Өлең, жыр, ақындар

Смартфон: балаларымыз құрдымға кеткелі тұр

Сан-Диего мемлекеттік университетінің психология профессоры Джин М. Твенге, жиырма бес жылдан бері аға буын мен бала буын арасындағы айырмашылықтарды зерттеп келеді. 2012 жылы ол кісі жасөспірімдердің қылықтары мен эмоциялық күйіндегі шалт өзгерістерді байқап қалды. Олардың күнделікті күйбің тіршілігі бары-жоғы бірнеше жыл бұрын ғана кәмелет жасына толған буынның тіршілігінен түбегейлі өзгеше еді.  

2012 жылы смартфон ұстайтындар саны америкалықтардың 50%-нан асып кеткен болатын. Бұл буынды смартфондар мен оларды өкшелей келген әлеуметтік желілер дүмпуі қалыптастырды.   

Джин М. Твенге оларды I немесе іGen буыны (ұрпағы) деп атады. Бұл буынның өкілдері 1995 жыл мен 2012 жыл аралығында туып, смартфондармен бірге өсті, мектепке бармай тұрып-ақ инстаграмға тіркеліп алады және интернет болмаған кезді білмейді. Айфон пайда болған 2007 жылы бұл буының алдыңғы өкілдері жасөспірімдер еді, ал айпад пайда болған 2010 жылы олар студент болып жүрді. 2017 жылы 5000 адам қатыстырылған сауалнама жасөспірімдердің әр төртеуінің үшеуінде айфон бар болғанын көрсетті.  

Смартфонның пайда болуы жасөспірімдер өмірінің барлық саласын, әлеуметтік қарым-қатынастары сын-сипатынан бастап өздерінің психологиялық денсаулығына дейін, бастан аяқ өзгертіп жіберді.  

Бүгінгі күннің жасөспірімдеріне өз бөлмесінен шықпай жата беру ұнайды, сондықтан олардың өміріне бұрынғы кездердегідей төніп тұрған қауіп жоқ. Десек те, психология тұрғысынан, олар миллениалдардан гөрі әлсіздеу: жасөспірімдер депрессиясы мен өзіне қол салу деңгейі 2011 жылдан бері күрт артып кетті. І буынының өкілдері соңғы онжылдықтардағы ең тегеурінді психологиялық дағдарысқа ұшырау алдында тұр — бұл әсірелеп айтқандық емес. Бұл алаңдатарлық  үрдіс көбінесе телефондарға байланысты. iGen өкілдері жалғыз өзі бөлмесіне кіріп алып, көп жағдайда көңіліне реніш ұялаған күйі телефонын шұқылап жата береді.   

2000 жыл мен 2015 жыл аралығында достарымен күнделікті дерлік жүздесіп тұратын жасөспірімдер саны 40%-дан да көбірек азайып кеткен, соңғы кездері бұл құлдырау тіпті үдей түсті. Жай серуендеп жүріп уақытын өткізетін балалар азайған үстіне азайып жатыр. Ролик тебетін алаң, баскетбол алаңы, қалалық бассейн — бұның бәрін мобильдік қосымшалар мен Интернет беретін виртуал кеңістіктер алмастырды.  

Анық бір жүйелілік қалыптасқаны байқалады: уақытының көбі «экранға» кететін жасөспірімдердің уақытын экраннан тыста өткізетіндерге қарағанда бақытсыз болу ықтималдығы жоғары. Өзін бақытсыз сезініп жүрген жасөспірімге ақыл айту қажет болса, ол ақыл қарапайым болар еді: телефоныңды ары қойып, ноутбугіңді өшіріп, экран пайдаланылмайтын кез келген іспен айналыс.  

Жасөспірімдердің жалғыздық сезімі 2013 жылы күрт ұлғайып, содан бері жоғары деңгейде тұр.  

Смартфондар мен бір буын өкілдері бастан кешіп отырған психологиялық дистресс арасында қандай байланыс бар? Балалар әлеуметтік желілерде таңды таңға ұрып отыра беретініне қарамастан олар жиі-жиі жалғыздық сезіміне беріледі. Бізге замандас жасөспірімдер қыдырып, той-томалақ дегенге бармайды, кездесіп уақытын бірге өткізбейді деуге болады, бірақ бастары қосыла қалса, Snapchat, Instagram, Facebook желілерінде егдей-тегжейлі есептеме беріп жатады. Шақырылмай қалғандар не болғаны жайында бәрін біліп алып отырады.    

Осылайша өзін ешкімге керексіз сезініп жүретін жасөспірімдер саны барлық жас топтарында рекордты жоғары деңгейге жетіп отыр. Жалғыздық деңгейінің артуы сияқты өзін жұртта қалғандай сезіну деңгейінің артуы да жылдам әрі айтарлықтай болып отыр.  

Бұған қоса әлеуметтік желілер жасөспірімге «психологиялық салықты» төлетеді: бірдеңе жариялаған соң ол комментарийлер мен лайктар түріндегі қостап мақұлдауларды дегбірі кете күтіп жүреді.  

Қыздар жігіттерге қарағанда көбірек депрессияға салынуға бейім. Әлеуметтік желілер орта және жоғары сыныпта оқитын қыздарға басқа қыздарды күндіз-түні алалап (остракизм), олардан сырт айналып, агрессияның неше түрін көрсететін алаң ұсынады.  

Түнгі ұйқы мөлшерінің азаюы смартфондардың пайда болуымен сәйкесіп кеткені күдікті-ақ. Балалар арасында жүргізілген электронды құрылғыларды пайдалануды зерттеу метаталдамасы да осы тақылеттес нәтижелерді берді: дәл ұйықтар алдында смартфонды пайдаланған балалар көбінесе қажетті мөлшерден аз ұйықтайды, олар көбінесе нашар ұйықтайды және күндіз екі еседен де көбірек ұйқысырап жүреді.    

Ата-аналарға балаларының смартфонды пайдалану уақытын шектеу қажеттігі жөніндегі кеңес беру үшін депрессия мен смартфонды пайдалану арасындағы өзара байланыс жеткілікті деңгейде дәлелденді. Техника шолушысы Ник Болтонның айтуынша Силикон алқабының біршама басшылары осылай қылып жүр. Стив Джобстың өзі де өзі жасап шығарған бұйымды балаларының пайдалануын шектеп тастаған болатын.  

Балалардың смартфонды тастамай ұстап жүруі оларға ересек болған кезде де әсер етпей қоймас. Жасөспірім кез әлеуметтік дағдылар — оларды заманауи жасөспірімдерге таңсық бола бастаған тірідей қарым-қатынаста қолданады — дамуы үшін нағыз өзекті кезең.  

Күн демей, түн демей желіде болуға еті үйреніп кеткен балаларға гаджеттерді падалануды тыйып тастау мүмкін емес. Біз балаларды нысап сайын береке екеніне иландыра алғанның өзінде-ақ  бұл орасан пайда әкелер еді. Бала телефонға шұқшиып күніне екі сағаттан артық отыратын болса, оның психикалық саулығына және ұйқысына әсері айтарлықтай болып қала береді. Жасөспірім үшін орташа көрсеткіш — күніне екі жарым сағатқа жуық. Жайлы-жұмсақ тыйым салып отыру балаларыңызды осы жаман әдеттен арашалап қала алады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар