Коммунистік партияның XXI съезі жазушыларын, көркемөнер қайраткерлерін заманымызға сай ірі туындылар беруге, бүгінгі өміріміздің күрделі мәселелерін шығармаларымызға өзек етіп, жаңа адамның кесек образын, үлгі боларлық ірі бейнесін жасауға шақырады.
«Әдебиет пен искусство халық өмірімен тығыз байланысты болсын» деген партиялық ұранның мәдениет қызметкерлері үшін мағынасы күн сайын арта түсетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бүгінгі күннің тақырыбын, бүгінгі күннің адамдарын, ұлы мақсатқа байланысты өмірдің өзі алға қойып отырған келелі мәселелерді орындауға кіріскен совет адамдарының тамаша бейнелерін сахнаға шығару әдебиет пен көркемөнер қайраткерлерінің аса ардақты борышы екені даусыз. Біздің театр жаңаның жаршысы, заманның үні болу үшін көпті толқытқан көкейкесті мәселелерді көтеруге тиіс. Халық театры өз сахнасы арқылы халықпен күнбе-күн сырласып отыруға тиіс. Бұл алда тұрған үлкен міндеттерді біздің республика театрлары көңілдегідей орындап келеді деп айту қиын.
Театр өнерінің актуалдығы — күнделікті өмірге белсене араласуы сайып келгенде репертуар мәселесіне тіреледі. Театр репертуары бүгінгі күннің талабынан қалыс келе жатқандығы әр жерде айтылып жүр, бірақ осы күнге дейін репертуар үшін жауап беретін творчестволық ұйымдар драматургия және драмалық музыка мәселелеріне самарқау қарап келеді. Соңғы жылдары бұл мәселе баспасөз арқылы кең талқыланып, оған көпшілік назары да жете аударылған жоқ. Сондықтан да Б. Аманшин мақаласы арқылы «Қазақ әдебиеті» газеті репертуар мәселесін кешеуілдеу болса да, аса қажетті жағдайда өте орынды көтереді. Репертуарды, яғни драматургия және драмалық музыканы сөз еткенде осы бір мақала жеткіліксіз екені даусыз. Және алдын ала айта кетелік — бұл мақала келелі сөз қозғауға түрткі болғанмен, алда тұрған үлкен міндеттердің түйінді мәселелеріне соқпай, негізінен жанама жағдайларды әңгімелейді. Автор көбіне үстірт алынған мәліметтерге сүйсініп, қаламақы жағдайын, кейбір жолдастардың шарттарын мезгілінде орындамай жүргенін сөз етеді. Әрине, ол сөздердің де жаны бар. Кейде нашар шығармалар қабылданып жүргені, әдебиет сияқты искусство төңірегінде де кейбір халтурщиктер күн көріп жүргені рас. Ондайлардан батыл арылу қажет. Бірақ Аманшин жолдастың мақаласында репертуар мәселесі тар шеңберде қойылған. Репертуар жасау, сайып келгенде, қазақ әдебиетінде кешеуілдеп жүрген драматургия жанрын дамыту Мәдениет министрлігінің жеке мекемелік ісі емес екенін, бұл творчестволық ұйымдар, мәдениет қауымы болып қолға алатын күрделі мәселе екенін мақала авторы ескермеген.
Көптен мәлім нәрсе — әдебиет кадрларымыз молыққанмен, соңғы жылдарға дейін драматургияда жас кадрлар жарытып өспей келеді. Қазақ театрларының афишасынан айналдырған төрт-бес қана жазушының есімі түспейтін. Соңғы кезде бұл салада аз да болса ілгерілегендік байқалады. Осыған байланысты өткен 1958 жыл өнімді болғанын айта кету жөн. Оннан астам жас және тың авторлар пьеса бітірді.
Бұл жақсы бастама үлкен істің алғашқы адымы ғана. Әділін айтсақ жас драматургтар, я жанрға тыңнан араласқан жазушылар, Жазушылар одағы және оның драматургия секциясы тарапынан жеткілікті жәрдем көре алмай келеді. Жас жазушының пьесасы жан-жақты кең талқыладық, оған достық сын арқылы көмек көрсету, жазушы шығармасын әбден пісіргенше қадағалап, күнбе-күн ақыл беріп, демеп отыру бізде жүйеге айналған жоқ. Оның үстіне Жазушылар одағының президиумы бұрыннан нашар істеп келген драматургия секциясын проза сияқты үлкен жанрмен біріктіріп, жартыға айналдырды.
Жазушылар одағы мен театрлар коллективтерінің басты міндетінің бірі — жаңа қосылған драматургтерді жоғалтып алмай, оларды өмірді терең зерттеуге, заманымыздың ірі тақырыптарын игеруге, қиын жанрда шеберлікті меңгеруге баулу. Соңғы жылдары аздаған жетістігіміз болғанмен, драмалық жазушылар үлкен отряд болды деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Сондықтан да жаңадан драматургтар қатарын көбейте түсу үлкен міндет.
Әрине, аузымызды қу шөппен сүрте бермей, бүгінгі заман тақырыбынан туған күрделі, сәтті шығармаларды — хореография сияқты қиын жанрда үлкен идеяны сәтті ашқан «Достық жолы» балетін, онкүндікте астана жұртшылығының сынынан өтіп, жақсы баға алған «Мұрагерлер», «Жалғыз ағаш орман емес» және басқа шығармаларды айтамыз. Бірақ, бұл туындылар драматургия мен театрдың алдында тұрған аса зор мәселені шешті деп айта алмаймыз. Соңғы жылдары республика және Одақ өмірінде болған орасан зор өзгерістер, адам баласын таң қалдырған тамаша табыстар, ең маңыздысы, осының бәрін өз қолымен жасаушы совет адамының бейнесі театр сахнасынан толық көріне алған жоқ.
Бүгінгі күн тақырыбына шығарма жасау туралы айтқанда шеберлік мәселесін қоса сөз етпеуге болмайды. XXI съездің трибунасынан атақты ақын А. Твардовский өз замандастарымыз туралы жазылған шығармалардың көркемдік жағына қатал талаптар қою керек екені жайында әділ айтты. «Дәмсіз болса мейлі, әйтеуір ыстық болса болды» деген тоғышарлық көзқарасты сынады. Шынында да соңғы кезге дейін шығарманың тақырыбына бола кемшілігін елемей келген кездеріміз аз болған жоқ. Творчестволық ұйымдарда достық әділ сын, байыпты маман пікір өpic алмай келеді. Бізде әсіресе театр сыны тым кешеуілдеп жүр.
Жазушылар ұйымында соңғы бір екі жыл ішінде драматургия мәселесі сөз болған жоқ. Өз заманымыздың тақырыбынан опералық, хореографиялық шығарма жазу — композиторлар мен драматургтар алдында тұрған ардақты міндет. Ал бүгінгі өмірді драмалық музыка арқылы бейнелеу кейбір теориялық мәселелерді шешуді қажет етеді. Бірақ Қазақстан жазушылар одағы мен композиторлар одағы бас қосып, осы көп іздеуді қажет ететін күрделі мәселе туралы кеңескен жөн.
Драматургияда ғана емес, жалпы әдебиет пен искусствода бүгінгі күн тақырыбын игеру — яғни көптің күшімен өз заманымыздың көркем шежіресін жасау мәселесі кең талқылауды, жан-жақты пікір алысуды қажет етеді. Форма жағынан болсын, әдебиеттік тәсіл жағынан болсын бізде іздену, жаңалыққа талпыну аз. Әрине, ескі формалар, классикалық үлгілер әлі де біздің қажетімізге жарай бермек, бірақ түр байлығы, соны, тың приемдар өмір мағынасын жаңаша ашуға, көркемдік шеберлікті жетілдіре түсуге үлкен жәрдем болар еді.
Жоғарыда айтылған әділ, қатал сынның өрістеуіне кедергі болатын жағдай — Қазақстан жазушылар одағында творчестволық атмосфера тазарып болған жоқ. Шығарманың кемшілігін батыл айтып, талдап түсіндіріп, авторға достық көмек етудің орнына көп жазушылар мен сыншылар жауырды жаба тоқып, сылап-сипап өте шығады не болмаса үндемей қалады. Ол ол ма, елеулі олқылығын көре тұрып мақтайтындар да жоқ емес. Сондықтан да олар қазақ жазушыларының пьесалары туралы әділ, қатал сын өз арамызда емес, Москвада, орталық баспа орындарында айтылатын болып жүр. Өмірдегі кездейсоқ оқиғаны арқау етіп, жүрек тырналайтын мелодрамалық ескі тәсілмен жазылған Ә. Әбішевтің «Кім менің әкем?» пьесасының кемшілігін көре алмайтындай біздің жазушылар қауымының ой дәрежесі төмен емес еді ғой. Бұл пьесадағы адамдар арасындағы жалған қарым-қатынас, жасанды тартыс жабайы көзге де көрініп тұрған жоқ па еді? Уақытында, пьеса сахнаға шықпас бұрын қатты да болса шынын айтып авторға көмек көрсетудің орнына жөнсіз мақтаған жоқпыз ба? Осы көңілшектіктен автор мен театр қандай пайда тапты?
Жазушының талабын тойтаратын дөрекі, сыңаржақ сынды жұртшылығымыз қабылдамайды. Бірақ соның екінші қарама-қарсы жағы орынсыз мадақтау не болмаса кемшілікті бүркеу сияқты пайдасыз, тоғышарлық мінездерді де қатты мінемеске болмайды.
Театр өнері — жиынтық өнер. Драматург пен композитордың жұмысы театрмен тығыз байланысты. Сондықтан да репертуар мәселесінде театрлар коллективтері, Жазушылар одағы мен Композиторлар одағы тізе қосып қызмет істемей болмайды. Театрлардың көркемдік советтері де дайын пьесаларды талқылаудан (шынын айту керек көбіне ат үсті талқылаудан) әрі бармай, репертуар жасауға самарқау қарап келеді. Жуырда Қазақ ССР Мәдениет министрлігі, Қазақстан жазушылар және Композиторлар одағы театр қайраткерлерімен бас қосып, бүгінгі заман тақырыбына репертуар жасау мәселесін талқылады. Қазір театр басшылары әр автормен жеке сөйлесіп, олардың творчестволық жоспарымен танысуда.
Біз репертуар жасаудың кейбір мәселелеріне, көбіне ұйымдастыру мәселелеріне тоқталдық. Ал қазақ драматургиясы мен драмалық музыкасының қазіргі жағдайы жаңа міндеттер алдында кең талқылауды, көптеген күрделі мәселелер жөнінде тереңірек пікір алысуды қажет етеді.
1959
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі