Қазақтың тұңғыш театры 1926 жылы ашылды. Бірақ қазақ халқы осы тосын өнерді жатырқамай, бұрын көрмеген ғаламатына үрпиіп үрке қарамай — ежелден, кәнігі, қолтума өнеріндей құшақ жайып сүйсіне қарсы алды. Демек қазақта ұлттық театр болмағанмен оның әр қилы мүшелері мен бөлшектері болған. Ең негізгісі осы биік өнердің рухы болған. Сонда да болар қазақ театр өнерінің алғашқы қарлығаштары оқу орындарынан емес, халықтың қалың ортасынан келді де, бұрын елде жоқ сахна мамандығын еркін игеріп әкетті. Және олар жоқтан бар жасап, жаңа саланы бастаушылар ғана болып қойған жоқ, жоқ... олар қазақ сахна өнерін осы күнгі биік белесіне көтеріп, өздері де әлі күнге алдарына қара салмаған озық шеберлікке жетті. Бұл пікіріміз дау туғызбас үшін төмендегі есімдерді тек атап өтсек те жеткілікті. Қалибек Қуанышбаев, Күләш Байсейітова, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Әбікен Хасенов, Қапан Бадыров, Шәкен Айманов, Рахия Қойшыбаева, Сәбира Майқанова, Жағда Өгізбаев, Камал Қармысов, Рахметолла Сәлменов... Бұл тізімге сегіз қырлы өнер иесі сұңғыла ақын Иса Байзақовты, қайталанбас ғажайып әнші Әміре Қашаубаевты, қазақтың тұңғыш шын мәніндегі ойлы режиссері Жұмат Шанинді қоссаң — осы тамаша топтың, заманында аз да болса алып топтың бейнесін көз алдымызға келтіруге әбден болатын сияқты. Осы топтың жуан ортасында қазақ өнерінің бір жайма-шуақ жадыраңқы сәтіндей, ақ жарқын таланты ұшқын шашқан Сейфолла Телғараев тұр.
Советтік Қазақстанның бүгінгі ең ірі артистерінің бірі Сейфолла Телғараев жайлы сөз қозғағанда оны осы қазақ сахнасының қара шаңырағын көтеруші алып топтан бөліп, жеке-даралап әкете алмаймыз. Өйткені: оның таланты өзгеге ұқсамай оқшау тұрғанмен — артистің туған топырағы, тамыр тартып өскен ортасы осы қауым.
Қымбатты театр жанашырлары, бастаушы топты, алдыңғы буынды асыра мадақтағаным, келесі буындарды кем санағаным емес. X. Бекеева, Ш. Жандарбекова, Н. Жантурин, ЬІ. Ноғайбаев, Б. Римова, Ф. Шариповалар, кіші театрда істесе де өнерлері үлкен Б. Қалтаев, Ә. Өмірзақова, Қ. Жәкібаев, М. Бақтыгереев... Тәжірибелі, аққаптал режиссер А. Тоқпанов, күннен-күнге өнерін шыңдап өсіп келе жатқан тамаша режиссерлер Ә. Мәмбетов, В. Пұсырманов, Б. Омаров... Бұларға жалғаса шығып келе жатқан кейінгі жастар. Бұлар алдыңғылардың заңды жалғасы.
Осы күні «Ұрпақтар қайшылығы» деген сөз жиі айтылады. Мен осы арада бұл таластың байыбына барып жатпаймын. Бірақ бізде ұрпақтар қайшылығы жоқ өнер саласы болса — ол қазақтың театр өнері екені сөзсіз. Оған дәлел — алдыңғы аталған халықтың қалың ортасынан шыққан өнерпаздар мен кейінірек оқу бітіріп мамандық алып келген артистердің арасында кішкентай да болса қиғаштық, алшақтық болмай, аралары бірден қабысып кетті. Олар бірінен-бірі үйреніп, бірін-бірі толықтырып әдіс-тәсілі бір, тынысы, рухы бір жарастықты ансамбльге айналады. Сөйтіп бірнеше ұрпақ бірігіп, біте қайнасып бүгінгі ұлттық театрымыздың бейнесін жасады, қазақтың өзіндік театр мектебінің өнегесін салып берді.
Артист болу үшін ең алдымен шынайы талант керек. Әрине, талант білімге суарылып, ізденумен ұшталып, еңбекпен шыңдалуға тиіс. Бұл һәмма өнерпазға ортақ жаттанды қағида. Ал, біз жаңағы атаған алдыңғы буын артистердің бойынан осы үшеуіне қосымша тағы бір тамаша қасиетті көреміз. Олар өздерімен бірге сахнаға халықтың халықтық мінез-құлқын, салт-санасын, ұлттық бейнесін, қысқасы — барша болмысымен сол халықтың өзін алып келді. Олар кейінгі ұрпаққа өткен өмірдің айнасы бола білді. Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Р. Қойшыбаева, X. Бөкеева, Ә. Өмірзақовалар және басқа тамаша тарландарымыз жасаған сахналық бейнелер болмаса, қазақ халқының кешегі және бүгінгі келбетін көз алдымызға қалай әкелер едік? Ал, егер қиялымызбен осылардың біреуі ғана жасаған характерлер мен образдарды сызып тастап көрелікші — орындары қандай үңірейіп қалар еді. Халқымыздың бір мінезі, бір қылығы, бір бояуы жетпей, ойсырап тұрар еді. Мінекей, сондай қайталанбас, шынайы өнерпаздың бірі С. Телғараев.
Телғараев театрға халықтың қалың ортасынан келді де сол өзі шыққан ортасының бейнесін ала келді. Оның алғашқы жасаған образдары Ілияс Жансүгіровтың «Кек кетті» пьесасындағы Қойшы бала мен «Еңлік — Кебектегі» Жапал. Осы екі образдың екеуі де театр есігін жаңа ашқан жас артиске таныс болатын. Олар күні кеше ғана өзі шыққан ортасының адамдары, асық атып бірге ойнап, қатар жүрген қойшы балалар болатын. Сондықтан да Сейфолла бұл образдарды жатырқаған жоқ. Кәдімгі қойшы бала боп шыға келді. Сөйтіп сахна мен өмірдің жігі қабысып, сахнаға өмірдің тұтас бір бояусыз бөлшегі шыққандай болды.
Бұл жағдай жалғыз Телғараев басында болған жоқ. Сонау қазақ театрының таң сәрісіндегі Қалибек, Серке, Елубайлар жасаған бейнелерді еске алыңыздаршы. Бай болсын, батыр болсын, қара табан кедей болсын, диуана болсын — солардың бәрі қазақ өмірінің қалың ортасынан ойып алып сахнаға шығарылған образдар мен характерлер болатын.
Және бір ғажабы, алдыңғы ағалары сияқты, Сейфолла Телғараев та сахнаға артистік өнерін ғана емес, сонымен біргe өз дидарын, өзінің адамдық бейнесін ала келді. Әрине, артист адам сан құбылып, сан қилы адамның мінезін бере білуге тиісті. Онсыз артист болмайды. Бірақ неше алуан, біріне-бірі ұқсамайтын бейнелер жасаса да Телғараев өзінің бір бөлшегін, өз жанының жылуын берін отырады. Содан барып қанша епті, талантты дублер салсаң да қайталай алмайтын, тек Телғараевтың өзі ғана жасаған образдар туады. Артист қырық жылдан аса еңбек етіп, екі жүзге тарта образ жасаса, сол екі жүз бейненің арғысы мен бергісін, кәрісі мен жасын тұтастырып бір үлкен арнаға салып тұрған — артист бойында үлкен бір күш бар. Ол артистің жан күші — адам баласына деген ғажайып мейірімі. Ал адамның бойындағы ең абзал қасиет осы болса керек. Сейфолла қай геройының болмасын көкірегіне осы мейірімін салып жібергенде олар өңіне иман кіріп, нұрланып шыға келеді де, көрушінің де ішін жылытып қоя береді. Кеңгірбай заманындағы қойшы бала Жапал мен бүгінгі интеллигент Маңғасты жалғастыратын да осы мейірім. Гальдонидың Труфальдиносы мен Горькийдің Лукасын да артист өзінің осы жан күші арқылы табыстырады.
Тамаша шебер артист Телғараев бір-біріне ұқсатпай, мың құбылтып жасаған сан қилы бейнелерді, гуманист Телғараев тереңнен тебіренген мейіріммен, дүниеге деген жақсы пиғылмен тұтастырады. Құлпырмалы бояуға бай артист өнерінің ішкі өзегі міне осындай.
Сейфолла Телғараев негізінен күлдіргі актер. Ол қазіргі қазақ сахнасының ірі комиктерінің бірі. Ойлап қарасаңыздар кісіні жылатудан гөрі күлдіру қиын. Адам бойындағы кесел мен қоғам бойындағы дертті көз жасынан гөрі күлкі көбірек емдейтін сияқты. Қырық жылдан астам Сейфолла қазақ қауымының талай ұрпағын күлдіріп келеді. Ал, күлдіргі талант қалтқысы жоқ шынайы талант. Юмор деген жарықтың иненің жасуындай жалғандықты, жасандылықты көтермейді.
Телғараевтың юморы жұмсақ, жайма-шуақ юмор. Оның күлкісі жаныңды сергітеді, көңіліңді ашады. Бүркеуден кейін жарқырап шыққан күндей жан-жағыңды жадыратып, ішкі сарайыңды тазартып береді. Телғараев, абзалы сатираға, ащы мысқылға жоқ, оның бояуы әлдеқайда жұмсақ. Мысалы, оның орындауындағы Қобыландының жолдасы Қараман, эпостағыдай орынсыз өр көкірек, сырты ожар, іші қорқақ, құр дақпырттың адамы емес, дәрмені аз болғанмен көңілі қызба, қиқуға ілескенмен қауқары шамалы ақкөңіл, аңғал жан боп суреттеледі. Жұрт Сейфолланың Қараманына күлгенде — оған іштей жаны ашып аяп күледі.
Жалпы осы артистің өз геройын жұрттың жүрегіне соншалықты жақын, сүйкімді етіп көрсете білетін сиқыры бар. Оның кейбір жолы болмай сүрініп, малтығып жатқан геройларына күлгенде де ішің жылып, еміреніп күлесің. Телғараевтың күлкілі геройлары кісіге жақын — тонның ішкі бауындай көзіңе жылы ұшырап тұрады.
Артистің бойындағы ұшқын шашқан жарқын таланты құлпыра ашылып, шыңына жеткізе жасаған образы Мұхтар Әуезовтің атақты «Еңлік — Кебегіндегі» Жапал. Ұлы жазушы халық басындағы ауыр трагедияны суреттеген осы шығармасында — бірыңғай қасіретке бой ұрып кетпеген. Ол ел басындағы ауыр дертпен бірге — халықтың бойындағы сарқылмас оптимизмді, оның өлмес, өшпес күлкісін, ұшқын шашқан жарқын рухын да келістіріп берген. Осы бір тұрғыдан қойшы бала Жапалдың образы үлкен, халықтық тұлғаға көтерілген. Ал, осы образды жеріне жеткізіп, біздің сахнамызда тамаша бейнелеп берген Сейфолла Телғараев. Оның Жапалында уыздай аппақ, аңқау балалық бар, сонымен бірге кішкентай да болса көреген, табиғатымен жаралған даналық бар. Ол қарапайым даналық, халық даналығы. Телғараевтың Жапалы — ақын жанды, сезімтал, табиғаттың барша құбылысы мен адам жанының сұлулығына көкірегі ашық, көңілі сергек. Оның бойында сонау арғы заманнан халық аузында аңыз, жыр болып келе жатқан тазша бала, шіңкілдек, қу бала сияқты өлмес кейіпкерлердің де біраз қасиеті бар сияқты. Шебер артист осы образды эпикалық дәрежеге көтере білген.
Артистер қауымында «кішкентай роль жоқ, кішкентай артист бар» деген мәтел жиі айтылады. Шын мәніндегі үлкен артистермен кездескенде осы сөздің әділдігіне көзің кәміл жетеді. Осыдан отыз жыл бұрын «Абай» трагедиясында Телғараев ойнаған Баймағамбет рөлі шағын ғана болатын. Бір ғажабы ұлы артист Қалибек Қуанышбаев жасаған Абайдың қайталанбас алып тұлғасы осы кішкентай образды көлеңкесімен көміп тастамады. «О, дәт депті-ау, дәтің болса айт депті-ау» деп сөз бастайтын, жайма-шуақ жаны бар, қу тілді, ақ жарқын Баймағамбет-Телғараев бойымыз үйреніп кеткен жақсы ағамыздай әлі күнге көз алдымызда тұр.
Қайсыбір уақытта тұтас бір спектакльдер іс-түзсіз өтеді. Көрушілер қауымының жадында сақталып қалмайды. Талай көрген, қайталанған, сол арқылы қырсыз, бедерсіз штампқа айналған кейіпкерлер мен оқиғалар көңіліңді селт еткізбей өте шығады. Бірақ осылардың арасында құмның ішінде жылтыраған алтындай бірден көз тартып көңліңнен өшпей қалатын ұсақ образдар, эпизодтар болады. Сол ұмыт боп кеткен шығармалардың ішінен ұмыт болмай Сейфолла жасаған осындай қысқа болса да нақышты, әсем образдар толып жатыр.
Шынын айту керек, келте, кейде тіпті эпизодтық образдарды ұмытылмастай есте қалдыру үшін жетілген шеберлікпен бірге айрықша актерлік даралық керек. Осыдан жиырма жылға жуық бұрын, «Аманкелді» спектакліндегі Сейфолла жасаған Тымақбай бейнесі осы күнге дейін менің көз алдымнан кетпейді. Әділет үшін айта кетейін, сол спектакльдегі тағы бір естен кетпес образ марқұм Әбікен Хасенов жасаған Кете батыр болатын. Сол заманғы қазақ тірлігінің қоюырақ ұйыған жерінен қанын сорғалатып алған екі характер. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын осы екі характердің түптеп келгенде арғы тегі бір, шыққан топырағы бір. Осындай рольдерді зәредей қоспасыз шынайы халықтық болмысында орындап шығу үшін — шыңдалған шеберліктің өзі де жеткіліксіз, мұнда шеберлікке қоса актердің өз басында ана сүтімен бойына сіңген халықтың сипат, халықтық қасиет болуы шарт. Аталған екі актердің бойынан ол сипат мол табылатын.
Сейфолла Телғараевтың тағы да бір тамаша жасаған бейнесі — Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасындағы Жайнақтың образы. Бұл жолы да артистік күлдіргі таланты ұшқын шашып, ерекше көзге түседі. Жайнақ Шоқанның атқосшысы, күтушісі. Былай қарағанда әшейін елеусіз роль, көп болса оқта-текте жұртты күлдіру үшін енгізген қыстырма кейіпкер сияқты. Бірақ Телғараев ойнаған Жайнақ көз алдыңда қомақтанып, тұлғасы дараланып, сомдалып Шоқанның екінші натурасына айналып бара жатқанын көресің. Телғараев-Жайнақ төре тұқымының атқосшы төлеңгіті емес, ол бір жағынан Шоқанның ақылгөй кеңесшісі, халық ішіндегі қырағы көзі. Ол тапқыр да, өткір. Ол Шоқанның жан аямас досы, ниеттес серігі. Актер өз геройының басына халықтық қасиетті жинақтап, сығымдап бере білген. Жайнақтың бойында да халық аңызынан келе жатқан Тазша баланың тапқырлығы мен даналығы бар. Сөйтіп актер бұл образды да осы трагедияның ішіндегі бұқара халықтың шынайы өкілі дәрежесіне көтеріп, эпикалық биікке шығарған.
Телғараев жасаған образдар ондап емес, жүздеп саналатынын айтып кеттік. Әрине олардың бәрі жеке талдауды, терең зерттеуді күтіп тұрған қазыналар. Біз осындайда қазақтың театр тану ғылымының көп кешеуілдеп, мешеу хәлден көтеріле алмай жатқанына көңіліміз құлазып, күрсініп өте береміз. Актер жиырма үш кинофильмге түсіпті. Олар «Алтын мүйіз», «Біз осында тұрамыз», «Шабандоз қыз», «Даладағы қайық», «Қыз Жібек» және басқалар. Телғараев кинематографияда да өз машығын танытып, әдемі, нақышты бейнелер жасады. Бұ да актер еңбегінің үлкен бір жемісті саласы есебінде тексеруді қажет ететін дүниелер.
Талантты актердің айқын ізі қазақ сахнасындағы дүние жүзі мен орыс классикасында да жатыр. Ол Шекспирдің «Отеллосындағы» Родригосы мен «Асауға тұсауындағы» Грумиосы, Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметкеріндегі» Труфальдиносы. Гогольдің «Ревизорындағы» Бобчинскийі, Максим Горькийдің «Шыңырау түбіндегі» Лукасы мен «Күннен туғандарындағы» Трошині, Островскийдің «Таланттар мен табынушыларындағы» Ғасиясы мен «Шындықтан бақыт артындағы» Глебі. Әрине бұл рольдерді дүние жүзі және орыс сахнасында Телғараевтан бұрын да талай елдің жақсылары мен жайсаңдары, небір марқасқалары орындаған. Осы айтылған кейіпкерлердің сахналық бейнесін жасаған. Солардың қайсы бірі эталонға да айналған.
Осы спектакльдердің бәрінде қазақ театры сол шығармалардың дүние жүзіндегі трактовкасына бір жаңалық қосты деп айта алмаймыз. Әрине, бұл постановкалардың көбі бізге ең алдымен педагогикалық жағынан қажет болды. Бірақ осы әйгілі шығармалар қазақ сахнасында із-түзсіз өте шыққан жоқ. Осы классиканың сырын ашуда, кейде бұрын бір аңғарылмаған қырын ашуда қазақ актерлерінің елеулі еңбектері болды. «Ревизордағы» Қ. Қуанышбаевтың — Дуанбасысы мен Камал Қармысовтың «Сараңы», «Асауға тұсаудағы» Бөкееваның Катеринасы мен Аймановтың Петручосы соның айғағы. Міне осындай сәтті шыққан қазақ топырағынан аз да болса қоң жиған образдардың қатарына Сейфолла Телғараевтың Труфальдиносы, Бобчинскийі мен Лукасы қосылады. Актер көп ізденіп, классикалық образдардың сырын ашу жолында ерінбей еңбек етеді. Бұрын-соңды орындаушылар жөніндегі мәліметті зерттейді, көп ойланып қалыпқа түсіп қалған кейіпкерлерді өзінше ашуға жанын салады. Әрине, қазақ топырағы, қазақ актерінің натурасы бұл образдарға өзіндік із салмай қойған жоқ.
Максим Горькийдің Лукасы орыс топырағында туған образ. Орыс мұжығының көнбісті төзімділігі, кеңдігі мен христиан дінінің «жақыныңды /адам баласын/ жақсы көр» деген уағызы жалғасып Луканың философиясын туғызған. Бұл бейнені Москвиннен Грибовқа дейінгі МХАТ-тың мықты шеберлері шыңына жеткізе жасап берген. Бұған бір нәрсе қосып, алудың өзі қиын. Бірақ Телғараевтың Лукасы —дәл аналардікіндей шыңына жетпегенмен, бұрынғы трактовкасына қосымша сипаттар тапты. Оған қазақтың кәдімгі кең пейіл мейірбандығы мен актер бойындағы ақ уыз адалдық пен адамға сенгіш аңқаулығы қосылып, Луканы балғын сезімге бөлеп, оны аз да болса жаңартып, тазартып шығарғандай болады.
Телғараев классикалық образдардың бәрін шыңына шығармағанмен, сол образдардың әрқайсынан оның актерлық даралығы, өзіндік дидары көрініп тұратын. Және Сейфолла орындаған бұл рольдер көруші көңілін селт еткізбей, із-түзсіз кетіп көрген емес.
Драмалық актердің ең үлкен құралы сөз. Толып жатқан пластикалық шешімдер, өң құбылысы, бет-ажары, іште толқыған, сыртқа тепкен сезімдер — осының бәрі сайып келгенде сөзге тамырласады, не сөзден туады. Актердің кейіпкерді бейнелейтін мықты бір бояуы сөз. Әрине, баспасөз емес, дыбысы, үні бар, әр бунағы сезімге, ойға толы кәдімгі тірі сөз. Автордың қағаз бетіне таңбасы түскен сөзіне дыбыспен бірге жан бітіретін де, әр сөздің бетіне қан жүгіртіп, лүпілдетіп тамырын соқтыратын да актер. Сейфолла Телғараев сөзге шебер актер. Ол әр геройының интонациясын, сөз нақышын, керек десеңіз дауысын да дәл тауып алады. Және қай кейіпкердің болмасын сөзіне жан кіргізіп, айтар ойын үңгіп жеткізе алады. Сейфолланың ерекше сүйсінтер қасиеті — ол кешегі сөз мақамы мен бүгінгі интонацияны тең игерген. Жиренше бидің еркін төгілген шешендігін, әккі басып, астарлы сөз тастасып, Жапал қойшының өзіндік сөз мақамын, бүгінгі интеллигенттің жаңа ұғым, жаңа образды сөз саптасын соншалықты шебер жеткізеді.
Осыған орай көңілімдегі бір уайымды айтып кеткім келеді. Ол сірә, көбімізге ортақ уайым болса керек. Москваның кіші театры мен МХАТ орыс сөзін сақтаушы, тілдің тазалығын қорушы, белгілі бір дәрежеде сол тілдің академиясына айналғаны белгілі. Олар сөзді сақтағанда — тасқа басылған сөзді емес, ауызша айтылатын тірі сөзді, сол сөздің халық айтатын алуан мақамын, дыбысы мен үнін сақтаушы. Біз де өз театрларымыздан осындай міндет атқаруын күтеміз. Бірақ шынын айту керек, қазір қазақ сахнасында қазақ сөзінің өңі қашып, дыбыс бояуы семіп барады. Әсіресе бұрынғы қазақ сөзінің ырғағы мен мақамынан айрылып барады.
Қазақ халқы сөзді өзге халықтан көбірек қастерлегені бәрімізге аян. Тарихи тағдырына сәйкес сөз өнері қазақ халқында бірінші орында тұрды. Халық сөз қорының молдығын, сөздің өткірлігі мен тапқырлығын ғана ойлап қоймай, оның үнділік жағына да ерекше назар аударған. Жазба әдебиет дәстүрінен ауыз әдебиет дәстүрі басым елде — сөздің үнділігінің орны ерекше. Сөздің құнын түсіретін де, өңін кіргізетін де дыбыс. Сондықтан да бұрынғы қазақ сөзінің интонациясы орасан бай болған. Сол байлық сахнаға келіп еді ғой. Ал, қазір сол байлық азайып, сахнадағы қазақ сөзінің жүдеп бара жатқанын сезесіздер ме?
Кеше нең бар еді? Қалыкейдің әр дыбысы өз орнын тапқан, тереңнен тепсініп шыққан, күмбірлеген қоңыр сазы бар еді. Оның сөз саптасы қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан, парасатты сөз мәдениетін танытпаушы ма еді?! Елубай сөзінің шиыршық атқан шымырлығы от екпінді өрлігі мен Әбікен Хасеновтің әр сөзін балғадай салмақтап, нығыздап тастайтын сөз машығы қазақ халқының екі түрлі характерін танытпаушы ма еді?! Ал, Шәкеннің еркін төгілген ақындық шабытты сөзі мен Байділда Қалтаевтың мағынасына үні жарасқан, әдемі сазды, нақышты, ойлы сөйлеуі ше?! Тіпті «тілін шайнап сөйлейді» деген Сер-ағаның сөз интонациясында қанша байлық жатыр? Еспембет сөзінің атқан оқтай өткірлігі мен қазымыр қатаңдығы текстен гөрі Сер-ағаңның дауысында жатқан жоқ па? О кісінің сөзінің сенімділігі сонша, көпшілігіміз басқа орындаушыны қабылдамай-ақ қойған жоқпыз ба. Ал Қарабай мен Қоңқайдың сөз мақамдарын салыстырып көрсеңіздер — қанша айырмашылық жатыр?
Ал, әйелдер сөзі ше? Тіпті басқа бояуды айтпағанда әне бір алыстау кездегі Жамал Жалмұхамбетованың Баяны, Рахия Қойшыбаеваның Зересі, Сәбира Майқанованың Толғанайы, Бикен Римованың «Абайдағы» Зейнеп ақыны — қазақ әйелдерінің эпикалық тұлғасының даусын берді.
Көріп отырмыз, бізде қазақ сөзінің дыбыс бояуы сорлы болмаған сияқты. Бірақ сол байлығымыз қазір шашырап азайып барады. Бұрынғы заманда ұстатпайтын дауысты қазір оп-оңай жазып алуды үйренсек те салақпыз. Әміренің әні сияқты Қалибектің — Абайдағы данышпан даусы мен Әбікеннің қайталанбас сөз ырғағы өздерімен бірге кетті.
Мәселе жазып алуда емес, сол сөйлей білу өнерін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруде болып отыр. Кейінгі буыннан, қазір, кешегі күннің сөзін қойып, бүгінгі күннің сөзін жеткізіп айтатын артистер азайып кеткен.
Сөз жоқ, қазақ режиссурасы елеулі табыстарға жетті. Бір жағы киноның тықыры ма, спектакльдеріміздің етек-жеңі жинақы, формасы ширақ болып, динамикасы күшейе түсті. Қазақ режиссурасы осы заманғы дәрежеге көтеріліп, жақсы сауаттанды. Артистеріміз де образды әсерлірек ашатын харекет құбылыстар, бояулар табатын болды. Осылай басқа жағымыз өрлеп келе жатқанда, өнеріміздің төмендеп кеткені, шынында да қатты қынжылтады. Бұған бір рауаяттан кейбір құнсыз, шорқақ тілді пьесалар да кінәлі болуы мүмкін. Бірақ пәленің басы жаман пьесаларда емес. Театр қауымының кейінгі буындары осы Сейфолла сияқты алдыңғы ағаларының бойында барын алып қала алмай жатыр.
Жоғарыда Телғараев қазақ сахнасының ең ірі күлдіргі актерлерінің бірі екенін айттық. Күлдіргі актер таланты табиғатта сирек кездесетін, сондықтан да айрықша қастерлеуді керек ететін, абзал дарын. Бірақ Сейфолла өз өнерінің тек комиктікпен шектелмейтінін, бойында шынайы драмалық, тіпті лирикалық сипаты барын да бірсыпыра рольдерде көрсетіп келеді. Әбділда Тәжібаевтың «Майра» пьесасындағы Майраның әкесі Уәлидің рөлін аса шебер атқарып шықты. Момын, еңбекші адамның әдемі жан қасиетін аша білді. Әсіресе озбырлардың жауыздығы шегіне жетіп, Майраның басы саудаға түскен кездегі Уәлидің қорлық әкелік сезімін, ашу-ызасын, озбырларға айтар лағнатын берер жерде өзі де қатты тебіреніп, залдағы жұрттың да сай-сүйегін сырқыратады.
Ал, осыған қарама-қарсы «Абай» трагедиясындағы Жиренше бидің образы ше? Ол мұнда айлакер әккі, сырты жылпылдаса да ішін алдырмайтын, қара сөзге келгенде бұлаң құйрыққа салып ұстатпайтын нағыз майталман болып шыға келеді. Жиреншенің сырты жұмсақ болғанмен өзегі қатты. Осы образ актер өнерінің бұрын біз байқамаған жаңаша бір қырын танытып кеткендей.
Сейфолла Телғараевтың ерекше актерлық, керек десеңіз адамдық қасиетін ашатын менің өзім тікелей куә болып, жақынырақ араласқан бір-екі эпизодты айта кеткім келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын Сейфолла «Сәуле» драмасындағы Құдайбергеннің рөлін дайындады. Құдайберген бастықтардан да, әйелінен де көп қысым көріп езіліп қалған адам болатын. Бірақ көңілі таза, адал, өз ісіне жетік маман. Сол Сәуленің әсерімен еңсесін көтеріп келе жатады. Осының бәрін Сейфолла тамаша берді. Өз геройына әр түрлі әсем бояу тауып жұртты күлдіріп, сүйсіндіріп отырды. Бірақ артистің осынша шебер жасаған рөлінің соңғы бір мықты нүктесі жетпей қалды. Құдайбергеннің өзінің еңсесін албастыдай басып келген әйелі Бөпежанға ақыр-аяғында келіп жарылып кетіп «Жоғал! Жоғал!» деп ақыратын жері болушы еді. «Жуастан жуан шығады!» деп осы арада Құдайбергеннің бір ірі мінез көрсететін жері еді. Дәл осы арада Сейфолланың бойынан ашу табылмай қойды. Айқайы тіпті зәрсіз. Режиссер мен автор оны екі-үш күн әурелеп еш нәрсе шығара алмаған соң, ақыры Мадиевский режиссерлық қулыққа салып — осы айқайлайтын сәтте Құдайбергенді залға желкесімен қаратып, оның айқайының зәрін Бөпежанды ойнаған Римованың көзіндегі үрей арқылы беруге мәжбүр болды.
Актерлық жағынан мүмкін бұл Сейфолланың кемшілігі шығар, бірақ осы эпизод оның тамаша адамгершілік қасиетін, адамға титтей қиянат жасай білмейтін жанының жібектей жұмсақтығын танытатын сияқты.
Екінші оқиға биыл болды. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов «Күтпеген кездесуде» Маңғас рөлін Телғараевқа беріпті. Мен оны онша құп алмадым. Ол Маңғастың бастапқы сахналарда 18—19-дардағы жас жігіт болуынан ғана емес. Пьесаның бүкіл сөзінің жартысынан көбі Маңғастікі, ол шымылдық ашылғаннан спектакльдің ең соңына дейін сахнадан екі елі шықпайды. Бүкіл спектакльдің салмағын арқалап, бастан-аяқ өзек болатын сол. Менің қорыққаным алпысқа келген адам сонша тексті жаттап, сахнадағы соншама салмақты қалай көтермек? Осы күдігімді айтқанда режиссер: «Оқасы жоқ, алпыс жылдық тойы қарсаңында бір-жар ойнап ырымын жасаса, ар жағын жастар ойнап кетеді ғой», — деп мені алдарқата салды.
Спектакль сахнаға шыққанда өзімнің мықтап қателескенімді білдім. Жастардың өзіне күшке түседі деген рольді Сейфолла ойнап алып кетті. Тұла бойы мейірімге толы, үлкен адамгершілігі бар, кішіпейіл жанның жан сүйсінтер бейнесін жасады. Әдетте авторлар артистерге риза бола бермейді. «Менің ойымды жеткізе алмадың, жасаған образымды аша алмадың» деп айып таққыш келеді. Мен де өзімді сол кінәмшіл авторлардан пәлендей бөлек санамаймын. Бірақ Сейфолла жасаған Маңғас образынан өз басым кішкентай мін таба алмадым. Қайта ол мен жазған Маңғасты көп қасиеттермен толықтырып, тереңдете түскен. Сол образға өзінің көзінің нұрын, жүзінің иманын беріп, көрушінің жүрегіне тіпті жақындатып әкелген тәрізді. Жұрт Телғараевтың Маңғасына кәміл сенді. Сөйтіп осы актер өзінің нанымдылығымен, тартымдылығымен пьесадағы мелодрамалық сарынды сыпырып тастап оны нағыз реалистік халге, өмірге жақындатып әкелді.
Сейфолла Телғараев нағыз шыншыл реалист-суреткер. Ол сахнада жалған, жасанды мінез көрсетіп, өтірік сөйлеп көрген емес. Керек десеңіз ол кейбір жасанды, нашар образдарымызға да жан бітіріп, тірілтіп жібереді. Телғараевтың реализмі — өмірдегі барды аудартпай көшіріп алатын еліктеушілік емес. Ол әр кейіпкердің сырын, сол арқылы өмір сырын терең үңгіп ашуға аянбай күш салатын шебер артист. Және өнерге дегенде қалтқысы жоқ адал артист.
Сейфолла Телғараевтың еңбегі жоғары бағаланған. Ол Қазақ ССР-ының халық артисі. Онда лауазым да, наград та жетерлік. Мұның бәрі еңбек зейнеті.
Әрине, кейде басқаша да жағдай болады. Кейбір суреткерлердің өнері өздерінен әлдеқайда бұрын өліп қалып, атақ-лауазым оларды құлатпай демеп тұратын балдаққа айналады. Ал, Телғараев болса сол атақтың өзіне сән беріп, салмағын арттырып тұратын суреткер.
Кейде көруші қауымның «шіркін нағыз артист деп соны айтсайшы!» деген жалғыз ауыз сөзі көп наградтан артық болады. Ал, Сейфолла ағаңыз шынында да нағыз артист!
Сейфолла — сахнаға ұшқын шашқан ақ жарқын дарынымен бірге қарапайым, кішіпейіл, еңбек сүйгіш абзал қасиетін де ала келді. Биік өнеріне қоса адам баласына деген мейірбандығы мен ақ уыз адалдығын әкелді, яғни ол қазақ сахнасына бойындағы өнерін ғана емес, жан-тәнімен өзін де түгел берген адам.
1970
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі