Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылы Жұмекеннің 50 жылдығына байланысты кеш өткізген болатын. Сонда асыл азамат, ардагер ақынның қаламгер көп серігінің бірі ретінде мен де сөз сөйлеп едім. Жуырда қағаздарымды ақтарып отырып, сол сөздің жазба нұсқасын тауып алдым. "Кезінде неге баспасөзде жарияламағам?" — деп те таң қалдым. "Ештен кеш жақсы" деп түйіп, түгін өзгертпей, шып-шырғасыз жариялауды мақұл көрдім. Өйткені Жұмекендей азаматтарды әрдайым ұмытпай, оқтын-оқтын еске түсіріп отырғанның артығы жоқ деп түйдім.
Жұмекен Нәжімеденовпен қашан, қайда, қалай танысқанымды еске түсіре алар емеспін. Тіпті, бізді ешкім ресми дағдымен таныстырмаған да болуы керек. Бір үйдің жетеқабыл балаларын бір-біріне ешкім таныстырып жатпайтыны сияқты, жан-жақтан жамыраса келіп, әдебиет шаңырағы астында табысқан біздерге де арнайы таныстырудың қажеті болмаған шығар. Бір өлең, екі өлеңі газеттер мен журналдарда енді-енді жариялана бастаған жастар бір-бірінің атына да, затына да сырттай қанық болатын әдеті, сол әдетпен біз де тез шүйіркелесіп, жатсынбай, жатырқамай, жақын болып жүре берген болуымыз керек. Содан бергі 25 жыл ішінде Жұмекен екеуміз, әйтеуір, бірде жақындап, бірде алыстап, бірақ қашан болса да шәй деспеген тату жағдайда дос, жолдас болып жүріппіз. Ол бір қазақ жазушыларының әлі жүзге бөлінбей, сүттей ұйып тұрған әдемі кезі еді. Қазіргідей өлкеге бөлініп, ит те болса руласының сойылын соғысып, жыртысын жыртатындар онда болмайтын, біз тіпті көңілі жақын жолдастарымыздың облысын да, туған ауылын да сұрамай, бірден-ақ үйірлес болып, тонның ішкі бауындай тату тірлік кешіп кете беруші едік.
Оның үстіне, Абай айтатын "Кімді көрсең, бәрі дос" дерлік жастық шақтың өз артықшылығы тағы бар.
Әрине, мен Жұмекеннің жар дегенде жалғыз досы да, ең жақын сырласы да, жұп жазбас жолдасы да болдым дей алмаймын. Алыс кетсе, аңсап сағына қоймайтын, жақын жүрсе, жұп жазып ажырасқысы келмейтін де достықтың бір ғажап түрі болады. Біз де сондай едік.
1971 жылдың басында кейін "Ақдариға" деген атпен жарық көрген өлең кітабымды жазып біттім де, жолдастардың пікірін білгенше жерге сыймай, қолжазбамды көтеріп Алматы келгем. Жұмекен онда Қазақстан Жазушылар одағында консультант еді. Одан бес-алты жыл бұрын "Жазушы" баспасында істеп жүргенде: "Мен саған кітап шығарып бере алмаймын, бірақ көлемі 100-150 жол балаларға арналған өлеңің болса, суретті кітапша етіп жоспарға кіргізіп берер едім. Тез жазып әкелші!" — дегені болған. Ондай өлеңді жазуын жазсам да, кітапша етуге құнтым да, құлқым да болмай, аяғы сиырқұйымшақтанып барып тынып еді.
Сол Жұмекенді жұмыс орнынан бастым да: "Сен бар жұмысыңды жиып қойып, түске дейін осы қолжазбамды оқып шығып, кесімді бағасын бер!" — деп қолқа салдым.
Жақсы бір шабыт үстінде жазылып қалған дүниелер еді, жаман емесін ішім сезгенімен, сырт көз — сыншы, білікті біреудің дәл айтар пікірі керек болып тұрған.
Жұмекеннің де жөпшендіге желіге қоймайтын салқын сабыры жетерлік. Оның үстіне, "Осы не тындыра қойды дейсің" деген сенімсіз самарқаулығы да бар, өлең салған пәпкемді немкеттілеу алып, салмақтап көріп, алдына қойды.
Осының алдында ғана Тоқаш Бердияров мені өзбек жазушысы Нәсір Фазыловқа таныстырғанда: "Кезінде талантты бастаған, бірақ пенсияға ертерек шығып кеткен ақын" — деген шақпалау сөзінің куәсі болған да Жұмекен еді.
Қойшы, сонымен, араға екі-үш сағат салып оралсам, бастапқыдай емес, Жұмекенім мені өзгеше бір жылы шыраймен қабағы жадырай қарсы алғаны ғой. Аса бір рахат сезім үстінде отырғаны байқалады. Қолыма бір жапырақ қағазды да ұстата берді. Менің өлеңдеріме жазған рецензиясы екен. Өкінішке орай, қазір толық есімде жоқ, ұзын ырғасы: "Сәкен, сен қайта түлеу үстінде екенсің, көп өскенсің, мына өлеңдерінде поэзияға керек компоненттің бәрі бар. Шын мәнінде қатты разы болдым. Қаны да, жаны да бар жырлар екен" дегенге саятын.
Осы сөзге арқаланып, енді төменгі қабаттағы "Жазушы" баспасының поэзия редакциясының меңгерушісі Ғафу ағама барайын.
— Ғафа, — дедім ол кісіге, — інілік қолқам болсын, кейінге сырғытпай, бір сағат уақыт қиып, мына қолжазбамды оқып шығыңызшы. Егер ұнамаса, бұдан кейін осы көшемен жүрмеуге уәде берейін.
— Оу, сен таусыла сөйледің ғой, әкел, оқып шығайын, — деп Ғафаң қолжазбамды алып қалды.
Бір сағаттан кейін барсам Ғафаң:
— Сәкен-ау, сен ақын екенсің ғой, қарағым. Қатты разы болдым ғой, — деп аса бір мейіріммен қолымды қысты.
Сөйтіп, қазақтың екі бірдей ақынының разылығына ие болып, сол күні келістіріп бір жуғанымыз бар еді.
Біз 1971-1973 жылдары Москвада екі жыл бірге жүрдік. Ол әдебиет институтының жоғарғы курсында, мен жоғары партия мектебінде, ол әдебиетшілер арасында, мен партия-совет қызметкерлері арасында жүрдік те, күн құрғатпай дерлік жолығып, бірімізді біріміз үзбей іздеп, жиі кездесіп жүрдік. Сол кезде кезекті бір прозалық шығармасы "Кішкентайды" асығыс жазып жатқан Жұмекен, Алматы жақтан келген әдебиетші ағайын болса, алдымен партшколадағы маған ертіп келіп, не түрлі әңгіме-дүкен құратынымыз болушы еді. Бір-бірімізді қиып кете алмай, Мәскеу көшесін кезіп қыдырыстап, көп таңды көзбен атырған күндеріміз де болған. Рас, әңгімеміз тек әдебиет төңірегінде болды дей алмаймын. Адам атаулыға тән осалдық бізде де бар еді. Енді ойласам, орда бұзар отыздың үстіне енді шыққан біздің пешенемізге бұйыра қалған ол да бір ғанибет ғажап кездер екен.
Сол кездегі мына бір оқиғаларды айтпай кету обал сияқты.
Бірде Жұмекенді іздеп Добролюбов көшесіндегі Әдебиет институтының жатақханасына бара қалайын қаңғалақтап. Ол төсегінде күйтабақтан күй тыңдап отыр екен. Менің келгенімді аса жарата қойған жоқ. Жақтырмай қалғаны айтпаса да білініп тұрды. О жақ, бұ жағынан шығып көріп едім, сол илікпеген сұлқ қалпында қала берді. Қашанғы елпілдей берем, ашып айтпасам да, іштей ренжіп, шығып жүре бердім де, хабарласуды доғарған болдым.
Бір күні беймезгіл уақытта телефон соғып:
— Мен қазір саған таксимен барам, Новослободск метросы жағынан күтем, — деді.
Жеті түнде не болып қалды екен деп, көңіл де өрекпіп, айтқан жеріне барып тұрдым. Әне-міне дегенше, таксилетіп жеткен Жұмекен:
— Отыр, — деді мен жақ есігін ашып, — қыдырайық. "Қыдырғаны несі, мынау жынданған ба, немене", — деп ойладым, бірақ үндемедім.
— Әнеукүні сенің қырысып-тырысып, өкпелеп кеткенінді білем, — деді ол. — Бірақ сен қыртима, онда романымның аяқталу кілтін таба алмай, қиналып отыр едім. Қазір соны аяқтап, соңғы нүктесін қойдым. Үйге сыймай, сені іздеп шыққаным ғой. Жуайық соны.
Түн ортасынан ауған шақ. Ресторандар жабық. Ақыры, қойшы, "Россия" ресторанының есікшісін оятып жүріп, сол кездегі төрт бағасына бір шөлмек арақ тауып алдық.
Кейін Жұмекен сыра-пыра ішкісі келіп, мен қашқақтап, ақша жоқ деп қипақтатқанымда:
— Әй, қой, Мәскеуде жиырма сомға бір жарты (ол кезде арақтың жартылығы 4-5 сом болатын) алып ішкенде де аштан өлген жоқ болатынбыз, әйда, кеттік, — дейтін.
Жұмекен жұмыр жер үстінде бар болғаны қырық сегіз жыл ғана өмір сүрген екен, тіпті қыршын жас, бұл жасында көз жұмған адамның қай-қайсысына да аяныш білдірмеу мүмкін емес, ал Жұмекен Нәжімеденов сияқты өнімді жазатын телегей де терең таланттардың өмірден ерте кетуі ол өкінішіңді еселеп үстей түседі. Қарап отырсақ, қазақтың мандайына сирек бітетін біртуар ұлдары Шоқан, одан кейін Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, кешегі Қасым, Жұмекеңнің қаламдас-замандастары Мұқағали, Төлеген, Құдаш, Жүсіптердің бәрі де сондай өмірден ертерек кеткен нағыз қыршындар екен. Мен өз білетіңдерімді ғана атадым. Оларды еске түсіруімнің себебі, қазақ әдебиетінің, әдебиетінің ғана емес, барша мәдениетінің көгіндегі үркердей ірі шоғыр ішінде Жұмекен де Темірқазық жұлдыздай жарқырап қала беретін тұлға болғалы тұрғанын айтпақ едім. Әртүрлі жанрда артында қалған мол мұрасы бұл пікірімізді сөзсіз нақтылап, шегелей түседі.
Тірліктің басқа саласы сияқты, әдебиеттің де әртүрлі заңдылық-заңсыздығы болып тұрады. Бір жазушылардың жөргектен-ақ жолы болып, жұлдызы жанып жүре берсе, екінші біреулері өлгеннен кейін де елеусіз қалып жатады. Шүкір, Жұмекен бұл екеуіне де қосылмайды.
"Қызмет қыл да, міндет арт" дей тұрсақ та, еңбегі бағаланып, жұрт аузына ілігіп жүр еді. Онысын бұлдаған жері және жоқ. Бірақ тірлігінде толық бағасын алып болып еді деп айту киын. Кейде әдебиеттің ауыр жүгін, бар азабын таланттылар арқалап, аздаған қызық рахаты болса, оны қайдағы бір қағынып кеткен қаспақ жалаушылар мен халтуршиктер көретін де кездер болады.
Торғай шырылдады,
Мысық пырылдады, — деп те өлең жазып, ақынмын деп, атақ-дәреженің абыройлысынан дәмеленіп жүргендер аз ба. Ал бүкіл алпыс екі тамырын дірілдетіп, солқылдатып, өлеңді тек жүрегінің ыстық қанымен ғана жазатын Жұмекен, не Жұмекен тектестер кейде әлгіндей өлермендердің қолжаулығына айналып жатса, қайтер едің? Әрине, тіршілік тартыссыз болмайды. Ал әдебиетте бұл тартыс тіптен бөлек жолмен дамитыны белгілі. Күрес дегеніміз, тартыс дегеніміз бет жыртыса айтысу, мінбеге шығып бір-бірінді енді қайтып көрместей жерден алып, жерге салу болмаса керек. Амал не, соны да күрес түрі санап жүргендер де кездесіп қалатын шығар. Жұмекен өз шығармаларында осындайлармен де күресті. Әдебиет төңірегіндегінің де, былайғы басқа тірліктің де карьеристері, халтурщиктері, пысықайлары, ептілері, аярлары мен арамзалары оның да жанын жеп, жүрегін сыздатып, түршіктіретін еді.
Шалшықтағы бақаларды көрсетеміз кісі ғып,
Сұңқарлардың аздығы арқасында түсініп, —
деп сондайды айтқан болуы керек. Осындай іші де, ісі де, түсі де жат әкімсымақ, арамза, ниеті жаман, өрісі тар, өресі төмен өлермендер, қысқасы, Жұмекен өзі көп айта беретін "қырттармен" қаншама жеке қалып, талай-талай сайысқа түскен де болар. Егіліп, езіліп, "қайран сөзім қор болды-ау" деп қорланған, күйінген, кіжінген шығар. Ашудан, ызадан өртеніп, іштегі ауыр ойы ащы запырандай ақтарылып, уытты жыр болып қағазға түскен болар. Абайдың "мыңмен жалғыз алыстым" деуі осындай айқас, әйтпесе, ақын шоқпар алып ұрысқа кіретін Алпамыс батыр емес қой. Көзі де, көкірегі де соқыр пеңделермен алысу, соларға жөн үйретем деу, кісілік жолына бұрам деу оңай ма? Сұңқар сұқсырға жем болып, бұлбұл қонақтар бұтақты бақалар иемденсе — ақын қалай күйінбес, қалай шамырқанбас, қалай шамданбас.
Адал азамат, азамат ақынның әрқайсысы алдымен қалам күшін соған жұмсайды. Жұмекен де одан қалыс қала қойған жоқ. Соның бәріне қаншалық төзім, қаншалық нерві керек екенін есепке алып жатпайды. Өзін өзі іштей мүжіп, көкірегінде саңылауы бар адамға сәуле болуға, нұрлы шуақ болып тарауға жанталасып бақты. Қысқа өмірінің көбін әдебиеттің арын арлап, жоғын жоқтауға жұмсады. Жұмекен әдебиетке шеберлігін шыңдап алып, бірден бір-ақ келген еді. Кейін ойы тереңдеп, көзқарасы кеңіген шығар, ал суреткерлігі, өлең техникасын меңгеру, стиль мен мәнері сол баяғы "Балауса" жинағының өзімен-ақ қалыптасып, сол тұрғыдан бір түспей кеткен табанды талант екенін бәріміз де мойындауымыз керек. Шығармаларының бәрі дерлік қырық күн бауырына басып шығарған қыран балапанындай шымыр болатыны сондықтан.
1993 жылдың жазы аса ыстық болды. Бала-шағаммен Алакөл жағасын аз күн жайлап, суға түсіп, аунап-қунап, Алматыға келсем, Жұмекен Министрлер Кабинетінің емханасында жатыр екен. Қастек Баянбаев екеуміз көңіл сұрауға бардық. Қастек сыртта қалды да, мен ішке кіріп, дәрігерлердің біреуінен Жұмекенді шақырып жіберуін өтіндім.
Жұмекен, сірә, басқа біреуді күтіп отырды-ау деймін, тез шығып, мені көре тұра, көз қиығын басымнан асыра тастап:
— Ә, сен екенсің ғой, — деді сәлемімді самарқау алып. Мен сыртта Қастек барын айттым. Солай таяп барып, орындыққа жайғасып, едәуір әңгімелестік. Ол өзінің арақты да, темекіні де біржола қойғанын айтты. "Түк емес, — дедім мен, — нормаңды екі-үш есе орындаған адамсың ғой".
Ол қасында бір жас министр жатқанын, тұтқиыл келген дертке қатты күйініп, енді "кісілікке" қолы жеткенде мұндайға ұшырағанына өкіне беретінін айтты.
— Сен адамдық, қаламгерлік парызыңды да асыра орындаған адамсың, енді ештеме жаза алмай қалам деп өкінбе, — дедім мен.
Ол жымиып күлген де қойған. Бұл біздің соңғы кездесуіміз еді.
"Жазылар естеліктер мен туралы", — деп Мұқағали айтпақшы, әлі Жұмекен жайлы талай естеліктер жазылар. "Қазақ әдебиетінде" Оразбек өте жақсы пікір айтты: "Бізде арамыздан кеткен ақын-жазушылардың жүзі көмескіленбей тұрып естеліктер жазу дағдысы қалыптаспай келеді. Үйренеріміз әрдайым орыс әдебиеті десек, оларда осының әйдік үлгілері барын бәріңіз де білесіздер. Жұмекен творчествосы қазір көп болып қопара зерттеуді қажет ететін қыртысы қалың күйінде тың жатқан дүние. Оның бүкіл творчествосы қазақ әдебиетіндегі әлемдік маңызы бар үлкен құбылыс деп көпсінбей айтуға әбден болады. Қазірше оны өзге түгіл өзіміз де толық танып ала алмай жатуымыз мүмкін. Басқа барлық тілдерге аудартып, кеңінен насихаттауды қажет етіп тұрған үлкен жұмыстың бірі осы деп білемін. Естелігі бар, ғылыми мақаласы бар "Жұмекен Нәжімеденов" деп аталатын толыққанды бір кітап шығарған жөн".
Адам өмірінің ең бақытты сәті жақсы адамдармен жүрген кезі болса керек, мен де Жұмекенмен бірге болған, қатар жүрген, дәмдес болған кездерімді сондай бір аздаған бақыт кешкен күндерім деп білемін.
Бұл сөзді де сол үшін ел құлағына жеткізіп отырмын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі