Өлең, жыр, ақындар

Ақ бесікке тербеген жыр

1938 жылды "репрессия" деген бір ауыз сөзге сыйғызып жүрміз. Ұлтымыздың бетке ұстар азаматтары, жақсылары мен жайсаңдары жаппай қудалауға түсігі, қолды болып, көзі жойылып, өмір атаулының басына күн туып, өлім атаулының есіріп тұрған кезі еді ғой ол. Бірақ, сол жылы да әдеттегісінше көктем келген. Сол жылы да табиғат ана бар кереметін паш етіп жер-жаһанды жасыл желекпен орап тастаған. Осындай күндердің бірінде, көктем шіркіннің болып-толған шағы мамыр айында, әйгілі Алакөлдің жағасында отырған Құсайынның отбасында дүниеге перзент келді. Ауыл-аймақ жиылып шілдехана өткізді. Атын Сәкен қойды. Сөйтіп, Өмірден бір Сәкен өткенімен (Сәкен Сейфуллинді айтамын), оның орнын он Сәкен басып жатты...

Данышпандардың сөзіне бақсаң, бұл ғаламда кездейсоқ ешнәрсе жоқ секілді ғой. Махаббат пен ғалауат майданының гол тұстағы бұл да бір көрінісі шығар.

Көп өтпей соғыс басталды. Соғыстан соң бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру жылдары кезек-кезегімен өтіп жатты. Сол жылдардың барлық тауқыметін өзінің құрбы-құрдастарымен бірге басынан өткеріп бала Сәкен де өсіп, ержете берді.

Бұрынғы КСРО халықтарының рухани өмірінде айтулы серпіліс болған алпысыншы жылдары поэзия атты сырлы да, тылсым әлемнің есігін имене ашқан жас Сәкен, содан былайғы 40 жыл бойы өмірді өлеңмен өрнектей жүріп, алашқа аты әйгілі ақын атанды.

Маған Сәкен ағамен араласудың сәті соңғы жылдары ғана түскенімен, поэзиясы баяғыдан, жетпісінші жылдардың орта шенінен бері таныс болатын. Отызыншы жылдардың аштық апаты кезінде құр сүлдерін сүйретіп Қытай асқан біздің әкелеріміз бен шешелеріміз. "Қайран Алакөл-ай. Сені де бір көретін күн болар ма екен!" дегенде көкірегі қарс айрылатын. Бала кезден санаға сіңіп, жадымызда жатталған сол Алакөлді бір көру бізге де асыл арман еді. Бірақ, Қытайдан Қазақстанға келген соң да Алакөлге барып айдынына шомылудың, ата-баба зиратына дұға қылып, тағзым етудің орайы көпке дейін келе қоймады. Бір-екі жылды Алматыда, бір-екі жылды Көкшетауда еткізіп, одан кейін Мәскеуге кеттім де, ол жақта ұзақтау тұрып қалдым. Айтайын дегенім, дүниенің қай түкпірінде жүрсем де әке-шешем, ата-бабам кіндік кесіп, кір жуған Алакөл жан-дүниемнің терең түкпірінде сағыныштың сазына бөленіп өзіммен бірге болды. Содан да шығар маған Алакөл туралы жазылған нәрсенің бәрі де қымбат, бәрі де жақын болып көрінетін. Жетпісінші жылдары Сәкен ағаның поэзиясымен алғаш рет танысқанымда, оның маған айрықша жылы сезілгені сонша, содан былайғы уақыттарда бұл ақынның тағы несі бар екен? Алакөл туралы тағы қандай жырлар жазды екен? деген бір ынтық сезімнен бір сәтке арылып көрген емеспін.

Шынымды айтсам, маған Сәкен ағаның барлық жырлары тек Алакөл жайында, алакөлдіктер жайында жазылғандай болып сезіледі. Бақсам, оның екі түрлі себебі бар тәрізді. Бірінші себеп, Алакөлде туып-өскен ақын дүниені алакөлдік болмыспен, алакөлдік жаратылыспен қабылдап, поэзия тілім кестелегенде, оған өзінің сол болмысына тән белгілерді түсіріп отырады екен. Екінші себеп, оқырманға, мына маған байланысты екен. Мен Сәкен ағаның басқа ортада туып-өскен, тұла бойын Алакөл-арман билеген тағдыры өзгеше оқырманы екенмін. Өлеңдерін сүйіп оқитын ақынымен мен құсап табысқан оқырманның қай-қайсысы да мен кешкен күйді бастарынан кешіретін шығар деп ойлаймын.

Ақындық шабыты ағыл-тегіл тасыған кезде Сәкеннің Алакөлі шексіз кеңейіп, оған күллі дүние тұтас сыйып тұрғандай болады. Ақын күллі дүниені Алакөлдің айдынына тоғытып қойып шайқап, тазартып отырған тәрізді.

Алакөл Сәкен үшін жанындай жақын, арманындай әсем, ертегідей тылсым болмаса, достарын қонаққа шақырған ақын көңілден:

Айдынның омырауын сөккізейін,
Аржаққа "сырғаменен еткізейін"
"Мың бір түн" мысырында жүргендей-ақ,
Көзіңді кереметке жеткізейін, —

деген тәрізді жыр жолдары тумаған болар еді. Сәкен Иманасовтың баспадан жаңа шыққан, әлі сиясы кебе қоймаған жыр жинағының атын "Алакөлім-айдыным" деп атағаны да осындайдан болса керек. Оны оқып отырғанда айдынның омырауын сөккізетініне де, аржаққа сырғаменен өткізетініне де, көзіңді кереметке жеткізетініне де сенесің, иланасың.

"Алакөлім — айдынымды" оқып болған сәтте маған мынадай бір ой туды. Адамның жан дүниесін жаңартуда поэзиядан асқан құдіреті күш әй, сірә, жоқ-ақ шығар, деймін мен өзіме-өзім іштей тіл қатып. Ұлттың рухын өсіру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отырған қазіргі кезде поэзияның мән-маңызы бұрынғы қай замандағыдан да арта түсетін тәрізді. Халқымыз бұрын да талай-талай қиын кезеңдерді бастан кешірген ғой. Кейде мен халықты сол киын кезеңдерден алып шыққан поэзия ма деп те қаламын. Қазтуған, Доспанбет, Ақтамберді, Шалкиіз, Дулат, Махамбет, Абай, Мағжандарсыз қазақ жұртының рухы үстем бола алар ма еді?!

Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсем,
Қозып та кетер қайдағым, —

деп Сүйінбай ақын айтқандай, қанынды қоздырып, жаныңды жанитын рухты өлең жоқ жерде ерлік те жоқ. Ерлігі жоқ елдің еркін, тәуелсіз болуы екіталай.

Өмірде не болмайды. Адам баласы бір терінің ішінде сан семіріп, сан арықтамай ма? Ал егер сол адамыңыз ақын болса, онда да Сәкен болса қайтер еді? Не себептен дейтін емес, туған жерінің табиғатына тартып туған ақынның мінезі құбылмалы. Толуы да, солуы да демде "Алакөл — айдынымды" оқып шыққанша оқырман екеш оқырман біз де сан толып, сан солып отырдық.

Ақын қала тірлігінен шаршап-шалдыққан шағында, кұлазыған, торыққан сәттерінде Алакөлін аңсайды

Толқыныңа оранып адыр, адыр,
Адасайын есімнен тағы да бір
Ауық-ауық алсам деп мауқын басып,
Анасының құшағын сағынады ұл.

Немесе:

Алакөл ғұмыр дейін бе,
Алакөл арман дейін бе.
Бәрін де сырып барады,
Баспақшыл тірлік кейінге.

Немесе:

Саған да жиі бара алмай,
Самалыңмен шашым таралмай...

Сәкен ақын өзінің сүйікті көлін аңсап, сағынғанда жай бір демалып қайтатын курорт ретінде аңсап, сағынбайды. Оны "ғұмыр дүние", "арман дүние" деп аңсап, сағынады. Өйткені ол Алакөлден тәнге қуат, жанға дәру алады.

Сәкеңнің сыры сан қырлы "Қарқаралы басынан бұлт кетпес" деген сияқты, ақын жанынан мұң арылып көрген емес

Хайуаны кім, кімі адам,
Арылдық, па дей тұрсақ та күнәдан
Әлде нелер жетпей тұр-ау әлі де,
Кетпей тұр-ау көңілімнен бір алаң.

Иә, ақын көңілі ылғи да алаң. Ақын алаңсыз болған күні поэзия тәмам.

Өртеніп ішім тұр анық,
Жазғыра көрме мені сен.
Үніңді сыртқа шығарып,
Мұңымды жұртпен бөлісем.

"Көкірегінде көзі бар" оқырмандардың жақсы жырды оқыған кезде туатын бір қызғаныш сезімі болады. Өзім шексіз рахатқа бөлеген әдемі дүниені мына жұрт дәл өзіндей түсіне, сезіне алмай қор қылар ма екен деген бір күмән туады оның санасында Сәкен Иманасовтың жырларын оқығанда өз басым мынандай бір күй кешкен сәттерім болғанын да айта кеткім келеді.

Кешке қарай теледидардан биолог-ғалымдар бір ерекше қасиеті бар жалбыз туралы айтып жатты. Әлгі жалбызды ластанған суға салып өсірсе, су біраздан соң тазарып сала беретін көрінеді. Неге екенін білмеймін, бәлкім Сәкен ағаны оқып жүрген көңіл күйіме орайлас келгендіктен шығар, менің есіме поэзия түсті. Рухани айдынымызды тазартып отыратын құдіретті күш осы поэзияда жатқан жоқ па екен деймін мен өзіме-өзім.

Айтан Нүсіпхан


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер