Өлең, жыр, ақындар

Менің досым Толғанбаев

Біздің ауыл Тентек өзеннің шынтақ сияқтана иіле біткен кеңдеу бір қолтығына сұғына кіріп жатыр еді. Мамыр айының соңын ала телегей теңіз су тасып беретін де, арнасынан асып төгілген өзен тартыла келіп, қайта жөнге көшкенде жағалаудың бәрі, ауыл маңы түгелдей ойдым-ойдым көлшіктерге айналатын. Бізге керегінің өзі де осы. Ала жаздай шалпылдатып, сол сулардан шығу дегенді білмеуші едік. Күзге қарай қап-қара болып қайыстай қатқан кілең шиборбай балалар отқа қақтап алғандай "пісіп" шығамыз. Жаз бойы үй маңын көру деген жоқ, тірлігіміз түгелдей сол маңда өтеді десе де болғандай.

Жар астында шомылып жатқанбыз. "Әй, анау кім, ей?" — деді жұлып алғандай чечен баласы Сұланбек.

Жарқабақ үстінде "тәйт!" деп қалсаң тұра қашуға дайын еліктің лағындай болып екі көзі бадырайып, құлағы қалқиған арық қара бала түр. Суға түскісі келетін болуы керек, бірақ "ауыл итінің құйрығы қайқы" деп, бізден сескене ме, кім білсін, таяп келуге бата алмай, селтиіп тұрып қалыпты.

"Уәйт" деп мен ұмтылып қаламын. Ол бір секіріп түсіп, әрірек барып тұрады. Менің де батылдығым жар басынан әрі ұзауға жетімсіз болса керек, таяп баруға дәтім шыдамай, тайқи бере үйіріме қайта келіп қосыламын.

Осы "ойын" екі-үш күн бойына қайталанып жүрді.

Ауылымызда үлкен-кішінің бәрі сыйлап әрі ығысып жүретін, өзі он саусағынан өнері тамған зергер де шебер Шәкен дейтін кісі болып еді. Ағаштан түйін түйетін ұста. Бәйбішесі Шәріп екеуінің қашан болсын үй маңында күйбеңдеп жүргенін көретінбіз. Тыным алып отыру дегенді білмейтін. Ауылдың шетін ала орналасқан үйінің ауласы қай қашан мұнтаздай болып тұрады. Басқалардың ауласы ыбырсып, күл-қоқысының шаңы аспанға шығып жатқанда, бұлардан күніне үш рет су сеуіп сыпыратын қора-қопсысының маңы көлденең қылтанақ жоқ тап-таза болатын да тұратын. Бал ал ары жоқ еді, содан ба әлде, Шәкен атамыз кісіге суықтау ма еді, әйтеуір, ол үйдің төңірегіне біз де көп жуи бермейтінбіз.

Сол Шәкен атам суда шомылып жүрген мені саусағымен ымдап шақырып алды. Қасында әлгі мен ұрынғым келіп жүрген қалқан құлақ қара бала бар.

— Әй, Сәкен, — деді Шәкен атам. Бетінде шешек дағы болушы еді, жақыннан көргенде солары баданадай болып тіпті анық көрінеді екен, жүзі де суық емес сияқты. — Әй, Сәкен, мынау Серік деген біздің үйге жекжат бала еді. Мұның әкесі де сенің әкең сияқты басқарма. Сен бұған ешкімді тиіскізбей, қасыңа ала жүр. Бірге ойнаңдар, жолдас болыңдар, — деп тапсырып жатты. Бәйбішесі Шәріп апам да қызыл күрең бауырсақтарын Серік екеуміздің алдымызға төгіп, жік — жапар болып жүр.

Айтуға аузың әрең барады екен, бүгін қарап отырсам, міне, содан бері де елу жылға жуық уақыт өтіпті. Бұл күнде Талапкер аталатын сол ауылдың әр жерде төбе-төбе болып орны ғана қалған. Шәкен атам да, Шәріп апам да бұл дүниеде жоқ. Серік екеуміздің достасуымызға дәнекер болған сол бір ізгі жандарды жарты ғасырдан соң барып, енді еске түсіріп отырмын...

Серік жыл сайын біздің ауылға екі-үш дүркін келіп кетеді. Шәкен атамыздың (нағашысы екен) үйінде қолбала болып ұзақ жүріп қайтады. Бір — бірімізге бауыр баса келе жұп жазбастай достасып алдық. Ол да мені, чечен досымыз Сұланбекті арқаланып, енді ешкімнен қорықпай, қоқилана түскендей. Әйтсе де жаратылысында именшек балаға ұқсайды. Мен кейде ауылдас балалармен жөнді-жөнсіз Қызылкеңірдектесіп, тіпті төбелесіп те қалып жүрем. Сондайда Серік дос болып маған болысудың орнына, көздері бақырайып, тізелері дірілдеп, "қой, қойлап" арашалап әлек болушы еді.

Ол өзі мектепке де ерте барған ба, немене, әйтеуір онжылдықты менен бұрын бітіріп, бір күндері біздің ауылға біржылдық малдәрігерлік мектебін тәмәмдап, кәдімгі "құлаштай көк қағазы" бар мал маманы болып келді. Соғыстан бұрын сондай оқуды бітірген менің әкемнің қарауына Серік келді ме әлде жалана жеткен жас малдәрігердің қол астына әкем өтті ме, оншасын анық білмеймін, әйтеуір, екеуі аз күндер ішінде әмпей-жәмпей тез тіл табысып, әкелі-балалы адамдардай жұп жазбай бірге жүретінді шығарды. Өз әкемнің енді менен гөрі Серікті ес тұтып, оңаша көбірек сыр аша сөйлесіп жүретіндерінің куәсі болып, қызғана да қызыға қарап қоятын едім. Серігім де көпе-көрнеу маңғаздана басатынды шығарыпты. Ересек адамша өктем сөйлей бастаған.

Мен жетінші кластан соң бірер жыл тоғанбасы болам деп, орта мектепті кешігіңкіреп бітірген адаммын. Серік әлгіндей "малдәрігері" болып "дүрілдеп" тұрғанда мен мектептің соңғы класында оқитын едім. Ауылда шағын ғана кітапхана бар. Онда техникум бітіріп келген, жасы бізден көп үлкен бола қоймауы керек, Шолпан деген қыз істейді. Серіктің малды қалай емдеп жүргенін кім біледі, тек қолымыз болсай қалса болды, салып ұрып ауыл кітапханасына барамыз. Қасым Аманжоловтың өлеңімен "ауыра" бастаған шағымыз, бәріміз бірігіп сол ақынның "Аңқау Жүсіп" атты пьесасын сахнаға әзірледік. Кім қай кейіпкерді орындағаны қазір есімде жоқ, тек ойынымызға ауыл тұрғындарының үлкен-кішісі түгел риза болып жүретінін ұмытқан жоқпын.

Екеуміз бірігіп аудандық, облыстық газеттерге мақала жазамыз. Оларымыз кейде жарияланып та жүреді. Бір рет әйелінен ажырасқан ағайымызды сынап фельетон жазып, оны редакция жергілікті жерге тексеруге жіберіп, ағайдың да, ағайымыз тастап кеткен әйелінің де бізге қатты ренжігені де есте қалыпты. Онда неміз бар десеңізші!

Мен мектеп бітірер жылы Серік тағы да жоқ болып кетті. Сөйтсем, Алматыдағы малдәрігерлік — зоотехникалық институтқа барып түскен екен. Сөйтіп, біраз жыл арамыз ажырасып қалған.

1959 жылдың ең соңғы күндерінде мен "Лениншіл жас" газетінің редакциясына қызметке келдім де, көп ұзамай Серікті өзім іздеп тауып алдым. Әлгі түскен институтының оқуын орталап қалыпты. Өзі тұрмысқа бейімделіп те алған ба деп қалдым. Мен әжептәуір танымал жас журналистің жалақысын аламын, қаламақыдан да құралақан емеспін. Сонда да айдың аяғына дейін ақшам жетпей, соңғы екі-үш күнге тақ — тұқ боламын да қаламын.

Сондайда Серікті іздеп табамын ғой амалсыз. "Өлген сарттың қойнында ыстық күлше" дегендей, оның төсегінің бас жағында тұратын қобдишасынан құрығанда қатқан нанның бір табасы табылады. Соны қытырлата шайнап, қантсыз қара шәйді сораптаймыз да, қарынымыз қампиған соң, барып, әуелей ұшырар әңгіме басталады. Қыз-қырқын, қызық іздеп көшеге шығамыз.

Ол өзі кісіге ақыл айтқыш — ақ. Әзір екеуміз де алпыстан астық. Соған қарамай, кезіге қалсақ, аман-саулықтан соң маған ақыл айтып, "үйретіп-ақ" жатқаны. Көбі бір құлағымнан кіріп, бір құлағымнан шығып жатқанында шаруасы жоқ, үйренген әдетінен бір жаңылмайды. "Оу, Серік — ау, сенің ақылыңмен жүрсем, мен Сәкен емес, саған ұқсаған басқа біреу болып шықпаймын ба?" — деп ызаланып, алақұйын ашуға басатын шағым жиі ұшырасып тұрады.

Сол бозбала кезімізде тиын-тебен тақа таусылған күні жатағына іздеп барғанда да досым: "Ақшаны үнеммен ұқсата білу керек. Ең алдымен өзіңе жақсы костюм — шалбар алып, шырттай киін. Содан кейін бізге қалта түбі қағылғанда емес, ақшаң бар кезде де бір келіп кетуді ұмытпасаңшы", — деп ақыл айтар еді. "Жарайды" деп уәде беремін де, жатақханадан шыға бере уәдемді "тарс есімнен шығарып" алатын едім.

Ол 1963 жылы институтты тәмәмдап, сол кездегі іргелі шаруашылық "Бескөлге"бас малдәрігері болып тағайындалған жолдамасын қалтасына басып бір-ақ оралды. Онда мен аудандық газетте қызмет істеп жүрген болатынмын. Серіктің астына қабырғасында "Ветеринарная служба" деген майлы жазуы бар тақтай қорапты көк жеңіл автомашина бұйырды. Өзін білмеймін, бұған мен қатты қуандым. Өйткені көбіне жаяу-жалпы сабылып ел аралайтын журналист үшін автокөліктен артық не бар, сол көлік жан досында болса, саған бұдан артық бақыттың керегі не! Жұмысынан қолы қалт етсе болды, кейде шопырына, кейде өзіне айдатып, алыс — жақын демей, ауыл-ауылды кезіп зымыратамын да жүремін. Мың жерден малдәрігері болғанымен, жаны әдебиетке құмар Серіктің өзі де кет әрі емес, газет жұмысы, журналист романтикасы оған да қызық, сондықтан тартынбайды, кейде өзі де мақала жазып, мал аралаудан босаған кезінің бәрін менімен бірге редакцияда не біздің үйде өткізеді.

Бір-бірімізге қарайлап, біздер кешірек барып үйленген жігіттерміз. Серіктің бір қабат таза киімі әрдайым біздің үйде (аудан орталығында) ілулі тұрады. Оттоннан қайтқандағы сауыс-сауыс қалың тон, бешпетін сыпырып тастайды да, мұнтаздай киініп, шелтиіп шыға келеді. Екеуміз би алаңына не клубтағы киноға барамыз. Серіктің сол секемшіл, үркек қалпы. Әлденеден жүрексініп, жігіттер болмаса, қыз жағына көп жолай алмай жүреді. Мен оны біраз икемдеп, өзім құралпы қыздардың бірқатарымен таныстырып та көрдім. Не Серіктің жұғымы жоқ, не ол қыздарды өзі жақтырмайды, әйтеуір, арамызда ол жіп тағар бойжеткен көпке дейін ұшыраса қоймай, салт бас, сабау қамшы жүріп алды.

Серік екеуміздің әкелеріміз де дос болатын. Қазіргі Үшарал қаласындағы үйімізді саларда әкем Серіктің әкесі Өмірханның ескі қонысын екі-үш ешкі беріп "сатып" алғаны есімде. Үй жанында сол Әмірхан әкемізден қалған шағын ғана алма бағы бар еді. Көбіне біз сол бақ ішінде отырып ауқаттанатынбыз, сонда саялап демаламыз.

Бірде бақ ішінде кітап оқып жатыр едім, ентігіп, екі иінінен демалып Серігім жетті. "Жүрші, жүршінің" астына алып, қояр да қоймай мені көшеге алып шықты. Онда дөңкиіп бір жүк машинасы тұр екен. Кабинасында үкі балапанындай үрейлене үрпиіп сап-сары бір жас қыз отыр. Қымсынып, жанарымен жер шұқи береді. "Осы қыз біздің кеңшарда бухгалтер, алсам деп жүрмін, саған таныстыруға әкелдім", — деп сыбырлап үлгерді Серік.

Кабинаға сығылыса тиеліп алып, бәріміз көлге тарттық. Жолшыбай тағы басқа жолдастар, құрбы қыздар ілескені есімде. Демалыс қарсаңы еді, екі-үш күн оңаша көл жағасында болып, Серік пен Шайзаханды әзірше некесіз "үйлендіріп" алып қайттық. Араға екі-үш ай салып, қазан айының басында дүрілдете той өткізіп, Шайзаханды Толғанбай әулетіне келін етіп түсірген болатынбыз. Той басқару, ұйымдастыру жұмысын, асаба, сахилықты түгел өзім атқарып, екеуі әбден үй болып, аяқтанып кеткенше басы-қасында жүрдім десем де болады.

Сол кездегі иманы төгілген, үлкендер түгілі, біздің өзімізден қымсына қысылып тұратын сарыүрпек Шайзаханды бүгінгі толып піскен, бес биенің сабасындай болып ырғала баяу басатын Шайзахан ханым еді десең, әй, кім білсін, көп адам сене де қоймауы мүмкін-ау!

Біз бір топ бойдақ жігіт бұрын да Серіктің үйіне көп жиналатын едік, топырағың торқа болғыр Зейнеп шешеміз ешқашан келдің — кеттің демейді, бары болса, алдымызға тосып, қаншамыз келсек те қабақ шытпай, алаламай қарсы алып, жылы күліп шығарып салатын. Енді тіпті жақсы болды. Саусылдап келіп күн-түн демей сол үйге түсеміз, түстенеміз, қона жатып керілдесе кеңес құрамыз.

Шайзахан онда қонағын тоңтеріс қарсы алу дегенді білмейтін. Емен-жарқын екпіндей басып, дос үйіне еркін кіретін бір тамаша күндер еді-ау ол да!

Жылға толар — толмаста келіншегі Серікке торсық шеке ұл тауып берді. Атын әкесі Дидар деп қойды. Қазір ішкі істер министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген майор Толғанбаев сол Дидар.

Дидардан кейін де Шәкең жеделдете екі-үш перзентті домалата салды да, енді бір үйдің салиқалы бәйбішесі екені есіне түсті — ау деймін, біз сияқты сұрбойдақтардың алдына түсіп алып бұрынғыдай домалай беруді әбес көргендей сыңай танытатын ыңғай байқатты. Біз де ептеп аяғымызды тарта бастадық.

Мен алдымен Талдықорған, одан кейін Алматы тұрғыны болып кеттім де, енді күнде емес, айлап, жылдап барып көрісетінді шығардық. Серік "Ынталы" аталатын совхоздың директоры болды. Ол кездегі совхоз директорларының түкірігі жерге түспейді, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бір қауым елді бір өзі иіріп жусата бастаған соң, Серік досымның да мінезі өзгерген болар, қатып — пісіп айналасына ақыра әмір беріп жүр ме екен, көрейін деп, бір күні әдейілеп іздеп бардым.

Қасында бірге жүріп, екі-үш күн болдым. Шайзаханның жылы — жұмсағын жеп, шайына қанып алған соң, досым екеуміз совхоздың фермаларын, егістігін, жайылымын аралаймыз. Серік ешкімге ақырып-бақырмайды. Сауыншылардың шелегін өзі қолдаса көтерісіп, біреуінің жүгін түсірісіп, біреудің атын жегісіп, әйтеуір араласпайтын іске араласып-ақ жүргені. "Бай болғанда бақырып бола ма?" дегендей, ақырып — шақырмайтынын дұрыс дегенде де, әлгіндей елпілдек қылығына ішім жылымайды. "Әй, дәл мұнысы директордың қылығы емес-ау", — деп ойлаймын да қоямын іштей. Ел ішінде мұны дұрыс ұға бермесі анық. Кейін ол "Көктұма" совхозына директор болып барған кезде кеткен бастықтың шопыры: "Бұрынғы директор таңғы алтыдан қақпасының алдында тұрмасаң, екі аяғыңды бір етікке тығып, көкенді көзіңе көрсетуші еді, мына кісі сағат сегізде мені өзі оятып алады, бір жақсы адам екен!" — дейтін болыпты Серік туралы.

Сол жолы мен досыма:

— Саунасы, хауызы бар кең бір монша салдыртып қойсаңшы, оқта-текте жолымыз түсе қалғанда жуынып-шайынып, рахаттанып қалатын, — дедім.

— Уәй, дегені — ай! Монша салдырам деп домалақ арыздың астында қалар жайым жоқ, пәледен машайық, осы ескі монша да жуынуға жарайды, — деп азар да безер болып, маңына дарытпаған.

Мен мұны досымның ежелден туа бітті үркектігіне балағам да қойғам.

Ол ешқашан өзінен дәрежесі үлкен басшылардың біреуіне қарсы келіп, жел жағына шығу дегенді біліп көрген емес. Баяғы ветврач болып жүрген кезінде ол екеуміздің қысқы жолмен қырдан қалаға қарай құйғытып келе жатып, омбы қарға белшесінен батып жатқан жалғыз жеңіл "Газикке" тап келгеніміз бар.

— Ойбай, Күрдекеңнің машинасы ғой, жүр, болысып жіберейік! — деп Серігімнің дегбірі кетті.

Күрдекеңдегені аупарткомның бірінші хатшысы Күрдеубай Мұжықов еді.

"Басқа жолмен айналып кете берейік те, рациясы бар, аудан орталығы тиіп тұр ғой", — деген менің сөзіме бой бермей, Серік әлгі машинаны шығарысуға кетті. Іле-шала түтүгіңкіреген Күрдекең біз мінген машинаның мен отырған жағындағы есігін жұлқи ашып, сәлем беруге икемделген мені зекіре жерге түсіріп алды да:

— Ана күректі ал да, күре қарды! — деп бұйырды.

Қар күреп жарытпасымды ол кісі жақсы білетін. Бірақ Серіктің елпілдеп алға түсіп, менің сіресіп машинада отырып қалғанымды ұнатпаған сыңайы бар, соны көрсетіп қойғысы келген бе деп тұжырдым да, айтқанын орындауға кірістім. Іштей өз досымның осынау жалпақшешейлігіне ренжіп те қоям.

Кейін совхоз директоры болғандығы бір оқиғаны Серік өзі әңгімелеп берген. Бұл кезде түкірігі жерге түспейтін

Рахметолла Махметов дейтін кісі аупарткомның біріншісі. Жұртты ықтырып, үреймен билеп алған. Бетіне жан баласын қаратпаса керек. Серікке жылы қабақ көрсетіп, жуырда директор жасайтынын күні бұрын айтып жүріпті. Бірде жайлауға тікұшақпен қонақтарын қыдыртып кеткен Махметовты әуежайдан Серік қарсы алуға тиісті болады да, әлдене себеппен кешігіп қалады. Бұл барып жеткенде Махметов, қасында сырттан келген меймандары бар, тікұшақтан түсіп, сәл-пәл машина күтіп қалса керек.

— "Жатып — жалынып кешірім сұрай жүріп, машинама әрең мінгіздім — ау, — деп әңгімелейді Серік ол оқиға туралы. — Әуежай мен аудан арасы 5-6 шақырым. Жік-жапар болып жалынғаныма қарамай, Махметов жер-жебіріме жете тиісті дейсің келіп. "Енді атаңның басы директор боласың, жаралғалы табаны жер иіскеп көрмеген Рахметолланы жаяу жүргізгенің үшін әлі сазайынды тартқызам", — деп, бірер ащы боқтықты да араластырып жіберсе керек.

— Машинаңды тоқтата қойып, құйрыққа бір теуіп айдап шықпадың ба? Еркексің ғой, — деймін Серікті қайрап.

— Әй, қойшы, сен де қайдағыны айтады екенсің, саған әңгіме айтып отырған менде де ес жоқ, — дейді Серік маған кейіп.

Бұл оның именшектігі ме, болмаса көнбістігі ме, о жағын анық кесіп айта алмаймын. Тек үлкенге де, кішіге де қатты сөйлеп үйренбегеніне күні бүгінге дейін куә болып келе жатқандардың бірімін.

Серіктің "Көктұма" совхозында директор болып жүрген кезінде, қасыма Сабырхан Асановты алып, арнайы аунап — қунап қайтуға іздеп бардым. Обалы не, Серік Жабық тауының Ойжайлау аталатын аса сұлу қойнауына қос киіз үй тіккізіп, ас әзірлейтін арнайы адамдар бөліп, бізді тікұшақпен өзі апарып орналастырды. Желінің бір басында құлын, бір басында бота дегендей, екі бие, бір түйе байлатты. Үш-төрт реткі тамағымызға дейін біздің тәбет — талғамымызға лайық әзірленеді. Серіктің өзі күн аралатып келіп, хал-жағдайымызға қанығып тұрады. Құрдастығыма бағып, темекім таусылса да, түнде тоңып шықсам да досымды "қабақ шыта" қарсы алып, кейде жерден ала, жерге сала "ұрсып" та аламын. Бір күні Сабырхан да:

— Серік — ау, алма, бәдірен сияқты көкөніс болмай, құр етке ғана қарап қалдық қой бұл. Жеміс-жидек жағына да ыждағатты болсаңшы. Оның үстіне, мен шығарда үйде азық — түлік те таусылып қалған сияқты еді, бірер қап ұн жіберте сал деп әмір ете өктем сөйледі.

— Жақсы, жақсы, Сәке, бәрі де болады, — деп Серік бас изей келісіп жатыр.

Мен шыдамай кетіп:

— Оу, Сабырхан, мен болсам, қырық жылдық достығымды бұлдаймын, жұмаққа жетелеп кіргізіп жібер демесең, әзірге ішкенің алдында, ішпегенің артында, мына сөзіңе түсінбедік қой, — деймін.

— Қайдан білейін, сен ұрсып жатқан соң, менің де қақым бар шығар деп қалыппын, — дейді Сабырхан ақталып.

— Оқасы жоқ, мейман ғой, көтерем ғой бопсасын, — деп Серік міз бағар емес.

Бұл көнтерілікті түсінген де бар, түсінгісі келмей, теріске жорып күліп жүргендер де бар, қайтерсің.

Ауылға қатысты менің барлық шаруам қашанда Серіктің мойнында. Сонау бір жылы немере інім үйленіп, келіннің жекжаттары келеді ғой құда болып. Қыз берген жақтың "өктемдеу болатын әдеті. Ондайда артық-кем сөз де айтылмай қалмайды. Біз жақтан ондай сөздің бәрін Серік көтеріп алыпты. Кейіннен тете қарындасым Ғайни:

— Апыр-ай, сенің араласпағаның қандай жақсы болды, шамданып, шатақтасып та қалуың мүмкін еді. Серік ағам бәрінің де тілін тапты ғой, әйтеуір, — деп сүйсіне әңгімелегені де есімде.

Біреуге тым көнтерлі, кей тұста жасықтау сияқты болып көрінетін Серіктің бір қырын қазбалай неге айтып жатқанымды оқырман жұрт осыдан соң өзі-ақ таразылар.

Тоқсаныншы жылдардың басында жер-жерде "Қазақ тілі" қоғамдары құрылып, тәп-тәуір мәртебелі ұйымға айналғаны белгілі.

Ол кездегі аудандағы халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аупарткомның бюро мүшесі Серік Толғанбаев қасына ақын інісі Ахмет Кендірбековты қосып алып, сол тіл қоғамын құрып, өзі төраға болады. Бұл жақтан мен: "Сол елде әдебиетші, тілші, журналист дегендер құрып қалған ба, ветврачты тіл қоғамына төраға етіп!" — деп тиісем ғой баяғы. Осының алдындағы бір кітабыма:

"Мен — ақын, сен ветврач,
Алматыдан жеттім аш.
Мен саған кітап сыйладым,
А ты мне етті дашь!" —

деп қолтаңба бергенім бар еді.

Оның бірін елең қылып жатқан Серік жоқ. "Қазақ тілі" қоғамында көп-көп жұмыстың басында жүрді. Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді жинап-теріп, "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі" газеттерінде жариялатты. Осы өңірде бұрын өткен, кезінде Әсет, Сәмет төре сияқты белгілі ақындармен жарыса ел көзіне түскен Арап ақынның мұраларын жинап, жариялауға да мұрындық бола білді. Менімен сапарлас болған марқұм Әділбек Абайділданов, Сабырхан Асанов, Тұтқабай Иманбековтер, қазіргі Қасым Қайсенов, Тұманбай Молдағалиев, Қабдеш Жұмаділов, Қастек Баянбаев, Қайрат Жұмағалиев, Рафаэль Ниязбеков, Ырым Кененбаев сияқты қаламгерлердің әрқайсысы Серіктің үйінде берісі бірер күн, әрісі апталап жатып қайтқан еді. Серік солардың бәрімен тіл табысып, құрақ ұша қошаметпен, құрмет көрсетіп жүрді. Қазір де біразымен аралас-құралас болып келе жатқан жайы бар.

Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан Республикасы Халық депутаттығына сайланғаным бар. Сайлау алдындағы бар шаруаның басында Серік жүрді. Мені таң атпай: "Ұйықтауға келіп пе едің", — деп, "тұр — тұрдың" астына алады да, ауыл — ауылды, мекеме кеңселерін аралатып, екеуміз күні бойы алашапқан боламыз да жүреміз. Тап бір мен емес, өзі депутат болатындай — ақ, сайлау өткенше тыным көрген емес. Кейбір кездесулерде мен: "Мені қойшы, сайламасаңдар да түгім құрымайды, Алматыма қайтармын аман-есен, бәрінен мына Серікке обал болатын болды!" — деп әзілдеп те қойып жүрдім. Ол не істесе де ақырына жетпей қоймайтын, жақсы мағынадағы өлермендікпен кірісер еді бар іске. Кейде артық кетіп, орынсыз ақыл айтып, "сақалын бояп" та жіберетіні болып тұрады. "Осы сен неге ел құсап өйтпейсің, бүйтпейсің?" — деп маған да тиіседі келіп. "Неге мен елге ұқсауым керек, ел маған ұқсасын!" — деп мен де кергимін. Амалы құрып, Серік ондайда қолды бір сілтеп жөніне кетеді.

Аудан ішінде ол араласпайтын жұмыс болмайды. Жуырда бір телефон соқсам, үйінде жоқ екен. "Қайда жүр?" — десем, Шайзахан:

— Мектеп оқушыларының аудандық айтысы өтеді екен, қазыларына басшылық етіп, мәдениет сарайында жүр, — дейді.

— Ауданда ветеринардан басқа өлең түсінетін бір жібі түзу адам табылмап па сонша? — деймін мен.

— Табылмағаны ғой, әйтпесе, сенің досыңа басшылардың қолқа салып несі бар, — дейді Шайзахан да шіреніп.

Ол ылғи ғана бойында әйтеуір бір жылт етіп байқалар дарыны бар адам көрсе болды, соның қасынан табылып, қолынан келгенше көмегін ұсынып, жәрдемдескісі келіп құрақ ұшып — ақ жүргені.

Осыдан отыз-отыз бес жылдай бұрын біздің елге қайдан келгені белгісіз, жалданып, колхоздар мен совхоздардың кеңсесін безендіріп, әртүрлі плакат, ұран, суреттер салып жүретін Володя атты әуесқой суретші пайда болды. Ол ешкімге тіл қатып сөйлемейтін, мылқау адамдай тұйық, өзі жұмыс істеп жүрген клуб сахнасында ұйықтай салып, баспанасыз тірлік кешіпті. Соны байқап қалған Серік үйіне кіріп келіп, барын аузына тосып, қайда барса, қасынан қалдырмай, ертті де жүрді. Володяның ұлты кім, құжаты бар ма, қайдан келді, қайдан шықты — оның бірін сұраған емес. Әйтеуір Серіктің желімдей жабысқан сол суретшісі біздің жақта екі-үш жыл жүргенін білем.

Қазірдің өзінде өлең жазатын жастар көрсе, Алматыдағы маған алып келіп, газеттер арқылы тезірек таныстыр деп тапсырып, мұрныма су жетпей жүргенде мазамды алып өтетіні бар. Алакөл өңірінде тұратын алды қырықтан асқан Советхан, Тезекбай, Берік сияқты жігіттердің кітабын шығарысуға, жазғандарын жариялауға жан сала кірісіп, жұмыссыз қалғандары болса, басшылар арасына дәнекер болып жүгіріп жүргені. Кейде мен соған жатып келіп ызаланам. Алакөл жастарының "Аққулы айдын" кітабын бастыртты, бір күні соны "мақтап рецензия жаз" деп маған алып келгені есімде. "Қайдағыны айтады екенсің!" — деп, көнбегем.

Ол, бір жыл болды, Алакөл мемлекеттік қорығын құру жолында шауып жүр. "Көл құрып барады, аң мен құс азайып барады!" — деп жар салып, үкімет кеңселерінің біраз есігін қақты — ау деймін. Дауласты, дәлелдеді, ақыры қорық жүйесі қағазға түсіріліп, қаржыландырылып, қазір жұмыс істей бастады. Өзі сол қорықтың әкімшілік жағын да, әзірге ғылыми жағын да жалғыз басқаратын бастығы.

Бұл өзі бір өскен әулет. Серіктің бұл күнде әрқайсысы бір қауым ел болып кеткен Сейдеш, Сәлім, Ғалым атты інілері, Ғалия, Әзия, Бағдат есімді қарындастары бар. Олар да шетінен елге танымал, жұрт аузына іліккен абыройлы жандар. Бәрінің аузына қарап, қыт-қыттай қайырып Серік жүреді орталарында.

Жуырда жолықтым. Жанарында мұң, қабағында кірбің бар сияқты.

— Не болды? — деймін абыржып.

— Әй, мына Дастанның (немересі) қолы күйіп қалыпты. Дәрігерге қаратып жүрмін. Жазылмай тұр, — дейді.

— Оу, біз бала кезде отқа да күйдік, шоққа да түстік, аман келеміз ғой, жазылар, — деймін.

Ол менің сөзімді тыңдап тұр ма, жоқ па, белгісіз, абыржулы қалпы бас изеген болады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, тағы біраз күн ақ тер, көк тер болары анық.

Менің елу жыл жұп жазбай бірге келе жатқан досым Серік Толғанбаев осындай адам. Ара-тұра тәжікелесе кетіп, керісіп те қаламыз. Іле — шала: "Ырылдарсың — қаппассың, менен жақсы таппассың", — деп қайта табысып жатамыз.

Қазір ол алпыс деген жасында, Шайзахан ханымы қасында Алакөлде ел қатарлы тұрып жатыр. Тұрып жатқан жоқ, ел деп, жер деп, сол баяғы жарғақ құлағы жастыққа тимейтін қалпында шапқылап жүріп жатыр.

— Аман жүре бер, аңқылдап қалған адал дос! — деймін мен оған.

1998 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз