезде. Құса болмай-ақ қой.
Құдайберген (күліп). Иә, құса болмай-ақ қой. Біздің Бөпеш ұстатпайды.
Бөпежан. Жә... Көп болса жеңгесіне кигізген көйлегі болар. (Сағатына қарап.) Сәуленің келетін мезгілі болды ғой?
Алдаберген. Айналайын Гүлжан. Мамасын өзі қарсы алам деп... қой, мен қазан жаққа барайын. (Күйбеңдеп шығып кетеді.)
Бөпежан. Қайным, осы жолы Сәулені министр қоямыз деп шақыртты десіп жүр, рас па екен?
Құдайберген. Иә, министр қояды дегендей сыбыс бар. Рас па екен?
Сапар. Мен басқа жақтан келе жатырмын. (Күліп.) Және үкімет кадр мәселесін менімен ақылдаспайды.
Бөпежан. Қойшы, қайным. Осында жатып біз естігенде... Бір атадан айналдырған екеусіңдер, бір-біріңе сүйеніш боп, бір жерде тұрғанға не жетсін!
Құдайберген. Иә, бір-біріне сүйеніш дегендей (Қолында чемодан, жүгіре басып Сәуленің он бес жасар қызы Гүлжан кіреді.)
Гүлжан. Сіздер неге мамамды қарсы алмайсыздар? (Шығады.)
Бөпежан. Қойшы, келіп қалды ма?
Есікке қарай жүреді. Алдынан Сәуле кіреді. Жасы отыз бестегі ажарлы әйел. Сәуленің үстінде соңғы модамен тігілген, жарасымды әсем көйлек. биі жайнап, өзі де бір түрлі көтеріңкі келген.
Бөпежан (Сәулені құшақтап). Пәле, с приездом!
Құдайберген. Ат-көлік аман дегендей, келіп қалдыңыз...
Сәуле. Бәріңіз тегіс амансыздар ғой! (Амандасады.)
Сапар. Ұятты білу керек, бауырларым. Ендігі кезек менікі болар. Кәне көріселік, әпкесі. (Сәулемен құшақтасып көріседі.)
Сәуле. Үй ішің аман. Дулат тіпті жігіт боп қалған. Ала келейін деп едім. Өзің қартайын кеткенсің бе? Самайыңа ақ кіріпті ғой.
Сапар. Менің қартайғаным саған тиімді болмас. Бас жағына барыспайық та.
Бөпежан. Қайным-ау, әйел заты сыр бермей-ақ бағады-ау. Бірақ, сен сияқты кейінгілер еске салады ғой.
Сәуле. Мең қойдым. .Сендер де қойыңдар. Ырымдарың жаман екен.
Алдаберген кіреді.
Алдаберген. Үй ішіміз түгенделіп, қағанағымыз қарық боп қалдық қой.
Бөпежан. Пәлі, бір жетінің ішінде сағынып-ақ қалыпсың. Сәуле ұзақ санарға шыққанда қадай шыдайсың, байғұс-ау?
Алдаберген. Е, сағынбай... Әйелсіз үй ішінің сәні бола ма. Жүр, Құдайберген, екеуміз дүкен жаққа барып келейік. Машина дайын.
Құдайберген. Иә, иә, барып келейік.
Сапар. Жезде, әуре болмасаңыздаршы.
Алдаберген. Кісі үйінде билік айтпа, балдыз. Біз қазір келеміз.
Құдайберген. Иә, қазір келеміз. (Екеуі шығады.)
Сәуле (Сапарға). Ұзақ боласың ба?
Сапар. Ұзамай Ленинградқа жүрмекпін. Биыл мың тоғыз жүз елу.жетінші жыл, әпкесі. Ленинградтың екі жүз елу жылдық мейрамы, соны көрмекпін.
Сәуле. Тағы бірі нәрсе жазып жүрсің бе?
Бөпежан. Қайным-ау, бәрібір жазатын болған соң өзіміздің осы Сәулені неге жазбайсың?
Сапар (күліп). Мұның өмірінде конфликт жоқ.
Бөпежан. Конфликт-санпликтіңді білмеймін. Бірақ әйтеуір қазақ қатыны дәл осындай ұрғашы туып көрген жоқ..
Сапар (күліп). Құдекең сізді бекер мақтамайды екен. Айтасыз-ақ.
Сәуле. Тілге жүйрік болсаң да, Бөпежанмен ұстаса көрме.
Бөпежан. Қайнымды үркіте берме. Бөпежан тілінің ащысы да, тұщысы да болады. Қой, мен қазан жаққа барайын.
Бөпежан шығады. Аз үзіліс.
Сапар. Жолдан шаршаған шығарсың.
Сәуле. Поезд үсті бізге демалыс қой. Ал хал-жағдайын, қалай? Қазір сені көбірек мақтайтын болды ғой. Кітабың шетелде аударылып жатыр дей ме?
Сапар. Атағымды шығаруға асықпа. Онсыз да кеу» деме едәуір жел бітіпті. Өз жағдайыңды айтшы. Жұмысың ауыр емес пе?
Сәуле. Соның кейде ауыр-жеңілін де байқамай қалам. Үйреніп кеткен болармын. Тек Гүлжанға қиындау.
Сапар. Сен әйел болып от басында отыра алмассың.
Сәуле (күліп). Оның рас. Тағы да бір мазасыз іске килігіп тұрмын. Өзің білесің, еліміз отырықшы болды, бірақ оның мықты бір тірлігі мал шаруашылығы көшпелі күйде келеді. Осыған үлкен өзгеріс енгізбесек болатын емес. (Көңілденіп.) Әрине беталды көз жұмып, тәуекел деп отырған жоқпыз. Бір жағынан ғылымға да арқа сүйедік, осында бір ғалым бар. Шеріміздің топырағын түгел тексеріп, бар байлықты алақанға салып берейін деп тұр.
Сапар. Мен сол ғалымды көрген сияқтымын.
Сәуле (елең етіп.) Ол осында ма?
Сапар(тыңдамай). Сені министр қояды деп еді ғой.
Сәуле. Жалынып-жалпайып өз орнымда қалатын болдым.
Сапар. Себебі?
Сәуле. Бастаған істі тындырмай кеткен жаман. Өзім бір түрлі қазанына ас салып, от жағып кеткен қатын секілді қайтқанша асықтым.
Жүгіріп Гүлжан кіреді.
Гүлжан. Нанды Бөпежан апай илейтін болды. Түһ, сені сағынып қалдым ғой? (Асылып
Сәуленің мойнынан құшақтайды.)
Сапар. Тоқта, тоқта. Ой, алдамшы, мен тұрғанда апамды сағынбаймын дейтінің қайда?!
Гүлжан. Екеуіңді де сағындым.
Сәуле. Қонағыңа нан илеткенің ұят емес пе, Гүлжан?
Гүлжан. Қазір барам. Мама, көйлегің қандай әсем. Алматыда тіктірдің бе? Қарашы, Сапар аға, мамам сұлу емес пе?
Сапар. Әй, жүгермек, ұятты білу керек, мамаң сұлу болса мен де сұлумын.
Гүлжан. Сен сұлу емессің, Сапар аға. Еркекке сұлулықтың керегі жоқ, ақыл керек. Қарашы, мамама жарасып тұрған жоқ па?
Сәуле. Айтшы, Сапар, жараса ма?
Гүлжан. Ылғи бір жұпыны киінуші еді. Теперь настоящий шик. Мамама осы жарасады.
Сапар. Сен бұлай киінбеуші едің ғой?
Сәуле. Мен де әйелмін ғой?
Сапар. Жоқ, сен орамал тартқан еркексің. Ал мынадай наряд обком секретарына жараспайды.
Гүлжан. Сапар ағам өтірік айтады. Жарасады.
Сапар. Сен менен білгішсің бе, а? (Гүлжанға ұмтылады).
Гүлжан. Сапар ағам түк түсінбейді. Жарасады. (Қашып шығып кетеді. Қайрылып есік ашып.) жарастықты білу керек, Сапар аға?
Сапар ұмтыла бергенде есікті жауып алады.
Сапap. Тоқта бәлем, қолыма түсерсің.
Сәуле. Сапар, сен Гүлжанды кішкентай балаша еркелетесің. Бой жетіп қалған қыз ондайды ұнатпайды.
Сапар. Гүлжан әлі кішкене емес пе?
Сәуле. Оның жасында өзің қандай едің? Маған ақыл айтатының есіңде ме?
Сапар. Баланың ерте есейгені жаман, қазақ жетім бала сұм болады дейді. Жоқ, ол жалған... жетім бала қам көңіл болады. Содан болар, осы күнге дейін апа мейірімін сағынам.
Сәуле. Сен маған еркелеуші едің ғой.
Сапар. Өзің менен қанша үлкен едің, амалсыздың күні де.
Сәуле. Әй, әй, менімен терезеңді тең көресің бе? Сені сабайтыным қайда. Есіңде ме? Бір рет мен ұрғанда: «Маңдайымнан сипайтын адам жоқ, мен жетіммін» деп жылағаның...
Сапар. Сонда мені құшақтап, сен де қосылып жылап едің ғой. (Мұңайып, Сәулеге емірене қарап.) Содан қайтып көзімнен жас шыққан емес. Сені аядым. Көкірегімде бір түйін қатып қалғандай болды. (Көңілі босап бара жатқанын байқап, оқыс қатайып.) Қой, ұятты білу керек, облыс басшыларының жүйкесін босатуға болмас.
Осы облыстың далалығында орналасқан ғылыми-тәжірибе жасау станциясының бастығы, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты Жарас кіреді. Әлі қырыққа келе қоймаған, қажырлы да сыпайы, сүйкімді кісі.
Жарас. Аман-сау келдіңіз... Алматы қалай екен? (Сәулемен қол алысып амандасады).
Сәуле. Өзің де... аманбысың? (Жарастың қолын ұзағырақ ұстайды. Сонысын кейін сезіп, қысылып қалады.) Қашан келдіңіз?
Жарас. Үш-төрт күннен бері осындамын.
Сәуле. Танысып қойыңыз... Менің інім Сапар.
Жарас. Осында таныстық қой. Бұрып сыртынан естуші ек. Сапар, аман ба?
Сапар. Иә, ғалым аға, өзіңіз де сау-саламатсыз ба?
Сәуле (қысылып). Ал, отырыңыз.
Сапар (Сәуленің қысылғанын танып, ұнатпайды). Отырыңыз, ғалым аға. Әпкесі, мен қате айтыппын, мына көйлек сені қызғалдақтай құлпыртып тұр. Ал, ғалым аға, ғафу етіңіз. (Кете береді.)
Сәуле. Сапар...
Жарас Сапардың мінезін түсінбей аң-таң.
Екеуі де қысылады. Аз үнсіз.
Жарас. Жазушының мінезі қызық болады екен-ау...
Сәуле. Сапар мені жақсы көреді.
Пауза.
Ие... өз жағдайың қалай болып жатыр?
Жарас. Жағдай... Жаман емес. Әзірге бір ғана қуанышты хабарым бар. (Портфелінен қалың папка алып Сәулеге ұсынады.) Мінеки, сіздің тапсырмаңызды орындадық, жолдас секретарь.
Сәуле (папкаға үңіліп). Рақмет, Жарас. Маған бұл қазір өте қажет болып тұр еді.
Жарас. Біз де өзге жұмыстың бәрін жинап қойып, бар күшті осыған салдық. Расында да облыстың топырағында қыруар байлық жатыр. Енді сіздің ойыңызды кімге болса да дәлелдеуге болады. Тек су жағы тапшылау. Бірақ, су қоры жөндеп тексерілмеген.
Сәуле. О жағын енді мықтап қолға аламыз.
Жарас. Біздің қолдан келгені осы болды.
Сәуле (қағаздан басын көтеріп). Рақмет, рақмет, Жарас. Нағыз дер кезінде қол ұшын бердің. Сырдақ ескі машығына тартып, бой бермей келе жатыр еді. Енді көзін жеткізерміз. Ал, кәне, отырсайшы... Өз жұмыстарың қалай? Біз саған басқа тапсырма беріп...
Жарас. Біздің жұмыстың өзі тұйықталды ғой... Ал, жемісіміздің сорттары біраз жаңалық әкелетін түрі бар.
Сәуле. Мен еккен жүзім өсіп келе ме?
Жарас. Ол жүзімді мен өзім күтіп жүрмін.
Пауза.
Сәуле. Докторлық диссертацияңнан хабар бар ма?
Жарас. Ғалымдар танысып жатқан болар. Өзім тура қыл үстінде тұрғандаймын. Бұл еңбек мені не шыңға сүйреп шығады, ие болмаса осы даланың шаң-топырағына көміп кетеді.
Сәуле. Түсінем. Жүрегің алып-ұшып жүр ғой. Бірақ менің айтқаным келді дерсің: осы еңбегің ғалымдар дүниесін шулатпаса ма...
Жарас. Ну, тогда держитесь, господа, кабинетные ученые!
Сәуле (күліп). Сен оларды бізге қарай қу. Даланың дәмін татсын.
Пауза.
Жарас, менің сендерге қонақ болғаным есіңде ме? Сен сонда асты өзің пісіріп едің. Тұзды қанша саларыңды білмей алақтаған кескінің әлі көз алдымда.
Жарас. Иә... Сен кідірмей жүріп кеттің. Ал, мен есік ашылған сайын сен кіріп келе жатқандай керіп, елегізіп қарай бердім.
Пауза.
Сәуле... Өзімді қиынға салып, тежеп үйреніп едім. Бірақ, кісінің әлі келмейтін нәрсесі болады екен. Танысқанымызға жыл толса да ай аралатып әрең дегенде жүз көрісеміз... Ен далада оңашамын ғой. Көп ойладым, Сәуле, асығыс болсам да, осы жолы сенің жүзіңді көрмей кете алмадым.
Сәуле (елігіп). Мені күттің бе? (Өзіне.) Көңілім алып-ұшып, асығып қайтып ем... Жарас... Мен қыз болып жастық қызығын көрмедім. Көңіл алаңы жоқ еді... Кейде қорқам. Қолың жетпес нәрсеге ынтық болсаң...
Жарас. Сенің де өз басыңа бақыт іздеуге хақың бар емес пе? Қазір шешін айтпасаң да, ойлана жүрсең қайтеді?
Сәуле. Ой түбі тереңдей береді. Көңіл кекке талпынады. Бірақ, қанатым шырмаулы. Борыш деген ауыр жүк және бар.
Пауза.
Дүниеде алғаннан берген бақытты дейді. Сен жұртқа барыңды беріп жүрген адамсың.
Бөпежан кіреді.
Бөпежан. Амансың ба, қайным?
Жарас. Саламатсыз ба, Бөпежан? Ал мен жүрейін.
Бөпежан. Ойбай-ау, мен үркітіп алдым ба?
Сәуле. Жарас асығыс екен.
Бөпежан (астыртын). Сәуле бүгін қызмет бабын сөйлеспейді. Ертеңге дейін кідірмейсің бе?
Жарас. Жүрістің реті солай болды, Бөпежан.
Аудандық партия комитетінің жуырда сайланған секретары Нұрқасым Ералин кіреді. Жасы алпысты алқындырса да ширақ, мінезі де ақ жарқын сергек адам.
Сәуле. Жақсы келдіңіз! Төрлетіңіз, Нұреке.
Нұрқасым. Тек жүз көріскелі ғана кірдім. Рақмет.
Сәуле. Сонша неге асықтыңыз, жолдас жас секретарь. Отырыңыз, әңгімелесейік.
Бөпежан. Бүгін осы жұрттың бәрі асығыс. Біреу қуып бара ма?
Нұрқасым. Осы келінімнің тілі тым биязы. (Сәулеге). Отырсақ сөйлесетініміз шаруашылық қой баяғы. Оның аяғы керілдесумен бітеді. Сіз секретарь болғанмен, бір жағынан әйел деген атыңыз бар емес пе? Алыстан келдіңіз. Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі деген, үй ішіңмен оңаша бір шүйіркелесіп отырмайсың ба?
Жарас (ыңғайсызданып). Иә, біз жүрейік.
Нұрқасым. Айтатын тек бір ғана тілегім бар. Осы жуық арада біздің ауданға бір соғыңыз. Ана жолы келе алмай қалдыңыз. Бір құшақ мәселем бар. Алдыңызға үйе салам.
Бөпежан. Қайнаға, Сәуленің жасы кіші болғанмен қызмет дәрежесі үлкен. Тым бұйыра сөйлейді екенсіз.
Нұрқасым. Келін қарағым, бұлар жаңа болған жас бастықтың сөзін жықпайды. Бірер жылдан кейін ғой, бізді кеңсесінің алдында қаңтарып қоятыны.
Жарас (күліп). Сіз қияда ескен шынардай тасты да жарып өтерсіз. Әй, сізді қаңтарын қою қиын болар.
Сәуле. Жарайды, келемін. Менің де сізбен ақылдасатын біраз нәрсем бар.
Нұрқасым. Одан да дауласатын десеңші. Ал мына оқымыстыны ала кетем. Бұл өзі маған керек боп тұр.
Сәуле. Сіз оған әмірім жүреді екен деп, тым қиынға сала бермеңіз, Нұреке. Оның өз жұмысы да аз емес.
Нұрқасым. Тәйірі, қырыққа жетпей қылшылдап тұрған жігітке қиындық деген сөз бе екен. Ал, келем деген уәдеңізді ұстадым. Сондықтан қоштаспаймын.
Жарас пен Нұрқасым шығады.
Бөпежан (астарлы). Менің бөгетім болған жоқ па, Сәуле?
Сәуле. Жоқ.
Бөпежан (сыр тартып). Өзі де бір келісті жігіт. Бойдақ көрінеді ғой.
Сәуле. Иә.
Бөпежан. Білім десең білім, көрік десең көркі бар.
Сәуле (күрсініп). Иә... Қайратты, қажырлы адам.
Бөпежан. Осының келісі тегін емес қой.
Сәуле. Оны қайдан шығардың?
Бөпежан. Мен білмейтін пәле жердің астында. Бәріміздің басымызда бар нәрсе... Несін жасырасың?
Сәуле. Нені жасырыппын?
Бөпежан. Көзі құрғырың айтып тұр ғой. Сенікі әріден келеді-ау. Оп-оңай нәрсені қиындатпай бір амалын таппайсың ба. Етегіне намаз оқып отырған кім бар?
Сәуле (күліп). Әзілің қалмайды-ау, Бөпежан. Қуысты нәрсенің қуанышы бола ма? Менің жалтақтап өмір сүре алмайтынымды білесің ғой?
Бөпежан. Қопарыла құлап қайтесің. Жұрт қанша мақтағанмен ықыласыңа татитын еркек бар ма бүгінде. Сен өзің болған әйелсің. Білемін ғой. Қолың қатты, бәрі-бip еркекке тізгін бере алмайсың. Сеп екеумізге бай керек емес, қатын керек.
Сәуле. Не десең, о де, біз бәрібір әйелміз, Бөпежан. (Шығады.)
Бөпежан (жалғыз). Әй білмеймін, қанша жасырсаң да ықыласың қатты құлаған түрі бар-ау. Ұрлыққа барғың келмейді, жарияны көтермейді мұндай іс. Түбі саған қиын болмаса, не қылсын.
Сапар(есік қатып) Рұқсат па?
Бөпежан. Кіре бер. Менен басқа ешкім жоқ бұл үйде.
Сапар. Сізден басқа біреу болса тістеп алар деп пе едіңіз?
Бөпежан. Ұнатпай қалдың-ау, қайным. Бұл үй маған да тонның ішкі бауындай. Сыртқа сыбыс шықпағанын жақсы көрем.
Сапар. Олай болса осы әңгімені қойсақ қайтеді?
Бөпежан. Сен жақын да болсаң өрісің басқа адамның. Мұндағылардың мән-жайын біле бермейсің, дос бар, дұшпан бар дегендей. Сәуле болса аңғал, сырын бүге бермейді. Етене жақыны өзіңсің. Реті келгенде ақылыңды айтып қой.
Сапар (ұнатпай). Ай, жеңгесі-ай, сол ақыл деген құрғыр өз басыма да жетпей жатыр-ау. (Қабырғаға сүйеулі домбыраны алып, шерте береді.)
Бөпежан. Жақыныңа жаның ашымай ма, шырағым-ау?
Алдаберген мен Құдайберген кіреді. Алдаберген кейінірек қалып, есікке қайырылып сөйлейді.
Алдаберген. Айтпақшы, Гүлжан айналайын, шоферге ешқайда кетпе деші.
Құдайберген. Көзді ашып-жұмғанша дегендей, келіп те қалдық.
Бөпежан. Сендер келсеңдер, асты болдырайын.
(Шығады.)
Алдаберген (сумкадан бір шөлмек коньякты суырып). Кәне, құйрық-бауырмен бір-бірден тастап жіберейік.
Құдайберген. Біздің Бөпеш көріп қойып, ұрсып жүрмесе...
Алдаберген. Біз оған көрсетеміз бе? Маған сенсең, болды ғой.
Сапар. Жезде, өзің мықтысың-ау?
Алдаберген. Е, осал болсам, Сәуледей әйел алам ба?! (Телефон шылдырайды. Алдаберген жүгіріп барып трубканы алады.) Ало... иә, келді... А?.. жақсы... (Трубканы іліп, әлденеден секем алып.) Сырдекең келетін болды.
Құдайберген. Сырдақ?.. Ордабаев жолдастың өзі келетін болды ма?
Сапар. Жезде, жаңа ғапа күшейіп тұр едіңіз... Алдаберген. Ол кісі... Ол кісі біздің үйге' келе бермеуші еді.
Құдайберген. Апырай, біз де келе қалып едік... Ыңғайсыз болмас па екен.
Сапар. Сасуларыңа қарағанда бірінші хатшы мықты-ау деймін, сірә.
Құдайберген (елпілдеп). Е, мықты кісі. Біздің облысты сүйреп шығарған сол кісінің өзі ғой.
Сапар. Қарап тұрғанша ермек болсын. Айтыңызшы, Құдеке, қалай сүйреп шығарып жүр?
Құдайберген (елп етіп). Сен білмеуші ме едің? Алдыңғы жылы қыс қатты болып, жұт дегендей... бізде мал қырылды ғой. Сол кезде жоғары жақтан біздің облысқа Сырдекеңді жіберді. Бұл кісі келе бүкіл облысты аяғынан тік тұрғызды. Тайлы-таяғымызды қалдырмай малды қуды. Алдаберген екеуміз де барғанбыз. Көп малдың аман қалғаны сол кісінің арқасы.
Алдаберген. Иә, облыстың абыройын жапқаны рас.
Сапар. Мен оның мұндай мықты екенін білген жоқ едім.
Құдайберген. Жоғары жаққа да өтімді көрінеді. (Құпия). Сәкеңді жоғарылатқан да сол кісі ғой. Қой, біз тұрмайық.
Алдаберген. Иә... иә... Ана жаққа барайық.
Алдаберген мен Құдайберген шығады.
Сапар. Бөпежан мен әпкеме біріңді құдай, біріңді алла біліп берген ғой. (Ыңылдап домбыра тарта береді.) Иә... берген-ақ.
Алжапқышын байлап, нан илеген Гүлжан ішке кіріп, буфеттен ыдыс-аяқ алып жатады. Сапарды көріп ойланып қалады. Бір жасырын сыр айтатындай нағашы ағасының қасына келеді.
Гүлжан. Сапар аға, Сапар аға.
Сапаp. Ымм... немене?
Гүлжан. Сапар аға, мен саған бір сыр айтайын. Ешкімге айтпайсың ба?
Сапар. Тоқта, тоқта, жүгірмек. Ол қандай құпия? Буфеттен шоколад ұрлап па едің? Ендеше маған пара бер.
Гүлжан. Мен саған жөн айтып тұрсам...
Сапар. Мен де шын айтып тұрмын. Егер «пара» дегенді қылмыс деп ұқсаң ауыз бастырық деп атайық. Алым-берімге қазақтың жол-жоралғысы жетеді. Кәне, қолыңды әкел, екеуміз біріксек жымын білдірмей жібереміз.
Гүлжан (ренжіп). Мен кішкентай бала емеспін, Сапар аға. Сен мені ылғи мазақ етесің.
Сапар. Солай ма еді? Ал, бойжеткен, құлағым сенде. Айта бер.
Гүлжан. Тірі жанға айтпайсың ба?
Сапар (жан-жағына қарап, ыңғайлы еш нәрсе таппай). Күй атасы Құрманғазыдан қалған кәрі домбыраны төбеме қойып ант етем.
Гүлжан. Жарайды, мазақтамашы. Сапар аға, анау жаңағы келген кісі бар ғой... Аты Жарас... Қалаға келсе, тек біздің үйге жетіп келеді. Кірген бойдан көзімен мамамды іздей бастайды.
Сапар. A?
Гүлжан (кенет шошынғандай). Ой! Бүгін оның неге сәнденгенін... Ол да...
Сапар. Жә болды... Мамаңа көйлек кигізбейін деп пе едің.
Гүлжан. Сапар аға, бұл қалай болады? Мен қайтем, а?
Сапар. Жә-жә. Түк те болмайды. Ол сенің бос қиялың. Ондай нәрсе ойлауға саған әлі ерте.
Гүлжан (басын шайқап). Шын айтасың ба, Сапар аға?
Сапар (құшақтап). Кәне, бос қиялды қоялық. (Өзіне.) Мә, мәссәла.
Сырдақ кіреді. Сырдақ Ордабаев деген кісіңіз обкомның бірінші секретары. Жасы алпысқа қарай аяқ басқан, көптен жауапты ірі қызметте жүрген тәжірибелі басшы. Өзін ұстай біледі. Өзгені тыңдағанда, әр сөздің астарын ақтарып, әріден ойлап іштей салмақтап отырады. Өзі де әр сөзін екшеп, көп мағына беріп айтады. Кейде тіпті ақ жарқын, ашық та бола алады.
Сырдақ. А, бауырыңыз келіп, қуанышты боп жатырсыз ба, Достанов жолдас. О, Гүлжан деген азамат та осында екен ғой. Кәне, бері кел. (Гүлжанның маңдайынан сүйеді.) Біздің үйге келмей кеттің ғой? Бибатша жеңешең өкпелеп жатыр.
Гүлжан. Мамам жоқта қолым тимеді.
Сырдақ. Жеңешең жалғыз ғой. Келіп тұр, Гүлжан.
Гүлжан. Келемін, Сыр аға.
Сырдақ. Мамаң қайда?
Гүлжан. Үйде. Шақырайып. (Шығады.)
Сырдақ. Мен сізді осы жолы ел аралауға ала кетейін деп едім. Сәуле келіп қалған соң амалым болмады. Бірақ келер жолы бірге жүресіз. Біздің облыстан жазатын нәрселер табылады.
Сапар. Жазу жағын әзір айта алмаймын, ал ел аралап, ет жеуге дайынмын.
Сәуле кіреді.
Сәуле. Дегендей келдіңіз, Сырдеке, күн демалыс.
Сырдақ. Демалыс деген болыңқырамай тұр-ау.
Сәуле. Әйтсе де бүгінгі күнді бізге қиятын шығарсыз?
Сырдақ. Қызығып-ақ тұрмын. Өзі тұс-тұстан батарыңыз екен. Бірақ ауданға жүріп барам. Тек өзіңізбен сөйлесе кететін бір мәселе болған соң...
Сапар. Мен білсем, сыпайылардың тілінде бұл— шыға тұрыңыз деген сөз болар. (Шығады.)
Сырдақ (күліп). Тіл маманы ғой. Сөзге жүйрік.
Сәуле. Отырыңыз, Сырдеке.
Сырдақ. Рақмет, Алматыдағы хабарларыңызға қанықпын. Сөйтіп, сізді олар көндіре алмаған екен.
Сәуле. Сіздің қол астыңыздан шыққым келмеді.
Сырдақ. Біз сізді қияға ұшырғымыз келіп еді, сіз айналсоқтап ұяңыздан шыға алмай қойдыңыз-ау.
Сәуле. Алдымен ұяластарыма пайдам тимей тұрып, қияға барғанда кімді қарық қылам.
Сырдақ. Бәсе... бәсе... Ұяңыздың өзіне аударып-төңкере бастапсыз. Мен тіпті сіздің сол әрекетіңізге түсіне алмай жатырмын. Мен курорттан келісімен, сізді Алматыға шақырып кетті. Жөндеп сөйлесе де алмадық.
Сәуле. Бәрімізді қинап жүрген мал шаруашылығының жағдайы еді. Енді байқасам, мал баққан шаруаның жағдайы да ойлантпай қоймайды екен. Көп өзгеріс, жаңалықтар керек сияқты. Әр нәрсені қарманып жүргенде бір жақсылықтың үстінен түстім. Рыскелді Нарымбетовты білесіз ғой. «Ойсылқара» колхозының председатель..
Сырдақ. Иә, білемін.
Сәуле. Сол қысқа қарай мал бағудың тұтас бір жүйесін ұсынып отыр. Шаруа жайын білетін-ақ адам. Егер оны іске асырсақ жұт деген пәледен құтыламыз. Ол үшін алдымен құрылыс жұмысын мықтап қолға алу керек. Мен сол жұмысты «Ойсылқарадан» бастап отырмын.
Сырдақ. Одан әрі қандап ойыңыз бар?
Сәуле. Колхоздар бір күйленуге күйленді. Оларда қаражат бар, бірақ техника, материал кеміс. Мамандар да аз. Ал істелетін іс ұшан-теңіз. Ең алдымен мал шаруашылығының дәрежесін, мәдениетін көтеру керек. Ол үшін жаңа колхозаралық үлкен-үлкен базалар құрып, оны жақсылап техникамен қаруландыру керек. Жұрт жаңаша мал бағу ғана емес, жаңаша тұрмыс құруды үйренуге тиіс.
Сырдақ. Бұл ойыңыз тамаша екен. Ал бірақ мүмкіндік ше? Сіз қолда бар мүмкіндікті есептедіңіз бе? Осы сельстройдың қолынан келе ме? Үлкен істі бастау оңай, бітіру қиын. Сіз осыны ойладыңыз ба?
Сәуле. Облсельстройдың дейсіз бе? (Есікке барып.) Гүлжан, Құнекеңді шақырып жіберші. Мен мұны көп ойладым, Сырдеке. Әрине, бұл жалғыз сельстройдың жұмысы емес, бірақ, олар да біраз нәрсе істейтін сияқты.
Құдайберген (есіктен). Рұқсат па?
Сәуле. Бері келіңіз, Құдеке. Мінекей, мүмкіндікті сельстройдың бастығы айтсын. Құдеке, қолда бар күшімізбен биыл колхозаралық бес жайылым орталығын салып, суландырамыз деген жоқ па едік?
Құдайберген. Иә! Солай келістік қой.
Сырдақ. Сен құр сөзді қойып, қолында қандай күшің бар, соны айтшы.
Құдайберген. Қолдағы күш сізге белгілі ғой. Ағаш жағы аздық етіп тұр дегендей... Біз қосымша екі мың текшеметр сұрап едік. Әлі жауап жоқ. Екінші тоқсанда берілетін он самосвалдың бесеуін-ақ алдық. Тағы да он сұрап отырмыз. Енді оны кім біледі. Кісі қолындағы нәрсе дегендей...
Сырдақ. Бос сөзді қойып, маған тоқ етерін айтшы. Осы жұмысты биыл орындай аласың ба?
Құдайберген. Оны енді кім біледі. Үзілді-кесілді айту қиын. Жоғары жақтан нұсқау болса... Демек дегендей...
Сәуле. Орындаймыз, Құдеке. Егер кейбір ойымыз іске асса асырып орындаймыз.
Құдайберген. Е-е, дұрыс айтасыз, Сәке. Әрине, кісі білекті сыбанып кіріссе. Ол...
Сырдақ. Сіз айтқан сөзіңізге ой жүгіртесіз бе, Қалқабеков жолдас? Неңмен саласың сонша құрылысты? Жұрттың берген уәдесімен саласың ба?
Құдайберген. Мен... үзілді-кесілді айтқан жоқпын ғой. Енді былай... Сәкең айтқасын... Құрал-сайман, жұмысшы күші тапшы дегендей...
Сырдақ. Барыңыз, Қалқабеков жолдас.
Құдайберген шығады.
Сәуле. Сіз оған ойындағысын айттырмадыңыз ғой.
Сырдақ. Естіген жоқпысыз жауабын? Сіздің көңіліңіз үшін деген жоқ па?
Сәуле. Жоқ, сіз тізеге салып жібердіңіз.
Сырдақ (күліп). Көндім. Сіздің айтқаныңыз рас-ақ болсын. Қайран жастық арынды келеді-ау. Басшының бірі арынды болса, бірі сабырлы болғаны жақсы. Сіз кейде байыбына бармай қиғаш тартып кетесіз. Әрине, инициатива көрсеткеніңіз ете дұрыс. Бірақ мәселе істі неден бастауда. Қазіргі бірінші міндет — мал басын жедел арттыру. Ендеше өзге шараларды қоя тұрып, ең алдымен соны қолға алу керек. Ал сіз келіп осындай қызу кезде шаруашылықтың қалыптасқан әдісін өзгертпек боласыз. Жоқ, жастарды малға шақыру керек. Талай қиындықты жеңген қазақ жастары бұл қамалды да алады.
Сәуле. Жастар... Жастар қиындықтан қашпас... Бірақ сол жастың болашағын неге ойламаймыз? Олардың жалынды жас жігерін, білімін — мешеу еңбекке салсақ... қиянат болмай ма?
Сырдақ. Қиянат... Қиындықпен күресу қиянат болып па? Қайсымыз қиындық көрмедік.
Сәуле. Мен қиындықты емес, еңбегіңді еш, жігеріңді құм қылатын мешеушілікті айтамын. Алдыңғы жылы облыс біраз малды қырын алды. Ал мал шаруашылығы бұл күнде тұрғанда біз жұттан құтылдық ден айта алмаймыз. Қазір халық соны түсінген сияқты. Кен колхозшының бұған төзетін түрі жоқ. Мұны мойындау сізге де, маған да оңай емес. Бірақ, мойындамасқа шарамыз жоқ.
Сырдақ. Байқаймын, сіз басқа жаққа тартып кетіп отырсыз. Егер сіздің сөзіңізге еретін болсақ, сонда обком¬ом ц жұмысын жоққа шығармақпыз ғой! Солай ма? Мұның ақыр аяғының неге апарын соғатынын ойладыңыз ба? Бұл өзімізге езіміз ор қазу деген сөз. Менің ойым басқа.
Сәуле. Ал, менің ойымша жан ауыртпай ескі дертті сылып тастай алмаймыз. Ең алдымен бар кемшіліктің, аяқтан тартар кедергінің бетін ашып алайық. Несін жасырамыз? Және кімнен жасырамыз. Мен Орталық Комитетке хат дайындап жатырмын... Ірі мәселе көтеру керек.
Сырдақ. Солай... деңіз. Сайып келгенде ірі мәселе өз арамызда болып жүрмесе неғылсын. Иә... иә. Қандай ұсыныс жасағаныңызды сөзіңіздің төркінінен танын тұрмын. Дегенмен танысалық. Бұл енді екеу ара сөз емес, документ қой. Бюроға соқпай кетпессіз?
Сәуле. Бітірген бойда сізге, ауданға жеткізіп берем.
Сырдақ. Жақсы... Иә... Mен сізді әлі де жете білмейді екем. Ал, сау болыңыз.
Сәуле. Алда талай өмір бар. Білісе жатамыз ғой, Сырдеке. Мен сізді шығарын салайын.
Екеуі шығады. Сәуле, Сапар, Құдайберген, Алдаберген кіреді.
Сапар . Ұятты білу керек, әпкесі. Қызмет жайын сөйлесуге кеңсе деген қасиетті босаға бар емес пе еді?
Сәуле. Кеңсеге қаратпайтын шаруалар болады. Құдеке, анада келісіп пәтуаға келгеніміз қайда? Сіз не дедіңіз жаңа?
Құдайберген. Үлкен кісінің алдында қысылып дегендей, сасып қалғаным.
Сәуле. Екіншілей саспаңыз, Құдеке. Түстен кейін екеуміз сол жұмысқа қайта отырамыз.
Құдайберген. Жарайды. Mен жүгіріп барып қағаздарымды әкелейін. (Шығады.)
Сапар. Бұл неткен асығыстық?
Сәуле. Асықпасқа болмайды, Сапар. Сырдекең арындыны сабырлы басшы тежеп отырады деді.
Сапар. Немене, шалғайыңнан ұстатпай кетейін деп пе едің?
Алдаберген. Сәуле... Сырдекеңмен араларың қиғаштап бара жатқан сияқты. Ойласаң қайтеді? Ол кісінің мінезін білуші едің ғой.
Сапар. Оның қандай мінезі бар еді? Алдаберген. Қолы қатты. Өзіме қарсы келген адамның қыр соңынан қалмаушы еді. Ертеректе екеуміздің жолымыз бір түйіскен. Сендер онда жас едіңдер. Бұл қаһарына алған адамын аямай жаныштайды. Мен сонда жауапты қызметтен қашып, мектепті паналадым. Сырдекең біраз шетте жүріп, біздің облысқа қайтып келді. Үлкейіп келді. Бірақ мінезі өзгермеген сияқты.
Сәуле. Иә... Сырдекеңнің ондайы бар. Алдаберген. Соған қарсы келмей-ақ қойсаң қайтеді. Ол езімдікі әділ дейтін кісі ғой. Қор қыла ма ден қорқам.
Сәуле. Әзір қорықпай-ақ қой, Алдеке. Ушығып бара жатқан ештеңе жоқ.
Алдаберген. Алматыдағы қызметтеп бекер-ақбас тартқан екенсің. Сапар да сонда. Бұл араның өзі мазасыздау болып барады ғой. Тынышырақ жерге барсаң... Қайдан білейін. Жазықсыз қиянатқа ұшырап қалмасаң... (Шығады.)
Сапар. Жездемнің қаупінің жаны бар ма, қалай?
Сәуле. Жездең байғұсты жаныштап тастаған ғой. Енді Сырдақтың бетіне тура қарауға да қорқады.
Сапар. Жұрттың бәрі батыр бола ма, әпкесі.
Сәуле. Өз қолынан келері болмаған соң, өзгелердің етегінен тартпаса екен-ау тым құрыса. Жолыңда көлденең жатып алатыны жаман ғой мұның.
Сапар. Саған жаны ашығасын айтатын шығар.
Сәуле. Дүниедегі ойлағаның ішер асың мен өз басыңның тыныштығы болса, оның жөні оңай ғой. Ал, бірақ, іздегенің көптің ісі болса, бой тартып қалуға бола ма?! Әрине, сен өз борышыңды өтеп жүрген адамсың.
Асқа шақыруға Гүлжан кіреді. Бірақ Сәуленің сөзін бөле
алмай есік алдында тұрып қалады.
Кітап арқылы мың сан адаммен сырласасың. Сенің сөзің жұртқа демеу. Сендерге қызығамын... Мен бір ғалымды білемін. Алматыда академияның бір тұтқасын ұстап отыратын-ақ адам. Жылы орнын, қызығын, бәрін тастап, бес жылдан бері қу мекиен далада отыр. Біздің далаға алма, жүзім егіп жатыр. Соның бәрі кім үшін? Өз басының қамы үшін емес қой. Ол қу далаға жан беруге келген. Қолына шырақ ұстап келген адам. Бәріміз сондай болсақ.
Сапар(ақырын). Ол кім? Жарас па?
Гүлжан. Сол. Сол! (Жүгіріп шығып кетеді.)
Сәуле. Гүлжан бәрін естіп тұрып па еді?
Сапар. Ол бәрін біліп жүр.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
«Ойсылқара» колхозы. Алыста ескі ауыл көрінеді. Беріректе жаңа құрылыс. Қабырғасы қылтиып келе жатқан үлкен үйдің бұрышы. Бір шетте үйшік. Бұл құрылыс кеңсесі. Әр жерде бөрене, бетон плиткалары. Ертеңгі мезгіл. Сәуле мен Нұрқасым әңгімелесіп келе жатады.
Нұрқасым. Сіз мені алға салмаңыз, Сәуле. Жауыр атты жалдандырып алмай бәйгеге қоспас болар. Тайпақовтан қалған мұраның жайын жақсы білесіз. Мен сол жауырымды жалай тұрайын.
Сәуле. Сіз аудандық партия комитетінің секретарысыз, жолдас Ералин.
Нұрқасым. Ау, сол артта қалған ауданның шаруасын жөндемесем ертең Ералиннің жон терісіп сыпырасыңдар ғой. Осы қыстан малды әзер алып шықтық, сіз бірден іріге сілтейсіз. Тым болмаса есімізді жиып, ел қатарына келіп алайық.
Сәуле. Сіз Тайпақовтың кемшілігін сол Тайпақовтардың әдісімен жөндемек боласыз. Басынан жауырды жаба тоқуға үйреніп кетсеңіз...
Нұрқасым. Мен өзі тиянақты шаруаның адамымын. Аз да болса әр істің нәтижесін көргім келеді. Ал, сіздің ойыңыз...
Сәуле. Сіз енді саяси басшы болдыңыз, Нұреке. Шаруашылыққа да, басшылыққа да үлкен өзгеріс керек екенін ойладыңыз ба?
Нұрқасым (өзгеріп, байсалды қалыпқа түсіп). Ғафу етіңіз, Сәуле. Сырдақ шынымен сіздің ұсынысыңызды қолдайды деп ойлайсыз ба? Ол жұттың зардабын жойып, шаруашылықты көтердім деп жоғарыдан мақтау алып жатқанда, сіз оның түбі шикі, істі басқаша қолға алу керек дейсіз.
Сәуле. Дұрыс айттыңыз.
Нұрқасым. Ендеше, Сырдақпен ұстасудың сәті осы тұс емес қой.
Сәуле. Сіз де жырынды боп қалған екенсіз ғой.
Нұрқасым. Кәрі кісі әккі болады, Сәуле. Тасы өрге домалап тұрған адам ғой ол. Арындының алдына шықпа деген бар. Күш те соның жағында.
Сәуле. Иә, оның үстіне дәлелі де кем соғып жатқан жоқ. Бірақ мен дәл осылай істеуім керек. Болмаса бұл орынды басқа біреуге босатып беруім керек.
Осы «Ойсылқара» колхозының председателі Рыскелді Нарымбетов пен бұрын осы ауданда аупарткомның бірінші секретары болған, қазір обкомды сағалап жүрген Әділғазы Тайпақов келеді. Екеуі құрдас — қырықта, бірақ екі түрлі. Майданда бір қолынан айрылған шолақ Рыскелді — қынаулы тарамыс қара. Әділғазы — ерте толысқан, оған маңыздылығы қосылып, түрін әжептәуір кексе қылып көрсетеді.
Рыскелді. Сәке-ау, жүдә, шайға қарамай кетіп қалыпсыз.
Сәуле. Бой жазуға шығып едім, Рысеке.
Нұрқасым. Ә, кімді айтса сол келеді деп, Тайпақов жолдас та келіп қалған екен.
Рыскелді. Талай дәм татқан жері емес пе, ескі бастық бізді ұмытпапты.
Әділғазы (Нұрқасымға). Мені мақтап жатпаған боларсыз.
Нұрқасым. Астапыралла, «көріп келің» бар ма, оны қайдан білдің, Әділғазы қарағым?
Әділғазы. Е, бар пәлені кеткен адамға үйіп-төгетін ескі әдет емес пе?
Нұрқасым. Жалғыз мен бе десем, өзің де сөйтуші ме едің?
Әділғазы. Бірақ әзір асып бара жатқан еш нәрсеңізді көре алмай тұрмыз-ау.
Сәуле. Сіз бес жыл басқардыңыз осы ауданды, ал бұл кісінің болғанына бес-ақ ай. Сабыр етіңіз. Сіз маған бір нәрсе айтайын деп пе едіңіз?
Әділғазы. Қала жаққа қайтып бара жатыр едік. Сырдекең сізге жолыға кетем деп...
Сәуле. Қазір келем.
Әділғазы. Ол кісінің өзі осылай келіп қалар. Mен хабарлайын. (Шығады.)
Рыскелді. Жаңа осылай келе жатып, Тайпақов маған біраз әңгіме айтты. Ордабаев жолдас біздің осы ісімізді ұнатпайды дей ме, қалай?
Сәуле. Мүмкін.
Рыскелді. Әуелі жұрттың бетін бұру қиын болып еді. Енді қауым болып үлкен іске ниет қылып отыр... Сонда қалай болғаны?
Сәуле. Ойландыңыз ба? Өзіңіз не дейсіз бұған?
Рыскелді. Мен ойлап болғанмын. Рыскелді, жүдә, жалғыз қолы жұлынып шыққанша осы істің пұшпағынан айырылмайды.
Сәуле. Ал, сіз ие дер едіңіз буған, Ералин жолдас.
Нұрқасым. Мына шолақтың сөзі сүйектен өтіп кетті-ау. Біраз ақысын аңдап керейін деп едім. Сірә мені де қатарларыңнан қалдыратын түрлерің жоқ. Болсын солай. Ал, мен, жүрейін. «Жаңа жолдың» басқармасын орнынан алып, шу болып жатыр ғой. Күтіп қалған шығар. (Шығады.)
Рыскелді. Біздің жаңа хатшы да қу болып алған. Бастықтар мен өкілдерден аулақ жүргенді жақсы көреді.
Сапар кіреді.
Сапар. Алып құрылыстың ерлеріне сәлем!
Рыскелді. Құрылысқа келдің бе, Сапар?
Сапар. Егер мына үңірейген екі шұңқыр мен қабырғасы қылтиған бір үйді құрылыс десек — құрылысқа келдім.
Сәуле. Алдымен үйдің іргесі қаланады, Сапар.
Сапар. Ұқтырдыңыз, әпкесі. Қарсыласар халім жоқ.
Рыскелді. Хат жазам ба деп ойлап жүр едім. Енді езің кездесіп қалдың, Сапар. Сенің романыңды түгел оқып шықтым.
Сапар. Апыр-ай, шыдамыңыз жетті ме, соған?
Рыскелді. Жоқ, жүдә, қызық кітап. Бірақ менің бір дауым бар. Сен сонда старшинаның образын теріс жасағансың. Соғыста менің өзім старшина болдым.
Сәуле. Ал, жазушы жолдас, оқушымен бетпе-бет кездестің. Шыдап көр.
Сапар. Әй, қайдам. Старшина деген солдатты шөміштен қысатын қу еді. Сіз енді колхозшыларды еңбек-күннен қысып жүрмесеңіз...
Рыскелді. Жо-о. Старшина деген оқтап тасаланып жүрген қу емес. Солдатқа тамақ беретін де, оқ жеткізетін де сол. Жүдә, киіндіретін де сол. Мектепке баратын баланы анасы қандай баптаса, старшина солдатты сондай бап - тайды. Командир солдаттың әкесі болса, старшина шешесі. Баланың салмағы әкеден гөрі шешеге көп түседі. Сеп кітабыңды қайта бастырғанда осы сынды ескер. (Шығады.)
Сапар. Әлгі оқымыстыны көрдім. Маған еш нәрсе демеді. Бірақ сені іздеп келген сияқты.
Сәуле. Осында келіп пе?.. Ә-ә, мақаласы жайлы болар.
Сапар. Қандай мақала?
Сәуле. Ол біздің облыстың пайдаланылмай келе жатқан мүмкіндігі жайында үлкен мақала дайындап жүр. Сопың тезистерін ақылдасуға маған жіберіпті.
Сапар (кекесінмен). Демек, сенің пікіріңді ғылым жолымен дәлелдемек қой.
Сәуле. Ол да өз жұмысы аз болғандай жұрттың ризығы үшін отқа түсіп жүр. Ғалым ғана емес, үлкен азамат ол.
Сапар. Бір тұйыққа тіреліп тұрған түрің бар, әпкесі. Байқаймын қиын сөзден аттап өте алмайтын сияқтысың.
Сәуле. Иә... Ауыр сөзді ертеңге қалдырған жанға шипа болмайды екен. Байғыз сияқты басын қанатына тығып жездең жүр. Ездігі ме білмеймін, менімен ашып сөйлесуге де бата алмайды.
Сапар. Сол ездігі ме, әлде кішіпейіл момын адамның ерлігі ме? Соны ойлап көрдің бе?
Сәуле. Білмеймін. Жездең екеумізді таразының екі басына таңып қойған сияқты. Менің мәртебем жоғарылаған сайын, бұл байғұстың аруағы төмендей береді. Сол үйдегі еркек өзі екенін ұмытып та кеткен.
Сапар. Қолың қатты ғой. Ырық бермеген шығарсың.
Сәуле. Қажырсыз еркекті қайрағанмен не шығады.
Сапар. Жақсы әйел жаман еркекті ер етеді дейді қазақ. Әй, шын сүймегенсің ғой.
Сәуле. Сен немене, кемеліңе келіп алған соң өткеннің бәрін ұмытып кеткенсің бе?
Сапар. Мына сөзіңді ұқпадым, әпкесі.
Сәуле. Сен көп нәрсені ұғудан қалып барады екенсің. «Шын сүймегенсің ғой». Он жеті жасар жетім қыз, арқасында інісі болса кімді таңдайды? Менің-махаббат іздейтін, қызық қуалайтын кезім болып па еді? Жоқ. Mен оған әйел болып ынтыққаным жоқ. Ол маған аға сияқты еді. Мүмкін менің осалдығым шығар.
Сапар. Сенің бұл сырыңды білген жоқ едім.
Сәуле. Сен көп нәрсені білген жоқсың. Mен тұрмысқа шыққан соң соғыс басталды. Заводта күніне он төрт сағат жұмыс істеп, мынау алақанның күлдіреп қаны шыққанын да көрген жоқсың сен. Одан ауданға жіберді. Күйеулері майданға кеткен әйелдерді жұмысқа қуып, олардың шырылдаған балаларын қоярға жер таппай есімнен танғанымды, қыста қырылған малға шашымды жұлын берердей боп алас ұрғанымды да көрген жоқсың. Обком секретары әпкең бар. Тұрмысы жақсы. Аз күн қонақ болып кетесің. Сенің көретінің сол ғана. Менің жұмыстан басқа алаңым болып па еді? Азды жеткізем, жоқты бар қылам деп азапқа түскенімді, дөкірлерден сөз естіп, жалақордан жапа шегіп түні бойы жылап шыққанымды да ешкім көрген жоқ. Мені кейде еркектен бетер қатал дейді жұрт. Мүмкін мен өзімді көз жасыма суарып қатайған шығармын.
Сапар. Көңіліңді басшы, әпкесі.
Сәуле. Әне, Сырдақ келе жатыр. Обкомда тосуға шыдамағаны... тегін келіс емес. Ол бір қыңырайса, қатты кетеді. Сол күресте маған сүйеніш болатын кім? Алдаберген бе? Жоқ. Отыр әне шаң бораған қу далада. Өз басының қамы үшін келген жоқ ол мұнда. Маған күш беретін, қуат беретін сол. Менің ұйықтап жатқан сезімімді оятқан, тереңімді тебіренткен де сол. Жұрт өсек қылатын шығар. Өзі мүсәпір кімді түсінеді. Ал, бірге өскен мұңлық жазушы, сен неге түсінбейсің?!
Сапар. Кешір, әпкесі. Сенің айыптаушың мен емеспін. Иә... Бірақ маған қарағанда сенің күнің жақсы екен.
Сәуле (аптығын басып). Саған не болды?
Сапар. Сенің ең болмаса қайғы, қасіретің, талпынатын талабың бар ғой. Көкірегіңде отың бар. Ал, мен болсам қаңырап босап қалған ыдыстай бір халге түстім.
Сәуле. Сенің де сондайың бар ма еді? Шығарма жаз.
Сапар. Жазарымды жазып болдым-ау деймін. Жынынан айрылған бақсыдай боп жүрген адамнан не сұрайсың.
Сәуле. Саған да қиын боп жүр екен ғой, балақай. Кел, отыршы. Ел аралап өмір көрсең қайтеді? Тағы да жазып кетерсің.
Сапар. Мен майданда болдым. Қазақ: «кемедегінің жаны бір» дейді. Солдаттармен жаным да, қаным да бір еді. Солар туралы жаздым. Енді елден бөлініп қалған сияқтымын. Бөлекпін. Құр сырттан бақылаған нәрсе бойға сіңбейді екен. Иә... Көппен бірге басым ауырып, балтырым сыздамай тұрып жаза алмаймын. Жұрттың көзіне бір тамшы жас келтіру үшін өзім он қайтара жылауым керек, әпкесі. Әттең, сенің көкірегіңдегіні маған берсе...
Сәуле. Достан тұқымысың ғой. Барыңды сарқып бермесең, көңілің көнши ме?
Пауза.
Ер жеткенсің түтініміз бөлініп, алыстап кетіппіз-ау, Сапар. Азғана уақыт менің қасымда болсаң қайтеді? Бір қалт еткенде өзіміздің ауылға барайық. Осы арадан жақын ғой. Сағира жеңешең есіңде ме?
Сапар. Неге есімде болмасын? Мені көргенде: «пақыршылық түсіп жүр ғой басыңа, қазынаның үйі ата-анадай қайдан болсын» деп көзіне жас алып, күлше нанын қойныма тығып жіберетін. Бес баланың аузынан жырып беруші еді.
Сәуле. Қартайыпты. Сені сұрайды.
Сапар. Мен ауылға бармағалы біраз болыпты-ау. Раушан бар ма?
Сәуле. О да ауылда. Екі баласы бар. Мектепте оқытушы.
Сапар. Екеуміз бірге ойнаушы едік.
Бөпежан кіреді.
Бөпежан. Ағайынды қоңыр қаз, елден оқшау не қып отырсыңдар?
Сәуле. Бүгінде өзі сирек кездесетін болып тұрмыз ғой.
Бөпежан. Таң атпай тұрып жетіпсің. Басқарманың әйелі сені шайға тосып отыр ғой.
Сәуле. Қазір барамыз. Өзің де жүрмейсің бе, Бөпежан?
Бөпежан. Mен шайға қанып келдім. Біздің әлгі Құдыш қайда?
Сапар. Жүр еді ғой осында. Жарлығыңыз болса мен жеткізейін.
Бөпежан. Пәлі, Құдышпен арамызға тілмаш керегі жоқ.
Сапap. Ғафу етіңіз. Ал, әпкесі, жүр. Солдат ұрысқа кірерде тамаққа тойып алу керек. Мұндайда жүз граммның да зияны болмайды. (Шығады.)
Бөпежан. Сәуле, Сапар не деп кетті?
Сәуле. Сапардың мінезін білмеуші ме едің?
Бөпежан. Мен сендердің ісіңе араласпаймын ғой. Бірақ бір сойқанның боларын ішім сезеді. Сырдекеңмен араларың қиындап бара ма, қалай?
Сәуле. Қызмет бабында қақтығыс бола береді. Қайда барар дейсің?
Бөпежан. Айлас қатын мұңдас деген. Сенің де едәуір қиналып жүргеніңді байқаймын. Шыныңды айтсайшы.
Сәуле. Қиналып жүргенім рас. Бөпежан-ай, онсыз да қиын істі қиындатып тұр ғой.
Бөпежан. Сәуле, саған бір құрбылық ақыл айтқым келіп еді. Тілімді алмасаң да қаперіңде жүрсін. Тыңдаймысың?
Сәуле. Неге тыңдамайын, айт, Бөпежан.
Бөпежан. Күйеуінің арқасында алшаңдаған қатындарды да көріп жүрміз. Бір әйел қайратты болса сендей-ақ болар. Атағың да, багың да бір басыңа жетерлік. Сау басыңды саудаға салып, қай-қайдағы қиынға ұрынып қайтесің?! Дау-дамайды еркектерге беріп-ақ қоймайсың ба?! Жүрсін өздері басы қатып.
Сәуле. Бак, емес, борыш дейді мұның атын. Кейде қабырғам қайысып, белім талғандай болады. Бірақ көптің үміті мен мұқтажы мойныңда болса, мен әйел едім деп қалай жолға тастап кетесің.
Бөпежан. Әркімнің уайымы өзінде. Бір кісі кімді жарылқайды. Ертең басыңа бұлт айналса, қасыңнан табылатын досың аз болады. Қызық көретін кезіңді азапқа салып, Сырдақтармен ұстасқанша, азғантай дәуреннің рақатын көрсейші. Екі айналып келмейді бұл жалған.
Сәуле. Өзі арқалайтын жүкті өзгеге арту — бәрібір ұрлық. Ұрлықтың рақатын көрген адам бар ма, Бөпежан?
Бөпежан. Ендеше өзің білесің де. Бірақ осы таластарыңа Құдайбергенді бекер араластырдың. «Екі арада шыбын өледі» деп осыған Құдайбергеннің кірісетін орайы жоқ еді. Өзі тінті тіл алуды қойып барады.
Сәуле (күліп). Қол астыңнан шығып бара ма? Құдекеңнің бізге пайдасы аз болып жүрген жоқ. Ол үшін қам жемей-ақ қойсайшы, Бөпежан.
Бөпежан. Пәлі, мен неге қам жемеймін?! Сеп өзің болған әйелсің. Өз қызығың өзіңде. Ал, менің үміт артып, сүйреп жүргенім Құдайберген. Жасық та болса, соны болдырам ба деп жүрмін. Енді келіп сенің.құрбандығыңа бере салмақпын... Жоқ, пе де болса өзіңмен бол. Құдайбергенді қыстырма бұл араға.
Сәуле. Қолыңдағы мына сумкаң емес, о да адам ғой. Оның да өз ойлағаны бар шығар. (Шығады.)
Бөпежан (жалғыз). Адам қылсаң Алдабергенің бар ғой. Соныңды жетістіріп ал.
Құдайберген кіреді.
Сені іздеп жүрмін ғой. Қайда жоғалып кеттің?
Құдайберген. Құрылыс жаққа барып... Әлгі Сәкең қайда?
Бөпежан. Сәулені қоя тұр. Өзің бері келші.
Құдайберген. Бір нәрсе айтайын деп пе едің, Бөпеш? Сырдекең осылай келе жатыр еді.
Бөпежан. Ал, кәні, жұмыстарың қалай болып жатыр?
Құдайберген. Жұмыс дейсің бе? Е, сәті түссе дегендей... Білекті сыбанып кірісіп кетсек, көп жұмыс бітіретін түріміз бар. Өзі әншейін, бойкүйез дегендей... босқа жүріппіз ғой.
Бөпежан. Менің анадағы айтқан сөзім есіңде ме?
Құдайберген. Ол қандай сөз еді?
Бөпежан. Қосақ арасында босқа кетпе дегенім қайда?
Құдайберген. Есімде ғой. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей...
Бөпежан. Пәлі! Сақтығың сол ма, Сәуленің ығында кетіп барасың. Екеуі ұстасқалы жүр демеп пе едім?
Құдайберген. Қой. Үлкен іс бастағалы жатқанда. Іске зиянын тигізбес. Үлкен адамдар. Өздері түсінісіп дегендей.
Бөпежан. Ұстасса ана Сәуле ұстаса берсін. Арыстанмен алысатын сенде не қауқар бар. Өз жөніңді біл. Әділғазы айтқан: бірінші мен екінші сыйыса алмаса, екінші кетеді. Сырдекең жолына көлденең тұрған адамды оңдырмайды. Сәулеге сілтеген шоқпар сенің басыңа келіп тисін демесең, араңды ажыратып ал.
Құдайберген. Апыр-ай, Бөпеш-ай, ақыр заманды төндіріп дегендей...
Бөпежан. Әне Сырдекең келе жатыр. Енді соның ығын ала бер. Өзім ол кісімен кейінірек сөйлесермін. (Шығады.)
Құдайберген. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» ...Апырай, ә!?
Сырдақ пен Рыскелді келеді.
Рыскелді. Сырдеке, соңғы төрт жылда колхозымыз, жүдә, ауқаттанып алды. Тек қойдың жүнінен ғана екі миллион табысымыз бар. Тозығы жеткен жабудай қамыс қақыра, жүдә, ұсқынымызды алып жүр еді...
Сырдақ. Соны бір қиратқалы тұрсыз-ау, ә?
Құдайберген. Біз де бел шешіп дегендей іске кірісіп жатырмыз. Өзі бар мүмкіндікті байқамай келіппіз. Бойкүйездік дегендей...
Сырдақ ( Рыскелдіге). Өте жақсы, жолдас Нарымбетов. Сіз «Ойсылқара» колхозын алдыңғы қатарға шығардыңыз.
Рыскелді. Әлі қайда, Сырдеке.
Сырдақ. Кішіпейілдігіңіз ұстап тұр-ау. Сізге үлкен сенім көрсеткелі тұрмыз, жолдас Нарымбетов. Оқыған шығарсыз, газеттер Валентина Гаганова туралы жазып жатыр қазір. Ауыл шаруашылығында соның үлгісін сіз бастаңыз. Артта қалған колхозға ауысыңыз.
Рыскелді. Сонда қалай болғаны, Сырдеке?.. Азғантай қаражаты бар демесеңіз... Колхозымыздың қай шаруасы жетісіп тұр... Шаруаның негізін жаңарту көптен бергі арманым еді...
Құдайберген. Бұлар үлкен жұмысты енді ғана бастап жатыр еді... Рыскелді кетіп қалса...
Сырдақ. Сол жұмысты басқа колхоздан бастаңыз. Ертең сізге тілшілерді жіберем.
Рыскелді. Апыр-ау... тәжірибелі басқарма десеңіз ана Дайырбаев пен Тәңірбергенов бар емес пе? Жүдә, мықты колхоз солардікі ғой. Бір жыл мұрсат берсеңізші. Содан кейін қайда жіберсеңіз де барайын.
Сырдақ. Ол жөнін біз білеміз, Нарымбетов жолдас. Бұл маңызы зор саяси мәселе. Түсіндіңіз бе?
Рыскелді. Бұл сөзге мен, жүдә, түсіне алмай тұрмын. Бастаған істі тастап кете алмаймын, Сырдеке.
Құдайберген. Апыр-ай, бұл кісі енді ғана бел шешіп дегендей...
Сырдақ. Бастаған істі басқалар бітіреді. Бізде орнына адам табылмайтын бастық жоқ. Ойланыңыз.
Рыскелді. Табылса қайтейін. Жүдә, бастық болмаған адам да өлмейді. Жеті баламды жалғыз қолыммен-ақ асыраймын.
Сырдақ. «Ашу алда, ақыл соңда». Асықпаңыз, ойланыңыз, Нарымбетов жолдас. Ә... сіздер маған Достанованы шақырып жіберіңізші.
Рыскелді мен Құдайберген шығады.
Солай... солай. Осы жұрт не боп барады...
Сырдақ үйшіктің есігіне қарай беттейді.
II
Құрылыс конторының іші. Онша сәнді емес. Стол, скамейка, орындықтар ғана. Сырдақ алдында жатқан Сәуленің ұсынысына үңіліп, әр жеріне белгі соғып ойланып қалып отыр. Сәуле кіреді.
Сәуле. Саламатсыз ба, Сырдеке. (Амандасады.) Сізді бұл ауданға соғады деп ойлаған жоқ едім.
Сырдақ. Сіздің ұсынысыңызбен жақсылап танысып шықтым. Шол үсті болған соң пікірлесе кетейін деп әдейі соқтым.
Сәуле. Пікіріңіз қалай?
Сырдақ. Пікіріңіз дейсіз бе? Екеуміздің пікіріміз тым қиғаш болмаса неғылсын. Мен облысты өрге қарай сүйреймін деп әлек боп жүрсем, сіз кері қарай тартпақсыз ба, қалай?
Сәуле. Бұл сөзіңізге мен түсіне алмай тұрмын.
Сырдақ. Сіздің түсінбеуіңізге қайранмын. Әнеки анау облыстар тың көтеріп, миллиондаған пұт астық беріп, орден алып жатыр. Ал біз ше? Барымызды көрсетудің орнына жоғымызды айтып, таяққа жонымызды тоспақпыз ба? Бізді сүйреп шығаратын ет пен жүн емес пе? Биыл салмақты соған салып, сонымен абырой аламыз ден жанталасып жатқанда, сіз келіп қайдағы бір бықсықты қопармақсыз. Әлде сол үшін Орталық Комитет арқамыздан қағар деп ойлайсыз ба?
Сәуле. Жоқ. Олай деп ойламаймын. Әрине, бізді маңдайымыздан сипамас, мүмкін қатал сынға да ұшырармыз. Бірақ шаруашылықтың негізін жаңартпай біздің табысымыз баянды болмайды. Биыл орден алып, келер жылы тақырға отырып қалсақ қайтеміз?
Сырдақ. Сізден гөрі менің тәжірибем көбірек болса керек. Ауыр жылдары кейбір облыстарды прорывтан сүйреп шығарғанымды білетін боларсыз. Ендеше ертеңгі күннің ауыртпалығын маған қалдырып, мына ұсынысыңызды қайтып алсаңыз қайтеді? Біз өзімізді өзіміз шығып беретін халге жеткен жоқпыз.
Сәуле. Ғафу етіңіз. Мен өз пікірімнен қайта алмаймын.
Сырдақ (таңырқай қарап). Солай деңіз. Мал бағудың қалыптасқан жүйесін өзгертем дейсіз. Бара-бара облыстың астан-кестеңін шығарарсыз, мына түріңізбен. Жоқ. Онсыз да сіз бүлдірген істі жөндеп алу оңай болып тұрған жоқ. Бір ғана кадр мәселесін алып қараңызшы. Бір жолғы сайлауда үш ауданның секретарын құлату деген не сұмдық?! Және үшеуі де тәжірибелі секретарь болатын.
Сәуле. Олардың өздері құлады.
Сырдақ. Өздері құлағаны қалай? Сіз обком ұсынған адамдарды еткізе алмадыңыз ба? Әлде өткізгіңіз келмеді ме?
Сәуле. Екеуі де бар.
Сырдақ. Демек, басқарудың орнына жұртты өз бетімен қоя бердіңіз. Енді соның нәтижесін де көріп отырмыз. Тайпақовтың орнына қойған Ералиніңіз — қолынан іс келмейтін адам боп шыққан жоқ па! Ауданның көрсеткіштері былтырғыдан әлдеқайда төмен.
Сәуле. Ералиннің кемшілігі — көңілшектігі. Тайпақов ылғи өтірік ақпар берген. Ал, Ералин болса «кетер адам кетті ғой, соңына түсіп қайтем» деп соны әшкерелемей жүр.
Сырдақ. Мен дәлелсіз сөзге сенбейтін адаммын. Ол жағын тексерерміз. Ал, сіз бүйте берсеңіз облыста сүйенетін кадр қалдыратын түріңіз жоқ. Және көтерген адамдарыңыздың сиқы... Жоқ, енді бұдан былай сыналған жетекші кадрларды шашау шығартпаймыз. Бұл есіңізде болсын.
Сәуле. Иә, сіз үйреншікті адамдарыңызды шашау шығарған жоқсыз. Түсіп қалған екі секретарьды басқа ауданға жібердіңіз. Тайпақовты обкомға алдыңыз. Қатты айтсам ғафу етіңіз, Сырдеке. Соқыр көргенінен жазбас деп, біз номенклатурадағы қызметкерлерді ғана білеміз. Алшысынан қойсақ та, тәйкесінен қойсақ та соларды ғана қоямыз. Ал олардың кейбіреулері халық қамын ойлайтын қайраткер емес, отырған орнын қорғаштайтын тоғышар болып кеткенін неге көрмейміз?
Сапар (есік ашып). Ғафу етіңіздер. Сөздеріңізді бөлдім. Сәулеге бір-екі әйел келіп тұр. Ауылдары алыс екен. Қабылдап жіберсеңіздер қайтеді?
Сырдақ. Еңбекші адамды күттірін қоюға болмайды. Кірсін.
Сапар. Ал, кіре қойыңыздар.
Айша мен Бикеш кіреді.
Сіздер іздеп келген Достанова мына кісі. Ар жағын өздеріңіз айта беріңіздер.
Айша. Сізді осында дегенді естіп... сосын өзіміздің бір тілегімізді айтайық ден келіп едік. Мына Бикеш айтсын.
Бикеш (ұялып шегіншектей береді). Ой көгермегір, өзің айтсайшы.
Айша. Айтам деп жұлқынып-ақ келген жоқ па едің? Несіне тілің байланып қалды? Жеп қояр деп пе едің, бұ да өзіміздей қатын ғой.
Бикеш. Өш, тіліңе теріскен шыққыр! Қатыны несі, әйел десейші тым болмаса.
Сәуле. Ал, отырыңыздар. Асықпай сөйлесейік.
Айша (Бикешке). Әй, сеп отыр. Мен отырсам сөзімнен жаңылып қалам.
Сәуле (күліп). Ендеше түрегеп тұрып-ақ айта беріңіз.
Айша. Айтсам ба, айтсам: біз де керең емеспіз. Естіп жатырмыз. Обкомның секретары — бір әйел колхозшыларға жаңадан үй салдырып жатыр дейді. Сол өзің шығарсың. Бізге Достанова деді ғой, Бикеш, а? «Ойсылқараға» жаңа қала салың беретін бопты деп жұрт гу-гу етеді. Содан білейін деп келсек рас екен. Әне гүрілдетіп жатыр.
Сәуле. Рас.
Айша. Miнe, өзің де рас деп отырсың. Әділет қайда сонда? «Ойсылқараға» үй салып бересіңдер де, біздің «Шеңгелді» далада қала ма?
Сәуле. Сіздерге де кезек келетін шығар.
Айша. Ол кезек қашан келеді? Кезекті мен көрсетейін: алдымен «Шеңгелдіден» неге бастамадыңдар? Біздің ауылға көп көрген жоқсыңдар. «Шеңгелдінің» қақыраларын кергенде «Ойсылқараның» үйлерін заказ дерсің. Асықпа дегені несі? Менің байым қалада істеп жүрген жерінен: «Ауылға бар, ауылға бар» деп ұран тастап осында жібердіңіздер. Жұмсағанда жақсы-ақсыңдар. Елге келгесін елемей қойды. Төрт жылдан бері жымырайған бір бөлмеде тұрып жатырмыз. Өзің озық тракторшысың, үй сұра десем күйеуім баспайды. Жасық неме ғой. Бар айтатын сылтауы: жұрттікі де бізден артық емес дейді.
Сәуле. Жөн-жосық сұратпай бірден киіп кеттіңіз, танысып қоялықшы.
Айша. Біз сені сыртыңнан білеміз ғой. Әкім болып алшаңдап жүрген әйел көп емес. Көргеннен-ақ танығам. Менің атым — Айша. Мынау Бикеш деген қатын.
Сәуле. Сөйтіп, менен үй даулауға келген екенсіздер ғой.
Бикеш. Иә, біздің де жұрт қатарлы жақсы үйде тұрғымыз келеді.
Айша. Мұны қойшы. Бұл ауылдың кең балақ қатыны ғой. Мен өзім көп жыл қалада тұрған адаммын. Өзің де қызметтегі әйелсің. Әрі жұмыс істеп, әрі үйді қарау де¬ген әйел сорлыға оңай ма? Қазақтың еркегін білесің, үйге келсе қыл қимылдатпайды. Оның үстіне үй сияқты үйің болмаған соң.
Сәуле. Рас, әйелге қиын. Бала-шағаңыз бар ма?
Айша. Неге болмасын? Үш балам бар. Мектепте оқып жүр. Ал, мына қатынның алты баласы бар. Соңғысын емшектен биыл айырды. Менің өзім қалада тұрған әйелмін. Кейде бір кешке қарай көңіл көтерейін десең ойын-сауық атымен жоқ. Киносы да жөнді болмайды. Тіпті көңілсіз.
Бикеш. Ой, көк тігілгір, сенің-ақ желігің басылмайды екен. Құрбым-ау, менің өзім жалғызілікті әйелмін. Жолдасым індібалит, сырқат адам. Оның тапқаны не болсын? Өзім денім сау, білекті сыбанып жіберіп сиыр саусам, біреу құрлы мен де табар едім. Бірақ алты бала аяққа оралғы боп жібермейді. Еркекке қалай бала бақтырасың. Ол да қол қусырып қарап отырған жоқ. Жұртты жарылқап жатқан көрінесіңдер. Бізге тым болмаса бала бағатын үй неге салдырып бермейсіңдер?
Сәуле. Құрбыларым, бірден жарылқайтын күш менде жоқ. Бірақ сендерді де ойламай жүрген жоқпыз. Ал, балалар бақшасын колхоз қазір салуға тиіс. Ауылдарыңа ертең барып қайтам. Сонда кеңірек отырып ақылдасармыз.
Бикеш. Е, сөйтші тәңірі жарылқасын.
Айша. Айттым ғой, әйел қасіретін әйел түсінбеуші ме еді?
Сырдақ. Сіздерге артық уәде бере алмаймыз, жолдастар. Тұрғын үйді колхоз өз күшімен салуға тиіс. Үкіметке қарап ауыз аша беруге болмайды.
Айша. Ненің тиіс, ненің тиіс емес екенін біз де түсінетін болып қалдық, үлкен кісі. Біз өз ақшамызға салып берсін дейміз. Өзіміз де қарап қалмаймыз, білекті сыбанып кірісеміз.
Сырдақ. Ендеше басқарма неге ұйымдастырмайды?
Айша. Ау, басқармаға салсаң оның науқаны біткен бе? Бір жағынан егіні, бір жағынан малы, қой қырқу, пішен шабуы және бар. Оның үстіне келістіріп үй салатын, шебер қайда? Шығынданып, еңбек сіңіріп салғасын бұрынғыша — қазақпайски қылып салғымыз келмейді. Күшіміз болса — өнеріміз жетпейді. Сіз жасыңыз үлкен, затыңыз еркек болғанмен, ана кісінің қызметі үлкен. Баяғы заман емес, бүгінде сақалға қарамайды, қызметке қарайды. Үлкен болсаңыз қайтейін, өзі білмейтін іске төтеннен килігіп, тілімді қышытқаны несі, өл де маған.
Сапар. Ойбай, бүлдірдіңіз, Айша жеңгей! Облыстағы нағыз мықтыңыз осы кісі.
Айша. Бетім-ау, не дейді?
Бикеш. Жағыңа жылан жұмыртқалағыр-ай, тілің сүйреңдеп... Ұят болды-ау.
Сәуле. Оқасы жоқ. Сырдекең ондай ұсақ-түйекке, ренжімейтін кісі. Кешіреді ғой.
Айша. Көрмеген соң білмей жатырмыз, қайнаға. Ендеше осы тілегімізді сізге де айтамыз. Екеуден екеу желкілдеп босқа желігіп келген жоқпыз. Көп колхозшылардың сөзі осы.
Сырдақ. Бұл әлі шешілмеген мәселе, жолдастар. Біз өзара ақылдасып көрерміз. Сау болыңыздар.
Сапар. Мәссала.
Айша. Ибай-ау, сонда... сонша жердей сабылып келгендегі алын қайтқанымыз: «Көрерміз» болғаны ма? Дәйекті бір нәрсе айтпайсыздар ма?
Сырдақ. Mен сіздерге өтірік уәде бере алмаймын. Ертең Достанова жолдас барып, колхоздың мүмкіншілігіне қарай нұсқау береді. Детсад мәселесін де сонда шешеді.
Сапар. Бір келіске «көрерміз» бен «нұсқау» да аз емес. Енді мына Достанованың етегінен айырылмаңыздар.
Айша. Сау болыңыз. Енді бар үмітіміз сенде қалды ғой.
Бикеш. Тәңір жарылқасын, бала бағатын үйді ұмыта көрмеңізші.
Сапар. Әпкесі, буларды сенің машинаңмен апарып салайын. Машинаны қайтарып жіберем де, сені сол ауылдан тосам.
Сәуле. Жақсы. Сау болыңыздар. (Сапар, Айша, Бикеш шығады.) Мен ертең оларға не деймін?
Сырдақ. Көрдіңіз бе? Іс жүзіне келгенде қалай екен? Сіздің жоспарыңыздың басталмай жатып күйрегені осы. Барды айтудың орнына жоқты айтып, жұртты дүрліктіріп, дәукестерге жел беріл жүрсіз. Бұл бұл ма? Енді барлық колхоздардан ағылып келе бастайды. Әлгі екі әйелдің өзі алқымнан алып қырып кете жаздады.
Сәуле. Көнеге, тозығы жеткен ескіге жұрт енді шыдамайтын болған, Сырдеке. Бүгінгісін қанағат тұтпаса — ол ертеңгі өсудің, өрлеудің айғағы емес пе? Партияның кешегі жиырмасыншы съезі көктемгі нөсердей ауаны тазартып, өрісімізді кеңітін берген жоқ па? Қазір халық тілегі қаулап өсіп келеді. Ел болып серпіліп тағы бір қияға өрлеуді ниет қылып отыр. Көптің ісін қызғыштай қорып, халықтың табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін демейтін адам ел басқара алмайды. Шіреніп отырып, сызданып әмір беретін кез өтіп кеткен.
Сырдақ. Жә, маған ел басқаруды үйретпей-ақ қойыңыз. Мына шашты басшылық жұмыста ағартқанмын. Қазір, құдайға шүкір, сыншы мен ақылшыға кенде емеспіз.
Пауза.
Мен сіз туралы біраз ойладым, жолдас Достанова. Басқаға қатал болсам да, сізге дегенде көп кешірім жасадым. Талай ағат кеткен жерлеріңізді елемей келдім. Оның себебін өзіңіз білесіз, басында сізді осы қызметке ұсынған мен едім. Ал, сіз маған сүйеніш болудың орнына ылғи алдымнан шығумен келесіз. Енді біздің жолымыз қабысудан кеткен сияқты.
Сәуле. Ендеше әрқайсымыз өз жолыңыз үшін алысамыз да.
Сырдақ. Есіңізде болсын, жұртты бетімен қоя беретін адам мен емес. Сізге аяушылық жасасам — осалдық деп ұқпаңыз. Жұмысқа кедергі боп отырған обкомның басшылығындағы алауыздықты жою үшін — біз ең батыл шарадан тайынбаймыз. Байқаңыз, өкініп жүрмеңіз тек. ( Шығады.)
Сәуле (жалғыз). Жалғыз ғана менің өкінішім болса...
Жарас кіреді.
Жарас. Ордабаевпен ұзақ сөйлестің ғой, Сәулеш?
Сәуле. Жарас!.. (Булығып қалады.)
Жарас. Немене? Қиналып отырсың ғой. Әлде Ордабаев ауыр сөз айтты ма?
Сәуле. Аямасқа бекінген сияқты.
Жарас. Жәй, қоқан-лоқысы болар?
Сәуле. Жоқ. Ол сөзді бекерге ысырап қылмайтын адам.
Жарас. Ендеше біз де алысып көрейік. Сен малдың жайын айтсаң, мен ысырап болған жердің байлығын айтып, академия арқылы мәселе көтерем. Ондағылар мені білетін болған.
Сәуле (сүйсіне қарап). Кел, отыршы. Сені де қызметіңнен бөліп дауға араластырдым ғой.
Жарас. Сен шырылдап отқа түсіп жүргенде, біз қол қусырып қарап отырсақ, сонда кім болғанымыз. Сәулеш! Сен үшін ғана емес, әділет үшін алысу борышымыз емес пе?
Сәуле. Әділетсіздікті көрсең зығырданың қайнап кетеді-ау, сенің. Қойшы Сырдақты. Я мені иеге іздедің?
Жарас. А? Я, қуанышты хабарым бар еді. Ренжіп отырған үстіңнен шықтым. Сенің айтқаның келді. Диссертация академияны шулатып жатса керек.
Сәуле. Солай ма!? Сүйіншің мойнымда, Жарас.
Жарас. Сенің көңілің, сенің қуанышың — сол ғой маған сүйіншіңнің үлкені.
Сәуле. Көңілім жабырқап жүдеп қалып едім. Сен келдің де шайдай аштың. (Өзіне.) Қасымда сен болсаң, тасқа соқсам да мұқалармын ба!..
ҮШІНШІ БӨЛІМ
I
Сырдақтың дачасының қорасы. Қалың кірпіш дуалмен қоршалған. Үлкен кәрі теректің түбінде ашық беседка. Қораның түп жағынан Сырдақ пен Әділғазы келе жатады. Әділғазының қолында шелек, қармақ таққан екі-үш құрық. Екеуі әңгімелесіп келе жатыр.
Әділғазы. Менімен біраз сөйлесті. Достанова әйел де болса тілі ащы адам ғой. Біраз ұрсып та алды. Бірақ әділін айту керек — өзі мықты басшы. Мәселені батыл және тез шешеді деп жұрттың көбі сол кісіге баратын болыпты. Сіз де адам танисыз ғой — түбі мықтап жоғарылайтын басшы осы болар. Колхозшылардың арасында да беделі өрлеп келе жатса керек.
Сырдақ (Әділғазының қолындағы құрықты алып). Мынаның қалтқысын қысқа байлапсың ғой. Сазап түстеп кейін тереңге кетеді.
Әділғазы. Иә, иә. Ол езі тереңді жақсы көретін балық қой. Айтпақшы, бұрынғыдай созбаққа салып жүрмейміз, Сырдекеңнің мазасын алмай-ақ, мәселенің көбін осы кісінің алдынан тындырып кетеміз деп жұрт мақтайды екен. Қайратты, жас адам емес пе, кадр мәселесіне де көп өзгеріс енгізіп келе жатыр. Тек арыны қаттылау...
Сырдақ. Ол сендерді өздері құлады дейді ғой.
Әділғазы. Сіз өткізген конференцияларда бір секретарь құлаған жоқ еді. Қайдан білейін, не де болса өзінің, бір есебі бар шығар.
Сырдақ. Һмм... Жемге құрттап гөрі шегіртке жақсы ғой. Бала кезімде ылғи шегірткемен аулаушы едім. Ана құрықты әкел.
Әділғазы. Шегірткені өзен жағасынан ұстап аламыз ғой.
Сырдақ. Сен екеуміз қорбаңдап шегіртке қуып жүрсек-ау.
Әділғазы. Мен ұстап берем ғой. Иә, тек, айтпақшы ешбір мәселесі болмаса. Әсіп келе жатқан адамға оның өзі үлкен бөгет болуы мүмкін. Сіз ақыл айтпасаңыз...
Сырдақ. Қалай? Сонда ықыласы шын құлаған ба екен?
Әділғазы. Өзінің бір Бөпежан деген құрбысы бар еді «Бар қызығы алда тұрған қыз-қырқын емес, дәурені бітіп бара жатқан әйел сорлы бір құласа қатты құлайды ғой« деп күрсініп отыр сол. Балдай ұйып отырған семьясының шырқын бұзып алмаса...
Сырдақ. Әлгі оқымыстыны шақырдың ба?
Әділғазы. Жаңа келді, мейманханаға түскен екен. Келетін болды.
Сырдақ. Ендеше сөйлесе кетейін. Оның мақаласының гранкасы кеңседе қалып еді. Соны ала келуді ұмытпашы.
Әділғазы. Өзі тым батыл жазылған екен. Бірақ арты үлкен сөзге айналып кете ме деп қорықтым. Әрине, енді кімнің ықпалымен жазылғаны көрініп-ақ тұр.
Сырдақ. Айтпақшы, облсельстройдың басшылығын сен қолыңа ал.
Әділғазы. Құдайберген ше? Достанова мені ұнатпаушы еді. Сыйыса алсам...
Сырдақ. Сыйысасың.
Алдаберген кіреді.
Әділғазы. Әрине, сіз айтқасын... А-а, келіңіз, Алдеке.
Сырдақ. Иә, жұмыс қалай, Алдаберген? Алдаберген. Мектептің жұмысы тынып тұр ғой. Бір ғана экзамен қалды.
Сырдақ. Денсаулық қалай. Өңің жүдеу ғой. Алдаберген. Шүкір. Жаман емес. Сырдақ (Әділғазыға). Сен бір жарты сағат шамасында соғарсың. Әлгі гранканы ала кел.
Әділғазы. Жақсы. (Шығады.)
Сырдақ. Сіз бен біз ескіден таныс едік. Өзі көрші тұрып көп араласпаймыз да.
Алдаберген. Сіз жұмыс басты адамсыз ғой.
Сырдақ. Иә, қалай, үй іштерің тату-тәтті ме?
Алдаберген. Шүкір, жаман емеспіз.
Сырдақ. Ішіңізге бүгіп тұрсыз-ау, ә. Ол әңгімеден мен де бейхабар емеспін. Әйел сіздікі болғанмен қызметкер біздікі. Сондықтан да, бұл жай ғапа мәселе емес. Өзіңіз де ой жүгірткен шығарсыз.
Алдаберген (тұйық). Біздің үй ішімізде ешқандай мәселе жоқ.
Сырдақ. Сыртқа сөз тарамасын дейтін шығарсыз. Оныңыз дұрыс. Бірақ жасырам деп жүріп асқындырып алсаңыз қайтесіз, а?
Алдаберген. Онда зардабын өзім тартармын.
Сырдақ. Мен сіздің үй тұрмысыңыздың бұзылмауына тілектес адаммын. Сіз көз жұмғанмен от басының тыныштығы қайтып оралса жақсы. Бірақ олай болмай ми деп қорқам. Асқындырып алсақ сізге де, бізге де қиын. Сіз қазір дер кезінде мәселе көтерсеңіз, біз алдын-ала тыйым салар едік.
Алдаберген. Жоқ. Мен мәселе көтермеймін.
Сырдақ. Қалайша көтермейсіз? Сонда бүркеп қалам деп ойлайсыз ба?! Жоқ. Сізге де жақсы болмас.
Алдаберген. Қорқақты қуа берсең батыр болар деген. Енді мені әурелемеңіз, Сырдеке.
Үйдің ішіне Сырдақтың әйелі Бибатша шығады.
Жасы елуге жуықтаған, тоқтасқан, байсалды кісі.
Бибатша. Көрші келіпті ғой. Отыр. Алдаберген. шай қояйын.
Алдаберген. Жоқ, рақмет. Үйде қонақ бар еді. ( Шығады.)
Сырдақ. Осы жұртқа не болған? Не боп барады бұлар?
Бибатша. Ренжіп тұрсың ғой?
Сырдақ. Түсінбеймін. Жұрттың бәрі пысық боп кетіпті. Осыларға қайдан жел бітіп жүр. Ең аяғы Алдабергенге дейін...
Бибатша. Кеңесжанның кешегі хатына жауап жазсайшы. Әскерде жүрген бала үй ішін сағынбады деймісің?
Сырдақ. Сен жазған жоқсың ба?
Бибатша. Мен жазып жүрмін ғой. Әкесінің де бір екі ауыз жылы сөзін естігісі келетін шығар.
Сырдақ. Иә, көптен хат жазбаппын-ау. Жұмыс деген де есті тандырып...
Бибатша. Сенің тыныш болған кезің бар ма осы? Үйреншікті жұмысың емес пе? Науқан дегенде арқаң қозып кетуші еді ғой.
Сырдақ. Талай қызу науқанның тұсында, күндіз-түні ұйқы көрмей жүргенде мұндай қажымаушы едім... Қазір бәрі білгіш, әрқайсысының басында бір-бір жастар. Бұрын жұрт елпілдеп-ақ тұрушы еді, енді айтқаныңды орындағанның өзінде алдымен желкесін к,асын алады. (Бибатша күйеуіне таңырқай қарайды.) Ел басқару қиындап кетті. Арқа сүйейтін адам азайып барады, кейбіреуін кішкентай қызметтен өз қолыңмен жоғарылатсаң, ертең өзіңе қарсы келетінді шығарып жүр. Кішкене ықтырып алайын деп біреуіне қолыңды батырып жіберсең, өзгелері шулап қоя береді. Білмеймін, аяқтан шалушылар көбейіп барады...
Бибатша. Сені жоғарғы жақтағылар біледі ғой. Жәрдем берер.
Сырдақ. Білмеймін. Білмеймін, солардың не ойы барып? Осылай тізгініңді босатып қоя бере ме? (Іштен телефон шырылдайды. Бибатша кетуге оқталғанда, Сырдақ орнынан тез тұрады). Mен өзім барам ғой.
Бибатша оның ізіне таңырқай қарап тұр. Сәуле кіреді.
Сәуле. Жеңеше, үйіңнен ашытқы табыла ма? Қамыр қояйын деп едім.
Бибатша. Сәулемісің-ау. Е, неге табылмасын? Бағып отырғанымыз осы үй ғой, әйтеуір.
Сәуле. Үйге бір қонақтар келіп қонып...
Бибатша. Сенің де келетін күнің болады екен ғой?
Сәуле. Соңғы кезде ылғи сыртта жүрмін ғой. Бip жағынан Гүлжан да сын тапсырып...
Бибатша. Ай, сол ғана болса игі еді-ау сылтауын, Сөзден сырт болсам да Сырдекеңмен араларың суып бара жатқанын сезем.
Сәуле. Рас, жеңеше.
Бибатша. Сен тек көзді бақырайтып қойын қаласың-ау. Қуантып тастадың мені.
Сәуле. Сізді алдарқатып қайтем, жеңеше.
Бибатша. Сонда да былай түйе ғып айтпайсың ба... Иә... бала-шаға ер жетіп, өз жолымен кетті. Ендігі баққаным Сырдекеңнің қабағы ғой. Мінезі қатты болушы еді. Қызметі солай болды ма, үй ішіне сыр ашып көрген еместі. Жаңа біраз мұңын шаққандай болды. Өзім таң қалдым. Сірә бұ да қажиын деген сияқты.
Сәуле. Қайдан қажысын? Ол кісі бізді шаршатып тұр ғой.
Бибатша. Сендердің жұмыстарыңды түсіне де бермеймін. Бірақ осы енеуіңе пе жетпейді?
Сәуле. Жеңеше-ай, менің өз басыма көп нәрсенің керегі жоқ қой.
Бибатша. Сені де жамандыққа қимаймын.
Сырдақ кіреді.
Қой, саған ашытқы әкеп берейін. Үй арасында үй жоқ. Өзара бір бас қосып, шүйіркелесіп отырмадық та. (Шығады.)
Сырдақ. Кісі жіберем бе деп отыр едім. Жақсы келдіңіз. Өзіңіз де біраз ойланған боларсыз. Ертең бюрода екеуміз қақ жарылын, жұртты екі жар қылмайық. Түтініміз бір жердей шықсын.
Сәуле. Сонда?
Сырдақ. Анада дайындалған қаулыны ың-шыңсыз өткізелік.
Сәуле. Ендеше мен өз ұсыныстарымды толықтыра түстім. Көп колхоздың бос жатқан жері бар. Сол жерлерге жиырма совхоз ұйымдастыру керек. Бұл тек мал басым көбейту үшін ғапа емес. Жаңа совхоз көршісіне үлгі-өнеге болады, шаруашылықты жаңаша жүргізуді үйретеді.
Сырдақ. Сіз қанша қиялдасаңыз да еркіңіз. Бірақ жауапсыздықтың да шегі болу керек. Екі секретарьдың бір бюрода салғыласып ұрысқанын көргеніңіз бар ма?
Сәуле. Көрмесек көрейік. Таластан шындық туады.
Сырдақ. Сіз тым әріге кеттіңіз бе?! Иә... Мен басшылықты біраз әлсіретін алдым. Кейбір жолдастар ауа жайылып, өз бетімен кетіп барады.
Сәуле. Әр қызметкерді ойсыз орындаушыға, пікірсіз құптаушыға айналдырмақсыз ғой. Көп болып ақылдасып қауым болып шешудің орнына өз әміріңізді ғана жүргізбексіз ғой.
Сырдақ. Ойлап сөйлеңіз, мен өз әмірімді емес, бұл жерде партияның линиясын жүргізушімін. Және есіңізде болсын, қалтқысыз, қатал жүргіземін.
Сәуле. Сіз партия халықтың линиясын жүргізін отырғанын ойладыңыз ба? Өз дегеніңізді өткізіп, өз қалаған адамыңызды қоя бермей, солардың ақылына, солардың қалауына салсаңыз қайтеді?
Сырдақ. Сіз сонда обкомның басшылық рөліне қарсы шығып отырсыз ғой?!
Сәуле. Облыстағы коммунист екеуміз ғана емес. Обкомның елу-алпыс мүшесі бар. Облыста мыңдаған коммунистер бар. Халық ішінде қаулап өсіп келе жатқан жаңа күш, өжет ойлар бар.
Сырдақ. Сөзіңіздің төркінін әбден түсініп отырмын. Сіз мені диктатор етіп көрсетпексіз ғой. Ол айыбыңыз дарымайды. Мен талқыға салмай мәселе шешкен емеспін.
Сәуле. Сіз мені көп нәрсеге үйреттіңіз, Сырдеке. Бұрын тіпті аңқау екем. Иә, сізді айыптау оңай болмас. Бұрынғыдай емес, қазір мәселенің бәрін талқыға салатын болдыңыз. Бірақ сіз кім сөйлейді, не сөйлейді, сопың өзін күні бұрын белгілеп бересіз. Алдымен өзіңіз шешіп алып, соны да құптатасыз. Ал, мұндай мінез көптің ойына өріс бермейді, талабына тұсау болады.
Сырдақ. Сіздің ойыңызша басшылық деген, кім не айтады деп әркімнің аузына қарап отыру ғой, шамасы. Жоқ. Біздің күшіміз — тәртіп, қатал тәртіп.
Сәуле. Саналы тәртіп бар да, бас қамы үшін бағыныштылық бар.
Сырдақ. Сіз ешкімнің ішіне кіріп шыға алмайсыз. Қалай бағынса да тәртіптің түбі біреу ғана. Жә, соңғы рет ескертемін, егер өзіңізге қас қылмасаңыз, ұсынысыңызды қайтып алыңыз.
Сәуле. Жоқ. Ол көптің ниеті, көптің үміті. Оны қайтып алуға менің хақым жоқ. Есіңізде болсын, мен аянбай алысамын. (Шығады.)
Бибатша кіреді.
Сырдақ. Айбыну, ығу жоқ... Осының бәрі өжеттік пе? Әлде, әлдебір сенгені бар ма екен?
Бибатша. Әлгі Сәуле қайда? Ол маған келіп еді, шамасы сен ренжітіп жібергенсің ғой. Сәуле деген адам ның іші-бауырына кіріп тұратын мейірімді бала. Заты әйел емес пе? Соған неге қыңырая бересің? Басында оны көтерген жоқ па едің?
Сырдақ. Өз сорыма көтеріппін.
Бибатша. Сырдеке, мен білмейтін мінезің бар ма? Ай, тым қаттысың-ау. Сен де бір жібімейсің бе?
Сырдақ. Өзім үшін қатты болып жүр дейсің бе?
Бибатша. Басқалар да жамап болсын демейтін шығар. Өзге тұрсын өз үй ішіңе де ақыл салмаушы едің. Қазір жұрттың көзі ашық, ой-өрісі кең. Өкіметке жаны ашитын жалғыз сен емес шығарсың. Солардың сөзіне де құлақ ассаң қайтеді?
Сырдақ. Сәуленің сөзіне ме?
Бибатша. Таластарыңның мән-жайына қанық емеспін. Бірақ, Сәуленің ниеті теріс деп айта алмаймын.
Сырдақ. Бибіш, сен байыбына жетпей айтып тұрсың!.. Бұл сірә екі адамның арасындағы сөз емес сияқты. Таластың түбі терең жатыр. Содан қорқам... Егер мұндайлар бел алып кетсе... Сонда біздің не бітіріп жүргеніміз.
Әділғазы мен Жарас кіреді. Сырдақ Бибатшаға көз тастайды.
Ол түсініп, ішке қарай кетеді.
Келіңіз, жолдас Жансарин. Демалыс күні мазалағаныма ғафу етерсіз.
Жарас. Оқасы жоқ. (Әділғазы мақаланың гранкасын Сырдаққа береді.)
Сырдақ. Сіздің мақалаңызды оқып жатырмын. Жарас. Бірақ әлі жарыққа шықпапты ғой. Сырдақ. Редакция асығыс деп таппаған болар. Мұндай ұсыныстарыңызбен екі-үш жыл сабыр етсеңіз де болады. Біздің өз арамызда да қиялшылдар жоқ емес. Сіз мұны Достановамен ақылдасып жаздыңыз ба?
Әділғазы. Сіз сол кісіге жақын жүретін сияқты едіңіз.
Жарас. Достанова менің аса құрметтейтін, қадір тұтатын адамым. Бірақ, бұл араға оны араластырмаңыз.
Менің өз пікірім бар.
Сырдақ. Сіз ренжімеңіз, жолдас Жансарин. Өзіңіз білесіз, сізді академия институтқа директорлыққа ұсынып отыр. Соған байланысты біздің пікірімізді сұрапты.
Әділғазы. Сондықтан да бұл кісі сіздің жағдайыңызбен тереңірек таныспақ.
Сырдақ. Mен өз пікірімді айтпас бұрын сіздің пікіріңізді білгім келеді. Мінеки, оқып шықтым. Шынымды айтсам қайран болдым сізге. Сіздің облыстың алдында тұрған шаруашылық проблемаларынан хабарыңыз жоқ. Сөйте тұрып батыл-батыл ұсыныстар жасайсыз.
Жарас. Mен пайдаланылмай жатқан байлықты айттым. Әрине, әділ сынмен қатты айтқаным рас. Біле тұрып айтпасақ, көре тұрып көз жұмсақ, сонда не болмақ?
Сырдақ. Жердегі бар байлықты адам баласы бір күнде пайдаға жаратса — жұмақ болар еді. Әрине, ғылым болашақты болжауға тиіс. Бірақ, мынау тек дана ғылыми мақала емес. Сіз біздің ішкі дауымызға араласып кетіпсіз. Сондықтан да, сізбен таласатын жеріміз көп.
Жарас. Пікір таласы деген бола бермеуші ме еді? Менің өз пікірімді дәлелдеуге күшім жетеді.
Сырдақ. Пікір таластыруыңызға қарсы емеспін. Бірақ, алдымен біздің мүмкіндігімізді таразыға тартып көрсеңіз қайтеді? Тек осыны есіңізге салайын деп шақырып едім. Міне мақалаңыз. Мен редакторға нұсқау берген жоқпын. Өзіңіз шешіңіз. Уақытыңызды алғаныма ғафу өтінем.
Жарас. Мен не де болса өз ойыммен, өз ақылыммен шешем.
Сырдақ. Ертең ертеңгілік маған тағы бір соғып кетіңізші.
Жарас. Жарайды, сау болыңыз. (Шығады.)
II
Сәуленің үйінің қорасындағы бақша. Сол жақ шетте веранда. Оң жақта стол. Орындықтар. Тоқыма кресло. Іштен Алдаберген шығады. Жолға дайындалған: қарында плащ, қолында чемодан. Ауыр ойда. Жүре түсіп, артына қайырылып, қиналып тұрып қалады. Сырттан Гүлжан кіреді.
Гүлжан. Папа, папа.
Алдаберген (сасыңқырап). А... Гүлжанбысың?..
Гүлжан. Сен қайда барасың, папа?
Алдаберген. Мен... Ауыл жаққа барып қайтайын деп...
Екеуі аз уақыт үнсіз тұрып қалады.
Гүлжан. Папа... Сен шынымен кетіп барасың ба?
Алдаберген (бойын билеп). Не айтып тұрсың, балапаным? Мен сені тастап қайда кетуші едім?
Гүлжан. Папа, сен мені алдап тұрсың ғой.
Алдаберген. Жоқ, балапаным. Mен сені алдамаймын. Бірақ жағдай солай болды.
Гүлжан. Папа, мен бала емеспін. Түсінемін... Екеуің келісе алмадыңдар ма?
Алдаберген (көңілі босап). Балапаным... Бізді қойшы, тек... сен қайғырмашы, кішкентайым. Біз бір жөнін табармыз-ау.
Гүлжан. Білмеймін. Екеуің неге бір-біріңді түсінбейсіңдер? Мен кеше мамама қатты сөз айтын тастадым.
Алдаберген. Оның бекер болған, балам. Мамаң қазір онсыз да қиналып жүр. Оңай деймісің әйел адамға? Ол жамандыққа бармайды. Не де болса үлкен бір себебі бар шығар.
Сапар кіреді. Колхоздан қайтқан беті.
Сапар. Саламатсың ба, жезде. А, Гүлжан! Сәлем, бойжеткен, сәлем!
Алдаберген (еш нәрсе сездіргісі келмей). Аман-сау келіп қалдың, Сапар. Ауыл ұнаған ғой өзіңе. Өзің бір түрлі түлеп қайтыпсың.
Сапар. Ұнағаны рас. Балалық шақтың әсері сиқырлы бола ма, мен үшін әйтеуір дала дегеннің бір кереметі бар. Тіпті сағынып қалыппын. (Гүлжанға.) Базарлық әкелмеді деп өкпелеме, бойжеткен. Сен үшін нағашымның бір тайына ен салдым. (Алдабергеннің жолаушы шыққалы тұрған түрін көріп, түсініп). А, Гүлім, менің мына заттарымды үйге апара қойшы. Ваннаны да жағып жібергейсің. Жолдарың тіпті шаң екен. (Гүлжан Сапардың чемоданы мен плащын алып ішке кіріп кетеді.)
Пауза.
Жолға шығар алдында тізе бүгейік. Отыр, жезде.
Алдаберген. Елге барып, есімді жинап алмасам болатын емес. Айыпқа бұйырма, Сапар қарағым.
Сапар. Ашылып сөйлестіңдер ме өздерің?
Алдаберген. Дәм-тұзымыз жараспаған соң, құр сөз дәнекер бола ма.
Сапар. Ай, осы жығыла кететініңіз-ай. Осыныңыз ғой Сәуленің көңілін суытып жүрген.
Алдаберген. Жалпақтай берсем жағам ғой деуші ем. Бедеу ықылас көңілді тойғызбайды екен. Сопың бәрін тым кеш түсініппін. Өзімнен басқа ешкімді айыптамаймын.
Сапар. Иә... Тым болмаса араларыңды ашып алмай, д.іл осы әрекетіңіз... Бұл неғылған дүдамал?
Алдаберген. Қолымнан келгені осы болды. Енді мені тоқтатпай-ақ қой, Сапар қарағым.
Рыскелді кіреді.
Рыскелді. А, аман-сау келіп қалдың, Сапар.
Сапар. Саламатсыз ба, Рысеке. Обком жағынан не хабарыңыз бар?
Рыскелді. Сәкең мені бюроға шақырып еді. Сырдақтан болды ғой деймін. Кіргізбеді.
Сапар. О да кімнің не айтарын біліп отыр ғой.
Рыскелді. Е, мен онда айтпаған сөзімді басқа жерде айтпайды ғой деп ме екен. Жо-о, айтамын. Әділ сөзді айтпағанда, жүдә, несіне еркек боп жүрміз.
Сапар. Бюроның бет алысын біле алмадыңыз ба?
Рыскелді. Тайпақов, жүдә, жайраң қағып шықты. Соған қарағанда бюроның бет алысын ұнатпадым.
Сапар. Мен де Сәулеге оңай болмасын сезіп едім. Әйтсе де осындай қиын кезде сіздің келгеніңіз дұрыс болған. Мұндайда кісінің жалғыз болғаны жаман.
Рыскелді. Е, Сәкеңді қарасыз қалдырып... біз де ел емеспіз бе...
Бұлардың сөзін тыңдап тұрған Алдаберген бір батыл шешімге келгендей, чемоданын алып, нығыз қимылмен қайтадан ішке кіріп кетеді.
Сапар. Маған бір ой келіп еді. Жүріңізші, соны сізбен ақылдасайын.
Сырттан Сәуле мен Нұрқасым сөйлесе кіреді.
Нұрқасым. Сіз ренжи бермеңіз, Сәуле.
Сәуле. Сырдақтың ұсынысы қалай өтіп кетті?
Нұрқасым. Ол әрбір болмашы нәрсенің сыртына қызыл сөзден бал жағып береді. Жұрт байқамай жұтып жібереді. Былай шыққасын ішінде пәрі жоқ екенін өздері де түсінеді.
Сәуле. Mен ойымды дәлелдей алмадым.
Нұрқасым. Мінекей, мұның бекер. Сенің бір сілтегеніңнен қалмаса ол Сырдақ бола ма? Бүгінде жұрттың аузы белгілі ғой, сондықтан да, мен кісінің сөзінен гөрі көзіне көбірек қадалам. Сырдақтың көзінен үрей көргендей болдым. Ол тегін нәрсе емес.
Сәуле. Мені жұбатайын деп тұрсыз ғой.
Нұрқасым. Адамның өз. қажыры болмаса, біреу дің сөзінің медет болғанын көргенім жоқ. Ал, Сырдақ болса түбірінің босап қалғанын өзі де сезеді... Бірақ былқылдап тұрып-ақ біраз жерге барғысы келеді.
Сәуле. Нұреке, сіз қалай ойлайсыз... Жарас... Шынымен өз мақаласынан безгені ме?.. Ол мүмкін емес қой, Нұреке?.. (Нұрқасым үндемейді.) Ол опасыздық қой.. Жоқ, жоқ... Сырдақтың тап осы сөзі жалған болар. Сенейін десем дәтім жетпейді. .
Нұрқасым (төмен қарап). Сырдақ ұсақ өсектің адамы емес. Ал, мен жүрейін. Сәуле, сен демал. (Шығады.)
Сәуле (жалғыз). Екі қолымды байлап қойғандай. Оһ, дәрменсіздік жаман екен... Өстіп, бірте-бірте жігерімді кеміріп, иімді түсірмек пе? Аянып қалған жерім жоқ еді... Ендігі қалған аз дәуренім келді көшірем деген әупілдек сияқты бекер әлек, нәтижесіз тартыспен өтсе?.. Бекер өткен өмірдің өкініші өртеп жүрсе қайтесің?.. Белің талғанда демеу болар адамың болмағаны... Аһ, Жарас... Жарас...
Верандадан шығып қасына Гүлжан келеді.
Гүлжан. Мама!..
Сәуле (ұйқыдан оянғандай). А? Сенбісің, Гүлжан?..
Гүлжан. Мама... Кішкене қасыңа отырайын.
Сәуле. Отыра ғой, Гүлім.
Гүлжан. Мама... мен... мен саған қатты сөз айттым.
Сәуле. Иә... Бірақ, сен дұрыс айттың. Жанға бататын сөзден кісі қашқанмен құтыла ма? Саған бәрін өзім айтуым керек еді.
Гүлжан. Жоқ, мама. Мен артың айттым. Білемін. Сен қиналып жүрсің.
Сәуле. Сенімен ісім болмай кетіпті-ау, балапаным, Адамның соқыр болатын кезі болады екен... иә... Сен маған қиналып жүрсің дейсің. Рас, әттең, кісі бейнетке төзер еді, тек соның зейнетін көрсең...
Гүлжан. Сен бақытсызбысың, мама?
Сәуле. Азапқа түсіп, жаның қиналса — ол бақытсыздық емес, Гүлім. Ал үмітің алданса, алтын дегенің тас болып шықса... ең жаманы сол. Түңілу жаман...
Гүлжан. Мама, мен түсінем. Сен жақсысың.
Сәуле. Мамаң жақсы бола алды ма, білмеймін. Бірақ сен жақсы бол. Әйел болып, сырласатын құрбым болған жоқ еді. Енді сенің есің кірді. Қана бер анаңның сырына. Тек мен жасаған қатеге ұрынба. Өзіңе де... маған да қатал бол.
Сапар кіреді.
Сапар. Мәжілістерің бітті ме, әпкесі.
Сәуле. Өзің аман-сау келдің бе?
Сапар. Гүлжан, сені папаң шақырын жатыр. (Гүлжан шығады.) Ал, қалай болды?
Сәуле. Болмады, Сапар. Жеңіліп қалдым.
Сапар. Қиын болған екен. Бірақ кісіге бұ да бір сын ғой.
Сырттан заттарын арқадан, Айша кіреді.
Айша. Уа, бәрекелді. Тура келіппін. Сәуле, аманбысың? Сапар қайным да осында екен ғой. Арттарыңнан қуып келдім. Қазақты жұмақтың есігінен сығалатсаң, төріне өзі-ақ шығады деп. Енді менен құтылуларың қиын болар.
Сәуле. Жақсы келдің, Айша.
Айша. Ауыл-аймақ түгел сәлем айтып жатыр. «Жүзі игіден түңілме» деген. Жақсы лебізіңнің өзіне марқайын қалдың дейді.
Сапар. Қызыл сөзге мәз болып отыр ма, әлде өздерінің де бір істеп жатқан қарекеті бар ма?
Айша. Е, неге болмасын? Басқарма жұртпен үш күн ақылдасты. Әсіресе, қатындар жеп қоя жаздады өзін. Малдың тұяғына еріп қаңғып жүргеніміз жетті, бар еңбегімізді бір жұт жалмап кетеді, әр жайлауға мықты база салып бер деп жастар шықты бір жақтан. (Сәулеге.) Көбінің айтатыны сенің сөзің. Ал, қалай, үй ішің аман ба? Жүзің сынық қой?
Сәуле. Аманшылық. Ал, өзің жай жүрсің бе, Айша?
Айша. Ойбой, жай жүретін уақыт па бүгінде? Қайын сіңлім бар еді бой жеткен. Со құрғыр құтырып күйеуге тием деп, соның жасауына келдім. Мата жағы бар екен. Самауыр да таптым. Әлгі жылтырақ кереуеті құрғыры қолға түспеді.
Сәуле. Мен облторгке айтайын, тауып берер.
Айша. Жоға, сенен оны сұрайын деп келгенім жоқ. Әуре болып қайтесің. Тек, өзіңмен бір шайды сораптап отырып гәпті шертейін деп едім ғой.
Сәуле. Өте жақсы келдің. Үйге жүр.
Сапар. Мені орталарыңа аласыңдар ма?
Айша. Қайным-ау, қатындардың әңгімесін тыңдап ие болды-саған?
Сапар. Әйелдер образын нашар жасайсың деп сөгеді мені. Азғана күн әйел болсам ба деп едім.
Айша. Құдай бермегенді қайтесің, қайным. Білгеніңді жаза бересің де.
Айша мен Сәуле ішке кіріп кетеді. Сапар басын шайқап,
күліп, блокнотын суырып, Айшаның сөзін түртіп алып жатады.
Көше жақтан Бөпежан мен Құдайберген келе жатады.
Бөпежан (сөйлей кіреді). Осы үйге күніне бір келмесең ас батпайтын болды ғой саған. Талағың жабы сып қалып па еді?
Құдайберген. Мені ойнап жүр дейсің бе? Шаруам болғасын келем де.
Бөпежан. Шаруаң болса тез бітір де, менімен бірге жүр үйге.
Сапар. Саламатсыз ба, Бөпежан жеңгей.
Бөпежан. Саламат бол.
Сапар. Немене, Құдекеңнің апшысын қуырып келе жатқаныңыз?
Бөпежан. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Қалжың көтерер жағдайым жоқ.
Құдайберген. Е, біздің Бөпеш айта береді. Сәкең үйде ме?
Сапар. Үйде. Қазір шақырайын. (Есікке барып дауыстап.) Әпкесі!
Құдайберген. Апырау, жан аласың ба? Тіпті кісіні есінен тандырып болдың ғой.
Бөпежан. Жә, тезірек сөйлес. Осы үйді көргім кеп тұрған жоқ.
Іштен Сәуле, Рыскелді шығады.
Құдайберген. Сәке, маған бір ой келгені, соны сізбен ақылдасайын деп... маған әлгі қамыс жайыңда тапсырма беріп едіңіз ғой. Ал, ең дұрысы — қамысты гипске қатыру екен. Өзім сынап кердім. Бері қараңызшы. Технологиясы тіпті оңай. Ағаш-ағаш дейміз. Сонда каркасқа да, үйдің төбесін жабуға да ағаштың керегі жоқ. Дайын плиткадан бір үйді бес күнде қалап шығуға болады. Әрі арзан. Тіпті ғажап деймін. Қамыс дегеніңіз бізде ағыл-тегіл дегендей... Ал, Ақтатырда гипс бар. Мына қараңызшы. Тіпті бар ғой. Мінекей, мен тұспалдап есебін де шығарып қойдым.
Сәуле. Мынау қызық идея екен. Егер былай болса...
Бөпежан (Құдайбергенге). Несіне арам тер боласың, сорлы-ау? Сені орныңнан алып тастаған жоқ па?
Құдайберген. А? Сонысы бар ма еді? Е, бірақ бәрібір істелетін іс болғасын. Пайдалы нәрсені далаға тастаймыз ба?
Бөпежан. Оның саған пайдасы жоқ, білдің бе? Өзгелер үшін өкіректегенше, өз қамыңды ойласайшы. Мыналарға еремін деп Сырдақ саған енді қызмет бермейді.
Құдайберген. А? Қызмет бермей ме? Ендеше қызметіне кек тігілсін.
Сапар. Жеңгесі, ақыр заманды төндіре бермеңіз. Құдекең жерде қалатын кісі емес.
Бөпежан. Сіркем су көтермей тұрғанда қанжығаласпашы, шырағым.
Құдайберген. Сен өзің тіпті... Мен инженермін. Білекті сыбанып үй салам. О несі-а?!
Бөпежан. Пәлі! Мына мырық не дейді? Сорлы-ау, сүйреп шығарған төбемнен домалап кеттің ғой. Енді қайтейін?
Құдайберген (дірілдеп). Өзің немене? Кісіні тіпті аяқ асты дегендей... Әбден өзің басынып болдың ғой. Тіпті бар ғой ырық бермейді. Мен саған ноқталы есекпін бе?!
Бөпежан. Енді неменесің? О, сорлы!..
Құдайберген (қалтырап Бөпежанға төне береді). Жетті енді, жоғал!.. Уа, жоғал!
Бөпежан Құдайбергеннің оқыс мінезінен шошып, шегіншектеп барып, шығып кетеді.
Сәуле. Көңіліңізді басыңызшы, Құдеке. Сабыр етіңізші.
Құдайберген. Жоға, тіпті, кісіні майлық орамал құсатып бар ғой... Жетті енді...
Сапар (стаканмен су ұсынып). Су ішіңіз, Құдеке.
Құдайберген. Рахмет. Қолы қалтырап су ішеді.) Уһ, желкемнен зіл қара тас түскендей болды ғой... (Есін жиып). Сіздер ғафу етіңіздер. Мен кішкене былай...
Рыскелді. Жүдә, оқасы жоқ.
Сапар. Сіз кішкене емес, ірі кеттіңіз, Құдеке.
Құдайберген. Сіздер енді... ғафу етіңіздер. Mен айтайын дегенім, әлгі гипске қатырған қамыс бар ғой, нағыз рақаты сол екен.
Сәуле. Ол жөнін сөйлесерміз, Құдеке. Бірақ, мәселе басқада болып тұр-ау.
Рыскелді. Сіз, жүдә, ренжімеңіз. Біз де елміз ғой. Бір амалын табармыз.
Сәуле. Сол амалы ғой, мені де қинап тұрғаны. Жігеріңді құм қылған жаман екен. Шапқанда байдың ұлысың, тоқтағанда есіңе түсер... Мен осы істің бар ауыртпалығын енді сезіп тұрмын.
Сәуле ауыр оймен қораның түп жағына қарай кетеді.
Сапар. Рысеке, сіз соғыста болдыңыз. Әскер жеңіліп, шегінгенде не істеуші еді?
Рыскелді. Алдымен бытырап кеткен солдаттарын жинап алады.
Сапар. Ендеше өзі бөлімінен налып қойып, орман ішінде адасып жүрген бір солдатты қосып алыңыз.
Рыскелді. Ол кім?
Сапар. Мен.
Рыскелді. Сендей солдаттан, жүдә, қашпаймыз. Ендеше бірге бол.
Сапар. Мен қарусыз құр қол келгенім жоқ. Қашан жұрт иіс-қоңыстан құтылғанына газет бетінен түспеймін. Айқай саламын. Өз сөзім өтпесе, сөзі өтетін колхозшыларға жаздырам.
Рыскелді. Міне, жүдә табылған ақыл. Жазамыз. Басқалары да жазсын.
Сапар. Мен мақаланың нұсқасын жазып та қойдым. Құдеке, Рысеке, өздеріңіз оқып шығып, мақұл десеңіздер қол қойсаңыздар қайтеді? Үшеуміздің атымыздан кетсін. Бірің колхоз председателі, бірің маман.
Рыскелді. Бет алысың дұрыс, Сапар. Mен, жүдә, оқымай-ақ қол қоям.
Құдайберген. Мен де қарсы емеспін.
Сапар. Айтпақшы, Айша жеңгейге де қол қойғызу керек.
Құдайберген. Алдымен өзінен сұрамасақ...
Сапар. Осы мақаланың тұздығы Айшаның сөздері. Оны тастап кетсек қиянат болады. Енді тек мақаланы төпей берем.
Рыскелді. Оның жақсы-ау, Сапар. Бірақ роман жазуды, жүдә, ұмытып кетіп жүрме.
Сапар. Кісі ұятты білу керек, Рысеке. Қағазды бос шимайлағанша, менің де пайдалы жұмыс істейтін кезім жетті. Сендер байқадыңдар ма, білмеймін, менің бір аңғарғаным бар. Сырдақ сияқтылар үшін әкімшілік дерт екен. Қара жұмыс ауыр болса әлім келмейді деп айтады ғой, ал басшылықта отырған кейбіреулердің әлім келмейді деп айтқанын естігем жоқ. Қайта тас кенедей жабысын айрылмайтынын қайтерсің. Олардың трагедиясы сол — ондайлар азғантай мансап үшін көптің ісіне кедергі болып отырғанын ойламайды. Оп-оңай сылып та тастай алмайсың мұндайларды. Ерінбей-жалықпай алысу керек.
Рыскелді. Жүдә, дұрыс айтасың. Балапан басқан тауық сияқты отырған орнын қорғаштап болады.
Сапар. Ал, үйге жүріңдер. Менің жазғанымды ақылдасайық.
Бәрі үйге кіреді. Көшеден Жарас кіреді. Үйге кіре алмай кідіріп қалады.
Қораның түп жағынан Сәуле шығады.
Сәуле. Жарас!..
Жарас. Сәулеш!..
Сәуле. Тоқта... Жарас... Сырдақтың айтқаны рас па?
Жарас. Мен сенің жайыңды ойладым, Сәулеш. Бәрібір Сырдақ саған бой бермейді. Сенің азапқа түскенің, жапа шеккенің маған оңай деймісің! Жалғыздық зарын мен де көп тартқам. Үмітіміз алда, қыз-бозбала емеспіз. Өзің туралы, өз бақытың туралы да бір ойласайшы. Менің де елден, жұрттан безіп, қу далада сарылғаным жетті.
Сәуле. Heгe сарыласың? Сен үлкен іс бастадың ғой. Өз еңбегіңді тастап қайда барасың? Ойлашы... Академияның қызметі қашпас.
Жарас. Академияның қызметі қашпас дейсің! Mен үлкендердің алдында құрдай жорғалап жүріп көтерілгім келген жоқ. Өз еңбегіммен жеткім келеді. Бес жыл дүние қызығынан безіп, сарылып күттім осы кезеңді. Өз еңбегіммен, маңдай теріммен жеттім.
Сәуле. Жарас! Сен кеуіп қалған қу далаға тыпыршыған тіршілік әкеліп едің ғой?! Әр өсімдіктің тамырында лүпілдеп аққан қанын, тынысын тыңдаған жоқ па едің? Өзіңнің нәрестедей күткен үмітіңе опасыздың қой бұл. Ойлашы өзің!
Жарас. Көп ойланғанмын. Мен де періште емес, адаммын. Өз міндетімді өтедім. Сырдақ менімен бір емес, екі сөйлесті. Бет алысы жаман. Алды-артыңды оран алған түрі бар. Егер қолымыздан келетін іс болса — кісі төзер еді. Ал қалған дәуренімізді нәтижесіз тартыс, бекер әлекке салғанмен не табамыз? Бәрібір Сырдақ саған күн көрсетпейді. Біздің өз қызығымыз бар емес пе?
Сәуле. Не деп тұрсың, Жарас? (Пауза.) Сен... Сен Сырдақтан қорыққаннан саумысың?.. Ah.. Институтқа жіберткізбейді деп қорыққан екенсің ғой... Сол шыныңды бұрын неге айтпадың...
Жарас. Сәулеш...
Сәуле. Біріңді ықтырып, біріңді бұқтырып күн көреді ғой Сырдақтар.
Жарас. Сәулеш, жазықсыз жазғырып тұрсың ғой мені.
Сәуле. Жалған айтып тұрсың, Жарас. Жалған... Ер десем, азамат десем... Бар болдығың осы-ақ па еді.
Жарас. Сәуле, соншама, көңіл қалар қатты сөз айтасың... Менің бар арманым, адал ниетім өзің емес пе едің?..
Сәуле. Арманың... Іздегенің үлкен нәрсе көрінбейді. Қиналма. Табарсың... Қош болыңыз. (Жарас шығады. Сәуле ауыр ойда.) Жар таптым... Серік таптым деп едім... аһ... Бақыт аңсаған көңілім екен ғой, жоқты бар қылған.
Сәуле жалғыз. Қатты күйзеліс үстінде тұр. Сырдақ сыртта өтіп бара жатып, Сәулені көріп ішке кіреді.
Сырдақ. Ым... һм... Ойланып қалыпсыз ғой. Иә, иә ойлы адамға ойланатын жағдай болды. (Сәуле мең-зең, Сырдаққа біртүрлі сулық қарады.) Ұнжырғаңыз түсіп кетіпті. Мұқалып қалғансыз ба, қалай?
Сәуле. Табалап тұрсыз ба?
Сырдақ. Жоқ. Қайта мен сізге жақсылық хабар айтқалы тұрмын. Жаңа бюродан кейін Алматымен сөйлестім. Шешіп айтқан жоқ, бірақ сіз келісім берсеңіз бір орайы болатын сияқты. Жалпы басқа жаңқа сұранғаныңыз ақыл болар.
Сәуле. Менен құтылғыңыз келеді ғой.
Сырдақ. Бұл жерде қызмет істеуіңіздің қиын болатынына енді көзіңіз жеткен шығар. Екеуміз бір облыста сыйысып қызмет істесе алмаймыз.
Сәуле. Мен бұл жерден ешқайда кете алмаймын.
Сырдақ. Бұл неткен қиқарлық. Дау-таласымыз тынған жоқ па?
Сәуле. Жоқ... тынған жоқ. Сіз тындыра алмадыңыз. Оны ішіңіз біліп тұр. Қоқан-лоқыдан басқа даруыңыз таусылын келеді. Қолыңыздан келсе, әттең мені сындырып-ақ жіберер едіңіз... Тайсалар, жолынан таяр деп ойлайсыз ба?! Жоқ! Менің енді басқа алаңым далған жоқ. Ал, өз басыма көп нәрсенің керегі де жоқ. Ықтыра алмайсыз, Сырдеке. Өйткені талас екеуміздікі ғана емес. Шын күрес енді басталды. Сіз тұрғанда менің бұл жерден кетуге хақым жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі