Жазғы демалысты ауылда еткізейін деп келгенмін. Ел қыстан күйлі шыққан екен. Жатақтардың егіндері де жақсы шығыпты. Жауын көп, шөп әлі жап-жасыл, мал семіз, ауыл да көңілді екен. Демалыс жақсы етіп жатты. Күнде бір үй шақырады. Ауыл жігіттері менің қасымнан кетпейді. Бала күнімнен бірге өскен Дүйсен Дүйсенбек (қазір «Ақсуат» колхозының мүшелері) сияқты құрбыларым:
— Біз үйелмелі-сүйелмелі балалы да болдық. Сен болсаң, әлі үйленбепсің де. Оқыған болғандағы озғаның сол ма? Жасың отыздан асып барады үйлену ойыңда бар ма, сірә? Тым құрмаса, кездегенің бар ма? — деп әзілдей береді. Мен де оларға:
— Заманымыз бірге құрбы едік. Мен болсам, оқытушымын қолым тимей, басқа елдерде жүрмін. Сіздер болсаңыз, ауылда жүрсіз. Бәлкім, маған деп өздеріңіздің кездеп қойғаныңыз бар шығар? — деймін әзілдеп.
— Ұнаса, біз кездеп қойдық, — десті олар. — Мына Шектібай аулындағы Баймағамбет дегеннің бойжетіп отырған бір қыз бар, — аты Сағила. Он сегіз, он тоғыз жастар шамасында. Өзі мұсылманша хат таниды. Ай десе аузы, күні десе көзі бар — сұлу қыз. Сол қызды айттырып көрші. Сәдуа деген оқыған ағасы да бар. Сәдудің өзі кішіпейіл, ұстамды, ақылды жігіт. Әкесі қиқаңдайтын болса, сол Сәду арқылы қимылдаймыз. Ол, сөз жоқ, қарындасын саған бергізеді. Талай адам айттыра келген екен Сәду Сағиланы малға сатпаймыз, өзі қалап, сүйген жігітіне барсын деп қашырыпты. Сағиланы айттырып, соңынан қалмай жүрген өзің білетін Нұржақып, бірақ оны қыз ұнатпайтын көрінеді. Қыздың әкесі Нұржақыпқа бергісі келетін сияқты. Бірақ әp жағынан қызы көнбей, екінші жағынан баласы көнбей, әкесі қызын Нұржақыпқа беремін-бермеймін деп ешнәрсе ашып айта алмай сөзбидаға салып жүрген көрінеді. Сен сол қызды көрші.
— Көрсек көрелік.
— Онда бүгін-ақ барсақ қайтеді? — деді Дүйсенбек.
— Қанша жер?
— Он-ақ шақырым.
— Осы жерде, иектің астында, — десті басқалары.
Жігіттердің маған қамқорлық етуінің себебін мен кейін білдім. Әжем мен ағаларым: «Осы демалыс кезінде Спандиярға кімнің де болса біреудің қызын айттырып, құда түсейік деп едік. Сендер, құрбыларысыңдар ғой, құлақ қағыс етіп көріңдерші. Біздің ойымызша, Баймағамбеттің, қызы лайықты, соңы айттырайық деп едік», — деген екен.
Келесі күні кешке қарай үш жігіт боп Шектібай аулына, Баймағамбеттің үйіне бардық. Біз үй сыртына жақындап келгенде өзім шамалас, сыпайы киінген бір жігіт үйден шықты бізге қарай жүрді.
— Сәду, — деді Дүйсек.
— Жолымыз болды, иә сәт! — деді екінші жолдасым.
Біз ат үстінде тұрып-ақ сәлемдесіп таныстық. Сәду жылы шыраймен қарсы алып:
— Қош келдіңіздер, түсіңіздер, — деді.
— Қош уақытта болыңыз, — деп Дүйсек түсе бастады. Бәріміз де түстік.
Аттарыңызды байлап тастап үйге қарай келе жатқанымызда, сұңғақ бойлы бір жас қыз біз келе жатқан үлкен үйден шығып, отауға қарай жүрді.
— Әне! — деп қалды Дүйсек маған күбір етіп.
— О не? — деппін мен аңқау басым.
Дүйсек маған кезін алартып бір қарап, тағы да күбірлеп:
— Тегі сен Қожанасырдың әңгімелерін көп естіген шығарсың, — деп күлді.
— Естісем ше, — дедім тағы да.
— Бәсе, — деп күлді Дүйсек.
Сол арада үйге де кірдік. Үйдегілер іргеден қарап көріп отырса керек төрге төсеніш төселіп, көрпе де жайылып қалған екен.
Біз отырғаннан кейін Сәду, әке-шешесіне біздің кім екенімізді айтты.
— Бәрекелді, келгендерің жақсы, шырақтарым, — деді Баймағамбет қарт, — Сәду қарағым, Сағила қайда, самауыр қойсын. Малға кісі жібер.
Сәду сыртқа шығып кетіп, біраздан кейін қайтып келді, Сәду екеуміздің әңгімеміз бірден-ақ жараса қалды.
— Мына екеуі бірінің тілін бірі тапты. Бізді қойды, — деді Дүйсек күліп.
— Бәрекелді, тапқаны жақсы, — деп Баймағамбет ақсақал сақалын бір сипап қойды.
Сағила шай жасап, кіріп-шығып жүр. Ойшыл үлкен көздері қап-қара, қыр мұрынды, екі бұрымы оқтаудай, шашып маңдайына жара бөлген үстіне қос етекті бүрмелі ақ көйлек киген қара торы қыз.
Сәду өзі Боровойдағы болыстық мектепті бітіріпті де, әрі қарай оқи алмапты. Ол сөз арасында қарындасының да әрі оқи алмағанына қынжылып:
— Мұсылманша оқып, сауатын ашты да, одан әрі оқи алмады. Зерек оқитын еді, босқа бағы байланды, — деп отырды.
Сол күні кешке осы үйде болдық. Ертеңіне Сәдудің бір құрбысыныкінде түстеніп, кешке қарай ауылға қайттық. Қыз. маған ұнады. Маған қыздың ата-анасы да, ағасы да, сән-салтанаты да ұнады.
Ақырында, ағаларым құда түсіп, Сағиланы маған айттырды. Неге екенін кім білсін Баймағамбет ақсақал қызын бергісі келмепті, әлде дәулетті Нұржақыпқа бергісі келді ме. Алайда Сәдудің күштеуімен әкесі көніп, кеп кешікпей-ақ екі ауыл құда болысты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі