Ертеде Атырау бойы тұрғындарының батагөй ақсақалы – Бақан дейтін балықшы қарт болыпты. Күн райын бақылап, дауыл мен жауын-шашын болатын күндерді алдын ала болжап отыратын көреген кісі екен.
Күндердің күнінде Атырау бойына бір саудагер шал келіп, сол арадан қоныс тебеді. Оның да аты Бақан екен. Әлгінің қулық-сұмдығын байқаған жұрт:
— Саудагер Бақан деген аттан садаға кетсін. Ол Бақан емес, бақалшы, – депті де солай атап кетіпті.
Бақалшы базар кезіп, сауда жасап, байи бастапты. Ол оңашада, жеке жүріп, өзінше әндетеді екен:
– Мен ақылын табамын,
Арзан балық аламын.
Ел үстінде тағамым,
Оңай байып барамын!..
Бір күні теңіз жағасында Бақан қарт балаларды ойнатып жүрсе, бір балық екі-үш баласын арқалап келеді.
— Мейірімді ата, менің де балаларымды жұбатып бермес пе екенсің? Өзім өрге жүзбекші едім, балаларым жылап қалатын болып тұр, – деп жалбарынады.
— Жарайды, жануарым, – дейді балықшы қарт. – Сенің де талай жақсылығыңды көріп едім. Ел-жұртты аштықтан құтқарып едің. Сол жақсылығың үшін балаларыңды қарай тұрайын. Алаң болма, өрлеп қайт!
— Рақмет, ата – деп, балық жүзіп кетеді. Балықшы балықтың балаларын әлдилеп, жұбата бастайды:
– Әлди-әлди, әуайым,
Атқа тоқым жабайын.
Айдын кезген анаңды,
Шақырайын, табайын.
Ойнақташы құлындай,
Еркелеші ұлымдай,
Менің балам бола ғой,
Жылағанды қоя ғой...
Қарттың қайырымдылығын көрген балық Бақан атаға бір қап көксерке әкеліп береді. Алғысын айтып, балаларын алады да теңізге қайтып кетеді. Қарт балықшы қараса, әлгі балықтардың іші толған асыл тас екен.
— Ойпыр-ай, Құдай саған берген екен, мұнша байлықты қайдан алдың? – деп, жабысады мұны көрген Бақалшы.
— Балаларын жұбатқаным үшін бір балық сыйға тартты, – дейді Бақан қарт жасырмай.
— Е-е, мен ол балықты көрдім, балаларымен ауға түсіп жатыр, – дейді Балықшы.
— Не дейді, обал-ай! Жүр, көрсетші, мен оны ажалдан құтқарайын, – дейді Бақан ата.
Арам ойлы Бақалшы Бақан атаны ертіп әкеліп, ағыны қатты иірімді көрсетеді. Бақан атай үңіле бергенде, Бақалшы арт жағынан итеріп жібереді. Бақан ата теңіздің тұңғиығына батып кетеді.
Бақалшы әлгі асыл тастар жатқан жерге келсе, дым жоқ, бәрі ғайып болыпты. Сонан соң залым Бақалшы Бақан атаның киімдерін киіп, әлгі балықтың қайта оралып келуін тосады. Әлгі балық суға батып бара жатқан Бақан атаны құтқарып алады. Балықшылардың оңаша бір күркесіне жеткізеді. Сонан соң балаларын шұбыртып, манағы қарт балықшыға балаларын қалдырған жерге келеді.
— Қайырымды қарт, – дейді, ол сонда отырған кісіге. — Мен өрге жүзіп қайтайын деп ем, мына балаларыма бас-көз бола тұршы!..
— Әрине, жомарттың жолын тосқан құр қалмас деуші еді, – деп, Бақалшы өз емеуірінін сездіреді. Анасы кетісімен, балықтың балаларын ұрып-соғып, ауыздарына құм құйып, есін шығарады. Өзінше әндетіп те қояды:
– Әлди-әлди, жаманым,
Оңай менің тамағым.
Іске асса амалым,
Лезде байып аламын!..
Бір кезде балық бір қап арқалап оралады.
— О, жомартым, балаларың тым ерке екен, уатам деп әбден шаршап отырмын. Тез қайтқаның жақсы болды, – деп, қапқа қарап ынтыға түседі Бақалшы.
— Қаптың аузын қараңғы шоланға кірмей ашпа! Айласы көп шортандар қашып кетуі мүмкін. Шоланның есік-терезесін мықтап жауып ал да сонан соң аш! Асығыс едім, айыпқа бұйырма! – деп, балық балаларын ертіп, теңізге шығып кетеді.
Бақалшы шоланға кіріп, есік-терезесін тарс жауып алады да қаптың аузын ашады. Сол кезде қара шұбар оқ жылан, тоқпақ басты топ жылан, алты құлаш су жылан, ала бауыр у жылан атып шығады қап ішінен. Бақалшы лақтай бақырады, бірақ ешкім арашалай алмайды.
Сөйтіп, арамза ажалын тауыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жанайым
қызық екен! супер