(Қастек Баянбаев хақында)
І
Қастек Баянбаев екеуіміз бір ауылда тудық, көршілес аудандарда өстік. Бес-алты жасқа дейін сол туған ауылымыздың ақ шаңын бұрқыратып, суына шомылып, құмына көміліп бірге жүріп, бірге тұрғанымды білемін. Үй арасында үй жоқ, қорамыз қатар, ауламыз іргелес еді, содан да болар, атқа мінсек те, асық ойнасақ та жұп жазбайтын егіз қозыдай болған балалығым қаз қалпында есімде қалыпты. Соңымызға Қастектің өзіміз тетелес інілерін ілестіріп алып, Баянбай қарттың алма бағына баудай тиетін бала күндер де бұлыңғыр тартпаған. Әжеміздің шыр-шыр айқайы да, айналайыны мен алақаны да ортақ, жазаласа да, жазғырса да бірімізден бірімізді бөлмей, сыбағамызды бірдей бөліп беретін. Соғыс жылдары біздің үй қайтадан атамекен Алакөл жақтағы ағайын арасына қоныс аударған кезден бастап бір-бірімізден көз жазып қалдық та, кейін ес біліп, етек жиған бозбала дәуірде өмірде де, өнерде де енді қайта ажырамастай болып тағы табысқанбыз. Содан бергі кезенде бір-бірімізден жасырып, бүгетін, құпия сырымыз жоқ, бірде тату, бірде қату тірлікті қатар кешіп келе жатқан жайымыз бар. Ол кезде елудің ауылы армандай алыс сияқты сезілуші еді, сөйткен Қастектің жарты ғасырлық торқалы тойы қарсаңында осылайша арнайы сөз айтып, мақала жазармын-ау дегенді ойлап та көрген кім бар дейсің...
Кіндік қанымыз тамған туған ауылымыздың аты — Талдыбұлақ. Осы аттас бұлақ та бар. Шыбынды тауының етегінде бір уыс тарыдай шашырап жатқан шағын үйлі ауыл. Нулы да сулы сай табанына көлбей орналасқан ауылды қақ жарып таспа қара жол өтеді. Дөңесте тұрып қарасаң жыландай ирелеңдеген әлгі жол бірте-бірте жоғары қарай көтеріле өрлеп барады да, Шыбындыны белдеулей түсіп, жотадан асып түсіп, содан әрі аспанмен астасып, әрі қарай сіңіп кетіп жатқандай болатын.
Бала кезімізде, үйден шықсам болды, көзім ең алдымен сол қара жолға түсетін. Жол үстіндегі, аттылы жаяу адамдар баспалдақ бойлап, көрінбейтін есік арқылы көк күмбезіне көтеріліп кетіп жатқандай болып көрінетін.
Он жеті-он сегіз жасымызда қайта табысып, ол кезгі жағдайда ауыл арасы едәуір шалғай, жиі көрісіп тұруға мүмкіндігіміз жоқ, біз жыл бойына берер рет қана жолығып, қалған күндерде кілең ғана хат алысып тұрғанымыз бар. Бұл жылдарда Қастек Баянбаев өлең ауылына бір жола ат басын бұрып, ендігі тірлігінің нәрін де, мәнін де өнерден ғана іздеуге ойысқан болатын. Облыстық "Советтік Жетісу" газетінде, "Пионер" журналында өлеңдері жариялана бастады. Әрі қысқа, әрі нұсқа, шап-шағын, жұп-жұмыр жырлары бас-аяғының бүтіндігімен, нақты-дәлдігімен, ойлылығымен, ойнақылығымен еріксіз еліктіріп алатын еді.
1963 жылдан бастап Қастек Баянбаев екеуіміз Алакөл аудандық газетінің редакциясында тағы табысып, екі-үш жыл бірге қызмет істедік. Осы жылдарда ол балаларға арнап өндірте жазып жүрді де. "Арғымақ" аталатын тұңғыш кітабын шығарды.
Сол бір жылдары "Балдырған" журналында істейтін Қадыр Мырзалиевпен жиі араласып, көңілдес дос болуы Қастектің балалар әдебиетіне түбегейлі ден қоюына бірсыпара әсер етті ғой деймін, әйтеуір сол тұста жатталуы жеңіл, ұғымға оңай, оңқай асықтай ойнаған жұп-жұмыр тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақтар, кейде тіпті оқиғасы бірсыдырғы тартымды ертегілер жазып, жиі-жиі жариялап жүрді. Өзі де үбірлі-шүбірлі көп балалы отбасынан (семьядан) шыққан, бағбан атасы Баянбай мен әңгімешіл Үмітхан әжесінің бауырында өскен, саналы өмірінің көбін ауылда, ел арасында, құйма құлақ қарттармен әңгіме-дүкен ішінде өткізген ақын тілді қандай жақсы білсе, елдің тұрмыс-салтына, арғы-бергі тарихына да барынша сұңғыла, содан да барып оның өлеңдерінде, әсіресе, ұлттық ұғым басымырақ, тірлігімізге тән бояулар қанық болып келеді. Бұл ретте ақынның бұдан бұрынырақ жарық көрген "Әсем әлем" кітабына жүгініп, сондағы қалыптан шыққандай қадау-қадау қатпарлы жырларын мінәжат етпей болмайтын сияқты.
Бұрынғы бірқатар жыр жинақтарының басын қайта біріктірген бұл кітап Қастек Баянбаевты бүгінгі балалар әдебиеті өкілдерінің алдыңғы қатарына шығарғанын алдымен айтуымыз керек. Мұнда бәрі бар: балалық шақтан бастап өзі көріп, көкірегіне түйген барлық асыл ойы да, асқаралы арманы, әзілі мен әжуасы да бір-бірімен заңды жалғасып, тұтаса бірігіп тұрған мінезі бөлек ерекше әсем әлемге кезігесің.
Балаларға арнап жазған жырларын бөле-жармай, шетінен сыдыртып оқи беріңіз. Тисе таяққа, тимесе — бұтаққа деп, ойды бытырадай шашырататын да "балалар ақыны" бар, олардың қасында Қастек көздегенін ққр жібермейтін, дара оғы далаға кетпейтін құламерген болып көрінеді. Нені жазса да орнықты, ойлы, қызулы, қызықты етіп, жүрекке жылы ұялата қояды. Бала қызығына күлесің, орашолақ икемсіздігіне, күйгелектене күйсінесің, ренжисің, ашуланасың, тағы да мәз болып, масайрайсың. Тек енжар қала алмайсың. Жылуы мол жол, шуақты шумақтар астарлы әжуа, ойнақы әуен жайбарақат қалдырмайды.
Жайлау сәнін кім белген,
Қайран қалып жүрмін мен.
Текеметтің астынан
Теріп жейсің бүлдірген.
Өзіміз сан көрген таудағы жайлау, жан баспаған көкорай шалғын көз алдыңа келіп тұра қалмай ма? Ал этнографиядан да хабар беретін ғибраты мол киіз үй, оның уығы мен керегесі, түңлігі мен туырлығы, шаңырағы мен тұрқы туралы өлеңдерді оқып көреміз. Балаға ғана емес, ұлттық дәстүрде, көнеден келе жатқан дүние тірлікті ұмытып бара жатқан өзімізге де берері мол дүниелер емес пе. Қай-қайсында да бірегей, киіз үй тіккендей бірте-бірте бой көтеріп, ажарланып, анықталып сала береді.
Өзім етене таныс бола жүріп, Қастектің бірден тасып, тез тартылып жататын шолақ сайларға бүйрегі бұрғанын, даңқтан гөрі дақпыртқа құмар алакөлеңкелерге де қарағанын көрмедім. Қас-қағым сәтте "классик" бола кетіп, әлдебір тізімге тіркелу үшін екі өкпесін қолына алып жүгіріп беретін тұстастарының басында бар "қасиетін" де өз бойына дарытпай келеді. "Анау өйтеді, мынау бүйтеді",— деп өлермендікке барса, көптен қалмайыншы десе, осы күнге дейін сыртын жылтыратып, ішін қалтыратып, талай бір кітап шығарып тастауға оның да мүмкіндіктері болды. Бірақ, алдымен әдебиеттің, қала берді, өз жанрының арын ойлаған азаматты, шынайы талантты ондай "дерт" шектей алмайтын болуы керек, соны Қастек өз тірлігінің, өз өмірінің өнегесімен дәлелдеп те келеді. Әр сөзіне, әрбір жолына өзінің жүріс-тұрысы, рең-басы сияқты бипаздықпен, баппен қарайтын Қастек аз болса да саз болсын деген қағиданы түпқазық етіп, берік ұстанып келе жатыр.
Бүгіндері егеулі найза — елудің үстіне іліккен ақын Қастек Баянбаевтың әдебиетіміздегі өзіне лайық оқшау орны барына дау айтушылар табыла қоймас. Поэзиямыздың екі бірдей жанрын парлап жегіп, делбесін қос қолдап қатар, тең ұстап, әсем жүрісінен айнымай келе жатқан ақын творчествосы әлі де ажарлы, әлі де айшықты. Сусағанның шекесінен шып еткізіп тер шығаратын Талдыбұлақ суындай жыр жолдары да мөлдір.
"Мен болдым-ақ"— деп көкірек қағып жүрген талай бір тұстастарымыздың творчествосынан Қастектің ақын ретіндегі тағы бір айырмашылығы — әр шөптің басын бір шалып, әр төбеге бір шығып, шашылмайтыны. Кейбір кітаптарды ашып, мазмұндап көріңізші. Жар құшағынан бастап, бері салғанда жарты әлем, әйтпесе дүниенің төрт бұрышынан түк қалдырмай түгел қамтып шыққанын көресің. Тақырыбына қарасаң — бәрі бар, тек өлең жоқ, поэзия жоқ. Қастек туындыларының географиялық аясы кең болмайды: Алакөл — Талдыбұлақ — Алматы — Москва маңымен шектелер еді. Мұны ақынның мініне баласақ, бар ғұмырын тобықты тоғышарларымен күресуге арнаған. Абай шығармалары әлемдік ауыр жүкті арқалай алар ма еді? Ендеше, тақырып диапазоны дегеннің мәні атыңда емес, затында, көзге түсер бетінде емес, көңілімен жетер теренінде болса керек. Алматыдағы петерінде отырып әлемнің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға болар, бірақ ол оқырман көңіліне ұялай қояр ма екен?
Күні кеше кішкене оқырмандар қолына тиген жаңа кітабы — "Тәтті сабақта" да сол аз сөзге көп мағына сыйғызатын сырбаз, қызыл сөз, қысыр әңгімеге сараң, ойға жомарт ақынды көрдік. Дәл соның айғағындай Қастектің бұл кітабы биыл Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығына ие болуы қазақ балалар әдебиетінің шоқтығын және бір биікке көтергені анық. Ақын творчествосының ізденісі әлі де солай бола беретініне, оқырмандарын қуанған үстіне қуанта түсетініне қылдай күдігіміз жоқ.
Жуырда ғана ел жаққа бара жатып, Шыбынды шыңдарына тағы да көз жібердім. Баяғы тартылған айылдай таспа қара жол қасқайып әлі жатыр. Жол бойымен аттылы ма, арбалы ма, ноқаттай қарауыта қозғалып біреулер кетіп бара жатты. Ойыма айналасына асықпай қарап қойып, маң-маң басып, көз ұшында көрінген қайқы қара шыңға қарай өрлеп бара жатқан Қастек Баянбаев оралды. Биіктерді ғана дәмететін ақын әлі де өз жолымен өрге өрлеп бара жатқандай әсер тұрды көңілде.
Жол жотадан асып бара жатты.
ІІ
Қырық жыл қатар жүрсем де Қастек жайлы білетінімнен гөрі, білмейтінім көп пе деймін. Өйткені ұдайы ғана өзімен-өзі болып бұйығы жүретін, жұртқа жұғыса кетсем, ұғыныса қойсам деп өкше көтере өзеуреп жатпайтын Қастекпен екеуміздің арамыздағы жолдастық, достық, жерлестік, қала берді ағайыншылық қарым-қатынастың өзі де әмісе даңғыл-түзу болып көрмепті. Кейде арамыздан қыл өтпестей болып қойындаса кетеміз де, енді бірде ұрыспай-таласпай өз-өзінен алшақтап, айлар бойы араласпай, хабар-ошарсыз қала беретініміз де болып тұрады екен.
Бұрын да бір жазғаным бар еді, қайыра соғып, қайталап айтып жатсам — оның да артық-ауыс айыбы бола қоймас, Қастек екеуміз бір ауылда туып (үй арасында үй жоқ еді дерліктей), бір таудың түстігі мен теріскей қапталында орналасқан (арасы 50-60 шақырым) көршілес екі ауданда ержеткен кісілерміз. Оның да өзіндік оқшау себебі жоқ емес-тін. Сонау бір қытымыр да қыспақты "сталиндік" заманда менің әкем Құсайын жарықтық Алакөл ауданы "Талапкер" колхозында (кейін "ұжымшар" деп жазып жүрміз ғой) егіс бригадирі екен. Жазғытұрым, көктем егісі басталарда қараса, колхоздың тұқымға деп көміп қойған картобы түгел дерлік үсіп, шіріп кетіпті. Сол-ақ екен, "әдейі қастандықпен үсіттің, колхоздың да, халықтың да жауысың" деп, жерден жеті қоян тапқандай дедектетіп апарып әкемізді аудан орталығындағы абақтыға жаппақ болады. "Жексенбі күні еді, — деп әңгімелейтін әкем, сол бір үрейлі кезеңді еске алғанда. — Түрме есігі жабық тұр екен. Айдап апарған таныс милиционер: "Сен осылай отыра тұр, мен күзетшіні іздеп келейін",— деп мені шарбақ сыртына қалдырды да, өзі үйді айналып жоғалды. Тәртіптің өзі солай ма, болмаса "қашқанда осы қайда бара қояды?!" — деп, қаперсіздік танытты ма, қайдан білейін, мені оңаша ғана жайыма қалдырып, өзі кілт іздеп кете берген. Әудем жерде базар бар еді, солай қарай әрі-бері ағылып жатқан жұрттың аяқ алысын санап мен отырдым. "Құдай салды — біз көндіктен" басқа амалым да жоқ еді. Сол арада Шәймерден дейтін, ауыл кеңесте хатшы болып істейтін таныс жігіттің кездесе кеткені: "Әу, неғып отырсың мұнда?" — деп, анадайдан дауыс көтере соның келе қалғаны қалбалақтап қасыма.
Мән-жайды тез ұғып, әкеміздің басына төнгелі тұрған тауқыметті қас-қағым сәтте аңғара қойған әлгі жанашыр танысы оқыс бір күрт шешімге келеді де, қолды-аяққа тұрғызбай дедектете сүйрелеген күйі оны тау асырып қашырып жібереді. "Кейінгісін тағы көре жатарсың, алдымен өзің бас сауғалап ал!" — деп жөн сілтейді. "Содан, — дейтін әкем, — әлгі Шәймерден ес жиғызбастан жолға салып, өзі көзден таса болысымен, алды-артыма қарамай "тәуекел" деп тас жұттым да (ұстап алып жүре ме деген күдік пен қауіп те қыр соңымнан қалмай келеді), төтелей тартып, Шыбынды тауының ұзынша бір тұйық сайына сұғына кіріп жатқан Талдыбұлақ ауылынан барып бір-ақ шығып едім. Сол жердегі ағайын ішін паналап, абыр-сабыр басылып, ес жия бастаған бір тұста ешкімге білдірмей, астыртын ғана барып, үй-ішімді көшіріп алғанмын. "Сөйтіп, — дейтін әкем көңілі түскенде өткен шағын есіне ала отырып, — бір, жылдан кейін, яғни 1938 жылы сол ауылда сен туғансың".
... Сонымен, қойшы. Отан соғысы деп аталатын әлемге әйгілі қанды қырғын басталғанда, жаңа мекенінде де жұрт қатарлы атқамінер болып жүрген әкеміз көппен бірге майданға аттанады да, біз болсақ, "есің барда елің тап", — деп, қыс ішінде жаяу-жалпылап ежелгі атамекенімізге қайта оралсақ керек.
Балалық шақтың санада қалған бұлыңғыр елестері, ересектердің ауызекі әңгімесінен еміс-еміс естіген, жадымызда жаңғыра жетілген бұлдыр да көмескі суреттер болмаса, ол ауылды да естен шығарып, Қастек дейтін азаматтың да бар— жоғын, оның қалай өсіп, қалай ержеткенін өзім әбден ес біліп, етек жиғанға дейін біле де қоймаппын.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Күндердің-күні болғанда дәм айдап барып өзімнің де сол ауылдағы мектепте бір жыл оқып шыққанным бар-тұғын. Талдыбұлақ дегеніңіз жерүсті жұмағындай бір көркем қоныс екен. Айнала қоршаған тау, көкала шалғын. Ауылды қақ жара күркіреп Талдыбұлақ өзені өтеді. Қол созым жерде жұрттың бәрі әулие тұтатын, табынып, тамсанып жүретін Қаратұма аталатын бұлақ көзі және бар еді. Айнала жұрттың асыра мақтауынан ба, әлде өзі сондай ма, әйтеуір төрт тағандап жата қалып ішкен суы бал татып, шеке теріңді бұрқ еткізер еді. Қаратұмадан әрі қарайғайлы сайды өрлесең, көкке қарай тік шаншылған Кіндіктас шығар еді алдыңнан.
Міне, сол ауылда бір кезде орта, одан (ел сирей келе) орталау, келе-келе бастауышқа айналған, ақыры "тұрындардың өз өтініші бойынша" қазақшадан орысшаға ауысқан көгілдір мектеп үйі болушы еді. Тағдырдың жазуымен жетінші класты мен де сол ауылда, сол көгілдір мектепте оқып бітірген болатынмын.
Менімен бірге Қастектің туған інісі Есімхан (менен бір жас кіші болар) оқыды. Бұлар өзі Қасымхан, Есімхан, Досымхан аталатын ағайынды үш бала. Әжелері еркелетіп Қастек, Естек, Достай атап кеткен. Сол Есімханнан естіп жүрдім. Екпінді аталатын көршілес ауылдың орта мектебінде оқитын ағасы бар екен. Аты — Қастек.
Интернатта жатып оқып жүрсе керек. Алғыр, ақылды бозбала деп естідім. Өлең жазады екен. Естек кейбір өлеңдерін білетін болып шықты.
Әр аптаның аяғында ауылдың басқа да балаларымен бірге үйіне келіп-кетіп тұратын көрінеді. "Кісіге көп жуи қоймайды, саяқ жүргенді ұнатады" — деді Есімхан.
Күндерден күн өткенде барып ақыры сол Қастектің өзін де көрдім. Қалың қара шашын желкесіне түсіре қоя берген орташа ғана бойы бар қызыл шырайлы бозбала екен. Сұстылау өңінде, жалт етіп қараған уытты жанарында ұяң ғана ойлылық нышаны байқалады. Бойының сол бір сәл аласалығын байқатқысы келмегендей басын шалқақ, кеудесін кекжите ұстай жүреді екен. Талдыбұлақта жалғыз ғана көше бар. Мектеп те сол көшенің орта тұсында еді. "Анау келе жатқан Қастек", — дегенге мен де елеңдеп қарай қалсам керек. Бірақ ол біз сияқты бірер жас кіші "уақ-түйектерге" мойнын бұрып та жатпастан, сол маң-маң басқан маңғаз қалпында қазықтай қайқайып қасымыздан өте шықты. Орта мектепті бітіретін жылы еді. Соның буы да бар ма, болмаса туабітті жаратылысы сол ма, о жағына бой сала бойлап жатпадым, некен-саяқ кинолардан көре бастаған бюрократтар кейпіне ұқсатып мырс ете күліп бір алғаным да бар-тын. Оның үстіне ол кезде өзімнің де кісі менсіне қояйын деген қылығым аз еді, өз қатарымыздың алдымын деп кеудемізге нан пice бастаған өркөкірек шағымыз. Сондықтан болар, Қастектің бізді кісі екен деп елеп көз тоқтата қоймағанына пәлендей мән беріп, ренжімеген болуым керек.
Талдыбұлақтағы бір жылды да әне-міне дегенше тәмәмдап, өз ауылыма оралдым да, әркімнің өз жөні, жосығы бар, Қастек жайлы ойлап аса бір бас қатырып жатпадым.
Содан кейін араға екі-үш жыл салып барып біз Қастекпен қайта табысып, танысқанбыз. Ол да, мен де "өлең дертіне" ұшырап, ат басын әдебиет аулына қарай біржола бұрдық та, "айлас қатын — мұңдастың" күйін кешіп, тез арада тіл табысып, ләм-мим деп жатпастан аз уақыт ішінде майлы ішіктей аралас-құралас тірлікке біржола көшіп алғанбыз. Жас едік. Жастыққа тән албырттық та, аңғырттық та бізге жат емес еді. Ол болса, әрине, он жылдық мектепті менен бірер жыл бұрын бітірген. Бірақ сол бір тұстарда жоғары оқу орнына бірден барып түсе қою дегеннің өзі де қияметтің қиыны еді. Қастек те бірер рет талабы тасқа соғылып, тауы шағылған соң бастапқыда не істерін білмей дағдарып, ақыры барып амалсыздың күнімен ауылда көше тоздырған көп тұрғыластарының қатарына барып қосылған. Қара жұмысқа қабілеті де жоқ, ықыласы да шамалы. Басқа кәсіптің ретін және келтіре алмады. Алақандай ауылда екі қолы алдына сыймай бірер жыл көзге шыққан сүйелдей болып сенделіп жүріп қалды. Ақылы да, алғырлығы да бар, таланты да, талабы да бар, бірақ бармақтай ғана бақ шіркін бұйыра қоймай, бұйығыңқырап жүрген тұстарында көлденеңнен мен жолықсам керек.
Иә, сол бір екеуміз үшін де өтпелі кезең сияқты болған қыстығыңды күндерде табысып едік біз. Облыстық, республикалық басылымдарда Қастектің қысқа да нұсқа суреттеме, мақалалары, бірлі-жарым өлеңдері де көрініп қалып жүрген. Менің де тырнақалды туындыларым алдымен аудандық, одан облыстық газеттер беттерінде жариялана бастаған болатын.
Маған Қастектің қалауын тауып қар да жаға алатын тума таланты, нені айтса да қолымен қойғандай нақты да дәл жеткізе білетін құнттылығы ұнайтын. Сол ерекшелігіне бола өзімше сүйсінгенімді білдіріп, не үшін сүйсінгендігімді барынша анық та айқын етіп дәлелдеген болып бір күні оған хат жаздым. Көп ұзамай бұл ықыласыма разы болған ниеттегі оның жауап хатын да алдым. Сөйтіп алдын-ала уағдаласқан ешқандай бір келісім, байламсыз-ақ жиі-жиі хат алмасып тұру ол екеуміздің дағдымызға айналып еді. Ол кезде телефон деген жоқтың қасы, қатынастың өзі де қазіргідей емес, қозы көш жердің өзіне аяқ жеткізу ит әуре. Сондықтан да болар, екі араға дәнекер болып тек қана хат жүретіндігі.
Қастек жаңа жазған өлеңін өзінің тасқа басылғандай дөңгеленген сұлу жазуымен маржандай етіп көшіріп, маған жолдап жатады. Оның оқыс тапқан оқшау теңеулері, сол теңеулердің қолмен қойғандай дәлдігі маған қатты ұнаушы еді. Сондай-ақ кей-кезде мен аңғармай, оқымай қалды-ау деген оймен газеттерде басылған суреттеме, мақалаларын да хат арасына қыстырып жіберетін. Мен өз әлімше оларды талдап, мақтайтынын мақтап, сынайтын тұстары болса сынап та қоямын. Өз өлеңдерімді де жіберіп, оның да ашық пікірін күтетін болғанмын.
Қазақтың, әсіресе, ауыл қазағының қағазға деген салғырттығы, оны сақтауға деген ұқыпсыздығын қойсаңшы, әйтпесе, осы күні ойлаймын, сол бір екі жыл бойы біздің өзара жазысқан хаттарымызда талай бір тұжырымды пікір, інжу-маржан болмаса да, әйтеуір іліп алар жылтырағы бар жылы да тартымды ойлар, татымды пікірлер кетті-ау, деп. Амал не, қазір еске түсіріп қойғанымыз болмаса, ол хаттардың бірде-бірін Қастек те, мен де сақтамаппыз. Оқылған жерде жыртылып қала берген. Кейін де бір қажеті болып қалар-ау деген ой қаперімізге кірмегеніне таң қаламын. Бәрі желге ұшып жоғалыпты. Оның үстіне бізде жазу столы, қалам-қағаз сақтар атаулы орын да болмаған ғой. Асүйде ме, терезе жақтауына сүйеніп тұрып па, әйтеуір, жазып-сызған болып едік те, олардың көбісі (жариялана қоймаса) кейде ұшты-күйлі жоғалып жататын.
Осындайда ойлайсың, орыс әдебиетіндегі Пушкиннің Михайловское, Толстойдың Ясная Поляна, Тургеневтің Спасское Лутиновосы, одан бергі Чуковскийдің, Шолоховтардың да сол өздеріне қараған атамекендерінде тұрып та еңбек етулеріне мүмкіншіліктері болған ғой. Қазақ жазушыларының бір де бірінің маңдайына сол бақыт бұйырмапты. Күнкөріс деген де қыр соңынан қалмайтын бір пәле, баспасы, баспасөзі бар астанаға қарай үймелемесе, жырақта жатып санат түгілі санға да қосыла алмасы хақ. Әйтпесе, Қастектер сол Талдыбұлағын бауырына басып, біржола тұрақтап қалса, алаңсыз тірлік кешуіне жағдайы болса, қазіргісінен де өнімдірек еңбек етер ме еді, кім біледі.
Қазір, әрине, қалтасы барға талтаңдап қалар мүмкіндік туды, бірақ қазақ жазушыларының басым көпшілігінде ол да жоқ, бәрінен мақрұм, басқасын былай қойғанда он-он бес жыл кім көрінгеннің есігінде, біреудің ескі үйшігін жалдап келіп, әбден есейіп балалы-шағалы болғанда ғана қолы әзер жеткен пәтерінде де кең отырып шығармашылықпен айналыса қояр жағдайы барларының өзі саусақпен санарлықтай ғана болып келді ғой.
Қастектің азамат һәм ақын болып қалыптасуына өзінің сол туған ауылының ықпал-әсері болғаны айдан анық. Жоғарыда бір айтқанымыздай, сол өңірдің ертегіге ұқсаған табиғи болмысы, жап-жасыл жоталары, аспанмен тілдескен сеңгір-сеңгір тау сілемдері бала көңілін қай-қайдаға жетелері сөзсіз еді. "Әркімнің туған жері — Мысыр шаһары" деп отырған түгім жоқ, шын мәнінде ұйқыдағы сезімді еріксіз оятардай құпия-қыртысы көп ауыл болатын. Қазір көбінің аттарын ұмыттым, сол ауылда әңгімешіл де, ертегіші де қарттар көп болатын еді. Біріне бірі ұқсамайтын. Бас қоса қалған жерлерде бала біткен сол бір көзінен мейірім, көмекейінен нұр төгіліп тұратын қариялардың аузына қараушы едік. Ол ауылда түрлі-түрлі газеттер мен журналдарға хабар-ошар жазып, ел тірлігінен хабар беріп тұратын кісілерге де кәрі-жастың бәрі құрметпен қарайтынын білуші ек. Бұл да жас сезімге әсер етпей қойған жоқ. "Болмасаң да ұқсап бақ" деген Абай сөзін ұстанып өскен ұрпақ еліктемей, солықтамай тұра алмас та еді.
Кейін келе, біз әбден достасып, сырласып, сыйласып, аралас-құралас бола бастаған кезде Қастек тағы бір әңгіменің шетін шығарған еді. Өзі сол тоғызыншы не оныншы класта оқып жүрген кезде бұлардың мектебіне аты-жөні енді-енді айналасына мәшһүр бола бастаған жас ақын Төлеужан Исмаилов мұғалім болып келеді. Жоғарғы кластарға ол қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріпті. "Жер ауып келіпті деген бір сыбысты естіп едік, — дейтін Қастек. — Төлеужан өзі сияқты жолбарыс жүрек екі-үш жас жолдасымен бірге түкірігі жерге түспей тұрған Хрущевке хат жазса керек. Әлде жедел-хат жолдаған ба?! Сталинді қаралауға қарсылық білдіріпті.
Әйтеуір бізге жұмбақ бір қылығы үшін астанадан аласталған. Шашын желкесіне түсіріп, желбіретіп жіберуі де, сүйретілген ұзын қара жұқа пальтосы да, қыс ішінде аяғына бізге таңсық бәтіңке киіп жүруі де көңілімізді еріксіз бұрғызған. Аялы көздерімен айналасына байыппен шола қарап, ақсұр жүзінің лезде қызарып шыға келетіні де өзіне жарасып тұрушы еді. Бәріміз де оған еліктей бастадық.
Сабақ өткізуі ешкімге ұқсамайтын. Әр жазушы-ақынның өзгеден айырмашылығы, өзіне ғана тән стильдік ерекшелігі, жазу мәнері болатынын әртүрлі мысалдармен дәлелдей отырып, санамызға сіңіре беретін. Біздің шағын ауылға бұрын-соңды бұл өңірде болмаған әлдебір тосын леп келіп қосылғандай болып еді. Еті тірі дейтін балалардың бәрі бірден-ақ әдебиетші болып шыға келдік. Бәріміз де Төлеужан ағаның қасынан үйіріліп шықпайтынбыз. Ер балалар соған ұқсап шаш қоя бастадық, шетімізден өлең жазамыз, өлең жаза алмағанымыз түрлі газеттерге мақала жазып жіберіп тұруды әдетке айналдырдық. Тіпті сол Төлеужан мұғалімге ұқсап байпағы бар жұқа етік кию де дағды бола бастап еді...".
Әрине, зейінді де зерделі бала құдай берген дарынының арқасында Төлеужан дәрісінсіз де ақын болып кетуі мүмкін еді. Бірақ сол балаң кезде әлгіндей аға ақынның алдын көруі, ақылын тыңдауы оны дара да сара жолға тезірек салып жібергені шындық шығар.
Бұл Қастектің сөзі болса, 1958-1960 жылдары біз де Төлеужан ақынның соңына ілесіп, оның төңірегіндегілердің тобын көбейтіп, қайда барса қасынан қалмайтын болғанбыз. Сонда Қастектен естіген әңгімемізге өз әсеріміз қосылып, ақын ағамыздың ауызынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, айтқанын екі етпейтін мүриттеріндей болып жүріп, көптеген айлар мен күндерді бірге де өткізгенбіз. Арамыздан ертерек кеткен Төлеужан Исмаиловтың адами болмысы, шығармашылық өмірі бізге де әсер етпеді деп айтуға ауыз бармайтыны да содан.
Қай ақын болмасын, рас ол шынайы ақын болса, ең алдымен өлеңдегі өз портретін жасайтыны анық. Өзгеге соны үлгі етіп ұсынады. Қабылдау-қабылдамау, әрине, оқырманның еркінде.
Қастектің де:
Сынағыш өз жұртым да,
Сырбазбын сол үшін де:
Бүтіндерім — сыртымда,
Жыртықтарым — ішімде.
Қатты менің ұйқым да,
Тәтті менің түсім де.
Қуанышым — сыртымда,
Күйінішім — ішімде.
Жоламадым жылтыңға
Береке жоқ ісінде,
Кісілігім — сыртымда,
Пенделігім — ішімде.
Құл болмадым құлқынға,
Қалдым қамсыз пішінде:
Тоқшылығым — сыртымда,
Ашаршылық — ішімде.
Қосылсам бір қиқуға,
Қызбалық деп түсінбе.
Батылдығым — сыртымда,
Үрейлерім — ішімде.
Жығылған жоқ мұртым да,
Мүжілген жоқ тісім де.
Денсаулығым — сыртымда,
Сырқаттарым — ішімде.
Жауларымды құртуға
Жетер еді күшім де,
Жақындарым — сыртымда,
Жауларым өз ішімде, —
дейтін өлеңі бар. Түп-тура өз бейнесін, болмыс-бітімін айнытпай берген де қойған. Көп сырын сыртқа шығара қоймай, ішке бүгіп әдеттенген бұйығы тірлігі де бой көрсетіп қалады. Ол шынында да біреуді асыра мақтау, асыға даттау дегенді білген емес. Әлдекімдерше " осы бір оңтайлы тұста көзге түссем, көрініп қалсам" деген әдетке де үйір бола қоймапты. Осы күндердің өзінде де көпшілік болып бас қоса қалған алқалы жиындарда шеткері бір қаға берістеу жерде оқшау ғана оңаша отырады да, елден бұрын тұрып үн-түнсіз өз жөніне кете береді. Содан да болар, бәлкім, көп адам бүгінде оның бар-жоғының өзінен хабарсыз, олай дейтінім осы биыл болар, "Әдебиет айдыны" газеті қызметкерлерінің бірімен әңгімелесіп отырып әлдене мәселе төңірегінде "Қастек Баянбаев былай деп еді" — дегенді айтып қалғаным бар-тын. Сонда әңгімелесіп отырған әлгі жігіт ағасы жасындағы азаматтың: "Ол кісі әлі бар ма еді?!" — дегені ғой, төбемнен жай түскендей етіп.
Орта жастан асқан таныс-біліс тағы бір әйелдің де жолшыбайғы әңгіме үстінде : "Қастек Баянбай әлі тірі ме?" — деп сұрағаны бар-тұғын. "Е, тірі емей, осы өзіміз сияқты, әлі жетпіске де толған жоқ!" — деген едім, сасқалақтап қалып. "Қайдан білейін, ол кісінің өлеңдерін баяғыда оқулықтан оқушы едік", — деп тұр әлгі әйел.
Осы бір жайсыз әңгімелерді, ішіме сыймаған соң, Қастектің өзіне де айттым. Әрине, ыңғайсыздана тұрып, қысыла жеткізген болатынмын. "Е, білемін оны, — деді Қастек, — "Сіз әлі бар ма едіңіз?" — деп өзімнен де тіке сұрағанадар болған".
Қастек өзінің тағы да бір "Өмір сүріп келемін" деп аталатын өлеңін:
Уақытым жоқ бос өткен,
Тағдырға жоқ еш өкпем.
Өмір сүріп көрмеппін,
Әйтеуір, мен есеппен! —
деп тәмәмдайды. Онысы да рас шығар дейсің. Өйткені оның әлдебір ішкі есеппен өзгеден ерекше бола қояйыншы деп жалған намысқа ергенін де, әлдекімдерге сырттай ғана еліктеп, "жоқ-барды тергенін" де көрген емеспіз. Қолына алған ісі қомақты ма, жоқ па, маңызды ма, мәнсіз бе, ол ешқашан ауырдың үсті, жеңілдің астын іздеп, атүсті қарау дегенді білген емес. Қай іске де туа бітті ыждағатымен жанын сала, бойдағы барын сала кірісетін. Бұл жағынан келгенде ешкімге ұқсамағаны рас. Жоғарыда бір сөз арасы айта кеткеніміздей, ондайда өз дегені болмаса, ара ағайын сөзіне құлақ асып, алған бетінен ауытқу дегенді де білген емес.
1963-1965 жылдары Қастек екеуіміз "Жаңа өмір" аталатын Алакөл аудандық газеті редакциясында бірге қызмет істедік. Жұмысқа шұғыл, айналасына төзімді, екі сөйлеу дегенді білмейтін Қастек мінезінің көп қырына сол кезден бері қанық бола түсіп ем. Кейін келе көршілес баспаларда дәрежесі деңгейлес қызмет атқардық. Сонда... қашан іздеп барсаң да ол өз орнынан табылатын. Елтең-селтеңі жоғын онсыз да білеміз ғой, бірақ ұдайы ғана қой құрттаған қойшыдай болып, аласы да, құласы да бар өзгелердің қолжазбасына соншалық шұқшиып отырудың не екенін мен түсінбей-ак кеттім. Бәз-бірде оған әзіл-шыны аралас: "Осыншама езіліп отыра берудің керегі қанша, Қасеке? — деуші едім. — Содан тапқан пайдаң, алған алғысың қайсы? Жетпей жатқан тұсы болса автордың өзі жауап береді ғой, соншалық қадалмай-ақ қоймайсың ба?".
Ол саспайды. Жалтарып, жаба тоқып та жатпайды. "Осы жасыма шейін өзім ұстанған жолымнан тайдырып қайтесің мені!" — дейтін де қоятын сабырмен.
"Жалын" баспасында, кейін "Балауса" баспасында бас редактор бола жүріп те осы бір әдетінен жаңылған емес. Тіпті сол "Балаусаның" білдей директоры, аты әйгілі Қадыр Мырзалиевтің өзі де кейбір алдына келген азаматтардың көңілін қимай қайсыбір пісуі кемдеу қолжазбасына көз жұма қарағысы келіп, Қастекке құлаққағыс еткенінде де, бастық екен деп тілін ала қоймапты. Оны да сол баспада Қастекпен бірге қызмет істеген аты дардай жігіттердің біразынан естігенмін.
Онысын дұрыс деп те, бұрыс деп те айта алмаймын, бірақ өз дегені болмаса ағайын арасындағы пендешілік ымыраға әке десе көне қоймайтын,өз көңілі бұра тартқан жағынан бұрылу дегенді білмейтін сондай бір кереғар мінезі бары рас. Соны білетін жігіттер, әйтеуір, буынсыз жерге пышақ ұрып, Қастектің алдына көп бара бермейді.
Сонау бір жылы, 1982 жылдың күзі-ау деймін, екеуміз де қатты сыйлап, өзімізге ұстаз тұтып жүрген ақын ағамыз Әділбек Абайділданов елу жасқа толды да, сол кісінің шашбауын көтеріп туған жері Ақсу өңіріне бірге барып қайтуға келісім бергеміз. Жазушылар одағының сол кезгі басшылары да қолдап, жол шығынын көтеріп алған. Әдекең ол кезде бойдақ. Былай да той-думан, дүбірлі-дүрмекті жек көрмейтін ақын, әйел бақылауынан босағасын сал-серілік жүрісті үдете бастағанын білеміз. Ішуге де, жеуге де кетәрі емес. Соны жақсы білетін біз: "Ақыры соңыңызға еретін болсақ, былай істейміз" деп көкемізге шарт қойдық. Яғни, үшеуміз де осы жолы ел аралап қайтып келгенге дейін ішімдік атаулыны аузымызға алмайтын болып келістік. Әдекең де айтқанымыздан алшақ кетпеуші еді, бізді қолдап, қуаттап, уәдеге қарық қылды да, жолға дайындала бастадық.
Дәл жүрер күні, алдын-ала келісіп алғанымыздай, Қастек екеуіміз жол қапшығымызды арқалап, Әдекеңнің үйіне бармаймыз ба. Даңғыраған бес бөлмелі үйдің дәлізінде қаннен-қаперсіз әлдене әуенді ыңылдап қойып ақын ағамыз жүр. Ойында түк жоқ. Мұнтаздай ғана болып жүретін кісіміздің түрі адам көргісіз, бет-аузы ісіңкі, сақал-мұрты да алынбаған. Үйінде бізге бейтаныс тағы біреулер бар сияқтанды. Бізді көре сала ағамыз қоярда-қоймай солардың бірін дүкеннен шарап әкелуге жұмсады. Біздің азар да безер бола бас тартқанымызға қарамай, "жолымызды жуып жіберейік", — деп столға қырлы стақандарды қатарластыра қоя бастады. "Уәде қайда, Әдеке?" — деді, Қастек қабақ түйе қатуланып. "Әй, мына бір жігіттер келіп қап, түк етпейді. Ал, қане!" — деп, әлі де қызулау Әдекең стақанды қолына алып елпілдете түсіп еді, Қастек орнынан тұрды да, ләм-мим деместен қапшығын қолына ұстай сыртқа беттеді. Солбірейіп соңынан мен ілестім. Не істерін білмей, дағдарып Әдекең сол аңырған күйі үн-түнсіз қала берген.
Төрт-бес сағаттан соң ол кісі маған телефон соқты: "Әй, Сәкен, ана қара тас айтқанға көніп енді жіби қоймас, сен жұмсағырақ едің, екеулеп жүре берсек қайтеді, ел-жұрт күтіп отыр ғой?" — деп.
"Ағатай, азын-аулақ абырой-беделім бар еді, сізге ілесем деп енді содан айырылар жайым жоқ", — деп, бір жағы әзілге айналдырып, мен де икемге көне қоймадым. Сөйтіп, ағамызға өкпелеп біз қалдық та, Әдекең басқа біреулерді ертіп еліне қарай аттанған.
Сол Әдекең айтқандай, ешкімнің де иіп әкеліп икемдей қоямын дегеніне көнбейтін Қастектің оқшау бір қылығына өзім де ұшырағаным бар. Онда ол "Жалын" баспасында бас редактордың орынбасары болып істеп жүрген. Баспадан шығатын өлең кітаптарының бәрі соның қолынан өтеді, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс. "Бармайды" — деп, кесіп-пішеді, болды. Енді оны райынан қайтарамын деп айтқан уәжіңнің бәрі желге ұшты дей бер. Автор түгілі баспаның бастығы да, басқасы да райынан қайтарып, жібіте алмасы хақ.
Менің де кезекті бір кітабым сол баспадан шыққалы жатқан. Баспа директоры Қалдарбек, бас редакторы Бексұлтандар құлшынып, қатырып шығарып береміз деп, қолдарын уқалап отырған. Сол кітап ішінде өзіме өте ұнайтын "Бір ақ боз ат түсіме көп кіреді" деген өлең бар еді.
"Ақбоз мініп атойлар қазақ қайда!" — деп те мені, кім білсін, мазақтай ма?
(Қылп етсін қайтейін ішім ептеп,)
Тыным бермей тұрады кісінеп кеп!
Бала жастан қаныма ғұрпы сіңген,
Не жақсылық жасадым жұрт үшін мен,
Азаптай ма соны айтып, мазақтай ма —
Бір ақбоз ат шықпай-ақ жүр түсімнен! —
деп аяқталатын сол өлеңге Қастектің айырықша шұқшиып: "Ұятшылдық сарын бар, — деді ме, — астарында бұлыңғыр бірдеңе бар", — деді ме, әйтеуір, қадалып отырып, жалынып-жалбарынғаныма да қарамай, өндіріске кетейін деп тұрған қолжазбадан алдыртып тастағаны ғой. Соған бола өлердей өкпелеген мен екі-үш ай бойына Қастектің маңына да жоламай, сәлем де бермей, сәлемін де алмай, тоң-теріс, дүрдараз күй кешкенім бар.
Кітап редакторы Серікбай Оспанов еді, аңқылдап қалған ақкөңіл жігіт. Сол ұмытып кетті ме, әлде Қастектің өзі аңғармай қалды ма, әйтеуір кітап түптелерінде қарасам, әлгі өлеңім сол қалпы тұр екен. Серікбайдан сұрасам, "білмеймін, сірә өзі жіберген болар" — деді. Соның алдында ғана басқа да бір топ өлеңіммен бірге "Ақбоз ат..." та "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған болатын. "Е, соны оқып ойланған ғой, ақылға сала келіп, "зиянсыз" екеніне көзі жеткен соң жіберген шығар" деп түйген едім.
Сөйттім де, біз сияқты сырын сыртқа шығара қоюға жоқ, бірақ маған деген оның да азын-аулақ өкпе-назы барын білетін болғандықтан, "көңіл кірі айтса келеді" деп, соның бәрін алдына барып жуып-шаймаққа үстіңгі қабатқа көтерілдім. Жылы-жылы сөз айтып, ақыры түсініскендей болып, татуласып тарағанбыз.
Соның артынша ентігіп Серікбай інім жетсін. "Ойбай, Қастек ағам екі аяғымды бір етікке тықты. "Мен көрсеткен өлеңді неге алып тастамағансың?" — деп. Ақыры алдырып тынды", — дейді. "Қап-ай, ә! — дедім мен күліп, әлгінде ғана татуласып едік, сәл аялдай тұрмаған екем де!"
Серікбай сол сөзімді де айтып барыпты. Тағы бір жолыққанда Қастек: "Сен ертерек татуласыппын деп өкініп жүр дейді ғой, рас па?" — деп сұраған. Жалған еді дей алмадым мен де.
Бірақ өкпе де, реніш те ұмытылады. Жаман адамның өкпесі басы жерге жеткенше екенін екеуміз де жақсы білеміз. Жасандылығы жоқ, туабітті мінезі сол болған соң Қастекке де көп өкпелей бермеймін, артық-ауыз мінін кешіруге бейім тұрам. "Көп айтса көнбейтін, жұрт айтса — болмайтын", өзінен басқаның айтағына еріп, айдауына жүрмейтін, кісі сөзін құлағына іліп, тыңдай қою дегенді де білмейтін Қастектің өзіме мәлім бір қыры, міне, осындай еді... Қартайып барып серттен тайса өзі біледі, әйтеуір біз білетін қазіргі қазақ поэзиясы, оның ішінде балалар әдебиеті корифейлерінің бірі, бірі ғана емес, бірегейі Қастек Баянбай осындай адам!
Әлденеше жаншығып денем менің,
Жанға батқан құлдырап жөнелгенім.
Өмірдегі ең қатты құлағаным —
Пенделікке дейін мен төмендедім.
Қайта тұрдым, шашырап жоғалмадым,
Қолтығымнан демеді мені арманым.
Өмірдегі ең биік шырқағаным —
Адамдыққа дейін мен жоғарладым, —
дейді ол "Жоғарылау мен төмендеу" аталатын өлеңінде. Өзі турасында бұдан ащы, бұдан асқақ айту мүмкін де емес сияқты.
Жалпы, Қастек өлендері, өкінішке қарай, әлі де болса өзіне ғана тән барша мол даусымен еркін, көсіле шыға, кеңінен өpic ала алмай жатқандай болып көрінеді де тұрады маған. Оның ешқандай қойыртпақ-қоспасыз, опа-далапсыз, сылдырмақ-сырғасыз қалпындағы қазақы жырлары қазіргі жастарға, бәлкім, барынша қарапайым болып та көрінуі мүмкін. Бірақ қара-дүрсін емес, сөз таныр кісі болса қатпарлы да, қыртысы қалың осы бір шығармалардың қауқарын да, санаға түсер салмағын да бірден аңғарар еді. Амал не, сол бір құнарлы ой, ішкі толғаныс пен бұлқыныс-бұралаңға толы құнды тұжырымдар әдеби сында да әлі анық бағасын ала алмай келеді. Соны ескерте отырып, біз бүгінгі мерейтой тұсында Қастек ақын мінезінің өзіндік бір қырына ғана тоқтала кетуді парыз санаған болатынбыз. Қалғанын тағы көре жатармыз, дедік.
2006 жыл.
"Әдебиет айдыны" газеті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі