Әрине, біз атқарар жұмыстың өзіндік ерекшелігі, басқалар еңбегінен біршама айырмашылығы бар. Өйткені, оны қолмен ұстап, көзбен көру әсте мүмкін емес, көбінесе саннан гөрі санада қалатын еңбек. Әр гектар жерден қаншама өнім, әр жүз саулықтан қаншама төл алғаны, қанша құрылыс салынып, қандай ғимараттар тұрғызғаны ұдайы жұрт назарында, басшы алақанында болатын диқан, малшы, құрылысшылар еңбегінің құнын өлшеу де, мөлшерлеп білу де оңай. Ал рухани саланың ондай көрсеткіші жоқ. Сондықтан "тіліне тисе — дәмді екен, көзіне түссе — әрлі екен" деумен шектелгені болмаса, әріге ой жүгірте таразылап жатар төңірегің бола қоймайды. Содан да барып, сол төңірегіндегі көптің көкейіне "осы не бітіріп қойыпты?" деген бір сауал ұдайы тарқамай жүріп алады. Тәлімді-тәрбиелік, әскери-әлеуметтік, тағылым-таным дегенге бойлай барып, ойлай санап жатқандар да аз болады.
Жо, оны қоя тұрып, ойға алған, ниет еткен негізгі әңгімемізге көшелік. Қарап отырсақ, облыстағы 19 өңірде аудандық, қалалық, ресми, биресми бар 23 газет шығады кем. Толып жатқан телеарна, радио жүйелері жұмыс істейді. Бұл біле білгенге соншалық аз күш емес. Егер ақпараттың бірыңғай кеңістік құрып, бір орталыққа бағына шоғырланып, Елбасының алға қойып отырған, облыс әкімі жүзеге асырып жатқан сан алуан міндеттері мен бағдарламалар үдесінен шығуға жұмыла кірісіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алсақ — қыруар істі тындыруға болар еді, "көп түкірсе — көл" деген де сол.
Осы мақсатпен өткен жылдың алғашқы тоқсанында барлық ақпарат құралдары басшыларын, аудан әкімдерінің осы сала жөніндегі орынбасарларын, облыстың бірқатар мекеме басшыларының басын қоса отырып, үлкен басқосу өткіздік. Онда облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Мұсабаев, осы жолдардың авторы, облыстық экономика, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім басқармаларының басшылары Еркін Адасбаев, Қанымжан Солтанқұлова, Күлімхан Жәйшібековалар баяндама жасады. Баспасөз құралдары алдында тұрған биік меже, келелі міндеттер белгіленіп, газет редакторларының, жергілікті телеарналар мен радио хабарын тарату жүйелерін қаржыландыру барысы, басқа да қамқорлық жасаудың нақты жолдары белгіленіп, бағдарламасы бекітілді. Сол жиында айтылған уәж бен уәделерден көз жазбай, мұны тіпті республикалық баспасөз күні қарсаңында өткен тағы бір басқосуда пысықтап бекіте түстік. Бұл соңғы жиында облыс әкімі З.Қ.Нұрқаділовтің өзі облыстық, аудандық газеттер, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына толымды міндеттер жүктеп, өзі оларға қомақты сый-сияпат та жасаған болатын.
Сәуір айының бас кезінде облыс әкімінің тікелей басшылығымен Жетісу өңірінде туып-өскен елге танымал ақындар мен жазушылар, өнер адамдары, мәдениет қайраткерлерінің басын қосқан келелі жиын өткіздік. Бұған қаламгерлер, сахна, қолөнер шеберлері, сазгерлер, бишілер мен күйшілер түгел шақырылды. Алма-кезек суырыла мінбеге шығып, көкейдегі ойлары мен ұсыныстарын айтқан, пікір білдірген адамдар көп болды да, сол ұсыныс-пайымдар негізінде 13 баптан тұратын облыс әкімінің арнайы шешімі қабылданды. Біз жыл бойғы жұмысымызда сол шешімді негіз етіп ұстандық. Бүкіл еліміз болып атсалысқан "Жаңа ғасырға — жаңа он!" байқауының идеясы да сол жиын үстінде туып, әкім аузынан алғаш естіген зиялы қауым өкілдерінің бір кісідей қолдап ала жөнелгендері де әлі ұмытыла қоймаған болар.
Мәселен, ұлы Жамбыл жерінде дүркіреп өткен кітап мерекесі жайлы әңгімеге келейік. Мен дәл сол сипаттағы думанның басқа жерде өткенін естіген де, оған қатысқан да емеспін. Бұл мерекенің ойдағыдай өтуіне көп дайындық жүргізілді, көптеген адам күші мен қаражат та жұмсалды. Әсіресе, облыстық мәдениет басқармасының қызметкерлері атқарған істе қисап жоқ еді. Ең алдымен республика баспаларынан соңғы жылдары жарық көрген көркем әдебиет кітаптарын сатып алып, қайта ашыла бастаған облыс кітапханаларының қорын толықтыруға 15 миллиондай теңге жұмсалғанын, жүзге жуық ақын-жазушыларымыздың өз қаржыларынан шығарылған кітаптарын сатып алу арқылы, оларға да азды-көпті демеу болғанымызды мақтан етудің артықшылығы жоқ.
Кітап мерекесіне Алматыдан әдейі барып, халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиевтар бастаған 60-қа жуық қаламгерлер, баспа қызметкерлері қатысты. Қазақ тілінде шыққан ең көне кітаптардан бастап, Абай, Жамбыл, Әуезов, Мұқанов, Әлімжанов, Нұршайықов, Мағжан, Мұқағалилар кітаптарының макеті жасалып, сахналық көріністерге әр бере түскенін айта кетуге тиіспіз. Тұманбай мен Шерағаң өз ізбасарлары ақын Маралтай мен прозашы Серікқалиға ақ бата беріп, кітаптарын сыйлауы да айрықша символдық реңге ие болғандай еді.
Бұлардың арасында белгілі композитор, КСРО халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің, бүгін арамызда жоқ болғанымен қазақ мәдениетіне орасан зор еңбек сіңіріп өткен жазушы Әнуар Әлімжановтың 70 жылдық мерейтойларын өткізу, оның өмірі мен шығармашылығына арналған конференция жұмыстарын дайындау, баяндамашылар әзірлеу көп қажыр мен күш жұмсауды қажет етті. Өткен жылдың ең есте қаларлық белгілерінің бірі — "Жаңа ғасырға — жаңа ән!" бәйгесі. Әбілхат Есбаев, Бекен Жамақаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сияқты халқымыздың саз саңлақтары мен сардарлары кеткен соң ән өнері едәуір жүдеп, тозыңқырап, тіпті азыңқырап кеткен сықылданған. Соны дер кезінде байқаған облыс әкімі З.Нұрқаділов осы бір бүкілхалықтық ән бәйгесінің өтуіне тікелей мұрындық болды. Мен сол бәйгені өткізу жөніндегі комиссияның да, қазылар алқасының да мүшесі болғандықтан, бәрін жақсы білемін, бұл конкурсты өткізу де оңайға түскен жоқ. 6-7 ай бойына комиссия тапжылмай еңбек етті. Қазақстанның барлық түкпір-түкпіріндегі әнсүйер қауымды түгел қамту мақсатында баспасөз, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары тұтас жұмылдырып, күн сайын жұртшылықты құлақтандырып отырды. Конкурс қоржынына түскен мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі туындылар ішінен 50 әнді іріктеп алу үшін қазылар алқасы екі ай бойына тер төге еңбек етті. Конкурста басқадан озық болған 50 ән негізінде желтоқсанның 16 жұлдызы күні Республика сарайында үлкен гала-концерт берілді. Жақсы әнге сусыны қанған жұрт залға сыймай кеткені былай тұрсын, 5-6 сағат бойына дүрілдетіп қол соғып, жалықпай тыңдаумен болды. Тағы бір өкпе осы төңіректе туады. Сол гала-концерт үстінде де, одан сәл бұрынғы он іріктеу кезінде де ел таныған халық артисі, халық жазушылары бар қазылар алқасының бірқатар дарынды мүшелері облыс әкімімен кездесе қалса: "Иә, бұл шын мәніндегі грандиозный дүние болды. Бұрынғы-соңды тарихымыздағы мұндай шара өткізіліп көрген емес", — деп, ауыздарының суы құри мақтасушы еді. Содан бергі бірер ай ішінде кейбір газеттер кекете, келемеждей жазып, қазылар алқасын әжуа-мазаққа айналдырып жатқанда, ауыздарына құм құйып алғандай, үндемей ғана тарс бүркенген күйлері қала берді. Ән конкурсының басы-қасында жүрген, концертке бастан-аяқ қатысқан аузы дуалы зиялы қауым өкілдері де не мақтап, не даттап болса да пікір айтудың орнына, түк болмағандай, ештеңе білмегендей үнсіз қала берді. Өзімізді өзіміз мадақтаудан тартынып, біз де бұл әңгімеге араласа алмай келдік. "Жаңа ғасырға — жаңа ән!" конкурсы қаншама жаңа есімдер, сазгерлер, әнші-орындаушылардың бағын ашты. Қаншама жаңа есімдерді халыққа танымал етті. Әрине, біткен іске сыншы көп болады. Сынның орындысы да, орынсызы да бар, дегенмен дәл өткен жылғы осы конкурстай үлкен іс атқарған кім бар? Басқасын айтпағанда, сол іс-шараны абыроймен өткізудің басы-қасында жүргеннің өзін әбден мақтан етуге болады.
Қандай құрылымдағы ел болмасын оның ішкі идеологиясына пәрменді ықпал ететін құндылықтардың бірі — дін болып табылады. Қазіргі Қазақстан жағдайында да күн сайынғы қоғами тірлігімізде де, қысқасы бүкіл ел өмірінің әлеуметтік-саяси жағдайында да діннің рөлі арта түсіп отыр.
Осы мақсатпен облыс әкімінің арнайы шешімімен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес құрылып, оны басқару маған жүктелген еді. Біздің бөлім аясында діни ұйымдар, қозғалыстар мен секталар жұмысын қадағалап, жүйелі бақылау жасайтын сектор құрылды. Онда әзірге тәжірибелі екі адам жұмыс істейді. Желтоқсан айының басында өткен кеңес құрылтайына республика, облыстағы діни ұйымдардың, құқық қорғау органдарының басшылары, белгілі философ, теолог ғалымдар шақырылып үлкен ауқымдағы әңгіме өтті. Облыста тіркелген, тіркелмеген бар үш жүзден астам діни бірлестіктер, дәстүрлі, дәстүрден тыс конфессиялар бар екен. Көп дінге бөліну қоғам ішінде елеулі қарама-қайшылық, кереғар көзқарастардың болуына әкеп соғады. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды белгілі бір жүйеге түсірудің жоспары жасалып, шаралары белгіленіп отыр. Таяу күндерде мұсылман мешіті төңірегінде топтасушылар мен православие шіркеуі қызметкерлерінің ара-қатынасы, осы діндерді қолдау арқылы бірқатар зиянды секталар әрекетіне тыйым салу мақсатымен арнайы жиын өткізу ұйғарылып отыр. Қазіргі "Дін туралы заңның" кейбіртұстары да қайта қарауды қажет етеді. Соған байланысты кезекті еңбек мәжілісінде дін басшыларын, облыстан сайланған Парламент депутаттарын шақырып, әлгі заңға жекелеген толықтырулар енгізудің мүмкіндіктерін сөз етсек деп отырмыз.
Әрине, бір жылдың қызметіне қысқаша шолу жасағанда мен бұл игілікті істердің бәрін өзім атқарып шықтым деуден аулақпын. Ол жұмыстардың абыройлы нәтижемен жүзеге асуы нақтылап келгенде облыс әкіміне, оның тікелей қадағалауы мен басқаруына, талап қоя білуі мен оның орындалуын бақылап отырған басшылығына байланысты. Облыс әкімі, оның орынбасарлары, бізбен салалас басқа да бөлімдер, басқармалар қызметкерлері жұмыла кіріспесе, жеңіл жұмыстың өзі ауырлай түсер еді. Сөйте тұра сол жұмыстардың барлығынан шет қалмай, бірін басқарысып, біріне белсене араласа атқарысып жүргенімізді жұрт есіне сала кеткім келгенін жасыра алмадым.
Қай істің қиюын қалай келістіріп, қалауын қалай табу керегі жөніндегі ойды сарапқа салу үшін де осы бір жылдың тәжірибесі нәтижесіз болған жоқ дегім келеді. Сол тәжірибе енді біздің алдағы істерімізде де кәдеге жарап қалар деген үміт те жоқ емес.
Мұндағы дін туралы әңгіме қайдан шықты дейтіндер болса, оған айтарымыз — үстіміздегі жылдың басына дейін менің қарауымда "діни ұйымдармен байланыс жөніндегі" арнайы сектор жұмыс істеді. Кейін оны Тельман Сауранбеков басқарып, өз алдына бөлім болып бөлініп шықты.
Осы мақала жарық көрген күні Жібек тағы шала бүлінді. "Сіз тіпті, "облыстың бүкіл идеологиясын өзім басқарып отырмын" деп жазыпсыз ғой", — деді. "Жоқ, оңай сөз жоқ, дұрыстап оқысаңызшы", — деймін мен. "Е, ондай сөз болмағанымен, мақаланың ұзына бойына сол сарын есіп тұрған жоқ па! Оның үстіне бір күнде екі газетке мақала жариялайтындай сіз кім едіңіз соншама?" — деп те бір кетті.
Бұл кезде біздің арамыз әбден ашылып болған еді. Ендігі жерде оның сөзін өтірік құптауға да, біреуге барып "сөйтіп еді" деп жылап-сықтауға да құлқым жоқ болатын. Заманбек, Мұраттар жағынан да салқын қабақ, салғырт көңіл байқай бастағандаймын. "Осы да жетер, есім барда елімді табайын" деген ниетке біржола бекіп, бой алдыра бастап едім мен.
Сондықтан Жібектің ендігі сөзі маған шаншудай қадала қоймайтын болған "Ит үреді, керуен көшеді", несіне жүйкемді тоздыра беремін дейтінмін өзіме-өзім.
9 ақпан, 2001 жыл.
Аппарат басшысы Мұрат Мұсабаев ініме арнап:
Атымды айтып жүрген халқым әр күн,
Бірі едім он кісілік нарқы бардың.
Амал не, Зәкең берген ескі арбаны
Қосылып Долженковқа тартып алдың! —
деп бітіретін өлең жазып, өзіне апарып бердім.
Қаншалықты түсінгенін қайдам: "Аға, автокөлік бөлетін де, ол мәселені шешетін де мен емеспін ғой. Әкімге айтсаңызшы", — деп құтылды.
6 ақпан, 2001 жыл.
Әкімде аппарат жиналысы өтті. Заманбек жиналыс аяқтала берген бір мезгілде маған реніш білдірді. Жауап қайтармай, үнсіз мелшиіп отыра бердім.
Шығып бара жатқанда өзі тағы: "Сіз әлгі сөзді көңіліңізге ауыр алып қалған жоқсыз ба? Ренжімеңіз. Бірақ сіздің маған жақындығыңыздан да, ақындығыңыз қажеттірек", — деп қалды.
Мен ұға қоймадым. Қайталап сұрап жатуды және қажет көрмедім.
12 ақпан, 2001 жыл.
Аппарат жиналысында әкім маған тағы да бірден шүйліге кеткені. "Түркістан" газетінде Өтежан ақын тілшіге берген сұхбатында Заманбекке тиісіп жанға тиер сөз айтыпты. "Сіз неге қарамайсыз, неге қорғап ара түспейсіз?" — дейді ол. "Қай газетке кім не жазғалы жатқанын мен қайдан білейін" — деп ақтала беріп едім, экономика басқармасының бастығы Еркін деген жігіт орысшалап: "Можно было и предвидеть!" — деп қалды. "Фарисейство" дегеніңіз осы. Оған да жауап бердім.
Әкім: "Өтежан Нұрғалиевті білесіз бе, оның менде несі бар?" — деп сұрады. "Білем, — деді, — идиот!" "Кім, кім дейсіз?" — деді әкім елеңдеп. "Идиот!" — деп қайталадым.
13 ақпан, 2001 жыл.
Кешегі әңгімеден кейін көңіл қошым болмай-ақ жүргені. Бүгін жақсы ақын, асыл азаматтарымыздың бірі Жарасхан Әбдірашевті жерлесуге қатыстым. Сол жерде Өтежанға жолығып: "Осы сенің Нұрқаділовте не құның бар, ей? Неге тыныш жүрмейсің. Алматыда 600 жазушы тұрады екен, соның бәрін пәтермен қамтамасыз етуге міндетті деп ойлап па едің оны?".
"Әй, әйтеуір құлағына жетсе дегенім ғой", — деді Өтежан. "Ал, жетті құлағына. Менен тіпті "Өтежан деген кім?" — деп те сұрады. "Ие, — деп елең етті біраз жігіттің көзінше, — сен не дедің?". "Не дейін, "идиот" дедім. "Өте дұрыс айтқансың, — деді Өтежан, — 1:0, сен жеңдің!"
14 ақпан, 2001 жыл.
Бүгін сағат 14-15 аралығында Заманбек шақырды. Ұзақ ұстап, әртүрлі әңгіме айтты. Мен туралы әркім-әркімнің жеткізген ренішін де жасырған жоқ. Біраз мәселе төңірегінде ұғынысқан да сияқтымыз. Кешегідей емес, басқаша сөйлеп отыр. "Арадағы 5-6 жасты айтпасақ, Сәке, сіз бен біз замандаспыз ғой, бір-бірімізді түсіне жүрейік", — деді. Мен сол сәтті пайдаланып, автокөлік жағын есіне салдым. Ол жалма-жан Долженковты іздеп еді, емханада екен. "Жарайды, бара беріңіз, бәрі орнына келеді", — деді әкім.
Осы әңгімеден аңғарғаным: оған менің айналамдағы әркім-әркімдер әртүрлі пікір айтатын сияқты. Соның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін өзі де тап басып біле алмай жүргенге ұқсайды. Ол да менің өзгелерге ұқсап иіліп-бүгіліп жүре алмай, көзге шыққан сүйелдей көрінуімнен екенін аңғардым.
20 ақпан, 2001 жыл.
Осы мен өзім қандай адаммын? Жұртты мінеу үшін, біреудің мінін көзіне айту үшін де өзің олардан гөрі таза, олардан гөрі биіктеу тұруың керек қой. Сол оймен өз ішіме үңіліп көрсем, аса жаман адам емеспін дегенге жығыла беремін. Алыс-жақын ағайынның көбісі сыйлайды, қаламдастарым мен замандастарымның да бірқатары айтқан сөзіме тоқтайды. Өз басымды да, атқарған ісімді де мақтасып жүретіндер бар. Өзімнен кейінгі жастардың да алдыңғы лек бір тобы құрметтейтінін, қадірлеп жүретінін байқаймын.
Бұл жағы жақсы, әрине. Бірақ кеше ғана маған дос болғансып, аға, іні болғансып жүріп, бүгін аяқ-асты сырт беріп шыға келген адамдар да бар ғой. Ескі, жаңа таныстарымның біразымен кетісіп те тындым. Соған қарап кінә бір жақта ғана болмас, менен де кеткен қателіктер бар шығар-ау дегенді ойлай беремін. Бірақ көзіме: "әй, кәпірсің-ау!" — деген бірі болған жоқ. Сол қинайды.
Рас, мені де қатарластарымның біршамасы ұната қоймасын сеземін, сезіп қана қоймай, жақсы білем де. Бірақ та: "Сені дәл мына бір қылығын үшін жек көремін", — деп айтқан бірі жоқ. Мен айттым. Кетіскендерімнің бәріне де айттым. Өйткені біреуінің кердеңдігі, біреуінің менмендігі ұнамады. Бірінен иттікті, бірінен иттікке де алғысыз ұсақ пендешілікті, бірінен есепқорлық, ақымақтық, екі жүзділік көрдім. Соған көзім әбден жеткенде, мінін көзіне айттым. "Бұлар менің ең жек көретін қылықтарым", — деп айттым. Сол үшін айнып шыққанымды жасырмай аттым.
Мені сырттай жек көріп жүргендердің бірде-бірі осылай өз мінімді көзіме айтқан емес.
Енді біреулер мені мақтаншақтыққа да апарып телитініне ұқсайды. Жасыратыны жоқ, жас кезімізде жұрттың төбесінен қарап, жолап кеткеннің бәрінен өзімізді жоғары санап, менімен кісілікке таласа қояр, терезесі тең біреу табыла қояр ма екен деген астамшылыққа да жол берген екенбіз.
Менсінбеуші едім наданды
Ақымақ деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды
Өзімді-өзім-ақ зор тұтып, –
деп Абай айтқандай, мен де өзімді тым зор тұтып келсем керек-ау!
11 наурыз, 2001 жыл.
Кемел келді. Күлімхан Жәйшібекова маған деген өкпесі барын телефонмен айтты. Ахмет бас сұққан жоқ. Осы жігіттің неге сырғақтайтыны, жүріс-тұрысына дейін неге жасырып жұмбақтайтыны түсініксіз болып барады.
Біз өзі не болып барамыз? Кеше маған Ораз Исмаилов келген. Ол біраз жүгіріп жүріп менің атсалысуыммен баяғы "Шартарап" баспасынан Бақтыбай Жолбарысұлының кітабын шығарған еді. Ішінде өзі жазған едәуір көлемді зерттеуі бар болатын. Енді қарасам, сол кітапты өз атынан шығарып жіберіпті. "Сіз ауызша рұқсат еткенсіз!" — деді маған. Мәдениет басқармасынан Қанымжан да ренжіп, ашу-ыза білдірді.
Сол Ораз менен шыға "Жетісу" газетіне барып, Әміре екеуі сұхбат өткізіпті. Бас-аяғы 3-4 беттік әңгімеде Оразым Заманбектің атын 17 рет атайды. Бұл неткен мүсәпірлік, бейшаралық десеңші! Жағымпаздықтың да жақсы бір түрі болушы еді, мынадай сорақылықты да көретін күн бар екен-ау!
Әй, қазағым-ай! Өз үйінде, көрші-қолаң алдында көшеде, кеңседе, базарлар мен дүкенде, автобус пен пойызда шетінен өр, бәрінен зор, етті де бетті, тентек те текті болып көрінгісі келіп, теңдестер алдында тіпті айрықша құтырынып, "жұмыс" деп аталатын күнкөрістік пәленің құлақкесті құлдығында жүріп те кісіні көзге ілгісі келмейтін кердең қазақ баласының басшы десе, билеуші десе, әмір мен әкім десе, өкімет пен үкімет, мемлекет десе бірден жүзі төмендеп, итиіп, қойдан қоңыр, жылқыдан торы болып жайылып сала беретіні несі екен? Басшысын сыртынан өші бардай жамандап алып, көзінше, жеме-жемге келгенде көнбіс те сенгіш, берекесіз, бетсіз болып шыға келетіні қалай? Басшыға бағынуды табыну деп білетініміз қалай? Бұл ретте тіпті кемеңгері қайсы, кещесі қайсы — тап басып айыра алмайсың. Бастық десе жүз бүктеле иіліп жататындар елді қалай ілгері бастырмақ?
10 сәуір, 2001 жыл.
Панфилов ауданына іссапармен барып қайттым. "Дәнеш Рақышев қорын құру акциясының жалғасы" аталатын игі шараға араластым. Облыстық кәсіподақ бастығы Мырзағали Молдахметов, Тұрсын Әлпейісов, Құрманбай Толыбаевтар бар еді қасымда.
Аудан әкімі Ермұқанбет Омаров жөн-жосықты жақсы білетін, ел басқаруға әбден төселіп алған, маңғаз да маңызды жігіт екен. 2-3 күн ішінде соған көзім жете түсті. Бізді өзі қарсы алып, сол сапар біткенше қасымызда болды. Аудан көлемінде жүзеге асып жатқан игі істерді түгел аралатып, бәрін де көрсетуге тырысты.
Жалпы, облыстағы бірсыпыра аудан басшыларын білетін едім. Ысылған, төселген жігіттер аз емес. Іскер, жігерлі жастар өсіп келе жатыр. Бұл ретте ауызды қу шөппен сүртуге тіпті де болмайды.
Кеше Ахметті шақырып алып, оңаша отырып сөйлестім. Неге бұртиып, бөлектеніп жүргенін сұрадым. Ол күмілжіп, мәнді жауап бере алмады. Өзінің бір ойлағаны бар болуы керек. Мен тегі өзгеден көріп алған, әркімнен теріп алған жасанды мінез атаулыны қабылдай қоймаймын. Оған: "Мені енді қайта жасай алмайсыңдар, ағаласаң да осы, табаласаң да осы, жаныңмен сүйіп от берсең де, біржола жек көрсең де осы", — дедім.
Абайдың: "Арсыз болмай атақ жоқ, арамза болмай бақ қайдасың" тұп-тура мағынасында қабылдайтындарда бар-ау деп ойладым.
15 сәуір, 2001 жыл.
Қазақ десең өзіңе тиеді, әйтпесе, көріп жүрміз ғой, сенің жер болғаныңды, күн көре алмай тентіреп кеткеніңді қалап, әрдайым соны іштей тілеп тұратындар да барын байқайсың. Байқайсың да, не істерге білмей, амалың құрып тіліңді тістейсің. Өзінің ойынан, өзінің бойынан іліп алар ештеңе шықпасын білгендіктен де олар сенің қылт еткен жақсылығыңды, жылт еткен қасиетіңді көре алмай қызғанып, қылғынып бітеді.
Ашық жамандасып, бетпе-бет келіп түк өндіре алмасын сезеді де, енді сенің сүрінген, мүдірген сәтіңді аңдып, құласаң соған қыбы қанып, құлай түссе екен, сұлай түссе екен, тіпті жылай түссе екен деп тұратын мысық тілеу таныстарым аз ба менің? Саған ауыр тиер қаңқу сөз көбейген сайын, соны өз кеудесінде жұмыртқадай шайқап, балапан етіп шығарып, елге таратуды, "әне, сөйтіп кетіпті, бүйтіп кетіпті" деп қолайлы сәтте жерлеп қалуға, табалап қалуға, қолыңда тасы бар болса, жіберіп атып қалуға даяр жүретіндер де бар. Олар бүкіл күш-қуат, ләззат атаулыны да содан алады!
24 сәуір, 2001 жыл.
Осының алдында "Талдықорған" деген өлең жазып, "Жетісу" газетінде жариялатып едім. Біреулер соны оқып: "О, бұ Сәкен әрең шыдап жүр екен ғой!" — деген сыңайда күңкілдепті. А.С. Пушкиннің Қасым Аманжолов аударған мына бір екі шумақ өлеңі оралды ойыма:
Жақында бір жіберіп ем ысқырып,
Өлең шықты, бастырдым мен қол қоймай,
Қол қоймастан мақаласын қыстырып,
Журнал қуы сол өлеңге салды ойбай!
Бейпіл неме ізімді аңдып қалыпты,
Мен де оның аштырмадым адымын.
Ол қу мені тырнағымнан таныпты,
Мен де оны құлағынан таныдым.
Сол айтқандай мен де желдің қай жақтан соққанын біле қойдым. Біле қойдым да әңгіменің ізін суытпай "Сөз шырайы — шындықта" дейтін мақала жаздым. Бүгін жарияланды. "Оқыдық, оқымадық" деп те аппараттағы бір адам ләм-мим деген жоқ.
Мейрамбек Төлепберген ("Егемен Қазақстан") телефон соғып: "Біраз адамның наразылығын қоздыра түсетін дүние екен, әрдайым жел өтінде жүретін адамбыз ғой, әйтпесе дәл госчиновник қаламынан шыға қоюы екіталай сөздер бар ішінде, әйтеуір бір айқайлап алыпсыз, айқайлағанда да саңыраудың өзі еститіндей арыстанша ақыра айқайлапсыз!" — деген.
Француз ақыны Пол Верлен жайында өз замандасы әйгілі Анатоль Франц: "Бұл ақынға кәдуілгі пенделерге қарағандай өлшеммен қарауға болмайды, ол басқамызда жоқ құқықтардың иесі еді, сондықтан да бізден гөрі өлшеуі жоқ биікте тұрды. Өлшеуі жоқ төменге құлдырады. Бірақ бір ғасырда жалғыз рет дүниеге келетін ақын сол еді", — деп жазыпты.
25 сәуір, 2001 жыл.
Мұрат шақырды. Едәуір әңгімелесіп отырдық. Бірдеңе айтқысы келетіні, көмейінде әлдене тұрғаны белгілі болған соң мен де асықпай, шай ішіп отыра бердім.
Аға, осы сізде ешқандай проблема жоқ па? — деді ол.
Проблема неге болмасын, Мұрат-ау. Менің өмірімнің өзі таза ғана проблемадан тұрады ғой, — деп күлдім. — Оны неге сұрадың?
Қайдан білейін, қашан болсын төрт құбылаңыз түгел адамдай жайбарақат жүресіз. Не өз басыңызға, не бір туыстарыңыздың жағдайын айтып ештеңе сұраған емессіз.
"Сұрай берсең — сұғанақ боласың" деген сөз бар. Өздеріндей ел басқарып жүрген азаматтар жақсылығын айтқызбай жасағаны жөн. Сонда біз де "жақсылығын көріп едім, айтқызбай жасап еді" деп жүретін боламыз, — дедім.
Мұрат түсінді-ау деймін, сол әңгіме әрі қарай өрбімей сол күйі қала берді.
.Облыс әкімі орынбасарларының бірі (атын атағым келмей отыр) маған дәйім ғана: "Жұмысыңыз бола қалса менде кісі отыр демей, баса-көктеп кіре беріңіз!" — дейтін. "Қаламдастарым мен замандастарым" дейтін кітабым жарық көріп, соның бір данасын сыйлайын деп іздеп бармаймын ба бір күні. Қабылдау бөлмесінде екі-үш адам отыр екен. "Қала аралық телефонмен сөйлесіп жатыр еді, сәл күтіңіз", — деді хатшы қыз.
Бірер минуттан соң ішке кіріп шыққан әлгі қыз: "Сіз кіріңіз, — деп, менен бұрын келіп күтіп отырған бір адамға иек көтерді де: "Сәкен аға, сізге күте тұрсын деді", — дегені.
Әскери адамдарша кілт бұрылып жүре бердім. "Аға, қайда барасыз, қазір кіресіз ғой", — деп не істерін білмей қалған қаршадай қызға: "Түк жұмысым жоқ еді, кірмей-ақ қояйын ", — деп шығып жүре бердім.
"Ақымаққа — қылышты, ұятсызға билікті сеніп тапсырудың қауіп-қасіреті бірдей", — деген екен Пифагор.
Маған берілген билік ауқымы әкімнің баспасөз қызметімен ғана шектеліп, тым тарылып бара жатқандай. Заманбек те аса көп ашылып сөйлесе бермейді. Жібек екеуіміздің арамыз тіпті құрсауға да, жамау-жасқауға да келмейтін, көнбейтін болып әбден ашыла түскен. Бұрынғыдай оның кабинетіне күніге екі-үш қайтара кіріп-шығып, әзіл-оспақ айтып, басы бар, аяғы жоқ әрқилы қысыр әңгімелерге де бара қоймаймыз. Әртүрлі жиын үстінде, басқа да бас қосуларда амалсыз бетпе-бет келе қалсақ, әдеттен аспай ғана, ресми ұшырасудың о жақ, бұ жағындағы сыпайы салқындықтан әріге бармаймыз. Екеуіміздің арамызға қызыл телефон ғана дәнекер, елшілікке де, жаушылыққа да жүретін жалғыз сол.
Әрине, Жібек те, жібектер де кетеді. "Бетеге кетіп, бел қалады, бектер кетіп, ел қалады", — дейді ғой халық. Бірақ оны көрген, қарауында қызмет істеген адамдар күні ертең билік басына келе қалса — айна-қатесіз алдындағы "өнегелі" де "қырағы" басшының қылығын қайталайды-ау деп шошынасың. "Алдыңғы арба қалай жүрсе — артқы арба солай жүреді". Сол жаман!
...Қазір көбіне телефон арқылы сөйлесетін болғандықтан бұрынғыдай аса көп аяғымды тартып, айылымды жия қоймай, баз-базда ойдағымды ірікпей, ауызға келіп қалған сөзді ашық айтып та жіберетін болып алғанмын.
Ашу да, ыза да жоқ көңілде. Кекесін, мысқыл басым. Телефонның, бір жақсысы — бетін көрмейсің, жүзің ұялмайды.
Осында қызметке келгенде алғашқы айлардың бірінде түскі үзіліс кезіндегі қысқа сейіл үстінде менің Ахмет інімнің: "Бұл жерде қызмет істемек түгілі, бір кезде Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі отырған осынау зәулім ғимаратқа, мына бір теңдесі жоқ сарайға бір кіріп шығуды армандап жүрген адамдар қанша, аға. Сондықтан сіз екеуіміз тағдырымызға шүкіршілік етейік те", — деп, сол пікірін маған да еріксіз бас изете құптатқаны бар еді.
Ал мен болсам, келісіп алып, келерін келіп алып, енді осыдан қалай құтылсам деп құлазып жүрген кезім еді. "Істей алмапты, істесе алмапты, қызметін атқара алмапты!" — деп гу-гу ете түсер ел сөзінен именіп, намысыма тырысып, бір жылға "қоян терісі де шыдайды" дейтін еді ел, енді бір 8-9 айға шыдайын!" — деп жүргенмін. Сол Ахмет айтқан "алтын сарай" — алып ғимараттың да аясы тарылып, ауасы қапырықтанып, енді мені бұрынғыдай өзіне тарта қоймай жүргенін байқағам.
Оның бәрі, кім біледі, айналамдағы кілең бір нәуетек, сырты бүтін, іші түтін адамдарды көріп түңіле бастаудан да шығар. Біреулерге мен бұл жерде көпке топырақ шашып отырғандай болып көрінуім де мүмкін. "Сол өзің айтып отырған жүзден астам адамның ішінде "жібі түзу біреуі жоқ" дегенге кім сенеді, өтірік қой!", — дейтіндер де табылады. Оған да жауабым бар. Орталық аппаратта жүзден астам адам бары рас. Бірақ олардың көбі әлі ел ісіне араласа қоймаған төменгі сатыдағы қыз-келіншектер. Маған қатысы болмаған, сол бойы таныспай кеткен басқа бөлімдердің адамдарын да көп біле қойған жоқпын. Мен өз айналамда болған кісілер жайлы ғана әңгімелеп отырмын.
Осы адамдар неге сонша қауқарсыз, неге сондайлық қабілетсіз?
Бұрындар облыстық партия комитетінде екшеліп-іріктелген, күні ертең кез келген жауапты мекемеге басшы болуға лайық адамдар істейтін. Мен қызмет істеген 18 ай ішінде облыстық әкімшіліктегі оннан астам аға инспектор, ондаған бөлім басшыларының бірде-біреуі жоғарылап көрмепті. Заманбекпен ілесе кеткен бірнеше орынбасар, бірнеше бөлім басшыларының орнына сырттан адамдар әкелінді. Яғни, әкімшіліктің өз ішінде ел басқармақ түгіл, ішкі бөлім жұмысын алып кетер ешкім болмағаны ғой. Әйтеуір иіліп-бүгіліп, ішкенге мәз, жегенге тоқ, көзге ғана көлгірситін, қасындағылардың әр сөзінен астар іздеп, күлкісінен қылмыс тапқысы келіп тұратын, өзге түгілі өздеріне сенбейтін секемшіл біреулер.
Құдай біледі деп айтайын ел-жұрттың жай-күйін ойлап бас қатыратын бірі жоқ, өз қалтасы, өз жағдайы ғана, аңдыған-баққаны қайтсе бастыққа жағып, ағасы, баласы, інісі-тынысына сәл-пәл пайдалы жағдай жасауды ғана мұрат тұтып жүргендер.
Біреулері мұнда үлкен-үлкен лауазымды әке-шешесінің жең ұшынан жалғасуы арқылы келгендер. Бас мұраты — ертең ұлық болу, осу, шен-шекпенді болу. "Сол жерге жабысып қалған жоқсың, анкета үшін, карьера үшін бірер жыл істеп қайт. Келісілген, бірдемені бүлдіріп алмасаң — саған ешкім қайдан келдің деп көз аларта қоймайды" деп "ақыл үйретіп", жолға салып, жөнге келтіріп отыратын "оқымыстылары" бар балалар. Қулық пен сұмдықтың да жеті атасын іштен үйреніп туғандар.
Екінші бір топ бар, майлы қазаннан шеттеген, енді қанша тыраштанса да қолы билікке жетпеген, керек кезінде ешкімге өтпеген, бұл күнде қасындағысын жарға итеріп жіберсе де жүзі жана қоймайтын, нағыз екі шоқып, бір қарайтын саққұлақ, қойны-қонышы толған ақпар, — "аса білгіштер".
Үшінші топқа мұңда әйтеуір біреулердің желеуі, біреулердің демеуімен келіп қалған, бұдан басқа барар жері, басар тауы да жоқ, майлап берсең өтпейтін, желкелесең кетпейтіндер.
Бұл үшеуіне де өзінен басқаның керегі шамалы. Нағыз Абай айтқан: "Малға достың мұңы жоқ малдан басқалар".
15-18 мамыр аралығында, қасымда облыстық газет редакторы Жақыпжан Нұрғожаев бар, Көксу, Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын аралап қайттым. Бұл аудандарды басқарып отырған азаматтар да кілең бір "сен тұр — мен атайын" дерліктей, сайдың тасы сияқтанған жігіттер. Аз отырып, көп сынасақ та, әйтеуір бәріне де разы көңілмен оралғанбыз.
23 мамыр, 2001 жыл.
Күн сәрсенбі еді. "Меридиан" телефоны дыз ете түсті де, мен тұтқаны көтеріп үлгерер-үлгерместен "Кулмаханов говорит, зайдите срочно ко мне!" — деген ызғарлы дауыс естілді. Амандық жоқ, саулық жоқ. Лауазымына мастанып, кеудесіне нан пісіп тұрған, өзінен басқа да бір адам бар-ау дегенді әзірге ескергісі де, көзге ілгісі де келмейтін даңғой дағдының белгісі.
Кабинетімді жауып, дәлізге шыға бере осындағы бөлім бастығы Тельман Сауранбековпен бетпе-бет ұшырасып қалдым. "Апыр-ай, — дедім оған, — Зәкең (Нұрқаділов) тым құрыса "Ассалаумағалейкүм" деуші еді, мына бастық бағыныштыларына амандасудың өзін артық әуре санайтын, әкіреңдеп қалған біреу болмаса неғылсын!"
"Бывает", — деді ол да орысшалап.
Осыдан 4-5 күн бұрын, жұма күні Талдықорған өңірінен іссапардан оралып едім, сенбінің таңертеңінде хатшы қызым телефон соғып: "Аға, әкім ауысып жатыр ғой, Құлмаханов деген кісі, келіп-кетпейсіз бе?" — деп сұрады. "Мен барғанда ауыстырмай ма екен?" — деп қалжыңдаймын. "О жағын білмеймін", — деп Раушан да күледі. "Ендеше дүйсенбіде барармын", — деп қоя салғанмын.
"Әкім ауысады екен" деген пыш-пыш сөз біраздан бері бар еді. Әртүрлі алып-қашпа өсек-аяң, түрлі сипаттағы жорамал айтылып жүрген. Соның расқа шыққаны ғой.
Жексенбі күні таң алакеуімнен мені әкімшілікке шақырды. "Жаңа әкім барлық аудан, қала басшыларын, аппарат қызметкерлерін жинап жатыр, тез келіңіз!" — деді сондағы көп әйелдердің бірі.
Бардық. Көрдік. Таныстық. Жаңа әкім шетімізден жеке-жеке тұрғызып қойып, аты-жөнімізді айтып, танысып шықты.
Содан дүйсенбі күні ол Талдықорғанға алғашқы сапарын бастады. Маған да жүр деп, бір топ ақпарат құралдары өкілдерін алып барып, екі күн болып қайтқанбыз.
Енді, міне, сәрсенбінің сәті деп, таң атпай жатып тағы шақырды.
Бастықтың кабинетінде Долженков, Жібек, тағы біреулер бар екен. Мен отырып үлгерместен әкім: "Имандосов, сіздің орысшаңыз қалай еді?" деп сұрады. "Қағазыңызға қарап алыңызшы алдымен, Имандосов емес болу керек", — дедім мен. Ол: "Ә, иә, И-ма-насов", — деп фамилиямның өзін бірнеше буынға бөліп, әзер оқып шыққан сияқтанды. Соншалық ауызға түсе бермесе ауыр фамилия емес еді, кім білсін!
Мен сізді танымаймын ғой.
Танисыз, — дедім мен, — 1993 жылы ең алғаш тарап кететін Парламенттің депутаты ретінде соңғы сессиялар кезінде бірер ай қатар отырғанбыз.
Ол үндемеді. Жақын таныстығымыз жоқ, бас изесіп амандасып қана жүретінбіз. Ол да, мен де бір-бірімізге жік-жапар бола қоймағанымыз да рас-тын.
Орысшаға қалайсыз?
Мен орысшаның түбін түсіретін адаммын ғой, — дедім мен, — көп жыл бұрын Мәскеудегі "Высшая партийная школа при ЦК КПСС" деген оқу орнын да бітірген болатынмын.
Жібек сөзге араласып: "Жоқ, сіздің бітіргеніңіз әдебиет институты емес пе еді!" — деп қалды.
Мен ақыл-есім дұрыс кезде бітірдім ғой оқуды. Қайда оқып, қайда қойғанымды сізден гөрі өзім жақсы білетін шығармын, — дедім.
Сіздің жұмысыңыз маған ұнамайды, — деді әкім.
Екі-үш күнде не біле қойдым деп едіңіз. Әлдекімдердің сөзін айтып, қайталап отырған боларсыз, — деп екі орынбасар бастыққа қарадым мен де міз бақпай. "Шешінген судан тайынбас, қаймығып қайтем бұлардан" деп те ойлап үлгердім.
Бұл кісі сізге бағынышты емес пе, аппарат бастығымың несі бар баспасөз қызметінде? — деп әкім Жібекке қарады. Ол "білмедім" дегендей иығын қиқаңдатып қойды.
Жарайды, бара беріңіз, тағы сөйлесерміз, — деді әкім.
...Сол күні Жібек шақырды. "Сіз біздің жаңа бастыққа ұнамай қалыпсыз. Талдықорғанға бекер-ақ бірге барғансыз ғой", — деді маған аса "жаны ашып".
Мен оған ұнайтын-ұнамайтын бойжеткен қыз емеспін ғой. Оның үстіне өзінің де маған ұнап жарытып тұрғаны шамалы. Қызметті тек бір-біріне ұнаған адамдар ғана бірлесіп атқармайды ғой, тағысын тағы көре жатармын, — дедім мен.
Кеткіңіз келмей ме?
Кеткім келгенде қандай! Тек бүгін-ертең емес, сәл-пәл ойланып алуым қажет, — дедім.
"Жетісу" газетінің редакциясына редактордың бірінші орынбасары болып барсаңыз қайтеді? — деді ол.
Онда Қадірбек деген ақын жігіт отыр ғой.
Бәрін де бір-бір сатыдан төмендетеміз. Ол біздің шаруа, қам жемеңіз, — деді.
Жоқ, сол Қадірбекті менің орныма ма, басқа бір онды жерге ме, өз ықтиярымен ауыстырыңыздар, содан кейін сөйлесейік.
Жібек қолма-қол газет редакторы Жақыпжан Нұрғожаевты шақырды. Мен редактордың көзінше де әлгі сезімді қайталап айтып: "Ал болды, ендігісін өздеріңіз ақылдаса беріңіздер!" — деп есікке беттедім. "Отыра тұрсаңызшы, ақылдасайық!" деп болмады Жібек. "Мен айтарымды айтып болдым" деп шығып кеттім.
Бұдан кейінгі тағы бір дүйсенбідегі аппарат жиналысында әкімнің маған қарата айтқан бір сөзін естіңкіремей қалып, қайталап сұрадым. Сонда Жібек екеуі "көрдің бе?" дегендей бір-біріне қарасып, ымдаса жымың ете түскендерін байқап қалдым.
Ендігәрі мұнда қала бергеннен мән шықпасы белгілі бола бастады. "Мені қойшы, деп ойладым оңашада, карьера жасап жатқан жоқпын, қол-аяғым сау, ойым тұнық, бойым тік қалпында тұрармын да кете берермін. Біраз ғана жүйкенің жұқарғаны болмаса, ұтылған да, ұтқан да ештемем жоқ екен. Менен кейін осы жерден барқадар табам деп келетін отыз, қырық, тіпті елу мен алпыстың арасындағы ер-азамат жадау тірлік кеше жүріп, өз бейнесін, кісілік болмысын жоғалтып, аз жыл ішінде осыларға ұқсап шығады-ау, содан шошимын".
Мұрат Мұсабаевтың орнына келген әкім аппаратының басшысы Нұрлан Сүлейменов деген азамат (ол да сол 1993 жылы менімен бір мезгілде депутат болыпты, мені білетінін айтты): "Не алдыңыз?" деп сұрап еді менен.
Жалақымды ғана алдым, өз мезгілінде кідіріссіз алып тұрдым, — деп күліп ем.
Ол, сірә, пәтер ме, жер ме, әйтеуір өз басыма қомақты бір дүние алып қалған шығар деп ойласа керек. Өйткені, мұндағылардың "дұшпаннан түк тартсаң да пайда" деген принципті берік ұстанып, өздерінің тұрақтап қалмайтынын жақсы біледі де, үзіп-жұлып болса да үлес алып қалуға тырысатыны да рас. Орыстың бір белгілі қайраткерлерінің: "Я не скажу, что все чиновники казнограды, но все казнограды чиновники, — это точно!" — дегені бар еді. Сол сөздің де растығына көзім әбден жеткен. Өйткені мұнда келгенде әу дегеннен тоныңды айналдырып кимесең, бетіңе перде тұтып, бетперде кимесең — кіріге алмайсың, жат, бөтенсің. Өздеріне ұқсамағанды олар да бауырға ала қоймайды екен.
Әкімшіліктегі өзім білетін жүзден астам адамның ішінде елдікті ойлап, ел мүддесі, жұрт мұраты деп қабырғасы қайысып жүргендері шамалы. Ертеңгі күнге ешқандай сенімі жоқ, үркек, "сен бұл жерге лайықты емессің" деп біреуі болмаса біреуі айтып қала ма деген күдік пен күмән, сезік пен секемнен арылмай, бірінен бірі қорқақтап, күн кешіп жүрген адамдар. Солардың қасында талант-талабымен де, қарымды қаламыммен де ел мен жерге, мемлекетіме бір кісідей еңбегім сіңіп келе жатқан адаммын-ау дегенді ойлаудың өзі көңілге медеу, дәтке қуат еді.
Осылардың бәрінен гөрі таза, бәрінен гөрі жоғары тұрғанымды сезінудің өзі бір бақыт еді. Әрине, бұлардың ішінде өз кәсібін меңгерген, белгілі бір сала бойынша түсінік, түйсігі бар адам жоқ деп айтуға аузым бармас еді, бірақ интеллект, ой-өрісі, өресі, білгірлікті, біліктілігі жағынан біздің шенімізге де келетін бірі жоғына бәс тіге алар едім.
"Мавр сделал свое дело, Мавр может уходить", — деген бар еді. Енді бізге қалған не бар мұнда?
..."Үлкен лауазым асыл адамның қадір-қасиетін одан әрі арттыра түседі де, ұсақ пиғылдағы адамды тіптен төмендетіп жібереді", — депті Ж.Лабрюнер.
Жаңа басшының түрін көріп, санамда сондай бір ойдың ұшқыны жылт еткендей болған.
* * *
...Бірер аптадан соң кезекті еңбек демалысына шықтым да, облыс әкімшілігінің есігін қайтып ашқым келмеді.
* * *
Бұл хикаятта менен біреу әдейілеп: "Кімнен қорлық, кімнен зорлық көрдің?" — деп сұрағандай-ақ, өзімнің әлдекімдермен ұғыса алмаған, шығыса алмағандығым жайында жазуын жазып алып, апыр-ай, бүркіт қартайса тышқан аулайды дегендей, тым ұсақтап, елдің бәрі біле беруі міндет емес көр-жерді тізіп кеткен жоқпын ба деп те ойланған едім. Бірақ жаман-жақсы он сегіз ай осы жерде қызмет істеппін. Үлкен-кішімен терезем тең араласып, бірсыпыра шаруалардың басы-қасында жүріппін. Сөйте тұра, әкімдердің маған деген қас-қабағынан қаймықты ма, жоқ басқа да мен аңғармаған себептері болды ма, әйтеуір мені мұнда "келді" дегендер болғанымен, бірер қыз-келіншектен басқа "кеттің-ау" деген ешкім көрінбеді. Бәлки, "байтал түгілі бас қайғы, жаңа бастық келіп, кімнің кетерін, кімнің тұрақтап қаларын білмей аласапыран болып жатқан кезде біреуі біліп, біреуі білмей қалды ма, әйтеуір ішімде өкпе сияқты, реніш сияқты бір дүдәмал сезім құйындай ұйытқып кете беріп еді. Оның не екенін (әйтеуір ыза, ашу өкініш, күйініш емесі анық) өзім де білмеймін. Тіпті маған күн сайын бір бас сұғып, өтірік те болса халімді біліп, "артыңыздан ерген бір жаман ініңізбін ғой" деп көпшік қойып жүрген жігіттерімнің өздері аузын буған өгіздей болып, енді көрместей үн-түнсіз қала бергендеріне біртүрлі көңілің бұзылады екен.
Менің күнделігіме Заманбек Нұрқаділов жайындағы әрі-сәрі ойларым басқалардың бәрінен көбірек түсіпті. Оның жөні де бар, өйткені әрбір апта басындағы жоспарлы жиналысты айтпағанда, бастапқы 7-8 айда менің ең көп жолығып, қызмет үстінде көп араласқан адамым Заманбек болған. Бойындағы барша қайшылығы, бәріміз сияқты кісілік кемшілігіне қарамастан маған оның жеке басы айрықша ұнады. Әрине, мені жұрттан бөлек жарылқап тастағаны да, елден ерек "аялап-әлпештегені" де шамалы. "Жарылқаймын" деген уәдесі де болған емес. Бар жасаған жақсылығы — осы араға қызметке өзі шақырған. Ол шақырмаса да аштан өліп, көштен қалмас едім. Шақырды. Келдім. Онысына рақмет. Бірақ, мен болмасам басқа біреу,бәлки, менен гөрі білімі де, білгірлігі де көп біреу істеуі де мүмкін еді ғой. Басқалардан ала бөтен ықылас білдіре қойған жоқ. Тиісті мөлшерде тағайындалған кесікті жалақымды ғана алып жүрдім. Жеке басыма бір нәрсе сұраған емеспін, өйткені әу бастағы болар-болмас бір өтінішімді орындауға салғырт қарады да, үлкен басымды төмендетіп алдына қайыра бармап едім.
Сөйте тұра, маған ұзынқұлақ арқылы жеткен ақпар бойынша, Талдықорғандық жерлестерімнің бүгін ат үстінде жүрген үлкен бір тобы: "Сәкең жатпай-тұрмай Заманбекті мақтаймын деп жүріп, бар абыройынан біржолата жұрдай болды-ау", — деген әңгіме шығарыпты. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды, ол сөз маған да жетпей қойсын ба, жетті. Ойландырды.
Барлық жұмыр басты пенделер сияқты Заманбекте адами осалдық бар шығар. Бірақ ел басқарып жүрген алаш азаматтары ішінде жаратылысы да, жөні де бөлек жігіт екені дау туғызбаса керек. Лықсып ілгері кетер, тартынып кейде кері сүйрер, артық айтар, кем түсер, әйтеуір қарекетсіз қарап отырмайды, сол арсы-гүрсі адуын мінезімен өзіне жау тауып та жүреді. Кей тұста қасындағылардың сөзіне еріп, ұрынбас жерге ұрынып та қалады. Ұлы Гетенің: "Ел басқаратын адам ең алдымен өзіне өзі ие болуы керек", — деген сөзі бар екен. Амал не, Заманбек баз-базда сол өзіне өзі ие бола алмай қалатынға ұқсайды.
Әйтпесе, мәрттіктен де құралақан емес. Көңілі түскенге қол бола алады, түспегенге шел бола қалады. Бір жиналыс үстінде маған: "Сәке, мен әрі кетсе 20-25 жазушыны білем, мына Тойбаев (орынбасары) үш-төртеуін білер. Ал осында отырған қалған жұрт жазушы дегеннің не істеп, не қоятынын да білмейді. Сондықтан о жағына бүтіндей өзіңіз бас-көз болып, назарда ұстаңыз!" — деген. Фариза, Тұманбай, Шерхан, Әбіш, Әбдіжәміл сияқты әйгілі қаламгерлерге деген ықылас-ынтасы бөлек. Олардың әрбір жаңа шығармалары жайлы жұрт пікірін сұрастырып отырады. Өзі де газет, журналды қалт жібермей көп оқиды. Қай уақытта үлгеретінін де білмеймін, таңертең жұмысқа келгенде: "Сәке, пәлен газеттегі түген материалды оқыдыңыз ба?" — деп, мен: "жоқ" десем, "оқып шығып, пікіріңізді айтыңызшы", — деп жатады. Облыстық "Жетісу", "Огни Алатау" газеттеріндегі материалдардың сапасын талдап айтуы өз алдына, әрбір шрифт, қаріп түріне дейін әңгімелеп, өңдетіп, жөндетіп отырады.
Мен жұртқа азды-көпті оның осы қасиеттерін айтуға тырыстым. Аман жүрсек ол жайлы әлі де айтарым, жазарым бар.
Бірақ, амал не, айналасы оңбады. Ол да өз алдына арнайы сөз етуді керексінетін бір бөлек әңгіме, әрине.
Осы хикаяттың әр тұсындағы емеуріннен белгілі болғандай, біздің бұдан отыз жылдай бұрын облыстық партия комитетінде аз уақыт қызмет істегеніміз бар. Облыстық партия комитеті — билікті ешкіммен бөліспейтін бүгінгі әкімшіліктің атасы мен анасы іспеттес. Сол кезде де жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық жең ұшынан жалғасу деген дерттің бірде өршіп, бірде өшіп жататынын байқаушы едім. Бірақ бүгінгідей шарықтау шегіне жетіп, әбден етек ала ен жайлай қоймаған кезі еді. Барлығы сескенетін бір құдірет бардай көрінетін де тұратын.
Қазір ол да жоқ. Қолына билік тиген адам білек сыбанып шыға келеді. Әй дер әже, қой дер қожа деген жоқ. Әйтпесе қалғанының бәрі сол баяғыдай. Сол баяғы жалған марапат, өтірік көлгірсу, сол баяғы көзбояу, сол баяғы жағымпаздық, жәдігөйлік. Солар тіпті өрттей қаулап өрши түспесе, әзірге өше қояр сыңайы тағы байқалмайды. Өшірсем дейтін де ешкім жоқ сияқты.
Іштерінде жүрген соң, өзім көріп, көзім жеткен соң барып осыларды әдейі әңгімелеп бергім келгені де рас еді. Әйтеуір, әңгіменің жөні осы екен деп, бет алды лағып біреуге жала жаппадым. Арына, намысына тимеу жағын да ойлап, қолым да, тілім де қыши тұра тартына бердім, өзімді барынша тежеп ұстап, сөзімді босқа шығын етпеуге тырыстым. Қара бояуы қалың сияқтанып көрінсе, оған да айыпты мен емеспін...
Ендігісін оқырман жұрт айта жатар. Әзірге осы, ағайын!
Шілде, 2001 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі