Өлең, жыр, ақындар

Қыдырбай молданың әңгімесі

«Мен 13 жасымда жетім қалдым. «Отау иесі» деп қарт әкем мені 13-ке толар-толмасымда-ақ үйлендіріп тастаған. «Әлі бала жас қой, тым ертерек емес пе?» деп сұраған ағайынға «менің жасым кеп қалды, көзімнің тірісінде келін түсіріп кетейін, немерені Құдай өмір берсе көрерміз» дейді екен.

Ол кезде Талқының (тау) аузында отырамыз, жаздай есекпен, атпен сүйреп әкелген қарағайдан қатырып тұрып екі ауыз там салып алғанбыз. Ол уақытта ортаға қоятын темір пештің өзі қат, табылмайды.

Амал жоқ, қыстыгүні ортаға от жағып, соның шоғын көміп қоятынбыз. Таң ата шешем әлгі шоқты қоздатып, үстіне шөп-шалам салып, үрлеп тұтатып алады. Ол кездегі тіршілігіміз сондай еді. Бірақ, мен үшін осы өмірім Жұмақтан қымбат екенін кейін білдім... Жағдайымыз жақсы еді.

Мал бір жұттық деп қалай тауып айтқан. Бір қыстағы жұттан таяқ ұстап қана шықтық. Тағы қыс түсті. Бір түнде үйіміз өртеніп кетті. Сол өрттен мен ғана аман қалдым. Әкем мен анам, 13 жастағы пәк әйелім сол түні ажал құшты. Енді аш қалмау үшін байларға жалданып жұмыс істедім. Содан бір байдың атқосшысы болдым. Әйелі мен баласын ары бері арбамен тасып жүрдім. Баласын таң ата салысымен мектепке алып барам, түстен кейін алып қайтам.

Менің еңбекақым — ішкен асым мен жатқан төсегім, басқа көк тиын да көрмеймін. Жатқан төсек дейтін аты ғана. Менің жататын жерім - тауықтың күркесіндей ғана атқораған жапсарлас салынған шағын бөлме.

Бір уақытта қожайын:

— Ұстазың кім? — деп сұрады.

— Ұстазым бәленше деген молда, — дедім.

— Оооо, сен нағыз данышпан молдадан дәріс алған екенсің ғой — деді, үндеместен күркеден шығып жүре берді.

Не болғанын түсінбей мен де біраз отырып қалдым. Бір уақытта аяғын сүйрете басқан байдың баласы келіп, әкесінің шақырып жатқанын айтты. Әдетте бұлар есіктен басын шығарып айқай салатын, енді неге байдың баласы өз аяғымен келіп тұр? Өмірімде табалдырығынан аттап көрмеген зәулім сарай үйдің есігіне барып тоқтадым. Байдың баласы есікті ашып, «ішке кір» деді. Кірдім. Бай арғы бөлмеден шығып, менің қолымнан жетектеп бір бөлмесіне апарды. «Енді осында тұрасың» деді. Аң-таңмын. Бәйбішесі келіп «мыналарды үстіңе киіп ал» деп баласының жаңалау киімдерін берді. Баласы ауызғы бөлмедегі моншаға ертіп апарды. Тағы біраздан кейін әке-шешем өлгелі бірінші рет баймен бірге бір дастарханнан тамақ іштім.

— Қыдыр, екеуіміздің ұстазымыз бір адам екен. Ол өте мықты ғалым еді. Сенің ондай адамнан білім алғаныңды, сенің сауатты екеніңді білмеппін. Бұдан былай сен құжырада тұрмайсың, осында бізбен тұрып, бізбен бірге ас ішесің — деді.

Осы кезде, әлде, қорқыныштың бірден сейілгенінен, әлде, мені молдаға жетелеп апарып оқытқан әке-шешем есіме түсіп кетті ме, еңіреп қоя бердім.... Сол күннен бастап, тамақ пен киімді, жылы төсек тегін болғаны былай тұрсын, маған жалақы төлейтін болды. Оның сыртында аптасына үш рет медресеге барып, сабақ оқуға мүмкіндік берді. Міне, балам! Білім — күркедегі мені байдың сарайына кіргізді! Білім — менің есіктегі басымды төрге шығарды...»

Дәулетхан Жиенқұлов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз