Иван Тенанякин туралы бір-екі ауыз сөз. Оқушыларыма Тенанякиннің қара басы туралы емес, оның, педанттығын айтқым келеді. Ол үлкен педант адам еді. Тенанякин келгеннен кейін көп кешікпей-ақ онымен оқытушылардың арасында талас туды. Ол — оқыту, мектептегі тәртіп, оқытушының беделі жайындағы тартысы еді. Әңгіме мынадан бастады.
Бір күні сабақ беріп тұрғанымда менің класыма Тенанякин кіріп, біраз отырып шықты. Келесі күні ол оқытушылардың басын қосып мәжіліс құрды. Кластағы тәртіп туралы мәселе көтеріп, мені мысалға алды.
— Кеше, — деді ол, — мен Көбеевтің дәрісінде болдым. Құдай сақтасын дәріс кезінде балалар не істеген жоқ? Балалардың кей біреуі сабақ кезінде қозғалып, кей біреуі партаның үстіне керексіз кітабын қойып, бір-екі бала өзара тілдесіп, бір бала партасының қақпағын ашып қарап, қайта жауып қойды. Ал осының бірде-бірін Көбеев байқаған жоқ. Егер байқаса, бұл сияқты тәртіпсіздікке ешқандай мән берген жоқ. Мұның өзі класта тәртіптің нашар болуы, ол не оқытушының оқушылар алдында беделінің жоқтығынан не тіпті класта тәртіп орнатуға оқытушылардың көңіл қоймағандығынан болады, — дей келіп, ол кластағы тәртіп туралы, оқытушының беделді болуы туралы сөз ережесін ұсынды.
Оның ережесі бойынша, дәріс кезінде бірде-бір бала ешбір қозғалмастан ешқайда мойнын бұрмастан оқытушыға қарап қатып қалу керек. Егерде зәре кәдіріндей болса да осы тәртіпті бұзса, оқытушы оны мінеп, зекіп тастауы қажет.
Мұнысы, әрине, педанттық әдіс еді. Өйткені сегіз-тоғыз жастағы баланың қырық бес минут ішінде ешбір қозғалмастан ешқайда мойнын бұрмастан қасындағы балаларға тіл қатпастан отыруы өте қиын. Мұны ескермеске болмайды, егерде оқытушы сабақ үстінде балалардың әрбір кездейсоқ қозғалысына дейін қасындағы отырған балаға бұрылып қарауына дейін аңдып, оның бәріне мін тағып зекіп, ұрысып отыратын болса, ол оқытушыда қандай бедел болмақ? Мұндай оқытушының балаларға берген әрбір ескертуі үйреншікті мылжыңға айналып, балалар бара-бара оның сөзіне құлақ асудан да қалып қояды. Мәселен қатар отырған екі бала қырық бес минуттың ішінде бір-біріне бір-екі ауыз тіл қатса, сол үшін оларды мінеп, зекіп ұрсу керек пе? Одан да сол сөйлесе бастаған балалардың қасына оқытушы өзі бара қойса, балалардың ездері де қоя қоймай ма?
Сөз жоқ, балалар сабақ үстінде, мүмкін қадерінше, алаңсыз отыруы керек сабақты тыңдамай, алаңдай берген балаларды оқытушы салмақты дауыспен тәртіпке шақыру керек. Демек әрбір бала оқытушының қадағалауында болуы шарт. Бұл даусыз, бірақ осы қағиданың өңін айналдырмау керек. Айталық, оқытушы бір баланы тақтаға шақырды. Дәл осы сәтте қатар отырған екі баланың біреуі екіншісінен өшіргіш алды, не бәкі алып, қарындашын ұштады. Ал осы үшін оқытушы оларға мін тағуы, ұрысуы керек пе? Әрине, жоқ. Әңгіме педагогикалық шеберлікте болуы керек. Оқытушылар Тенанякинге өздерінің осы сияқты пікірлерін сан рет айтып келсе де, Тенанякин олардың ұсыныстарына құлақ қойған жоқ. Өзінің пікірін қуаттап, сол өзінің ұсынған ережесін бұлжытпай орындауды талап етіп отырды.
Осы сияқты мәселелер жөнінде Тенанякиннің педанттық, жәдігөйлік теріс пікірлеріне қарсы мен де және басқа оқытушылар да жиылыс сайын пікірімізді ашықтан-ашық айтып отырдық. Ол мұны мүлдем теріс ұғынды. Жергілікті оқытушылар менен құтылғысы келіп, бәрі маған қарсы болып жүр деген ойда болды. Өзінің осы ойына байланысты, ол, әрбір оқытушының сабағына қатысып, оның қате-кемшіліктерін жіпке тізіп жинайтын болды. Кейде ол тіпті сабақ үстінде балаларға тәртіп бұзасың деп, тура езі зекіп, ақырып ұрсатын да болды.
Бір күні тағы да менің класыма келді. Бұл екінші класс еді. Сабақ үстінде бір балаға орынсыз күле бересің деп ұрсып бұрышқа тұруға қосты. Бала сабақты өте жақсы оқитын бала еді. Мұнымен Тенанякиннің ісі болған жоқ. Ол тіпті әлгі баланың не үшін күліп отырғанын да білгісі келмеді. Ол тек қана класта күлуге жарамайды деген тұрғыдан қарады.
Бала неге күлді? Оның күлуінің себебі бар еді. Баланың қасында отырған екінші бала қалғып кетіп отыр екен. Мен оны байқап қалдым да, баланың қасына бардым. Бала менің бетіме жалт қарады да, қып-қызыл болып ұялып қалды. Генанякиннің жазаға тартқан баласы соған күліп отыр еді. Мен бұл жерде революцияға дейінгі мектептегі педанттықтың жайың педагогикалық ережелерді Тенанякин сияқты кертартпа әкімдердің қалай бұзғандығын орыстың классикалық педагогикалық ережелерінің өңін айналдырғандығын мыңнан бір мысал ретінде көрсетпекші болдым. Халық мұғалімдері сол кездің өзінде-ақ педантизмге қарсы болды. Олар Константин Димитриевич Ушинскийдің қағидаларына сүйенетін.
Амал қанша, қазіргі кейбір жеке оқытушылардың әдісінде кейде педанттық белгілерінің қалдығын байқағаным бар. Совет оқытушылары, әрине, бұған қарсы батыл күрес ашуда. Өйткені, Ушинский айтқандай, тәртіп дегеніміз — педантизм емес, саналылыққа негізделген классикалық педагогика ережелеріне негізделген ұстамдылық болып табылады.
Сонымен Тенанякин оқытушылардың үстінен шағым беріп те керді, ол мені мектептен шығармақшы болып та әрекеттенді. Оқытушылар мен Тенанякиннің арасындағы тартыс шиеленісе түсті. Оқытушылар Тенанякинмен ұғыныса алмайтынына көздері жеткеннен кейін ол педагог емес, педант, бастық болып қалатын болса, бізді басқа мектепке көшіріңіз деп бірлесіп арыз берді, ақырында, бес-алты ай өткеннен кейін инспектор келіп тексеріп, Тенанякин мектептен кетіп тынды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі