"Өтірікшінің куәсі қасында" дегендей, куә болған адамдардың көбі тірі жүрген кезінде өз басыма қатысты мына бір оқиғаларды қағазға түсіріп қоғаным жөн бе деп ойлаймын.
Қуанышбай Құрманғалиевті біраз жұрт таниды. Үлкені Шерхан, кішісі Жақауға дейін онымен қажаса қалжыңдасып жатады. Солардың бәріне сөзі өтеді, бәріне жұғымды жігіт.
Сол Қуанышбай 50 жасқа толғанда бір топ адамға қосып мені де шақырған қонаққа. Кілең бір ығай мен сығай дерліктей, аузын айға білеген азаматтар сайдың тасындай болып, сол үйдің төріне топтала бас қоса қалған екен. Қарап отырсам, бұлардың бәрі де шетінен шенділер мен шекпенділер. "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза, "Балауса" баспасының бас редакторы Қастек Баянбаев, "Жалын" баспасының бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев, Энциклопедия бас редакторы профессор Рымғали Нұрғалиев, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Оралхан Бөкеев сияқты нағыз "сен түр, мен атайындардың" өздері. Кезегімен тост көтеріп, той иесіне мақтау айтып, қошамет білдіріп жатырмыз. Сөз кезегі келгенде Қуанышбайға деген көңіл жоралғысын білдіре тұрып:
— Осы мен сіздердің орталарыңызға қателесіп кіріп кеткен жоқпын ба? Кілең бас редакторлар мен баспа директорларының арасында қалай кіріп кеткенмін деп қысылып та отырмын, — дедім.
Сол-ақ екен, Шерхан ағам жұлып алғандай:
— Сәкен мырза, біз сені баяғының өзінде-ақ бас редакторлар сапына қосып қойған болатынбыз. Так что, шұрқ етпей сөйлей бер, — дегені.
Мұны еске алып жатқанымның да өзіндік себебі бар. белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбаев 60 жасқа толды да, өзі басқаратын ұжымда ("Қайнар" баспасы) шағын қонақасы берген. Ол таза ғана Алматыда бар баспалардың директорларын шақырған екен, директор еместен жалғыз мені қосыпты. Шақырған уақытында бара қалсам, жігіттер жиналып-ақ қалған екен. Нұрмахан Оразбеков ("Қазақстан" баспасының директоры) тұрып:
— Сенің директорың қайда? — деп сұрады әдетінше әр сөзін соза керіле сөйлеп.
— Менде директор жоқ қой, — дедім мен.
— Қалай жоқ, "Жазушыда" емессің бе?
— Иә.
— Есенғали Раушанов емес пе директорың?
— Жоқ, ол "Жазушы" баспасының директоры, — деймін мен.
— Сен қай баспадансың?
— Мен "Жазушы" баспасының бас редакторымын.
— Мен де соны сұрап тұрғам жоқ па?
— Жоқ, сен "Сенің директорын қайда?" дедің ғой. "Менде директор жоқ" дедім мен. Өйткені ол менің емес, баспаның директоры ғой.
Түсінген жігіттердің бір-екеуі: "Апыр-ай, солай екен-ау өзі", — деп күлген болды.
Тек тұрмай, "Білім" баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабаев та:
— Ә, сіз Есенғалидың орнына келдіңіз бе? — деп сұрады.
— "Жақсы адамға қайда да бір кісілік орын табылады" деуші еді, — өзіме тиесілі орным бар шығар, сақалды басыммен біреу үшін тойға келіп не көрініпті! — деп қалжыңдадым.
Жігіттер тағы күлген болысты.
— Жоға, жігіттер, Сәкеннің жөні бөлек, бірге істегенбіз, лауазымы үшін емес, құрдастығы үшін әдейі бөліп арнап шақырдым, — деді Оразбек.
Адамды шені мен шекпеніне қарай бағалайтын заманда не түрлі жағдайлар бола береді ғой. Қызметі үлкейген сайын өтімді де өктем, қызметі төмендесе, жуас та жасық, лауазымына қарай төрге озып, лауазымнан айырылған күні інілеріне жол беріп шегінетін қаншама пендені білем мен. Олар елдің бәрін өздеріндей көріп үйренген. Өзін емес, шенін сыйлап отырғанын іштей жақсы біледі де, сол тұрғыда ғана тарлау шеңберде ойлайтын дәрежеге дейін төмендейді. Кісі сыйлаудың басқа да түрі болады — ау дегенді олар бірте-бірте ұмыта бастайды. Кісілік, кішілік дегендер жайына қалып, шен мен шекпен ғана жораға жүрер жоралғы да солардан бастау алып жатады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі