Оқу басталғанына үш айдың жүзі болып қалған. Шөлдегі ауылға, бұрын мектеп көрмеген құмдағы қараңғы ауылға зор мәдениеттің бір кішкене шұғыласы түскен сияқты. Осынау шаңытып жатқан шөл сахарадағы қазақ балалары мәдениеті де, қабілеті де күшті орыс халқының тілін ынтасымен үйреніп жатыр еді.
Оқудың маңызын түсінгендер де, түсінбей отырғандар да бар еді. Қазақ аулын билеп-төстеуші байлар, қожа, молдалар орысша оқу туралы күнде бір өсек таратады. Олар қараңғы халықты арандатып айдап салып, мектепті өртетіп жіберуден де тайынар емес-ті.
Не істеу керек?
Мұндай жағдайда, әрине, алғырлық та, тапқырлық та, ептілік те, икемділік те, табандылық та қажет. Бұлар оқытушының беделді болуының құралы болуға тиіс. Халық оқытушыны өзінің шын досы, ақыл айтар данасы, қараңғыда сәуле шашар шам-шырағы деп білу керек.
Мұның үшін оқытушы ең алдымен өз оқушыларының алдында беделді болуы қажет. Оның бір негізгі шарты — оқытушының өз дәрісін жақсы меңгерген адам болуы былай тұрсың оның берген сабағы оқушыға әрі өте түсінікті, әрі қонымды болуы қажет. Оқытушы әрбір сабаққа жақсы дайындалуы керек.
Орыстың ұлы педагогі Ушинскийдің: оқытушы, халық мұғалімі, тек қана грамматика, тек қана есеп, тарих пен географияны біліп қоймай, сонымен бірге жаратылыс тану пәнінен де, ауылшаруашылық ғылымынан да, дәрігерлік ғылымынан да хабары бар, яғни жетік білімі бар мәдениетті адам болуы керек деуінің себебін мен осы ауылдағы тәжрибемде жақсы ұғындым.
Оқытушы ауылда әрі оқытушы, әрі мәдениет жаршысы, әрі әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің насихатшысы болуға тиіс. Ол қолынан келген қадерінше, халыққа көмекші болу, оның аңғармай отырған нәрселерін аңғарту, білмегенін білдіру керек деген тоқтамға келдім. Сондықтан әрдайым қол бос уақыттарда ауыл адамдарын жинап алып жаратылыс, география, тарих, тағы басқа ғылымдардан хабар беріп отыратын болдым. Солармен қатар қазақтың ауыз әдебиетінен мысалдар келтіріп, орыстың жазға әдебиетін өзімше айтып беріп отырдым. Мұның езі бір жағынан менің ауылда беделді болуыма үлкен себепші де болды.
Мен Пушкин Лермонтов сияқты ақың жазушылардың шығармаларының мазмұнын айтып, түсіндірумен қатар, әсіресе Крыловтың мысалдарын көбірек оқып, аударып беріп жүрдім. Шынын айтқанда, Крыловтың мысалдарын аударуыма осы Кішіқұмдағы жағдай себеп болған еді.
Декабрьдің аяқ кезі еді. Таңертең мектепке келсем, мектептің есігі ашық екен балалар келіп қалған-ау деп, ішке кірсем, мектептің ішінде он шақты қозы, лақ жүр. Ойымда түк те жоқ, төлдерді айдап шықтым. Мектептің ішін сыпыртып болғанша, балалар да келіп қалды. Сабақ басталды.
Бір мезгілде ентігіп бай кіріп келді. Өңі бұзылып, ашуланып келіпті, мүлдем ісініп, жарылып кеткелі тұр. Мен оны байқамаған кісі болып, балалардың жазуын қарап жүр едім, бай маған:
— Молда, мұның қалай? — деді.
Мен оған жалт қарадым да:
— Қателесесіз, мен «молда» емеспін — дедім. .
— Оқа емес, — деді бай, — молда болмасаң да әйтеуір бала оқытушысың ғой. Төлді шығартқан сен бе?
— Қайдағы телді?
— Осы үйге қаматқан төлді.
— Бұл мектеп емес пе?
— Мектеп болса қайтеді екен?
— Байеке-ау, мұнда балалар оқып отырған жоқ па?
— Оқып отырса қайтейін? Олар малдан артық деймісің! Мен не айтарымды білмей, біраз кідіріп қалдым да:
— Есіңіз дұрыс па? — дедім.
— Сіздің, ше? — деді бай шімірікпестен
— Мен мектепті төл қораға айналдыра алмаймын.
— Үй менікі, бұл үйді салдырған менмін. Арық-тұрақ төлімді далаға қоя алмаймын маған мал керек алдымен — деді де бай есікті ашып жіберді. — Кіргізіңдер-ай, айда бері!
— деп әлдекімге бұйрық берді. Сол арада-ақ манағы қозы-лақтар дүркіреп мектепке кіріп келді.
— Бай, бұлай ететін болсаңыз, онда мен мектепті жабамын — дедім.
— Мейлің білсін маған бәрібір. Мына отырған қу маңқаларыңнан маған төл артық, — деді бай.
Мен не айтарымды білмей, сілейіп тұрдым да қалдым.
— Несі бар?! — деді тағы да бай шығып бара жатып, — оқыта бер. Бұл төлдердің түк зияны жоқ. «Мал адамның бауыр еті» деген қайда? Момын сәби төлден безгені несі мал көрмегірдің!
Лаж жоқ, оқыта беруге тура келді. Балалар оқудан тарағаннан кейін мен мектепте қалып Крыловтың «Көлбақа» деген мысалын аудардым. Аударып болып, оқып қарап едім, әжептәуір аударылған сияқты болып көрінді. Үстінен өңдеп, қайтадан ақ қағазға көшіріп шықтым. Осы аудармамды сәл ғана өңдеп, кейін «Үлгілі тәржімә» деген жинаққа енгіздім.
Мен мектептен шығарда Оспан ағай келді. Балалар айтып барған болу керек оның бірден төлге көзі түсті.
— Балаларды таратып жіберіп, мыналарды «оқытып отырмын», — дедім мен.
— Қайтесің шырағым... Заман күштінікі мен тістінікі ғой, «бетегеден биік жусаннан аласа» болмасаң, жер бастырып жүргізер деймісің олар. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген кішкене бауырларың үшін төзіп бақ, қалқам, — деді Оспан.
Үйге келіп, тамақтанып болған соң, күндегі дағдылы әдет бойынша, Оспанның аға-інілері мен көршілері жиналды. Мен оларға орыс жазушыларының, әсіресе Крыловтың мысал өлеңдерін қазақшалап, қара сөзбен айтып беруші едім.
Бүгін мен оларға енді елеңмен аударылған «Көлбақаны» оқып бердім. Бұл тыңдаушыларыма қатты ұнады. Тағы-тағы оққышы, деп, екі-үш рет оқытты. Әрі күле, әрі ойлана тыңдап отырған Оспан ағай:
— Соңғы бір шумағын қайта оққышы, — деді.
Мен қайта оқып шықтым. Ол менің, аударуымда:
«...Болады бір өзіне берсе алла,
Жамандық тілегені бөтен жанға.
Шіркіннің бес тиындық іші ашымас,
Өзі аман дүниені өрт алса да» — делінген еді.
— Бұл біздің Ыбекең, — деді Оспанның кіші інісі Қасен. Оның Ыбекең деп отырғаны Ыбырай бай еді.
— Дәл өзі, — деді тағы бір жігіт.
Оспан ағай «Көлбақаны» кешіртіп алды. Осы елең көп ұзамай-ақ ауылдан-ауылға тегіс тарап, «оқытушының Ыбекеңе шығарған елеңі екен» деген лақап хабар болып, жайылып кетті.
Бай төлін мектептен шығармады. Баймен екеуміз әбден қырғи қабақ болып алдық. Бір келгенде байдың бұл айуандығын болысқа айттым. Әуелден қырғи қабақ болыс менің арызыма онша құлақ қойған жоқ, оның бар айтқаны:
— Бұл жердің қысы ұзақ болмайды, енді екі айдан кейін көктем де келеді ғой, ептеп бірдеме етіп амалдай тұрыңыз, — деген сөздер болды.
Осы арыздан кейін (болыс байға айтқан болу керек) бұрынғы төлдің үстіне тағы да бес-алты қозы-лақ қосылды. Осыған байланысты мен Крыловтың «Хакім тілеген көлбақалар» деген мысал өлеңін аудардым. Бұл мысал да дереу жатталып елге тарап кетті. Осылайша мен Кішіқұмда Крыловтың он шақты мысалын қазақшаға аудардым. Бұлардың бәрі дерлік ауыл арасында жиындарда, ойын-сауық кештерде, той-топырларда айтылып жүрді.
Қыс өтті. Жаз шықты. Балалар жазғы демалысқа тарады. Балалар демалысқа тарар алдында инспектор келді. Балаларды сынақтан өткізіп, жақсы оқытыпсың деп маған алғыс айтып кетті. Өз ауылыма қайта алмадым. Мен ауыл адамдарына Чеховтың күлкілі әңгімелерің Гогольдің «Өлі жандар» деген шығармасың Пушкиннің «Дубровскийін» өзімшілеп айтып беріп жүрдім.
Жазда болыстың сайлауы болып, Ыбырай бай, қулардың айдауымен болыстыққа таласып, көп шығынданды. Бірақ, сайлауда бұрынғы болыс қайта сайланды да, Ыбырай етпей қалды. Осы уақиғаларға байланысты мен Крыловтың «Иттің достығы», «Қара бұлт» деген мысалдарын аудардым. Бұл мысалдар бай-болыстардың намысына тиіп, мені бұрынғыдан да жаман қудалай бастады. Менің үстімнен ұлықтарға арыздар да жаудырылып жатты. Мұны естіп жүрген Оспан ағай бір күні маған:
— Шырағым, сақ бола көр. Би-болыстардың, түрі жаман. Қолдарынан келсе, сізді аяйын деп жүрген көрінбейді. «Жалғыз қаздың үні шықпас» деген бар, сақтануың керек болар, — деді.
Оқу қайта басталды. Өткен жылғы сияқты, кішкене жер үйде төлді төреші етіп итшілеп, бұл қыста да балаларды оқытып шықтым. Биыл балалар мектепті бітіріп шығатын жылы болғандықтан және жақын жерде болыстық мектеп болмағандықтан балаларды сынақтан өткізуге инспектор Хохловтың өзі келді.
Хохлов байдың үйіне түскен-ді. Балалар сынақтан жақсы өтті. Инспектор жұрт көзінше маған алғыс айтып, қолымды алды. Мен балалардың әрі қарай оқығысы келетіндерінің тізімін бердім.
Бай мал сойып, той жасаған болды. Халық көп жиналды. Күрес болды. Ат шаптырылды. Тойдан кейін Хохлов бір-екі күн демалып жатты.
Үшінші күні Хохлов мені оңашалап далаға алып шығып, маған мін етіп үлкен айыптар таға бастады.
— Елдің әралуан сөзі бар, саясат білмейсің сең — деді Хохлов маған салқын шыраймен қарап, — үлкен ағаттық істеп алыпсың. Елдің ішіндегі беделді адамдарға: бай, болыстарға өзіңді қарсы қойыпсың. Мұның мүлдем қате болған. Патша ағзамның, патша үкіметінің қазақ даласындағы бірден-бір сенімді адамдары, тірегі — ауылдағы беделді адамдар — байлар, билер, болыстар, молдалар, тағы тағылар. Мұны сен ұғынуың керек еді. Бірақ ұғынбапсың. Сірә сен енді бұл ауылда қала алмассың. Себебі ауыл жақсыларының арасында беделіңді жойып алыпсың. Енді осы жердей ауылыңа біржолата қайтатын бол. Қайда баратыныңды кейін хабарлармыз, — деді.
— Менің ешбір қарсылығым жоқ, бірақ елдің ішіндегі надан топас байлардың, парақор, бұзық болыстардың жала жауып қаралағанына, оларға әкімдердің сенгеніне жаным күйеді. Жалақор арандатушылар арасында «беделімді жойып алған» болсам, оның есесіне қалың халық арасында беделім күшті. Осы жері болмаса, — дедім.
— Ұғыну керек — - деді Хохлов, — халық деген тағдырды шешпейді. Ол кітапта ғана айтылатын сөз. Іс жүзінде тағдырды шешетін сол халықтың басшылары, демек сол халықты билеп-төстеушілер. Олай болса, сол халықтың алдында билеп-төстеушілердің сөзі тезірек етеді. Билеп-төстеушілердің алдында беделің болмаса, онда халық алдында да беделің болмағаны. Осы ақиқатты айқын түсіну керек. Ұзын сөздің ырғасы, сіз енді бұл жерден біржолата аттанатын болыңыз.
Мен онымен енді сөз таластырғым да, ақталғым да келмеді.
— Мақұл, сіздің дегеніңіз-ақ болсын — дей салдым.
Осыдан екі-үш күн еткеннен кейін Оспан ағай мені Ырғызға әкеліп салды. ЬІрғызда бір аптадай болдым. Кішіқұмға қарағанда, Ырғыз маған ертедегі шаһар сияқты болып көрінді.
1903 жылдың июль айы еді. Ырғызда болған бір апта ішінде мен көптеген кітаптар, бірен-саран жаңа журналдар жинап алдым да, ауылға қарай тарттым. Беc-алты күнде ауылға да келіп жеттім. Мен келген соң, көп кешікпей әкем қайтыс болды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі