Өлең, жыр, ақындар

Мұғалімдерге бұдан да қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береміз - Асхат Аймағамбетов

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Ол бұл жайында өзінің Telegram парақшасында жазды.

«Қымбатты әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаз - ол тек мамандық қана емес, сонымен бірге арнайы ағартушылық миссия. Сіздер күн сайын балаларды білім нәрімен сусындатып, олардың дарындарын ашуға, дұрыс құндылықтарды бойларына сіңіруге көмектесесіздер. Бүгінгі күні еліміздегі білім беру жүйесі - 500 мыңға жуық ұстазымыз еңбек ететін үлкен сала. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейін бірден мұғалімдер корпусын қолдау үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды. Осылайша 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден, міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға жағдай жасалды. Біліктілік санаты, магистратура, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені және т.б. үшін әр түрлі қосымша төлемдер енгізіліп, олардың көлемі ұлғайтылды» деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Мемлекет басшысының шешімдері арқасында мұғалімдердің жалақысы бірнеше жылдан бері жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді.

Биыл 25 жылдан астам еңбек еткен барлық ұстазға арнайы марапат тағайындалған. Өйткені өз ісіне осынша жыл адал қызмет еткен мамандар ерекше құрмет пен қолдауға лайық.

Сонымен қатар 30 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар мұғалімдер санаттар мен ай сайынғы қосымша төлем алу үшін тапсыратын тестілеуден босатылды.

Қыркүйек айынан бастап ел мектептерінің басым көпшілігі бес күндік оқу аптасына ауысты. Сондықтан министрлік осы мектептердің мұғалімдеріне сенбіні қосымша демалыс күні ретінде беруді жөн көрген.

«Енді өздеріңізге және жақындарыңызға көбірек көңіл бөле аласыздар. Келесі жылы қаңтар айынан бастап мектеп, колледж және қосымша білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Сондай-ақ келесі жылы ел Президентінің тапсырмасы бойынша балабақшалардағы барлық тәрбиешінің жалақысы өседі. Біз бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай, бұдан да қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береміз. Пандемия кезінде де өздеріңізді лайықты көрсете білдіңіздер. Көптеген ата-ана сіздердің жұмысыңыздың қаншалықты жауапты және қиын екенін тағы бір мәрте түсінді. Ал балалар мұғалімнің мейірімді көзқарасы, жылы сөзі, оның көмегі қаншалықты маңызды екенін сезінді. Мен қала және ауыл мектептеріне барғанда әріптестеріммен әңгімелескенді ұнатамын. Сіздердің білім саласына сіңіріп жатқан қажырлы еңбектеріңізді көріп, істеріңізге деген сүйіспеншіліктеріңіз және адалдықтарыңыз үшін алғысымды жеткізгім келеді. Ұстаздар күні құтты болсын!» деп түйіндеді сөзін Оқу-ағарту министрі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар