Алакөлдің емдік суы мен батпағы
Алакөл - Қазақтың кең даласында керіліп жатқан көлдердің ішіндегі ең інжу -маржаны һәм бірегейі. Сүйікті Отанымыздың оңтүстік - шығысына қарай орналасқан, күн көлден шомылып шығатындай, айна көлдің көкжиегін алтындайды. Қарасаң сұлулығына көзің тоймайтын бұл көл - демалыс іздеп келушіге демалатын, шипа іздеп келгенге ем алатын, бала-шағасын асырағанға талшық болатын қойнауы ақ сазанға толы тұзды көл. Бұл көлді жаратушым қазақтың бағына берген деп ойлауға болады. Себебі, мұнда бағзы заманда соғыстан жараланған жауынгерлер ат-матымен жарасын емдесе, бұл күндері әлемнің түкпір - түкпірінен ғарышкерлер келіп шомылады. Неге десеңіз, Алакөл көлі адам денесіне өткен радиацияны шығаратын қасиетке ие екен. Байқап қарасаң емдік қасиетін қазекең баяғыдан білген-ау шамасы. Алакөлдің оң жақ жағалауында айтулы Арасан шипажайы орналасқан. Яғни, минералдары мол батпағын адам буындарын емдеуге пайдаланылады. Тағы бір тамашасы, Алакөл көлінде тек қана Швецарияда кездесетін мойнақ шағала мекендейді. Міне, Алакөл көлі осындай құндылығымен қазаққа бағалы көл.
Бірде жолым түсіп Арасанға бардым. Жол жөнекей мен отырған көліктің жүргізушісі осы Алакөлдегі Арасан шипажайына араға жылдар салып бара жатқанын айтты да: - Мен, жол қысқарсын бір әңгіме айтайын деді. Барлығымыз бас шұлғып оның айтқанын таңдауға даяр екенімізді білдірдік. Сөйтсек, бұл кісі шипажайға жиырма жыл бұрын барғанын айтып бастады. Псариаз деген тері ауруынан баласы әбден ығыр болып, Жалаңашкөл деген көлде ем үшін апарып біраз суына шомылып үш күн бөгеліп жатыпты. Сөйтсе сол көлге Алакөлдің батпағынан жазылдық деп ем алған адамдар әңгімесіне құлақ қойса буын ауруларынан айыққан екен. Ақыры осы өңірде жүрмін , барайын деп бала шағасын алып, Алакөлдің батпағына барып емделуді жөн санап арасанға барады. Буындары мазалап жүргеніне үш-төрт жыл болса керек, аңсап барып сол көлдің тұзды батпағына беліне дейін матырылып, күніне 1 рет ем алады, батпағынан кейін көл суымен жуылады екен. Сөйтіп буыны құлан таза айығып, өте риза боп, еліне барған. Міне биыл жиырма жыл болды әлі бір рет те ауырмаған екен, осы жолы туыс бауырын апара жатқанын айтты. Әрине, біріншіден бір Алла шипа қылды, екіншіден осы Алакөлдің суы мен батпағының емдік қасиеті бар, суының құрамында радон элементі мол екенін, батпағында сероводород бар екенін айтарлықтай зерттелгені туралы да айтып жатыр. Мен өзім де анда санда тізелерім қақсаушы еді, оған жағады екен деп іштей қуанып кеттім. Содан әңгімеден жол қысқарып, айтулы шипажайға кеп орналастық. Дәрігер келесі күннен бастап ем басталатынын, кестесін түсіндірді. Алғашында батпаққа түскенде жеті-сегіз минуттан аспау керек дегенге іштей қарсылық таныттым. Сонау жерден келгенде сегіз минуты несі деп, одан артық отыратыныма сенімді болдым. Бір екі минутта денем шымырлай бастады, терінің сыртқы қабаты қызған тәрізді болды, бес минутқа жетпей жүрек қағып, тарсылдап, батпақтан шыққым келгенін байқаттым. Көмекші қызметкерлер батпақтан шығарып алмаса, құлақ шыңылдап, бас айнала бастаған еді. Міне, батпақтың құрамы қандай қасиетке ие, онымен қоймай тек көл суына ғана жуылады екен. Ғылыми зерттелген, адамға әсер етуі күшті, шипасы мол екенін сонда барып ем дом алып қайтқанда көз жеткізгенмін. Содан бері Алакөл десе оның көркем табиғатымен қоса емдік қасиеті қоса көз алдыма келе қалады. Қазағымның осындай шұрайлы жері көп, ел ертеңі болашақ жастарға осының барлығы асыл мұра емес пе?! Өз жеріміздің пайдалы емін білсе екен деймін, шет елдің теңізіне дүние ақша шығарып барғанша, алтынға бергісіз шипалы өлкемізге барып, ем дом алып қайта демалыс кездерінде. Ғарышкерлер не үшін суына түседі, бойларындағы радиация шығады екен. Осы күні телефон ұстамайтын адам жоқ. Еңкейген кәріден,еңбектеген балаға дейін осыған әуес. Алақан арқылы қанша радиация қабылдайды. Соны ең жоқ дегенде осындай шипалы көлімізге барып шомылып, жылына бір демалып қайтса қандай тамаша болар еді. Ел де, жер де, айдын-шалқар көл де, асқар тау мен бел де аман болса екен.
Жеңіс Айсұлтан
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі