Москваның бір драматургі маған:
— Сіздердің сахналарыңызда осы күнге дейін эпостық шығармалардың сәтті жүріп жатқан себебі неде? — деген сұрақ қойды. Және де ойын түсініктірек жеткізгісі келген болар:
— Егер де орыс сахнасына былиналардан (орыстың халық жырлары) пьеса жасап қойса, соған көрермендер бармаған болар еді, — деп сұрақтағы пікірін толықтырды.
Дәл сол арада өзімше жауап қайтарғанмен бұл сауал мені кейінде көп ойландырды. Бір кезде сахнамыздың негізгі репертуары эпикалық шығармалар болды. Тіпті қазір де «Еңлік — Кебек», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесалары сахнадан түспейді. Көрермендер ықласы осы алды қырық жылға таяу жүрген пьесалардан тояттап болмаған сияқты.
Шынында осы неден? Біздің қауымның интеллектуалдық жағынан әлі де толысып болмаған балаңдығынан ба? Әлде қазақ эпостарының ескі заманнан бүгінге тіке жол тапқан адам баласына ортақ гуманистік қасиетінен бе? Менің ойымша осы екі себептің екеуі де бар. Әрине соңғысы басымырақ та, жыл асқан сайын алдыңғы себеп әлсірей бермек. Эпостық шығармалардың біздің сахнамызда ғұмырлы болуына бұлардан өзге де мықты себептер бар.
Советтік семьядағы көп халықтардың ояну дәуіріне көз жіберсек солардың бәрі дерлік тұңғыш сахналарының шымылдықтарын эпостық, шығармалармен ашқанын көреміз. Біздің түркі тілдес халықтарда «Шаһсенем — Ғарип», «Фархад — Шырын», «Көроғлы», «Таһир — Зуhpa» сияқты халық эпостары драмалық формаға ауысып, жаңа құрылған жас театрлардың тұңғыш шымылдықтарын ашты. Дәл осы хал қазақ театрының басында да болды. Ең алғашқы қазақтың драмалық үйірмесі 1917 жылы Абай аулында — қолына жаңа ғана қалам алған, оқудағы жас жігіт Әуезовтің «Еңлік — Кебек» трагедиясын ойнады. Алғаш құрылған қазақ драма театры 1926 жылы осы «Еңлік — Кебекпен» бірінші рет шымылдығын көтерді. Жас театр өзінің өмір сүрген кезеңіне тұстас «бүгінгі өмірді» көрсетуге қанша күш салғанмен көп уақытқа дейін репертуарының жотасы эпостық шығармалар боп қала берді. Сахнаға Жұмат Шаниннің «Арқалық», М. Әуезовтің «Қаракөз», «Қарақыпшақ Қобыланды», Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесалары келді. Осы эпостан туған шығармалар қазақ драматургиясында үлкен із қалдырды, оның одан әрі де көп жылдар бойы эпикалық жанрда дамуына әсер етті. Осыдан барып революциялық дәуірге арналған С. Сейфуллиннің «Қызыл Сұңқарлар», Ғ. Мүсреповтің «Аманкелді» сияқты эпикалық драмаларының тууына себеп болды. Сөйтіп халықтық эпос революциялық эпосқа ұласты.
Қазақ эпостарының бүгінгі сахнаға үйлесіп кетуінің ең бір мықты себебі оның өміршеңдігінде жатса керек. Шынында да қазақ эпостары халық үшін еш уақытта тек тарихтық қана маңызы бар ескі мұраға айналып көрген емес. Бұрын баспаға түспегендігі себепті әр дәуірдің жыршылары өз заманының рухын сіңіріп отырған ол жырлар қашанда халықтың күнделікті тұтынуындағы әдеби құралы болды. Сол жырлар арқылы заманның әлеуметтік, көкейтесті мәселелері көтеріліп отырды. Әсіресе ғасырлар бойы қазақ қоғамына дерт болған махаббат еркіндігі, ар-намыс азаттығы көп жырларға өзек болды. Сонымен бірге елін сүйгіш патриоттың сезім, адалдық, ерлік, достық тәрізді адамгершілік биік қасиеттер арқау болған қазақ эпостары — бұқара халыққа рухани, эстетикалық жағынан да жақын еді. Халықтың қабылдауына шығарманың эстетикалық үндестігі әлеуметтік маңызынан бір елі кем себеп болмайды. Әр шығарма ең алдымен халықтың эстетикалық талғамына — яғни көркемдік, сұлулық туралы түсінігіне, дүние сезінуі мен әсерленуіне, адам сезімі және адамгершілік жалпы ұғымына — сәйкес келу керек. Онсыз еш шығарманың құны жоқ. (Абзалы, біз көп жылдар жалаң социологизмге бой ұрып — эстетикалық критерийді, жалпы көркемдік сауатымызды төмендетіп алдық). Ал, қазақтың көптеген батырлық эпостары мен лирикоэпостары ең алдымен осындай эстетикалық талапқа сай келетін шығармалар еді. Бұлардың екінші ғұмыры — сахналық ғұмырының ұзақ болуына басты бір себеп қой деймін.
Ал екінші себеп? Екінші себеп әрине жазушыда. Авторда. Осы әжептәуір көлемді еңбекті нақтылы шығармаларды кеңірек талдау арқылы — сол себептің сырын ашуға арнамақпыз. Мұнда сөз болатын қазақтың эпикалық драмасын жасауда аса зор еңбек еткен ірі драматургтеріміздің бірі Ғабит Мүсрепов шығармалары. Бірақ Мүсрепов шығармаларын талдар алдында — сонау көш басына көз салып қазақ эпосының сахнаға қалай келгенін және не әкелгенін қысқа ғана шолып өтелік. Бұл орайда ертеректе туған біраз шығармаларға жағалай тоқталудың қажеті болмас — осы жанрдың төл басы, және осы проблеманы реалистік әдебиет тұрғысынан шешудің тамаша үлгісін жасаған «Еңлік — Кебек» трагедиясының негізгі әлеуметтік, көркемдік тенденцияларын атап өтсек те жетер.
«Еңлік — Кебек» жыры бүкіл шығыс әдебиетіне тән екі ғашықтың трагедиялы махаббатына арналған. Екінші жағынан бұл шығарма қазақтың «ежеқабыл» салтынан туған өзінің төл трагедиясы. Бұл тақырып бізде аса көп жырланды. Әуезовтің тұтас аға қаламдастары Майлин мен Торайғыровтың «Шұғаның белгісі» мен «Қамар сұлуы» осы тақырыпқа арналған. Әрине, қосыла алмай қалған екі жастың махаббат трагедиясы қашанда ұтымды тақырып. Біз жоғарыда атап кеткен («Таһир — Зуһра», «Фархад — Шырын» т. б.) бауырлас елдердің шығармалары негізінен сол махаббат желісін арқау етіп те ұзақ жасады. Бірақ Әуезов шеңберін көп кеңітіп, шығарманың арқалаған әлеуметтік жүгінің салмағын мықтап арттырады.
Трагедияның прологіндегі Абыздың сарыны — бұл шығарманың арқалайтын азаматтың салмағының ауыр екенін бірден аңғартады. Осы күңіреніс халық басындағы трагедиялық хәлді ашып береді. «Барар жерің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ... Бәріңнің де нәрің жоқ, халқым қайтіп күн көрер...» деген публицистикалық тебіреніс енді болайын деп тұрған екі жастың басындағы трагедия емес — бүкіл халық басына түскен қасіретті толғайды. Сөйтіп автор пьесаның басында-ақ аса үлкен мәлімет береді.
Автор осы уәдесін жерде қалдырмай мықтап орындайды. Ол тар тақырыпты кеңітіп тереңдете түседі. Ең алдымен шығарманың өзекті желісі, драманың арқауы — екі жастың арасындағы махаббаттың өзін шығыс дастандарына тән бірыңғай шексіз ынтызарлықтан өзгеше, басқаша трактовка жасайды. Мұнда ең алдымен Кебек те, Еңлік те елдің келешегі, ертеңгі күнінің жақсылық нышаны — жарқын перзенттері боп бейнеленеді. Кебек ең алдымен халық батыры, елін сыртқы жаудан қорғар намыскер ұлы. Я, ол бір ғана құштарлық махаббаттың құлы емес. Екі жастың арасындағы махаббат та тек қана ынтызарлықпен шектелмей жақсылыққа, жарыққа деген талпынысқа ұласады. Сондықтан да осы екі жастың арасын жазушы халықтық драмаға арқау етеді.
Қазақ өміріндегі дәстүрлі жесір дауынан барып тұтас әр қоғамның, тарихи қыспақта тұрған елдің өмірін түгел тебіренткен драма басталады. Сыртқы жау шығармаға тікелей араласпаса да оның алыстан жеткен тепкіні, сырттан ескен ызғары сезіліп тұрады. Ол кез қазақ елінің атақты «Ақтабан шұбырындыдан» жаңа ғана ес жиып келе жатқан кезі. Сыртқы жау мықты да, қауіпті болатын. Бейне бір қатты аурудай айықпай жатып қара суықтың өтіне шығып ойнап кеткен бала сияқты — кешегі ұлы қырғыннан қаны тиылып болмаған ел іші қайта бүліне бастаған. Тарихи ұлы трагедия елге, елге емес-ау ел басқарушыларға сабақ болмаған. Ел тағдыры тұңғиыққа тірелгенде көреген дана басшысының болмауы қазақ тарихының ең бір қасіретті аспектісі. Бұл трагедияда да, «ел басы» аталғандар ел қамын ойлаудан аулақ. Олар өздерінің тарихи миссиясынан төмен. Не бір тіл майын тамызған шешен сөздері, тапқыр таланттары, әккі, алғыр ақылдары ұсаққа жұмсалып, болмашыға қор боп жатыр. Жазушы қазақ феодалдарының не бір тамаша бейнелерін жасайды. Әріден топшылайтын, іші жұмсақ, залым Кеңгірбай, түлкідей бұлаң құйрық, сипалап отырып бауыздап тастайтын, айлалы әккі қу Көбей, айтысқанын жеңбей қоймайтын, тілі мірдің оғындай, шешендігіне қатыгездігі сай, без бүйрек Еспембет, көңілінде әділет болғанмен, қолында дәрмен жоқ, жақсылықтың сөніп баратқан бір шырағы Қараменде ақсақал және бар.
Екі жас бастаған дүрбелең арқылы, бүкіл патриархалды-рулық қоғам қозғалысқа кіріп, оның ішіндегі әртүрлі күштер бой көрсетіп — біраз сырларын ашады. Ғашықтар арасындағы таза махаббат трагедиясы болуға тиісті нәрсе сырттан қатер төнгенде іштен өзін өзі кеміріп жеп жатқан ел трагедиясына ұласады.
Жыр табиғаты бойынша романтикалық кілтпен ашылуға тиісті туындыны драматург реалистік кең арнаға алып шыққан. Романтикалық әсем көріністердің орнына кәдімгі қаны сорғалаған реалистік өмір құбылыстарын берген. Ел өмірінің көріністері, билер мен ру басылардың бейнелері мен іс-әрекеттері ғана емес, екі жастың ғашықтық линиясының өзі осы шыншылдық тұрғыдан суреттелген. Тек ел аруағы Абыз бейнесінде ғана романтикалық мұнар бар сияқты. Бірақ осы бүгінгі нағыз реалистік, психологиялық драмаларға топ-тобымен кіре бастаған хор бастаушы, жаршы т. б. атпен автордың пиғылын ашуға септігін тигізіп жүрген шартты бейнелерді көргенде — солардың бәрінің арғы атасы Абыз ба деп қаласың. (Әрине пьесаға хорды енгізу көне тарихтан бар тәсіл, бірақ Мұхаң бұ жағынан осы күнгі драматургтердің алдын орап кеткен.)
Сонымен Әуезов романтикалық эпосты реалистік кең арнаға алып шыққан. Эпостың сахналық вариантын жасамай, халық өмірін, тарихи шындықты терең де кең қамтыған эпикалық драма жасаған. Ондаған өзге пьесаларын айтпағанның өзінде. Мұхаң осы тырнақ, алды туындысымен бүгінгі эпикалық драматургиямыздың, әзірге ешкім ашпаған, тамаша үлгісін жасап берді.
Сөз жоқ, бұл тамаша үлгі қазақтың сәби драматургиясында осы ірі, кең тынысты, әлуетті жанрдың тез өркендеп, елеулі биікке көтерілуіне мықтап әсер етті.
Әуезовпен тұтас және оған ілесе осы жанрда бірнеше қалам иелері қызмет етті. Солардың ішінде ірі табысқа жетіп, мәрелі биікке көтерілгені Ғабит Мүсрепов.
Әрине Мүсреповтің эпикалық драматургиядағы почеркі Әуезовтен бөлек. Бұл тек стиль дербестігі емес, талант табиғатының да өзгешелігі болса керек. Ғабит Мұхаң сияқты құлашты кеңге жаймай, бір бағытты алып негізінен соны үңгиді. Ол аумақты халықтық драмаға бой ұрмай бір проблемаға ден қойып — махаббат трагедиясын, не өнер адамының қиын тағдырын шығармасына өзек етіп алады. Кейін революциялық эпосқа ауысқанда автор осы стилінен шығып кетті.
Оның қаншалықты сәтті болғанын кейінірек сөз етеміз. Қазір әңгімені Ғабиттің драматургияға келген жолының басынан бастайық.
Жазушылық жолын прозадан бастап, әңгіме жазуды едәуір меңгеріп, шеберлікке жеткен Ғабит отызыншы жылдардың орта кезінде драматургия жанрына келді. Оның осы жолдағы алғашқы сәтті еңбегі «Қыз Жібек» музыкалы драмасы. (Кейін ол опера либреттосына айналды). «Қыз-Жібек» музыкалы драмасы — қазақ халқының аса бір қадірлі мұрасы, көркем тілді ғашықтық жырының желісімен жазылған. Жазушы пьесада белгілі жыр желісінен шығып кетпегенмен дастанның Жүсіпбек Шайхисламов вариантындағы әмеңгерлік сарынды алып тастап, махаббат бостандығы, гуманистік жағын тереңдете түсті. «Қыз Жібек» музыкалы драмасынан кейін Ғабит Мүсрепов драматургияның эпикалық жанрына мықтап бет бұрып, бұл жанрды еркін игеріп, шеберлігін жетілдіре түседі. Халық тарихында елдің рухани өмірінде елеулі із қалдырған үлкен келелі тақырыптарға барады. 1936 жылы драматург қазақ тарихындағы зор орны бар — 1916 жыл көтерілісі, азамат соғысы дәуірінен — халық батыры Аманкелді туралы пьеса жазады. Бірақ жазушы бұл үлкен эпикалық тақырыпты бірден меңгеріп әкете алмады. Пьесада көтерілістің жоталы оқиғалары драмалық тартыс арқылы жете көрсетілмеді де оның тарихи мәні жеткілікті түрде ашылмады. Басты кейіпкер Аманкелдінің халық басшысы боларлық бейнесі, саяси өсу жолдары — яғни стихиялық көтерілісті бастаудан ленинизм идеясы үшін, Совет өкіметі үшін саналы күрескер дәрежесіне дейін көтерілуі — көркем образ арқылы шешілмеді. Пьеса тарихи оқиғаны көркемдік жинақтауға жете алмай — болған оқиғалар тізбегіне айналып кетті. Жазушы бұл аса құрметті, аса қиын тақырыпқа он төрт жыл өткеннен кейін, проза, драматургия жанрында көп ізденіп, күрделі жол кешіп, елеулі табыстарға жетіп, есейген шағында қайтып оралды.
Ғабит Мүсрепов 1939 жылы «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясын, 1941 жылы «Ақан сері — Ақтоқты» драмасын жазды. Біріншісі — халық әдебиетінің негізіне — белгілі «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» ғашықтық жырының желісіне, екіншісі, тарихи тақырыпқа негізделіп жазылған бұл пьесалар, әсіресе «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясы қазақ совет драматургиясының елеулі кезеңіне айналды; оның эпикалық жанрды меңгерген шеберлігін, ер жеткен жаңа өрісін танытты. Сонымен бірге жас сахналық өнеріміздің де жаңа белеске көтерілуіне аз пайда тигізген жоқ. Бұл екі пьеса романтизм әдісімен жазылған. Ғабит осылардан кейін реалистік пьеса жазуға талпынады. Ол Ұлы Отан соғысы жылдары «Полковник Чудов» атты пьеса жазады. Ең алдымен соғыс өмірін жете білмеуі, автордың әлі де драматургияда социалистік реализм әдісін меңгере алмағандығы ол шығармаға кеп кеселін тигізді. «Полковник Чудов» пьесасы тұрақтай алмады.
Ғабит Мүсрепов үздіксіз іздену, өсу жолындағы жазушы. Оның тек көркемдік шеберлікке жетілуі ғана емес, сонымен бірге бірте-бірте шығармада алған оқиғаларының масштабы кеңейіп, тарихи қоғамдық мәні тереңдей түскенін прозалық шығармаларымен қатар, пьесаларынан да анық көруге болады.
Жоғарыда айтып өттік, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясына негіз болған, қазақ арасында және кейбір көршілес халықтар арасына кең тараған ғашықтық жыры. Бұл дастанның бірнеше варианты бар. Әрине, әр варианты әр заманның, қоғамдық әр түрлі көзқарастардың елегінен өткен. Әр вариантқа жапсырылған әр түрлі жамаулар да аз емес. Бірақ халық арасына кең тараған үлгілерінде бұл дастан — биік махаббатты, адал достықты жыр етеді. Кіршіксіз таза екі жастың мақсаттарына жете алмай арманда кеткендерін паш етеді. Жақсылыққа, адамгершілікке қас, содыр, меңіреу күш иелері Қарабай, Қодарларды барынша әшкерелейді.
Ғабит пьесада жыр желісін бастан-аяқ арқау етпейді, тек негізгі оқиғаларды ғана алады да оны өзінше шешеді. Дастанның жақсы үлгілерінің идеялық арқауы, халықтық демократиялық негізі — трагедияда сақталып, дамып өрістей түседі. Автор бұл мақсатқа екі жолмен барады — біріншіден: дастанда бар образдардың қоғамдық-таптық бетін айқындай түседі, характерлерін тереңдетеді, драмалық тартыстар арқылы — зұлымдық пен адамгершілік арасындағы күресті жаңа сатыға көтереді; екіншіден: жаңадан тың образдар енгізу арқылы (Жантық, Жарқын) оқиғаның шеңберін кеңейтіп, тартысты тереңдетеді.
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» шынайы адамгершілік, биік махаббат трагедиясы. Алдыңғы қатарлы әдебиет үлгісінде махаббат қоғамдық өмір құбылыстарынан, адамның адамгершілік қасиеттерінен бөліп алынып жеке-дара суреттелген емес. Автор «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесасында да заманындағы қоғамдық өмірден аулақ, таза махаббатты суреттемейді. Ол ең алдымен екі жастың ыстық махаббаты арқылы халық өкілдерінің кіршіксіз таза жанын, адамгершілік, ерлік, ізгілік қасиеттерін ашады. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу өз заманының алдыңғы қатарлы жастары.
Автор екінші жағынан феодалдық үстем таптың өкілдерін әшкерелейді. Қарабай, Жантық, Қодар образдары арқылы феодалдық заманның ұзақ уақыт қалыптасқан патриархалдық қатал заңдарының әдет-салттарының философиясының сырын ашып, жарқын тіршілікке, өмірге қарсы зұлымдығын әйгілейді.
Бұл трагедияда әрине, тап тартысы, тіпті шиеленіскен тап қайшылығы жоқ. Автор қайткен күнде де кейбір бірбеткей, сыңаржақ социологтардың орынсыз талабына бейімдеуді ойламаған. Трагедиядағы негізгі тартыс — адамның бас бостандығы, махаббат еркіншілігі. Автор осы тартыстың төңірегінде — бай таптың өкілдерінің алдыңғы қатарлы еркіндік сүйгіш жастарға қарсы күресі арқылы — феодализмнің таптық сырын ашады. Яғни Қарабайдың жеке меншікшіл, тойымсыз озбырлығы, Жантықтың пайдақұмар айлакерлігі, еш қылмыстан тартынбайтын арамдығы, Қодардың феодалдық этика, салт-сана бойына сіңірген жалған намыскерлігі, ұр да жық ожарлығы, озбырлығы бірін-бірі толықтырып тұтас бір таптың — феодалдық таптың бейнесін береді. Міне, бұл жағдай пьесаны тек екі жас арасындағы махаббатын көрсетуден гөрі әрірекке, тереңге апарады — сол заманның қоғамдық, бейнесін, әлеуметтік көзқарасын, психологиялық, суретін танытарлық тарихи ескерткіш дәрежесіне көтереді. Екіншіден, трагедиядағы адам характерлері, өмірдегі зұлымдық пен күрес, жалынды гуманистік идея шебер жазылған бұл шығарманы бүгінгі заманымыздың кәдесіне жаратып, көркемдік құралына айналдырады.
Жоғарыда айттық, пьеса негізінен дастанның желісіне құрылған. Бірақ автор бастан-аяқ дастанның ізіне түсіп кетпеген. Ол халық шығармасының идеялық арқауын, негізгі басты оқиғаларын сақтай отырып, өз тарапынан жаңа кейіпкерлер енгізіп, біраз оқиғаларды өзінше тыңнан құрған. Ал, дастанның әр түрлі вариантында кездесетін көп эпизодтарды тастап кеткен. Мысалы, Қодардың Қарабай аулын шабуы, Баянның жауға аттануы, содан кейін Қозының Баянның намысын жоқтауы дастанның халық арасына тараған варианттарында жоқ. Әрине, бұл өзгерістер пьесаның арқауын бұзарлық төтеннен жапсырылған жамау емес, сол заман шындығында болатын, дәуірге тән оқиғалар. Ол пьесаның драмалық жағын күшейтіп, жарастықты қабысып тұр. Ал, автор дастанның халық аузындағы көп варианттарында кездесетін Қозы Көрпештің Баян аулына қойшы болып жасырынып келуі, Шоқтерек түбіндегі эпизодтар, Қозының қайта тірілуі сияқты оқиғаларды қалдырып кеткен. Кейбір оқиғалардың мерзімін, уақытын өзгерткен, орнын алмастырған. Ал дастанның пьесаға айналуындағы өзгешеліктер заман шындығынан шығып кетпей, дәуірдің рухын толық сақтаған. Бұл жөнінде тек Қодар образына аз ғана дау айтуға болады.
Ғабит «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясында ысылған шебер драматург екенін танытты. Бұл пьесадағы драмалық тартысты құру әдісі автордың өзге пьесаларынан бөлек. Мұнда болашақ тартыстардың басы бірден ашылады да одан әрі сол тартыстың өсу-өрбуі шиеленісе кетеді.
Сахна ашылғанда-ақ Қарабайдың қаталдығы, сараңдығы бірден танылады. Оның Баянды сүйген адамына бермейтіндігі де аңғарылып қалады. Іске Жантық араласып, Баян тағдырын қиындата түседі. «Сен-ақ таба аласың оны!.. Іздеші, құтқаршы мені Баян деген бәледен! Құтқаршы аты өшкір құрғырдан!» — дейді Қарабай Жантыққа. Оған Жантық «Аянбайын, Қареке... қарастырайын» деп бар әзірлігін білдіреді. Осы арада Қозының шешесі Мақпал мен Баянның шешесі Күнікей келін Қарабайдың ертеде берген уәдесін еске салады. Қарабай ол уәдесінен үзілді-кесілді безгенін танытады. Осылай Баянның бас бостандығына қарсы бір топтың, берік күштің шаңы көрінеді.
Осы бірінші картинада Баян бостандығына қарсы тағы да бір күшті озбыр топ бой көрсетеді. Бұл Баянды сырттан меншіктеніп өзара таласқа түскен Қодар, Айдар, Таңқы. Баянды дегеніне көндіре алмаған Қодар Қарабайдың аулын шауып кетеді. Мінеки бірінші картинаның өзінде бір Баянға қарсы аянбай алысатын екі топтың бет алысы анық байқалды. Енді бұларға қарсы шығатын кейіпкерлер де айқындала түседі. Осы бірінші картинада Баян Жарқын ақыннан ғашығы Қозының жайын есітеді. Баянның оған қосылмай тынбайтын ыстық ынтықтығын, күреске қажырлылығын осы арада-ақ байқап қаламыз.
Екінші картинаның басында автор Қозымен таныстырады. Оның да Баянға шын ғашықтығы, Баянға қосылмай тынбайтын бекемдігі белгілі болады. Осылай пьесаның алғашқы кезінде-ақ тартыс бағыты анық белгіленіп, ондағы тартысушы күштер сараланып шығады. оқиға бірден шиеленісіп, шешімін ынтықтыра күттіреді.
Одан әрі автор оқиғаны өрістетіп алып кетеді. Қозы Көрпеш пен Баянға қарсы күштер тартыс үстінде табылып, енді тізе қосып қимылдайды. Басты кейіпкерлер Қозы мен Баян бірте-бірте қарсы жауларын жеңе бастайды. Бірақ осы күрес үстінде ең негізгі мықты жаудың Жантық екені айқындалады. Әрі-беріден соң Қодар мен Қарабай да кейінде қалып, түп қазық осы Жантық болады. Қозы Көрпеш өз қайратымен Қодарды жеңіп, тізе бүктіреді. Ал, Қодардың негізінен ұстанғаны дөкір қара күш. Сол күшінің нашар екенін сезген Қодар, Қозыға жол бергендей болады. Әрі-беріден соң Қарабай да тартыстан шығып қалады. Қарабайға ең күшті құрал болатын нәрсе феодалдық салт-сананың негізі — оның аталық правосы. Бірақ ол заңды Қарабай пайдалана алмайды. Өйткені басында Баянды Қозы Көрпешке атастырған өзі. Екіншіден, алдау мақсатымен екі жасты қосуға тағы да көп алдында уағда жасайды. Осылайша Қарабайдың ең мықты шоқпары қолынан түсіп қалады. Ашық күрескен, екі дұшпанын жеңген жастар мақсатына жетер жерде тасадан қимылдаған негізгі дұшпаны Жантық әрекетінен трагедиялық қазаға ұшырайды.
Қозы мен Баянға қарсы күрес екі желімен жүреді. Оның көзге түсер сыртқы көрінісі Қодар, Қарабай әрекеттері. Тартыстың екінші желісі — тереңде жатқан астыртын ағысы — Жантық әрекеттері. Сондықтан да бас бостандығы, махаббат азаттығы үшін күрес патриархалдық-феодалдық салт-сана, әдет-ғұрпына қайшы келіп қоймай бүкіл қоғамдық, әлеуметтік идеологиямен де қайшылыққа келеді. Жазушы драмалық коллизияны жалаң құрмай астарлап тереңдету арқылы пьесаның әлеуметтік, қоғамдық маңызын кеңіте түскен. Бірақ мұнда негізгі тақырыптан шығып, орынсыз әсірелеуге бармай, негізгі тартыстың желісімен қабыстырып суреттеген.
Әйгілі «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» дастаны арқылы Баян образы халыққа көптен белгілі. Бұл көп арасында қазақ қызының аса бір аяулы, сүйікті образы болып қалыптасты. Халық ұғымында Баян сұлу шын берілген кіршіксіз таза махаббаттың символы, шынайы ғашықтықтың үлгісі. Жазушы жыр арқылы халық арасында белгілі болған Баян образының негізгі қасиетін толық сақтаған. Пьесада да Баян Қозы Көрпешке шексіз берілген, адал жар. Трагедияның бірінші картинасынан-ақ Баянның Қозыға шын ғашық екені белгілі болады. Оны біз ең алдымен Күнікей мен Мақпалдан естиміз. «Бірінің тірі екенін бірі ести қалса кім айырады оларды...» — дейді Күнікей. Жарқыннан Қозының хабарын естіген Баян да ғашығына ынтыға құмартады. «Ендігі өмірім осыны тыңдаумен өтсін — қайта салшы әніңді» ,— деп ынтығады.
Баян махаббаты жас қыздың жай құмартуы емес, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырындағы «ежеқабылдың» салқынынан туған Қозы мен Баянның бір-бірін көрмей жатып құмартуы, жесір іздеуі сияқты нәрселерді жазушы түгел сыпырып тастағанмен, алдыңғы планға жасанды намыс қуу емес, жастардың бір-бірін біліп, көрісіп сүйісуін, яғни шындық махаббатты шығарады. Баянның Қозыға шын ғашық болуы оны көріп, танығаннан кейін басталады. Рас Баян да, Қозы да басында бір-біріне сырттан ғашық болып жүреді, бірақ жолығып, танысқан кезде қиялдағы ғашықтықтары үшін емес, бір-бірінің қасиеттерін біліп, жанымен ұғысып барып сүйіседі.
Баян халықтың көп жақсылығын бойына сіңірген қыз, оның Қозыға деген махаббаты бірыңғай құмарлық емес, жақсылыққа, жарыққа ұмтылуы. Баян үшін Қозы тек әсем жігіт емес, әділет сүйгіш таза жанды, ер жүрек ел азаматы, панасыздардың қорғанышы. «Қияндағы қыранды көрдім. Ұрса құлашы, сыбанса білегі, ашылса жүрегі, түйсе жұдырығы — бәрі көз тойдырады, бәрі қызығуға жаралған. Аямапты бергенде! Қияда көрсең, қыран дерсің; қалыңда көрсең, жолбарыс дерсің; асқар көрсең, биігі дерсің — жібек жал арғымақ, Қозы Көрпешті тауып қайттым! Ай астында, жер бетінде теңі болса, Баянды алданыпты дерсің! Жауды сол қуып, сол алып келе жатыр!» — дейді Баян. Баян махаббатты ел ішіндегі осындай ең асылға арналған биік махаббат. Баян өмірді сүйеді, өмірдегі бар жақсылықты сүйеді. Адалдық пен жақсылыққа, сұлулыққа оның жаны ашық. Ол өлер кезінде: «Қасымда сен болсаң, мен бе едім жарық дүниені қиятын жан! Бар дүниені құшағыма алғандай емес пе ем! Әр жапырақты аймалап, әр бұтаға бір ән салып берер ем» — деп өзі өскен тар замандағы бар жақсылыққа қимастық білдіреді. Ол өмірдің осы жақсылығы үшін аянбай алыса да білген батыр қыз.
Жазушы Баян махаббатының мағынасын тереңдетіп, оның жарқын жан бейнесін нәрлендіре түсумен бірге оған басқа да қасиеттер беріп, образды типтік жағдайға көтереді.
Трагедияда Баян өз намысын қорғай алатын, ер жүрек батыр, өз мақсаты үшін тайсалмай алысатын қажырлы күрескер болып көрінеді. Ол ауылын шауып кеткен Қодарға қарсы тайсалмай қол бастап аттанады. Кейін Қарабай Қозыны адастырып көшіп кеткенде де, Қодармен жекпе-жек алысады, өзінің қажымас қайратын танытады. «Жалғыз қаз жайылымға шықсаң құтылмассың дегенің бе бұл, ілген жерде күлерсің!.. Бұл мінезің тас боп қатар ішіме, қанжарымды сол тасқа қайрармын! Ал ат басын тежеме! Енді менімен алысып көр!.. Сұм тағдырым сен болсаң — сен де сына қыз күшін!» — дейді Баян Қодарға. Қажырлы, қайратты Баян егескен жауын жеңіп шығады. Ақыр аяғында бұған қарсы ашық алысуға Қарабайдың да, Қодардың да амалы қалмайды. Жер болып жеңілген жау қасиетсіз айла жасап қапысын аңдиды. Қозы қазасынан кейін Баян дұшпандарына берілмей өзін ажалға қияды. Өлімінің өзімен жауларын жер етеді.
Баянның шексіз ерлік сипаты дастанда көрсетілмейді, ал пьесада бар, бұл сол өмірдегі шындық, сол замандағы қазақ қыздарына тән нәрсе. Талай жырларда, аңыздарда жау жүрек батыр, қайыспас қажырлы халық қыздарының образдары жасалған. Жазушы сол қасиеттерді жинақтап сыйымды етіп Баян бойына берген.
Баян ақылды, ойлы, алғыр, тапқыр жас. Сөзге жүйрік, шешен де. Сыртынан иемденіп таласып келген Қодар, Айдар, Таңқы сияқты содырларға ол әрі сыпайы, әрі мағыналы жауап қайырады. Өзінің шешендігімен, ақылымен тізе бүктіреді. Алғашқы кездескенде тапқыр сөзбен аңғырт жас батыр Қозыны да жақсы сақтандырады. Қодармен ұзақ алысқанда да дұшпанын ақылымен, өткір сөзімен мұқатып отырады. Қодардың дөкір қара күшін ауыздықтап ұстап, Қозы келгенше тежейтін де осы Баянның ақылы мен тапқырлығы. Қодар Қозымен алысып жеңілгеннен кейін Баян оны достыққа шақырады. «Баянның дәмелендірген уақыты, айтып айныған, аярсыған жері бар ма еді, сірә?.. Жоқ шығар!.. Енді қалай өкпелей аласыз? Ашуға еріп қастасудың не лайығы бар?.. Қалған көңіл болса, қалауын достық тапсын да!» — дейді Баян Қодарға. Баян осы сөзімен Қодардың түскен жолының әділетсіздігін дәлелдеп, қарсы дау айтуға, үміткер болуға ешбір лажын қалдырмайды, сонымен бірге жеңілген жауды табаламай, бойынан үлкен адамгершілік қасиет тауып, оған рухани жәрдем етіп, жөн сілтейді. Бұл да Баян бойына өмір шындығынан жинақталған қасиет. Ерте заманда халықтың Қарашаш сияқты ақылды, шешен, тапқыр қыздары да болды. Автор бұл қасиетті де Баян бойына жарасымды сыйғызған.
Сонымен Баян образы қазақ қызының бойындағы толып жатқан жақсы қасиеттерді толық сыйғызған, нәзік лирикалық сипаттармен бірге, этикалық кеңдікке көтерілген толыққанды образ.
Қозы Көрпеш — Баян сияқты халықтың жақсы қасиеттерін, адамгершілік асқақ ойларын бойына сіңірген жас. Қозы үлкен адамгершілігі бар адал, ер жүрек батыр. Ол биік махаббатты алдына мақсат етіп қояды да, сол мақсатына жету үшін аянбай күреседі. Қозы елден жалғыз, тауда аң аулап күнелтеді. Бірақ өміріне ене бастаған жоқшылық пен жалғыздық бойындағы қайраты жаңа ояна бастаған жас батырды қажытпаған. Ол әлі де аңғал, өмірдегі жақсылыққа сенеді. Жас жігіттің жаны әділет сүйгіш. Қодардың зорлық жасағанын біліп, зәбір көрген, озбырлық тепкісіне түскен қыздың намысын қуып, жоғын жоқтап, шынайы адамгершілік қасиетін танытады. Қайырымсыз қатал Қарабайға да Баян үшін, махаббаты үшін барын аянбай ұсынады. «Тұрсаң төсегің, жатсаң жастығың болармын, ата, еліңді қорғар білегім бар! Жолбарыстай жүрегім бар! Бәрін салдым алдыңа. Жау көрінсе алдыңда ұста, аяз қысса арқаңа! Тереңге мені сал, биікке мені жұмса!». Осылай жомарт, ер жігіт сенген адамыңа қалтқысыз беріледі. Бірақ оның жаны әділетсіздікке төзбейді. «Намыс таласы, жігіт таласы дегенді аузыңа да алма! Ол біткелі әлдеқашан!» — деп Қодардың ездігін бетіне басады. Ол алысса ашық алысатын, қалтқысы жоқ адал жан.
Қозы махаббатты биік ту қылып ұстайды. Оған махаббатсыз өмір жоқ. Махаббатты дәріптеуде, ғашықтыққа шексіз берілуде ол шығыс жырларындағы Фархат, Мәжнүндерге жақын. Баян образына қарағанда Қозы Көрпеш образы шындық, өмірден алыстау тұр. Пьесаның басындағы өмірден тәжірибесі аз, дүние сырына, адам сырына ой жүгірте қоймаған, ғашықтықтан басқа алаңы жоқ аңғал жас жігіт пьесаның аяғында да сол қалпынан көп өзгере қоймайды. Өмірден көпті көріп, көпті түйген, жоқшылық, жалғыздық зардабын тартқан шешесі Мақпал пьесаның бас жағында ақ көңіл баласына кейбір сырларды аңғартады.
«М а қ п а л. Қайдан білейін, құлыным! Намысын қайтарып бара ма, әлде біреудің намысына сари кетіп бара ма?
Қ о з ы. Айтпады ма өзі. Алдады, ар-намысымды аяққа басты, қорлады демеді ме?
М а қ п а л. Күштінің намысы қашан да шетін тұратын еді. Намысым дегені зорлығы, қорлады дегені қорлағаны, еңкейдім дегені еңкеймедің дегені болмасын кім біледі.
Қ о з ы. Қап, ашып сұрамаған екем.
М а қ п а л. Өкінбей-ақ қой, балам... Күші асқанның барлығы жөн, барлығы дұрыс... Әділдік күште кеткен заман емес пе... Ағынан жарылады деймісің...»
Басында Қодардың сөзіне сеніп оның батырлығына, ерлігіне, намыскерлігіне сүйсінген Қозыға Мақпал «намыс, ерлік» деген ұғымның сол замандағы сырын осылай ашып береді. Бірақ Қозы одан әрі өмір сырына, өмір астарына терең бойлай қоймайды.
Қозының бойындағы жақсы қасиеттерді аңғартып, оның образын тартымды, сүйкімді етіп суреттегенмен, жазушы бұл образды жан-жақты кеңітіп тереңдетіп алып кетпеген. Тек қана бір мақсаттың, бір импульстің, ғашықтықтың төңірегінде шығарған.
Қарабай тойымсыз обырлықтың, асқан сараңдықтың символы. Жазушы қанаушы таптың пайдақұмар, малқұмарлығын шегіне жеткізе суреттеп ащы сатирамен әшкерелейді. Жеке меншікшілдіктің, обырлықтың, тойымсыздықтың адам табиғатына қастығын әшкерелейді. Ол Қарабай образын әсірелейді. Қарабай мақсатының болымсыздығын сықақ етеді. Қарабайдың барлық мақсаты түгелімен мал жинауға бағышталған. Бірақ сол жиған малдың ол рахатын көрмейді, азабын шегеді. Ал, оны кім үшін, не үшін жинағанын өзі білмейді және білгісі де келмейді. Жалғыз ұрпағы Баян болса, «малыма кесірі тиеді» деп оның өзінен құтылғанша асығады. Баянды сатып малын көбейте түсуге тырысады. Сөйтіп, ол баланы да мал есебіне қосады. Ал осы малды кімге қалдырам, не мақсатқа жаратам деген ой Қарабайдың басына келмейді. Малға әбден құныққан Қарабай өзге дүниеге соқыр, онда адамдық сезім жоқ, бәрі бір мақсатқа, тек сығымдап жинай беру мақсатына бағынған.
Қарабай феодалдық таптың өкілі, бірақ ол оның барлық салтын, әдет-ғұрпын қабылдай бермейді. Феодалдың санадан туған ата жолын қуу, ру басқару, заманына лайық салтанат құру, ескі дәстүрді мақтан ету сияқты сипаттар Қарабайда жоқ. Ол басынан-ақ өз басының пайдасы үшін ескі дәстүрді (ежеқабыл дәстүрін) бұзады. Бірақ, одан Қарабай феодалдық таптың өкілі емес деген қорытынды тумайды, ол феодалдық дәстүрдің өз мақсатына — тек байи беру мақсатына керек шарттарын алады. Яғни Қарабай патриархалдық-феодалдық дәстүрлердің киімін түгел кимегенмен, оның түпкі негізін берік ұстап, өзекті мақсатын — байи беру мақсатын қуады. Жазушы бұл образды осы тұрғыдан алып, типтік дәрежеге көтереді.
Дүние жүзілік әдебиетте Сараң сері, Гобсек, Гранде әкей, Плюшкин сияқты сараңдардың талай шебер күшті образдары жасалды. Кейбір әдебиетшілер Қарабай образын соларға телиді. Әрине, Қарабайда оларға ұқсастық жоқ емес, өткені бұл да шексіз сараң. Ал, жоғарыда аталған шедеврлерде де кей жағынан, (мақсатсыз сараңдығы жағынан) бір-біріне ұқсастығы бар емес пе? Солай бола тұрса да классикалық ол образдардың әрқайсысы жеке дараланған. Ал, Қарабайды олардың жалаң көшірмесі, көлеңкесі емес, қазақ топырағында туған дара образ деп білеміз. Қарабай өз ортасының тілімен сөйлейді. Оның тек киім киісі, шаруашылық негізі ғана қазақы емес, сонымен бірге ұғымы да, философиясы да көшпелі дала өміріне сай келіп отырады. Оның үстіне бұл автор қиялынан туған образ емес халық аңыздарында, халық әдебиетінде Қарынбай, Шықбермес Шығайбай сияқты үлгілері бар образ. Автор бұл жолы да заман шындығынан алып, типтік образ жасаған.
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» дастанында Қодар образы әр түрлі суреттеледі. Бірде ол басқыншы қалмақтардың өкілі, бірде Ноғайлы мырзасы, бірде құл болып көрінеді. Бірақ қандай күйде алынбасын Қодар қашан да жағымсыз кейіпкер рөлінде. Ғабит те Қодарды жағымсыз кейіпкер есебінде сақтай отырып, оны феодалдық үстем таптың өкілі ретінде суреттейді. Қодар феодалдық-патриархалдық әдет-ғұрыпты, дәстүрді, психологияны бойына мол сіңірген адам. Оның ұғымы заманындағы үстем таптың ұғымы, яғни ерлік, намыс, махаббат туралы түсінігі сол кездің, өзі шыққан қауымның түсінігін толық білдіреді. Ол өз заманының моральдық-этикалық заңын — атадан қалған жол, ескіден қалған дәстүрді толық қабылдайды да одан ар жағын — еткен әрекетінің әділетті, әділетсіздігін ойланбайды. Оның ұғымынша әдейі арнап келгеннен кейін байлығы мен батырлығы жететін Қодарға Баян қайткен күнде де тиюге тиіс. Ал, Баянның өз махаббаты болуы, өз басын өзі билеуі, сезімі бары Қодардың ойына да келмейді. Қыздың сүймеуін, жас жүректің басқаға талпынуын ол асқан қорлық, намыс көреді. Кейін Қарабай оған Баянды бермек болған соң, «әкесі айтты болды» деп бұл дәстүрді де берік ұстайды. Міне, осылай пьесаның бас кезінде Қодар өз табының, өз ортасының аумай тартқан ұлы. Жазушы одан әрі Қодар образын басқаша дамытады. Кейінірек келе Қодардың Баянға шын ғашық екенін көреміз. Ал, шын ғашық болған Қодар Баян қабылдамаған, өз бойындағы ескі әдетпен алыса да бастайды. Оның ұғымында, психологиясында да ішкі тартыс басталады. Қодар Баянға «Бикеш, байлаған тіл шешілгелі, қансыраған жүрек ақтарылғалы тұр. Бас бәйгеде, білек сында, сөз таласта тұра бермек пе осылай? Болмайтын ба бір тоқырауы?» — дейді. Бұл баяғы «қызын өзі әкеліп, аяғыма өзі кеп жығылып, жалбарынып, жалынбаса» ердің намысы қайтатын ба дейтін Қодар емес. Өзінше күш көрсетсе де таңдау беріп, Қодар Баянның сөзін тосады. Осыдан бастап Қодар өзгере береді. Енді ол «белге сал, талдыра соқ, қуаныш орнына қайғы сүй дейсің ғой... Мойынға орала ма деген жібек шашты білегіңе ора дейсің ғой...» — дейді Жантыққа. Осылайша бір Қодар екіге бөлінеді, оның бойына сіңген феодалдық, моральдық қағидалар мен адамгершілік, махаббат сезімі алысады. Осыдан кейін оның зорлықшыл озбырлығы басқа себептермен оянады Қодардың осы жаңа ғана ояна бастаған адамгершілік сезімі әлі де осал, жаңа түскен жолынан оны болмашы жағдайлар тайдырып жібере береді. Ол енді Баянның махаббатын күшпен емес, адамгершілікпен оятпақ та болады. «Алдыңа барымды алып келіп едім, ақтарайын деп едім, енді жағым қарысар». Қодар осылай бірте-бірте өзінің ескі ұғымының шырмауынан шыққандай да болады. Ол Баян, Қозы Көрпештермен шындап достасуға шейін барады. «Сені сүйген Қодар отқа түсуге де әзір еді. Сол Баян достыққа шақырып қолын ұсынса, алмасыма не шара... Сенің алдыңда мен айыпты едім, енді ауызға да алғым келмейді... Айтуға да жеркенгендеймін... Кеш, Баян! Кеше гөр». Бірақ Қодар есебінен біржола арылып кете алмайды. Көкірегінде жаңа ояна бастаған адамгершілік әлі де бойына сіңе алмайды, ана сүтімен кіріп, өн бойын еркін жайлаған феодалдық ұғым, озбырлық аз уақытқа шегінгенмен, оны уысынан шығармайды. Жантықтың түртпегімен Қодар бойындағы бар ескілік намыс туралы жалған ұғым лап етіп қайта тұтанады да оны сорақы қылмысқа ұрындырады. Осылай Қодар бойындағы ескі мен жаңаның тартысында меңдеткен ескілік жеңіп, оны құлатады. Қодар өз заманының, өз ортасының ұғымының құлы. Қозы Көрпеш — Баян сұлу арасындағы махаббат арқылы ол жарық дүние көріп, келе-келе соны танып, соған ұмтылады да, бірақ ескінің ауыр салмағы басып кетіп жете алмай құлайды. Қодар басындағы рухани моральдық трагедия осылай шешіледі.
Негізінен шебер жасалған Қодар образының міні де жоқ емес. Басында Қодар бірбеткей, қияс, ожар болып көрінгенмен, кейін көп себепсіз-ақ тым солқылдақ, босаң болып кетеді. Автордың мінездеуінше бір ұстанғанына берік Қодар кейінірек келе тым тайғақ, тұрлаусыз болып шығады. Тіпті азғантай уақыттың ішінде тез ғана қарама-қарсы қимылдар жасайды. Айтқанынан, бекінгенінен лезде ауытқып түсе береді. Жазушы мұны психологиялық моменттермен (aшy, ыза, қызғаныш, ашыну) ақтағысы келетін сияқты. Егер Қодардың соңғы қимылын оқыс оянған қызғаныш, бұрынғы өзі ұстанған намыс туғызды десек, ал соның алдындағы қанжар сілтескеннен кейін Қодардың Қозы, Баяндармен тез достасуын қандай мотивтермен дәлелдеуге болады? Жазушы бұл жерде дәуірдің психологиялық шындығын бұзып алған. Қодардың Қозыны өлтіре салып тез әп-сәтте райдан қайтуы да образдың даму логикасынан емес, көңіл күйінің бір сәтінен ғана туған нәрсе. Ал, соңғы картинадағы Қодардың өзін-өзі қарғап лағынаттауы трагедияның күшін әлсіретіп, аяғын тәттілеп, мелодрамаға қарай бой ұрып тұр. Бұл да бір жасанды жағдай.
Жантық бойына сол дәуірдегі өзін туғызған қоғамның негізгі түпкі қасиетін жиған образ. Жантық, баю мақсатында феодалдық дәстүрлерді берік ұстанбайды, сол дәстүрдің сырын ұғып, оны өз пайдасына жаратуға тырысады. Оның бойында сол заманның ең азғын аярлық қасиеттері жинақталған. Бұл образ арам қулықтың, шексіз зұлымдықтың, шімірікпес қаныпезерліктің жиынтығы. Жантық барлық күштің байлықта екенін түсінген. «Бір сұм боранда олай-былай боп кетсең, иесіз қалған малды айдап «Жантекең» болып елге қайтсам құдай кешірер, адам кешірмеске амалы да болмас». Мінеки, Жантықтың философиясы осы. Ол баю жолында ешқандай қылмыстан жеркенбейді, ешқандай моральдық заңға мойын ұсынбайды. Өзінің философиясы, психологиясы жағынан Жантықтың буржуазиялық қоғамның өкіліне жақындығы бар.
Жантық алдында тұрған адамды біліп алып, оны ылғи осал жерінен соғады. Қарабайдың асқан сараңдығын қоздыра түсіп, сақалынан іліктіріп жарға жығады. Қодардың ожарлығын, жалған намысқорлығын, қызғаншақтығын танып, оның намысын қайрап, қызғаныш отына май құяды. Қозы мен Баянның ақ көңіл адалдығын, сенгіштігін пайдаланады. Әрине, Жантық образының атақты Отелло трагедиясындағы Ягоға көптеген ұқсастықтары да бар. Бірақ жазушы Шекспирге осы тұста көбірек еліктегенмен, Жантық образын даралап, қазақ топырағына лайықты етіп жасаған.
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» қазақ драматургиясының шебер жазылған көрікті шығармасы. Пьесаның кейіпкерлері кесек, салмақты шебер қалыптанған. Әр кейіпкердің поэзиялық, психологиялық шындық арқылы берілген көркем образдары бар.
Трагедияның тілі аса құнарлы. Бірсыпыра жылтыр сөздер, әсіре қызыл теңеулер кездесіп қалғанмен, пьеса негізінен халықтың шүйгін тілінің мол байлығын бойына жақсы сіңірген. Жазушы геройларының мінез-құлқын, рухани келбетін, ой өрісін, көзқарасын шыншыл етіп беру үшін халық арасында ертеден қалыптасқан ұғымдарды, сөз өнерінің үлгілерін, бояулы, әсерлі сөздерді дұрыс саралап, орнын тауып қолданған. «Пьесада халықтық тілге поэзиялық қасиет бітіріп, күйлілік қалпында кестеленген. Бұл пьесаның ішінде жырланған сезімдер, молынан ашылған жеке-жеке мінездер барлық тартыс атаулының есігі, өрбуі, шарықтап жетіп шарт сынып аяқталуы — барлық осы сипаттар өз қалпында, өз орнында үлкен шеберлікпен қиюласқан» (М. Әуезов).
Трагедияның драматургиялық жағы — сюжет қоюлығы, алған оқиғасының саралығы, тартыстың шиеленіп, өз логикасымен өрбіп, өсіп заңды шешілуі драматургтың классиктерден сәтімен үйренгенін танытады.
«Қозы Көрпеш — Баян сұлудан» кейін жазушы 1941 жылы «Ақан сері — Ақтоқты» драмасын аяқтады. Алдыңғы пьесасы сияқты жазушы мұнда да махаббат бостандығын, бас бостандығын драманың негізгі тақырыбы етіп алады. Бірақ бұл тақырып жеке дара алынбай, оған феодалдық замандағы әнші-ақынның — творчество адамының тағдыры келіп ұласады.
«Ақан сері — Ақтоқты» драмасы Ғабит Мүсреповтің драматургия сияқты қиын жанрды жақсы меңгерген шеберлігін танытты. Пьесаның композициясы шебер, драмалық, тартысы шытырман әдемі өрбіп, жақсы шешіледі. Бұл драмада жазушы жеке дараланған толып жатқан кесек образдар жасады. «Қозы Көрпеш — Баян сұлудан» гөрі адамның ішкі дүниесіне тереңірек үңіліп, психологиялық нәзік суреттер жасап, адам характерлерін терең де нәзік даралады.
Жазушы Ақанның ішкі дүниесіне терең бойлап, оның іс-әрекетінің мотивировкасын жақсы ашады. Ақанның қараңғылыққа, әділетсіздікке қарсы наразылығы, өмірге көзқарасы ой жүйесінің дамуымен астасып оның адамдық мінез-құлқына, өжеттілігіне, сезіміне боялып өте нанымды әсерлі берілген.
«Ақан сері — Ақтоқты» драмасында негізгі тартыс бас азаттығын, ой бостандығын көксеген жаңа туып келе жатқан жас күшпен феодалдық ескі институттардың, салт дәстүрдің, озбырлықтың арасында шиеленіседі. Халықтық гуманистік идея — феодалдық-патриархалдық идеологиямен күреседі. Драмада екі қарама-қарсы күш — халықтық жақсы қасиет иелері — әр түрлі дәрежедегі гуманистік идеология үшін күрескерлер Ақан, Ақтоқты, Балта, Мәрзия, Жылкелділер күрестің бір жағында болса, екінші жағында ескінің өкілдері, озбыр күш иелері, тозып бара жатқан феодалдық идеологияның жоқтаушылары Науан хазірет, Жалмұхан төре, Сердәлі ақындар болады.
Мәрзияға қарсы жасалған қиянаттан туған Ақан мен Науан арасындағы тартыс, одан кейін Ақтоқты үшін өрбіген Ақандар жағы мен Науан, Жалмұхандар жағының тартысы бір қылмыс немесе қыз төңірегіндегі жалаң тартыс түрінде қалып қоймайды, жазушы сол дәуірдегі жиі кездесетін оқиға арқылы сол заманның қоғамдық сырын ашады, заманға енген негізгі бір жаңалықтың саласын көрсетеді. Таптық философияларды танытады.
Даладағы көшпелі елдің салтында ғасырлар бойы қалыптасқан феодалдық дәстүрлер болды. Үстем тап, ру басылары, байлар осы дәстүрді ылғи өз пайдасына икемдеп, өз керегіне жаратып келді. Кедей тапты шексіз қанаудың өте бір ыңғайлы пайдалы түрі ағайыншылық салты болатын. Осы ағайыншылық салтымен ру басылары кедей ағайындарының еңбегін ғана қанаған жоқ, сонымен бірге оның мал-мүлкіне де иелік етті, оның дауын жоқтау, сөзін сөйлеу билігін де өз қолына алды — яғни сол ағайыншылық хақымен байлар кедейлерге, материалдық қана өктемдік жүргізіп қоймай, саяси және рухани-моральдық өктемдік те жүргізіп келді. Осы жағдайдың бәрі бұқара халықты сана-сезімін оятпай қараңғылықта ұстап, шексіз езуге, оған орасан рухани озбырлық жасауға кең жағдай туғызды. «Ақан сері — Ақтоқты» драмасында осы рухани озбырлықтың тұтасқан қара бұлтының жыртылғанын байқаймыз. Бұрын өзінің бар билігін, сөз тізгінін ру басына беріп, тартыншақтамай жетегіне ере беретін кедей ағайын, енді оған көнбейді, өз бетімен әділдік іздеп, өз жолын қуып «рулық ұғымынан» безе бастайды, Жылкелді мен Балта әрекеттері осыны танытады.
Шонжар феодалдарға бұрынғы оп-оңай көрінген істердің шешуі енді қиынға айналады. Өйткені халық ояна бастаған. Құрсаудай қысып ұстаған ескі салттың шеңберінен шығу үшін бұлқынған, «Ер өлімін елемейтін заман да бар еді, қатын өлімінің мұнша пәле болғанын кім көрген», — деп мұңын шағады Науан хазірет. Бұл әлі де Науан хазіреттер танып болмаған, бірақ өзін танытпай қоймайтын жаңалық нышан. Мінеки, осындай жаңалықтар пьесада әр жерден атой беріп, өзінің болашағы үшін алысады. Драма осы бас көтерген жаңа күштің жеңілісімен, Ақтоқты қазасымен аяқталады. Қолында күші мол, озбыр топ өз дегенін істейді. Бірақ Науандар тобы шын мағынасында Ақандарды жеңе алмайды. Қаншама күш салып алысса да жыртылған ескісін бүтіндеп, жаңалық ұшқынын сөндіріп тастай алмайды. Олар көңілін бірлеп, дегеніне жетіп тынбайды, тек аласұрып оны алуға ғана шамалары келеді. Қараңғылыққа қарсы алысқан биік адамгершілік иелері жеңілсе де жұрт көкірегін оятып, ескінің шырқын бұзып, белгілі бір саладағы күрес ізін салып кетеді.
Жазушы «Ақан сері — Ақтоқты» драмасында типтік дәрежеге көтерілген толыққанды, құнарлы образдар жасады. Ең алдымен көзге түсетін: үлкен ақыл-ой иесі, жалынды өжет сұлу сезімі, үлкен жаны бар Ақан сері образы. Ақан сері күрделі шытырман образ. Ол өз заманында, өз ортасында озық білім алып, өмірдің мағынасын іздеп толғанған адам. Ол бір кезде өмір шындығын дін жолынан, құдайға құлдықтан іздейді. Бірақ діни догматтан шындық таба алмайды. Жазушы пьесаны ақынның рухани жағдайының өте бір шиеленіскен кезінен, оның дін жолының жалғандығына, әділетсіздігіне көзі жетіп, ескі бағыттан безген драмалық, дағдарыс кезінен бастайды.
Бұл өмірден мағана іздеп,
Асау ойды әр қияға бір салдым.
Жөн таба алмай құр сандалдым,
Әр аралға бір қамалдым,
Өмір теңіз, таба алмадым өткелін.
Міне, осылай өмірдің мағынасын іздеген, өз өмірінің мақсатын, өмірдегі өз орнын іздеген Ақан мешіттен жай ғана безіп шықпайды, үлкен қиянатты, қылмысты көріп соған қарсы алысуға бет бұрады. Ол өзіне «Анайы елдің алқымынан айрылмаса бұл шеңгел, арашаға жарамасаң пайдаң не» — дейді.
Осылай Ақан өз өмірінің бағытын белгілеп, өзінің күрес жолын іздейді. Енді «күлгенмен бірге күліп, жылағанмен бірге жылап» халық арасында болып, көптің көңілін оятуға, елдің жыршысы болуға ниет етеді. Бірақ Ақан образының көзге түсетін бір кемшілігі — онда декларация көп те, әрекет аздау. «Надандықтай жартасты соқ, қалсын жартас қаңсылап», — деп өзін-өзі қайраған Ақан кейін келе, осы ойына сай ірі әрекетке жете алмай қалады. Ол «Бір хазірет, бір Ақан сыярмыз осы елге, тоқтаңыз, қайтесің мені сөйлетіп ... — деп хазіреттен бітім де іздегендей болады. Әрине, егер де алдын ала Ақан көп жалынды ұрандар тастамаса, Ақанның бұл осалдығын оның мінезінің бір сипаты, ақынға тән көңілдің бір қайта серпілуі — яғни образдың бір бояуы ретінде қабылдауға болар еді. Адам мінезінде қилы-қилы жақтар болады ғой. Әр образ бірыңғай мықты не бірыңғай осал болуы шарт емес. Бірақ бір байқалатын нәрсе, Ақанның оқталуы көп те, атуы аздау. Автор геройын бірден қатайтып, ширықтырып алып, келе-келе босаңсытқан тәрізді. Алдымен Ақанның арман-мақсатын, өмірлік программасын бірінші, екінші көріністе жинақтап қоюлатып беріп алады да одан кейін Ақанның мінезін, жан сезімін, ой толқынын, ішкі дүниесін суреттеуге ойысады. Бұл жағынан келгенде жазушы терең психологиялық шындыққа көтеріледі.
Бір Ақанның бойында екі үлкен қасиет бар. Біріншіден, ол ойшыл философ адам, екіншіден, өмірдегі бар қызыққа, жақсылыққа құмартқан жаратылысы кең үлкен өнер иесі. Осы соңғы қасиет Ақан бойында әсіресе басым, Ақан мінезіне үйлес, үндес келеді. Ал Ақанның философиясы оны өмірден алыстатып, дінге қарай алып кеткен де кезі болған. Бірақ өмірге құштарлығы мол жалынды жаратылыс, жансыз, құрғақ, адам бойындағы жақсы қасиеттерді қуратып, солдыратын діни догматтарға беріліп кете алмайды. Ақан бойындағы мол дарын ақыры жарып шығып, өз арнасын табады.
Іште жатқан екі арыстан
Жеңісе алмай;
Бірін-бірі қартайтып,
Екі жуас төбеттей боп қалып ед.
Бірің өл де бірің қалсаң,
Сал сайранды еркіңше
Міне, осылай бір адамның бойына ұялаған екі негіз алысып, ақыры бірі жеңіп шығады. Ақан енді өз дарынын, өз қасиетін халқының қамы үшін жұмсаудың жолын табады.
Мен бір күлмен,
Мен бір күлсем,
Басқалардың жынданғаны
Ойыншықтай көрінер.
Әзірейіл келіп тұрса, Ақан жанын алам деп
О да кетер үрейленіп,
Ақан жаны елде қалар мәңгіге.
Көп қиналып, көп сандалған Ақан өзін-өзі осылай табады.
Ақанның Ақтоқтыға деген жалынды да нәзік сезімін драматург өте шебер суреттеген. Оның әсерленуі де, ынтығуы да өз дәуіріне тән, Ақан жаны асылды, сұлулықты сүйеді. Ақан махаббат мағынасын құмарту, елтуден анағұрлым терең ұғынады. Ол махаббатты дүниедегі бар жақсылықтың, асылдың сипаты деп біледі. «Сүю деген адам үшін ұлы дін бар тұрақты... Осы діннің пайғамбары болуға, Көкшетауға көшеді де сері Ақан». Ақанның Ақтоқтыға деген махаббаты дүниедегі ең жақсыға асылы құштарлық. «Ақтоқты бір мөлдір бұлақ, құяр жері кең дария... Бар арманым ән мен жыр, Ақтоқты әннің арқауы екен, арқауы жоқ ән болмайды». Ақан Ақтоқтыны өміріне серік, әр ісіне ортақ санайды. Сөйтіп оның Ақтоқты үшін күресі өзінің ән мен жыры, творчествосы үшін күресіне ұласады.
Драмада шебер жасалған образдың бірі Ақтоқты. Ақтоқты драма тартысындағы орнынан қарағанда Баян сұлу алуандас болғанмен, жеке дараланған образ. Драматург Баян сұлуды эпикалық ірі планда алса, Ақтоқтыны лирикалық планда алып, дәл өз заманының мінездемелерін беріп, психологиялық дәл, терең суреттермен бейнелейді. Сондықтан да бұл образ Баян сұлу образына ұқсамай өзге салада шыққан. Ақтоқты өз ортасының қызы. Ол басында бас бостандығын, махаббат бостандығын көздеп, ескі дәстүрге қарсы ашық күреске шықпайды. Науан хазірет атастырған, бірақ өзі сүймеген Жалмұханнан бірден бас тартпайды. Оның көксегені күшінің жеткен жері — өз тойына жаны ашыр жақсы адамдарды шақырып, мұң-зарын төгіп, шерін білдіріп аттану ғана. Бұл феодалдық заманда рухани озбырлыққа қарсы талай қазақ қызы жасаған әлсіз ішкі наразылық қана. Ақтоқты образы бірте-бірте жетіліп дами түседі, оның бойындағы қасиеттері де біртіндеп ашылады. Ақанмен жете таныса келіп, қиялындағы жақсы арманын көзінен көріп Ақтоқтының көңілінде өзіне жасалған озбырлыққа қарсылық сезімі оянады. Ол ескі дәстүрге қарсы бас көтергісі де келеді, бірақ әлі де ескі салттан қол үзіп кете алмайды. Бір жағынан Ақанның амандығын ойлайды. Көңілінде оянған махаббатпен бірге Ақтоқты халықтың қалаулы асылын да таниды. Өз әлінше соған жақтасып ара түседі, яғни жақсы сезім оны да күреске бастайды. Жалмұхан мен Науандар Ақанға зәбір көрсеткеннен кейін Ақтоқты ескі салттан безіп, күреске шығады. Ол енді тек қана бас бостандығын, махаббат азаттығын көздемейді, сонымен бірге жақсылық үшін, жарқын болашақ үшін де күреседі. Ақтоқтының осы қасиеттері қазақ қызының жан сезімімен, оның өзіне тән психологиялық бояуларымен қабысып, өте шебер, шындық сипатында берілген.
«Ақан сері — Ақтоқты» драмасында Балта, Мәрзия, Жылкелді, Мұрат, Балуан сияқты әр түрлі көлемді, дәрежеде жасалған халық өкілдерінің образдары бар. Осылардың ішінде әсіресе Балта мен Балуан бейнелері көз тартады. Балта қарапайым халықтың арасынан шыққан көзі қараңғы, көңілі түзу адам. Оның бойында әділет сүюші, қарапайым ерлік, шыншыл мінездер бар. Ол ескілік жолын қос қолдап ұстаған адам емес, өз ақылы, өз ойымен әділдікті, шындықты танитын, сол үшін табанды алысатын адам. Балта ру басы деп Жалмұханның жетегіне ере бермейді, әр нәрсені өзінше топшылайды, өзінің халықтық қарапайым ұғымымен шешеді.
Жалмұхан, Науан сияқты шонжарлар мен кедей халықтың мақсатының қабыспайтынын да түсінеді. Ол хазіреттің қиянатына көзі жеткеннен кейін оған қатты қарсы да шығады.
«Ата-бабам сенсіз де өліп көрген,
Алмай қайтарғаны жоқ әзір.
Қорқытқаның сол болса,
Мені-ақ алмай қайтарсың.
Мен де саған сыртымды бере құлармын
Балалар, баса беріңдер, көрейік күшін
деп. Балта хазіретке қарсы шығып, Ақанды жақтайды. Балта өзінің жалғыз емес, артында сүйеніші халық барын да жақсы біледі. Балта образы байсалды, салмақты жасалған образ. Оның бойында ақыл, сабырлы ерлік, салмақты ашу, әділеттілік сияқты халықтық қасиеттер нанымды жинақталған.
Драмада жағымсыз кейіпкерлер — үстем тап өкілдерінің көптеген нанымды образдары жасалған. Жағымсыз кейіпкерлердің ішінен Науан хазіреттің кесек тұлғасы ерекше көзге түседі. Бұл дін мен билікті қолына қатар ұстаған ерекше озбыр феодал. Науан шын мағынасындағы хазірет емес, ол тек дінді жамылған ірі бай. Дін жолын өз пайдасына жаратып кедей халықты езумен бірге оған барынша рухани өктемдік жүргізбек болған айлалы жыртқыш. Оның діннен жамылған пердесі тым селдір жұқа да ар жағынан жыртқыштың азуы, тырнағы айқын көрініп тұрады. «Қамшым қалса хазіретіңді қайтушы ем, бірі жүген, бірі ноқта бұл елге». Науанның бұл сөзі оның бар сырын ашып тұр. Науан барынша ескілікті, қараңғылықты жақтайды. Оның мақсаты «Аңқау елге — арамза молда» болу. Халық қараңғы болса ескі салт, дәстүр, феодалдық институттар мығым болса, Науанның халықты қолда ұстауы, оны шексіз қанауы жеңіл болмақ. Сондықтан да ол әрбір жаңалық нышанымен алысады. Діни догматтардың ең қараңғы анайы түрлерін берік ұстауға тырысады. Еркіндік сүйгіш, сауықшыл, жарқын жанды әйелі Мәрзияны мешітке кір келтірді деп тірілей көмуден тартынбайды. Еркін ойлы гуманист Ақанмен барынша алысады. Ескісін берік сақтау үшін жаңалықтың әрбір нышанын түп тамырымен құртпақ болады. Ескі дәстүрді бұзған Ақтоқтыны өзге жұртқа «үлгі» ету үшін хайуандық жазаға бұйырады. «Қатын қарғысынан қараңғылық орнағанын көргенім жоқ, бас таңбаңды, Жалмұхан, Қарауылдың ұл-қызына үлгі болсын, байлап жібер бір есектің мойнына», — дейді ол.
Науан дінге шорқақ болғанмен, бірбеткей, ұр да жық, аңғал жау емес, заманның қулық-сұмдығын, ақыл-айласын бойына сіңірген әрі күшті, әрі епті жау. Ол Ақанды да бірден басқа теппейді, алдымен оған кешірім жасап, өз бауырына тартқысы келеді. Ақан құнын жақсы біледі. Жел басылып, күн ашылатын. Есті емес пе едің, Ақанжан» — деп, жылы сөйлеп, бір жағынан ағайыншылығын сатып ішіне тартқысы келеді. Одан әрі «Көндікпеген асаудың қытығына неге тиесің, әкең не деді жаңа, шала-жансар дініме тиме деген жоқ па», — деп жарық дүниені көздеген Ақанның алдынан халықтың қараңғылығын тосып, Ақан мақсатының үмітсіздігін дәлелдеп, оны өз жолына бұрмақ болады. Ал, Ақанды ақылмен көндіре алмайтынына көзі жеткеннен кейін: «Үніңді шығармауға жетеді менің салмағым» — деп, оны қорқытып та көреді. Осылай барлық айла-амалын тауысқаннан кейін ол Ақанмен жан аямай алысады. Науан Мәрзияны жоқтап үлкен даудың тізгінін қолына ұстап келген Жалмұханды да өзіне қаратып алады. Ол істің асты мен үстін, іші мен сыртын біле қоятын әріден топшылайтын қу. Мәрзия дауы басталысымен-ақ жазықсыз жазаланған әйел құнын шын жоқтайтындардың кім екенін сезеді. Жалмұханның да бар болдығын, көмейін таниды. Сондықтан да түбі өзіне бейім тұрғандарды маңайына жинап, негізгі дұшпандарымен алысады. Осындай қулық-сұмдығы, ақылы мен айла әрекеті қияс ожарлығына, еш қылмыстан тартынбайтын өжеттігіне, қайсарлығына ұласып, Науан образын сол заманның бір кесек тұлғасына айналдырады. Меңіреу күш, айлакер әккілікпен, арамдық, зұлымдықпен астасып, жан шошырлық сипатқа енеді.
Жалмұқан бір кезде зор байлық пен билікке ие болып, ел басқарған төре тұқымы. Бірақ пьесада суреттелген дәуірде төрелердің дәурені өтіп, қолдан билік кетіп, дәулеті шашыраған кез. Олардың қоғамдағы орнын жаңа күш — ру басы бай, феодалдар басқан. Ендігі күш осыларда. Жалмұқан Науанға: «Менің сендей, сенің мендей күніміз кеше ғана емес пе еді. Қашан кесіп өтіп ең алдымнан» — деп, өзінің өткендегі мықтылығын ескертеді. Бірақ ол оның бүгінгісі емес, өткен күні. Енді онда Палуанмен алысар дәрмен жоқ. Жалмұқан кейін қарап тұрған, болашаққа емес, өткенге қарап тұрған адам. Өйткені оның болашағы жоқ, бар дәурені артында қалған. Сондықтан да ол тіпті зәбір көріп келгеннің өзінде, кектің ескі, әділсіз шешімін іздейді. «Қарындасымды тірідей көмгендей не айыбы бар еді. Шыңғыстың аруағын мен де шақырам, кесіміңді айт дедің ғой, мен де біріңді тірідей көмем, кіміңді қиясың соныңды айт», — дейді ол Науанға. Сөйтіп Жалмұқан әділеттік іздемейді, бір қиянаттың орнын бір қиянатпен, бір қылмыстың орнын бір қылмыспен толтырмақ болады. Міне, сондықтан да ол Науан хазіретпен табысады. Өйткені екеуінің шыққан түбі де, мақсаты да бір. Драматург Жалмұқан образын өз логикасымен дамытып, жақсы алып шыққан. Жалмұқанның сөзі де ойына, мінезіне лайық болып келіп отырады. «Қара аруақ қайда жатсың тебіренбей, шаңырағыңа қобыз ойнатып жатқан жоқ па, өз ұйқың тыныш болғанына мәзбісің». Осы диалогта Жалмұқанның бар бейнесі тұр. Жазушы Жалмұқанның сырт бейнесін, таптық мінездемесін беріп қана қоймай, оның характерін, психологиясын да шебер ашқан. Байлықпен күшті болатын адамдар өзінен дәулеті асқан адамдардың алдында жалтақ болады. Бұл мінез Жалмұқанда да бар. Ол кейін Науанмен тізе қосып алғаннан соң қайтадан күшейіп, қайратына мінеді.
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясы халық ауыз әдебиетіне құрылған, ондағы оқиғаның тарихи кезеңін, дәуірін дәл белгілеу өте қиын болғандықтан жазушы шамамен топшылап, қазақ өмірінің ертерек кезеңін алады. Патриархалдық-рулық қоғам өмірінің сипаттарын береді. Ал «Ақан сері — Ақтоқты» оқиғасы беріректе болған. Оның дәуірі, мезгілі анық. Ақан 1843 жылы туып, 1913 жылы қайтыс болған. Жазушының суреттеп отырған дәуірі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының тұсы. Әрине, бұл кездегі қазақ өмірін Қозы Көрпеш заманындағы қазақ өмірімен салыстыруға болмайды. Бұл дәуірдің саяси-әлеуметтік сипатын жазушы «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясында едәуір кең қамтығанмен заманның негізгі белгісі — қазақ ауылындағы таптардың жіктелуі, тап қайшылығы — тап күресі драмаға тереңдеп ене алмайды. Сол кездегі үлкен заман шындығы — ұлы орыс халқының, орыс мәдениетінің ықпалы да пьесада сөз етілмейді.
Пьесадағы бұл олқылық басты кейіпкер Ақан өмірінің шындығына байланысты сияқты. Ақан Абайдың замандасы. Бірақ ол Абай дәрежесіне жете алған жоқ. Ақан қазақ халқының болашағы, тағдыры үшін ұлы орыс халқының тарихи рөлін жете түсінбеді. Орыс мәдениетінің прогрестік маңызы да Ақан ұқпаған жағдайдың бірі. Тамаша әндерімен өз халқының мәдениетіне елеулі үлес қосқан дарынды Ақан шиеленіскен әлеуметтік таптық күрестен қалды. Драматург Ақан өмірінің шындығынан аспай — драманы сол дәуірдің ең негізгі қажетті мәселелеріне жанама-жалпы гуманистік сарынға құрған.
Қазақ өмірінің сол кездегі саяси-әлеуметтік сипатын қоғамның басты күштерінің дамуын, негізгі күрес бағытын, қысқасы белгілі бір тарихи күрделі кезеңдегі халық өмірінің шындығын жазушы кейінірек келе «Оянған өлке» романында мол қамтып, кеңірек, тереңірек ашты.
Драмалық коллизиясының ұтқырлығы, шеберлігі жағынан, негізгі конфликтің қатты шиеленісіп, терең астарланып, сыртқы қақтығыстың ішкі философиялық мән алып, әлеуметтік үлкен тұрғыға көтерілуі жағынан «Ақан сері — Ақтоқты» драмасы қазақ драматургиясының жаңалығы болды. Қайталанбас кесек образдар, тұтас терең характерлер, қазақ тілін ең жақсы жағынан танытатын шын мағынасындағы поэзиялық, көркем тіл пьесаның бұл маңызын растай түседі.
Ғабит Мүсірепов 1950 жылы «Аманкелді» драмасының жаңа вариантын аяқтады. Бұл пьесаның алғашқы варианты 1936 жылы жазылған болатын. Ертеректе бастаған бұл еңбегіне жазушы творчестволық елеулі кезеңдерден өтіп, есейген шағында, сонымен бірге әдебиетіміздің, оның жас жанры драматургиямыздың көркемдік-идеялық дәрежелері жоғарылап, жаңа белеске көтерілген шағында қайтып оралды.
1916 жылғы халық көтерілісі, Қазақстандағы азамат соғысы жайында әдебиетімізде біраз шығармалар жазылды. Ол шығармалардың көбісі жазылған кезеңінде тәуір болғанмен, қазақ әдебиетінің тұрақты қорынан орын ала алмады. Осы үлкен тарихи кезеңге арнап жазылған шығармалардан әлі де көркемдік құнын жоғалтпай келе жатқан, қазақ, әдебиетінің табысына кіретін Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» трагедиясы мен Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романы ғана. Осы дәуірге арналып жазылған шығармалардың ұзақ тұрақтамауына басты себеп болған нәрсе көп жазушыларымыздың сол тарихи кезеңдегі саяси-әлеуметтік жағдайды, тап күштерінің ара салмағын, қозғалыстың негізгі бастаушы күштерін көрсете алмауы болса, екінші жағынан әдебиетіміздің жастығы, социалистік реализм әдісін жеткілікті түрде меңгере алмағандығы болды. 1916 жыл, азамат соғысы оқиғаларынан алынып жазылған көп шығармалардың көркемдік шешімі жабайы, адам образдары бір жақты, жалаң қабат болып келді. Ә. Әбішевтің «Армансыздар» повесі, С. Мұқановтың «Партбилет», Ш. Құсайыновтың «Боран» пьесалары тағы басқа да осы күні аты ұмыт болған толып жатқан пьеса, поэмалар шын мағынасындағы көркем әдебиет жасау жолындағы жаттығу, үйрену дәрежесінен аса алмады. Міне, осындай көп еңбектің ішінен саралап жоғарыда аталған екі шығарма шықты.
Аманкелді Иманов халық батыры. Ол Россиядағы халықтар түрмесі болған царизмге қарсы 1916 жылғы қазақ халқының көтерілісінің ірі басшысы. Азамат соғысының геройы, қазақтан алғашқы шыққан большевик-комиссар. Қазақ әдебиетінде соңғы кезге дейін осы үлкен тарихи тұлғаға, ол бастаған үлкен тарихи қимылға арналған елеулі шығарма жасалмай келді. Ғабит Мүсрепов драматургия жанрында сондай шығарма жасауға талаптанды.
Аманкелдінің қазір халқымызға белгілі тарихи бейнесі аса күрделі. Халықтың қалың ортасынан шыққан бұл кесек тұлға өз елімен бірге, өзі бастаған қозғалыспен бірге зор саяси даму жолын басынан кешті. Халықтың стихиялық көтерілісінің басшысы Аманкелді азамат соғысы тұсында ленинизм идеясы үшін саналы күрескер дәрежесіне дейін көтерілді. Аманкелдінің өсу жолы өз ортасынан ерекше, тарихи жағдайдан бөлек болған жоқ, қайта сонымен тығыз қабысты. Ол бастаған патша үкіметіне жалпы қарсылық — стихиялық қозғалыс — азамат соғысына ұласты. Совет өкіметі үшін, социалистік идея үшін нысаналы, баянды күреске айналды. Міне, сондықтан да Аманкелді туралы шығарма халық туралы, халықтың оянуы, оның аса бір тарихи күрделі кезеңде саяси өсу жолы туралы шығарма болуға тиіс.
Жазушы осы абыройы мен салмағы тең аса қиын міндетті мойнына алды. «Аманкелді» драмасындағы ең алдымен аңғарылатын нәрсе, драматург сол жазын отырған дәуірінің тарихи жағдайын, көтеріліс алдындағы саяси атмосфераны, көтерілістің характерін, бағытын, таптық, әлеуметтік құрамын, олардың ара салмағын, жетекші күшін дұрыс ұғынып, орынды шешкен. 1916 жыл көтерілісі майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы патша указына қазақтардың стихиялық қарсылығынан басталды. Бұл стихиялық қозғалысқа Россияның жұмысшы табы, Коммунист партиясы саяси бағыт берді. Көтерілістің таптық құрамы ала болды. Оған ірі феодалдар, болыстар, буржуазиялық иителлигенттер араласпағанмен, патша үкіметінің қазақтан әскер алу саясатына наразы кейбір байлар, ауқатты адамдар қатысты. Бірақ, олар көтерілістің негізгі шешуші күші бола алған жоқ және үлкен ықпал жүргізіп, бағытын да белгілей алмады, кейін келе қозғалыстан шығып қалды. Драматург көтерілістің осы сипатын, ерекшелігін жақсы аңғарған.
Драмада көтерілістің халықтық характері әжептәуір нанымды жасалған, көптеген халық өкілдерінің образдары арқылы бой көрсеткен. Сол образдар арқылы бұқара халықтың саяси өсу жолы да айқын танылады. Пластунов, Петр Логинов образдары арқылы орыс жұмысшыларының, большевиктер партиясының көтеріліске еткен ықпалы, жетекшілік рөлі суреттелген.
Алған тақырыбының тарихи жағдайын, саяси бағытын дұрыс таныған жазушы кейбір жағдайларда оның көркемдік шешімін де таба білген. Пьесаға қатысушы әрбір кейіпкердің таптық тегін, саяси бет алысын белгілеп қана қоймай, оларға жанды бейне, замандық сипат, табиғи тіршілік беруге күш салған. Кейбір образдар даулы болғанмен, негізінен алғанда пьесадағы көптеген жанды кейіпкерлер бірін-бірі толықтырып, тұтас бір дәуірдің бейнесін аңғартады. Алынған тақырыптың тарихи мәні мен өрісіне сай драма эпикалық стильде жазылған. Драматург мұнда психологиялық нәзік суреттерге, тұрмыстық ұсақ сипаттарға бара бермейді, пьеса кейіпкерлерінің қимылдарын ірі, характерлерін кесек бейнелеуге бой ұрады. Мұндағы адам тағдырлары заман тағдырымен, ел тағдырымен астарласып жатады.
Тақырып драманың композициясын да белгілейді. Мұнда «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясы сияқты оқиға бірден шиеленісін, тартысушы күштер тез сараланып, кейіпкерлердің бағыты мен драмадағы орны басынан-ақ белгіленбейді. Алдымен негізгі конфликтің ұштығы көрініп, ол өсіп дами түседі. Негізгі тартысқа жол бойы толып жатқан жеке тартыстар өріліп, пьесаның арнасы кеңи береді. Әрі-беріден соң тартыстың екі басындағы күштерге түрлі өзгерістер еніп, күрес бағыты да өзгеріп дами түседі. Тартысқа түскен кейбір күштер шығып қалып, оның орнын жаңа күштер басады.
Пьесаның басында жазушы көтеріліс алдындағы атмосфераны танытады. Оқиға Торғайдағы жылқы базарынан басталады. Бұл сахнада біз патша үкіметінің халыққа жасаған қысымын, толып жатқан заңсыздығын, озбырлығын көреміз. Екінші жағынан, осыған қарсы халық наразылығы танылады. Әділетсіздікке төзе алмаған Аманкелді алғашқы рет стихиялық қарсылық көрсетеді. Жәбір көрген бұқара халықты жақтайды. Осыдан-ақ екі күштің алғашқы соқтығысы байқалады. Оның бірі патша өкіметінің саясаты, сол саясатты жақтап іске асырушылар ояз Алексей Логинов бастаған топ, екінші жағы патша өкіметінің саясатына, озбырлыққа наразы халық, оның жоғын жоқтаушы Аманкелді. Бұл күш әлі бір-бірімен бітіспес күреске шыққан жоқ. Бұл жерде тек болашақ істің дүмпуі ғана бар. Осы бірінші сахнада орыс армиясының офицері дүниежүзілік соғыстың мүгедегі Петр Логиновтың тағдыры ашылады. Бұл офицермен біздің алғашқы таныстығымызда оның әлі де саяси бет алысы белгісіз, мақсаты анық емес. Онда тек заманға наразылық пен әділет сүйгіш жақсы жүрек бар. Ол күрестен безіп,өмір ағымына араласпай, бар наразылығын іште сақтап тыныш жатпақ та болады. Бірақ осы бірінші сахнаның өзінде көз алдында істеліп жатқан әділетсіздікке төзе алмай жазықсыз халыққа ара түсіп, аз да болса күреске араласа бастайды. Сөйтіп патша өкіметінің қысымына, тепкісіне наразы қазақ халқы алдыңғы қатарлы әділет сүйгіш орыс адамдарының арасынан дос табады. Мінеки, бірінші сахнада үш саладағы күштің негізі белгіленіп, олардың болашақ айқасының дүмпуі сезіледі. От қойса лап етейін деп тұрған көтеріліс алдындағы атмосфера да сезілді.
Екінші көріністегі Аманкелдінің Петербургқа баруы драманың одан әрі дамып шиеленісе түсуін едәуір әлсіретіп тұрған жай баяндау ғана болатын. Жазушы пьесаның сахналық вариантында бұл картинаны алып тастаған. Келесі картинада оқиға бірден шиеленісіп күресуші күштер тез сараланып шығады. Майдандағы қара жұмысқа қазақтарды мобилизациялау жөніндегі патша указы жарияланғаннан кейін халық наразылығы бұрқ етіп бірден көрінеді. Аманкелді көтеріліс бастайды. Үлкен байлар мен болыстар, қазақтың буржуазиялық интеллигенттері патша өкіметінің саясатын жақтап шығады. Осылай драмадағы негізгі екі күш арасындағы бітіспес антагонистік конфликт басталып өзінің шарықтау шегіне дейін өршіп дами береді. Осы негізгі конфликтіге енді толып жатқан тартыстар араласып өріледі. Ол Бану мен Кенжеғара арасындағы драма, көтерілісшілер ішіндегі Жанар мен Аманкелді арасындағы тартыс, ағасымен бітіспес қарсы күреске шыққан Петр Логиновтың басындағы драма, ескілік қоршауынан шыға алмаған көзі қараңғы, өскен заманның талабынан артта қалып, оған қырсығын тигізген Кете батырдың трагедиясы. Негізгі тартысқа қоса өрілген бұл тартыстар тек заман бейнесін толықтырып қана қоймай, сол дәуірдің аса күрделі жағдайларын, күрес сипаттарын, оқиғаның таптық мәнін тереңдете түседі.
Жазушы «Аманкелді» драмасында әр түрлі дәрежеде қалыптасқан көптеген шебер образдар жасады. Аманкелді, Тәуке, Пластунов, Логинов, Мұңайтпас, Жайнақ, Бану сияқты халық өкілдерінің жағымды образдарын, ояз бастығы Алексей Логинов, Кенжеғара Жанар, Тымақбай сияқты үстем тап өкілдерінің жағымсыз образдарын жасады.
Аманкелді образын жасауда жазушы негізінен тарихи шындыққа сүйенген. Көп жағдайда оның өмірбаянындағы оқиғалар сақталып отырған. Тарихтағы Аманкелді күрделі кесек тұлға. Пьесадағы Аманкелді сол тарихтағы Аманкелдінің көп жақсы қасиетін аңғартады. Аманкелдіні халық, дәуір туғызады. Аманкелді өз халқының көптеген ең жақсы қасиеттерін бойына мол сіңірген адам. Ол ер жүрек батыр, әділет сүйгіш, гуманистік қасиеттер мен үлкен жан иесі. Ақылды, сабырлы, ұстамды қасиеттері және бар. Осындай кесек тұлғалы адам тар заманға кез болып озбырлық, әділетсіздік зардабын тартып, халқының жан ашыр қамқоры болады. Оның өткен-кеткеніне көз жіберіп, жақсысы мен жаманын ажыратып, болашақ тағдырын ойлайды; қиналады, ізденеді. «Мың зәбірдің бірі ғой бұл, бір жолғыдан ақталарсың, келер жолы егіздеп келмесіне кім кепіл. Бірді ғана шағым етіп барсам маған ұят болар да мыңды айтып барсам заңға ұят болып жүрер...» Бұл өз заманының озбырлығына көзі жеткен, әділетті күштілерден күтуге болмайтынын түсінген адамның сөзі. Аманкелді күрес жолына осындай сеніммен түседі.
Аманкелдіні біз іздену, өсу үстінде көреміз. Ол халықтың стихиялық көтерілісіне тайынбай басшылық етеді. Бірақ енді сол көтеріліске белгілі мақсат, бағыт берудің жолын қарастырады. Ашынған халықты зор мақсатқа бастап, оның қанды күресін баянды жеңіске жеткізгісі келеді. «Аттан» деген бір-ақ ауыз сөз еді, не үшін екенін елдің өзі де білетін. Енді бұл елге мықты бір қазық керек үйренген, құлағына сіңген сөз ескі де болса бар. Жаңаны мен де таба алмаймын» ... Күрестің шытырман жолында осындай қиналған батыр орыс жұмысшыларына арқа сүйейді. Өз халқының тарихи жолының орыс халқымен бірге екенін көп толғанып ұғады. «Біз сонау қалмақ жорығында шұбырындыға айналып, орыс халқын паналап жан сақтап қалып едік, содан бері орыс халқын аға тұтып тілектес отырған, болашағымыз бір деп отырған елміз...», — дейді Аманкелді. Бұл халқының өткен-кеткенін, тарихи жолын топшылап, болашағын дұрыс мегзеген адамның сөзі. Пьесада Аманкелді Россияның да жақсысы мен жаманын айыра білген, сол замандағы орыс халқының да ауыр халін түсіне білген адам болып көрінеді. Ол қараңғы үйге қаматам деп қорқытқан генерал-губернатор Эверсманға: «Менің құлағыма да тиген бірталай сөздер бар — Россия халқы онсыз да қараңғы үйде отырған көрінеді. Одан енді қорықпасақ керек», — деп, жауап қайырады. 1916 жылдың көтерілісінің басына Аманкелді осылай характері қалыптасып, ақыл-ойы жетіліп, саяси санасы едәуір өскен жағдайда келеді. Драматург одан әрі басты геройының өсу жолын дамытып, жан-жақты қабілетін аша түседі. Қарулы күрес үстінде Аманкелді ер жүрек, батыр, қажырлы қайраткер, қажымас еңбекші, іскер болып көрінеді. Ол қозғалыстың болашағын ойлап ұзақ, үлкен айқасқа дайындалып, көтерілісші халықтан әскер құру шарасына кіріседі. Біз бұл арада Аманкелдінің үлкен ұйымдастырғыш, іскерлік қабілетін танимыз. Пьесаның соңғы жағында Аманкелді Қазақстанда Совет өкіметін ұйымдастырушы, қызыл әскер бөлімдерін құрушы, мемлекеттік және әскери қайраткер ретінде, іс үстінде тәуір көрінген. Бұл арада Аманкелді Совет өкіметінің саясатын іске асыруда қазақ байларына, олардың жетекші күші ұлтшыл алашорда басшыларына қарсы бітіспес саяси күрескер ретінде де көрінеді. Аманкелдінің саяси күрескерлігі, ақылдылығы мен көрегендігі өзі бастаған күрестің ішіне кіріп іріткі салмақ болған Жапармен арасындағы тартыстан да айқын танылады. Өзі бастаған қозғалыстың таптық құрамының алалығын, әсіресе, қалың бұқараның таптық саяси сезімінің әлі де оянып болмағандығын ұғынып Аманкелді Жапармен келісімге барады. Бірақ ол Жапарға ымырашылдық жасамайды, өз позициясын бермейді, қайта Жапардың көпшіліктің кейбір тобына жүргізетін әсерін өз мақсатына, күрес мақсатына шебер пайдаланады. Ол Жапарды хан етіп қауқитып қойып, көпшілікке ықпал етуден, шын мағынасындағы көтеріліс басшылығынан аулақтатып тізгінді өз қолына берік ұстайды.
Аманкелді бір жағынан Пластунов сияқты саяси сана-сезімі жоғары орыс жұмысшыларының өкіліне арқа сүйеп, солардан үйренсе, екінші жағынан, халыққа, оның алдыңғы қатарлы өкілдеріне арқа сүйейді, оларды баулып, тәрбиелейді, өзі де солардан үйренеді. Тәуке шал, Мұңайтпас, Жайнақ, Бану сияқты халық өкілдері Аманкелдінің тірегі болады. Мінеки, осылай жазушы Аманкелдінің тарихтық бейнесін, өсу жолын үлкен әскери, мемлекеттік, саяси қайраткерлік сипаттарын социалистік реализм методымен көркем шындыққа сай етіп ашуға талаптанады.
Жазушы Аманкелдінің адамгершілік қасиетін де біркелкі тәуір ашқан. Оның жау жүрек ерлігі, ақ жүрек адалдығы, мейірбандығы қажырлы қайраты, қимыл-әрекетіне, ісіне, адамдармен қарым-қатынасына байланысты көрініп отырады.
Мінеки біз Аманкелді бойындағы сан алуан тамаша қасиеттерді тізіп шықтық. Осының бәрі пьесада жазылған. Бірақ сүйте тұрып Аманкелді бейнесіне кісінің қарны ашатыны қалай? Аманкелді неге ерекше есте қалмайды? Ең алдымен Аманкелдінің қайталанбас ерекше характері, тосыннан соғылған сом тұлғасы жасалынбаған. Ал қайталанбас характер жасалмаған жерде — жақсылықтың жиынтығын геройдың бойына қанша сықап тыққанмен — образ кемеліне келмейді екен.
Автор геройының жақсылық жағын көбірек айтамын деген оймен көп жерде-ақ образдың бояуын сұйылтып ала береді. Оны өзіне тән, заманына тән сипаттарымен жан-жақты толық көрсетудің орнына, тарихи үлкен тұлғаның алдына жасқаншақтық білдіріп, өзінше бірыңғай тәуір деген жағын тере беретін сияқты. Аманкелді өз заманының халқының ұлы. Оны туғызған да, көтерген халқы, дәуірі. Сөз жоқ, ол заманының ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірді. Бірақ оның бойында заманынан жұққан ескіліктер де болды. Аманкелді одан бірте-бірте арылды. Ал, жазушы образдың ондай жақтарын басынан-ақ сылып тастаған. Оның мінезін, қимылын, сөзін әдемілеп жонамын деп, солғын тартқызып, кей жерде жүдетіп алады. Аманкелді Чапаев типтес герой. Оны қазақтың Чапаевы деп бекерге атамаған. Ал, орыс әдебиетінде Чапаевтың тамаша толыққанды образы жасалған. Чапаев шын мағынасындағы халықтық герой болып шықты. «Чапаев» романының авторы Фурманов та, фильм жасаушылар Васильевтер де Чапаев бойындағы кейбір кемшіліктерді, ортасынан жұққан мінездерді жасырмай көрсетті. Чапаев бойындағы ескілік пен жаңалықтың күресін шебер суреттеді. Ал, біздің Аманкелдінің өз басының өсу жолы тым жазықтау, өз бейнесі әуелден-ақ интеллигенттеу болып шыққан. Чапаев образының өлмес, өшпес сиқыры сол — ол қайталанбас характер. Авторлар жеңімпаз қолбасшыны ғана емес, естен кетпес кәдімгі тірі адам бейнесін жасаған. Ал, пьесадағы Аманкелді әзірге жете даралап бай, көтеріліс бастаушының қызметін атқарушы дәрежесінде ғана қалып тұр. Абзалы бір шындық бар тәрізді. Ол — образ қаншалықты типтік болса — соншалықты қайталанбас жеке дара болуы шарт.
Тағы бір айта кететін нәрсе пьесаның бас жағында Аманкелді көтеріліске бет бұрғанда өзге түбірлі себептерден гөрі намыс сарыны тым басымырақ жатыр. «Елім деп ішке тарта өсірсе — тартынатын ешкім болмас. Бұратана бұралқы деп өсірсе біле алмадым...» «Ең аяғы осы жарнаманың өзін ұлы Россияның дос бір жұртына деп жазуды кемшілік көріп бұратана халықтарды күшпен алуға деп отырсыздар». Әрине, «Бұратана халық», «Реквизиция» деген сөздің намысқа тиетіні рас, бірақ осы жағдайды қайта-қайта айтып баттита берерліктей халықтың ашынып қимылдауына, Аманкелдінің күреске шығуына тек осы кемсіту ғана себеп болған жоқ. Көтерілістің негізгі себебі басқада, тереңде жатыр.
Аманкелді.образындағы осы елеулі кемшіліктер, жалаңдықтар пьесаға елеулі нұқсан келтіргенімен, оны құлдыратып кете алмайды, өйткені пьеса жалғыз Аманкелді басына құрылған емес, күреске қатысқан халық драмасына құрылған. Сондықтан да Тәуке, Мұңайтпас, Бану, Кете сияқты образдар Аманкелді образын толықтырып пьесадағы халықтық трактовканы кеңіте түседі.
Тәуке драмадағы ең бір тартымды шебер жасалған образ. Ол көпті көрген, көп жасаған ақылды, ойлы адам. Жаратылысынан әділ, кем-кетік елдің қамын көп ойлайды. Драманың басында-ақ Тәуке ел басына түскен ауыртпалықты жақсы сезеді. Өз басының құлқынын ойлаған байларға қарсы шығады. «Көзді жұмбайық бұл жерде, ел түтіні деген іргелі сөз. Айла табам деп бір жағың отырсын, алданып қалам ба деп бір жағың тұрсын. Айла табатындар аяншақ басады, мына жұрт бәрінен бұрын содан сақтанады. Арғынмын, Қыпшақпын демей, ардақтымын, аяулымын демей, келсең түгел кел, жұрт қасында қалар болсаң ғана ортаға кір!» — дейді Тәуке. Ол осылай қалың ел қиын жағдайға тіреліп соны қимылға ниет ете бастағанда шынайы ел қамын ойлап, көпшіліктің бірлігін көздейді. Қара басының қамын ойлап, ел мүддесін сатып кететіндерден сақтандырады. Тәуке ел билеген байлардың да түтінін танып отырады. Олардың қиын-қыстау кезеңде елді сатып кететінін де сезеді. Ол Жапардың ауыл басы бір-екі адамнан бере тұрайық деген жалтақ пікірінің астарын ұғып, оған тура қарсы шығады. «Түбінде шатақ, ауыл басы бір-екі адам дегеннен шыға ма деп қорқам. Сол бір-екі жігіт дегенің кім болады ертең? Сорлайтын тағы да баяғы қара үйлі болад та» — деп Жапарға тойтарыс бередi. Губернатор алдында да жалтақтамай халық талабын түгел жеткізуді қуаттайды.
Тәуке халық көтерілісінің қалың ортасында болады. Аманкелдіге сенімді көмекші, серік болады. Ол өзінің таптық сезімімен Жапардың тұрақсыздығын танып, оның теріске бұрылып опасыздық жасап кетпеуіне көз салады. Бір жағынан сарбаздарға ақылшы, ұйтқы болады. Тәуке ұстамды бояулармен ажарлы, жылы жасалған халық өкілінің жақсы образы.
Драмадағы көркемдік бояуы қою, өте әсерлі терең жасалған Петр Логинов пен Кете образдары.
Петр Логинов орыс армиясының жақсы дәстүрлерін бойына сіңірген адам. Ол отаншыл патриот, өз халқын, Отанының абыройын қатты сүйеді. Ақылды, ойшыл Петр империалистік соғыс майданында талай нәрселерді көріп, кейбір сырларды аңғарып, көп нәрсені түйеді. «Қандай мол күшті, қандай құнсыз етіп, қор етіп құртып жатырмыз. Сенің намысың келсе, еліңнің атағы мен даңқы үшін намыстанайын десең сен бір құбыжық қыңыр адам саналасың». Петр майданнан түңіліп қайтады, ол өзін Отанының керегі үшін пайдасызбын деп ұқпаса да, бірақ сол қытымыр, қараңғы заманда Отан үшін қызмет етуге жол таба алмай қалғандай болады. Сондықтан да ол тартыстан аулақ, оңаша өмірге бой ұсынбаққа ниет етеді. Міне, осындай бір торыққан кезінде қазақ даласындағы халықтық қозғалысқа душар келіп, ескі қайраты қайта оянады. Петр көтеріліске саяси пісіп-жетіліп келген жоқ, оны әділет сүйгіштік, патриоттық, озбырлыққа қарсылық сезімдер әкелді. Петр қазақ халқын да сүйеді. Оның аянышты, қараңғылық халіне шын қайғырады. «Бір ел емес, дос ел емес, жауығып отырған жат елдей ұстаймыз. Екі елдің арасын бүтіндей берудің орнына бүлдіре түсеміз. Екі ғасыр артта қалған мінез көрсетеміз» — деп, қынжылып ол Россиядағы халықтардың бүтіндігін, бірлігін, теңдігін көксейді. «Алеша, осының бәрі келіспейтін ұят іс. Қылмысты сенің адамдарың істейді де жаманатын орыстың еліне жабады» — деп, ұлы орыс халқының үлкен ізгілігіне зор сенім білдіріп, оны жат қиянаттан арашалайды. Осы Петр Логинов қазақ қозғалысына белсене араласып. Аманкелдінің әрі сенімді көмекшісі, әрі арқа сүйер тірегі болады. Петрдің үлкен гуманистік қасиеті, патриоттық сезімі оның социализм идеясын қабылдап, Совет өкіметі үшін қажырлы күрескер болуына жақсы жағдай жасайды.
Кете драмадағы көркемдік бояу айқын да, ажарлы да талантты жасалған образ. Жазушы ескі өмірдің өте бір шындық бейнесін сәтті тапқан. Кетені туғызған қазақтың қараңғы өмірі. Бұл негізінде аңғал, ақ жүрек, адал адам, батырлық өр мінезі де бар. Бірақ көзі қараңғы, өмір жолын, әділеттік жолын, бағытын дәл болжай алмайды. Өзінің қарапайым жабайы сезімімен ептеп жақсыны ажыратқан болады. Батырлық мінезі қиын, ерлік істерге ынтығады. Халық алдындағы үлкен кезең — патша указына жауап берер кезде көп адамдар сияқты бұл да қандай жауап айтарын біле алмайды. Бірақ Тымақбай, Жапарлардың халық сөзінен жалтарып бара жатқанын өз ақылымен топшылап түсініп, «Пойттік-шорттік сөз емес» деп қарсы шықса, «Паһ, паһ дұрыс айтты, ақсақал» — деп Тәукенің әділ сөзін жақтайды.
Кетенің характері тұтас. Ол бір безінгенінен мықтап безінеді де, берілгеніне құлай беріледі. Көңілі қалған Кенжеғараға, ол қаншама арбап жалпақтап тұрса да Кете сенбейді. «Қайран қараңғылық-ай» деп өзі айтқандай Кетенің көзі қараңғы. Оған қоса оның томырық, адуын, содыр мінездері де мол. Ол кек алудың жолын қара күштен ғана іздейді. Қастасқан жауын қамшының астына алмай көңілі қанағат таппайды. Өзі өскен ортасы, анайы өмір, сәулесіз меңіреу тіршілік осы бір кесек тұлғалы адамға талай тұрпайы кесір мінездерін барынша жұқтырған. Кетенің бойындағы осы ескілік өте басым жатыр. Оның қараңғы көңілі жаңалықты қабылдай алмайды. Батыр адам ең аяғы ширақтылыққа, әскери тәртіпке де үйрене алмайды. «Ау, осы бостандық тұсында да дұрыс бір ұйықтауға болмай ма?» дейді ол Аманкелдіге.
Кете араласқан оқиға мен заман — аршындап ілгерілеп өзгере өсіп, тез дамыды. Кете сол өзгеріске ере алмай баяғы стихиялық қалпында қалып қояды. Енді ол күрестің саяси мақсатын, революциялық мәнін ұғына алмағандықтан өзгерген жаңа талапқа қайшы келіп, қырсығын тигізеді. Осылай өзі еңбек еткен ісіне өзі қайшы келіп, Кете басындағы трагедия басталады.
Жаңа заман күрделі шытырман күреспен, азаппен туды. Ескінің бәрін сындыру, қирату оңайға түскен жоқ. Саяси сана-сезімі жетілмеген, марксистік идеямен шыңдалмаған кейбір күрескерлер белгілі кезеңде революциялық жолдан тайқып, кейде ниеті дұрыс болғанмен, шолақ ақылдан туған оғаш әрекеттерімен жаңа өмір құрылысына зияндарын тигізді. Кете де соның бірі. Ол ақыр аяғына дейін байларға қас болып қалады. Автор Кетенің басындағы трагикомедияны аса әсерлі ашқан, оныншы көріністе Кете өзінің бар болдығымен көрінеді. Ол байларға бітіспес қас. «Ә!. Байдың мойнындағы еңбек ақыңды ала алмай жүрмісің!.. Әперем оны! Балаңның еңбек ақысы түгіл, ата-бабаңның еңбек ақысы болса да алып берем! Менің қаным қатулы байларға!» дейді Кете шағым айтуға келген кедейлерге. Содан кейін заңға қарсы содыр мінез көрсетіп, байларға дүре соғуға дейін барады. Бірақ Кетенің бар жеткен жері байларға анайы өшпенділігі ғана. Ол одан басқа революциялық жаңалықтарға, өзгерістерге түгелдей қарсы шығады. Ақыры, меңдеткен ескілік жеңіп, Кете құлайды. Бірақ ол құлағанда да Кенжеғара сияқты өзінің қас дұшпандарына бас имей, өзінің алған бетімен жығылады. Кенжеғараның өзіне тартпақ болған әрекетіне: «Ә!.. Арам без, қаш деймісің! Алашың ғой айтып тұрғаның!» деп қатты тойтарыс береді. Ақыры «қайран көзі аққыр қараңғылық, соқырлық!» деп күңіреніп өтеді.
Жазушы «Аманкелді» драмасында революцияға қарсы күштердің, үстем тап өкілдерінің бірсыпыра образдарын жасады. Олардың ішінде ең алдымен көзге түсетін ояз бастығы Алексей Логинов образы. Бұл отар аймақтарда патшаның қатал саясатын бұлжытпай жүргізетін итаршысы Царизмнің топас, қатал әкімдерінің өкілі. «Заң орталықта шығады да шетке шыға келе қатая береді», — дейді ол. Бұл артта қалған надан халыққа шексіз билік жүргізіп, өктемдік, озбырлық жасап үйреніп қалған топас, қатыгез төре. Өзі басқарып отырған халықтың сәл де болса мұң-мұқтажына көңіл бөлуді, ақ пен қарасын ашып заң жолын сақтауды, кішкентай да болса оның болашағын, тірлігін ойлауды білмейді. Ол қашаннан келе жатқан заңсыздық, озбырлық жолын берік ұстанады. «Екі ғасыр бойы өзін өзі ақтаған әділет осы, оны мен өзгерте алмаймын» — деп, өзінің дарынсыздығын, сорлылығын танытады. Дарынсыз, ойсыз әкім қыңыр, қияс, шексіз қатал. Жоғарыдан келген әмірді құлдық ұрып жеріне жете орындаудан басқа дәрмені жоқ. Осы дәрменсіздік оның жауыздығын арттыра түседі.
Аманкелдіге қарсы күресуші алаш тобының ішінде Кеткеғара әрекеті өзгелерінен басым жатыр. Ол айлалы әккі жау. Алаш тобының Аманкелдіні ашық айқаста күшпен жеңе алмайтынын, халықтың Аманкелді жағында екенін ұғынып, ішке кіріп алып астыртын әрекет жүргізеді. Бір жағынан революцияның жаттығы жоқ интеллигенцияны қызметке бірігіп жұмыс істеуге тартқанын пайдаланып, екінші жағынан өзінің бетін бүркеп, демократияшыл қызыл сөздерді шебер пайдаланып Аманкелді маңына келеді. Өткендегі қателіктерін мойындаған болып, мүләйімсіп, момақан пішінге енді. Кете батырдың надандығын пайдаланып, оны Совет өкіметіне қарсы істерге итермелеп, халық арасында наразылық тудырмақ болады. Астыртын жалғасып алашорда қимылына жіті басшылық жасап отырады. Қапысын тауып Аманкелдіні қазаға ұшыратады. Жазушы Кенжеғараның характерін де жақсы ашқан.
Осы қарсы жақ тобынан Алексей Логинов пен Кенжеғарадан басқа азды-кем елеулі қимыл жасап, күрес жүргізетін кейіпкерлер жоқтың қасы. Пьесада жау жағының тобы әлсіз, құнарсыз шыққан. Зілғара, Жақаш сияқты кейіпкерлер елеулі қимыл әрекетімен не мінезімен есте қалмайды. Олар өткінші кейіпкерлер дәрежесінде шыққан. Байтас, Сейіт, Әбіл болыстар да қысқа ғана қысалаң кезде күлкілі жағдаймен көрінген. Характер жағынан шебер жасалған Жапар, Тымақбайлар елеулі қарсылық, әрекет жасай алмайды. Бұл екеуінің жағдайын мынадай бір сахнадан көруге болады:
«Ж а п а p. Отты көсеңкіреп қойшы, Тымақбай, күннің өзі суытып кетті білем.
Т ы м а қ б а й (отты көсеп қойып). Осы мен кіммін, осы?
Т ә у к е. Е, дардай уәзір емеспісің.
Т ы м а қ б а й. Онда менің уәзірлігім қайда?
Ж а п а p. Тымақбай, сен бір нәрсеге түсінбей жүрсің. Қанша туласаң да бұл ат үстіндегі хандық. Билер мен уәзірдің ортасында шалқайып жата алмайсың бұл далада. Отты көсеп қойшы.
Т ы м а қ б а й. Көсемеймін! (Көсейді)»
Бұл, әрине, сахналық жағынан күлкілі, өте шебер жазылған эпизод. Бірақ Жапар мен Тымақбайдың бар болдығы осы құбыжық қуыршақ қалыпта келіп отырады. Жапар әрі-беріден соң: «Ханы құрысын, қарабурыл болып қалған сақалым бар емес пе!» деп өз дәрменсіздігін білдіріп мұңын шағады.
Жазушының суреттеген дәуірі тап тартысы аса шиеленіскен, шытырман, қиын күрестің дәуірі. Ол кезде дұшпанның күші — ескіліктің күші мықты болатын. Аманкелді осал жаумен алысқан жоқ. Революция дұшпандарының қолында әскер, қару-жарақ қана емес, ақыл-айла да, білім де, ел басқарудағы әдіс те болды. Драматург осы жағын жете ескермеген сияқты. Қазақ байлары да осал жау емес-ті; талай ғасырлар бойы халыққа ықпал жүргізіп, қараңғы халықты өзіне тартудың сан қилы әдісін алған қу мүйіздер болатын. Олар қаруын оңай тастап, оңай жығылған жоқ.
Пьесада қазақтың халың тілінің не бір құнарлы шүйгін, әсем образды суреттеу үлгілері осы күнгі ең тәуір әдебиет тілімізбен жалғаса көрінеді. Кейіпкерлердің характерін ашудағы ең негізгі құрал — тіл. Әсіресе, Кете мен Тымақбайдың характерлері диалог арқылы өте шебер берілген. Бұл екі кейіпкердің бір ауыз сөзінен-ақ әрқайсысын бірден танып алуға болады. Әрқайсысының сөзі өзді-өзінің сипатын айнытпай түсіреді. Тәуке, Жапар, Мұңайтпас сөздері де өте құнарлы, әсерлі, жеке дара характерлерді танытады.
«Аманкелді» драмасы халық өмірінің аса күрделі де шешуші, өрісті тарихи кезеңінің хроникасы. Бұл пьесада сол тарихи кезеңнің саяси, таптық, әлеуметтік мәселелерімен қабыса халық өмірінің алуан сипаттары, ұлттық характерлер, дәуір сипаты суреттеледі. Осы күрделі тақырып, Аманкелді сияқты алып тұлға автордың тағы да бір қайтып оралуын күтіп тұрған сияқты.
Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетіндегі ең ірі драматургтың бірі. Драматургиялық шеберлікті жете меңгерген, Шекспир, Шиллер, Гоголь сияқты классиктерден творчестволық жолмен үйренген жазушы. Қазақтың жас сахналық өнерінің дамуына Ғабит шығармалары зор әсер етті. Оның басты-басты драмалық шығармалары: «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты» пьесалары, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік — Кебек», «Түнгі сарын», «Абай» пьесалары мен қатар қазақтың эпикалық драматургиясын биік сатыға көтереді.
1955
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі